• Білім және ғылым
  • 25 Маусым, 2020

«ӘЛИЯ БІЗДІҢ МЕКТЕПТЕ ОҚЫДЫ...»

Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті өршіп тұрған кезі. Әлия тәрбиеленіп жатқан Ленинград қаласы жаудың қоршауында екінші қысын өткізді. Оларды құтқару мақсатында Ленинградтағы № 46 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Ярославль облысы, Некрасов ауданы Вятское селосына көшіріледі. Бұл жерде Әлия 1942 жылдың наурыз- мамыр айларында оқиды да, 7 классты бітіріп, бірге оқыған құрбыларымен бірге Рыбинск қаласына ұшқыштар даярлайтын техникумға оқуға кетеді.

Міне, осы аз уақытта Вятское жері соғыс балаларын оқытып, тәрбиелеген. Осы балалардың ішінде болашақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова да болатын... Балаларды қабылдап алған, бірге оқыған адамдар өкінішке қарай, қазір жоқ. Тек сол кездегі Вятское мектебінің мұғалімі Т.Суворованың ертеректе жазған естелігі сыр шертеді. «Біздің жаққа жау басып алған жерлерден балалар әкеліне бастады. 1942 жылдың көктемінде қоршаудағы Ленинградтағы балалар үйінің тәрбиеленушілері келетіні туралы хабар түсті. Бүкіл село оларды қарсы алуға даярланды. Олар да келді. Біз балалардың аш жалаңаш екенін сезгенбіз сол себепті қарсы алуға шыққанда жылы киім мен тамақ алып шықтық. Бірақ оларды өз көзімізбен көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Кей балалар өз бетімен жүре де алмайтын... Мен сабақ беретін класта қазақ қызы оқыды. Сымбатты қыз бала өте пысық болатын. Қара көздері шоқша жанып, ерекше көзге түсетін. Бұл Әлия Молдағұлова еді. Сабаққа өте ықыласты, жақсы оқитын. Класта ол Лидия Новикова деген қызбен бір партада отырды. Қыздар достасып кетті, Әлияның достары көп болатын. Балалар сәл дұрысталғаннан кейін, бос уақыттарында колхозшыларға көмектесіп, жауды жеңуге үлес қосты. Әлия барлық жұмыста алдыңғы қатарда жүретін. Жалпы Ленинград балаларының еңбек сүйгіштігі, белсенділігі, адалдығы бәрімізді сүйсіндіретін». Қанша уақыт өтседе Вятское халқы сонау қиын кезде өздерінен пана тапқан қазақтың қаршадай қызын ұмытпапты, керісінше Әлия есімін мақтан тұтып отыр. 1942 жылы батыр қыз оқыған мектеп қазір дәл сол күйінде сақталған. Осы селоның балалары өткен жылға дейін сол мектепте оқыған. Биылғы жылдан бастап басқа мектепке көшіпті. Әлия оқыған мектеп қасқая қарап әлі тұр. Мектепке 2018 жылы Әлияның суреті бейнеленген ескерткіш тақта орнатылған. Ол тақтада «Алия Молдагулова, славная дочь казахского народа, училась в Вятской школе с марта по май 1942 г. Героически погибла в боях за Родину» деген жазу бар. Ескерткіш тақта 2018 жылы салтанатты түрде ашылған. Ашылу салтанатына Ярославль облысы Некрасов ауданының басшысы А.Н.Коротаев бастаған әкімшілік қызметкерлері, жергілікті село тұрғындары, мектеп оқушылары, соғыс ардагерлері және Мәскеуде тұратын қазақтар қатысыпты. Ал, 2019 жылдан бастап Вятское орта мектебінде Әлия Молдағұлованы еске алу мақсатында Некрасов ауданына қарасты барлық мектеп оқушылары арасында пневматикалық винтовкамен көздеп атудан турнир өткізу дәстүрге айналған. 2019 жылы 1-ші ашық турнирі өткізілсе, 2-ші ашық турнир 2020 жылдың 28 ақпаны күні өткізілді және осы мектептің ішінен Әлия Молдағұловаға арналған музей ашылды. «Она училась в нашей школе» деп аталған бұл үлкен шараға шақырылған жерлестері атынан «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Абдижамиқызы және Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің мұғалімі Жамила Жақияқызы қатысты. Әлияның жерлестерін Вятское селосы қарасты Некрасов ауданының басшысы Алексей Николаевич Коротаев өзі бас болып қарсы алды. Мектептің салтанат залында іс-шараның ашылып, Әлияға арналған әдеби музыкалық композиция көрсетіліп, әндер шырқалды. Қойылымдар кезінде әр оқушының Әлияны жанындай жақсы көретіні, жаныңа жақын сезіледі, кеудеңде мақтаныш сезімі орнайды. Сол күні сонау Ресейдің бір бұрышында жатқан Вятское мектебінде тек ғана Әлия туралы әндер орындалып, Әлияға арналған жырлар оқылды. Жиналған халық мектеп ішіндегі Әлияға арналған музейдің ашылу салтанатына қатысты. Жерлестері атынан музейге қазақ қызының ұлттық киімі, батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылының топырағы және «Алия – Великая дочь казахского народа» тақырыбында жасалынған стенд тапсырдық. Төрден орын алған қазақ қызының киімі музей сәнін келтірді. Елден барған стенд те, туған жерінің топырағы да өз орындарын тауып орналасты. Негізі ұйымдастырушылар Әлия музейін ашпас бұрын көп ізденіпті. Жергілікті суретшілер салған Әлияның портреті ілінген, өмірбаяны жазылған. 1944 жылдың 14 қаңтары күнгі Әлия құрамында болған 54 атқыштар дивизиясының жауға қарсы шабуылының схемасы үлкейтіліп ілінген. Музей сөрелеріне қазақтың ұлттық тақиясы, кішкене домбыра, Қазақстан жалаушасы, Қазақстанның Талдықорған облысынан 1970 жылдары мектеп оқушылары жазған хаты және Ресейлік Дарья Александровна Тимошенконың «Последний бой Алии Молдагуловой» атты кітабы қойылған. Айта кету керек 2018 жылы Дарья Александровна Тимошенконың «Последний бой Алии Молдагуловой» атты кітабының тұсаукесері осы Әлия оқыған Вятское орта мектебінде де өткен болатын. Көптеген соғыс даласынан табылған заттар осы Әлияға арналған бөлімге қойылған. Музейдің екінші бөлімі мектеп өміріне арналса, үшінші бөлімі – этнография. ХIХ – ХХ ғасырлар кезіндегі село тарихына арналған. Музей өте жақсы жабдықталған. Әрине Әлияға арналған бөлімді қолдарынан келгенше толтыруға тырысқан. Өз тарапымыздан музей жәдігерлерін толықтыруға дайын екенін жеткіздік. Әлияға арналған шараның екінші бөлімі – турнирдің ашылу салтанаты мектептің спорт залында өтті. Турнирге қатысқан 13 команданың біреуі – Ярославль облысының Рыбинск қаласындағы авиация колледжінен келіпті. Бұл 1942 жылы Әлия Молдағұлова оқыған ұшқыштар даярлайтын техникум. Вятское мектебінің соғыс жылдарында Әлия оқыған Рыбинск қаласындағы ұшқыштар даярлаған оқу орынымен қазіргі таңда тығыз байланыста екен. Турнирде Ресей мен Қазақстанның тулары қатар қойылып, екі елдің Гимні қатар орындалды. Бұл да Ресей халқының қазақтың батыр қызына деген құрметі екені анық. Шараның бас қолбасшысына әр команда командирі әскери рапорт беріп, рапорт соңында өз Отанымызға Әлиядай қызмет жасаймыз деп уәде берді. «Әлия Молдағұлова Вятское мектебі түлектерінің ішіндегі жалғыз Кеңес Одағының Батыры. Батыр оқыған мектепте қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз, мектеп ұжымы, Әлия Молдағұлованың туған жері – Қазақстанмен байланыс жасауға дайынбыз» дейді Вятское орта мектебінің директоры Василий Григорьевич Петров. Әлия оқыған мектепке жақында қырғыз елінің мүсіншісі, Мәскеу қаласының тұрғыны Азамат Асамбаев арнайы барыпты. Жеңістің 75 жылдығына, Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына арнап осы мектепке Әлия мүсінін жасап беруге уәде берген екен. Тіпті алғашқы жұмыс басталып та кетіпті. Мектеп ұжымы Әлия мүсінін мектеп алдына орналастыруды жоспарлап отыр. Әлия Молдағұлова қазақ үшін қадірлі есім. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күнінде соғысқа қатысқан ардақты тұлғаларымызды еске түсіріп, олардың атын әлі күнге есте сақтап отырғандарды да қазақ оқырмандарына таныстырсақ деген ниетпен қолға қалам алған едік.

Бағдаш ТУПЕНОВА, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры

2912 рет

көрсетілді

309

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7061

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6134

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3873

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3265

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3219

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3194

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2922

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2910

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы