• Руханият
  • 26 Тамыз, 2020

«Алдыңда ағаң болған қандай жақсы...»

 

 
 
 
 

Ән әлемінің Әсеті әкесіз жетімдіктің зарын тартып, ащы дәмін татып өсіпті. Бәрі сұрапыл соғыстың салдары. Сонда «Алдымда ағам болғанда ғой...» деп қамығатын сыршыл саздың саңлағы ағалық жөн-жосықты білетін аяулы жандар кезіккенде, шалқыған сезіміне егіле еріп, «ағаларым» деп әуендеткен екен. Ол әніне өзі де әкенің аялы құшағына құштар болып өскен әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиев ғажап сөз жазған.
Ішіндегі теңеулері қандай, шіркін!..
Құшағы оттай ыстық Сахарадай,
Көңілі алып ұшқан шағаладай.
Алдымнан көкем-ай деп шығатұғын,
Сендерді сағындым ғой,
Сендерді сағындым ғой Ағаларым! – деп басталады. Әрмен қарай төгілген қайырмасы:
Қажымас қара нарым,
Кең байтақ даналарым.
Күнім деп еркелетер
Аман бол Ағаларым,
Аман бол Ағаларым...
Зымыраған уақыттың тұңғиығына ой көзімен үңілемін...
Ұмытпасам, 1980 жылдың бір күні домбырашы, сыбызғышы Нұрахмет Жорабеков аға ердің жасы елуге толып, Көкбазардың бұрышындағы «Әсем» салтанат үйінде мол дастарқан жайды. Нұраға балаларға арнап музыкалық хабарлар тарататын бөлімде редактор болатын. Тойға шақырылған қадірлі қонақтарының арасында бірге қызмет істейтін ешқайсымыз қалыс қалмай отырдық. Отырысымыз әбден шарықтау шегіне жете бастаған әдемі кезде Әсет аға албыраған көңіл көгінде желбіреген сезіммен кіріп келді. Келді де бірден асабаның қолындағы микрофонды алып, жанына баяншы Ғалымжан Тамендаровты шақырды. Нұрахмет ағаны ерекше сыйлайды екен, қарапайым сөзбен келісті тілегін арнады. Енді ғана жазылған, бірақ әлі елге тарап үлгермеген әнімді алып келдім, орындайын деп «Ағаларым» әнін бастап кетті.

 

Өмір-өзен ағысында сол бір ғажап кеште бірге болған асыл жандардың талайы кетіп қалды. Қоғамдық-саяси өміріміз күрделенді. Бір жүйеден көңіліміз құламайтын беймәлім басқасына көшудің қасіретінен арыла алмай әлі жүрміз. Кешегі қимас та сыйлас жандардың қайсысы қайда, қандай күйде екенінен мүлде бейхабармыз. ­Алайда солардың арасынан Кемелбек аға екеуміздің арамыз ешқашан алшақтамаған еді. Бұл, бәлкім, әу бастан-ақ бірге туған бауырлардай жымдасып кеткен патша көңілімізден шығар. Ол кісі қай кезде де ойымда жүрді. Бір жылдары, ел алағай да бұлағай тірлік кешкен қым-қуыт уақытта Шымкентке ұстаздық қызметке кеткен соң да, тіпті одан да алыстап Түркістанға Қазақ-түрік университетіне ауысқан ­жылдарында да аман-саулық сұрасып, ­хабар алысуымыз бір үзілмеді. Өмірлік сыңары Сара әпкеммен де қатысымыз дәл солай үйлесім тауып еді-ау! Соншалықты жанына жақын тұтқаны емес пе, мен бір жолы «Рахат» телеарнасының Жанар Мэлсқызы жүргізген тікелей эфир ­хабарына қатысып отырғанымда телефон шалып: «Қазағым деп істеп жатқан жұмыстарыңа ризамын, Талғат, айналайын. Бұл Сара әпкең ғой» деді жанының жақындығын ашық аңғартып.
Ал Кеме-аға ше? Әрдайым сағыныш­пен, қимастықпен еске алатын Алматысын аңсап келеді. Той-жиыны үзілмеген жылдар ғой. Арасында: «Әй, Талғат, мен тағы да құстай ұшып келіп қалдым. Сенің түрің қандай өзі, бүгін-ертең көре алар ма екенмін?» деп әзілдеп, телефон шалады. «Кеме-аға, менің түрім – түр. Көрсетуге қай кезде де дайынмын. Егер қазір десеңіз, Алматының таксилерінің бәрі менікі, жетіп-ақ барамын» деймін. Сөйтіп, жүзімді көрсетуге асығамын.
«Онда кездесу орнымызды ұмытпаған боларсың? Дәл сол жерге кел» дейді. ­Онысы бұрынғы «Экран» кинотеатрының арт жағындағы кафе. Міне, сонда отырамыз немесе баяғыда, кеңестік заманда талай-талай ақын-жазушы, әнші, күйші, сазгер ағаларымыз сыралатып шер тарқату үшін жиналатын бүгінгі Байтұрсынов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы дүрмекті жерде ұшырасамыз. Қысыр әңгімеге есіл уақытымызды зая етпейміз. Ой тербейтін, молынан тербейтін тақырыбымыз айқын. Елдік, халықтық мәселеге дендейміз. Кеме-ағаның да қаузап, қазғылап жазып жүрген мәселелері жаныма өте жақын. Мен де алашағым кетсе де, айташағым қалмаса екен деп жүргеннің бірімін. Содан жайланып ұзақ отырамыз. Кейде оған Арқа жерінен ат терлетіп келіп, Кеме-ағаны әдейілеп іздейтін ақын, публицист інісі Нағашыбай Мұқатов, енді бірде ол кісінің өзі, «сенің күлкің ұнайды» деп, арқаландыратын тағы бір ақын інісі Болат Шарахымбай қосылады. Тағы бірде арамызға курстас досы, белгілі тележурналист Құсман Игісін ағаны да шақырып, емен-жарқын отырыс жасағанымыз да есімде...
Қайран Кемелбек ағатайым менің ғажап кісі болатын. Жан дүниесі таза, көңілі аппақ қылаудай кіршіксіз, қай жерде, қандай ортада да өз орнын білетін қасиетімен де көрікті еді. Бой десе бойы бар, ой десе ойға бай және сыршылдығын сақтап, тұрпатты тұлғасына мін жұқтырмай өмірден өтті. Сексеннің сеңгіріне шықса да сымбатты денесін тіп-тік ұстады, нұрлы жүзін әжім шалмады. Тек толқынды қалың шашының селдір тартқаны болмаса, мен алғаш көрген 1978 жылғы жадыраған жаздағы қалпынан соншалықты көп өзгере қоймады. Сөзі де, өзі де сол күйі дерсің. Бәлкім, басқалар үшін басқалай көрінер, ал мен дәл солай, әу баста араласып, ағалаған, жаныма жақын тұтқан қалпымды бұзбадым. Содан бері санап көрсем, тура 41 жыл етене араласыппыз. Сол уақытта Сәкені мектеп есігін енді аттағалы жүрсе, Айгүлі мен Жанаты ­бастауыш сынып оқушылары еді.
Әміршіл уақыт қай кезде де өктемдігінен бір танбай зымырай береді. Оның белгісі болып еске алатын шырайлы сәттер ғана ойыңа ұялап қалады екен. Бірақ ондай оқиғаларды күнде есіңе ала бермейсің. Шіркін-ай, сондай сезімге суарылған көңіл түкпіріндегі шуақты мезеттерді жүрегіңнің төрінен ойып орын алған жандардың жер басып жүрген кезінде, жаның жадырап отырып айта білудің де әсер күші зор екенін тіршіліктің қақпақылында ойлай бермейді екенбіз. Әрине, әттеген-ай дейсің...
Кемелбек аға туралы мен осындай ой шырмауында шырмала отырып еске аламын. Санасы серпінді, ертеңге ­деген құлшынысы қуатты еді. Қолайына қонатын тақырыбын енді тауып, соңғы он шақты жылында қаламын қалай аяусыз сілтесе, сол екпінін ақырғы сәтіне дейін әсте әлсіретпеді. Қолында «Айқынның» «Араны» тұмшалап, айқара қармап шығаратын саны. «Бүгін үш фельетонымды беріпті. Төртеу еді. «Осы қалай болар екен, Көпеннің басуға батылы бармайды-ау» деп отырып жазып едім. Мейлі енді, жазылуға тиісті, елге керекті материалым болатын, жаздым; ­газетте басылмаса да кітабымда жарық көреді. Солай емес пе, Талғат?» деп, өзімсінген көзбен күле қарап еді бір жолы. «Кітаптың билігі екеуміздің қолымызда ғой, Кеме-аға» деп едім мен де кідірмей...
Кемелбек аға қаламы ұшқыр, тілді өте жетік білетін, әр сөзді орнымен қолданғанды жаны жақсы көретін сұңғыла журналист болатын. Ақындығы да, зерттеушілігі де мығым. Қандай мәселені қаузаса да тереңнен тартып ой өреді, бас-аяғы бүтін дүние жасайды. Алайда қаншама жылы Қазақ радиосында жанбағыс тіршілігінде түйілген эфирлік еңбекпен өтті. Десек те, ол уақыты текке кетпегенін, шығармашылық тұрғыда шыңдалу, ой жинақтау, оқу мен тоқуға арналғанын соңғы он жыл әлетіндегі қалам қайраты жалпақ жұртқа жарқырата көрсетті. Кітаптан кейін кітап шығарды. Бүгінгі қоғамымыздың бағыт-бағдары, тәуелсіз ел болдық па дегендегі халықтың жай-күйі, мемлекетімізді жайлаған жемқорлық, биліктің жаны ашымастығы, одан басқа да өміріміздің көлеңкелі тұстары, қасиетті тіліміз бен жеріміз жөніндегі ақтарыла жазған материалдары, сатиралық шығармалары, тіпті баяғыда бауыр еті балалары мен кейін олардан тараған немерелеріне арнаған өлеңдеріне дейін тақырыптық тұрғыда ерекше жауапкершілікпен жүйеледі. Әйтеуір кітап етіп шығара салайын демеді, көлем қуаламады. Қай кездегідей, әр жазбасына өте қатал қарайтын талғампаз талапшылдығын өз шығармаларына келгенде де айдай жарқыратып көрсете білді. Осы ойыма көз жеткізгісі келген кісілер табыла қалса, онда Кеме-ағаның «Тоғанай Т» баспасынан шыққан «Неге ояттыңдар?», «Қандауыр», «101 жүгермек», «Өзекжарды», «Сұңғыла» және басқа да кітаптарын асықпай парақтауға кеңес беремін. Сонда олар бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне сарп еткен ұстаз, радиожурналист, көсемсөзші, сатирик-ақын, ­фельетоншы К.Шаматайдың қай деңгейдегі қайраткер қаламгер болғанын білген үстіне біле түсер еді...

* * *

Кемелбек аға жөнінде көп жазуыма әбден болады. Бірақ мен өз өміріме тікелей қатысты кездерімді ғана ауызға алайын. Соның ең әуелгісі – қасиетті қара шаңырақ Қазақ радиосына қызметке тұруым. Ол 1978 жылдың жазында өндірістік тәжірибеден өту сәтімнен басталды. Факультет деканы, профессор Темірбек Қожакеевтің қолы қойылып, мөрі басылған жолдама қағазымды алып барған едім, аты-жөнімді көзі шалысымен: «Қазақстан пионері» мен «Лениншіл жаста» мақалалары жарияланып жүрген Талғат Өтегенов сен екенсің ғой!» деді жазғандарымды оқып жүретінін бірден аңғартып. «Ұшқын» бағдарламасы арқылы өтетін студенттерге арналған «Гүлдәурен» радиожурналы, балалар мен мектеп оқушыларына бағытталған «Өрендер», «Пионер серігі», «Айгөлек» хабарлары бар. Махмет Түменбаев, Сәбит Сүлейменов, Қатира Жәленова деген ағаларың мен әкпейің жүргізеді. Сені солармен таныстырайын» деді.
Сөйтіп, бұған дейін бәрінің аты-жөндерін күнделікті жасаған хабарларынан талай рет естісем, енді өздерінен репортерларын алып, берген тапсырмаларын орындай бастадым. Алғашқы аптаның өзінде-ақ үш-төрт материалым эфирден өтті. Оған дейін мәтіндік материалдарымды редактор оқыды, одан кейін аға редактор, редакция меңгерушісі қарап шығып қол қойды. Солардың саралауынан соң, Жастар мен балаларға арналған хабарлар редакциясының бас редакторы Нәзила Баймұратова апай оқып, рұқсат етеді екен. Осымен әлгі хабар эфирге жолдама алады екен демеңіз. Енді «Лито» дегені бар. Ол мемлекеттік саясатымызға кесір келтіретін ойлар айтылып, құпия деректер кетіп қалмауын шұқшия қадағалайтын ерекше бөлім. Міне, сол қызметті атқаратын маманның рұқсатынсыз әуе толқынына бірде-бір материал жіберілмейді. Қырық күндік өндірістік тәжірибе кезінде осының бәрін көрдім. Редакциядағы ағалар мен апайлардың бәрімен бұрыннан таныс-біліс адамдардай араласып кеттім. Әсіресе ­Кемелбек ағаның көңілінен көбірек шықсам керек, бір күні: «Талғат, бізге қызметке келсең қайтеді? ­Зейнол Бисенғалиев ҚазМУ-ге аспирантураға түсті, сол орынға сені ойланбастан жұмысқа алар едік» деді. «Ой, аға, мен сырттай оқу – оқу емес екен деп, үшінші курста жүріп оқудан шығып, қайтадан абитуриент ­болып түсіп едім. Жоқ, өйте алмаймын, аға!» деп от басқандай ыршып түстім. Сонда осылай құтылып едім. Арада бір жыл өткен соң Кеме-аға сол әңгімені қайта қаузады. ­«Пионер серігі» – балаларға арналып берілетін бағдарлама, бізге соны жүргізуге өзің секілді бала тілін білетін ­азамат керек. Болат ағаң (Оңғарбаевты ­айтады – автор) жоғарғы класс оқушыларына арналған «Өреңдерге» ауысады» деді. «Кеме-аға, оқуымды қайтемін?» деп едім: «Сенің сабағың түстен кейін емес пе? Бізде жарты күн болсаң, жарайды. Алып бара жатқан жұмыс жоқ, оның үстіне төртінші курстан бастап сабақ та жеңілдейді ғой». ­«Деканымыз рұқсат етсе...». «Темкең бізді де оқытқан ұстаз. Әдейілеп барып сұрап аламын» деді.
Расында дәл солай болды. Бұрын радиода біраз жыл қызмет істеп, журфакқа ұстаз болып барған Намазәлі Омашев ағамыз екеуі университетте абырой-атағы аспандап тұрған декан Т.Қожакеевке кіріп, әйтеуір көндіреді. «Студенттерімізді өстіп қолқалап қызметке шақырып жатқаны бізге де үлкен мәртебе. Бірақ сабағына кесірі тимесін, сол жағын да ойластырыңдар» депті мұндайға көп келісе бермейтін Темірбек ағамыз.
Сонымен, ел-жұрт Жаңа жыл деп жанығып жүрген 1979 жылдың ең соңғы күндерінің бірінде мені Қазақ радиосының редакторы етіп қабылдаған бұйрыққа қол қойылды.
– Ал, Талғат, сен біздің «су жаңа» қызметкерімізсің. «Ұшқынның» жаңа­жылдық алғашқы хабарын өзіңе сеніп тапсырсақ, қарсы болмайсың ба? – деді Кеме-аға. Тыңдармандар хаттары бойынша жасалатын «Сәлеметсің бе, ­замандас?» хабары екен. Ел-жұрт асыға күтіп, сүйіп тыңдайтын жақсы хабар. Ең әуелгі беташар нұсқасын жеті-сегіз жыл бұрын Дінәш Нұрмұханбетов аға жасаған екен. Желпінген сезімге, сыршыл ойға меймілдей тұнған хабар. Сан түрлі мамандық иелерінің жер-жерден жазған хаттары күн сайын ағылып келіп жатады. Айына бір рет берілгенше хаттар үйіліп қалады. Ақтылы қой соңындағы шопан мен машинасын құйғытып жүрген жүргізуші, тракторын гүрілдетіп жер жыртқан диқанның жазған хатындағы ойларына ой, сөздеріне сөз қосып, сезімдеріне от беретін әуезді әуенмен өрнектеп әуе толқынында шер тарқататын «Сәлеметсің бе, замандас?» хабарының талайын тыңдағаным бар. Хаттарды оқуға театр артистерін қатыстырады. Олай болмаған жағдайда лирикалық даусымен тыңдамасыңа қоймайтын таңғажайып дауыс иесі диктор Сауық Жақанова мөлдіретіп жүргізеді. Кеме-аға жасайтын хабарыңа үлгі-нұсқа болсын деп, бұдан бұрын эфирден өткен бір хабардың мәтінін қолыма ұстатқан. Өзі 50 минуттық еркін ойлы хабар ғой. Хат иелерінің біреуі ішкі сырын жасырмай ақтарыла айтады, екінші хат иесі адамгершілік, махаббат, адалдық тұрғысында ой өрбітетін үнімен үндеседі; Арқаның қиырдағы бір ауылынан аты-жөнін ғана көрсететін тыңдаушы замандасымыз аяулы анасына деген перзенттік сезімін жеткізіп, әйгілі әншілердің орындауында ән беруімізді сұрайды. Әннің атын, авторларын ғана қағазға түсірмей, сүйіп тыңдайтын әншілерінің атағын қоса жазады. Жер-жерден жететін хаттардың тақырып аясы да ауқымды. Ішінде әдептілік, әдемілік, қазақы салт-сана, дәстүріміз жөнінде де әуезді әңгіме қозғап, келесі хабарда көтерілетін ойға ұйытқы ­болады. Мен хабарды барынша тың ой, сезім серпілісімен жасауға тырысып бақтым. Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйінің енді ғана кең тарала бастаған уақыты еді, жырақтан бір тыңдаушымыз сол күйді көңілінен кетпей жүрген ғашық қызына арнап беруімізді сұраған екен. Кестелі тілмен қиуын келістіре отырып өтінішін орындадық. Сол секілді Алматы Ауылшаруашылығы институтының «Алтын дән» ансамблінің әншісі Айжан Тәженованың орындауында радиотыңдаушылар жиі сұрайтын «Анаға сәлем» әнін де Болат Әбділманов оқыған сыршыл хат мазмұнымен жымдастыра үйлестіріп жібердік. Хабардың музыкалық режиссері Әбдіхалық Досмаған­бетов пен дыбыс режиссері Оңал Серғазиева апай, «Замандасың» жақсы шықты. 1-қаңтар күні ас үйдегі радиодан да тыңдаймыз ғой» деген. Ол кісілер дәл солай тыңдады ма, жоқ па – білмеймін, алайда Қазақ КСР Теле-радио комитетінің төрағасы Хамит Хасенов тыңдапты. Одан бейхабармыз. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні, қаңтардың үшінде ертелетіп Кеме-ағаға сәлем берейін деп кабинетіне кірсем, ол кісі кіре беріс сол жақта тұрған МЭЗ аппаратының алдында үлкен пленканы ұясына қондырып тыңдағалы ­жатыр. Қосқалы тұрғаны бірі күнгі эфирден өткен «Сәлеметсің бе, замандас?» хабары екен. Түрі сондай әбіржулі. Маған біртүрлі ұнатпай қарады. «Хабарыңды тыңдаған жоқ едім, мынаның ішінде не бар, не бүлдірдің? Хамит Хасенов тыңдаймын деп сұратыпты» деді. Мұндаймен ұшырасып отырғаным алғаш рет. Комитет төрағасы көңіл бөліп, шұқшиятындай артық ештеңе жоқ секілді еді. Жай радиотыңдаушылар хаттары ­бойынша жасалған «Сәлеметсің бе, замандас?» сырласу хабары ғой. ­Солайы солай болса да, не дерімді білмей абдырап тұрып қалдым. Бір жайсыздықты күткен Кеме-аға хабарды бәрібір бастан-аяқ тыңдай алмады. Апталық ­лездеме өтетін үлкен жиынға асықты. Жыл басы болғандықтан бұл жолғы лездемені ­комитет төрағасы Х.Хасенов теледидар мен радио хабардың бас редакторлары, бөлім меңгерушілерін бірге қатыстырып өткізбекші екен. ­Содан Кемелбек аға келгенше май ішкендей болып, «ойпырым-ай, не болар екен?» деумен тыпыршып отырдым. Не жұмыс істей алмай, не орнымда байыздап отыра алмай жаман күй кештім. Сөйтсем, бекер-ақ қорқыппын. Сағат ­жарымдай уақыттан кейін бөлмеге Кеме-аға жарқылдап кіріп келді. Жазық маңдайы одан да жарқырап, жазыла түскен. Шуақты көзінде әдемі нұр ойнайды. «Әй, батыр, сен ерледің! Жаңа жыл күнгі хабарыңды комитет төрағасы Хамит Хасеновтың өзі аяғына дейін тыңдапты. «Авторы кім?» деп сұрады. ­Орнымнан тұрып, сенің жұмысқа енді ғана тұрғаныңды, бұл жас маманның жасаған тұңғыш хабары екенін айттым. Өте риза ­болып, «қызметке осындай жастарды көбірек алу керек!» деді. Енді осы бетіңнен танба, Талғат!» деп қолымды қос қолымен қысты.
Сол күннен бастап әр аптаның ­бей­сенбісі сайын әуе толқынына шығатын «Пионер серігі» радиогазетін ­жасай ­бастадым. Негізгі авторларым әр облыстағы Қазақ радиосының меншікті тілшілері. Бірақ арасында балаларға лайықтап жақсы материал жаза алатындары аз. Өзіміздің редакцияда қатар отырып, балаларға арналған хабарлар жасайтын Қатира мен Болат, ара-тұра бәріміздің жұмысымызға бағыт-бағдар беретін Сәбит ағамыз араласады. Мен де олардың хабарларына үзбей қатысамын. «Ұшқын» жастар бағдарламасына да радиоочерк, суреттеме, ­репортаждарымды ұсынамын. «Сәлеметсің бе, замандас?» бағдарламасын тұрақты жүргізуді ­мойныма меншіктеп беріп қойды. Сондай материалдарымның біразы лездемелердегі апталық шолушылардың жақсы лебізіне ілікті. Тіпті ақпанның ақырған аязды күндерінде Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті, Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігі, Қазақ телевизиясының «Құрдастар» бағдарламасының және «Лениншіл жас» газеті мен «Ұшқын» бағдарламасының ұйымдастыруымен өтетін республикалық комсомол-жастардың жас шопандар бригадаларын аралайтын сапарына барып, бір сағаттық хабар жасадым. Газеттің Целиноград, Қарағанды облыстарындағы меншікті тілшісі Айқын Несіпбаевтың материалды өзің жаза салсаң қайтеді деген өтінішін орындап, қос беттік мақала жаздым. «Лениншіл жас» пен «Қазақстан пионері» және басқа да басылымдарда жарияланып тұратын осындай материалдарым Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінде баспасөз секторының меңгерушісі болып қызмет істейтін Уәлихан Қалижанов аға­мыздың назарынан тыс қалмайды екен. Жазушы Бейбіт Қойшыбаев «Білім және еңбек» журналына бас редакторлық қыз­метке ауысып, ол кісінің орнына Уәкең редактор болып бекітілді. Ол кісі Махмет ағамен университетте бірге оқыпты. Кемелбек ағамен де қарым-қатынастары жақсы екенін іштей аңғарып жүретін едім. Бір жолы жасаған хабарыма қол қой­ғызғалы барғанда, «саған Уәлихан ағаң хабарласқан жоқ па?» деп сұрады Кеме-аға. «Жоқ». «Ендеше бір-екі күнде ха­барласады. Сені газетке қызметке ша­қыр­мақшы. Мен қатардағы тілшілік жұмысқа жібере алмаймын дедім. Бөлім бастығы етемін деді. Солай өсірсең ғана жіберемін. Әйтпесе, Талғат өзімізге де керек, диплом алғаннан кейін өзімізде де өседі» дедім.
Осылай менің курстастарым оқумен болып жүргенде, мен Қазақ радиосынан республикалық «Қазақстан пионері» газетіне бөлім бастығы болып ауыстым. Бұл сол уақытта айта қоярлықтай үлкен қызмет еді. Сөз жоқ, өз қабілет-қарымымның арқасы шығар, десе де Кеме-аға жетекшілік еткен шығармашылық ортаның да көп пайдасы тигені күмәнсіз. Жазу өнеріне ысыла түстім, елмен араластым. Сөйтіп, уақытымнан қалмайын деген талпыныспен жүріп, отбасын құру деген өмірлік мәселені ысыра беріппін. 1982 жылдың күзінде ­Алматыда оқитын студент інім Ергебек торға тұтылған шортандай шоршытып жіберді. Ауылдан әкеміз: «Немене, Алматыда алатын қыз таба алмай жүр ме? Онда ауылға келсін, ана пәленшенің қызын әперемін!» деп сәлем айтып жіберіпті. Бұл сөзі тез арада үйленбесең, қол-аяғыңды байлап-матап пәленшенің қызына қоса саламын дегендей ауыр әсер етті. Сол күні, арамызда үйлену туралы сөз болмаса да, жұмысында жүрген Нұрбақытқа барып әңгіменің ашығын айттым. Нақты әңгіме! Мен оған «тиесің бе?» дедім, ол «аласың ба?» деді... Шегінетін жер жоқ, сол күні жұмыстан соң, қас қарая Кеме-ағаның үйіне алып бардым. Әңгіменің ау-жайынан хабардар Сара әпкеміз де бірден шешімді сөздерін айтуға кірісті. Кеме-аға сәтін келтірген тұста көзін қайта-қайта қысып, қызың ұнайды деген ойын ұқтырды.
Қысқасы, бірер айдың ішінде үйленіп тындық. Сара әпкем мен Африза (Рахымбай Ханалиевтың келіншегі) екеуі бүгінгі «Қазақстан» қонақүйінің іргесіндегі «Арман» асханасына барып, дастарқан мәзіріне байланысты бүкіл шаруаны өздері шешті. Желтоқсанның 4-і күні тойдың дүрмегімен жүрдік. Осылай біз де бір үй болып қатарға қосылдық.
Арадағы көп жылдың нәтижесі – ұл-қыздарымыз өсті. Содан үлкен қызым Гүлмира ерге шыққан кезде Сара әпкеме тойға барасыз, тойдың төрінде орныңыз болады деп қолқа салдым. Қатты қиналып жүргеніне қарамады. «Қанша ауырсам да, жолдың ауыр екенін білсем де, сөз жоқ, сенің қуанышыңа ортақтасамын» деп Жезқазғанға барды. Келесі күні түні бойы жайсыз шоқалақ жолмен тоқтаусыз жүріп Қарағандыға жеттік. Сонда құдалық дастарқанын өткізіп, пәлен күн ­дегенде ­аяулы Алматымызға оралдық. «Бұл қуаныштың орны бөлек, бұл сендердің қуаныштарың... Баяғыда қалай үйленгендеріңді көріп едім, мынау да мен үшін бір қызық, естен кетпес әсерлі оқиға болып қалды» деді әпкеміз қиналғанын ұмытып.
Кенже ұлым Дархан үйленген кезде Сара әпкеміз арамызда жоқ еді. Өтінішімді Кеме-ағаға айттым. «Егер ортамызда болса, Сара әпкем тойдың төрінде болар еді. Енді сіз жүріңіз» дедім. Не керек, жадыраған жаздың қақ ортасында Тараздан келін алдық. ­Кемелбек аға бастап барды. Аталық батасын берді, көп кісі жиналған той төрінде тұрып Абай атамыздың жүз жылдық тарихы бар махаббат әнін салды...
Өмір шіркін той емес екен. Бақыттың бағасын аман-сау жүргенде білмейтін көрінеміз. Басымызға алмағайып күн туған кезде ғана аңырып қалады екенбіз. Дәл осындай жағдай Кеме-ағаның басына келді. Жаман ауру ол кісіні де шыр айналдырды. «Менің туу туралы куәлігім жарты жыл кешігіп алыныпты. Оны анам марқұм айтып отырушы еді. Сол бойынша есептесем, тура 80-ге келіппін. Асарымды асадым. Алланың жазған қызық-қуанышының бәрін көрдім. Өлімнен қорықпаймын» деді.
Бұл 2019 жылдың ерте көктеміндегі әңгіме еді. Кеме-аға қажетті дәрігерлік құжаттарын алу үшін көп сарсылды. ­Жанында Сәкені жүрді. Сондай күндердің бірінде: «Басыңа түскен соң көреді екенсің, көнеді екенсің. Зертхана қағазын алу үшін Алматының ана шетіне шабыламыз, мына шетіне сарсыламыз. Әйтеуір жанымда Сәкенім бар. Егер ол болмаса, онда не ­болар еді?» деді күйініп. Артынша Гагарин мен Өтеповтың қиылысындағы Алматы қалалық онкологиялық ауруханасына ­жатып, ота жасатты. Жағдайынан хабар алып отырдым. Өзі әуре болмай-ақ қой, кейін жолығармыз деген.
Содан жұма күні Еркін Жаппасұлымен ұшырасыпты. Екеуі кезіксе, әңгіме-дүкен құру үшін «суат» жағалайтын еді. Сол дәстүр бойынша жақсы отырған. Еркінді жұмыс ­орнына шығарып салғаннан кейін ойына мен оралыппын. «Әй, Талғат, сен мені іздеуді қойдың ғой» деді. «Ой, Кеме-аға, уақытты ұзатып алыппын. «Жүз грамм» кешірім сұраймын. Жексенбі күні кездесейік» дедім айыбымды әзілге жеңдіріп.
Келісім осылай түйінделген. Бірақ сенбі күні мен бір кісілермен кездесіп, тәртіп бұзып қойдым. «Жексенбі күнгі кездесуімізді бір күнге тездетейік, жағдай солай болып қалды, Кеме-аға» деп едім, «мен дайын» деді. Солай арада сағат жарым өткен соң «Рахат» кондитер фабрикасының қарсы бетіндегі кафеде кездестік. Ол кісінің кескініне қарасам біраз ысылып қалыпты. Жүрісі де сәл өзгергендей. Содан-ақ отаның ауыр тигенін ішім сезді.
– Дүйсенбі күні қайтадан ауруханаға жататын болып отырмын. Дәрігерлер де асықтырып жатыр. Сәкен де «тездетіп химия алмасаңыз, арты жаман болып кетеді» дейді. Емдеуші дәрігерлер де бірдеңені білетін шығар. Басқа салғанды көреміз, – деп, ол кісі әңгіме арасында жағдайын сөз етті.
Әдеттегідей әдемі отырдық. «Енді менің де дәмімді татып көр» деп, Кеме-аға кәуәп алдыртты, графинге «зәмзәм» судан қосымша құйдыртты. Әңгімеміз одан кейін де жарасып ұзақ отырдық. Жеңіл машинамен апарып салғым келіп еді, «жоқ, әуре болма, кеше де кештетіп барып едім» деді.
Кеме-ағаның сол күнгі жүрісі де, сөзі де сезік алатындай емес еді. Әттең, дәрі­гер­лердің біліксіздігі... Ауыр химиядан соң қайтадан химияға салмай, араға айлар жү­гірт­кенде Кеме-аға жер басып жүре берер ме еді.
«Мен де жаман ауруға шалдығып, алты рет химия алдым. Дәрігерлер ай толмай химия бергісі келіп еді, көнбедім. Әр үш ай сайын, көңіл күйім бір жөнге келген кезде ғана алатын химиясын алдым. Міне, содан бері 6-7 жыл өтті» деді Кеме-ағаның ҚазМУ-де бірге оқыған, бөлмелес болған курстасы, ақын Рафаэль Ниязбеков ағамыз. Шіркін-ай, ол кісі химияға жатар алдында неге сөйлеспеді екен деген өкініш қалды менде...
Бірақ бұл бертінгі әңгіме. Оған дейін, Кеме-аға ауруханаға екінші рет жатқан соң, Еркін екеуміз жағдайын білуге әдейілеп бардық. Барсақ, қызы Айгүл қасында екен. Бізді көріп ағамыз төсегінен ауырсына тұрды. Соның алдында ғана дәлізде жығылып, бұғанасын қатты ауыртып алыпты. Әйтеуір сынудан аман екен. Тілі күрмеліңкіреп сөйлегендей сезілді. Бекер болмады онысы. Химия жүрегіне әсер етіпті. Инфаркт алған деді.
– Кеме-аға, әлі-ақ тұрып кетесіз. ­Суаттайтын жерде жүз рет кездесеміз, – деп күлді Еркін.
– Оған сөз бар ма? Сен дайын болсаң болды ғой, – деді жымиып. Одан кейін демалсын деп қасында көп отырмадық. Онда да Кеме-ағаның түрі кете қалатындай емес еді...
Арада екі күн өткенде ол кісіге барғым келді. Жағдайы қалай болды екен, көрейін деп «Сарыағаш» суын алып бардым. Кешкілік мезгіл болатын. Бөлмесіне кірсем, қабырғаға бетін бере қырындап ­жатыр екен. Жанында Айгүл. «Папа, Талғат аға келді» деп еді, сол күйі қозғалмай жата берді. «Кеме-аға, ассалаумағалейкүм» деп даусымды шығара амандастым. Ол кісі естіді, бәрін білді. Әсте қозғалып әңгіме айтудан қалған болу керек. «Папам ­жылап жатыр» деді Айгүл. Сол сөзінен кейін басымды асырып, қабырғаға бетін беріп жатқан Кеме-ағаға төбеден төне қарадым. Жас тамшылары көзінің қиығын төмен қарай қуалап аққанын көзім шалды. «Кеме-аға, Кеме-аға...» деп, қалтамнан орамалымды алып жасын сүрттім. Бұл менің ол кісімен ұшырасқан ең соңғы сәтім еді...
Ішім ұлып тұрды. Басыма, «Әй, мынау жақсылық емес... Ұзаққа бармайды-ау» деген жаман ой келді. Қасында көп отыра беруге болмайды, сондықтан да жақсы сөзімді айтып сыртқа шықтым. Шыққан бойда Түркістандағы ең жақсы көретін інісі Құлбек Ергөбек ағаға телефон шалдым. «Кеме-ағаның жағдайы қиын, ұзамайды-ау» дедім ойымды жасырмай.
«Жаманның айтқаны келмейді, сан­дырағы келеді» деген. Сөзім айтқа­нымдай болмаса екен деп едім, жоқ, келесі күні таңертең Құлбек ағаның телефонмен айтқан азалы хабары жетті...

* * *

Қайран Кеме-аға! Әкеден бірге туған ағаларым баршылық. Алайда сіздің орныңыз алабөтен еді мен үшін. Сол себепті де саз өнерінің саңлағы Әсет Бейсеуовтың «Ағаларым» әнін еріксіз еске аламын.
«Аңқылдақ айналайын ағаларым,
Сағынсам іздеп барар паналарым...».
Кеме-аға, сіз менің аңсап баратын аяулы ағам едіңіз! Екі жағыңызда Еркін екеуміз еркелеп отырушы едік. «Сен екеуің мені жазушы еттіңдер ғой» деуші едіңіз үнемі...
Өміріңіз үзілді. Қаламыңыз қозғаусыз қалды.
Менің сізге деген құрметім зор еді, Кеме-аға! Ал Еркін өзін құрдасыңыздай ұстаушы еді. Енді екеуміз де жалғызсырап жүрміз. Жиі еске аламыз. Еркін «суаттайтын» жерден өткен сайын жоқтайды... Ал мен...
«Ерлердің ағасы бар, жағасы бар,
Алдыңда ағаң болған,
Алдыңда ағаң болған қандай жақсы...» деп, өзіңізбен ендігәрі ұшыраспайтынымды ойлап таусылмас мұңға батамын...
Иә, Кеме-аға, сіз мен үшін ағалардың ағасы едіңіз!.. Өмірімнің ең бір жақсы, тәтті күндерін өзіңізбен бірге өткізгенімді бақытқа балаймын...
Бірақ қашанда бақыттың жолы осылай-ау...

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы

2416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7248

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6225

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3966

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3356

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3315

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3284

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3012

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3000

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы