• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2020

ШЕТ ЕЛДЕН «БАРЫМТАЛАНҒАН» ӘНДЕРГЕ ТОҚТАУ БОЛА МА?

Кез келген өнер белгілі бір дәрежеде баға беруді, артық-кем тұстарын саралап отыруды қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде көпшілік қауымға кеңінен тарап, бұқаралық сипатқа ие болып кеткен өнердің бір түрі – бүгінгі қазақ эстрадасы жайында азды-көпті тоқталуды жөн көрдік. Жалпы, эстрада дейтін құбылыс ән мен әнші, музыкалық топтар, сазгер, композитор, өңдеуші, продюсер, концерттік зал, сахна, студия, онда қызмет ететін адамдардың жұмысын бір арнаға тоғыстыратын сала. Өнердің қайнап жатқан қазаны.

Қазақ эстрадасының қалыптасу тарихы кешегі кеңестік кезеңнен басталады. Ол заманда ауызға ілігетіні – «Дос-Мұқасан» ансамблі еді ғой. Ансамбльдің халық ықыласына бөленіп, миллиондаған тыңдармандар жүрегін жаулауының сыры неде дейтін болсақ, әрине, ғасырлардан келе жатқан халықтық әндерді эстрадалық өнерге әдемілеп бейімдей білуінде және шебер орындап, жеткізе алуында дер едік. «Дос-Мұқасанның» әндері төрткүл дүниеге тарады, өйткені төлтума өнерден бастау алып, мазмұндылығымен, саздылығымен ерекшеленген қазақи болмысты, қазақи нақышты әндер өзге ұлттардың да жүрегіне де жол тауып жатты. Кеңестік кезеңде құрылған – «Гүлдер», «Арай» және т.б. шығармашылық ұжымдардың, оның құрамындағы жекелеген әншілердің де қазақ эстрадасын дамытудағы рөлі айтарлықтай жоғары болды. Әрине, ол кездегі эстраданың техникалық мүмкіндіктері мен әлеуеті қазіргідей қуатты емес еді. Бірақ, соған қарамастан, жанды дауыста шырқалған сапалы әндер миллиондаған тыңдармандардың ықыласына бөленді. Қазақ эстрадалық әндерін дамытуда белгілі сазгерлердің қолтаңбалары аз емес. Олардың ұлттық болмыстан, ұлттық рухтан нәр алған ғажайып әндері күні бүгінге шырқалып келеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақ эстрадасы жаңаша қарқын, соны екпін алды. Себебі өнердің мәдени шекаралары ашылды. Өзге елдерден үйрену, тәжірибе алмасу жағдайлары көбейді. Қазақ эстрадасына жаңа топтар, жаңа әншілер қосылды. Барлығы бірдей сапалы болмаса да, сахна өнерпаздары эстрадалық әндерге деген қалың жұртшылықтың, өнерсүйер қауымның рухани сұранысына жауап бере алды. Халықты ерекше даусымен баураған талай мықты әншілер, музыкалық топтар шықты. Шынайы өнерге адал әрі таза қызмет еткен өнерпаздардың қатары да көп еді. Ал бүгінде олай деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, қазіргі қазақ эстарадасын талғамсыздық, сапасыздық, даңғазалық жайлады. Бүгінгі заманауи әншілер нені арқау етеді, осы жағы мүлдем түсініксіздеу. Әр нәрседе ұлттық нақыш, ұлттық бояу, ұлттық сипат дейтін дүние болушы еді. Олар қайда бет алып барады? Соншалықты айқын емес. Тәуелсіздік кезеңімізден бергі уақытта біз әлемдік танымал әндер қоржынына қандай ән қоса алдық? Міне, мынау қазақтың эстрадалық өнімі, ұлттың төл туындысы дейтіндей дүние жасалды ма? Өкінішке қарай, өзге елдердің әндерін көшіруге келгенде бүгінгі танымал ән­шілер алдарына жан салмай тұр. Біресе түрік, біресе қырғыз, біресе араб, біресе үнді, кәріс болғылары келеді. Бірақ, бәрібір бола алмайды. Өйткені өнерде «туған топырақ» деген ұғым бар. Әр нәрсе осы туған топырақтан басталады, содан нәр алады, соның айналасында белгілі бір дүниелер жасалады. Сондықтан да өнер көшірмені көтермейді. Қазақ даласына лек-легімен, үздіксіз келіп жатқан «көшірінді әндер» біздің ұлттық эстрадалық өнерімізді дамытуға үлес қоса алмайды. Себебі ол туындылар ұлттық топырақта өмірге келмеген, ұлттық рухқа суарылмаған. Шынтуайтқа келгенде, шетелден ән тасымалдайтын әншілер сол елдің мәдениетін, болмысын біздің елге экспансиялап жатқанын сезінбейді. Асылында, жұлдыз болу – шетелдік әнді ұрлаумен емес, өз ұлтыңның өнерін жоғары қойып, өз ұлтыңның композиторларының әндерін орындау арқылы ғана келетін жетістік. Кең дала төсінде небір ғажайып таланттарды өмірге әкелген қазақ өнері бүгінде сазгерсіз, композиторсыз қалған жоқ. Құдайға шүкір, бар. Мықтыларымыз көп. Бірақ шетелдік әндерді «барымталап» алып келетін әншілер ұлт сазгерлерінің әндерін менсібей ме, місе тұтпай ма, әйтеуір, өзге жаққа мойындарын жиірек созады... Түрік елінің Таркан дейтін әншісі бар. Сөз жоқ, талантты өнерпаз. Түріктің өз топырағында өмірге келген тамаша әндерімен, түріктің орындау мәнерімен, қайталанбас харизмасымен әлемге танылды. Өзін ғана емес, елінің өнерін де танытты, жаңа биіктерге көтерді. Тарканның әндерін тыңдаған сайын «Осы өнерпаздың құпиясы неде?» деп ойланамын. Көкейге түйгенім, Тарканның құпиясы – түрік ұлтының ұлттық музыкасын жан-тәнімен сезінуінде, өзінің төл әндеріне тереңдеп бойлаған түрік әндері арқылы өз ұлтының дүниетанымын, мәдени-рухани әлемін дүниежүзі тыңдармандарына жеткізе алуында жатыр. Осы жылдар ішінде біз әлемге Таркан сияқты әншіні бере алдық па? Әйтеуір, абырой болғанда Қытайдағы ән байқауында Димаш Құдайберген жарқырай көрінді. Соған шүкір дейміз. Әлемдік биік сахналарда жеке концерттерін қойып жүр. Димаштың орындауындағы халық әні «Дайдидауды» бүгінде шетелдіктер жақсы қабылдайды, керемет тыңдайды. Міне, ұлттық топырақтың құдыреті дегеніміз осы. Димашқа енді керегі – ұлттық нақыштағы әндерді көбірек жаздыру. Қазақтың өзіне ғана тән әуен-саздарды шырқау, сол деңгейден табылатын туындыларға ерекше мән беру. Иә, Димаш – әлемде сирек кездесетін әншілердің қатарында. Бірақ, оған туған топырағында туған әндер керек. Димаштың шырқайтын әндерінде ұлттық бояу сезіліп тұруы керек. Мақаламызға өзек етіп отырған мәселемізге қайта оралсақ, бүгінде шетелден ән барымталайтын әншілер бүгінде қай елдің әні жақсы, өтімдірек болып тұрғанын дүрбімен қарап, бақылап отыра ма деген ойға қаласың. Әйтеуір, өзге елде шыққан су жаңа ән бір-екі айдан кейін қазақша мәтінмен қазақ даласына тарап, теле-радио арналардан беріліп жатқанына таңқаласың. Қазақстан эстрадасындағы көптеген хит әндердің шығу тегін, түп-төркінін зерттеп қарасаңыз, ол міндетті түрде шетелдік туынды болып шығады. Мұндай қадамға баратын әншілерді қазақ эстрадасының намысын жыртып, абыройын қорғап жүр деп қалай айтамыз? Өзін «Мың ән мен мың күй» тудырған қазақ халқының әншісімін деп есептейтін өнерпаз шетелден ән әкелуге арлану керек қой. Сырттан толассыз келіп жатқан, талғамсыз еніп жатқан әндер қазақ эстрадасының кірпіші болып қаланып жатқаны өзекті өртейді. Белгілі әнші Майра Ілиясованың «Сағындырған әндер-ай» деген жобасын қазақ тыңдармандары неге жақсы көреді? Себебі онда орындалатын әндердің барлығы кезінде ұлттық талғамға жауап берген әндер. Қазақ халқына тән лирика, ұлттық бояу мен ұлттық нақыш, ең бастысы халықтың жан-дүниесімен астасып жатқан сыршыл сезімге толы туындылар. Ал қазір ондай әндер неге жоқ? Бұл да үлкен мәселе. Тоқетерін айтқанда, кейінгі эстрада әншілері қазақ әндерінің тағдырына жауапкершілікпен қарамайтын болды. Осы мәселеге Мәдениет министрлігінің араласқаны жөн. Эстрадада жүрген әншілердің басын қосып: «Мыналарың жарайды, мыналарың жарамайды» деп ақыл айтатын аға буын композиторларды, майталман әншілерді шақыру керек. Плагиатшы әншілерді қатаң айыптап, тосқауыл қоятын уақыт келді. Бұлай жалғаса берсе, бара-бара ұлттық болмысымызды жоғалтамыз. Өнер де мемлекеттің имиджі ғой. Ол ең алдымен елдің идеологиясына қызмет етеді. Сондықтан оған ұлттық деңгейден қарап үйренуіміз керек.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

1380 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы