• Тарих
  • 30 Сәуір, 2020

МАРШАЛ МІНГЕН АҚБОЗ АТ

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Абсент… Абсент. Рим, Токио қалаларындағы ХVII, ХVIII Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлемнің төрт бұрышын түгел аралап, он екі жыл бойы қатарынан алдыңғы топтан көрінген ақылды арғымақты кім білмейді? Ол біздің республикамыздың, біздің республикамыз ғана емес, еліміздің ат спорты жөніндегі ары мен намысы болды ғой. 1956 жылдан 1970 жылға дейінгі аралықта бұл жануардың дүркіреген атақ-даңқы болашақтан болашаққа аңыз болып қалар әлі! Ал оның әкесі Араб айғырының Жеңіс парадына қатысуы қызық екен… Ат – армия күші. Біздің мұндай тұжырымға келуімізге атты әскер тарихына қатысты төмендегідей фактілердің негіз болуы. Олар – сонау жоңғар шапқыншылығындағы Жалаңтөс баһадүр жігіттерінің Самарқаннан Орбұлаққа тез жеткен әбжілдігі, Еуропадағы жетіжылдық соғыс кезіндегі пруссактардың құйындай ұйытқыған Зейдлиц кавалериясы, француздардағы Мюрат атты әскерлерінің даңқы, Ресейдегі казак Платовтың жанкешті жорықтары жайындағы қызықты деректер. Одан кейінгі Ұлы Отан соғысындағы генерал Доватор атты әскер корпусы…, генерал Белов жауынгерлерінің Берлинге кіруі… Міне, мұның бәрі де жоғарыдағы өзіміз сөз етіп отырған атқа, қасиетті түлік – жылқы малына қатысты жайттар.

1978 жылы «Жұлдыз» журналында белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің «Ат дүбірі» деген очеркі жарияланды. Автор мұнда ғасыр пырағы атанған Луговой жылқы зауытының төл перзенті әйгілі Абсент жайын тілге тиек ете отырып, Қазақстандағы ат спортының хал-жағдайына кеңінен тоқталған еді. Онда сонымен бірге, халқымыздың ежелден бергі айнымас серігі – жылқы түлігінің өміріне, тарихына қатысты қызықты деректер де көптеп келтірілген болатын. Солардың ішінде бізді әсіресе, мына бір сөйлем жолдарының жүрегімізді лүп еткізгені бар. «…Көрермен жұртшылықтың көз алдына келер ме екен? Мәселен, ең бірінші Жеңіс парады 1945 жылдың 24 маусымы күні өтті. Мәскеуде, Қызыл алаңда болған Жеңістің тұңғыш парадын қабылдаған Кеңес Одағының төрт мәрте Батыры, маршал Георгий Константинович Жуков еді. Ол кісі ақбоз атқа мініп шықты. Сондағы ақбоз ат Араб, кәдімгі Абсенттің әкесі болатын». Абсент… Абсент. Рим, Токио қалаларындағы ХVII, ХVIII Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлемнің төрт бұрышын түгел аралап, он екі жыл бойы қатарынан алдыңғы топтан көрінген ақылды арғымақты кім білмейді? Ол біздің республикамыздың, біздің рес­публикамыз ғана емес, еліміздің ат спорты жөніндегі ары мен намысы болды ғой. 1956 жылдан 1970 жылға дейінгі аралықта бұл жануардың дүркіреген атақ-даңқы болашақтан болашаққа аңыз болып қалар әлі! Ал оның әкесі Араб айғырының Жеңіс парадына қатысуы қызық екен… Не керек, аталмыш очерктегі құпия жібінің ұшы қылтиып шығып тұрған қысқа сөйлемдерді оқыған кезден бас­тап, біздің ойымыздан осы бір факт кетпей-ақ қойды. Ақыры 1980 жылы Жеңістің 35 жылдығы қарсаңында Жамбылдағы Луговой жылқы заводы қайдасың деп тартып отыруға тура келді. Өйткені… Абсент – Луговойда өмірге келген. Құнан шыққанға дейін осында бағып-күтіліп, әлем құрлықтарындағы түрлі аламан бәйгелерге қатысқан бұл жануар 14 жылдан соң өз атамекеніне қайта оралған. Олай болса оның ата-тегі жайында зауыт музейінде нақты мәліметтер болуы тиіс қой. …Оңашада келе жатқан адамға қашанда ой серік. Алматы – Ташкент автобусы алдымыздағы аңырап жатқан асфальт жолда үдемелі жылдамдық алған сайын, менің қиялым да сан тарапқа самғауда. Олардың кейбіреулері – адам.., ат…, аттың адамға деген ғасырлар бойғы адал қызметіне қатысты жайлар. Мамандардың не деп түсіндіретінін қайдам, біздің қарапайым ұғымымызда аттың адамға, қоғамға деген еңбегін былайша бағалауға болатын сияқты. Ол – жылқы түлігінің ең алдымен еңбек көлігі екендігі. Оған бұл тақырыпқа қатысты арғы-бергі тарихтың бір ғана жарқын көрінісі – кешегі Түрксіб шойын жолының құрылысын мысалға алуға болады. Ұзындығы 1450 шақырымға созылған осы жанқиярлық істе жылқы малы қазақтың алғашқы жұмысшы табымен бірге тауды бұзып, тасты басысты. Сол жылдардағы адал қызмет иесі ол арғы шеті Семейден Жаңғызтөбе…, одан Аягөзге дейін құлақ түбі тершіп кіре тасысты. Ал құрылыстың бергі беті Шу, Шоқпар, Айнабұлақ аралығында сауырын ақкөбік жауып топырақ жолдарын үюге қатысты. Ат – армия күші. Біздің мұндай тұжырымға келуімізге атты әскер тарихына қатысты төмендегідей фактілердің негіз болуы. Олар – сонау жоңғар шапқыншылығындағы Жалаңтөс баһадүр жігіттерінің Самарқаннан Орбұлаққа тез жеткен әбжілдігі, Еуропадағы жетіжылдық соғыс кезіндегі пруссактардың құйындай ұйытқыған Зейдлиц кавалериясы, француздардағы Мюрат атты әскерлерінің даңқы, Ресейдегі казак Платовтың жанкешті жорықтары жайындағы қызықты деректер. Одан кейінгі Ұлы Отан соғысындағы генерал Доватор атты әскер корпусы…, генерал Белов жауынгерлерінің Берлинге кіруі… Міне, мұның бәрі де жоғарыдағы өзіміз сөз етіп отырған атқа, қасиетті түлік – жылқы малына қатысты жайттар. «Демек, – дейміз біз осы арада – Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндеріндегі қиын-қыстау кезеңдерде біздің тылымыздағы асыл тұқымды жылқы зауыттарының үлкен рөл атқарғаны сөзсіз. Өйткені, майдандағы кавалериялық корпустарды мініс көлігімен қамтамасыз ету, жорық жолдарындағы зеңбіректерді тасымалдау, жауынгерлік кухня – асханалар мен далалық пошта жүктерін жеткізу сияқты жұмыстарда ат әбден керек болған. Олай болса өзіміз бет алып келе жатқан Луговой жылқы зауытының Жеңіс күнін сол кездері бір табан болса да жақындатып, оған өзіндік үлес қосқандығы анық. Бұл жайтқа да зер салу керек екен-ау». Осындай ойлардың жетегіне ерген мен автобустан Луговойдан өткеннен кейінгі Көгершін бұрылысынан таңғы сағат жеті шамасында келіп түстім. Жол шетіндегі сілтеме қададан аңғаруымша, жылқы зауыты бұл жерден онша алыс емес сияқты. Жаяулап жүре беруге тура келді. Ойланып келемін. Ойланып келе жатқан себебім – Абсенттің әкесі Арабтың Жеңіс парадына қалай, қашан барғандығы және оның өмірбаянының маған толық таныс емес екендігі. Көңілге демеу болар нәрсе – жазушының жоғарыда аты аталған шығармасындағы: «Сондағы ақбоз ат Араб, кәдімгі Абсенттің әкесі еді» деген жалғыз сөйлемнің санамда жаңғырып тұрып алуы. Кім біледі ол жаққа бұл жануар мүмкін Луговой емес, басқа жерден барған шығар. Соғыс кезінде біздің республикамызда Қарқара, Дегерес, Мұғаджар, Құланды жылқы зауыттары жұмыс істеді ғой. Ал мұндай шаруашылықтар Сібір мен Орта Азияда қаншама еді десеңізші? Бірақ…, иә бірақ Жеңіс парадын қабылдаған маршал астындағы арғымақтың Ұлы Отан соғысынан кейінгі тағдыры әйтеуір осы зауытпен байланысты болғаны анық. Олай деп айтуымызға Арабтың баласы Абсенттің Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәл осы зауытта өмірге келуі. …Қырғыз Алатауының бір сілемі – Сұлутөр бөктерінен алтынкүрек жел есіп тұр. Қыстың қош айтысар соңғы қары – құсқанатынан қалған алашұбар үрінді төбе етегінде қыздың жиған жүгіндей ақшаңқан ауыл жатыр. Одан әріректегі қысқа жол бойы­мен бірде желіп, бірде шоқытып салт аттылар тобы салдыртып барады. Жылқышылар-ау шамасы. Олардың астындағы аяқтарын алшаң басып, ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған көсем жүрісті сәйгүліктер дүбірін естігенде қазір ұмыт болған, бірақ бір кездері өзіңе етене таныс жайлар есіңе түсіп, жанарың жасаурағандай… …Шаруашылық директоры Иван Афанасьевич Финько, парторг Махан Иісбаев және осы шаруашылықтағы кадрлар бөлімінің меңгерушісі Әлібек Баялиевтермен арадағы әңгіме Луговой жылқы зауытының Ұлы Отан соғысы кезіндегі атқарған жұмыстары тақырыбы бойынша өрістеді. – Зауыттың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихын жақсы білетін адам – ол мына, Әлекең. Өйткені бұл кісі 1939 жылдан бері осы жерден табан аудармай жұмыс істеп келеді, – деді Иван Афанасьевич Финько. – Солай деңіз. Шаруашылықтағы кадрлар бөлімінің меңгерушісі Әлібек Баялиев ақсақалдың айтуына қарағанда, Ұлы Отан соғысы жылдарында №97 Луговой жылқы зауыты елеулі жұмыстар жүргізе білген. Ол сол кездегі мұндағы 150 еңбеккердің 112-сінің қару алып, майданға аттануын былай қойғанда, атпал азаматтардың орнын басқан қарт жылқышылардың Қызыл Армия бөлімшелеріне 1941 жылы – 390, 1942 жылы – 410, 1943 жылы – 370, 1944 жылы – 350, 1945 жылы – 287 жылқы беруді қамтамасыз еткен қажырлы қимылынан айқын көрінеді. – Бұл біздің жылқы зауытының 1941-1945 жылдар аралығындағы қорғаныс мақсатына сәйкес атқарған жұмыстарының бір бөлігі ғана, – дейді Әлекең осы арада сәл үзіліс жасап. – Ал шаруашылықтағы сол кездері еңбек еткен адамдардың, мамандардың, өзіңе керек деп табылатын басқа мәліметтердің бәрін мына іс қағаздарынан табуына болады. Сөйтті де, ол кісі маған сырты ақжемденіп тоза бастаған бір топ қағаз бумаларын алдыма қойды. – Қарап отырмын. Алғашқы беттерінде 1940, 1941, 1942…, 1948 деп жазылған тігінділерден зауыттың осы өзіміз келіп отырған 1980 жылға дейінгі тыныс-тіршілігін толық көз алдыңа елестетуге болатын сияқты. Мұнда майданға, басқа шаруашылықтарға жөнелтілген жылқылардың санын куәландыратын іс қағаздары…, қолхат…, еңбекшілерді жұмысқа алу жайындағы бұйрықтармен бірге Ш.Жанғазин, А.Толстунов, М.Потапов, А.Жұбанышев деген кісі аттары мен фамилиялары да әр жерден қылаң беруде. Байқап қарасақ бұлар 1938-1950 жылдағы осында қызмет атқарған шаруашылық директорлары екен. Бір мезетте…, иә, бір мезетте мұқабасына 1950 жыл деп белгі соққан кіріс-шығыс қағаздарының жуан ортасына келгенімізде жүйкеміз солқ ете түскендей әсерде қалдық. Ол – Араб деген сөздің жанарымызға жасын отындай жалт етіп ілігуі еді. «…Мәскеудегі Орталық әскери спорт клубынан Жамбылдағы №49 жылқы зауытына әкелінген Араб – Қазбек айғырын біздің шаруашылыққа жөнелтілуінің ерекше тездетілуіне назар аударылсын. Зауыт директоры В.В.Иванов. Желтоқсан 1950 жыл». Шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне орай беріліп жататын кәдуілгі көп бұйрықтардың бірі – осы құжаттың алды-артында пәлендей басы артық сөз жоқ. Елуінші жылдардың еңбекқор кеңсе қызметкері жоғарыдағы сөздерді сия қарындашпен жазып отырғанда, оның тарихи дерекке айналарын сезбей, өзінің күнделікті толтыратын көп іс қағаздарының бірі деп қараған-ау шамасы. Әйтпесе, кеңейтіңкіреп жазбас па еді?! Дегенмен, дәл қазіргі сәтте осының өзі құнды еді. Құндысы сол – ол Араб – Қазбектің қайдан, қашан келгені жайында мәлімет бергендігінде. – Кешіріңіз. Мына бір бұйрықтың мазмұнын қалай түсінуге болады? – Қанеки, көрелік. Уақыт табынан сарғайған қағаз беттеріне көз жүгірткен Әлекең – Әлібек Баялиев қария аталмыш сөйлемдерді оқып болып аз-кем отырды да: «Бұл Жеңіс парадына атақты маршал мініп шыққан, кейін Семен Михайлович Буденныйдың бұйрығымен Жамбылдағы №49 зауытқа жіберілген. Араб – Қазбек айғырына байланысты берілген нұсқау ғой», – деді. – Буденный? Ол кісі сіздердің зауыттарыңызды білген бе сонда? – Білгені өз алдына, 1948 жылы бізбен іргелес жаңағы зауытқа келіп те кеткен. Абсенттің әкесі Арабтың Жамбыл өңіріне келуінің өзі сол сапарға тығыз байланысты жай. Бақсақ, әңгіме төркіні мынада екен. Соғысқа дейін және соғыстан кейін Жамбыл облысында екі жылқы шаруашылығы болған. Оның бірі осы Луговой да, екіншісі №49 зауыт. Соңғы шаруашылық қазір жоқ. Ол 1954 жылғы тың көтеру кезінде Луговоймен бірігіп кеткен. Кеңес Одағының маршалы С.М.Буденный 1948 жылы маусым айында Қазақстанға келген сапарында Жамбыл жеріндегі екі жылқы шаруашылығының бірі – №49 зауытқа арнайы соғып аялдайды. Осында болған кезінде білікті маман көзге ұрып тұрған бір кемшілікті дөп басады. Ол – мұндағы асыл тұқымды айғырлардың тым аз екендігі еді. Маршал жанындағы адамдарға осыны ескерткен кезде зауыт қызметкерлері бұл іске Семен Михайловичтің өзі араласып, көмек көрсетсе қалай болар екен, онсыз мұны шешу тым қиынға соғады деген ойларын айтады. Не керек, сол жерде олар бір кездері маршал Г.К.Жуков мінген, кейін жасы келіп қалуына байланысты әскери ойындарға қатысудан босап, Мәскеудегі Орталық әскери-спорт клубында күтімде тұрған 15 жастағы Араб – Қазбекті Жамбылдағы №49 жылқы зауытына жіберуге шешім қабылдайды. Мұның өзі асыл текті айғырдан тұқым алып қалудың бірден-бір тиімді жолы еді. – Арабты Абсенттің әкесі деп атауымыздың негізгі төркіні осында – деді зауыт директоры Иван Афанасьевич Финько. Енді бізге бәрі де түсінікті сияқты. Түсінікті болатыны, Араб – Қазбек айғыры Жамбылдағы №49 жылқы зауытына келген соң көп ұзамай Луговойға ауыстырылған. Ауыстырылу себебі – аудан басшыларының уақыт талабына сәйкес жылқы шаруашылықтарын бір жерге жинақтап, оның орнына жаңа астық кеңшарларын ұйымдастырғандығында еді. Луговой жылқы зауытының директоры В.В.Ивановтың сол кездері: «Мәскеудегі Орталық әскери-спорт клубынан Жамбылдағы №49 жылқы зауытына әкелінген Араб – Казбек айғырын біздің шаруашылыққа ауыс­тыруды тездетуге ерекше назар аударылсын» деп өз мамандарына мазасыздана нұсқау беруі осы жағдайға байланысты болса керек. Бұл әрине, орынды түрдегі мазасыздану еді. Өйткені атағы айдай әлемге белгілі асыл текті арғымақтан қол созым жерде тұрып айырылып қалудың арты қаншалықты орны толмас өкініш екендігі кім-кімге де болмасын түсінікті ғой. Міне, осындай жағдайлардан кейін барып, Луговойға келген Араб – Казбек арада бір жыл өткен соң артынан бүкіл әлем шулаған ғасыр пырағының әкесі атанады. Ол – мал шаруашылығындағы ежелден қалыптасқан зоотехникалық ережеге сәйкес аты атасы Арабтың – А, шешесі – Баққараның – Б әріптерінен алынып қойылған құлын– Абсент болатын. …Зауыт директоры мен оның жанындағы мамандардың жоғарыдағы сөздерін тыңдап отырған менің ойыма осы арада мына бір жайлар келді. Соның бірі – өзім іздеп келген шаруа – маршал мінген ақбоз аттың Мәскеудегі Қазақстанға қалай келгендігі жайлы мәселеден толық хабардар болсам, екіншісі – Араб – Қазбектің енді Ұлы Отан соғысына дейінгі тағдыры, яғни оның Мәскеуге қай жерден барғаны, Жеңіс парадына қатысу тарихы жайында туындаған сауалдарға жауап іздеуім еді. – Маналы бері әңгімеден мына жайға қаныққандаймын, Иван Афанасьевич, – дедім мен арадағы үнсіздікті бұзып. – Ол – Араб – Қазбектің Ұлы Отан соғысынан кейінгі өмірбаянының біздің республикамызбен тығыз байланысты екендігі. Ал, оның Ұлы Отан соғысына дейінгі тағдыры ше? Сіз осыны білесіз бе? – Бұл сұраққа жауап бермес үшін сіз бен біз мына нәрсеге назар аударғанымыз жөн ғой деймін, – деді осы арада сөзге араласқан парторг Махан Иісбаев: – 1977 жылы Ұлы Октябрьдің 60 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің теледидар экрандарында «Біздің өмірбаян» атты көпсериялы деректі фильмнің жүргені есіңізде ме? – Иә, есімде. – Есіңізде болса, сол лента-лардың отызыншы жылдарға қатысты бөлігі қандай оқиғалармен сипат-талған? – ДнепроГЭС құрылысы…, Стахановшылар қозғалысы…, Челюскин-шілердің Солтүстік мұзды мұхитқа жорығы…, Төрт кеңестік ұшқыщ қыздың «Родина» самолетімен Москва – Владивосток аралығына қонбай ұшып, рекорд жасауы… – Мұның бәрі дұрыс. Ал, ақал-теке арғымақтарға мінген түркімен жігіттерінің Ашхабадтан Мәскеуге тартқан шеруі ше? Парторгтың ойын енді ған түсін-гендей болдым. Өйткені осы сәтте менің көз алдыма картина титрында «1935» деп жазылған деректі лентадағы мына бір эпизод елес беріп өткен еді. …Экранда – Еділ бойындағы қалмақ даласы. Онда жетегіне бір-бір ат алған шабандоздар арттарынан будақ-будақ шаң қалдырып, алға тартып барады. Диктордың сөзінен біз олардың Ашхабадтан Мәскеуге ақалтеке арғымақтарымен баруға бел буған түркімен жігіттері екенін естиміз. Міне, сол лентадан тағы бір көрініс. Бұл жолы олар Мәскеуде. Ұзындығы 1400 шақырымдық жолды аман-есен жүріп өткен жігіттерді Климент Ефремович Ворошилов қабылдап тұр. Кездесу соңында түрікмендік шабандоздар маршал алдынан ақбоз арғымақты арлы-берлі ойқастата алып өтті. Бұл олардың әскербасына деген сыйлық рәсімі еді. – Сондағы ақбоз осы біз әңгіме етіп отырған Араб па? – Иә, – деді Махаң. Сөйтті де: – Қорғаныс комиссарына тарту етілген бұл жануар ол кезде үш жаста болған. Содан бастап ол Мәскеудегі Орталық әскери-спорт клубының қарамағына берілген. Ал 12 жасында Жеңіс парады кезінде маршал Г.К.Жуковтың тақымына тиген, – деген сөздерді қосып қойды. – Өз өмірімде мен Арабтың жоғарыдағыдай тарихи оқиғаларға қатысуын көзбен көрген екі адаммен жақсы таныс болдым, – деді осы арада сөзге араласқан зауыт деректері Иван Афанасьевич. – Оның біріншісі сонау елуінші жылдары Қазақтың зоотехникалық – малдәрігерлік институтында оқытушылық қызмет атқарған ұстазым Петр Александрович Карасев те, екіншісі, 1948-1961 жылдарға дейін осы Луговой жылқы зауытының директоры міндетін атқарған Вениамин Вениаминович Иванов еді. Профессор П.А.Карасевтің Арабты жақсы білетіні, 1935 жылы түркімен жігіттерінің Ашхабад – Мәскеу аралығындағы ақалтеке аттарының шабысқа шыдамдылығын сынау марафонында оған өзінің мал дәрігері ретінде қатысып, сапардағы оқиғаларға куәгер болғандығында. Ал, В.В.Ивановқа келер болсақ, Ұлы Отан соғысында генерал П.А.Беловтың атты әскер корпусында болған бұл Дон казагы С.М.Буденныйдың бұйрығымен Арабты Жеңіс парадына дайындаған бапкердің нақ өзі еді. Сол ат жайында сөз қозғалса болды екеуі де ішкен астарын жерге қоятын. Иван Афанасьевич Финьконың мына сөзін естіп отырғанда мен, қазір Кубаньдағы Краснодар жылқы заводының басшысы, бұрынғы Луговой шаруашылығының директоры Вениамин Ивановтың 1950 жылдың желтоқсаныңдағы Араб үшін неліктен мазасызданғанын енді түсінгендей болдым. – Араб жайында біздің білетініміз осы. Одан арғысы өзіңізге мәлім шығар, – деді отырғандар. Иә, одан арғысы белгілі еді. Белгілі болатыны… «…Сағат 10-ға 3 минут қалғанда мен атпен Спасск қақпасының алдында болдым. «Парад, тік тұр!» деген бұйрық анық естілді. Бұл сөзден соң ду қол шапалақтау басталды. Сағат 10.00-ді соқты. Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Жүрек дүрсіл қағады… Атымды тебініп, Қызыл алаңға бет алдым. Төңіректі Глинканың «Даңқың артсын!» музыкасының құдіретті де салтанатты үні жайлады. Содан соң кенет тып-тыныш бола қалды да, парад қолбасшысы Совет Одағының маршалы К.К.Рокоссовскийдің сөздері ап-анық естілді. Ол да менен кем толқып тұрмаған болар. Оның рапорты менің бар назарымды аударып, сабырлы қалыпқа түсірді». /Г.К.Жуков. «Естеліктер мен толғаныстар» 691-692-беттер/. *** …Қайтып келемін. *** …Аңырақай даласын артқа тастаған автобус Бішкектен өте бергенде алқынып қалғандай болды. Машина моторының күрк-күрк еткен көксау жөтелінен Қордай асуы­на таянғанымызды біліп, терезе әйнегінен сыртқа қарадым. Көзіме төбешіктердегі бүркіт, бұғы бейнелері шалынды. Осы сәтте ойыма жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың «Ат дүбірі» очеркіндегі: «Біздің республика кең де байтақ. Қазір оның тамаша тас жолдары көп. Бір кезде атпен ғана аса алатын қиын асуларды бұзып-жарып жолдар салынған. Солармен жүріп келе жатқанда әр жерден арқардың, тау ешкінің, бүркіттің, жыртқыш құстардың мүсіндері көрінеді. Бұл не? Сұлулық па? Әлде символ ма? Сұлулық десең, олардың ешқайсысы жылқыдан сұлу емес. Символ ма? Ненің символы? Егер, символ болса, онда ең алдымен ат тұруға тиісті емес пе? Өйткені, осы күнгі сайрап жатқан жолдардың ең алғашқы сүресін салған бүркіт те, жыртқыш құс та емес, аттың тұяғы еді ғой? Ат басқан, ат асқан асулар жолдарда сұлу арғымақтың, салт атты адамның, құлдыраңдаған құлынның мүсіндері тұрса жараспай ма? Ол неге жоқ?» – деген сөйлемдері оралды. «Иә, – деймін мен іштей» – Ол неге жоқ? Неге?..»

Авторлық анықтама. Бұл 1980 жылдың наурыз айы еді.Жоғарыдағы іс сапардан кейін Көгершін ауылын жақсы көріп кеттім. Сөйтіп, ондағы тұлпарлардың жанкүйеріне айналдым. Соның бір дәлелі 1993 жылы Луговой жылқы зауытына қайта барып, Әбітхан Оразалив деген ақсақал туралы мақала жазуым еді. Себебі бұл кісі 1963 жылы осы жерден Кеңес Одағы басшыларының сол кездегі Египет Араб Республикасының Президенті Гамаль Абдель Насерге сыйлаған арғымақты аман-есен апарып тапсырып келуі болатын.Одан соң Көгершін ауылына 2000 жылы жолымның түскені бар. Онда сол жердегі атақты Абсентке орнатылған ескерткіштің тарихын жазуым еді.Жалпы, аталмыш жылқы зауыты ғажап оқиғарлар мен қызықты деректерге бай жер. Олардың тағдырын енді тың тақырыптар іздеп жүрген жас әріптестерім жазса деймін тапсырдым.

НҰР-СҰЛТАН

1128 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы