• Әдебиет
  • 09 Шілде, 2020

ПРЕЗИДЕНТТІК БАЙЛАМ мен ПЕРЗЕНТТІК ПАЙЫМ ҚАТАР ӨРІЛГЕН

Республикалық «Ана тілі» апталығын күтіп жүріп, әр бейсенбі сайын таң атар-атпаста газет сайтына кіріп, басты ақпараттарымен танысып, маңызды материалдарын ежелеп оқып шығатын әдетіміз бойынша, 2020 жылдың 25 маусым күні де газет сайтын ашып қалғанбыз. Салған жерден Мемлекет басшысы   Қасым-Жомарт Тоқаевтың газетке арнайы берген сұхбаты көзге түсті. Тақырыбы «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп аталады. Айдары да айғайлап тұрған сұхбаттың айтары да салмақты екен. Бірден, бір леппен, үлкен әсермен оқып шықтық. Әңгімені сабақтап отырған дарынды ақын, жүйрік журналист, аталмыш газеттің бас редакторы – Жанарбек Әшімжан. Сұхбат алушы туралы ашалап айтып отырған себебіміз, Мемлекет басшысынан сұхбат алу бар да, әңгімені өз деңгейінде өрбіте білу бар. Біз сөз еткелі отырған мына сұхбатта бас редактор «Президентпен әңгімелесіп отырмын» деп, ретті-ретсіз майпаздап, мәймөңкелей жөнелмей, дәл қазіргі кезеңдегі халықтың көкейінде жүрген бірөңкей өзекті мәселелер мен кілең бір көкейкесті проблемаларды батылдықпен әрі өте мәдениетті түрде көтере білгеніне сүйіндік. Себебі «сақалына қарай іскегі» дегендей, кімнен болса да сұрауыңа қарай жауап алатының ақиқат. Демек, журналист Мемлекет басшысына қойған салмақты сұрақтарына саналарға сәуле шашарлықтай салиқалы жауап ала алған. Енді Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың осы жолғы сұхбатында айтылған мәселелер туралы өз әсерімізді рет-ретімен оқырманмен бөлісе отырайық.

Мемлекет басшысына қойылған әуелгі сұрақ, соңғы жарты жыл ауқымында әлемді әлекке салып отырған, соның ішінде біздің еліміздің қалыпты тірлігіне де кесірін тигізіп, мыңдаған жерлесімізге жұғып, жүз шақты отандасымызды арамыздан алып кеткен тәжтажалға байланысты. Оның өзінде, сұхбаттасушы батылдықпен «ел арасында үкімет індеттің таралуын бақылаудан шығарып алды, сондықтан ауруханаларда орын жетіспейді» деген секілді әңгімелердің де аз емес екенін Мемлекет басшысының қаперіне сала кетуді ұмытпаған. Ел Президенті бұл сұраққа өте тұщымды да нанымды, боямасыз жауап беріпті. Өйткені тәжтажал маңайдағы елдерге тарала бастаған күннен-ақ біздің елімізде тиісті сақтық шаралары қолға алынып, еліміздің біраз қалалары мен аймақтарында карантин жарияланды. Өте қысқа мерзімде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана салынды. Барлық өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталды. Науқастарды емдеуге білікті дәрігерлер жеткілікті түрде жұмылдырылды. Дәрігерлерге материалдық қолдау көрсетуге, қажетті дәрі-дәрмек пен медқұралдар сатып алуға мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінді. Ел тұрғындарына БАҚ бетінде күндіз-түні сақтық шараларын сақтау туралы үгіт-насихат жүргізілді. Соның бәрін көріп-біліп отырып, оған көзжұмбайлық жасау қиянат болар еді. Керісінше, біз өзіміз, жалпы ел тұрғындары мемлекет талап еткен сақтық шараларын қаншалықты орындай алдық? Мәселе ушыққан кезде кінәні билікке, қателікті мемлекетке жаба салу оңай, әрине. Алайда, ақиқатқа тура қарап, ащы шындықты айтар болсақ, карантин жарияланып жатқан тұста жүздеп-мыңдап шетелге туристік сапармен қыдырып кеткен кім? Той-жиын болмасын дегенге қарамай, ұрланып той жасап, жасырынып ас берген кім? «Үйден шығуға болмайды» дегенге құлақ аспай, топырлап көшеде жүрген кім? Ең сорақысы, күні кешеге дейін «ешқандай вирус жоқ, бәрі өтірік, биліктің ойыны» деп әлеуметтік желілер арқылы жұртқа кері үгіт жүргізген кім?! Демек, мамыр айының соңында беті қайтыңқырап қалған індет қазір қайта өрши түскен болса, оған билік те, мемлекет те емес, өзіміз кінәліміз. Яғни үкіметтің талап еткен тәртібін мұқият орындамадық, сақтық шараларын қатаң сақтай алмадық. Қысқасы, заң-тәртіпке бағынып, өкіметпен сәйкесе тірлік қылуға мәдениетіміз жетпеді. Оны мойындауымыз керек.

Ал негізінде, түптеп келгенде бұл арада кінәліні анықтап отыру басты мақсат емес, бәрінен де маңыздысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқ­тырып алғанында емес. Сол азамат­тары­мыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын» деген уәжіне ел болып, жұрт болып толықтай құлақ аса білудің әлі болса өзектілігін сезіне білу бәрінен маңызды деп ойлаймын.

Сұхбатта көтерілген келесі бір мәселе, бұл мемлекеттік тілдің жағдайы туралы. Бұл өзі «Ана тілі» газеті үшін ғана емес, тұтас еліміздің тағдыры мен болашағына қатысты өте көкейкесті сұрақ екені жалпыға аян. Сондай-ақ тәуелсіздік алған 30 жылдан бері, тіпті одан бұрынғы замандардан бермен қарай күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Жалпы қазақ еліндегі мемлекеттік тіл қашан өз тұғырына қонып, шын мәніндегі мемле­кеттік және ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналғанға дейін, оны ешқашан «тозған тақырып», «ескірген мәселе» деп сипаттап, немкеттілік танытуға болмайды. Сондай-ақ оны әлдекімдердің «саяси ұпай жинау» үшін алаулатып-жалаулатып, саяси науқан ошағына айналдырып жіберуіне де жол бермеу керек. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаевтың сөз болып отырған сұхбатында айтқан «шын­дығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мем­лекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ой­лаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық» деген тұжырымының маңызы өте зор.

 

Журналистің «Мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп есептейсіз?» деген нақты сұрағына Мемлекет басшысы да нақты ­жауап беріпті. Бұл ретте Қ.Тоқаевтың айтқан төрт түрлі ұсынысын, егер билік бұтақтары болып, ел-жұрт болып жүзеге асыра алсақ, нағыз қазақ тілінің көсегесін көгертерлік шешуші соқпақтар деуге болады. Оның біріншісі «қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн» деген ұсыныс. Бұл бәрінен де маңызды. «Дүние» атты алып моторды дүрілдететін, «жаһан» атты алып құбылысты жаңғыртатын осы «қажеттілік». «Ораза-намаз тоқтықта» екенін тарих сан мәрте дәлелдеп келеді. Бүгінгі күні өзге тілдің диірменіне су құйып жүрген өзіміздің қаракөз бауырларымыздың да бір замандарда сондай қажеттіліктің құрбаны болғаны кімге құпия?! Сондықтан мемлекеттік тілдің жанашырлары жиналып алып «қазақ тілі – мемлекеттік тіл! Оны білуге міндеттісің» деп күні-түні ұрандағаннан гөрі, мемлекет өзінің мемлекеттік тіліне қажеттілік туғызу механизмін жетілдірсе, былайғы жұрт өзі-ақ қаржысын шашып қазақ тілінің курстарына барып, бірер жылда сайрап шығатын болады. Ал сол қажеттілікті қалай туғызуға болады? Бұл сұрақтың да жауабын Қ.Тоқаев өз сұхбатында ашалап айтып беріпті. «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс» дейді Мемлекет басшысы. Айтылған сөз орындалса ғана құнды. Мемлекет басшысының осы ұсынысын біздің билік бұтақтары іліп әкетсе, қане! Негізі ел азаматтары мемлекеттік қызметке тұрарда, өзге тілде мектеп бітіруші түлектер ЖОО түсерде мемлекеттік тіл олардың алдынан шығатын негізгі өткелек болу керек. Оны әдепкіде кедергі-кеден емес, жеңілдік, ынталандыру ретінде жүзеге асырған дұрыс. Мәселен, қазақтілді мектеп түлектері негізгі төрт пәннен 100 балл жинау керек болса, өзге тілде мектеп бітірушілер қазақ тілін қоса алғанда бес пәннен 100 балл жинау керек. Осылай болғанда қазақ тілінен лайықты балл жинау үшін болса да, мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныс та, мектептердегі оқыту сапасы да көтерілетін болады. Мемлекет басшысы ұсынған екінші бір тетік, «қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету» мәселесі. Бұл да дүниежүзіндегі бірқатар көпұлтты елдердің саясатында бұрыннан бар, қалыптасқан, өнімді тәсілдің бірі. Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз болып отырған сұхбатында «қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдаудың» нақты тетіктерін де ұсынған екен, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік пен ҚХА бұл тарапта кешенді жұмыс жүргізе білсе нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет басшысы айтқан үшінші ұсыныс та әсіресе қазақтілді ағайындардың әрдайым қаперінде жүруге тиісті маңызды мәселе деп білеміз. Мемлекеттік тілді үйренгісі келетін, сөйлеуге талаптанып жүрген азаматтардың талабына су сеппей, моралдық тұрғыда қолдап отыру, жылы сөз айтып, шабыттандырып отыру – олардың талабына желкен бітіреді. Мемлекет басшысы ұсынған төртінші тетік – «телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру» туралы. Мемлекеттік тілдің бәсін түгендеуде бұл да айырықша маңызға ие, ұрымтал соқпақтардың бірі екені даусыз. Өйткені бүгінгі күннің ақпарат дәуірі, ақпараттық технологиялар заманы екенін ескерсек, электронды ақпарат құралдарын ұтымды пайдаланудың маңызы мен көкейкестілігі өз-өзінен айқындала түспек. Алайда біздің еліміздегі қазақ тіліндегі радио-телевизиялық хабарлардың сапасының сын көтермейтіндігіне Мемлекет басшысының өзі «біздің ақпарат өнімдеріміз Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп орынды назар аударыпты. Қазір Құдайға шүкір, таза мемлекеттік тілде хабар тарататын телеканалдарымыз бен радиоларымыз аз емес. Мәселе, онда берілетін хабарлардың сапасы туралы жұрт айтудайын айтып, жазудайын жазып жатыр. Бірақ нәтиже, оң өзгеріс аз. Жасыратын не бар, телеканалдарымыздағы авторлық бағдарламаның дені қайдағы бір әншісымақтардың ыржалаңдаған ойсыз ойын-күлкісі мен солардың не киетіні, не ішіп-жейтіні секілді мән-мағынасыз тақырыптарды «қаузауға» арналады. Ал радионы қашан ашып қалсаң, «жайдарман», «ақ тілек», т.с.с. кілең бір күні бойы бітіп бермейтін «құттықтаулар». Осыдан кейін қазақтілді аудитория еріксіз өзге елдің немесе өзге тілдегі теле-радиоларына бұрылып жүре береді. Сонда өзіміздің теле-радио хабарларымыздан қазақтілді аудиторияның өзі теріс айналған жерде, қазақ тілінің қадір-қасиеті туралы не айтуға болады?! Әлде біздің қазақ қоғамында «әншіден» басқа әңгіме, «жұлдыздан» басқа жұмыс қалмаған ба? Теле-радио саласының басшылары мен журналистері неге бір уақ басымызды сілкіп, мынау ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан адамдардың талғамы мен талабы туралы ойланбаймыз?! Не айтамыз дейтін емес, өміріміздің күллі саласы өзекті тақырыпқа тұнып тұрған жоқ па?! Ғылым-білім, мәдениет, ұлттық спорт, өндіріс, денсаулық сақтау, егін-мал шаруашылығы, ішкі және сыртқы саясат, қолөнер, өнеркәсіп, экономика, шағын және орта кәсіпкерлік, сыртқы сауда, туризм, дін істері, халықаралық қатынастар, әлем елдерінің тыныс-тіршілігі, балалар, аналар, зейнеткерлер, мүгедектер мәселелері... Құдай-ау толып жатыр ғой, қайсыбірін санап тауысайық?! Міне, осы салалардың өзекті проблемалары мен көрнекті тұлғалары туралы неге сөз болмайды?! Мәселен, Қазақ радиосы сағаттап «ақ тілекке», «жайдарманға» уақыт жоғалтқаннан гөрі, аймақтанушы, саясаткер мамандарды шақырып сағаттап халықаралық шолулар бергені әлдеқайда өнімді болар еді.

Мемлекет басшысының «қазақ тілінің мәр­тебесін арттыру жолында кине­матографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографис­тер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді» деген уәжі туралы да біздің отандық киногерлер ойлануға тиіс. Егер керемет кинофильмдер түсіріп, оны қазақ тілінде сөйлетіп қояр болсақ, мемлекеттік тілдің тұғырын биіктету жұмысына бүкіл ел көлеміндегі кинопарктерімізді де жеге алған болар едік.

Қысқасы, мемлекеттік тіл туралы Қ.К.Тоқаев­тың «оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды» деген байламы біздің басты ұстанымымыз болуға тиіс.

 Сөз болып отырған сұхбаттағы келесі бір өзекті тақырып – еңбексүйгіштік пен еңбек адамына деген құрмет мәселесі. Адамды адам еткен еңбек. Дүниенің қозғаушы тетігі мен оны жаңартып, жаңғыртатын құдірет те еңбек. Осы тұрғыдан алғанда, әлемдегі қайсыбір дамыған елді алайық, ондағы даму мен игіліктің қайнар көзі еңбексүйгіштік пен еңбек адамына деген құрметте жатқанына көз жеткізу қиын емес. Бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды. Еңбек бағаланбаған жерде адал еңбекке деген ықылас, құлшыныс кемиді. Бұл туралы Мемлекет басшысының «еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса жеткілікті екенін түсінуге тиіс... Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек деп санаймын» деген ойларының маңызы өте зор.

 Мемлекеттің қуаты халқының саны мен сапасында. Ал көп ұлтты елдің қуаты – мемлекетті құраушы халықтың бірлігі мен тірлігінде. «Халықтың саны» деген мәселе түсінікті. Ал «халықтың сапасы» деген не? Әлемдік тәжірибе бойынша ол көбінде ел тұрғындарының мәдени өресінен, пайым-парасаты мен жасампаздық қуатынан, еңбекке деген көзқарасынан көрініс табады. Олай болса біздің жұрттың сапасы қай деңгейде?! Ұлт ретінде адамзат өркениетіне опырып олжа салмасақ та, өзіміздегі барды қаншалық ұқсата алып жүрміз? Кеңестік кезеңді айтпағанда, тәуелсіздіктің отыз жылында осы мәселе туралы ойландық па?! Әй, қайдам! Отыз жылдан бергі бар өнеріміз той жарыс, нәзір бәйге болып кеткен жоқ па?! ХХІ ғасырда мына ғаламшарда тойдың дастарқанымен, қонақтың санымен, шашылған ақшаның көлемімен мақтанатын бізден өзге дарақы жұрт қалды ма екен?! Ең сорақысы, осынау «бәйгелерге» банктерге белшеден қарызға батып тұрып қатысатынымызды қайтерсің! Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз болып отырған сұхбатында: «Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деп ашық та ащы ескерту жасамағанда әлі қанша уақыт далақтарымызды бір құдай білсін!

Осы сұхбатта Мемлекет басшысына Жанарбек Әшімжанның қойған тағы бір әрі ұрымтал, әрі көкейкесті сұрағы «зиялы қауым қазір өз рөлін дұрыс атқарып отыр деп есептейсіз бе? Бүгінгі таңда олардың қоғамдағы міндетін қалай елеп, екшейміз?» дегенге саяды. Яғни зиялы қауымның қоғам дамуындағы жетекшілік және ұйытқылық рөлі туралы.

Бұл мәселе туралы Қ.Тоқаев өз пікірін: «біздің белгілі ақын-жа­зу­шы­ларымыз соңғы кездегі оқиға­ларға белсендірек араласып, жастарға өмірлік тәжірибесін үйретіп, темір­қазық секілді жол көрсете алады деп ойлаймын.

Қазір бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатыр. Әлемдік экономика көз алдымызда құлдырап, жұрттың өмір сүру салты өзгерді және осы үрдістер күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге айналды. Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет» деп сабақтаған екен. Біздің зиялы қауым өкілдері Президент меңзеген осы талаптың биігінен табылып жатса, қане?!

Сонымен бірге осы тараптағы әңгімесін Мемлекет басшысы әрі қарай сабақтай келіп, зиялы қауымға: «жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс» деген нақты өтініші мен ұсыныстарын ортаға салыпты.

Жауырды жаба тоқып қайтеміз, тәуелсіздігімізді жариялап, капиталистік жүйеге көшкелі бері, тұтас қазақ қоғамының байлық пен мансапқа ғана аңсары ауып, ар-намыс, обал-сауап, ұят-мият секілді адами құндылықтарды қодыратып алғанымызды кімнен жасырғандаймыз?! Аманымыз ақшаға, саламымыз саудаға айналып кеткелі қай заман?! Қайырым мен мейірім деген ұғымдарды да ұрпақтарымыз ертегіден оқитын жағдайға жеттік. Біреудің қайғысына ортақ болу мен қуанышына қол соғу сезімі де барған сайын сұйылып барады. Міне, осынау ұлттың тағдыры мен болашағына керекті тұғырлы міндеттерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді Мемлекет басшысы ұлт зиялыларының мойнына жүктеп отыр. Осыған қаншалықты дайынбыз, Алаш зиялысы?!

 Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің осы жолғы сұхбатын: «Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қал­мауы­мыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекеттігімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шы­ғармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, «мысықтілеу» саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де бізден алыс­тап кеткен жоқ, маңайымыздан ұзамай, әр қадамымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр…» деген жанайқай іспетті байламымен аяқтапты. Мемлекет басшысының Президенттік байлам мен перзенттік пайым қатар өрілген осынау ұлағатты сөзін тәпсірлеп жатқаннан гөрі, әрбір қазақ баласы осы сөзді қиып алып бойтұмардай бойында да, жадында да сақтаса деген тілек айтқымыз келеді.

 Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

филология ғылымының

докторы, профессор

1164 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы