• Тарих
  • 13 Тамыз, 2020

Биро Андраш Жолт, Мажар-Тұран Қорының президенті, антрополог: МАЖАР ХАЛҚЫНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІН ШЫҒЫС МҰРАСЫНСЫЗ ТҮСІНУ ЕКІТАЛАЙ

Мажарлар өздерін Тұран әлемінен бөліп-жармайды. Үлкен құрылтай ұйымдастырып, Түркі кеңесіне мүше болып, кеңсесін Будапешттен ашқаны да көпке аян. Жылына қазақ ­студенттерге 250 стипендия бөліп, оқу-білім саласындағы қарым-қатынастарды нығайтып келеді. Экономикалық байланыстарымыз да тереңдей түскен. Биылғы індеттің кесірінен сол құрылтай біраз шектеулермен, арнайы тәртіппен 21-23 тамызда өтпекші. Құрылтай қарсаңында оның бас ұйымдастырушысы Биро Андраш Жолт Мажарстанның мажар және ағылшын тілдерінде жарық көретін «Diplomata – Diplomatic Magazine» журналына сұхбат берген екен.  Арнайы келісім аясында сұхбатты қазақ тіліне тәржімалап, оқырманға ұсынып отырмыз.

– Карпаттың жағрафиялық ортасына жақын орналасқан ұлттық парк аумағындағы Бугац елді мекенінде «Құрылтай» деген атпен өтіп тұратын әлемге танымал халықаралық іс-шараның рөлі қандай? – Мажарстанда ғана емес, Еуропадағы ең үлкен этномәдени шараға айналған Құрылтай – шынтуайтында, мажар мен оған туыс жұрттардың басқосуы. Мажар-Тұран қорының ғылыми бөлімі мен қауымдастығымыздың қанатының астында ұйымдастырылған дәстүрлі мәдениетті ­насихаттаумен айналысатын бірлестіктің күш біріктіруінің арқасында жүзеге асырылатын аталмыш шара – ­мажарлар үшін маңызы зор. Себебі Құрылтай Карпат қойнауындағы мажарлардың ынтымақтастығының көрсеткіші ғана емес, Шығыстағы Ұлы Даладағы салт атты көшпелі ғұндар мен түрік саналы (текті) жұрттардың бүгінгі мұрагерлерінің ортақ мерекесіне айналды. Әу баста діттеген мақсатымыз – өресі жоғары деңгейдегі, кешенді іс-шараны дүниеге әкелу, сол арқылы бір кездері тарих сахнасында атой салған ортақ бабаларымызға құрмет көрсету, олардың мұраға қалған үлгі-өнегесін дәріптейтін жүйелі үрдісті қалыптастыру еді. Шарада Мажар мемлекеттілігінің қадасын қағып, ғасырлар бойы елді басқарып келген билеуші әулеттің негізін қалаған Арпад Патшаға тағзым етуге ерекше орын берілген. IX ғасырдың соңында мажар тайпалық қауымдастықтарын басқарып, ел-жұртын Отанға қоныстандырған Ұлы Патшаның рөлі мажарлар үшін ұшан-теңіз. Карпат қойнауында салтанат құрған, мыңжылдық дәстүріміздің ажырамас бөлігіне айналған, аңыз-әпсаналарымызда әспеттеліп келген ғұн, авар бабаларымызды, даңқты Атилла (Еділ) ғұн патшасын еске алу да – парызымыздың бірі әрі бірегейі. Соңғы антропологиялық және генетикалық зерттеулерге сүйене отырып, ғұндар мен мажарлар арасында генетикалық байланыс бар деп нақты айтуға негіз бар. Демек, ғұндар мен мажарлар байланысы тек аңыздар-әпсаналарда ғана қатталған жоқ, араларында үзілмес бір тін болған. Бұл да – басты ұстанымымыздың қатарында. – Антропология ғылымына қалай келдіңіз және неліктен мажардың көне тарихын зерттеуге таңдау түсті? – Мені бала кезімнен-ақ ­жануар мен өсімдік әлемі, әртүрлі адамдар мен этникалық топтардың ­сипаттамалары, табиғат құбылыстары мен олардың қыр-сыры, яғни ­жаратылыстану құпиясы ерекше баурайтын. Әсіресе, адамзаттың шығу тегі, дамуы және тарихы айрықша қызықтырды. Атам маған ежелгі ­мажар аңыздары туралы көп әңгіме айтып беретін. Ал, әкей бізге шытырман оқиғалы тарихи романдарды оқып беретін, мажарлардың тарихы туралы әңгімелейтін. Ата-анамның кітапханасында жинақталған байырғы, әсіресе (Карпатқа) қоныстану кезеңіндегі мажарлардың бет-бейнесіне ықыласым ауатын. Он жасымнан осы бағыттағы кітаптарды жүйелі оқуға құмарлықпен кірістім. Менің биологиялық, физикалық ынта-жігерім тарихқа деген қызығушылықпен ұштасты, сөйтіп, орта мектептен-ақ антрополог боламын деп шештім. Этвөш Лоранд ­(Будапешт) университетінің Жаратылыс­тану факультетінде оқып, диссертациямды тарихи кезеңдердегі сүйек қаңқаларын зерттеу тақырыбына арнадым. – Сіз ғылыми зерттеулеріңізді қайда және қандай бағытта жүргізесіз? – Мен Мажарстанның Жаратылыс тарихы музейінің антропологиялық мұражайында жұмыс істеймін. Менің негізгі зерттеу салам – түрлі тарихи дәуірлердегі сүйек қаңқаларына антропологиялық талдау жүргізу, морфологиялық және метрикалық модельдеу. Осыған қатысты мәліметтер базасын түзу, археогенетикалық зерттеулер жүргізу сияқты кешенді істерді халықаралық ынтымақтастық ­аясында (Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, ­Ресей, Украина, Бұлғария) жүргіземін. Нақты маманданған бағытым: мажарлардың қоныстану кезеңіндегі жұрттардың, онан бұрынырақтағы ғұндар мен аварлар кезеңін зерттеу, еуразиялық дала көшпенділерін (ерте темір дәуірі, сақ, сармат, ғұн, түрік кезеңі) антропологиялық тұрғыдан саралау һәм антропологиялық және генетикалық мәліметтер базасын негізінде тарихи кезеңдердегі көшпелілердің миграция үрдісін модельдеу мәселелері. Әрине, этногенез мәселесінде тілдік және генетикалық туыстық арасындағы айырмашылықтың болуы орынды және оларды әртүрлі әдіснамамен зерттеу керек. Бірақ басы ашық бір дүние, аталған екі үрдісті мүлдем ажыратып, жеке-жеке қарастыруға келмейді. Кезінде түрлі ­себептерге байланысты тілтанушылар мажарлардың ілкі Отаны, шығу аймағы Орал өңірінде жүрілді деген гипотезасынан қалыптастыруға құлшынған еді. Бірақ бүгінгі ғылыми жетістік онан түбегейлі өзгеше модельдерді ұсынуға мүмкіндік жасап отыр. Мажарлардың қалыптасуы, қоныс аудару мәселесіне жалпы көне тарихтың проблемасына қатысты ­жаратылыстану ғылымындағы ­заманауи әдістермен алынған зерттеулердің нәтижелеріне сүйенген бірқатар сарапшылар мажар халқының қалыптасуының алғашқы кезеңдері Жайықтан әріде, Орта Азияда жүрілгендігін болжап отыр. – Сіздің төрағалығыңызбен жұмыс атқаратын Мажар-Тұран қорының мақсаты қандай? – 2009 жылы құрылған Мажар-Тұран қоры Мажарстанда ғана емес, Карпат қойнауындағы дәстүрлі мәдениетпен айналысатын ең ірі ұйым. Оның құрамында екі бөлім жұмыс істейді: ғылыми бөлімге тек ғалымдар (тарихшы, археолог, антрополог, этнограф, музыкатанушы, генетик, инженер) кіреді, ал дәстүрлер секциясында Карпаттың барлық аймақтарынан мүшелері бар. Олардың көпшілігі өз кәсібінің шын берілген энтузиастер (ат спорты, садақ ату, сұңқаршылық, семсерлесу, белбеу күресі), сондай-ақ өз ісінің кәсіби ­мамандары (ағаш өңдеу, темір ұстасы, қыш бұйым, халық биі, дәстүрлі музыка саласы бойынша). Ұйымымыздың қызметі мен өткізілген шаралардың биік өресі, ­бастысы рухани жақтан ­берер тағлымының арқасында Мадияр-Тұран соңғы ­жылдары мажар қоғамының қызығушылығын ­оятты, сөйтіп, жан-жақты қолдауға ие болды. Тұран – рәміздік атау ғана емес, оны басты ұран еткен ұйымымыз тек ­Карпат мажарларының тарихына ғана емес, олардың ертеректегі тарихына, әсіресе Шығыстағы шалғай аймақтарда жүрілген тарихына да ерекше ден қояды. Өйткені төлтума мәдениетіміздің ауқымды бөлігін шығыстан алып келгеніміз әмбеге аян. Демек, шығыс мұрасынсыз мажарлардың мәдени қазынасын, мажар халқының жан дүниесін түсіну мүмкін емес. Тұран – бұл ғылыми категория емес, халықтық санадағы ұғым. Оның мәні ғұн және түркі халықтарына ортақ, мифтік санадағы «ілкіотаны, байырғы қоныс» дегенге ­саяды. Бұл орайда, біздің ұйымымыз ­салт атты дала өркениетін кең насихаттауда айрықша рөл атқарып келе жатқандығын мақтанышпен айта аламыз. Мадияр-Тұран қауымдастығы әлемдегі түркі және ғұн тектес 27 жұртпен байланыс орнатқан, олардың жүздеген мәдени, спорт және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықта жұмыс атқарады.

– Қол жеткізген бірер халықаралық ынтымақтастыққа тоқталып өтсеңіз? – Біздің басты серіктестеріміз – түркітілдес тәуелсіз мемлекеттер: Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Моңғолия. Біз Түрік Кеңесімен етене жұмыс атқарамыз, өз басым Халықаралық Түрік Академиясының мүшесімін. Біз ­Ресей Федерациясында тұратын түркі және моңғолтектес он сегіз субъектідегі түрлі ұйымдармен, атап айтсақ, Башқұртстан, Татарстан, Дағыстан, Кабардино-Балкария, Карашай-Черкесия, Якутия, Алтай Республикасы, Тува, Хакасия, Бурятия, Калмыкиядағы әріптестермен байланысымыз жолға қойылған. Сондай-ақ әртүрлі елдерде тұратын ұйғыр диас­порасы ұйымдарымен байланысымыз бар. Біз ғылыми институттармен, мұражайлармен және спорт ұйымдарымен кәсіби ынтымақтастықта жұмыс жасаймыз. Өз басым Қазақ ұлттық музейімен, Өзбекстандағы Афросиоб музейімен, Қырғыз Манас университетімен, Қазақ генетикалық және цитология зерттеу институтымен және Түрікмен атлары ұйымымен бірлесіп жұмыс атқарамыз. – Сіздің қызметіңіздегі ең үлкен «жекпе-жекке» үндеу дегеніміз не? – Біздің ұйымның ең үлкен міндеті – жүз мыңнан астам адам қатысатын және әлемнің 25 ұлт өкілдері шақырылған Құрылтайды лайықты ұйымдастыру. Басты ниетіміз – шетелдік әріптестер Мажарстанда өз үйінде жүргендей сезінуі және ләззат пен үлгі-өнегеге куә болуы, оны ары насихаттауы, кейін қайта қауышуға асығуына куә болу. Біздің құлшынысымыз күннен-күнге танымалдыққа ие ­болып, Мажарстанның абыройын асыра түсуі – діттеген мақсатымыздың ретімен оңды жүзеге асып жатқандығының куәсі деймін. Дегенмен, ғылыми зерттеулерге, ынтымақтастыққа барынша қолдау көрсету, оның нәтижелерін кәсіби ортада қабылдату, әрі өрелі деңгейде көпшілік қауымға насихаттау басты ұстанымымыздағы жайт. Тұран қоры мажарлардың өткен тарихына қатысты жаңсақтықтар мен қиял-ғажайыптардан арылтуға, шынайылықты қалыптастыруға көп көңіл бөледі. Дәстүрлі мәдениетпен айналысатын қоғамдық топтардың біліктілік сапасын сақтауға ден қою, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты үйлестіру де басым бағыттың бірі болып табылады. Өкінішке қарай, Мажарстанда дәстүрлі спорт түрлерін мемлекет тарапынан қолдау мәселесі әлі шешілген жоқ. Халықаралық спорттық жетістіктеріміздің арқасында бұл салада да қолдауға ие боламыз деп сенеміз. – Сіз спортта айтарлықтай жетістікке жеттіңіз. Ғылыми құлшынысыңыз бүкіл өміріңіздің мәні екені белгілі десек те, бос уақытыңызды қалай өткізесіз? – «Жү-до» – сегіз жасымнан бері менің өмірімнің бір бөлігіне айналды, жеті мәрте Мажарстан чемпионы болдым, көптеген халықаралық жарыстарда жетістіктерге жеттім. Спорттың арқасында әлеммен танысу мүмкіндігіне ие болдым, тәжірибе алмастым, байланыстар орнаттым. Жекпе-жек спорты маған тәртіп пен табандылықты, күресуді үйретті. Ал садақ ату спортымен 15 жылдан бері айналысамын. Ежелгі қаруды қолданудың өзі ерекше бір сезім сыйлайды. Мен табиғатты және серуендеуді жақсы көремін. ­Сондай-ақ түрлі мәдениет, әдет-ғұрып туралы және тілді (мен 9 тілде сөйлеймін) оқып үйрену жаныма өте жақын. Кітап оқу, ­музыка тыңдау, жұлдыздарды қарау немесе ­отбасыммен және достарыммен сөйлесу де демалудың бір түрі! Бақытты сәттерді бағалай білуді де үйрендім.

Сұхбатты жүргізген Анна Поппер

Сұхбатты мажар тілінен тәржімалаған Бабақұмар Хинаят

2569 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы