• Тарих
  • 23 Қыркүйек, 2020

Ерлігі аңыз болған Қасабай батыр

Ер Қасабай дегенде көз алдыңызға алдымен Алакөл-Балқаш ойпатында өткен атақты Аңырақай шайқасы елестейді. Семсер тағынып, найза ұстайтын Тоқпақ руының ер-азаматтарын маңына топтастырған 17 жасар Қасабай осы шайқаста ерекше көзге түседі. Хан ордасының бас сардары Қабанбай қолына қосылған соң, төзімділігі майдан даласындағы жағдайды жіті бағамдайтын тапқырлығы, ұрымтал тұсты қалт жібермейтін қырағылығы арқылы тез танылады.
Қасабай батыр ХVІІІ ғасырдың басында қазіргі Алакөл ауданындағы Көктұма елді мекенінде дүниеге келген. Орта жүздегі Найман руы Қаракерей тармағының Тоқпақ атасынан шыққан. Қасабай батыр қазақ елін жоңғар хандығынан азат ету жолындағы күреске белсене қатысып, Қабанбай батырдың серігі, мыңбасы болған адам. Аңырақай шайқасы мен Сайрам соғысында жоңғар батырларымен болған жекпе-жектерде жеңіске жеткен. Қасабай батырдың әкесі Шақардан 5 ағайынды ұл дүниеге келген. Шақардың бірінші әйелі Торқабикеден Ырысбай, Қасабай туады. Шақардың екінші әйелі Қазынабикеден Жауқашар, Оразбақ және Ноғас туады. Халық оларды «Бес Шақар» дейді.
Абылай ханның ақылшы серігі болған әйгілі Бұхар жыраудың:
Қасабай, Шөрек пенен батыр Жанбай,
Айқасты ата жаумен жан-жақты.
Баймұрат, Тентек батыр, балуан Қасым,
Бұлардың маңайына жан батпады, – деген жыр толғауынан Қасабай батырдың ерекше күш иесі болғанын аңғаруға болады.
Қасабай батыр із кесіп, жаудың келіп-кететін бағытын біліп отырған. Ұйымдастырушылық қабілеті де зор, сөзге шешен, айтқанына берік әділдігі айқын жан. Ол ешқашан мінген атын тұсамаған және арқандамаған. Керек еткенде жануары қасынан табылған. Бірде Уақ батыры Баян, Байғана Шөкімән және тоқпақ Қасабай намаз оқып отырғанда аттары қашып кетіпті. Сонда серіктер Қасабайға:
– Құдіретіңді көрсетші! – депті. Батыр күбірлеп жі­герлі сөздер айтқанда жануарлар өз иесіне оралған екен.
Бірде Абылай хан Тарбағатай өңірін басып ал­ған жоң­­ғарларды атамекенімізден қайтсек қуып шы­­ғамыз деп, бір топ батырларды шақырып кеңес құ­рады. Осы жайында Кәрібай ақын былайша жырлаған екен:
Қабанбай, ер Бөгенбай, батыр Барақ...
Бердіқожа, Қасабай, батыр Жантай,
Қаз дауысты Қазыбек, өңкей саңлақ...
Барлығына Қабанбай қолбасы боп,
Айқасты ата жаумен бірнеше рет...
«Шорға соғысы» аталған осы сексен күнге созылған ұлы шайқаста аттары аталған батырлардың мерейі үстем болып, Тарбағатай, Құлыстай өңірлерін азат етеді.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел-тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Жетісудың жыр дүлдүлі, Ілияс Жансүгіров айтқандай, ел мен жер тағдыры талқыға түскен тұста, басын тәуекелге байлап, «егеулі найзасын» қолына алып, жауға қарсы шапқан Қасабай батырдың ерлік жолы және қазақ халқының барлық баһадүр қаһармандардың ерлігі мен өрлігі, ақылы мен парасаты, қайсарлығы мен төзімділігі ұмытылмайды. Олардың есімі бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін қастерлі де қадірлі ұғым.

М.Қалиева,
Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі

3387 рет

көрсетілді

540

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы