• Тарих
  • 28 Мамыр, 2020

НӘУБЕТ

ХХ ғасырдың басында қазақ халқы бірнеше мәрте қуғын-сүргінге ұшырады. 1905 жылы патшаның сөз, баспасөз бостандығы жарияланысымен Ресей астанасы Петерборда «Қанды жексенбі» оқиғасы орын алды. Бұл оқиға түрік-мұсылман елдерін де бейжай қалдырмады. 1905-1906 жылдары империядағы түрік-мұсылман халықтары атынан орталық билік орындарына 500-ден астам ­петиция (арыз хат) жолданды. Жіберілген арыз хаттарда: «жер аударылған орыс шаруаларына қазақтардың атақоныс шұрайлы жерлерін алып беруге, тіпті орыс шаруаларының қоныс аударылуы доғарылсын» деген талап қойылды. Сонымен бірге дін мәселесі, жоғарғы өкілеттік органдарға қазақтарды сайлауға тосқауыл қойылмауын, қазақ тілінде газет-журналдардың шығуына рұқсат берілуі, т.б. мәселелер айтылды. Есесіне, қазақтың жоғын жоқтаған, сөзін сөйлеген «Айқап» журналы, «Қазақ» атты газеттер дүниеге келді. Қазақ елін қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім, іскерлік жолына салу, ең бастысы, ­дербес мемлекет құру сияқты негізгі мақсатқа жетелеген Ахмет Байтұрсыновтың «Масасынан», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағынан» патша  үкіметі қатты сескенді. Сондықтан олардың сөйлеген сөздері жіті бақылауға алынып, құпия  түрде олардың «ұлтшылдығын» дәлелдеген қат-қат томдар жинақталып, қудаланды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін басқару ­органдары қазақ зиялылары – алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ аспады, оларды неғұрлым биліктен шеттетуге тырысты. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды. 1922 жылдан бастап ­алашордашыларды партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілді. Сөйтіп, кеңес өкіметі озық ойлы, білімді, ел қамын ойлаған азаматтардан құтылудың жолдарын қарастыра бастады. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетінде жарияланған «Қазақ зиялылары» деген мақаласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екенін әшкерлеп, «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді, егер төңкеруші табылады екен, ұлшылдықты ортақшылыққа айырбастауымыз қиын емес» деген еді. Осы жоғарыдағы аталмыш газет орталық биліктің қатаң бақылауына алынған кезеңі болатын. 1925 жылдың 29 ­мамырында И.Сталин партияның Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелеріне «Ақжол» газетінің саяси ұстанымына ­байланысты хатын ­жолдайды. Онда И.Сталин газетте жарияланған материал­дар мазмұны жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқайдың жазбаларымен үндес, сабақтас екенін айта келіп, мұндай олқылыққа орын беруге болмайды деген ­байламды ­айтады. Сонымен бірге қазақ қоғамындағы Алаш зиялыларының белсенділігінен қорыққан И.Сталин көп ұзамай 1925 жылдың жазында республика басшылығына Николай патшаның отбасын атуды ұйымдастырушылардың бірі, шаш ал десе бас алатын Филипп Исаевич Голощекинді жібереді. Жергілікті жердің жағдайымен атүсті танысқан соң, Ф.Голощекин Сталинге хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппаратын жергіліктендіруге жұмсайтынын айтты. Сөйтіп, Голощекин «Кіші қазан» концепциясын ұсынды. Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Сондықтан да 1926 жылы 26 мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым және шілде айларында бастап кетті. Ал 1927 жылдың желтоқсан айында мал-мүлікті тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Келесі 1928 жылдың 27 тамызында «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталатын үкіметтің екі қаулысы шықты. 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауылшаруашылық құралдары соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркіленуге жатты. Нәтижесінде 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы жер аударылды. Голощекиннің қазақ халқын ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған солақай саясатын әшкерелеп, орталыққа хабарлама айтқан Алаш қайраткерлері «халық жауы», «бандылық құрылымдар» деп танылып, олар қуғын-сүргінге ұшырады. Ақиқатын айтып, солақай саясатқа қарсы келген Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, М.Тынышпаев, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, т.б. қоғам қайраткерлері қуғындауға ұшырады. Голощекиннің геноцидін айыптап, нақты деректер мен дәлелдерге сүйене отырып орталыққа жазылған «Бесеудің хаты» аталатын құнды мақалада ел ішіндегі аласапыран жағдай ашық көрсетіледі. Қазіргі таңда «Бесеудің хаты» спектакль ретінде Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры және тағы басқа театрларда сахналанды. «Бесеудің хатындағы» бес автордың бірі Ғабит Мүсірепов екенін көзі қарақты қазақтың білетіні хақ. Көптеген қазақтың басынан өткен нәубет Байбатырұлы Ықымның да отбасын айналып өтпеді, өз қиыншылықтары мен зобалаңын ала келді. Байбатырұлы Ықым Алматы ­облысы ­(1940 жылға дейін Шұбартау Алматы ­облысына қараған) Шұбартау ауданы, Орджоникидзе колхозында 1876 жылы қой төлдеген уақытта ауқатты отбасында дүниеге келеді. Жастайынан өзінің пысықтығы мен әкесі Байбатырдың қолдауымен арабша, кейіннен латынша оқып хат таниды. Көптеген шығыстың қисса, жырларын оқып, жатқа айтатын. Өзінің парасаты мен білімділігінің арқасы шығар, ол Семей облысы, Шұбартау ауданы, Мәдениет ауылдық округі, Бақанас өзенінің бойына (Ақүшкел аталған) 1923 жылы алғашқы мектеп салдырады. Қысы қатты Шұбартау өңірінде балаларды шанамен мектепке тасыған. Ынтасы барларын Ташкентке апарып оқу ­орындарына орналастырады. Солардың бірі – көзіміз көрген Ибраев Кәрім. Кәрім ағамызды 1931 жылы Ташкентке апарып САГУ-дің (Среднеазиатский государственный университет) медицина факультетіне түсірген, кейіннен ол Алматыдағы медициналық институтқа ауысады. 1941 жылы өзі сұранып соғысқа аттанады, дала госпиталінің хирургі болады. Соғыстан подполковник шенімен келген ағамыз медицина саласында қызмет етіп, сексенінші жылдары өмірден өтті. Аяулы ағамыз атамыз Ықымның жасаған жақсылықтарын өмірінің соңына дейін жыр қылып айтып отырушы еді. Кәрім ағамыз бір естелік әңгімесінде нағашы атамыздың Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековпен қарым-қатынаста болғанын айтқаны бар еді. Сонымен бірге Алматы қаласында тұрған, 1902 жылы туған, шұбартаулық Дарбаев Төленді ақсақалдың: «Сендердің аталарың Ықымды жақсы танитынмын, аталас 12 ата Абақ керейдің ұрпағы едік. Аталарың келгенде Керейдің игі-жақсылары өре түрегелетін, алдынан шығып қарсы алатын. Қазаққа қызмет еткен, мектеп салдырып бала оқытқан, тоған салдырып, тары ектірген. Алаштықтармен байланыста болып, атылып кеткен» деп айтқаны көп нәрсені ұғындырса керек. Осы жылдың 16 наурызында ­атамыз ­Байбатырұлы Ықымды іздестіру ­барысында, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Қуанышымызға орай 7 сәуірде қолымызға архивтің құжаттары келіп түсті. Соған орай ҚР Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті, мемелекеттік мекемесінің №3135 мұрағаттық құжатындағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, Алматы облыстық НКВД-сі 1937 жылдың 29 шілдесінде тұтқындап, осы жылдың 14 қарашасында ату жазасына кескен. Тағылған айыбы – кеңес үкіметіне қарсы жұмыс ­жасады, колхоздың мүлкін талан-таражға салды, ұлттық ұйымның мүшесі, халық жауы ­болды. Осы құжаттағы тағы бір жағымсыз дерек, 1931 жылы банды құрамында ­болды деген айыптау. Архивтың құжатына сай, сталиндік репрессияға ұшыраған атамыз Семей облысының прокуратурасының қаулысымен 1989 жылдың 28 көкегінде ақталады. Атамыздан бір ұл, бір қыз өрбиді. Қызы – менің аяулы анам Қазына, 1916 жылы дүниеге келген. Анам марқұм: «Әкем мені 1923 жылы өзі салғызған мектепке алып барған» деп туған-туыс, ағайын-жекжаттарға мақтанышпен айтып отыратын. Бала болып айтқан әңгімелеріне құлақ аспадық. Оның үстіне анамыз «халық жауының» қызы болды, көп теперіш көрді. Әкесі туралы айтуға қорқатын, кейін өсе келе сұрай қалсаң, әңгімені басқа жаққа бұрып, көзіне жас алатын. Анамның жалғыз ағасы Жамантай 1929-1930 жылдары Ташкентке оқуға бара жатып, Ақтоғай елді мекенінде қайтыс болады. ­Атамыз алғашында 1931 жылы банды құрамында болды деген айып тағылғанда ұсталып, сотталады. 1932 жылы түрмеден достарының арқасында босанып шығып, артындағы жалғыз тұяғы Қазынаны алып Қытай асады. Өйткені кеңес үкіметі көзі ашық, көкірегі ояу, Алаш ­идеясын ту еткен, парасатты азаматты қудалап, күн көрсетпеген еді. Қытай асқан нағашы ­атамыз Шәуешек қаласына келеді. Сондағы Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынаста болады. Бес жылдай Шәуешекте тұрып, қызы Қазынаны Майты ұлы Нұрсәлімге ұзатып, 1937 жылы туған елі Шұбартауға қайтып оралады. Келген бойда НКВД жендеттеріне ұсталады. Жоғарыдағы көзі ашық, көкірегі ояу екі азаматтың – Кәрім ағамыз бен Төленді ақсақалдың Алаш ардақтысы Райымжан Мәрсековпен қарым-қатынаста болды деп айтулары тегін емес. Ұрпақтары, біздің топшылауымыз бойынша, 1932-1937 жылдар аралығында Шәуешекте немесе 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамырда алаштықтардың Семей облыстық съезінде кездесуі мүмкін. Себебі бұл облыстық съезге 200-ге ­тарта ­делегат қатысқаны белгілі. Бүгінгі таңда Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері жайында көптеген ғылыми іс-шаралар атқарылып жатыр. Жаңа мәліметтермен толықтырылу үстінде. Осы тұрғыда Байбатыров Ықымның халқына істеген істерін ары қарай зерттеу артындағы ұрпақтары – бізге парыз.

Бақыт Нұрсәлімқызы, Ықым Байбатыровтың немересі Жандарбек Қарабасов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

1626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы