• Әдебиет
  • 06 Тамыз, 2020

ҚОШАН САЛ

Әр заманның мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне жанашыр адамдары болды... Жетпісінші жылдардың ­ортасында Ақмола жақтан әкемнің туған қарындасы Зейнеп апам ауылға төркіндеп келіп, Осакаровка фабрикасында жасалған домбыра сыйлады. Ол домбыра әлі де бар. Кезінде бір ұлы нағашым келіп «бір жабағыға айырбаста» дегенде көнбедім. Сол домбыраға деген махаббат марқұм жазушы, күйші, сегіз қырлы, бір сырлы интеллектуал Таласбек Әсемқұловпен танысып, жақын дос болуыма себепкер болды. Тәкеңмен мені Герағаңның (Бельгер) сөзімен айтқанда «В прозе он философ, в философии – прозаик», сол кезеңде өзінің эсселерімен ерекше құбылыс болған Дидар Амантай таныстырды. Дидармен танысуға «Бүкіл қазақ білетін Дидарды сен неге білмейсің?» деп, алаштың найзағай ақыны Серік Ақсұңқарұлы мұрындық болды. Ал Серік ағам кезінде әкеммен бірге ауданда бір газетте қызмет атқарған. Оны Секеңнің «Аудандық газет» деген өлеңінің бір шумағынан көруге болады: Шақырып ап ауданға айдаладан, Қолға қалам ұстатқан қайран ағам, Адамзат пен ауданды қосатұғын, Сымекем жоқ, қаңғырып қайда барам?!

Туған өлкемнен майталман әнші, күйшілер шықса да, Мұхтар Мағауин ағамыз айтпақшы, «домбыраны құшақтап ұйықтасам да» сол ән мен күй маған жұқпады. Ал тыңдауға, бағалауға, естісі мен есерін парықтап, аздап сын-пікір айтуға бір адамдай бармын. Ақтоғай жерінде кіндік қаны тамған Әсет Найманбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Аққыз Ахметқызы, Мағауия Хамзин және т.б. әнші, күйші аға-апаларымызсыз қазақ елінің өнер тарихын елес­тету қиын десем, артық бола болмас. Сонау жетпісінші жылдардың басы, қазақ ән өнеріне ел таңғаларлық керемет екі әншінің келгені бәрімізге аян. Сексеннің белортасы, біздің студент шағымыз. Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовтің атағы асқақтап, оларға айтылған мадақ алты жасар атанның белін сындырардай болып, бұл ағаларымызды бір тыңдағанның төбесі көкке екі елі жетпей тұрған кез. Қайрат ағаммен бетпе-бет кездесудің сәті түспей-ақ қойды. «Гүлдер» ансамблі шет мемлекеттерді таңғалдырып, елге келгендерінде анда-санда Алматыда концерт беретін болса, оған билет табу дегеніңіз қиямет-қайым болатын. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, сәті келген күні бір досым «Гүлдер» ансамблінің концертіне билет тауып қойған екен, барып көрдік. Қайрат аға ән салғанда ел жібермей, бірнеше ән айтқызды. Қанаттанып, аспанға ұшып, ала бұлттардың арасына қалықтағандай күй кешіп отырдым. Соңында халық әні «Ағаш аяқты» айтқанда барып, селк етіп есімді жиып алдым. Міне, әнші деп осыны айт. Сол кезеңде қазақтың ән өнеріне көп тың дүниелер қосылғаны айдан анық. Ал Жәнібек Кәрменов ол уақытта «Эстрада цирк студиясының» тәлімгері. Ол кісінің де абыройы асқақ. Ел аузында. Бірде, бір жақсы танысым сол студияға баруға ыңғай танытты. Әрине, Жәнібектей жампозға барып сәлем беріп, «аялы алақанына алақан тигізгенге не жетсін» деп сонда тарттық. Жәкең сабақ беру үстінде екен. Бізді жатырқамай, ақ жарқын жүзбен қарсы алды да, сабағын ары жалғастыра берді. Міне керемет. Нағыз әншінің келбетін мен сол уақытта көргендеймін, Ақан, Біржандардан қайырып салып, Абайға келгенде жер мен көктің арасын біріктіріп жібергендей болды. Ал «Сегіз аяқты» салғанда, мен басқа әлемге еніп, көзім бұлдырап, бір құдіретті сезініп, әлем-жәлем күй кештім. Әншіні тірідей өзін тыңдау мен оның аудио жазбасын тыңдау салыстыруға келмейтін екі бөлек дүние. Кейінірек ойласам, сол бір кез менің бір бақытты шақтарымдай көрінеді. Пенденің ойына не келмейді? «Енді осы кісілердей әншілер бола қояр ма екен» деген ойдың да болғаны рас. Ол кезде жаспыз. Қайрекеңдей, Жәкеңдей майталман әншілерді көрудің өзі арман. Көре қалған жағдайда олардың мысы басып, тайсақтап, аузыңа сөз түспей, жүрісіңнен де шалынысып қаласың. «Шіркін, менің өз қатарымнан осындай әншілер болса, жанына отырып тыңдаса ғой» деп армандап жүретінмін. Тоқтаусыз уақыт, сағат тіліндей айналып, сырғып өтіп жатты. Тоқсаныншы жылдардың басы, Кеңес үкіметі құлап, Қазақ үкіметі аяғынан қаз ­басып кете ­алмай, тәй-тәйлаған кез. Жоқшылық, жұмыссыздық жайлаған жұрт, дүние астаң-кестең, қыздарға барсаң да рэкет болмасаң менсінбейтін, құндылықтардың күрт өзгеріп жатқан уақыты еді. Тобықтан түсетін ұзын қара пәлте, иә болмаса ұзын тері плащ, қара күзен тымақ киіп, көздеріне қара көзілдірік кигендердің заманы жүріп тұрған шақ. Жаздың бір демалыс күні қызметтес інім моншаға апарам деген соң, Алматыдағы бұрынғы М.Торез көшесіндегі ТВ мен радио комитетінің өзім тұратын жатақханасынан шығып келе жатсақ, бір топ жігіт әңгіме-дүкен құрып тұр екен. Ішінде марқұм Барат Құлманов деген қыз мінезді инженер жігіт, режиссер Нұрлан Жұманиязов, тағы басқа жігіттер бар. Сыпырғыш арқалаған бізді көріп, «біз де барайық та» деген сыңай танытты, ініме қарап едім, кеңшілікке салып «жүріңіздер» деді. Бір топ жігіт шұбап келіп тегін моншаға түсіп, рахаттанып қалдық, шыққан соң арамыздағы біреу: «Жігіттер, ән тыңдайсыңдар ма?» деді, іздегенге сұраған, іші пысып келе жатқан бәріміз жаппай «иә» дестік. Жатақхананың бірінші қабатында кішігірім зал болатын, орындықтары бар, сонда жайғастық, бір жігіт алдымызда домбырамен ән салды, әншілігі шамалы, көңіл хошы үшін «пау, шіркін» деп қоямыз. Сөйтіп мәз болып отырғанда, біреу есікті дүңк еткізіп, айқара аша кірді де: «Өй, осыны да ән деп тыңдап отырсыңдар ма?!» деп айғай салды. Әңгіме төбелеске жетер-жетпес жерде, жаға ұстасумен ғана тоқталды. Таныстық. Бұл Саламат Қазақбаев деген ақтоғайлық әнші жігіт екен. Сыртынан атына қанық едім, араласып кеттік, ғажап ән әлеміне кірдім де кеттім. Қайран Саламат! Бір жатақханада тұрамыз, ән құмар азаматтар жиналып ап Саламаттың әнін тыңдаймыз. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарап шабатын» деген менің алғашқы ойымды Саламат ә дегенде ақ, мүлдем жоққа шығарды. Ондай әнші сирек, бабына келіп шырқағанда, мойынының күре тамырлары білеуленіп, ақсары жүзі қоңырқошқылданып, қазақтың халық әндерінен бастап, халық композиторларының әндерін салғанда не деген қуатты, ғажап сұлу дауыс, «міне нағыз әнші» деп тамсанасың да отырасың. Ақан серінің «Балқадишасын» айтқанда Әміренің фонографқа жазылған «Балқадишасы» бірден еске түсетін. Мағжанның бір әнін жұбайы Алтынкүл екеуі қосылып айтқанда аса әсерлі ­болатын. Алтынкүлдің дауысының ерекше ­бояуы, тембрі бар. Замандасымыз Тұрсынжан Шапайдың Мұқағалидың сөзіне жазған «Бала ғашық» әнін, қазіргі әншілердің көңіліне келмей-ақ қойсын, ­Саламаттай айтқан адам болған жоқ. Ол ән салғанда, дауыстың қуаты мен құдіретінен терезенің әйнегі сылдырайтын. Әннің жеті қырдың астынан шынымен естілетіндігіне көзім сонда жетті. Сұрастыра келе, ол кешегі дарабоз Жәнібек Кәрменовтың төл шәкірті екенін білдім. Белгілі әнші Ғалым Мұхамединнен ән әліппесін бастаса, Қайраттай дауылпаздың алдынан да сабақ алыпты. Ол кезде қайталанбас әншінің қасында мәңгі жүре беретіндей сезіндім. Қазір, құрығанда бір әнін ­жазып алмағаныма өкінемін. Әңгіме арасында Саламат «Қошекең» деген адамды жиі айта береді. Мен, «ол кім?» десем, қисықтау мұрынын онан сайын қисайта, шашын жалбырата, үлкен көздерімен мені ата қарап: «Сен не, Қошанды білмейсің бе? Ол осы Алматыдығы біз сияқты әнші, күйшілердің қорғаны. Өзі де ән айтады. Қайрат Байбосыновтың шәкірті әрі інісі, Жәнібек аға оны аса құрметтейді. Жақсы спортсмен, нағыз ердің өзі, менің ағам» деді. Мен ол кезде күндіз-түні оқуға түсуге дайындалып, «тәркі дүние болып, баз кешудің алдында», басқа әлемде жүргем. «Қошекең» деген аңыз адамды сонда бірінші естідім. Саламат Қошекеңнің батырлығын айта бастағанда әрідегі аңызға айналған Қобыланды, Алпамыстар есіме түсе бастады, әншілігін, жыршылығын айтқанда берідегі Ақтамберді, Иманжүсіп, Балуан Шолақтар елестей бастады, мәрттігін айтқанда Атымтай Жомарттардың дүниеде шын болатынына сене бастадым. Кейін Астанаға көшіп кеттік, сонда жазушы, музыкант-күйші, қазақ руханиятында ерекше орны бар ағам Таласбек Әсемқұловтан Қошанды тағы естідім. Ол да Қошекеңнің әңгімелерін аңыздай қылып айтып жүрді. Не керек, Астанаға Алматы, Жезқазған, т.б. жақтардан келген өнерпаздардан жиі-жиі еститін болдым. Таласбек Әсемқұловпен бір кездескенімде, «Ол кісі қайда» десем «осында, Қазақ, иә Шалқар радиосында» деді. 2013 жылы «Қазмедиа» орталығында жұмыс істедім. Сонда ел айтып жүрген «аңыз адам Қошанмен» танысудың сәті түсті. Бір күні астыңғы қабаттан көтеріліп келе жатып, қатар келе жатқан үш азаматты көрдім. Ортасында еңсегей бойлы мығым қазақ, оң жанында әнші, өнертанушы, шешен сөйлейтін журналист Жасұлан Наурызбайұлы да, сол жағында дәулескер күйші, журналист, қазақ өнерінің білгірі Сәрсенғали Жүзбай. Әңгімелесіп тұрған «Алтын қор» мұрағатының бөлім басшысы, алаштың «Бейсекесі» – Бейсембай Кенжебаевтың соңғы шәкірті, қазақ тележурналистикасының ардагері Молдабек Сағымбек ағадан: «Осы ортадағы кісі кім?» деп сұрадым. «Бұлар Қазақ радиосы мен Шалқар радиосындағы ошақтың үш бұтындай, үш тірегі. Біреуі Қазақтың ән өнерін, біреуі күй өнерін, біреуі жыраулар мен батыр бабаларымызды ­насихаттайды» деп жауап берді. ­Сонымен, Қошекеңді өзім редакциясына арнайы іздеп ­барып таныстым. Бірінші көргенде байқағаным, шынымен батыр тұлғалы, еңсесін тік ұстайтын, кең иықты, артық еті жоқ, жаратқан аттай, көзіңе тура қарайтын өткір жанарлы, қою қабақты, сәлем бергеннен-ақ қолының қарулы екені сезіліп тұратын, қазақы әңгімеге жүйрік, ашық, әзіл-қалжыңның түбін түсіретін, Саламат,Таласбек ағаларым айтатын аңыз адам екеніне көзім жетті. Кәстөм-шалбар киіп, галстук тағып жүретін «ескі мектептің» адамы екен деп те топшыладым. «Алпысты еңсергендегісі осы, жасында қандай болды екен» деген ой да қылаң берді. Әрине, менің ол кісімен танысқан уақытым, Қошекеңнің мұрт-сақал қойып, нәпсісін тізгіндеп ат қып мініп, Тәңірін, өзін танып иманға келген, жалпыға сыйлы, жастарға үлгі салиқалы кезі. Бір-бірімізді бала кезден білетін адамша сөзіміз, әзіл-қалжыңымыз жарасып жүре берді. Бірде мен ертеректе газетке шыққан «Осы жұрт Саламатты біле ме екен?» ­деген журналист, ақын Нұрдос Кәрімнің мақаласын апарып бердім. Сол сол ақ екен, Қошекеңнің өңі өзгеріп сала берді. «Туған інімдей болған асыл азамат еді. Саламат жайлы хабар жасап, алтын қорға қалдырайын десем еш жерде әндері, үн таспалары қалмапты» деп қиналысын білдірді. Содан бастап жан-жақтан іздеп, Саламаттың тойда, үйде жазған несі бар бәрін жинауға кірістік. Мәжіліс депутаты, ғылым докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтың жеке мұрағатынан Саламаттың үш әні видеода табылды. Әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Дәуренбек Әркенов төрт-бес әнін берді. Содан екі жыл дегенде барымен базарлап, Қошекең інісіне, «алтыннан мүсіндеп», ескерткіш қойды. Ағайын-туыстары, бәріміз көзіміз боталап, тостағанымызды бір-бір шайып алдық. Ал Қошекеңнің қандай күйде болғаны бір өзіне ғана мәлім... Қошекең өзі ақсақалдыққа бет бұрса да, тілінде ХІХ ғасырдың лексикасы бар абыздардан тәлім алған, көне дәстүрді, мәдениетті, өнерді көзімен көріп, қолымен ұстаған адам. Содан да болар, қазақ өнеріне туа сала ғашық болған, сол ғашықтықтың отын сөндірмей, керісінше, оны одан әрі маздатып бүгінге жеткізген тұлға. Бар алашты алаламай қай жерде әнші, жыршы бар десе, жердің түбі болса да, іссапарға, я болмаса өз қаражатымен барып, таспаға жазып алған, қазақ радиосы тарихында жарты мыңнан аса, 600-ге тарта, ең көп хабар жасаған журналист. Яғни өз-өзіне өлмес ескерткіш қойған, өшпес мұраны қолымен жасап жатқан, ұлтқа адал қызмет етудің үлгісін көрсетуші – (Қойшығұл) Қошан Мұстафаұлы. Ондай өнерге, тарихқа деген махаббатқа, әрине, үлкен жүрек керек. Менің әкем Смағұл Ыбыраев – журналист, редактор. Көп жылдар Ақтоғай ауданының «Арқа еңбеккері» газетінде қызмет етті. Бүгінде ­жастары алпыс-жетпісті жағалаған және одан да жасы үлкен, қолына қалам ұстаған жерлес ақын-жазушы, журналистердің көпшілігі «Смекеңнің шинелінен шықтық» деп отырады. Анам Әмина Кәдірбайқызы да осы газетте өмір бойы корректорлық қызмет атқарды. 2018 жылы жазда әкемнің дүниеден өткеніне ширек ғасыр өтуіне орай марқұм ата-анама ас беруді жоспарлап, Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазғаннан, т.т. ағайын-туыс, дос- жарандарымды Ақтоғайға жинадым. Алматыдан Дидар Амантай, Қарағандыдан өнер азаматтарын бастап жерлес ағам, ақын Серік Ақсұңқарұлы, сазгер Есжан Әміровтер, ұстазым, наманбеттанушы Амангелді Туғанбаев, заңгер Болат Сыздық, т.б. келді. Астанадан Қошекең бастаған күйші Сәрсенғали Жүзбай, мәдениет қайраткері ұлы нағашым Қайырбек Садуақасов, т.тағылар бас қостық. Саламаттың хабарын бәріміз тағы да тыңдап, Серік ағам: «Естігенім болмаса, көрген емес едім. Нағыз жігіттің сұңқары болыпты-ау азамат» деп, көңілі босағандай болды. Алыс-жақыннан келген қонақтарды үй-үйге бөліп орналастырып, өнер азаматтары, ақсақал, қарасақалдар әкпемнің үйіне жиналып, қонақ асынан дәм татты. Әрине, өнер саңлақтары жиналғасын ел қоя ма, қазақтың жөн- жоралғысын айтып, ән мен күйге де кезек берілді. Түн жарымынан ауса да, сол күні, Қошекеңнің бел шешіп, бабында отырғандағы өнерін көрудің сәті түсті. Он тоғызыншы ғасырдың ортасына барып, Кенесары ханның қабірінің топырағы кеппей тұрғанда, қырғыздың манабы Орманханның аталарына берілген аста өткен Сүйінбай мен Қатағанның айтысын тірі көргендей әсерде болдық, Сүйінбай қазақша, Қатаған қырғызша жырланды. Моральдық тұрғыда Сүйінбайдың қалай ­Кенесары ханның өшін алғанының куәгеріндей сезімде болдық. Сүріну тұрмақ, мүдіру жоқ, бір деммен жырлап өтті. Жиналған үлкен-кіші риза болысты. Ертесіне ертелеп Әлихан Бөкейхановтың әулеті жатқан Талдыбейіттегі үлкен қорымға барып Құран бағыштадық. Сол жерде Әлиханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөздерін де еске алыстық. Академик Әлкей Марғұлан археологиялық қазбалар жүргізген қола дәуір жәдігері Бегазы қорғандарын барып көрдік. Жолда микроавтобуста біраз азаматтар отырған. Қошекең кешегі әңгімені қайта жалғап, Кенесары, Наурызбайдың қырғыз қолынан қаза болғандағы жағдайды, атасы Байзақ датқаның Наурызбайға көк дөнен сыйлауын, Нысанбай жыраудың жырынан үзінді айтып Серік ағам бастаған өнерпаздардың жанарынан жас парлағанын да көзіміз көрді. «Осындай ұлы дүниелерді қалай ғана жаныңа сақтап жүрсің» деген қазақтың классик ақыны Серік Ақсұңқарұлы «Астана-Алматы әуе толқынында» деп айдар тағып, Қошекеңе керемет өлең арнады. Жері бай болғанымен, елі кедей, Тұранның бұл, немене желігі емей: Ғарыштан Тоқтар түскен күні, Егіліп, эпостан Қошан шықты Едігедей!

Тексізді тарпа бас сап, соятындай, Көздерін найзасымен оятындай, Алаштың Арий-Бекзат-Кісілігі, Аңызда ғана қалып қоятындай! Хас тұлпар шапқан жерін ор қыла ма, Ор қылса, оны да жұрт оңдыра ма? Туғаннан екі көзі эпоста еді, Құлағы – қобызбенен домбырада. Қайтейін, шараң да жоқ, амалың да, Жақсысы-жаманының табынында; Қол бастап жер қайысқан шығар еді, Тумады-ау, Қарасайдың заманында?! Ой, жұртым, жырың қандай, күйің қандай! О дағы келе-келе суынғандай? ...Қолынан қол бастау сол келмей қалып, Эфирден сөз бастады Сүйінбайдай! Құртқа-Ару-Қобыландының қолтығында, Сыңғырлап үні шықты шолпының да. ...Эпос кеп, – эстрада мәңгіріп тұр, Астана-Алматы әуе толқынында. Бұл да мықтылардың бір-біріне деген құрметі деп түсіндік. Қошан Мұстафаұлы қазақтың батырлары мен ақындары, сал-серілері, әнші-күйшілері авторлық бағдарламаның иесі. Әрине, мен өз басым Қошан ағаммен танысып, сыйласып жүргеніме Тәңіріме шүкір деймін. Осыншама елге, жерге, қазақ руханиятына еңбек жасап жүрген азаматқа мен кездесіп қалғанда телефоннан елдің алғыс жаудырып жатқанын байқап, іштей риза болып тұрамын. Бүгін ұрлығын заңдастырып, түйені түгімен жұтқан жемқорды көріп, осылардың заманы ғой дей саламыз. Адамы мен заманы сай келіп тұрдыға жатқызамыз. Әрине, Қошекең Абылай мен Кенесары, Исатай мен Махамбеттің заманында, тіпті әрідегі Тұмар ханым мен Еділ патшаның дәуірінде туса да, ақ сауытын киіп, үйеңкі садағын асынып, шашақты найзасын жауға тіреген, жығасы қисаймаған батыр, қарағай домбырасын жанынан тастамаған аты тарихта қалатын жырау болатынына титтей де күмән жоқ. Оған өзінің радиодағы ізденістері, анау-мынау жазушы жаза алмайтын, сөз саптасы бөлек, жарық көрген этнографиялық, тарихи әңгімелері куә. Батырлар мен жыраулар тақырыбы бұл кісінің жанына жақын, рухына сабақтас. Қошекеңнің алдымызда әлі де алатын асуы, шығатын биіктері, қосатын құндылықтары бар екеніне сенімдіміз. Қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңіріп жатса да, пайғамбар жасына келіп, Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап, жұмысын салт басты істеуі жанға ­батады. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп атойлатқанан гөрі, сол руханиятты науқансыз-ақ өз ниеттерімен өмір бойына жасап келе жатқан азаматтардың жағдайын жасап, қамын жеген әлдеқайда абзалырақ болмас па еді...

Сұлтан Ыбырай

2537 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы