• Тарих
  • 11 Маусым, 2020

ЭЛЬБАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

«Yanks Meet reds» («Янкилер қызылдарды қарсы алған күн») кітабындағы Айтқали Әлібеков кім?
Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жеңіс мерекесінің қарсаңы еді. Әріптесім, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов телефон соқты. Аман-саулықтан соң: «Ертеректе АҚШ-та бір кітап жарық көріпті. Ол атақты Эльбадағы кездесуге арналған деректі дүние екен. Сонда қазақ ұланы Айтқали Әлібековтің аты аталады. Сол тарихи оқиға болатын күні америка әскер бөлімдерінің барлаушылар тобымен ең алғаш кездескен кеңес солдаты қазақ жауынгері екен! Керемет факті емес пе?!» деді.

Осылай деген Сәкең бұл дерекке өзінің қатты қызығып, біраз мәліметтер жинағанын айтты. Бұл тақырыппен менің айналысып көруіме кеңес берді. «Сіздің оң жамбасыңызға көбірек келеді. Танысып көріңіз. Алдымен поштаңызға қолымдағы бар мәліметті саламын. Содан соң АҚШ-та шыққан кітаптағы қазақ жауынгеріне қатысты деректің тәржімесін жіберемін. Асқарға аудартып аламын» деді сөзінің соңында. Асқар – Сәкеңнің үлкен ұлы. Дипломат, тарих ғылымының кандидаты, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілінің орынбасары болып істейді.

Содан сәл уақыт өткен соң компьютерге бәрі де келіп түскен. Енді міне, мен монитор экранына қарап, ондағы бар дерек-мәліметтерді ой елегінен өткізіп отырмын. Иә, 1945 жылдың көктемі, оның әрбір күні жүрек толқытарлық оқиғаларға толы еді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы шығыстан кеңес, ал батыстан АҚШ әскерлерінің фашистік Германия шекарасына ілігіп, одақтастардың бір-біріне жақындай түсуі еді. Мұны екі жақтың радистері эфирде: «Америка қарулы күштері мен Қызыл Армия бөлімдерінің кездесер күні алыс емес. Екі ­араны 30 шақырым ғана жер бөліп тұр. Түйісетін тұс Эльба өзенінің маңайы болуы мүмкін» деп ағылшын, орыс тілдерінде алма-кезек айтып жатты. Немістер әуе толқынындағы бұл радиохабарларды қайткенде де өшіріп немесе үзіп тастауға тырысқанымен, ол әрекеттерінен ештеңе шықпады. Керісінше әрбір күн, тіпті сағат санап 1-Американ армиясы мен 1-Украин майданының алға ұмтылған тегеурінді қимылы жүздесу сәтін барынша жылдамдата түсті. Осы арада мына бір жайтты айта кетейік. Өйткені мұның мақаламыздың орта тұсында сөз етілер бір мәселеге қатысы бар болмақ. Ол, одақтастарды қайдам, ал біздің кеңестік әскер басшыларының АҚШ армиясымен кездесетін күнге қатаң талап қоя отырып, ерекше мән бере әзірленуі еді. Оны сол жылдың 24 сәуіріндегі жазылған директива анық дәлелдейді. Онда былай делінген: «1.Қызыл Армияның алғы шептегі жауынгерлері одақтастар әскерін алғаш рет көрген жағдайда, олар мұны бірінші ­кезекте сол жердегі өз командирлеріне ­хабарлап ­айтуы керек. Ставканың ұйғарымы ­бойынша офицер шеніндегі адамның ғана американ не ағылшын қарулы күштерінің өзімен дәрежелес басшыларына шығып сәлемдесіп, сөйлесуіне құқы бар. 2.Одақтастармен майдан шебінің түрлі учаскелерінде ұшырасып қалған жауынгерлердің шетелдік әріптестері алдында еркін сөйлеп, артық қимыл-әрекет жасауына тыйым салынады. Сондай-ақ қызыл әскерлер мен кіші құрамдағы командирлер одақтастар бөлімдеріне жол көрсетіп, қандай да бір анықтама беруге немесе сол өңірдегі ойластырылған іс-қимыл жоспарларын айтуға тиіс емес. Жауынгерлердің көрген-білгендерінің бәрі өз басшыларына баяндалып, бақылауда ұсталатын болуы керек. 3.Одақтастармен кездесіп, жүздесер алдындағы салтанатты шаралардың ұйымдастырылуына Қызыл ­Армия адамдары тарапынан бастамашы болудың қажеті жоқ. Ондай жиындарда кеңес әскерилері тарапынан тек жылы жүзді ілтипат көрсету мен достық рәуіштегі құптау рәсімі жеткілікті. 4.Американ не ағылшын Қарулы күштері мен Қызыл Армия бөлімдерінің түйіскен жеріндегі кездесулерде кеңестік жауынгерлер тәртіп пен реттіліктің жоғары үлгісін көрсетуі тиіс. Ал оған қатысатын офицерлік құрам болса, өздерінің жарасымды киім киісі, сергек те жігерлі жүріс-тұрысы арқылы одақтастарға жақсы әсер қалдыруы керек. 1-Беларусь майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Жуков; майдандық Кеңес мүшесі, генерал-лейтенант Телегин; майдандық штаб бастығы, генерал-полковник Малинин. 1945 жыл, 24 сәуір, №00604-жедел бұйрық». Кеңес әскери басшылары, міне, осындай директива әзірлеп, оны Эльба жағалауындағы жауынгерлерге түсіндіріп жатқанда... Иә, сол уақытта АҚШ армиясының Қарулы күштері де аталмыш маңайдың арғы бетіне таяп қалған еді. Бұл 1-Американ армиясындағы 69-жаяу әскер дивизиясының 273-полкы болатын. Оның басшысы полковник Чарльз Адамс өздері келіп жеткен бөтен ел, бейтаныс жерге жатырқай қарап біраз тұрды. Содан соң сақтық шараларына көшіп, алғы шепке үш шолғыншы отряд жіберуге шешім қабылдады. Бұлар лейтенант Арнольд Коцебу мен майор Фидель Крэйг және кіші лейтенант Уильям Робертсон басқарған барлау­шылар тобы еді. Міндет – төңіректе жау бар ма, жоқ па соны білу. Сосын өздеріндегі ерекше бөлім берген: «Немістер АҚШ пен Англияның ұрыс даласында қолға түскен солдаттарын осы аймақта ұстап отыр» деген құпия хабарға сәйкес сол тұтқындар лагерін іздеу. Ал Қызыл Армия бөлімдерімен ұшырасып, жүздесу ойларында мүлдем жоқ-тын. Осылайша, олар 25 сәуір күні таңертең жағалаудағы орманға беттеп, бірі жоғары, екіншісі орта, ал үшінші топ тоғайдың төменгі тұсын сүзіп шығуға кірісті. Арада екі сағаттай уақыт өтті. Сол мезетте өрге қарай жылжыған лейтенант А.Коцебу жігіттері алдынан шағын елді мекен көрінді. Бұл немістер әлдеқашан тастап кеткен Леквиц фермасы еді. Шолғыншы топ оған жақындағанда көздеріне атты адам ­шалынды. Бөтен әскери киімді ол үлкен усадьбаға бұрылып барады екен. «Бұл кім? Әйтеуір неміс емес екені анық. Сонда орыс солдаты болғаны ма?» деп ойлады Л.Коцебу. ­Осылай деп ішінен күбірлеген ол жігіттерімен бірге атты адам бұрылған үйге қарай беттеді. Оның ауласына аяқ басқанда күдік бірден сейілгені! Иә, бұл кезінде немістер мәжбүрлеп әкеліп кейін тастап кеткен шетелдік жұмысшылармен әңгімелесіп тұрған кеңестік әскери қызметші-тін. Бейбіт, мамыражай тұрғыдағы осы көріністі көріп, көңілі орнына түскен барлау тобының басшысы сағатына қарады. Циферблат тілі күндізгі 11.30-ды көрсетіп тұр екен. Айтты-айтпады, бұл тарихи оқиға еді! Себебі Қызыл Армия формасын киген салт аттыға жолығу арқылы лейтенант Л.Коцебудың шолғыншы отряды одақтастар мен кеңес әскерлері арасындағы алғашқы байланысты бастаған-тын. Осыны сезген лейтенант өз тобындағы орыс тілін білетін С.Ковальски арқылы алдындағы жауынгерден оның кім, қай бөлімнен екенін сұрай бастады. Бірақ ол бірден шешіліп кете алмады. Сондықтан да американдықтардың есінде бұл адам әр сөзін байқап сөйлеуге тырысқан өте сақ, біртоға, сонымен қатар күдікшіл де жан ретінде қалып қойды. Және олардың ұғымында алдарындағы мына қызыл әскер өзі куә болып тұрған оқиғаның «тарихи маңызын түсінбеген сияқты». Ескерте кетейік, бұл олай емес еді. Бар гәп осы мақаламыздың басында айтылған директивада болатын. Онда одақтастармен кездесе қалған жағдайда асығыс шешім қабылдамау, артық қимыл-әрекетке бармау, әскери құпияға жататын ақпараттарды айтпау туралы тапсырмалар берілді емес пе?! Сондықтан да алдарындағы Қызыл Армия жауынгерінің одақтастарға ішін бермеуі заңды еді. Осы ұстанымнан таймауды көздеген ол жол көрсетуді сұрағанда: «Міне, мынау біледі» дегендей орыс тілінен шала-шарпы хабары бар тұтқын полякты нұсқады. Ал: «Командирлерің қайда? КПП-ны қалай табамыз?» деген сауалға: «Анау жақта» деп үш шақырымдай жердегі мүйісті екіұштылау көрсетті. Сөйтті де атына қарғып мініп, шығыс жаққа қарай шаба жөнелді. Мінезі қызық болып көрінген бейтаныс жанға басын шайқаған лейтенант Л.Коцебу оның артынан ұзақ қарап тұрды. Содан соң тұтқын полякты жандарына ертіп алып, Эльбаға қарай бет алды. Ол екі мильдей жер еді. Шамалы уақыттан кейін оған да жеткен американдықтар өзеннің арғы бетіне көз тікті. Көз тікті де сескенгендей кейіпте тұрып қалды. Қарсы жағалауда.... Сарбаздар... Соғыс техникалары... Самсап тұр. Дүрбі салып қарағандарында, қорқыныш орнын қуаныш сезімі алмастыра бастағандай болды. Өйткені... Шығыс жағалаудағы иін тірескен қол кеңес жауынгерлеріне ұқсай ма, қалай?! Сәт салып қайта көз тікті. Иә..., иә, киім ­формалары бөлек солдаттар... Олардың кеуделеріндегі күн сәулесімен жарқ-жұрқ еткен медальдар... Танк люгі төбесіне бекітілген қызыл ту... Бәрі-бәрі лейтенанттың жоғарыдағы ойын бекемдей түсті. Сондықтан Қызыл Армияның бұл бөлімдерінің қарсы алдында кімдер тұрғанын білдіру үшін американдар аспанға екі жасыл ракета атты. Мұндай жағдайда олардан қызыл ракета жауап болуы тиіс еді. Олар бұлай етпеді. Соған қарамастан одақтастардың шолғыншы тобы батыс жағалаудан төменге түсіп, суға жақындай бастады. Айлақта діңгекке байланған шағын қайықтар бар екен. Олардың біреуінің шынжырын ағытқан лейтенант Л.Коцебу өзінің бес жауынгерімен бірге Эльбаның шығыс жағалауына бет алды. Жол бастаушы поляктың: «Одақтастар! Американ әскерлері!» деп айқайлаған ескертуімен жиекке ілінді-ау әйтеуір. Сол жерде бұларды өзін: «Аға лейтенант Григорий Голобородько» деп таныстырған кеңес армиясының офицері мен екі жауынгер қарсы алды. Арада 15 минут өткенде оларға 175-атқыштар полкының командирі, полковник Александр Гордеев келіп жолықты. Шағын әңгімеден соң кеңес офицерлері қонақтарға кері қайтуды өтінді. Сөйтті де Эльбаның батыс жағалауымен солтүстікке бұрылып, Крейнитц елді мекенінің маңындағы паром өткеліне барудың қажет екенін айтты. Себебі өткен түнде екі жақ басшылары радиограмма алмасқан екен. Ондағы уағдаға қарағанда одақтастармен кездесудің алғашқы бір шарасы, міне, сол жерде өтетін сияқты. Осының бәрін естіген Л.Коцебу кері оралып, өз басшыларына Қызыл Армия жауынгерлерімен бір емес, екі рет кездескені жөнінде рация арқылы хабар жіберді. Бірақ онда картадағы өздері тұрған жер шаршысы жаңсақ көрсетілген еді. «8717» деген сол ­координат... Иә, кейін ол бұлардың Эльбадағы тарихи сәт кейіпкерлері тізіміне енбей қалуына басты себеп болды. Өкінішті-ақ...

[caption id="attachment_57527" align="aligncenter" width="700"]1988 жылы АПН баспасынан шыққан «Эльбадағы кездесу» жинағы 1988 жылы АПН баспасынан шыққан
«Эльбадағы кездесу» жинағы[/caption]

* * *

Енді жоғарыда сөз болған 25 сәуірдегі америка әскерлерінің көзіне түскен кеңес жауынгеріне келейік. Иә, ат үстіндегі ол адам кім еді? Соғыстың сол күндеріндегі «Правда», «Красная звезда» газеттері мен «Союзкино­хроника» кадрлары және одан бергі уақыттарда жарық көрген әскери мемуар, ­зерттеулерде одақтастармен алғаш кездескен қызыл әскерлер... Олардың кімдер екені толық ­жазылып біткен сияқты еді. Сөйтсек... Олай емес екен. 1945 жылғы Эльба оқиғасының тұңғыш кейіпкерлері ешқандай да Григорий Голобородько немесе Александр Сильвашко емес, қазақ ұланы Айтқали Әлібеков болып шықты. Бұл шындықты жұртқа жайып салған АҚШ-та 1988 жылы шыққан «Yanks Meet reds» («Янкилер қызылдарды қарсы алған күн») атты кітап дер едік. «Сонда бұл қалай болған?» дейсіз ғой, құрметті оқырман. Иә, ағылшын тіліндегі ­туындыда аты аталған Айтқали Әлібеков кім? Ол қайда туып, қай жерден майданға аттанған? Соғыстан елге аман оралған ба? Осы уақытқа дейін оның есімінің елеусіз болып келуінің сыры неде? Міне, бұл және бұдан басқа да сауалдарға бір материал жауап берері анық. Ол 2014 жылдың 6 мамырындағы «Актюбинский вестник» газетінде шыққан мақала. Авторы – сол өңірдегі қалалық, облыстық басылымдарда ұзақ жыл еңбек еткен журналист Мирал Жармұханбетов. Әріптесіміздің сөзіне қарағанда, ол 70-жылдардың аяғында Алға аудандық «Жұлдыз» – «Звезда» газетінде еңбек жолын бастапты. Бір күні редакция тапсырмасымен сол өңірдегі «Октябрьдің 50 жылдығы» кеңшарына барады. «Бұл жерде мені осы шаруашылықтағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Айтқали Әлібеков деген ағай қарсы алды. Орта ­бойлы, өңі жылы, сөзі салмақты майдангермен кеңшарда болған бір күн ішінде көп нәрсеге көзім жетті. Оның еңбек адамдары туралы айтқан әңгімесі, ауылдың мәдени-әлеуметтік жағдайы жөніндегі менің қойған сауалдарыма қайтарған жауабы әсіреұраншылдықтан ада, өмір тіршілігін нақты көрсетуге бейім басшы бейнесін көз алдыма әкелді» деп еске алады Мирал ол кісімен алғашқы кездескендегі әсерін. Арада жыл өтеді. Кезекті іссапардан кештеу оралған Мирал редакцияға кірсе, әріптесі Болат Ізтілеуов бір нәрсені мұқият оқып отыр екен. «Қарашы. Осы уақытқа дейін қалай білмей келгенбіз... Сенің танысың Айтқали ағайды ­айтамын да... Мықты адам екен ғой өзі. Мәскеуде тұратын досы мақала жазыпты. Мә, оқы!» дейді ол. Осылай деген ол мұның қолына «Лениншіл жас» газетінің 1980 жылғы желтоқсан айындағы бір нөмірін ұстатады. Ашып қарағанда, ішкі беттегі «Генерал қаруласын іздейді» атты тақырып бірден көзіне түседі. Және ондағы фото астында: «Сержант А.Ольшанский мен қатардағы жауынгер Айтқали Әлібеков. Германия. 1945 жыл» деген мәтін бар екен. Осыны көргеннен кейін бұл отыра қалып, әлгі мақаланы оқысын. Одан таныс ағайының 1943 жылы әскерге шақырылғанынан ­хабардар болсын. 58-атқыштар дивизиясының құрамында Польшаны азат етіп, Сандомир плацдармын алуға қатысқанын білсін. Одерді көктей өтіп, Висланың батыс жағалауын жаудан тазартқанына көз жеткізсін. Ең соңында Эльба... Одақтастармен кездесу! Міне, соның бәріне куәгер болған бір кездегі сержант, қазіргі ­генерал-майор Александр Ольшанский қарулас досын іздеп жатыр екен. Мақаласының соңында ол тірі болса жүздесіп, бір мәселені нақтылап алмақ ойы барын, сөйтіп әділеттілікті қалпына келтіруге күш салатынын айтыпты. «Ағайға көрсетейін... Қуанып қалсын!». Миралдың мақаланы оқып шыққаннан кейінгі есіне алғаш келгені осы сөздер еді. Сол оймен ­аудан орталығының шет жағындағы ­санаторийге тартады. Себебі кеңшардағы еңбек демалысын кештеу алған ол кісі ешқайда бармай, сонда емделіп жатқан-тын. Бұл кіріп келгенде, майдангер кітап оқып отыр екен. Алғашқы аман-саулықтан соң қолына ұстатқан газетті аударыстырған Айтекең соғыстағы қарулас досы екеуінің фотосын көріп, тас мүсін секілді қатады да қалады. Содан ондағы мақаланы бас алмай оқуға кіріседі. Бәрін: бөлмедегі сөйлеп тұрған теледидарды, ­жанында отырған Миралды, кешкі дәрігерлік қабылдауға шақырған медбикені мүлдем ұмытады. Мақаладағы өзіне байланысты айтылған жылы лебізге көңілі босап, жанарына жас үйірілген майдангер басқа бір әлемге еніп кеткендей еді. Осыны байқаған аудандық газет тілшісі ол кісіні мазаламайды. Өз ойымен өзі болсын дегендей үнсіз отыра береді. Сөйтіп, бір кезде ақырын ғана орнынан тұрып, сыртқа шығып кетеді. Ертесінде Миралға хабарласқан Айтекең: «Рақмет!» деген бір ғана сөз айтады. Біле білген жанға тумысынан тұйық бұл адамның жоғарыдағы лебізінде терең мән бар еді. Ол көп сөзге жоқ оның тілші інісіне деген шексіз ризашылығы мен ізгі ілтипаты болатын. Содан соң сәл үнсіз қалған майдангер өзіне іздеу салған Александр Ольшанскиймен хабарласқанын, енді зайыбы Қырмызы екеуі Мәскеуге жол жүрмек ойлары бар екенін ­айтады. Ақыры солай болады да. Қазақстаннан барған соғыс ардагері Айтқали Әлібековті Қазан вокзалынан қарсы алған қарулас досында ес қалмайды. Үйіне апарып қонақ етіп, екеуінің 1944 жылы Ческ-Будовице операциясынан кейін қалай танысқандарын, одан Польшаны басып өтіп, 1945 жылы Германия жеріне қайтіп жеткендерін естеріне алады. Солардың ішінде генералдың қайта-қайта сұрағаны: мұның Эльба өзені маңындағы одақтастар әскерінің шолғыншыларымен кездескені жөніндегі оқиға-тын. Айтекең бұған: «Иә, олар бір лейтенант, бес солдат еді. Таңертеңгілік кез болатын. Жүздесіп, жөн сұрағанда, көп сыр ашпадым. Өйткені ­директива тәртібі солай емес пе еді» деп, болған жағдайды бүкпесіз айтып береді. Сөйтсе, мәселе былай екен. Алда кеңес және одақтастар армияларының Эльбадағы кездесуінің 40 жылдығы жақындап келе ­жатады. Осыған орай АҚШ-тағы сол оқиғаға куәгер болған 69-армияның офицерлер қауымдастығы Қызыл армияның өздерімен кездескен 58-дивизиясындағы ардагерлер кеңесіне хат жолдайды. Ойлары – аталмыш әскери құрамалардың көзі тірілері жиналып, Эльбаның Торгау көпірі маңында бас қоссақ деген ниет. Мұны КСРО Қорғаныс министрлігі құптайды. Арнайы комиссия құрып, оның мүшелері қатарына генерал-майор ­Александр Ольшанскийді де қосады. Бұл кісінің 1945 жылғы тарихи оқиғаға қатысы бар қазақ жауынгерін шарқ ұрып іздеу сыры, міне, осыған байланысты екен. Содан не керек, қос майдангер бір-бірімен әбден әңгімелесіп, айтылар сөз бен анықталар жайтты түгескеннен кейін мынаған келіседі. Ол 1985 жылы Германияда өтетін Эльба кездесуіне екеуінің бірге бармақ ойлары еді. Өкінішке қарай, Айтқали аға бұл арманына жете алмайды. Мәскеуден келгеннен кейін көп ұзамай өмірден озады. Бұл 1983 жыл еді. Ал содан біраз уақыт өткен соң бұрынғы американдық 69 және кеңестік 58-дивизиялардың ардагерлері Торгауда бас қосады. Оған барған генерал-лейтенант Александр Ольшанский баяғы лейтенант Арнольд Коцебумен кездеседі. Бұл кісі соғыстан кейін де әскери қызметін жалғастырып, подполковник шенінде отставкаға шыққан екен. Әңгіме барысында ол 1945 жылдың 25 сәуіріндегі өзінің барлау тобына бірінші болып жолыққан «салт атты» қызыл әскерді еске алады. Сонда кеңестік генерал оның қатардағы жауынгер Айтқали Әлібеков екенін айтады. Сөйтеді де бұл қарулас досының соғыстан соң Қазақстанда өмір сүріп, бертінде қайтыс болғанын баяндайды. Сөзінің аяғында американдық соғыс ардагеріне оның фотосуреті мен КСРО Қорғаныс министрлігі архивінен алған мәліметті береді. Арада үш жыл өтеді. Бұл Кеңес Одағында қайта құру атты қуатты үдерістің бел алып, жариялылыққа жол ашылған кез еді. Оның лебі КСРО мен АҚШ арасындағы ширек ғасырға созылған қырғи қабақ мұз тоңын жібіте бастаған-тын. Мұндайда әдебиет пен мәдениет өкілдері достық қолдарын бір-біріне бірінші болып созады ғой. Мәселен, Останкинодан тікелей эфир арқылы берілген «Мәскеу-Сиэтл» телекөпірімен екі ел адамдары бір-біріне көгілдір экраннан тіл қатыса бастаса, қос құрлықтың қоғам қайраткерлері де «Нью-Йорк таймс», «Вашингтон пост» газеттері мен «Огонек», «Известия» басылымдарына сұхбат беру арқылы түсіністікке ұмтылып жатады. Сондай күндердің бірінде «АПН» баспасы американдық «Capra Press» редакциясымен бірлесіп, «Эльбадағы кездесу» атты деректі кітап шығарады. АҚШ-та «Yanks Meet reds» («Янкилер қызылдарды қарсы алған күн») деген атпен белгілі бұл жинақтағы біз үшін өте құнды нәрсе оның 96-97-беттерінде қатардағы жауын­гер Айтқали Әлібеков пен сержант Александр Ольшанскийдің 1945 жылғы суреттерінің орын алуы да, 102-бетінде одақтастар армиясындағы бұрынғы 69-жаяу әскер дивизиясының ­капитаны, кейін әскери тарихшы болған Билл Фокстың өзіміз сөз етіп отырған қандасымыз туралы жазған зерттеуі дер едік. Осы жерде ескерте кетер жайт, егер естеріңізде болса, құрметті оқырман, мақаламыздың ­басында ағылшын тілінде шыққан сол кітаптағы кейіпкерімізге қа­тысты мақала үзіндісін әріптесіміз Сауытбек Абдрахмановтың ұлы Асқарға аудартуға жібер­генін айтқанбыз. Енді сол жақтан келген тәр­жімеге назар аударайық. Онда былай делінген: «...Кейінгі тексеру мен ізденіс жұмыстары кеңес әскерлерімен шын мәніндегі алғашқы байланысты орнатқан Арнольд Коцебудың патрульдік тобы екенін көрсетті. Шолғыншылар Кюреннен Штреле жаққа баратын жолдағы Леквиц фермасына бұрылады. Сонда ол жерде «орыс кавалерисімен» ұшырасып қалады. Бұл сағат 11-ден 30 минөт кеткен кез еді. Әлгі салт атты жауынгер 1943 жылы Ресейдің Тастыкөл ауданынан (Кемеров облысы – Ж.А.) әскерге шақырылған этникалық қазақ Айтқали Әлібеков болып шығады. Аз-кем әңгіме барысында ол патруль тобына қажет маршрутты шамалап айтады да, қарамағындағы тұтқын поляк жігітін жолбасшылыққа алуға кеңес береді. Ал содан біраз уақыт өткеннен кейін Қызыл армияның 175-гвардиялық полкында лейтенант Григорий Голобородькомен негізгі кездесу болады».

[caption id="attachment_57528" align="aligncenter" width="1000"]АҚШ-тағы «CapraPress» редакциясынан жарық көрген кітап пен оның 102-бетіндегі қазақ жауынгері А.Әлібеков туралы айтылған ағылшын тіліндегі мәтін. АҚШ-тағы «CapraPress» редакциясынан жарық көрген кітап пен оның 102-бетіндегі қазақ жауынгері А.Әлібеков туралы айтылған ағылшын тіліндегі мәтін.[/caption]

* * *

Мақаламыздың соңында мына сұрақтарға жауап бере кетейік. Ол: «1945 жылдан бергі газет-журналдар мен деректі фильмдерде, сондай-ақ әскери мемуарларда Эльбадағы кездесудің негізгі кейіпкерлері деп АҚШ Қарулы күштерінің офицері Уильям Робертсон мен кеңестік Қызыл армия лейтенанты Александр Сильвашконы айтады ғой. Бұл аз десеңіз, аға лейтенант Григорий Голобородько, капитан Василий Неда және майор Анфим Ларионов пен подполковник Александр Гордеев тағы бар. Ал лейтенант Арнольд Коцебу мен қатардағы жауынгер Айтқали Әлібеков ше? Еңбектері бола тұра олар неге аталмайды және қалай еленбей қалған?» деген сауал. ...Әңгімеміз түсінікті болу үшін одақтастар армиясындағы 273-жаяу әскер полкының командирі, полковник Чарльз Адамсты тағы да еске алудан бастайық. Иә, ол 1945 жылғы 25 сәуірдің сол бозала таңында Эльбаның арғы бетіне келіп тоқтайды да, бейтаныс жерді барлап қайту үшін төңірекке үш шолғыншы топты аттандырады. Бірінші отрядты бастаған лейтенант Арнольд Коцебудің алдымен қызыл әскер Айтқали Әлібековпен, содан екі сағат өткен соң аға лейтенант Григорий Голобородькомен қалай кездескенін біз жоғарыда айттық. Осыдан кейін Эльбаның батыс жағалауына қайта оралған ол полк командирі Чарльз Адамсқа ­рация арқылы есеп-хабар жібереді. Сөйтеді де өзі кеңестік 175-полк командирі, полковник Александр Гордеевпен жүздесуде естіген тағы бір кездесетін орын – Крейниц паромы жаққа бет алады. Осы жерде Арнольд Коцебуге өзі мүлде күтпеген екі кедергіге кездесіп, «қырсыққанда қымыран іридінің» кері келмесі бар ма? Біріншісі, жіберілген радиограмманың полк штабына уақытында жетпеуі. Екіншісі, лейтенанттың өздері тұрған координатты «8717» деп қате беруі. Есеп-хабарды екі сағаттан соң ғана барып алған полковник Чарльз Адамс бірден олармен байланыс орнатуға ұмтылады. Бірақ Арнольд Коцебу ­жауап бермейді. Не істерін білмеген полк командирі енді сол маңда жүрген екінші шолғыншы отряд жетекшісі ­майор Фидель ­Крэйгке қаруластарын іздеп табуға тапсырма береді. Бірақ радиограммадағы «8717» жер шаршысы жаңсақ болғандықтан, олар адасады. Ақыры бірі Крейниц маңайындағы паром көпірде өтетін кездесуге кешігіп қалып, екіншісі жоқ іздейміз деп жүріп, басқа кеңестік әскери бөлімше жауынгерлері арасында қонақта болып, өздерінің 273-полк ­штабына іңір қараңғылығында әзер оралады. Осы кезде ­оларды қарсы алған полковник Чарльз Адамс: «Өкінішке қарай кеш қалдыңдар. Тарихи сәт жандарыңнан байқатпай өтіп кетті» дейді күрсініп. Сөйтсе... ...Сол күні түске ­тарта Эльбаның төменгі ­жаға­лауын­дағы ­орманды ­шарлап жүрген үшінші шолғыншы топ, яғни лейтенант Уильям Робертсонның адамдары шағын кентке тап болады. Бұл Торгау қаласының шетіндегі көп елді мекеннің бірі еді. Баракқа ұқсас үйлер бос, қаңырап тұр. Көшелерде жан адам жоқ. «Жөн сұрайтын ешкімнің болмағаны ма?» деп ойлаған патруль басшысының көзіне кенет жартылай қираған биік шіркеу түседі. «Төңіректі барлап қарауға таптырмайтын жер екен!». Осылай деген ол екі солдатын жанына ертіп, ғибадатхананың ұшар басына шығады. Айналаға көз салса, шығыс жақтағы өзен айлағында біреулер қараңдайтын сияқты. Ал одан бергі орман ішінде бөтен елдің әскери формасын киген адамдар жүр. Қызыл армия... Кеңес жауынгерлері! Дүрбіден көзін ала берген ол шіркеу қоңырауы жібіне жармасады. Қаңғыр-күңгір еткен дыбыстан тоғай ішіне жан кіріп, айлақтағы адамдар бұларға жалт қарайды. Ал Уильям Робертсон болса: «Америка!», «Москва!» деген айғайға басады. Содан соң көп кешікпей қоңырау үні шыққан шіркеу алаңына Қызыл армия жауынгерлері де келіп жетеді. Олардың басшысы 58-дивизияға қарасты рота командирі, лейтенант Александр Сильвашко екен. Бұл сағат 13-тен 30 минөт кеткен кез еді. Кеңес әскерлерімен жүздесу уақытын осылай анықтап алған лейтенант Уильям ­Робертсон өзінің полк командирі Чарльз Адамсқа ­рация арқылы хабар жібереді. Және Торгау маңындағы аталмыш кентте көп аялдамай, түсіністікке толы шағын әңгімеден соң төрт кеңестік әскериді джипке отырғызып алып, 273-полк штабына тартады. Айта кетейік, олар: майор Анфим Ларионов, капитан Василий Неда, лейтенант Александр Сильвашко мен сержант Николай Андреев болатын. Штабқа келсе, кезекшілер рация арқылы жіберген хабарды өз уақытында алған екен. Қолында радиограмма, ал көз алдында кеңестік төрт әскери өкіл тұрғанда полковник Чарльз Адамс қалай сенбесін. Осы себепті: «Қызыл армия бөлімдерімен Эльба бойында алғаш кездесіп, байланыс орнатқан лейтенант Уильям Робертсонның патрульдік барлау тобы» деп басталған баянатқа қол қояды. Тақырыбымызды түйіндей келе оқырман­дар­ды тағы екі нәрседен хабардар ете кетпекпіз. Оның біріншісі, Эльба кейіпкерлері туралы газет-журналдарға 70 жыл бойы шығып келе жатқан суреттердің бәрі 1945 жылдың 26 сәуірі күні одақтастармен Торгаудағы ресми кездесуде түсірілгенін айту. Ал одан бір күн бұрынғы жоғарыда сөз еткен жүздесулерден еш белгі жоқ. Бәрі бір күннен кейін өтуге тиіс негізгі жиынның әсерлілігін арттыруға орайластырылған сияқты. Сөйтіп, офицерлер Уильям Робертсон мен Александр Сильвашко бұған дейін кездесіп қойғандарына қарамастан, Торгаудағы салтанатты шараға шақырылып алынып, сценарий бойынша фотоға қайтадан түсіріледі. Себебі түсінікті, әрине. Екінші айтайық дегеніміз, алыста қалған сол бір Эльба кездесуі кейіпкерлерінің кейінгі тағдыры туралы сөз. Лейтенант Арнольд ­Коцебу Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қызметін жалғастырып, АҚШ-тың Кореядағы және Вьетнамдағы әскери қимылдарына қатысады. 1967 жылы подполковник шенінде отставкаға шығып, 1985 жылы Торгаудағы Эльба кездесуінің 40 жылдығына құрметті қонақ­ ­болады. Содан кейін көп ұзамай, 1987 жылы өмірден озады. Лейтенант Уильям Робертсонға келсек, ол соғыс аяқталысымен ­медицина ­институтына оқуға түседі. Өз ортасында білікті нейрохирург атанып, 1999 жылы Лос-Анджелесте қайтыс болады. Қатардағы жауынгер Айтқали Әлібеков жөнінде жоғарыда жеткілікті айтылды ғой деп ойлаймыз. Десек те, естеріңізде ме, құрметті оқырман, осы мақаланың ортасында оның соғысқа Ресейден аттанғандығы туралы мәлімет бар емес пе? Енді аз-кем соған тоқталып өтейік. Иә, бұл кісінің туған жері өзіне қатысты негізгі құжаттарда: «Қазақ КСР-і, Ақтөбе облысы, Алға қаласы» деп көрсетілген. Ал АҚШ-тағы жарық көрген ағылшын тіліндегі кітапта: «1943 жылы Ресейдің Тастыкөл ауданынан(Кемеров облысы – ред.) әскерге шақырылып, майданға аттанған» деп жазылған. Осы мәселеге байланысты біз Айтқали Әлібековті жақсы білетін журналист Мирал Жармұханбетовпен сөйлескенімізде, әріптесіміз бұл жөнінен ештеңе білмейтіндігін айтты. Сөйтті де майдангердің туған қызы ­Зинамен хабарласуымызды өтінді. Ол кісі: «Аталмыш жайтқа байланысты мен де ештеңе айта алмаймын. Өйткені әкем көзі тірісінде әскерге қай жерден аттанғаны, соғыста қандай жерлерде болғаны туралы бізге ләм-мим демейтін. Білетінім – ол кісінің кішкентай күнінен бастап балалар үйінде тәрбиеленіп, ержеткендігі» деп бастады әңгімесін. «Иә» дейміз біз Зинаның сөзін тыңдап отырып. «Жоғарыдағыдай балалар мекемелері соғыс басталғанда мүмкін Ресейге көшірілді ме? Жоқ, әлде, ондағы тәрбиеленушілердің кәмелеттік жасқа жеткендері Сібірдегі слесарь, монтер, токарь дайындайтын Ф30-ға алынды ма? Жұмыс күші жетпей жатқан ол уақытта балалар үйіндегі ересек жеткіншектердің жаңадан ашылған кен орындарына жіберілуі де ғажап емес-ау. Айтқали Әлібеков, міне, ­Кемеров өңіріне солай барып, кейін әскерге жасы толғанда, сол жерден майданға жіберілген шығар, бәлкім. Айтпақшы, ол кісі 1944 жылы соғыста «Ерлігі үшін» медалін алған екен. Сондағы «Марапат қағазында»: «Мамандығы – жұмысшы. Майданға аттанған жері: Ресей, Тастыкөл ауданы» деген сөздер бар. Жә, енді аға лейтенант Григорий Голобо­родькоға тоқталайық. Жеңіс күнінен кейін әскерден босаған ол өзінің Полтава өңіріне аман-есен оралады. Сондағы ұжымшарлардың бірінде механизатор болып еңбек етіп жүріп, 1958 жылы өмірден озады. Ал лейтенант Александр Сильвашкоға келсек, соғыстан соң Белоруссиядағы Морочь деревнясына келіп тұрады. Кейін Клецк ауданының селолық мектептерінде директор қызметін атқарып, 2000 жылы бақилыққа аттанады. Капитан Василий Неда туралы айтар болсақ, Киевтегі құрылыс тресінде жұмыс істейді. 1985 жылы ардагер ретінде екінші дәрежедегі Отан соғысы орденімен марапатталады. Тірі немесе қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Майор ­Анфим Ларионов соғыстан кейін көп ұзамай өмірден өтсе, подполковник Александр Гордеев ­армия қатарында қалып, Шығыс Германиядағы шектеулі контингент құрамында қызмет етеді. Полковник шенінде отставкаға шығып, 2000 жылы бақилыққа аттанады. Сонымен, қадірменді оқырман, Екінші дүние жүзілік соғыстың тағы бір ақтаңдағы ашылып отыр: әлем тарихына енген ересен оқиға – Эльбадағы кездесуде одақтастардың алдынан шыққан бірінші адам қазақ солдаты екен. Бұл жайында баяғыда-ақ АҚШ-та жарық көрген кітапта дәлме-дәл жазылғанына көз жеткіздік. Мұның өзі ұлтымыз ұландарының кешегі ұлы шайқаста ұдайы алға ұмтылғанын тағы бір ­тамаша таныта түседі.

 

1051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы