• Әдебиет
  • 16 Шілде, 2020

ХАН ЖӘҢГІРДІҢ ТОҒАЙЫ ЖАЙРАП ЖАТЫР

ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ  ЖӘНЕ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ НАЗАРЫНА!

Бөкей Ордасы десе, алдымен аспанмен таласқан қарағайлар көзге елестейді. Ғасыр жасаған алып теректер соңғы кездері көркінен айырылып, сұрықсыз кейіпке енген. Тәкаппар басын бұлттармен таластырған қарағайлардың бүгінде халі мүшкіл. Қысы-жазы өңін бермейтін келбеті өзгеріп, жапырақтары қурап, құлап жатыр. Жанды ауыртатын көрініс. Қаны бөкейлік жұртшылықтың бәрі бұл лажсыздыққа күйініп, дабыл қағуда. Қолдан келер дәрмен жоқ. Тарихқа тұнып тұрған кәрі Ордаға ағаш отырғызу сонау 1832 жылы бастау алғаны белгілі. 

ҚАРАҒАЙЛЫ ОРМАНҒА ҚАУІП ТӨНУДЕ

Жәңгір хан «хан ставкасын» құм басып қалмас үшін Ордаға қылқан жапырақты орман ағаштарын еге бастаған. Соның арқасында ауыл маңы қарағай мен тал-теректің неше бір түрі өсетін бірегей орманды алқапқа айналғанына тарих куә. Нақты фактілермен сөйлер болсақ, 1832 жылы белгілі топырақтанушы ғалым Г.Карелин Хан Ордасында болған кезінде құм көшкінін тоқтату үшін ұсыныс жасаған. Алдымен, құмды топыраққа құмаршық, қияқ сынды шөптер отырғызылған екен. Кейін Нарын орман шаруашылы­ғының орманшысы М.Турецкий мен оның көмекшісі В.Полецкий ағаш отырғызу жұмыстарын қолға алған. Жас өскіндерді қорғау мақсатында Жәңгір хан орманда мал бағуға, ағаш кесуге тыйым салған. Бұл іс жалғасын тауып, 1888 жылы Астрахан орман қорғау комитеті 140 мың гектар алқабы бар Нарын орман шаруашылығын құру туралы қаулы қабылдаған. 1890 жылы сол шаруашылық үлкен мекемеге айналған. Жәңгір ханның бастамасымен Хан Ордасына көрік берген сол бір алып теректердің соңғы кезде күйі қашып, жапырақтары сарғайып, тіпті қурап жатқаны бөкейліктердің түн ұйқысын төрт бөліп жүр. Бүгінгі бас ауруы – қарағай түгіл, енді жерге шөп шықпай қалу қаупі барына ауыл халқы алаңдаулы. Сор маңындағы бір шақырымға жуық жерді аппақ тұз басқан. Бұрын ауыл тұрғындарының айтуынша, соры бар жерлер суға толып, ол айналасы ми батпақ боп жататын. Ол жер де су тапшылығынан кеуіп қалған. Бүгінде 16405 га (орман) қоры бар шаруашылықта жыл сайын 95 га екпе отырғызылады. Соның ішінде 15 гектары қарағай. Әйтсе де орманның күйін көріп еріксіз жылайсың. Бұл мәселе жөнінде бірнеше мәрте аудан, облыс басшыларына (басшылар ауысқан сайын) ұсыныс тастаған. Орданың нағыз жанашырлары, намысты азаматтар ұйымдасып, осы жағдайдан шығар жол іздеп, құзырлы орындарға шырылдап жүріп бірнеше мәрте өтініш жазғанымен, «баяғы жартас бір жартас» күйінен әлі қозғалған жоқ. Халық алаңдаулы.

ЖЕР АСТЫ СУЫ ТӨМЕНДЕП КЕТКЕН...

Иә, көршілес Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының (екі аудан) орталығы, Мұратсай, Ұзынкөл, Өнеге сияқты ірі ауылдар «Орда» су құбыры арқылы тұщы сумен қамтылып отырғаны баршаға мәлім. Соңгы жылдары суды есепсіз пайдалану жер асты суы деңгейінің күрт төмендеуіне әкеліп соққан. Соның кесірінен ормандағы тал-терек қана емес, өсімдіктер де су тапшылығын кешіп отыр. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін, көз көріп отырған шындық. Басқа тал-теректі айтпағанда, қарағайлардың тамыры құрғап, қурап жатқаны бөкейліктердің басты мәселесіне айналды. «Ғасыр жасаған қарағайларды қалай құтқарып қалуға болады?» деген сұрақтың жауабын да өз ұсыныстары ретінде облыс, аудан басшыларының алдына сан мәрте қойғаны белгілі. Нақтырақ айтар болсақ, «Аймекен» тұщы су қорын үнемі толтырып отыру арқылы күрмеулі мәселенің түйінін шешер жол көрінер ме еді дейсіз. Ақиқатында, бұл іс Хан ордасы ауылы маңында орын тепкен «Қопа», «Қарасу» сияқты су жиналатын табиғи ойпаттарды сумен толтыру арқылы жүзеге асатынын айтып, мамандар да құзырлы орындарға өз үндерін жеткізуге тырысып келеді. Әзірге нәтиже жоқ...

ҚОПА КӨЛІНЕ СУ ТҮСІРУ – ОҢ НӘТИЖЕ БЕРМЕК...

Нақты мәселеге оралсақ. Ол үшін Мұратсай ауылдық округіне қарасты Тайғара елдімекеніне келіп тұрған су арнасын табиғи жылғаларға қосып, «Гүрілдеуік», «Қарағаш» сынды су жүйелері арқылы Қопаға су жеткізу керегін айтып бөкейліктер дабыл қағуда. Хан Ордасы ауылының тұрғыны Т.Өтешев 1963 жылдан бері Қопаға су келуі тоқтатылғаннан кейін талай қуаңшылық жылдарын бастан өткергенін айтады. Қопада судың жоқтығы құмға әсерін тигізіп, жер астындағы ылғал азайып кеткен. Мұратсай су қоймасы шамамен 15-18 гектарды құраса, Қопаның көлемі 16-17 мың гектар жерді алып жатыр. Су сол көлемнен қысы-жазы кеміп көрмеген, тереңдігі – 0,8-1,3 метр болған. Бұл екі су қоймаларының арасы жер мен көктей. Әйтсе де ордалықтардың жанайқайына селк етіп, «атқа қонған» бас­шылықты көре алмай тұр­мыз. Ауызды құр шөп­пен сүрткен бос уәде аяқасты қа­лып жатыр. Жерлестер Жәнібек су жүйесінің кейбір ақаулы жерлерін жөн­деуден өткізуді ұсынады. Бұл тиімді әрі көп шығын келтірмейтін жол екен. Есесіне экология да қалыпқа келеді. Жерге сіңген су фильтрация арқылы су көзін толтырады. Осылай табиғи тепе-теңдік орнығады. «Аймекен» су құбырын тартудың қоршаған ортаға зияны тиетінін, небәрі тек оншақты жыл ғана үнемді пайдалануға болатыны жайында 1986 жылдардың өзінде мамандар мәлімдеме жасапты. Бірақ оған құлақ асқан ешкім жоқ. Бөкейлік жұртшылықтың бұл лажсыздыққа төзе алмай, дабыл қағудан басқа амалы қалмады. Иә, аудан, облыс басшылығы мен өзге де құзырлы орын мамандары бірлескен ауқымды мәселенің қолға алынуын ордалықтар тағатсыздана күтіп отыр. Көп түкірсе – көл деген. Қалың ел бұл жағдайға тосқауыл бола алмаса, елдігімізге сын. Қайткенде қасиетті жер-ананы қайта түлете аламыз? Билік төріндегілер бұған не дейді?

Соңғы жылдары жайылымдар мен шабындықтардың өнімділігі күрт төмендеген. Себебі, мал саны артқан. Жыл бойы орын ауыстырмай, бір жерде жүйесіз жайылудың да салдары бар. Нарын құмын пайдалану жайында мәселенің көтерілгеніне де біраз жыл болған. Қазір бұл өңірлерде шоғырланған шаруашылықтарды жазғы уақытта қырға шығару бағытында жұмыстар өте баяу атқарылуда. Дұрысында жерді пайдалану жөнінде арнайы жоспар әзірленіп, ол қадағаланып отыруы қажет емес пе?! «Батыссушар» РМК БҚО филиалының ұсынысымен Мұратсай бөгеті РМК балансына берілсе, халық сұрап жүрген мәселені мекеменің өз күшімен шешуге болатыны айтылған. Біріншіден, жоғарыда айтып өткен Қопаға су жіберу. Екіншіден, «Аймекеннің» тұщы суын шектен тыс тұтынып отырған екі аудан орталығын техникалық сумен қамту жолдары. Жәнібек ауданының іргесіндегі канал арқылы келетін суды үй-үйге, мекеме, кәсіпорындарға кіргізіп берсе, тап-таза құмның суы үнемделер еді. Ал қазір ол су мал, бақша суаруға, көлік жууға және т.б. шаруаларға жұмсалуда. Осындай жағдай басқа ауылдарда да қалыптасқан. Мамандар Сайқын ауылына Жәнібек суару-суландыру жүйесіндегі (Р-4 каналымен) техникалық су жеткізу әлі де зерттеуді қажет ететінін айтады. Қазіргі танда Жәнібек ауданына Ресейдің Палласовка суармалы-суландыру жүйесінен жыл сайын 30,0 млн текше метр көлемінде су беріледі. Ресей шығындарын өтеуге республикалық бюджеттен 2016 жылы 266,0 млн теңгеге 17 млн текше метр су алуға бөлінген. Аталған су көлемі екі ауданның күнделікті шаруашылық қа­жеттіліктеріне, мал суғаруға және сани­тарлык-экологиялық мақсаттарына ғана жұмса­лады. Ал кажетті көлемде су алу үшін қосымша 13 млн текше метр су керек. Ол 204 млн теңге қаражатты қажет етеді. Соның ішінде «Мұратсай» су қоймасына берілетін су көлемі 2,6 млн текше метр. Қопа көліне тұрақты түрде су беру үшін, ең алдымен, Жәнібек магистралды каналын тазарту, жөндеу кезек күттірмес мәселе. «Мұратсай» су қоймасын да күрделі жөндеуден өткізу және «Қопа» мен «Мұратсай» су қоймасын қосатын өзекті тазарту үшін техника-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжат әзірлеу Бөкей Ордасы әкімдігіне жүктелген, ол жұмыс әзірге қозғалар емес. Барлық құрылыс жұмысы түгесілгеннен кейін Ресейдің Палласовка суармалы-суландыру жүйесінен Жәнібек суармалау-суландыру жүйесі арқылы «Қопа», «Қарасу» көлдеріне су құю үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, құба құп. Ал қаржының көзін табу қиын мәселе емес. БҚО Бекей Ордасы ауданы территориясынан 1 млн га, Жаңақала ауданынан 0,5 млн га, барлығы 1,5 млн га жер РФ әскери полигондарына ұзақ мерзімге жалға берілген. Республикалық бюджетке жыл сайын осы жерлерді жалға бергені үшін қомақты төлемақы түсіп тұратыны белгілі. Ол қаржының бір бөлігіне осы полигондардан 70 жыл бойы зардап шегіп отырған аудан тұрғындарына, ең болмаса жеткілікті көлемде су сатып алып беруге болмай ма? Бұл мақаланы Бөкейліктердің жанай­қайы деп түсінерсіздер. Ауыл, аудан, облыс әкімдерінің алдына бірнеше рет қойылып жүрген мәселелердің бетін ашып БАҚ-қа беруді ұйғардық. Осы мәселе арқылы мәселеміз республика басшылығының назарына ілініп, шешімі табылады деп сенеміз.

Мұқас Спандияров, Төлеген Өтешов Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданы

3850 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы