• Тарих
  • 17 Маусым, 2020

ҚОСТАН БАТЫР

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ–ҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Біздің тарыйхымызды зерттеуде, насыйхаттауда қалыптасқан жүйе жоқ. Оқыулықтың өзі олқылыққа тола. Сондықтан ұлтымыз бен мемлекетіміздің мақтанышы болыуға ылайық батырлар белгілі бір рұу мен тайпаның ғана мақтанышы сыйақтанып келе жатыр. Өйткені тарыйхын сыйлайтын, ұлтының тарыйхый тұлғаларын сыйлайтын мемлекеттің бар екенін үнемі сезінбеу отансүйгіштік сезімді бірте-бірте бәсеңдетеді. Біріміз біліп, біріміз білмейтін Қостан батырдың ­тарыйхы біздің тарыйхый танымымыздың өз дәрежесінде емес екеніне анық көз жеткізеді. Тіпті біз еліміздің өміріндегі ең ұмытылмас кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңының 280, 290 жылдығын да, оның жеңіспен айақталған 250 және 260 жылдығын да, тым құрыса, бір мақаламен де атап өтпегеніміз қай абырой дейсіз? Сол зобалаңға ұлы бетбұрыс жасаған Аңырақай шайқасының да 290 жылдығы былтыр үн-түнсіз өте шықты. Сыйқымыз сондай. Қазақта бірақ батыр көп. Себебі екі жарым ғасыр бойы қалмақтармен соғысып, біресе жеңіп, біресе жеңіліп, бүкіл өмірі соғыспен өткен халықта батыр көп болмағанда, кім көп ­болады? Бір жылда бір батыры өліп, бір батыры аман қалып отырса, екі жүз елу жылда бес жүз батыры шықпас па? Сол көп пе, аз ба?

Батыр бабаларымыздың есімін де, ерлігін де есте сақтатып келе жатқан шежіреміздің кеңес өкіметі үнін өшірген соң, талай батырымыз бен бағланымыздың да аты ұмыт ­болып қалды емес пе? Ептеп те болса соларды бірте-бірте тірілте бастап едік, бір өңірдің адамдарын мұқатып, әлдекімнің: «Батырлары көп болса, «Ақтабан шұбырындыда» неге жеңілді?» дегенін оқып, жағамды ұстағам. Өйткені ол бәтшағар өз халқын өзі мұқатып отыр ғой. Ійә, ­батырымыз көп болса да, қалмақтардан көп жеңілгеміз. Себебі «батыр – бір оқтық», оқ тійсе, ол да өліп қала берген. Азды көп жеңген. Ауызбірлігі жоқты ауызбірлігі мықтылар жеңген. Алайда Шыңғыс хан күшпен әрі ақылмен біріктірген қазақ халқы әлі күнге дейін өз жерімізге ійе болып отырмыз. Шыңғыс хан заманынан бері ­тарыйхта аты жазылып келе жатса да, батырлары мен бағландары ауызға аз ілініп келе жатқан қазақ тайпасының бірі – Керей тайпасы. Оның басты себебі, меніңше, ол тайпаның негізінен үш мемлекетке шашылып кетіуінде. Негізі қазақ елінде қалғанмен, Абақ тармағының біразы Моңғолыйаға, Ашамайлы тармағының біразы ­Ресей жерінде бөлініп қалғандықтан, керейлер жайында кең тарыйх әлі айтыла қойған жоқ. Оның үстіне, Шыңғыс ханның ұрпағы Көшім бійлеген Сібір жақтағы керейлердің ­тарыйхы тұрмақ, қазақ ішіндегілерін айта ­бастап ек, атақты Толыбай ­сыншыны да, Қожаберген жырау мен Сегіз серіні де: «Бұлар қайдан шықты?» деп, танымаушылар мен жоққа шығарушылар жан-жақтан шошайа бастады. Әйтеуір, Көшебе керейден шыққан Біржан сал ғана жаладан аман. Тарыйхын түгендеп, төңірегіміз өсіп-өркендеп жатыр, өткеніне қарап, бүгінгісін бағдарлап алды. Ал біз айтыс пен тартысқа малтығып, біріміз айтқанды біріміз жоққа шығарып, өзара бақталастықтан аса алмай жатырмыз. Өзіміз біріге алмасақ, бөгделер келіп біріктіретіндей-ақ бейқамбыз, елдің қамынан гөрі өз қамымызды қатты ойлайтын секілдіміз. Ерте ме, кеш пе бұдан да арылармыз-ау, бірақ бос өткен уақыт бәрібір бекер кеткендігін бір білдірмей қоймайды-ау.Оның ауыртпалығын біз бе, ұрпағымыз ба, кім арқаларын кім біліпті? Бәріне кінәлі – білімсіздік. «Екі жүз елу жыл соғысқан халық қалайша қырылып бітпеген?» деген сұраққа да керей шежіресі нақты жауап береді: әр қазақтың үш-төрт қатыны, он бес шақты ұлы болыпты. Тіпті қыздарын қоспағанда, он жеті-он сегіз ұлы болғандар да біршама. Тарыйх шіркіннің кейде табаны­мыздың астында, бірде көне моланың ішінде, тағы бірде тау мен тастың, жер-сұудың атында қалғанына ойда-жоқта куә боп келеміз, бірақ бір бәтуаға келе алмаймыз. Сөйтіп жүріп, әлі талайдан айрыламыз-ау! Керейдің Ашамайлы ұрпағы қоластында болған Көшім ханның ­тарыйхы қазаққа да, орысқа да қәжетсіз тарыйхқа айналып бара жатқан сыйақты. Өз жерін, өз елін қорғаған оны «проклятый Кучум» дегізіп қойдық. «Жауыз Шыңғыс ханның» өзі де, ұрпағы да айақ асты болып қалды. Көшімнің Әлій, Есім, Әзім деген үш баласы болған. Кезінде Көшім қазақ хандығынан ешқандай көмек көрген жоқ, кейін оның балалары да қазақ хандығына ешқандай ілтійпат жасаған жоқ, қайта керісінше болды. Көшімнің Есім деген баласы Қарақал қонтайшысының ұлы Қотағосынмен (кейін Батыр Қонтайшы атанып, Жоңғар мемлекетін құрған – Б. Н.) Өрлік тайшының қызын алып, бажа болады. Қалмақтармен бірге қазаққа қарсы соғысып, үш жыл бойы жорықта жүргенде, қатыны бір қалмаққа тійіп кетеді. Әйтеуір, орысқа қарсылармен бірігемін деп жүріп, әбден әтіуері кетеді. Алайда ұнаса да, ұнамаса да, ол да қазақ тарыйхы. Керей тайпасының да көп жағдайы Көшім ханның күйреу ­та­рый­хымен тығыз байланысты. 2019 жыл­дың 28 ­маусымы күні Аққайың шыйпажайының жоғарғы жағындағы шағын ауылға саумал ішіуге бардым. Сонда 73 жастағы Күлзійра Қожақметқызы Қозыбаева деген кісімен таныстым. Жөн сұрастық, әңгімелестік. Бұрын Ресейде тұрған, қәзіргі күнде Қостанай жақта тұратын керей екен. Айтқанын ауызба-ауыз жазып алдым. – Бабамыз Қостан батыр ­деген кісінің бойы екі метір екен. Ірі, ыйықты, күшті болыпты. Бір күні құдаларына ­барыпты. Құуана қарсы алып, төрге отырғызыпты. Мал сойатын, сұусын әкелетін уақыт болса да, ешкім ондай ыңғай көрсетпепті. Бір кісі үйге кіреді де, отырған біреудің құлағына бірдеңені сыбыр етеді. Сонан соң әлгі кісі сыртқа шығып кетеді. Сөйте-сөйте біраз кісі тысқа шығады. Қостан батыр таңғалады да, өзі де сыртқа шығады. Жұрт жыйналған жерге келсе, бір атан түйе құдыққа құлап, шегенделген ­аузына кептеліп қалыпты. Алдыңғы екі айағы мен кеудесіне арқан байлап атпен тартып жатыр екен, бірақ әбден кептеліп қалған түйені қозғалта ­алмайды. Қостан батыр аттарды ­босатыпты да, білегін сыбанып алып, түйені айағынан тартқанда, құдықтың шегендеген ағашымен қоса түйені сұуырып алыпты. Әрі күші бар, әрі әдісі бар батыр болса керек. Қалмақтармен сан рет соғысып, сан рет жеңген Қостан батыр бір соғыста он жеті жерінен жараланыпты. Тобыл өзеніне Обаған сұуы құйатын арадан өткен соң, жағдайы қатты қыйындапты. Бір жан-жағы ашықтау жерге келгенде Қостан жігіттеріне: – Бұл да қазақтың жері ғой. Өлсем, осы араға көміңіздер! – дейді. Ұзамай көз жұмады. Жерлеп болған соң, жігіттері бейіттің басына батырдың өз найзасын шаншыйды. Найзаның ұшын ійіп, айға ұқсатады. Өзі ұзын батырдың найзасы да ұзын болса керек, найзаның ұшындағы ай сонадайдан көрінетін болыпты. Жұрт «Қостанның айы», «Қостан айы» деп жүріп, ол араны кейін Қостанай атандырып жібереді. Тобыл өзенінің бойында бұрын Қостан өткелі деген жері де болыпты. Жорыққа аттанғанда Қостан батырдың қолы сол арамен өтеді екен. Сарыарқаның солтүстігінде Теңіз атты көл бар. Жанынан Обаған өзені ағып өтеді. Көл – тіршілікке таптырмайтын жайлы жер. Балығы тайдай тұулаған, қамысы талдай бойлаған, қай жағынан да қолайлы жер. Кезінде Қостан батыр сол араны баса-көктеп барып қоныс еткен екен. Дұуалы ауыз бір кемпір Қостанды сонда қарғапты-мыс. Ұрпағы содан үш рет шашылып, үш рет қайта жыйналған екен деседі. Бұрынғылардың шежіресінен Күлзійраның есінде қалғаны – осы. Ерлігі мен қылығы қағазға түспей, қаншама қас батырларымыз ұмыт қалып жатқанын кім есептеп жатыр дейсің?! Біздің тарыйх – көбі ұмытылған, ұмытылмағаны бұрмаланған тарыйх. Оны түзеуге енді ешкімнің ғұмыры да, білімі де жетпейді-ау деп қорқам. Әйткенмен, естігенімізді, оқығанымызды ортаға сала бергеніміз дұрыс шығар. Өйткені «үмітсіз – ­шайтан» деген ғой бұрынғылар. Қостан батыр жайында Күлзійрадан естіген соң, керей шежіресін жетік білетін ешкімді кездестіре алмадым. Ақыры ақыл кіріп, Ұлттық кітәпхананың қызметкерлері Сәлима, Мәдинә деген қарындастарыма мұңымды шақтым. Олар келісе кетіп, керей шежіресін қолма-қол ­тауып берді. «Қазақ ру-тайпаларының ­тарихы. ­Керей. XV том, Алматы, 2014 жыл» ­деген кітәп қолыма тійді. «Алаш» ­тарыйхый зерттеулер орталығы (басшысы – Ғабжалилов Хайролла Мағауияұлы) жыйнақтап шығарған екен. Керейдің Ашамайлы тармағынан тарайтын Әлмәмбет деген бійдің он үш баласы болыпты. Сұусар деген бәйбішесінен Бостанбек, Қостанбек, Сембек атты үш баласы болған екен (сонда, 504-бет). Әлмәмбет бій Үш өзенінің Тобыл өзеніне құйар жерінде 1675 жылы тұуып, сол арада 94-ке келіп қайтыс болады. Оның Қостанбегі Күлзійра айтқан Қостан батыр ма, басқа ма деген күдік тұуды. Қостанбек дегенді қысқартып, қазақ Қостан дей салыуы да, демеуі де мүмкін ғой. Дәстем сал жырлаған «Аббас ­тарыйхы» атты дастанда оның 24 баласының бірі Айқыннан Бостан, Қостан, т.б. барлығы он үш бала тарайды. Бірақ онда Қостанның батырлығы жайында ештеңе айтылмаған. Мен іздеген Қостанның қай Қостан екені мұнымен шешіле қоймады. Керейдің айтыулы бір бұтағы Көшебе болса, ол кісі көшіп келе жатқанда тұуғандықтан, солай аталыпты. Сол Көшебенің ұрпағы Қостан батыр шежіреден ақыры табылды. Ол қәзіргі Меңдіғара ауданында дүнійеге келіпті. Шын аты Қостанбек, ел Қостан атап кеткен, Әлмембет бійдің баласы болып шықты. Ол жайында жазылған шежіре дерегі мынау: «Қостан Әлмембетұлы – қазақ-қалмақ соғысы қолбасыларының бірі. Орта жүзден шыққан әйгілі әскербасы батырларының бірі. Ол жоңғар басқыншыларымен, түрікпен жендеттері мен орыс-казак тонаушыларына қарсы бағытталған соғыстарға белсене араласқан. Қостан – Абылай сұлтанның сенімді батырларының бірі, XVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Еділ-Жайық өзендері ­бойын жаудан тазартпақ болған кіші жүз әскерлеріне көмекке барғанда ауыр жараланады. Байдәулет есімді ағасы мен нөкерлері оны найзаға салып, жорықтан кейін еліне аттаныпты. Арада бірнеше күн жол жүріп, олар Тобыл өзеніне жетеді. Осы күнгі Қостан сайының тұсында (Қостанайдың орталығын Корей поселкесінен бөліп жатқан сай, қәзіргі сыра зауытының тұсы) өзеннен сал жасап өткен кезде Қостан қатты әлсіреп, ағасы мен жолдастарына: «Мен бүгін-ертеңнен қалмаймын, ­жанымды қыйнамаңдар. Мені осы араға жерлеп кетіңдер» деп өсійет етеді. Қостан бір күннен кейін өмірден өтеді. Байдәулет батыр бастаған бір топ оны арыулап жұуып, жаназасын шығарып, Тобыл өзенінің шығыс жақ бетіндегі тоғайдың қойнауына жерлейді. Сонан кейін Көшебе сарбаздары үш күн бойы аза тұтады. Әрі ат тынықтырады. Еліне аттанғанда Байдәулет сардар көзіне жас алып: «Әй, Қостан-ай, жер қойнауында қалдың-ау!» депті. Қостанай атауы ­содан қалыпты деген сөз бар» (сонда, 500-бет). Қостан батырдың ұрпақтары бұл күнде негізінен Ресейдің Қорған обылысында тұрады екен. Күлзійра айтқан шежіре мен кітәптегі шежіренің бәлендей айырмашылығы жоқ: Қостанның елі мен жерін қорғап қаза тапқанын екеуі де дәлелдейді. Ал ол жерленген жердің кейін қалай аталыуына келсек, меніңше, Күлзійраның айтқаны ақыйқатқа ылайық. Себебі Қостанды жауынгерлері Тобылдан салға салып алып өтеді. Жаралы қолбасшыны басқаша алып өтіудің жолы да жоқ. Ал жауынгерлер өзеннен атпен жалдап өткен болар, өйткені аттарын да салмен өткізіпті деген дерек жоқ. Демек, Қостанды алып өткен жер елге белгілі өткел болған. Негізгі көлігі ат болған қазақ бір-бірінен өткелдің қай арада екенін сұрамай тұрмайтыны анық. Сондықтан Қостан жерленген ара – ел аузында жійі айтылатын жер. Екіншіден, Қостан бұрыннан өлік жерленген жерге емес, жаңа әрі жалғыз бейітке жерленген. Ондай бейіттің ­басына қазақтың бір белгі қоймауы тіптен мүмкін емес. Сондықтан Қостанның өз найзасын өз бейітінің басына шаншыуы және жәй шаншый салмай, ай тәрізді ійіп барып шаншыуы қазақ ғұрпына өте сай келеді. Үшіншіден, «Өткел қайда?» ­деген адамға, «Қостанның айы тұрған жерде» немесе «Қостан айының қасында» дей-дей келіп, кейініректе «Қостанайдың батыс жақ бетінде» деген сыйақты қысқа жауап қайырыуы да әдетке ­айналыуы мүмкін. Төртіншіден, Қостан сайы мен Қостан ауылының күні бүгінге дейін халық құрметіне ійе болып келе жатқанына қарағанда, ол бабамыздың ел үшін қан төккені ұрпақ есінде сақталатындай үлкен ерлігіне қатысты болса керек. Бесіншіден, Қостанайдың аты «Қос Тана» деген екі қыздың атынан қойылыпты, «Бәлен елдің бәлен сөзінен тұуындапты» дегендердің бәрі – ізденіудің сәтсіз әрекеттері. Мен өзім Қостанайдың аты Қостан батырдың атынан келіп шыққанына тійттей де күмәнданбаймын. Өйткені қазақ жерінде сол тектес сақталған ат өте көп. Жер аты – еліміздің бір ­тарыйхы. Қостан батырға қатысты ­тарыйх та қасійетті тарыйх. Оны, оның елі мен жерін қорғаған ерліктерін біз ескермегенмен, кезінде орыс шенеуніктері Қостанай атын өзгертіп, ол жерді ­Николаевка деп атаған. Дәл қай жылы екенін айта алмаймын. ­Алайда оның солай болғанын 1895 жылы 8 ақпанда патша ағзам қол қойған жарлығы дәлелдейді. «Торғай обылысындағы Николаевка қаласына бұл елді мекеннің бұрынғы Қостанай атауын ауыстырып беріу және Николаевка үйезінің атауын өзгертіу тұуралы император ағзамның жарлығы шығады» (И.И. Крафт «Далалық обылыстардағы қырғыздар тұуралы заңдар жыйнағы», Орынбор, 1898. «Қазақ тарыйхынан» жыйнағынан. Алматы, 2004. 453-бет). Ал енді, Николаевкіні қайтадан Қостанайға өзгертіуге не себеп болды дейсіз ғой? Жергілікті халық бәрібір Николаевкіні айтпай, ол жердің ежелгі аты Қостанайды атай берген, ешқандай күштеуге де, үйретіуге де көнбеген. Соны көрген патша өкіметі амалсыз Қостанай деп қайтадан атауға мәжбүр болған. Бұл да бізге үлгі болатын нәрсе. Өкімет халықты сыйлау арқылы ғана өкімет бола алады. Павлодарды Керекіу, Петро­павловскіні Қызылжар деп ресмій өзгерте алмағанымызбен, өзара, өзді-өзіміз ол қалалардың ескі атын аузымыздан тастамай айтып жүрсек, оны кім қой деп жатыр? Ел өзінің ұлт екенін, ешкімнен білімі де, мәденійеті де кем емес екенін үлкен істе де, күнделікті істе де көрсетіп, дәлелдеп жүріуі керек. Есесін ұсақ-түйектен жібере берген халық еті соған үйрене-үйрене келіп, үлкен істе де үн шығармас болады. Тарыйхты өшірмеудің, ұмыттыр­маудың сан түрлі айласы бар екенін біз ешқашан ұмытпауға тійіспіз. Өйткені біз екі ғасырдан астам уақыт өзге елге бодан болған елміз. Сондықтан ұмытылған, бұрмаланған ­тарыйхымызды қалпына келтіріу, оны қастерлеу, насихаттау – бәрімізге ­борыш.

Ескерту: Автордың жазу стилі сақталып отыр.

1803 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы