• Әдебиет
  • 07 Мамыр, 2020

КЕМЕЛДІК ФОРМУЛАСЫ

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

  Жеңіс! – деген бір ауыз сөзге бәрі сыйып кетеді. Елдік пен ерлік те, өмір мен өрлік те...

  Иә, Жеңістің желбіреген жалауының лүпілі толқын-толқын ұрпақтың тағдыр-тамырында лүпіл қағып жатқанына бүгінгі бейбіт күн, бақуатты өмір куә.

 Жас ұрпақ қаһарлы күндердің күркірі алыстағанмен дүбірлі рухын ұмытпайды. Өнегелі жағын өркен етіп, өмірлік жағын көркем етіп көрсетуге, еске алып ұлықтауға ден қойған.

Өткенді қадірлей білу бүгініңді байыта түседі, көкжиегіңді кеңейтеді, айдыныңды ашады. Сол өткеннің бір тармағы кешегі қаһарлы күндер. Оны жас ұрпақ кинодан көреді, кітаптан оқиды, естеліктен біледі.

Ол күндерді ойлау  бір басқа да, сезіну бір бөлек. Өзің он сегіз жасар жауынгерді елестет. Қару асынған жап-жас бозбала дерлік жігіт. Сол шақта жас жігіт нені армандады? Нені қиялдады? Өмірге қалай қарады? Жас басының таным-білігі қандай еді? Жас жүрегі нені ойлады? Бәлкім, ол жастыққа тән  албырттықпен, Отанға – туған жерге деген адалдықпен соғысқа аттанған болар...

  Ол соғыстың бар қиянатымен бетпе-бет келді, қатыгез қасіретін көзімен көрді. Жауған оқтың астында жатты, жарылған бомбаның қанды топырағына көмілді, қасіретті бастан кешті, өлім мен өмірдің қас-қағымдық сәтін көрді, адамның жанкештілігін жанымен сезінді.

Ол деп отырғанымыз – бүгінгі күні халықтың  сүйікті жазушысына айналған, кітаптары рухани қазынаны қадірлейтін әр шаңырақтың төрінен, ойымыздың өрінен табылатын орны бөлек қаламгер Кемел Тоқаев еді.

Кемел ағамыз сұрапыл соғыстың бел ортасында, күн сайын ажалмен бетпе-бет келген сол бір ауыр күндерде қан майдандағы еңбегі Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен бағаланды. Жас өмірі оқ пен оттың ортасына тап келген қайтпас қайсар сарбаз Тоқаевты жоғары әскери басшылық бір емес екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаған. Ал бұл медалдьдің екі дүркін кавалері автоматты түрде жоғары санатты «Қызыл жұлдыз» төсбелгісінің иесі болатынын біреу білсе, біреу білмейтін болар...

ІІ

Осындай сұрапыл соғыстан жарақаттанып оралған Кемел Тоқаевтың тағдырының таңдау жолы қаламгерлік болды.

 Нені жазу ойландырған жоқ, көзімен көргенді жазуды мұрат тұтты. Олар жайлы жазуды кешегі қарулас қыршындардың алдындағы парызы санады.

 Оның көргені де жастық шағын ерте есейткен оқ пен оттың ортасында өткен соғыс сұрапылы еді. Өйткені сұрапылды жазбау қиянаттай көрінді, ақ-қарасын айнытпай айтуды аманат деп білді.

Бейбіт күннің құтын қашырған соғыстың сұрапыл күндерінде ел мен жерді қорғауға қатысқан қаламгер жастық шағының жарқылдаған күндерін соғыстың суық та сұрқай шебінде, оқ пен оттың ортасында өткізді. Өмір мен өлімнің айқасын өз көзімен көрді, күн сайын бораған оқтың астында аспаннан жауған ажалмен бетпе-бет келді. Мұның бәрі ұмытылмады, оның бейбіт өмірге келгеннен кейінгі өмір жолында қаламына – қуат, шабытына – шуақ берді. Кейіпкерді қиялдан іздеген жоқ, өзі бастан кешкен қаһарлы күндерден тапты, куәгер болған солдат ерлігінен алды, көргенін көркемдікпен сомдады.

Осылайша қаламның құдіретіне сүйеніп өмірге шынайы шығармалар әкелді. Бұл орайдағы Кемел Тоқаевтың сүбелі шығармасы «Солдат соғысқа кетті» романы. Романға берілген «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын» деген эпиграфына қарап автордың бұл шығармасына айрықша шынайылықпен, көкейін тескен тебіреністі күймен толғай қалам тербегенін анық көреміз. Көлемді шығарманың құрылымдық жүйесі де «Солдат күнделігінен» үзінділерімен тұздықтала отырып, майдандағы қаһарлы күндер психологиясы мен панорамасы тәптіштей ­таратылады. Оқиғалардың желісі майдандағы өмірді жан-жақты суреттеу арқылы бар қырынан көрінеді. Соғыстың өртіне кеп түскен өрімдей жас жауынгерлердің ­образы көз алдыңа келеді, соғыстың қайғы-қасіреті мен қатызгездігі жаныңды түршіктіреді. Жаралы жауын­герлер өмірі, оның жан қиналысы, ажал аузындағы арпалыс көріністерінінің қаз-қалпында берілгені сондай, сол сұрапыл шайқастың куәгеріне айналасың. Жарылған бомба мен жауған оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің сын сағатта өзін қалай ұстап, қалай көрсететіні, олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын көзқарасы, өмірге құштарлығы, батылдығы мен батырлығы, соған қоса кейбір кейіпкерлерінің қорқақтығы мен пұшайман пенделігі секілді әйтеуір адамда болатын қасиеттердің бәрі романда ­шынайы суреттеледі.

«Солдат соғысқа кетті» романын ерекшелеп тұратын да осы өмір шындығы және қаламгерлік ұстанымы.

Өмірде өз ұстанымынан айнымау да қаламгерге тән еді.

ІІІ

Кемел Тоқаев прозасы сан қырлы боп келеді. Әр қыры өз тақырыбы, өз табиғатымен ерек. Бастысы – қаламының қарымдылығы.

Қазақ прозасында өзіндік орны бар, әр кезеңнің болмысын таразылай отырып тақырыбына тиек еткен, көптеген шығармасы оқырман талғамынан шыққан қаламгер өмір шындығына ­деген адалдығынан жазбаған. Бұл оның қаламгерлік қалыбы, көркем мәнері еді. Оған шығармашылықтың шиырлы жолындағы адал термен жазылған әр кітабы ақиқаттай куә.

Кемел Тоқаевты қалың оқырман ­шытырман оқиғалы дүниелер жазатын әрі онысы аса ірі тиражбен шығатын қаламгер ретінде біледі. Оқиғалары тосын, шиеленісті болып, адамды бірден баурап әкетер және көркемдік полотносы мен сюжеті қалың қатпарлы повестерін қызыға оқып, жоғары бағалайды. Оның әрбір шығармасы бірден оқырман қолына жетіп, сөреде сарғайып жатпайды. Қаламгер үшін бірінші ­кезекте ең үлкен бақыт осы болса ­керек. Оның қаламынан туған «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» повестері, «Ұясынан безген құс» романдары әр үйдің кітапханасынан табылады десек қателеспейміз.

Әлбетте, шығарманы оқығанда оқырман суреттеліп отырған оқиғасының шындығына, оның сезілу әрекетіне, суреттеу сипатына, тіпті кейіпкерлердің сөз саптауларына дейін назар аударатыны ақиқат. Оқиғалар желісінің қызғылықты әрі тартымды болуы, айтар жұмбағына – ашар сырына ынтықтыра түсуі, шығарма нанымдылығын арттыра түсер композициялық желінің шымыр болып келуі қаламгердің суреткерлік шеберлігіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыда Кемел Тоқаевтың өзіне тән стилі мен баяндау әдебі, көңілді баурар көркем көкжиегі бар.

Қаламгердің әр туындысы оның қай тақырыпқа барса да көркем сөзге ­деген іңкәрлігін ұлықтай біліп, үлкен жауапкершілікпен барғанын көрсетеді, қаламгерлік парыз жүгін қасиеттей көріп, терең сезінеді. Әр шығармасына осылай қараған қаламгер өмірден көрген-түйген жайлардың, бастан кешкен кезеңдердің әсерінен туындап, дәуірдің кейіпкерлерін сомдау арқылы қоғам мен өмірді барынша шынайы суреттей білген. Өмірлік оқиғалардың нанымды көрінісін көркем тілмен бейнелей де, сөйлете де білу қаламгер қаламының қарымын танытады.

Қаламгер шығармаларының дені ­шытырман оқиғалы проза жанрының қазақ топырағында жандануын бірінші болып қолға алып, тың соныға түрен салуы ­ерекше аталып өтіледі. Өйткені қиын да тосын жанрды қазақ прозасына алып келу оңай оңтайға келе бермейтін батылдық десек, Кемел Тоқаев қаламы бұл сыннан сүрінбей өтіп, көптеген шығармаларымен оқырманын қуантқанына риза пейілдеміз және куәміз.

Тың жанрдың тұңғышы болу да әр жазушының маңдайына жазылмайтын тағдыр сыйы.

Айта жүрер асыл сый!

ІV

  Қаламгер жайлы естеліктерді қызыға оқисың. Қаламдас замандастары жазады. Көрген жай, көңілге түйгендер. Кемел ағаның біз білмейтін қырлары мен сырларын тілге тиек етеді. Онда кездесетін оқиғалар мен сәттердің сыры, диалог-дәйектер сөз жоқ, қаламгер өмірінің әр қырынан  көрініс береді, адами танымын, табиғатын,ішкі мәдениетін таныта түседі.

  Сондай бір сәттің мынау да бір орайлы көрінісі дерлік. Бұл жолы да сырын тарқата айту бізден.

Әсте, жазушылардың әзіл-оспағы қалмайды. Бір-бірінің мінез-құлықтарын қалам ұшына іле жүруді де ұмытпайды. Бұл жағынан алғанда, Әкім ағаның (Тарази) әңгімесі алабөтен, айтуы жаттанды үрдіске ұқсамай тұрады, оймақтай ойы образды, өрнекті, көркем боп келеді. Сөздің бөркін қымбаттатып, көркін сымбаттатып айтады дейсің! Бұйдаңнан ұстап, бұра тартқызбай баурап әкетеріне әңгімесіне куә бол енді, мінекей: «Жазушылардың жазарханасында тастаяқ соғатын үлкен бір зал бар. Екі тақта тұрады. Күндіз-түні шар қуалайтынбыз. Шар қуалап жүргенде адамның мінезі өте айқын ашылады. Ғабеңнің мінезі, Сафуанның мінезі, Сәкен Жүнісовтің мінезі, Қалихан Ысқақовтың мінезі, бәрі-бәрі қолмен қойғандай ап-айқын білінеді. Кемел аға тұлғалы кісі  еді ғой. Бірақ серке шарды ұрғанда таяғы шардың маңдайынан әрең-әрең  ғана сипап өтетін. Шарға тиген-тимегені білінбейтін. Серке шар да самарқау ғана, жалқаулау ғана қимылдап, жасыл мәуітінің үстімен жорғалап бара жатады. Көздеген шарға жетпей тоқтап қалатын тәрізді көрінетін. Бірақ, таңғаларлық нәрсе, әлгі серке шар көзделген нысана шарға асықпай жететін. Жететін де, тиер-­тиместе өзі тоқтап қалатын. Ал анау шар жын ұрғандай безектей, қайтадан әлсіреп, қиқалақтап, теңселіп барып... лузаға кіріп кететін! Кемел ағаның санасынан шыққан энергия тау қопарып, тас жармаса  да, көздеген ұясын дәл табатын». Айтары көп мөлтек сыр. Осы бір жай туралы Қалекең  де: «Ғабең атындағы турнир. Сәукең  атындағы турнир. Сафуан атындағы турнир. Кемел атындағы турнир. Спонсорлары – өздері. Бәйге нарқы – 500 сом. Орын саны – үшеу. Артында фуршеті бар, әзіл-оспағы тегін» деп  еске алып, күлкімен көмкеріп отырар еді, жарықтық ағамыз.

Ал ойымызды бір сәт ағалардың әңгімесі еліте тербеп, мінездер портреті көз алдымыздан өтіп жатар еді.

Әңгімеден әңгіме туады дегендей...

Досым, Баққожа Мұқаймен көрші болдық. Ол Жазушылар одағында істейді. Кешкі серуенде қаламгерлер жайлы әңгіме шертеміз. Менің тыңдауым, Баққожаның айтары көп. Өзі бір бөлмеде Кемел Тоқаев ағамен бірге отырады екен. Ағалы-інілі боп жарасып жүріп жатқанға ұқсайды. Кемел ағасының болмысынан сыр шертіп қояды. «Мұнтаздай боп таза жүретін адам. Бір тал шашы шашау шығып шашылып кетпейді. Қызметке әрқашан ақ жейде киіп, галстук тағып келеді. Таза кісі, – дейді сыншыл әрі анау-мынауды мойындай бермейтін досым, – әдепті жан еді. Соғыста болған, өлім көрген, балалық шағы жоқшылықта өткен, жетімдіктің тақсыретін мықтап көрген Кемекеңді жүрегі тас боп қатып қалған адам шығар деп ойлайтынмын. Қателесіппін, ол өте жылы жүректі қарапайым жан екен, қазақтың бәрін дос көрген адам.  «Тәуба, осы күнге де жеттік» деп отырады.

Енді бір әңгімесінде: «Ол азаматтығы мен адалдығы, білімі мен мәдениеті тоғысқан ­кемел адам, – деп алды да: «Бұл кісі тұрған бойы кемелдіктің формуласы» деп философиялық түйін жасағаны бар.

Мұндай тұжырымға адамды тани да алатын, бағалай да білетін, қаламгерлік философиясы берік Баққожа досымның көңілі толған соң келгені, көзі жеткен соң айтқаны кәміл.

Аз көзқарасынан айнымайтын достық сөзі де өзіндей өр, өзіндей ақиқат еді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

– Сонау бала күнінен-ақ әкем тағдырдың қатал сынағына тап ­болды. Ата-анасынан ерте жетім қалды. Әуелі балалар үйінде, кейін ­интернатта тәрбиеленді. Кейін соғыс басталды да, қанқасап қырғынның тағы бір сынағына тап келді. Майдан даласында да қиын-қыстау күндерді ­бастан өткеріп, жаңбырша себелеген оқ пен оттың ортасында болды. Төзімділікпен, жүректілікпен қорқынышты жеңіп, қайғы-қасіретті еңсере білді. Өзге майдангерлер секілді, менің әкем де соғыс туралы, әсіресе, ерлігі мен алған марапаттары туралы әңгімелегенді аса ұнатпайтын. Соғыста ­бастан өткергендері, қайғы-қасіреті, жаумен ең алғаш бетпе-бет шайқасқан сәті, солдаттардың ерлігі мен батырлығы, үйіне жеңіспен оралғысы келген алапат сезімі туралы әкем «Солдат соғысқа кетті» атты автобиографиялық кітабында жазып кеткен. Әкем бала күнінен-ақ білім алуға құштар болған. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиетіне ерекше құмартты. Соғыс аяқталысымен әскери киімін шешпестен, балдаққа сүйеніп келіп Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылданды. Одан соң журналист ретінде еңбек жолын бастады. Жазушы ретінде аянбай тер төкті, жылдар өте еңбегі еленіп, танымал бола түсті, атақ-даңққа да ие болады. Ол – қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салған қаламгер. Ауыр жарақат алған соң, 1945 жылдың ақпан-маусым ­айларында әкем Омбы қаласындағы госпитальде емделген екен. Осы соғыс ардагерлері госпиталіне арналған ғимараттың қабырғасына әкеме арналған мемориалды ескерткіш-тақта орнатылғанын жақында естідім. Әкемді және жалпы соғыс ардагерлерін ұлықтаған Омбы облысының билігі мен қала тұрғындарына айрықша алғысымды айтам.

«Мир» телерадиокомпаниясына берген сұхбатынан

V

 Кемел аға мен Қасым Қайсенов ақсақалдың бір-біріне деген құрметі ерек еді. Еске алған бір әңгімесінде Қасым аға есінде қалған Кемел ағаның бір тілегін аузынан тастамайды.

Қасым аға бір жазда Украинаға сапар шегеді. Өзінің партизандық өмірі өткен жерлерді көріп қайтпақ болады. Кемел інісі екеуі бірге сапарлайды. Керемет кездесулер болады, Қасым ағаның ерліктерін көзі тірі украиндық куәгер партизандар аузынан естиді, бәрін жазып алады. Таңғалып, тәнті болады.

«Ойпырым-ау, неткен ғажап ерлік еді. Сол ерлігіңізге батыр атағын қайтсем де алып беремін!»  деп қатты тебіренеді.

«Ақ жүректің айтқаны келеді» демекші, тәуелсіздік таңы атып айтқаны айдай келді, Елбасы батыр партизанның кеудесіне ­«Алтын жұлдызды» қадады.

Қасекең: «Кемелдей тілекші інімнің көкейін тескен ақ арманы орындалды» деп есіне алып, аузынан тастамаушы еді.

Ел есінде ерек жандар қалады.

Соның куәсіндей боп Қасым аға мен Кемел ағаның сөздері жадыда жаңғырық салады, кітабын аманаттаған тұлғалары биіктей түседі.

Бірін-бірі қадірлей білу де қайырлы қасиет.

Тұлғаларға тілектес болу да асқан тектілік!

 Оқырман үшін автор – астарлы ақиқат.

 Кітабы жайлы, автордың өзі жайлы ойлар оянады, сұрақтар туындайды.

Қаламгердің бар құпиясына көз жеткізгісі келеді. Өмірінің беймәлім жағы ынтықтыра түседі. Бәрімізге ортақ орынды сауал ойда тұрады. Отбасы мен ортасы қызықтырады. Адами болмысын, отбасылық жан сырын, әкелік борышын білгісі келеді.

Қаламгер портретінің бояу-реңі қанық, тұлғасы толыққанды болуына бұл адами қырлар сөзсіз кемеліне келтіре түсері кәміл деуге болады.

Осындай да  ойдың орайына лайық «Әке туралы ой-толғау» кітабын айтпай кетуге болмайды.

Мұнда әлгі сауалдардың жауабы алдыңнан шығады. Оқырман өзін қызықтырып, білгісі келген сауалдарына жан-жақты жауап-сырларды, толғам-ойларды қалауынша таба алады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғауы» эссесі жүректің көзімен, сағыныштың тілімен жазылған дүние. Бір деммен оқылар жылуы мол баян. Ерекше қызығушылық тудырады және асқан ықыласпен оқылары даусыз.

Әке мен анаға деген перзенттік махаббатпен төгілген толғауда ата-анасын сүйіп, оны құрметтеп өткен, олардың жақсылығы мен қуанышын іңкәрлікпен еске алған, оны өмір бойы ұлық тұтып үкілей білген ұлдың сағынышқа толы көңілінің мөлдір моншақтары қағаз бетіне қаз-қалпында түскен баянсыры әсерлі де айрықша қастерлі. Жүректі тербеп, көңілге нұр құяды, перзенттік адалдықтың осыншалық пәктігі мен парасаттылығы, таңғы шықтай тазалығы еріксіз тәнті етеді.

Баяндауы байыпты, толғауы тебіреніске толы өмірбаяндық эссенің жазылуы керемет, одан алар әсер де айрықша боларына кәміл сенімдіміз.

VІІ

Кемел Тоқаев кітаптары бояуы кеппей жатып таралып жатты.

Көз көргендер мен кітапқа іңкәр жандардың бәрі куә. Бұл – болған жайдың нақты дерегі.

Кітап дегеннің түпкі мағынасы – әдебиет пен оқырман.

Бұл екеуі өмірде бірін-бірі іздеп жүретін егіздер сынды.

Осы егіздің ерен үлгісі – оның қаламгерлік өмірінің негізі болды. Оған куә – ілелетіп дүркін-дүркін шығып жататын кітаптары еді.

Ал кітаптары көп тиражбен шығып жататын. Жүз мың, екі жүз мың боп... тіпті бес жүз мың боп тарағаны да бар.

Қазақ кітабының мұндай қалың қауымды ынтазар етуі – оқуға ­деген оқырман ықыласының керемет құштарлығынан еді.

Қаламгер бәрін өмірден алып жазды. Оқырман одан өмір мен өздерін көрді. Онда айтылған әділдік пен адалдықты аңсады. Үнсіз ұқты, үлгі тұтты. Тұйық өмірдегі ­тынысты ашар тағылым деп қабылдады.

Әр ұрпақтың қалауы мен талғамы ­болады. Сол удеден шыға білу қаламгер үшін сын. Оның бір-ақ жолы бар – оқырман ықыласына бөлену.

Шыққан кітаптарының дүкен сөрелерінде жатпауы, оқырманның бірінен-бірі іздеп жүріп оқуы – соның айқын айғағы.

Бұл оқырманның жазушыға деген құрметі, авторға деген ынтызарлығы еді.

VІІІ

Қаламның қасиетін қаламгерден артық ешкім сезінбейді, білмейді.

Жүрек тұсында ұстайтыны да, жүрекпен жазылу сыры да содан.

Әрбір шығарма қаламгердің жан-жүрек толқынысынан барып туады. Ондағы кейіпкерлер, оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысы қаламгердің өмірлік ­танымы мен талғамының, сараптауы мен саралауының желісі мен жемісі.

Кемел Тоқаевтың болмысын, қаламгер-лік қарымын тану үшін жазғандарын оқу керек. Ал оқыған жанның өз дәуірінің болмысын көркем сөзбен кестелеген қаламгердің еңбегіне риясыз ықыласты болары сөзсіз.

Қаламгердің бар болмысы, сөзі де – өзі де кітабында.

Өмір-тағдыры туындыларымен тіл қатып, үндесіп тұрады, ұрпақ-ұланымен жүздесіп тұрады.

Бұл да қаламның қасиеті, тағдырдың сыйы.

***

Ол – өмірде өз ойын көркем өрнектей білген біртуар тұлға.

Кемел тұлға!

1850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы