• Әдебиет
  • 16 Шілде, 2020

КӨМЕКОВТІҢ ШОҚАНЫ

ХХ  ғасырдың 60-70 жылдары Кеңес Одағының ғылыми ордасы болған Ленинградтың шығыс­танушы ғалымдарын бас идірген екі қазақ жігіті болды. Олар – Т.И. Сұлтанов пен Б.Е.Көмеков.... Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов – Ленинград шығыстанушылары дайындаған ғалым. Ол сонда университет бітіріп, КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының Ленинград бөлімшесінде қызметке қалған, аспирант болған... Ал, Б.Көмеков Ташкент мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетіндегі Араб тілі және әдебиеті бөлімін бітірген соң Египеттегі Асуан ГЭС-інде аудармашы болып 3 жыл істеген. Одан кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына қызметке келіп, кейінірек Ленинградқа аспирантураға жіберілген... Сол аспирантурада жүріп «История кимаков по арабским источникам» атты тақырыптағы Б.Көмековтың кандидаттық диссертациясын әлемге әйгілі Ленинград шығыстанушылары бір ауыздан докторлыққа бағалаған...

Б.Көмеков туралы жазу, яғни оның ғылыми ерліктерін толық көрсету оңай емес. Халық өз батырларын біле бермейтіні тарихи шындық. Жалпы халық білмесе де тарих ғылымының айналасында жүргендер Болат Ешмұхамбетұлының ғылыми ерліктерін біледі, алайда оның Шоқантануға сіңірген қыруар еңбегін білетіндер жоқтың қасы... Шоқантану – көп салалы ғылым. Ұлы ғалым Ш.Ш.Уәлихановтың артында қалған мұрасы ірі ғылыми зерттеулерден, публицистикалық шығармалардан, рецензиялардан, күнделіктерден, халық аңыздарынан, шежірелерден, жырлардан, көркем аудармалардан және көптеген бейнелеу өнерінің тамаша нұсқаларынан тұрады. Жалпы айтқанда Шоқантану – географияны, шығыстануды, тарихты, әдебиетті, этнографияны, археологияны, нумизматиканы және өнертану ғылымдарын қамтиды. Оның барлық жұмысы ғылыми жағынан өте құнды. Күнделіктеріне байыптап зер салсақ, терең жазылуымен қызықты, көркемдігімен бағалы. Шоқанның күнделіктері халық өмірін терең зерттеудің жемісі. Осынау құнды көркем шығармалардың стилі мен жазылу мәнері көркемдік жағынан Пушкин мен Лермонтовтың Кавказ очерктерін еріксіз еске түсіреді, яғни сол ұлы ақындардың проза жанрына өте жақын, оқушыны баурап алатын жатық және көркем тілмен жазылған. Биыл Ш.Ш.Уәлихановтың туғанына 185 жыл, қайтыс болғанына 155 жыл толады. Демек Шоқанның артында қалған ғылыми мұрасы игерілу тарихының басталғанына да 155 жыл толғалы отыр. 1865 жылы қазақ ғалымы қайтыс болған соң, оның еңбектерін игеріп жарыққа шығарудың жаңа кезеңі басталған еді. Қазақ ғалымының ғылымдағы орнын жоғары бағалайтын оның достары осы бір игілікті іске жұмыла кіріскен еді. Сол осы күнге дейін жалғасып келеді. Ш.Ш.Уәлихановтың толық жинағын алғаш рет жарыққа шығаруды Орыс географиялық қоғамы К.К.Гутковскийдің басшылығымен қолға алып қызу кіріскен еді. Алайда 1867 жылы Карл Казимировичтің кенеттен қайтыс болуына байланысты РГО-ның аса игілікті ісі тоқтап қалды. Бұған Ресей интеллигенциясы, әсіресе Шоқан мен Гутковскийді білетіндер қатты қайғырды. Мысалы Гутковский, Шоқандармен тығыз байланыста болған Лондондағы А.И.Герцен «Колокол» журналының 1867 жылы 1 тамыздағы санында: «...самый дельный и самый знающий Гутковский умер в настоящем году» деп жазды. Қазақ ғалымының көптеген зерттеулері Еуропа елдері мен Ресейде талай мақалалары жарық көрді. Аса құнды зерттеулері қолжазба күйінде министрлер мен губернаторлардың (Сібір, Қазақстан мен Орта Азия) стол үстіндегі кітабына айналды. Кеңес өкіметі заманына дейінгі жарық көрген көлемді кітаптарының ішінде ерекше атап өтетініміз, Лондон (1865) мен Санкт Петербургтегі (1904) бір том болып шыққан кітаптары. Сол К.К.Гутковскийден кейін Ш.Ш.Уәлихановтың толық жинағын бастырып жарыққа шығаруды ХХ ғасырда Қазақ ССР Ғылым академиясы президенті Қ.И.Сәтпаев қолға алып қызу кіріскен еді, әттең осы бір үлкен науқан 1952 жылы тоқтап қалды. Қаныш Имантайұлы 1955 жылы Ш.Ш.Уәлихановтың толық жинағын жарыққа шығару науқанын жаңадан бастады. Шоқантаушылар тобын құрып, ұлы ғалымның еңбектерін зерттеп баспаға дайындауға қызу кірісті. Алайда ештеңе өндіре алмаған соң Шоқантанушылар тобын таратып жіберіп жаңадан құрады. Одан нәтиже шықпаған соң тағы таратып жіберіп қайтадан құрады. Осылай ардагер Қаныш Имантайұлы Шоқан еңбектерін жарыққа толық шығару үшін алты рет топ құрыпты. Ақыры Шоқантанушылар тобын басқаруды Ә.Х.Марғұланға тапсырады. Әлкей Марғұлан Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушы болғанмен негізгі Петербург университетінен алған мамандығы филолог, яғни жан жақты ғалым. Демек Шоқантанушылар тобын басқаруға бірден бір лайықты маман... Ол өзінің әртүрлі археологиялық экспедицияларын тоқтатып Шоқан еңбектертерін жарыққа шығаруға қызу кіріседі. Нәтижесінде 1958 жылы Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық таңдамалысы (орыс тілінде), 1961 жылы 5 томдық жинақтың 1-ші томы жарыққа шықты. Ә.Х.Марғұлан басқарған шоқантанушылар тобында Шоқан еңбектерін шығаруға қатысқан ғалымдар: А.Б.Никольская, М.С.Тұрсынова, П.Г.Галузо, Л.М.Әуезова, Г.Н.Уәлиханов және тарих ғылымдарының кандидаттары Т.Ж.Шойынбаев, Ф.Маликов. Шоқанның аса құнды еңбегі Сот реформасы туралы жазбаларына пікір жазуға профессор С.Я.Булатов, латын тіліндегі ботаникалық терминдерді дайындауға академик Н.В.Павлов, зоологиялық терминдерді дайындауға биология ғылымдарының кандидаты А.А.Слудский қатысты. Бұл кітап қазақ ғалымының алғашқы академиялық басылымы еді. 1961 жылы Ш.Ш.Уәлихановтың 5 томдық жинағының 1-томы жарық көрді. Осынау академиялық басылымның Қ.И.Сәтпаевтан басқа да шын жанашырлары болды. Олар редакциялық алқа мүшелері М.О.Әуезов, С.Б.Бәйішев және Тарих институті директоры А.Нүсіпбеков болатын. Ш.Ш.Уәлихановтың 5 томдық еңбектерін шығаруға қатысқан ғалымдар: А.Х.Марғұлан (жауапты редактор), М.С.Тұрсынова, Дж.Х.Кармышева, Л.М.Әуезова, Т.Ж.Шойынбаев, Г.Н.Уәли­ханов, З.Н.Пальгова, Н.Н.Мингулов және басқалар. ІІ-томды дайындауға суретші К.А.Власов қосылды. Аталған том 50 б.т. (796 бет) болып 1962 жылы жарық көрді. ІІІ-том 1964 жылы 46 б.т. (664 бет) болып жарық көрді. Осы аса көлемді үш томға Шоқанның зерттеулері мен құнды еңбектері енді. Ал ІV-томға Шоқанның эпистолярлық мұрасы, яғни хаттары, қызметтік материалдары мен замандастарының естеліктері басылды (1968). V-томға Шоқанның бейнелеу өнеріне қатысты еңбектері мен географиялық карталары басылып шықты (1972). Біз енді Б.Е.Көмеков басқарған Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерінің екінші бес томдық жинағы туралы баяндаймыз. Қазақ ғалымының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болғанда жарық көрген еңбек еді. Мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты­ның Б.Е.Көмеков басқаратын «Ерте және Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» атты бөлімде 1981 жылдың 1 маусымынан бастап 18 жыл бойы (1999; 1 сәуір) қызмет еттім... 1981 жылдың 1 маусымынан бастап Ақай Нүсіпбеков басқарған Тарих институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналастым. Б.Көмеков басқарған Ерте және орта ғасырлар тарихы бөлімінің қызметкерлері өңшең шет тілі мамандары екен. Мен бұрыннан танитын Аяп Сабырханов осы бөлімде аға ғылыми қызметкер болатын. Бөлімде екі араб тілі маманы (Б.Көмеков пен В.Настич), үш парсы тілінің маманы (Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.Шуховцов) бар екен, қытай тілінің тағы бір маманы (К.Ш.Хафизова) мен барған соң жаңадан ашылған Шығыстану бөліміне ауысып кетті. Осындай керемет шет тілі мамандарын жинап, аудармашылар яғни шығыстанушылар бөлімін құру тек Болат Ешмұхамбетұлының ғана қолынан келген еді. 1983 жылы Орталық Комитеттен нұсқау түсіп Ш.Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойын өткізу науқаны басталып кетті. Осы үлкен науқанның екі үлкен ауыр жұмысы Болат Көмековке тапсырылды және ол осы міндеттерді артығымен орындап шықты. Мереке ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болғандықтан ұлы ғалым еңбектерінің 5 томдық жинағын жарыққа шығару науқаны екі жыл бұрын басталды. Ш.Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдың өкілі болған соң оның еңбектерін шығару міндетін «До революционная история Казахстана» атты бөлім қызметкерлеріне жүктеу керек еді. Алайда жауапкершілігі қатаң жұмысты біздің бөлімге, яғни Болат Ешмұхамбетұлына тапсырды. Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы 5 томдық көлемде 1961-1972 жылдары Ә.Х.Марғұлан бастаған шоқантанушылардың күшімен жарыққа шыққанын жоғарыда айттық. Одан бұрын 1958 жылы бір томдық Таңдамалы шығармалары басылып шыққан болатын... Аталған кітаптар библиографиялық сирек кітапқа айналған еді. Мерейтойға арналған жаңа басылым бір жарым жыл ішінде жарық көру керек болған соң шұғыл іске кірісуді талап етті. Институттың барлық жоспарлы жұмыстарын тоқтатып қойып тек осы аталған науқанда күні-түні жұмыс істедік. Ең ауыр жыл 1984 жыл болды. Осы мерейтойға арналған 5 томдық жинақ әдеттегідей «Ғылым» баспасы емес «Қазақ Совет энциклопедиясы» баспасында басылатын болды. Болат Көмеков алғашқы күннен бастап бұрынғы шоқантанушы ғалымдарды шақыру керек деп мәселе көтерді. Ә.Х.Марғұлан басқарған шоқантанушылар тобына кірген бір-ақ адам біздің институтта қалған екен. Ол – белгілі түркітанушы және иранист маман Наджип Нигматұлы Мингулов еді. Біраз жыл бұрын зейнетке шығып кеткен белгілі шоқантанушылар Мариям Сүлейменқызы Тұрсынова мен Жамалия Халелқызы Кармышеваны шақыртып алып, штатқа қосты. Мариям апайды Ленинградқа ұзақ уақытқа жіберіп архивтерден Шоқанның материалдарын алғызды. Себебі ол бұрын Ленинград архивтерінде болған және сол мекемелердің қыр-сырын өте жақсы білетін маман. Осындай қауырт жұмыстардың арқасында кейбір тың материалдар жаңа басылымға енді. Ш.Ш.Уәлихановтың мерейтойға арналған жаңа 5 томдық жинағын қандай жағдайда шығару керек деген мәселені ортаға тастап, институт басшылары және бұрынғы шоқантанушылар оны қызу талқылады. Ә.Х.Марғұлан шығарған бұрынғы академиялық басылым Шоқан зерттеулері мен қолжазбаларын түгелдей басып шығарған еді. Жаңа басылымда, яғни Ш.Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына арналған 5 томдық шығармалар жинағына Шоқан еңбектерінің жаңа басылымын хронологиялық жолмен жарыққа шығару керек деп үлкен өзгеріс жасады. Оның бұрынғы басылымнан айырмашылығы мынандай: 778 бет көлемде басылған бірінші томда Шоқанның Қазақстан мен Қырғызстанға арналған зерттеулері кірген еді. Екінші томға Шығыс Түркістанға, яғни Қашғария мен Құлжа сапарларының материалдары, ал үшінші томға осы үш аймаққа қатысты, әртүрлі мақалалары кірген болатын. Жаңа мерейтойлық басылым­ның І-томында тек Қазақстан туралы зерттеулері «Дневник поездки на Иссык куль» атты зерттеумен бітеді. ІІ-том түгелдей Қыр­ғызстан туралы зерттеулеріне арналған. ІІІ-том Шығыс Түркістан яғни Құлжа мен Қашқария сапарларындағы зерттеулерімен жазбалары. ІV-том 1861-64 жылдардағы Қазақстан мен Сібір туралы зерттеулері, қай жылы жазылғаны белгісіз мақалалары және өзі жинаған архивтік материалдарына арналған. V-том Ш.Ш.Уәлихановтың біздің заманға жеткен хаттары мен қызметтік құжаттары және белгілі ғалымдардың қазақ ғалымы туралы жазған құнды естеліктерінен құралған... Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын хронологиялық көрсеткішпен шығарған себепті, көп өзгеріс болды. Мысалы Шоқанның алғашқы Петербургте жарық көрген әйгілі зерттеуі – «Очерки Джунгарии» бұрынғыдай І-томда емес, жаңа басылымда ІІІ-томға енді. Ал ұлы ғалымның 1856 жылға дейінгі, яғни 21 жасында Орыс географиялық қоғамына мүше болғанға дейінгі зерттеулері жаңа басылымның І-ші және ІІ- ші томдарын құрады. «Приложения», «Варианты и разночтения» бөлімдері жаңа мерейтойлық басылымға енбейтін болған соң әрбір томның көлемі кішірейді. Бұл томдықтар Кеңес өкіметі тұ­сында өте ерекше оқиға болды. Жоға­рыда айтқанымыздай қазақ ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып, ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтілуге тиісті еді. Осынау дүниежүзілік ғылыми ұйымда тойлануға қазақ ғалымының барлық жағдайы дәл келіп тұрған еді. Шоқанның талай еңбегі ағылшын, неміс, француз тілдерінде, жалғыз Петербург емес, Еуропа елдерінде жарық көрді. Шығыс Түркістан мен Қырғыз елін алғашқы зерттеген ғалым. Сондай-ақ 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның қағидасына құба құп келіп тұрған еді. Сондықтан біз Шоқанның мерейтойы Парижде өтетін болды деп қуанып жүрген едік. Алайда бұл қуанышымыз 1985 жылдың басында су сепкендей басылды... Мәскеу қазақ ғалымының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде өткізбейтін болды... Болат Ешмұхамбетұлы КСРО Ғылым Академиясы басшыларымен телефон арқылы әлденеше рет сөйлесті. Олардың негізгі сылтауының бірі – Ш.Ш.Уәлихановтың ешқандай кітабының Мәскеуде шықпағаны болды. «Патша заманында Петербургте, Лондонда, Парижде, Австрияда шыққаны есептелмейді. Алдымен қазақ ғалымының кітабын Мәскеуде шығаруыңыз керек» деп неше түрлі қисынсыз сылтаулар айтады. Сонда Болат Көмековтің «Бір том Таңдамалысын жіберейік. Сіздерде мүмкіндік көп емес пе?» деген өтінішіне олар амалсыз келісті... Олар бізді тез арада дайындап бере алады деп ойлаған жоқ сияқты... Енді Мәскеудегі «Наука» баспасында Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық жинағын жарыққа шығару үшін тез арада дайындап беру керек болды.... 1985 жылдың наурыз айында Болат Көмеков пен біздің бөлімнің жігіттері аз күн ішінде Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық жинағын дайындады. Соңғы күні Б.Көмеков, В.Шуховцов, Ғ.Шәймерденова және мен түнгі сағат 11-ге дейін Институтта отырғанымыз есімде. Қолжазбаны алып, ертеңіне В.Шуховцов Мәскеуге ұшып кететін еді. Баспа директорының атына жазылған жолдама хатқа институт мөрін бастыруға хатшы Тамара Васильевнаны түн ішінде шақыртып алдық. Ертеңіне біздің қызметкер Мәскеудегі баспаға апарып тапсырды. Олардың қызметкеріне ауыр болмасын деп кітапты өндіріске жібергенше біздің қызметкеріміз Володя Настич сол Мәскеудегі баспада отырды. Аталған кітапқа мәскеулік редакторлар қол тигізген жоқ. Барлық жұмысын біздің бөлім жігіттері жасады. Сол Мәскеу баспасында өндіріске жіберілген Ш.Ш.Уәлихановтың Таңдамалы шығармалары 1985 жылы жарық көрмеді. 1986 жылы да жарыққа шықпады. 1987 жылы ғана қазақ ғалымының кітабы басылып шықты. Содан бері, мінеки 33 жыл өтті. Амандық болса енді 15 жылдан соң Ш.Ш.Уәлихановтың 200 жылдық мерейтойын Парижде ЮНЕСКО көлемінде тойлаймыз. Әрине оған Мәскеудің рұқсаты мен қамқорлығы қажет емес... 1984 жылдың соңында «Госко­миз­даттың» бір жиналысында Ш.Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына дайындық туралы мәселе қаралады. Сонда «Жазушы» баспасының директоры мен Аударма бөлімінің басшысы Нұрахмет Төлеупов: «1970 жылы Әнуар Ипмағанбетов аударған Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық қазақ тіліндегі жинағын біздің баспа жарыққа шығарды. Біз соны баспаның жылдық жоспарына кіргізіп қойдық, жақын арада жарық көргелі жатыр» деп хабарлайды. «Сол жетпісінші жылы шыққан кітап мынау, біз енді осыны 150 жылдық мерейтойға арнап жақсылап әдемілеп шығарамыз» деп көрсетеді. Сол жиналысқа арнайы шақырылған Б.Е.Көмеков әлгі кітапты сол жерде тез парақтап шығып: «Мына күйінде бұл кітапты шығаруға болмайды, себебі Шоқанның Қазақстан туралы бірде-бір мақаласы жоқ. Барлығы Шығыс Түркістан мен Қырғызстанған арналған зерттеулері екен. Біз сізге Шоқанның Қазақстан туралы құнды зерттеулерін береміз. Соларды қосасыз» дейді Б.Көмеков. «Оларды кім орыс тілінен аударады? Уақыт тығыз ғой. Біздің жоспарымыз күйіп кетеді. Өндірістен шығып қалатын болдық» деп қиналады «Жазушы» баспасының бастықтары. «Аударманы да, басқа жұмыстарын да біз дайындап береміз. Сіз өндіріс графигінен шығып қалсаңыз да Ш.Ш.Уәлихановтың мерейтойлық қазақ тіліндегі басылымы ойдағыдай болып жарық көреді» деп Болат Ешмұхамбетұлы «Жазушы» баспасынан шыққалы жатқан кітапты тоқтатып қояды... Ертеңіне Б.Көмеков институтқа келіп Ш.Ш.Уәлихановтың Қазақстан туралы зерттеулерін іріктеп, аудармашыларға бөліп берді. Қайдар Алдажұмановқа Шоқанның «Іле өлкесінің географиялық очеркі», «Қазақ молалары мен жалпы көне ескерткіштер жөнінде», «Сахарадағы мұсылмандық туралы» атты зерттеулері», Байзақ Қожабековке «Сот реформасы жайында жазбалар», осы мақала авторына «Ұлы жүз туралы», «Қазақ оқ дәрісінің құрамы», «Егіншілік туралы», «Қазақ шежіресі», «Тәңірі»,«Қазақ халық поэзиясының түрлері», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты зерттеулерін аударуға бөліп берген соң, Болат Ешмұхамбетұлы қырғыздар туралы зерттеу бөліміне бұрын Ә.Марғұлан аударған яғни дайын тұрған «Көкетайдың ертегісін» кіргізетінін айтты. Осы хабарды менен естіген Әлкей Марғұлан қатты қуанды. Ұлы ғалымның барлық еңбектері аттың жалында, түйенің қомында жүріп, асығыс орыс тілінде жазылғандықтан қазақ деген ұғым «киргиз», «киргиз-кайсаки», «ордынцы» деген сияқты әртүрлі терминдермен берілген. Ал қырғыз ұғымы «киргиз», «кара киргиз», «дикокаменный киргиз», «буруты» деген сияқты әртүрлі терминдермен жазылған болатын. Енді осы қазақ тіліндегі «Таңдамалыда» осы ұғымдарды ажыратып, әсіресе қазақ пен қырғызды шатыстырмайтын етіп жөндеп беруді «Жазушы» баспасы талап еткенде, Болат Ешмұхамбетұлы мені баспаға жіберді. Сонымен Шоқан Уәлихановтың Таңдамалы шығармалары 560 бет болып (37 б.т.) 1985 жылы, Болат Көмековтың басшылығымен қазақ тілінде жарық көрді. Республика тарихында бұл қазақ оқыр­мандары мен жас ұрпақ үшін аса елеулі оқиға еді... Біз осы мақаламызда шоқантануға еңбек сіңірген көптеген ардагер ғалымдарды атап өттік. Реті келіп тұрғанда солардың ішіндегі бір майталман шоқантанушыны ерекше атап еске алуға міндеттіміз. Ол – Мәриям Сүлейменқызы Тұрсынова. ХІХ ғасырдағы мықты шоқантанушы К.К.Гутковский болса, ХХ ғасырдағы ең ірі шоқантанушы осы апамыз еді. Мәриям апайды академиктер Ә.Х.Марғұлан, С.З.Зиманов, А.Н.Нүсіпбеков, К.Нұрпейісовтер қатты құрметтейтін еді. Ол өзінің жемісті ғылыми өмірінің 13 жылын Шоқан еңбектерін жарыққа шығаруға арнады. Жоғарыда Ә.Х.Марғұланның Шоқан­ның кейбір құнды мақалаларын 5 томдық жинаққа кіргізе алмағанын айттық. Олар Шоқанның «Идыге», «Эдигей» атты аса құнды мақалалары еді. Аталған мақалалар 1904 жылы Петербургте Н.И.Веселовский шығарған Шоқанның бір томдық жинағында жарық көрді. Ал осы құнды зерттеулер ұлы ғалымның Кеңес өкіметі тұсындағы бірінші 5 томдық және екінші 5 томдық жинақтарына да кірмей қалды. Оған Кеңес өкіметінің саясаты кінәлі... Алтын Орда билеушілерінің бірі – Едіге биді Мәскеуге шабуыл жасаған деп айыптайды. 1382 жылы Куликово шайқасынан бір жарым жылдан соң Мәскеуді басып алып өртеген Едіге би емес Тоқтамыс еді. Сонда да орыс ағайындар Алтын Орда тарихына оң көзбен қарамайтыны белгілі. Шоқанның аталған екі зерттеуі осы күндері аса қадірлі болып тұр. Себебі биылғы жылы Алдын Орданың 750 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр... Жалпы шоқантану ғылымы Қазақ­станның егемендік жағдайында жақсарды деп те айта алмаймыз. Қазақ тілінде Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектері 6 том болып шықты (2010), Б.Е.Көмековтің басшылығымен Мәскеуде жарық көрген Шоқанның «Таңдамалы» шығармаларын Алматыда «Арыс» баспасы қайта басып шығарды. Сондай-ақ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұлы ғалымның еңбектерін 8 томдық көлемде басып шығарды. Кеңес өкіметімен салыстырғанда қазіргі көптеген басылымдар ғылыми жобалар арқылы жүзеге асады. Мұндай жобаларға Министірлік миллиондаған қаражат бөледі. Ал, ақша жүрген жерде неше түрлі асыра сілтеушілік, кедергілер болады. Қысқаша айтқанда ондай ақшасы көп жобаны қолы жеткендер алады да, білікті ғалымдар шетте қалады... Қаншама телефильмдер үлкен қаражатқа түсірілді. Солардың өзінде қаншама кемшіліктер бар. Тіпті Шоқанның өмірбаяны туралы артық айтылатын тұстары да жетерлік... Қорыта айтқанда, шоқантану ғылымы қазір тоқырап қалды. Кеңес өкіметі тұсындағыдай Шоқантанушы ғалымдар өсіп, жетілмеді. Академик Б.Е.Көмеков сияқты білікті мамандарды қазақтың ұлы ғалымының еңбектерін бастырып шығаруға пайдаланбады. Басқа да шоқантанушы ғалымдар шетқақпай болып ескерусіз қалды... Әрине талай адам Шоқан еңбектерінің арқасында диссертациялар қорғады. Алайда қазақтың ұлы ғалымының еңбектері толық көлемде басылып, жарық көрмеді. Солардың бірі жоғарыда айтқанымыздай Едіге би туралы, яғни Алтын Орда тарихына және қазақ әдебиетіне қатысты өте құнды зерттеулер соншама басылымдарға кірмей қалғаны өте өкінішті... Ш.Ш.Уәлихановтың аса құнды еңбектері халыққа жетіп жатқан жоқ... Ұлы ғалымның асыл мұрасы өгейдің күнін кешкені өте аянышты жағдай. Осы уақытқа дейін тарих факультеттерінде Шоқан еңбектеріне арналған арнайы курстар ұйымдастырылмаған. Қысқасын айтқанда тарихшы жас мамандар университет қабырғасынан Шоқан еңбектерін білмей шығады.. Академиктер Ә.Х.Марғұлан, Б.Е.Көмеков басқарған ардагер ғалымдар Шоқанның еңбектерін баспаға дайындауға күні түні отырып жұмыс істеген еді. Кеңес өкіметі басшыларының саясаты Қазақстан тарихы мен Ш.Ш.Уәлиханов мұраларына оң көзбен қарамаса да, ЮНЕСКО көлемінде Парижде өткізбесе де, қазақ ғалымының мерейтойын Одақ көлемінде жақсы өткізіп еді. Тарих ғылымында көптеген жаңалықта­рымен ерлік жасаған ұстазымыз Болат Ешмұ­хамбетұлының шоқантанудағы қыруар еңбегіне өте қысқаша шолу жасадық. Қазақстан өкіметі оның 80 жасқа толу мерейтойына орай қандай награда мен марапат берсе де артық болмас еді. Осы уақытқа дейін оның ғылымдағы орны еленбегені тарихи шындық. Ештен кеш жақсы ғой!..

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид университетінің және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, тарих ғылымының кандидаты

2420 рет

көрсетілді

84

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы