• Әдебиет
  • 07 Мамыр, 2020

Соғыс зардабы ел есінде

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат өміріне ауыр апат әкелген тарихи кезең болды. Совет армиясы майдан даласында батырлықтың ерен үлгісін көрсетсе, тыл ардагерлері көрсеткен еңбектегі ерлік одан кем түскен жоқ. Алайда «соғыстың аты – соғыс қой» деген қарапайым көзқараста қала беру бүгінгі зерттеушілер үшін қате түсінік болар еді. Өйткені бүгінгі зерттеудің жаңа технологиялық құралдары майдан және тыл өмірінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын айқындап берді. Совет Одағы 20-30 жылдардағы тоталитарлық режимін 41-45 жылдардағы соғыс жағдайында әрі қарай жалғастырды. Советтік жүйеде қалыптасып қалған өктемдік саясат, әсіресе құқық қорғау қызметкерлерінің қызметінен ерекше көрініс тапты. Әлеуметтік өмірдің барлық саласы бақылауға алынып, халықтың еркін өмір сүруін қиындатты. Кез келген тіршілік үшін жасалынған жеке іс-әрекет үшін ­мысалы, сауда жасау, мал ұстау, т.б. үлкен қылмыс саналып, түрлі мерзіммен абақтыға отырғызылды. Әсіресе, арзан жұмыс күші ретінде жер аударылып келген шет жерлік азаматтар жазаның ең ауыр түрі – өз Отанынан жырақта, құқысыздық жағдайда күн көруге тиіс болды. Міне осындай депортациялық жолмен келген ­поляк, қарашай, ­еврей, азербайжан, т.б. ұлт өкілдері зор ауыртпалықты бастан кешірді. Әрине, жергілікті тұрғындар өмірі де бақылауға қойылды, болмашы әрекеттері үшін жазаланды, осы түрмелерде «айыбын» өтеді. 30-жылдардағы ашаршылыққа ұқсас жағдай соғыс ­жылдарында да қайталанған екен. Бұл жолы мұның салқыны спецпереселендерге басымырақ тиді. 1943 жылдың 12 сәуірінде Оңтүстік Қазақстанның КПК өкілеттілігінің орынбасары Федотовтың обком хатшысы Нечаевқа жолдаған хатында, №23 түрме қызметкерлері және тұтқындар жағдайы жөнінде жазылды: «№23 түрме қызметкерлері ондағы аштықтан құр сүлдері қалған 22 тұтқын азаматты жүк таситын көлікке отырғызып, эвакоизолятор ғимаратының алдына әкелді. Бұл уақытта ауруханада орын болмаған соң, ондағылар науқастарды қабылдаудан бас тартты. Түрме қызметкерлері науқастарды аурухананың алдына тастап, өздері кете барды. Нәтижесінде далада қалған науқастардың біраз бөлігі жан-жаққа тарап кетеді де, тек екеуін – қимылдауға шамасы болмағандарды ауруханаға қабылдады»... Сондай-ақ аталған түрмеден эвакоизоляторға 1943 жылдың 1 қаңтарынан 30 мамырына дейінгі аралықта 38 адам түскен. Олардың 8-і сол жерде қайтыс болған. Олардың барлығы бірдей 16 жастағы жасөспірімдер екен. Шымкент қаласы мәйітханасына көшеден жинап әкелінген адамдардың статистикасы былайша көрсетіледі: «17 адамның мүрдесі, оның – 12-сі аштықтан, 2-і тоңғаннан, 3-і басқа да жағдайда қаза болған. Одан басқа осы жылдың 1 қаңтарынан 15 ­наурызы аралығында эвакоизоляторға пеллаграмен ауырған 14 адам әкелінсе, оның 2-і көз жұмған, ісіктен ауырған 4 адамның 3-і қаза тапқан, авитаминозға шалдыққан 12 адамның 2-і жан тәсілім еткен. Ал эвакоизоляторға алынған 30 адамның 7-і қайтыс болған». Кісі мәйітіне толы көшені көзге елестетудің өзі ауыр. Демек, соғыс жылдарында өңір тұрғындарының аштықтан зардап шеккені айқын. Алайда мұндай мәліметтер құпия саналып, аштық ­диагнозымен опат болғандардың толық санын еш жерде жариялаған емес. Құжат мазмұнына назар аударсаңыз, онда кісі өліміне себеп болған аштықпен күрес жүргізу мәселесі емес, «кісі мүрделерінің көше сәнін бұзып, тірі адамдардың көңіл күйін бұзуы» жөнінде айтылатынын байқауға болады. Міне, бұл советтік жүйедегі НКВД қызметкерлерінің негізгі ұстаным бағытының айқын көрінісі еді. Соғыс жылдарында елдің қатты ашыққаны ел арасындағы экспедиция барысында тыл еңбеккерлерінен алынған сұхбаттар арқылы да расталды. Мысалы, Социалистік Еңбек Ері, тыл ардагері Ибрагимова Мәрзия Ырысбайқызы (1918 ж.т.) қызылша басында опат болған аш адамдарды талай көргенін айтса, Садиева Мушарапхан Сайткаримовна (1930 ж.т.) соғыс жылдарында Жамбыл қаласының Фурманов көшесі бойында аштықтан әлсіреп, ісініп жатқан адамдарды өз көзімен көрген. Бұл куәлікті берушілер 1943 жылдарда 13 және 25 жастағы жас адамдар болатын. Сұхбат барысында алынған бұл көрсетулер аштыққа байланысты жоғарыда аталған мұрағаттық фактілерді толықтыра түседі. Соғыс жылдарында Оңтүстік Қазақстанға депортациялық жолмен, шамамен, 16 000-ға жуық поляк азаматтары әкелінді. Міне, сол азаматтардың отбасындағы жас балалары – бүгінде қария кісілер. Автор 2015 жылдан «Польша республикасының Клодзкая Быстшица қаласындағы репрессия құрбандары мен жер аударылған ­поляк азаматтарын еске алу Қоғамының» ерікті мүшесі Тадеуш Исанскиймен тығыз байланыс орнатқан. 1940 жылдары Түркістан өңіріне жер аударылған заман куәгерлерінің 500-ге жуық беттен тұратын естелік материалдары бар. Естеліктерде куәгерлер Түркістан және Созақ аудандарына қарасты елді мекен тұрғындарының тылдағы ауыр да, азапты өмірін баяндайды. Мемуарлардың архив құжаттарынан ерекшелігі, мұнда оқиға сюжеттері детальді түрде көрсетіледі. Адам өміріндегі қуаныш, үрей, қорқыныш, сағыныш сияқты сезімдер қатар ­баяндалады. Енді, міне, осы құжаттарға назар аударайық: Әсіресе, Станислав Лъасек (1925 ж.т.) баяндаған мына сюжет кез келген адам жанына әсер етпей қоймайды. Ол кәмелетке енді толған әпкесі Аннаның НКВД қызметкерлері қолынан үлкен зардап шеккенін жазады. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің өрімдей жас қыз баланы ұрып-соғып, тіпті киімдерін сыпырып, моральдық шектен шыққан әрекетке барғандарын ашық көрсетеді. Хантағы түрмесіндегі қызметкерлер бұдан да зор қылмыстарға барды. Хантағы түрмесі барақ типіндегі үй-жайлардан тұрды. Аталған түрме кейін 1945 жылы жапон әскери тұтқындары әкелінген соң Ащысайдағы №348 лагердің 2 бөлімшесі болып саналған. Жапон тұтқындары келген соң, түрме Хантағыдан 4 км қашықта жатқан Мырғалымсайға көшірілген. Совет билігі жер аударғандардың, әскери тұтқындардың зираттарымен де айрықша күресті. Зираттар КСРО жасаған қылмыстардың нақты көрінісі болатындықтан, билік үшін зираттарды сақтаудың қажеті жоқ еді. Сол себепті зират орындары тегістеліп, жойылды. Сондай фактілердің бірі Түркістан өңіріндегі жапон әскерилерінің зиратына қатысты еді. «Аса құпия» грифі көрсетілген құжат 1960 жылдың 21 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасы Кентау қалалық милиция майоры Чергейкоға жолданады. «1/ «Мырғалымсай руднигінде 9 зираттан қалған бір зират орны; 2/ Қантағы поселогындағы 8 ­зираттан қалған бір зират орны; 3/ МВД Каз.ССР № 14 – 2150 с. ст. 16.VІІ.950 ж. бұйрығына сәйкес (6. VІІ – 1960 ж.) Ащысай поселогындағы 21 зираттан қалған бір зират орны жойыл­сын» делінді. Адам шығынын қанша жасырғысы келсе де, имандылық қасиеті мол өңір қазақтары зираттардың бәрін бірдей жоюға жол бермеген екен. Биліктен көрсетпей жасырған да ­болар. Бүгінде жапон азаматтарының да, поляк азаматтарының да сақталған, аз болса да олардың зират орындары кездеседі...

Зәбира МЫРЗАТАЕВА, Абай атындағы ҚазҰПУ, «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор

1285 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы