• Әдебиет
  • 25 Маусым, 2020

ТҰҒЫРЫ БИІК АЗАМАТ

Айдыны асқақ, айбыны биік Серікбай Иманбайұлы 75 жасқа толмақ. Ол кісіні алғаш көргенде-ақ жылы әсерде болдым. Әзілдесуге бейім тұратыны, меніңше, жақсы адамға тән қасиет. А.С.Пушкинше айтсақ: «Юмор бар жерде, өмір бар». Менің кейіпкерім – ғалым. Ойы да, бойы да, өзін ұстауы, сөз сөйлеуі де – бәрі ғалымша. Су шаруашылығының өзекті мәселелерімен, экология зардаптарымен ғылыми тұрғыдан айналысады. Жазған-сызғандарының бәрі ойлы, нақты, тұжырымды. Ол өзінің ғылым саласымен ғана емес, ұлттық, рухани мәселелермен түбегейлі шұғылданады. Азаматтық дауысын ұлттық мәселелерге келгенде зорайта шығаратыны – ірілік. Бәзбіреулер сияқты қарнының тойғанына, дүние-мүлік жиғанына мәз болып марқаятындардан-сорты басқа. Барға қанағатшыл, жоққа ретсіз ұмтылмайды.

Менің кейіпкерім кез келген мәселеде ірілік көрсете алады. Менің кейіпкерімнің әлемі әдемі. Өйткені оның мекені – салқын сабыр салтанат құрған сәнді сарай. Ол ұқыпты, сараң емес, бірақ дүниенің қадірін білетін ұстамды адам. Орынсыз төгіліп, шашылмайды. Ауызды аңқита ашып, тарқылдап күле бергеннен анда-сандағы әсем жымиыстың әсерлі болатыны сияқты, көбікауызданып көп сөйлей бермей, ойдың тоқетерін ғана айтып, тоқталып отыру азаматты ажарландыра түсетінін өмірден талай көріп жүрміз. Менің кейіпкерім де сондай, көп сөз көмір, аз сөз алтын екенін санасына әбден тоқып алған. Қабағында бұлты бар адамның әсем жымиған сәтінде жан-жағы жадыраған жазға айналып кетеді. Сөзді тыңдауға, ойды оқуға шебер ол, айтыс-тартысқа көп бара бермейді, әліптің артын күтеді. Жылпостығы жоқ, салқын сабырын өмір сүру әдісінің тұғырнамасы еткен. Күйіп-піспейді, асып-саспайды. Жанталаспайды. Бір қалыпты. Ер азаматқа жарасатын мінез сапалары менің кейіпкерімде, құдайға шүкір, жетерлік. Өмірлік ұстанымдары берік оның адалдықтың ақ жолынан, әділдіктің жолынан аттап баспайтыны қандай жарасымды. Өтірік, өсек айтуға жоқ, әділдікті, адалдықты қорғауға келгенде алмас қылыштай жарқылдайды. Әшейінде қарапайым қалпы атылатын оқтай тастүйін кейіпке түседі. Жалтақ емес, тура сөйлейді, дәл, нық айтады. Дегенмен, менің кейіпкерімді бет-жүзіне қарап отырып, суық, қатал адамдар қатарына жатқызуға болмайды. Керісінше, ол-жылы шырайлы, ары мен ұяты, иманы бетіне шығып тұратын мейірбан адам. Жанында жарық көп, жүрегіне мейір гүлдеген, түптеп келгенде, иі жұмсақ. Бұндай жандардың өтірік-өсектен, қулық-сұмдықтан іргесін аулақ салатыны, қиянатқа, қатыгездікке ешқашан бармайтыны жаратылыстың ерекшелігінен екені айтпаса да түсінікті. Бірге қызметтес болдық. Жоғарғы оқу орнының басшылығында бірге жүрген жылдары қоян-қолтық араластық. Жұмысқа жанын салатын ол әруақытта мәселенің әділ шешілуі үшін күреседі. Бұндай тұстарда принципшіл, келісе пішкен тон келте болмайды дегенді санасына сіңіріп алған, шешім қабылдар алдында міндетті түрде ақылдасып алады. Өзім ғана білем дейтін кеудемсоқтыққа жоқ. Жұмысқа келгенде адамдарды атқарған қызметіне, істеген ісіне қарап әділ бағалайды. Өзінен мансабы биіктерге орынсыз жалбақтай бермейді. Серікбай Иманбайұлы Қошқаров 1945 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. 1970-1978 жылдар аралығында Қазақтың күріш жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болды. 1978 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қызылорда филиа­лына кафедра меңгерушісі қызметіне ауысты. Осы институтта 1983-1996 жылдары факультет деканы қызметін атқарды. 1998-2003 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 2003-2009 жылдары – университеттің су шаруашылығы мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2009-2010 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, 2010-2012 жылдары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарса, ал 2012 жылдан бері – «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының профессоры. Серікбай Иманбайұлы 1997 жылы Мәскеу мемлекеттік таби­ғатты үйлестіру университетінде «Сыр­дарияның төменгі ағысындағы суармалы алқаптардың экологиялық-мелиоративтік жағдайын реттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 2000 жылы профессор атағын алды. 135 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 3 монография бар. Серікбай Иманбайұлы ел алдында атқарған абыройлы еңбегіне орай, мемлекеттік, ведомстволық марапаттарға да әр жылдары ие болды.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры

1384 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы