• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2020

Жүректегі жазулар

Жан жадыратқан жасын

Бірден айтайын, бір мезетте-ақ, о баста өзге түгіл өзіме де түсініксіз тілде сөйлеп шыға келдім. Былдыр-шүлдір сөз-сөйлем айтып шатып-пұтып отырғанымда, алғаш әйел есі ауысқан екен деп, мән бере бажайлай, айтқандарымның қисынды әуез-екпінмен дөп түсіп жатқанына қарап, біртіндеп мән бере бастады.
Бұл кейіпке түсуімнің, яғни бір түнде түсініксіз тілде сөйлеп шыға келуімнің себебі бар.
Ауылда, айдалада қиял кезіп жүрген жерімде – дәл төбемде найзағай шатырлап бұрқ етіп табан астыма, табаны несі, мен қонақтап отырған қара ағаш түбіне нән жасын түсіп... есімді ауруханада жиыппын.
Құдай сақтап аман қалып, ес кіргеннен осы бір түсініксіз тілде былдырлай беріппін.
Мамандар зерттеп, ақыл-есімнің дұрыстығын айтып, ал мына шүлдір-бүлдір бекер емес, не болса да жасынның миға әсері деп біліп, шүлдір-бүлдірдің анық-қанығын тіл мамандарына сырғытып құтылыпты.
Тіл мамандары да тыңдап көріп, мен айтқан сөз-сөйлем атаулыдан – бұл бір көне кездегі ата-бабаның тілі, төбеден түскен жасынның әсерінен мида ерекше құбылыс болған, содан мыңжылдықтардағы көне тіл қозып бұған бұйырыпты деп шешіпті.
Күнде жанымда, көз ашқаннан әйелге сол тілде шүлдірлейді екенмін... Дұрысы – өз тілім де жанымда қалыпты. Іле-шала аудармасын айта қоятындікі ме, әйел де түсіне бастағандай.
Ал қатынмен қағыса қалғанда – көне тілді бұрқ-сарқ қағытып, айтарымды сол тілде шұбыртып көсілемін дейсің...
Әрине, аудармасын бүгіп қаламын.
Алғашқы ғажабы осы болса, келе туған-туыс, дос-жаранмен керілдесе қалғанда, айналайын ата-баба тіліне ерік беремін. Аузымнан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқаны бір өзіме ғана аян.
Айызым қанып, шерім тарқап шікірейіп мен отырамын, түсініксіз тілде бұрқ-сарқ болған маған қарап көпшілік мәз...
Ғажабы – қызметте керемет! Айда кеп көсіліп еш іркілмей қарсы келген кез келгенді іреп-соямын...
Дүниеде ойыңды іркілмей айта алудан ғажап нәрсе жоқ екен.
Әсіресе бастықпен бетперде ашарда ғажап... Іркілмейсің! Айтып-айтып тастағаныңдағы сезім-күйдің әсерінен – қалай ғана риза кейіппен ыңылдап ән айтып кеткеніңді де білмей қаласың.
Әркімнің қай тілде сөйлеуге құқығы бар мына заманда эфирге шығып, теледидардан ағыл-тегіл ағытылатынымды айтсаңшы... Көбіне оппозициялық теледидар шақырып, қазіргі тілде «мына мәселеге қалай қарайсыз?» десе болды, ойхой, көне тілде көсілгенімде... түсінбесе де – ым, ырғақ, екпін-әуеннен не деп жатқанымды ел-жұртым біліп риза болысады-ай!.. Естуімше, есімім жоғарғы жаққа да белгілі болыпты... Ал керек болса, бұны бақ қонбады деп кім айта алады.
Қызды-қыздымен көне тілде көлемді мақалада жазып жарияладым... Көлемді қаламақы төлеп, айтарыңыз мына мәнде болса деген баспасөзден де тартынбайтын болдым.
Несін айтайын, айналайын қара ағаш түбіне қиял кезіп қайдан ғана бара қалып едім... Жа­рықтық жасынның арқасында ұмыт болған көне тіл тұла бойы­ма тұмар болып бұйырып, қазір менен өткен белді белсенді жоқ.
Өкімет те қарап қалмады, сонау шетелдік белді мін­берден сөз алып беріп, айда кеп айтарымды айтқызды...
Енді міне, көне тілді қанағат тұтпай, тағы да Тәңірдің басқа бұйыртары болып қала ма деп дала безіп, баяғы қара ағашқа тағы да кетіп барамын...

ТҮПТАМЫР

Мектептің мығым сыныбындағы Бекіре бала мұғалімнің «Сыбайлас жемқорлықтың түптамыры» атты үйге берген тапсырмасын орындау үшін әкесін көмекке шақырады да, сыбайлас жемқорлықтың түп тамыры қандай екеніне түсінік беруін өтініп отыр еді, әңгімеге шешесі араласады.
– Қатарластары шетінен көліктің су жаңа шетелдікін мініп, балаңды саптан шығарып санынан түртеді екен!
– Оқуын бітірсін, қызметіне кіріссін.
– Баланы қатарынан қалдырмау парызымыз! Ана қызыңның спорттық көлікке ауысып мінемін дегеніне де алты айдың жүзі болды. Менікі де модыдан қалды. Мінгесін «Мерседес-Бенстің» белдісін мінгім келеді.
– Көкежан, неғыл дейсің, кертіп бере берер атадан қалған мұра жоқ! Айлық-шайлығымыздың алаңқайы өзімізге де, өзгеге де белгілі, онымен велосипед қана мініп қалар едіңдер...
– Оу, немене, мына аласапыран заманда алашағыңның алақанынан итеріп отыра бермекшімісің!
– Өткендегің анау, кеуделеп килігіп істі бұздырып, өмір бойы түрмеде отыруға тиістіге он жыл беріп үкім оқығандығым есіме түссе, әлі күнге тұла бойым шымырлайды.
– Зато, әне содан келген сом дүниеге еңгезердей екі қабатты үйің еңсе көтеріп бітуге тақау.
– Енді неғыл дейсің!?
– Момыным, айналдым, білдім – өзіңде тағы бір тағдыр талтайып тұр екен... Баяғы табатындары мен, берерлері біразға жетеді, ана бір істі «оңынан» шеше салсаң деймін.
– Оның оңаймен біте қалмасын білсең ғой! Бір менің бітіре салар ісім де емес.
– Білдім, басқасы ыңғайға жығылыпты, тек сен жақтан қолдау болса деп отыр екен... Шал-ау, ақылға келші, бір бала деп баз кешіп жүр емеспіз бе! – деп шешесі көз жасына ерік бермесе де күйеуіне еркелей мойнына асылып еді, ет-сүйектен жаралған пенде емес пе, ол күрсіне күшеніп мойын ұсынған болды.
...Әкесі болып өткен әңгімеден сәл-пәл есеңгіреп отырып, баласына:
– Жаңағы үйге берген тапсырмаңды тағы бір қайталашы? «Сыбайлас жемқорлықтың түп тамыры» дейсің бе? – деп, баласына алыстан орағыта түсінік беруге ыңғайлана беріп еді, түйсікті баласы:
– Әке, мен «түптамырды» енді түсіндім!.. – деп орнынан тұрып кетті.

БІЛГІР ШӘКІРТТЕР

Мұғалім ең ересегі он жасқа толар-толмас оқушыларының бастауыш сыныпты бітіретін соңғы сабағын өткізіп жатып, тұлымды түлектерінің білім деңгейін, ой-өрелерін байқамақ болып, соңғы сұрағын қояды.
– Еліміз ілгері озып, бұдан да тәуір тұрмыс орнау үшін нендей өзгерістер қажет деп ойлайсыздар? – деп еді, бүткіл бала қол көтеріп: «Мен айтайыншы» деп жарыса шулағанда, мұғалім «Қандай ғажап!» деп мәртебесі өсіп, марқайып қалды.
Не дер екен деп, сыныптағы үлгерімі өте нашар оқушысына алғаш рет мейірім төге ілтипатпен «Сен айта ғой» деп еді, кідірмей айта жөнелді.
– Экономикамыз түзелді. Ендігі жерде саяси реформа қажет. Билік халыққа жақындап, көптің мұң-мұқтажын тыңдағаны жөн. Коррупцияны ауыздықтап, әділ де тәуелсіз сот үстемдік құрып, нағыз демократия жолымен нық қадам басуымыз қажет, – дегенінде, мұғалім: «Айналдым, айтқаның келсін, қысқа да нұсқа қандай ғажап тұжырым айтылды» деп, оны әрі қарай айтқызбай отырғыза салды.
– Ал кейін өздерің халыққа қайтып қызмет еткен жөн деп санайсыңдар? – деп еді, ойпыр-ай, бар оқушысы қол көтере, кейбірі «Мен айтайыншы» деп ентелеп орындарынан тұрып кетіпті.
Артқы жақта ылғи да жым-жырт өзімен-өзі отыратын маубас оқушысының да селқос көтерілген қолын байқап: «Сен айта ғой» деп, жанына тақап барып тұрды.
– Депутат болған жөн... Біз есейгенге дейін депутаттардың өкілдігі артып, Үкіметті толық айтқанына көндіретініне сенімдімін. Сонда халықтың жағдайы жақсарады, нағыз демократиялы ел болуға қадам жасалады, – дегенінде мұғалім бұл оқушысының басынан сипап, маңдайынан сүйді.
Мұғалім бір сәт: «Ойпыр-ай, сыныптағы маубастың жауабы мынау, ал қалған қағілез де қағып алма жиырма шәкірті бұл сұрақтың майын тамызып, түбін түсірері сөзсіз-ақ!» деген ойға беріліп, ер кезегі үшке дейін – сырт әлемнен сырғып сыныбына еніп, «Қалай болар екен, не дер екен...» деп, жүрексіне білгір саналатын оқушыларына:
– «Кел балалар оқылық,
Оқығанды көңілге –
Ықыласпен тоқылық!» деген өлеңді қай аталарың айтып еді? – деп еді, ойпыр-ай, үнсіздіктен шыбын ызыңы естілгендей.
Мұғалім мына үнсіздіктен ыңғайсызданып, оның үстіне бүгінгі бастауыш сыныпты бітірер соңғы сағаттарында тығырыққа тіремей-ақ қояйын деп: «Олай болса, бастауышпен қоштасар сәтте, біріңнен соң бірің тұрып, екіліктен тартып ондықпен аяқталар «көбейту кестесін» айтып жіберіңдер» деп еді, жым-жырт... шыбынның да ызыңы естілмейді...
Мұғалім бір сәт орнай қалған өлі тыныштықтан өзі де қобалжып: «Ата Заңға қандай өзгерістер енгізген жөн?» деп қалғанын аңғармай да қалды. «Мен айтайыншы!» деген айғайдан селт етіп, сол сәт айналайын қоңырау соғылып, мұғалім білгір шәкірттеріне риза кейіппен: «Алдыларыңнан жарылқасын, осыларыңнан танбаңдар!» деп батасын беріп қала берді.

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан

917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5812

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5480

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2604

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2565

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2544

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы