• Әдебиет
  • 25 Маусым, 2020

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ

МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК

Осынау ардақты тұлға жайлы сөз болса, көз алдыма сонау 1977 жылдың шіліңгір шілде айы оралады. Бұл кезде Алатаудың баурайындағы Алматы шаһары тіптен құлпырып кетеді. Украинадан әскери борышымды өтеп келген соң, әкем Отынбайдың ақ батасын алып, ұлы Жабай атамның аруағына сыйынып, әлгі қалаға жол тарттым. Ол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті бұрынғы астанадағы Бас поштаның маңында орналасқан ғимаратта еді. Күн ыстық. Үстімде әскери киім. Құжатымызды қабылдау комиссиясына тапсырған соң, жоғарыда аталған жерде ауызша және жазбаша шығармашылық байқаудан өттік. Әрине, болашақта журналист болсақ деген ізгі үмітте жүретін біз газет-журналды қалт жібермей, ондағы жаңалықтармен күнделікті танысып отыратын едік. Соның да әсері болды. Әйтеуір, сынақтан сүрінбедік. Шынымды айтсам, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» секілді бірқатар кітаптарын оқығаным болмаса, өзін бетпе-бет көрмеген едім. Онымен де осы талапкер кезімде таныстым. Ол уақытта елімізде журналистика факультеті жалғыз ғана болатын. Сондықтан оған түсіп, кәсіби маман атанғысы келетіндер де аз емес-ті. Шығармашылық байқаудан кейін алдын-ала бекітілген төрт емтиханды тапсыруға тиіс едік. Қобалжып-ақ тұрмыз. Қанша дегенмен, қолдаушы әрі қамқоршы көкеміз де жоқ. Сенеріміз әуелі Алла, сонан соң өзіміздің мектепте алған тиянақты біліміміз ғана еді. Міне, жоғарыда аталған шаһардың орталығындағы Никольск базары маңындағы химия факультетінің үлкен ғимаратында қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсыратын болдық. Жан-жағыма қарасам, ұл мен қыздарын қолынан жетектеп, оларға демеу болып жүрген ата-аналар жүр екен. Мен өзім ғана келген едім. Бір кезде сонау Дербісек ауылынан мектепті үздік аяқтаған қызын оқуға алып келген Қалмет ағаны көзім шалып қалды. Сол сәтте санамда: «Абырой болып, ауызша сынақтан ойдағыдай өтсем, әлгі көкем де қуанышты хабарды елдегі ағайындарға жеткізер еді» деген ой жылт ете қалды. Содан шынылы биік ғимараттың жоғары қабатына көтерілдім. Бір дәрісханаға мен секілді жігіттер мен қыздар кезекпен кіріп жатыр екен. Төрде емтихан қабылдаушы екі кісі отыр. Бірі көзілдірікті, жылы жүзді ер азамат болса, екіншісі – шашын ақ қырау шалған, түсі сұсты әйел. Кірушілердің соңына таман орналасқан мен қолымдағы билетке қарадым. Бірінші сауалым Бейімбет Майлиннің «Амангелді» пьесасы болса, екіншісі – етістіктің түрлері, үшіншісі – сөйлемдерді талдау. Қанша дегенмен, өзім көптен бері көксеп жүрген университетіме төрт жылдан кейін келіп отырған жоқпын ба? Оның екі жылында қарапайым құрылысшы болып, қара жұмыс істедім. Одан кейін Украинаның Черновцы және Ровно қалаларында әскери қызметте, яғни танк жүргіздім. Біраз жай ұмытылған. Соны еске түсіруге тура келді. Алдымдағы талапкерлер бірінен соң бірі шығып жатты. Бір кезде көзілдірікті емтихан қабылдаушы ағамыз «Әй, солдат! Маған жақында! Дайын болсаң, билеттегі сұрақтарыңа жауап бер!» деді. Әрине, іште толқыныс та бар. Дегенмен, ағамыздың жүзінің жылылығы соншалықты, тіпті оның алдына қалай жетіп барғанымды білмей де қалдым. Алматыға келгеннен кейін бір орыс кемпірдің жертөлесінде жатып, күндіз-түні дайындалғанның да пайдасы тиген болар, алғашқы сауалға мүдірмей жауап бердім. Түсі суық апамыздың билеттегі сұрағынан да қинала қойған жоқпын. Сөйлемдерді талдау жайы да ойдағыдай болған секілді. Сол шақта әлгі ер кісі: «Мына бозбала әскерден жақында келсе де әжептәуір әзірленген екен. Білімі де жаман емес! Оның үстіне, шығармадан бағаны өзім қойыппын. Егер сіз қарсы болмасаңыз, «төрт» қойсақ қайтеді?» деп қасындағы әйелге бұрыла қарады. Ол да мұның пікірімен толық келісіп, емтихан қағазына «4» деген баға қойды. Сірә, өмірімде дәл бұлай қуанбаған шығармын. Далаға қалай атып шыққанымды да білмей қалдым. Сырттағы тұрған ауылдас әрі колхозда бас есепші болып қызмет атқаратын көкем де менің жүзімдегі шаттықты аңғарған болуы керек. Сонадайдан қасыма келіп: «Отынбай көкемнің баласы! Жағдайың қалай?» деді. Мен де емтиханды сәтті тап­сырғанымды айттым. Ол арқам­нан қағып: «Сенің сынақтан сүрін­бейтіндігіңді білгенмін. Өйткені, мектепте де екпінділер қатарында болған жоқсың ба?» деп маңдайымнан мейірлене сүйді. Ол кісінің жүректен шыққан шынайы лебізі маған ерекше қанат бітіргендей болды. Сөйтіп, қалған емтихандардан да мүдірмей өтіп, бірінші курс студенті атандым. 101-топтың старостасы болып бекітілдім. Қоңыр күзде Алматы облысындағы «Горный гигант» кеңшарында алма тердік. Ұлы ұстазымыз әрі журналистика факультетінің деканы, ғылымда өзіндік биік орны бар айтулы тұлға Темірбек Қожакеев маған үлкен сенім артып, бригадир етіп тағайындады. Алматының дәмі аузыңнан кетпес апортын жинадық. Содан кейін жоғары оқу орнындағы сабақ басталып кетті. Оқытушылармен таныса бастадық. Бір күні баяғы өзімнен оқуға түсер кезде емтихан алған, дидары мейірімге толы ағамыз Әбілфайыз Ыдырысов дәрісханаға кіріп келді. Ол кісі бізге газетті безендіруден дәріс оқыды. Содан кейін бір реті келгенде оған алғысымды білдіріп, арамызда ұстаз бен шәкірт ретіндегі игі қарым-қатынас орнады.

ШӘКІРТТЕРІ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Өмірде адам айтса нанғысыз жағдай­лар бола береді екен. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факуль­тетін аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсер кездегі «Майдан» пьесасының авторы, ұлтымыздың классик-жазушысы Бейімбет Майлиннің ізі қалған облыстық «Қостанай таңы» газетінде еңбек жолымды бастадым. Оның үстіне, Биағаң – осы өңірдің тумасы. Сондай-ақ өзімнен емтихан алған ардақты ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов та Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты қасиетті Егінсай ауылында 1930 жылы 23 ақпанда дүниеге келіпті. Егер ол тірі болғанда үстіміздегі жылы 90 жасқа толар еді. Амал нешік, ол күнді көре алмады. Алайда артына өшпес мұра қалдырды. Ә.Ыдырысов «Қазақстан пионері» (бұл күндері «Ұлан») газеті редакциясында еңбек жолын бастап, онда талай әріптестеріне үлгі болды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде шыңдалды. Газеттің қара қазанында қайнап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы секілді қызметтерде өзін жан-жақты көрсетті. «Қазақстан пионері» басылымында бас редактор болған жылдары да талай жақсы дүниелерімен ел есінде қалды. Ғұмырының көп жылдарын әңгімеміздің басында арқау еткен Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атын­дағы Ұлттық университетте) ұстаздық етіп, ұлттық баспасөзімізді өркендетуге белсене атсалысқан рухы мықты, білікті кадрларды тәрбиеледі. Олардың арасынан министр де, Сенат және Мәжіліс депутаттары да, аса дарынды ақындар мен жазушылар да, бас редакторлар мен баспагерлер де шықты. Университетте жүргенде газетті безендіру, полиграфия ісі, мақалаларды өңдеу және редакциялау шеберлігіне байланысты бірқатар әдістемелік құралдар мен оқулықтар жазды. Тынымсыз еңбектің арқасында публицист-жазушы әрі педагогтың қаламынан қаншама ғылыми-зерттеу кітаптары, деректі эссе, хикаяттар туындады. Сонымен қатар, қалың оқырман оның «Әуезовке іңкәрлік», «Біртуарлар болмысы», «Айжанның ғашығы», «Берік», «Аңсаған менің әнімсің», «Ақсүйек», «Кер бұзаудың өлімі» повестері мен «Таңшолпан» романын да іздеп жүріп оқитын. Қазақ журналистикасы мен әдебиетіне сіңірген еңбегі де лайықты бағаланды. Соның жарқын айғағы ретінде кеудесіне бірнеше мемлекеттік орден мен медаль тақты. Университеттің қазіргі ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың тікелей бастамасымен Әбекеңнің 85 жылдығына байланысты «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен арнайы жинақ жарық көрді. Бұл кітаптың баспадан көрнекті әрі әсем болып шығуына оның алдынан дәріс алған, бүгінгі елімізге белгілі тұлғалар Бауыржан Жақып, Сағатбек Медеубекұлы секілді шәкірттерінің аянбай тер төккенін де әңгіменің орайы келгенде тілге тиек еткен жөн.

ҰРПАҚТАРЫМЕН БАҚЫТТЫ ЕДІ

Әбілфайыз Ыдырысұлы құдай қосқан қосағы, ақылына парасаты келіскен Заря апамызбен мағыналы ғұмыр кешті. Шіркін, олардың айтқан әсем әндері құлақтың құрышын қандырып, есте мәңгілік сақталып қалатын! Мысалы, біздің курстың бір мерейтойлық салтанатты жиынында ерлі-зайыптының өнеріне айрықша тәнті болған едік. Мәселен, Әбілфайыз аға Төлегеннің, ал сүйікті жары Заря апамыз Қыз-Жібектің ариясын шырқай жөнелгенде еріксіз ұйып тыңдайтынбыз. Бұл жайлы мен ғана емес, талай шәкірттері баспасөз беттерінде өздерінің сағынышқа толы естеліктерінде баяндады. Жарасымды әулеттің бәйтерегі Әбекеңнің соңғы демі біткенше қолынан қаламы түскен жоқ. Өлмес, өшпес көркем туындылар жазуына жары Заряның да тигізген ықпалы зор. Өйткені отағасын үнемі қолдап, қуаттап отырды. Жан дүниесін терең ұғынып, сырқаттанған кезінде жанынан табылды. Әбілфайыз Ыдырысов руханиятымызда өшпес ізін қалдырумен қатар, ұрпақ тәрбиесіне де айрықша назар аударды. Олардың тұңғыштары Құралай Қазақстан Ұлттық ғылыми академиясында жауапты қызмет атқарды. Ата-анасының көз қуанышы болған перзенті Ерлан әке-шешесінің аманатына сай білікті азамат болып қалыптасты. Кезінде еліміздің сыртқы істер министрі болды. Бұл күндері Қазақстанның Ұлыбритания, Исландия және Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі. «Елдестірмек елшіден» демекші, туған республикамыздың осы мемлекеттер арасындағы достығы мен ынтымағын нығайтуға үлес қосып жүргенін айтып өткеніміз орынды болар.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы