• Тарих
  • 08 Қазан, 2020

ЖЕР – КИЕ, ЕЛ – ИЕ

(Экологиялық эссе)

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«Қазақ елі – Ұлы даланың иесі» деп мақтанғанда бөркіміз қара қазандай болатынымыз рас қой. Көгілдір көлдері, өлкені өрнектеп жатқан өзендері, аспанмен тілдескен биік-биік таулары, шетсіз-шексіз ұлан-ғайыр даласы бар осынау өлкені бізге мұраға қалдырған бабаларымыз емес пе еді?! Айналасы бір-екі ғасырдың ішінде-ақ сол мұраның біраз бөлігін өз еркімізбен, еркімізден тыс та көршілерге жырым-шеттіктеп бергеніміз, турасын айтқанда, біраз байлығымыздан айырылғанымыз да ақиқат. Қадіріне жетіп, қалғанына ие болсақ та қанағат. Алғандары оларға, қалғандары бізге құт болғай. Әлі де бүгініміз – күдік, ертеңіміз – күңгірт «Қорқамын бүгінгі жас балалардан» дегендей шығысымыз бен батысымыздан екі өкпеден қысқандай асты-үсті қазынаға толы жерімізге көз алартып отырған қос алпауыт елге қазақ деген халықтың қажеті жоқ. Оларға жеріміз қажет. Көрінбейтін қыл арқанмен байлап-матағандай ғып қарызға батырып тастап, «Қарызыңды өтей алмасаң жеріңнің бір бөлігін берге» шықпасына кім кепілдік берер? Олар мұнайы бар, мысы, болаты бар өндіріс орындарының біразын иемденіп те алды. Апырым-ай, қандай кеңқолтық, қандай «мырза» жұрт едік. Бір жолы Ертістің өз жерімізге ағар жоғары алқымына таяғанда қазақшалап тұрып: «Қытай жеріне қош келдіңіздер!» деп зәрені ұшырғаны бар. Сөйтсек, сол маңдағы біраз егістік жерлерді пәлен жылға алған шығыстағы көршіміздің біраз диқандары бар екен. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауы бұл мәселеде көңілге үміт ұялатып, «жер шетелдіктерге жалға берілмейді» деп үзілді-кесілді шешімін айтты.

Иә, Ұлы даланың иесіміз деп көңілімізді көркейтіп жүргенде ендігі еншімізге қалған қара жердің қадіріне қалай жетіп жүрміз? Табиғат-Анамыздың таңғажайып көркі мен сұлулығын сақтай алып жүрміз бе? Қазір әлем мұхиттары пәленбай тонналаған қоқыстарға толып, суасты тіршілігіне де айтарлықтай зиян тигізе бастапты. Қазір Жер шарының біраз аспанын көмірқышқыл газы тұмшалапты. Басқаны айтпағанда, Алматы аспанын тұмшалаған көгілдір зиянды түтін экологиялық талаптан бірнеше еседен артып тұр екен. Еліміздегі көптеген елді мекендер қоқыс тауларын тұрғызып үлгеріпті. Пойызға отырып сапар шексеңіз, жол бойының қос өңірі химияның жетістігі – қағанақ пакет-дорбашалар өсімдіктерге ілініп, желмен желпілдеп тұрғандарын көреміз. Қазір әр аудан жерінен құм-қайрақ, топырақ өндіріп, құрылысқа, жол жасауға алған карьерлерінің қалдырған жарақаттары үңірейіп-үңірейіп жатады. Оны қайтадан тегістеп кету ешкімнің ойына келмейді.
Жақында телеарнадан Аягөз жерінен жабайы түрде алтын өндірушілердің ­туысып жатқан құйқалы жайылымдықтың жерін ­аямай оңды-солды тілгілеп тастағанын көрсетті. Тәртіп сақшылары да ізім-ғайым. Жерді жекешелендіріп алған малшы шағымдануға тіркеуде жоқ «іскерлерден» қорқатынын айтады. Ауыл әкімі көрмепті, аудан әкімі естімепті. Алып техникалармен келіп, қара жерді қарс айырып жүрген үйірлі «старательдерде», былайша айтқанда ешкімнің жұмыстарының болмауы себебі біреу-ақ. Ол – «бармақ басты, көз қысты» дейтін емі табылмаған қиын дерт.
Айтпағымыз, қазынамыздың «ұста­ған­ның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқаны өз алдына, алып техникалармен қопарылып қалған жердің жарақатын кім жазар?! «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын». Бұны нағыз қаскөйлік деп білген жөн. Кен іздеуші жабайылар жалғыз Аягөз жерінде болса қанеки. Білінгендері, білінбегендері қаншама?!
Өзім тұрып жатқан Алматының «Құ­рамыс» шағын ауданындағы Кеңес кезінде әскери ветеринариялық мекемесі болған дейтін айналасы атшап­тырым бау-бақшалы ауқымды жерін толайымымен жекешелендіріп алған әлдекім жер іздегендерге бағасын келістіріп отырып сатып, қазір А.Сейдімбек атындағы үш көшесі бар үлкен кентке айналды. Қазақтың өз жерін әкесінен қалғандай кертіп-кертіп әлі де сатып жүруі – бұл басқа әңгіме, басқа проблема. Айтпағым, әлі де сатып үлгермеген кенттің шығыс бетіндегі күтімсіз жатқан баудың ішіне әлдекімдер түнделетіп келіп, құрылыс қоқыстарын төгіп кетіп жүр. Бұл немкеттіліктің түп-тамыры қайда жатыр? Меніңше, «Туған анаңды қалай қастер тұтып, қадірлесең туған топырағың Табиғат-Анаңды солай қадірле» дейтін ата-бабадан келе жатқан жазылмаған кісілік қағидадан жұрдай болғанымыз деп білемін. «Өзімдікі жүре тұрсын, өзгенікі тұра тұрсыннан» басталатын «басқалар не болса, ол болсын» дейтін сананы улаған ең барып тұрған қасиетсіздік дегеннен басқа не айтарсың.
Ел президенті биылғы ­Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» деп қадап айтты. Және жаңа экологиялық кодекстің жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. «Бәрекелді!» дейміз. Алайда, жоғарыда айтқанымдай, ата-бабадан ғасырлармен жалғасып, бізге жеткен табиғатты аялау жөніндегі қағидаттарды мүлде ұмытқандаймыз. (Бәлкім, ол қағидатты сақтап қалғандар «ақ сақалды сары тісті» болған біздің ұрпақ қана болар).
Демек, бұл «дертті емдеуді» Жолдауда айтылғандай: «Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет» деген пәрменін кезек күттірмей қолға алудың маңызы ертеңіміз үшін де мәні ерекше. Жасыратын несі бар, бүгінгі ұрпақтың жан дүниелерінің тым қасаңданып кетуі табиғатқа немқұрайлы қараулары ғана емес, жеткіншектердің бір-біріне пышақ жұмсап, аямай тепкілеп жатулары; жан-жануарларды – ит-мысықтарын тірідей қинап, тіпті өртеп өлтіргендері туралы хабарларды теледидардан жиі көретініміз; мысықты ағаштың бұтағына байлап қойып, рогаткамен «мергендік» сайысын өткізіп жатқандарын өз көзіммен көруім – осының бәрі жан түршіктірер оқиғалар. Осыған қарағанда отбасылық тәрбиені «баланы жастан» бастау қажет сияқты. «Бала кезден ата-баба қағидаттарын есте сақтап қалған біздің ұрпақ болар» дейтінім...
Бұл әңгімені туған жерді жатжерлік­терге жалға берудің, қолымыздағы байлығымызды жосықсыз үлестірудің ұрпақ кешіре алмайтын өлшеусіз қателік екенінен бастап едім. «Мұның экологиялық проблемаға қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындайтыны айқын. Жерімізді белгілі бір уақытқа жалға алсын-ақ, келісімді уақыты біткен соң кете қойсын-ақ. Алайда химикатпен уланған егістік немесе жердің қолқасын суырғандай кенін алып, тау-тау үйінділер, үңірейген үңгірлер қалдырған орындар бұрынғы кейпіне мәңгілік келе алар ма?! Демек, бұлар да экологиялық бүліншіліктің бір түрі. Осының бәрінің де бір себебі – әлі де санамыздың тәлім-тәрбиесіздіктен безбүйректенуі, мағынасыздыққа, бейжайлыққа қарай азғындануы деп білген жөн болар...
Ал бізді мектеп есігін ашып көрмеген, алайда баяғының адамдарынан бермен қарай жалғасып келе жатқан қазақы кісіліктің тәлімімен қалай тәрбиелеп еді?

* * *

Шамасы 4–5-сыныпта оқитын кезім. Маусым айы басталысымен қойларының жабағы жүнін қырықтырып, тоғыттырып болған соң жайлауға көшуге қойшы ­атаулы дүрк көтерілуге даяр отырғанбыз. Ферманың айналдырған үш-төрт түйесін кезегімен пайдаланамыз. Бір қойшының көшіне әкем мені де атқа мінгізіп ілестіріп жіберді. Міндетім – көшкен үйдің жүгін артқан екі түйесін айдап қайту. Ертеңіне екі түйені алдыма салып айдап келе жатқанымда оты қанбаған жануарлар жолдан шығып, сарыбас жоңышқаны шалып келе жатқан. Көліктерімді жолға қарай қайырумен келе жатқанымда бір ұшы шидің сақалына байланып жатқан он екі құлаштай арқанды көрейін. Жүк артуға жетпейтін арқанды көршілерден ала тұратынбыз. «Әке-шешем ертең біреуден арқан сұрап алмайтын болды-ау» деп қуанғанымнан арқанды шешіп, бөктеріп алдым.
– Әке, арқан тауып алдым, – дедім кешкілік әкеме мақтана сөйлеп.
– Ой, табыскерім-ай, қайдан тауып алдың?
– Таудан етекке түскендегі Мәті­бұлақ жазығынан. Бір ұшын шидің сақалына байлап қойыпты.
– Ой, бар болғыр-ау, бұл сол жерде қошқар бағып отырған Қожақанның атын арқандап жүрген мүлкі ғой. Бұның – табыс емес, тап-таза ұрлық. Дәл қазір атыңа мін де, арқанды иесіне апарып беріп, одан кешірім сұра.
– Ертең жолай берсе де болады ғой. Түн ішінде қорқып жүрер, – деп шешей қарсылық көрсеткен болып еді, өзіме ұрсуды білмейтін, бірақ бір тапсырған ісін екінші рет қайталамайтын әкей қабағын түйді.
– Жоқ, қазір апарып берсін!
«Бұйрық – қатты, жан тәтті» дегендей, кесірлі арқанды бөктеріп алып, қайтадан жолға шықтым.
– Әй, сенің әкең де тым турашыл адам. Ештеңе етпес, айналайын, сенің болашағыңа сабақ болсын дейді ғой, ол шіркін, – деп Қожекең ренішсіз сөзін қысқа қайырған.
Қарияның «...сенің болашағыңа сабақ болсын деген ғой» дегені есімде қалыпты.


* * *

Ертеңіне таң елең-алаңнан тұрған әке-шешем киіз үйді жығып, теңдерді буып-түйіп даярлап қойыпты, мен таңғы тамағымды ішіп болғанша, қос түйеге жүктерді арта бастаған. Әне-міне дегенше жүктер артылып болған соң, бір түйенің үстіне мен отыруға тиістімін.
– Балам, міндетіңді ұмытып кетпе, – деген шешейдің сөзінен кейін шынында көшкен кезде атқарар шаруамды ұмытып бара жатқаным есіме түсіп, жерде жатқан қараған сыпыртқыны алып, жұртты сыпыра бастадым. Қоқыстарды жерошаққа салып өртедім. Қалған отын – шырпы-тезектерді жинап, су болмау үшін ескі тулақпен жауып, үстін таспен бастырдым.
– Келесі жұртымызға келіп қонғанда саған алғысын айтатын болады.
Иә, мен әлі айтылмаған алғыспен тоғайып, түйеме келіп міндім.

* * *

Жайлау деген жұмақтай тура. Түйелердің жүгін түсіріп бола салысымен, отарымен кейіндеп алған әкей келгенше шешей уақытша итарқа тігіп болған соң демалуға қисаясың. Үйреншікті міндетім болған соң беткейде ақсөңке болып жатқан өртеңнен отынды, бұлақтан су әкеліп, шешей оянғанда даяр болсын деп, мосыға шәугімді іліп, от жақтым. «Енді не істесем екен?» дегендей айналама қарап, ескі жұртқа, беткейге түсті кілемдей болып, өсіп тұрған қызылды-жасылды әртүрлі гүлдерді араладым. Әрқайсысы әртүрлі түске боялып, әртүрлі хош иіс аңқытады. Иә, жайлау жұмақтай еді. Айнала, бүкіл жайлау үсті осынау көп түсті гүлдермен безеніп, ғажайып хош иіске елтіп, манаурап жатқандай.
Гүлдің әр түрінен бір-бірден жинағанда құшағыма толды.
– Тәте, мынаны қарашы, қандай әйбәт, – деп, жіппен буып алған гүлшоғымды енді оянған шешеме әкеліп көрсетіп едім, жарықтық қуанудың орнына қабағын түйді.
– Көк шөпті неге жұласың? Обал емес пе!
– Тәте, кешке қой келген соң бұлардың жейтінін жеп, қалғанын ақыры таптап тастайды емес пе, – деп, өз уәжімді айтқан болып едім. Ол:
– Жоқ, балам, көгергенді қой жесе, оны малға азық үшін Құдай жаратқан. Адам баласының жұлуы үшін жаратпаған. Олар да – тіршілік. Обал-сауапты білу керек.

* * *

Жайлауда бір қонып, таңертең ертелетіп көгендеулі қозыларды жайып келуге шешей қанша тербетсе де жылы төсегімнен тұра алмай жатқанмын.
– Тұра ғой, құлыным. Қозыларыңды өргізіп кел, – дейді шешей.
– Қазір тұрамын ғой, кішкене ғана тұра тұршы, – деп ұйқымды қимай жатқанда ол: «Ойбай, жылан!» деп мені төсегімнен жұлып алды.
Бір жағы еркеліктен, бір жағы тәтті ұйқы, жылы төсектің құшағын қимай маужырап жатқан басым мынау үрейлі сөзді естіген соң, үстіме суық су құйып жібергендей орнымнан атып тұрдым. Алақтап, жан-жағыма қарасам, жуандығы оқтаудай қара шұбар жылан жастығымның астынан шығып келеді екен. Ол дәл мені шаққалы келе жатқандай тысқа бір-ақ секіріп шықтым. Бір кезде шешей қысқашпен желкесінен қысып, жыланды солаңдатып, сыртқа алып шықты.
– Бұл салқын жайлауда жыланды қойып, маса-шыбын да болмаушы еді, жүкпен бірге келген ғой, – дейді.
Мен жүгіріп барып, күректі алып келдім де:
– Жерге тастаңыз, өлтірейін, – дедім батырсынып.
– Жоқ, балам, кез келген тірі жәндік те қу өмір үшін күреседі ғой. Тіршілігін сен қиып, обалына қалма. Үйге кіріп, қасықпен айран алып кел.
«Үрейлі пәлекетке айран ішкізгелі жүр ме?» деп ойласам да, тапсырмасын орындап, қасықпен айран алып келдім.
Шешей айранды жыланның басына тамызып:
– Жылан да болсаң тірісің, көп жәндіктің бірісің. Өмірің өзіңе аманат, баламды қорқытпай жайыңа жүр, пәлекет, – деді де қысқашты жыланымен маған ұстатты. – Анау жотадағы тастардың арасына апарып жібере сал. Сауабын аласың.
«Жыланнан да сауап бола ма екен?» деген сауал ойымда тұрса да «обал» деген сөзі ұмытылмапты.

* * *

Келер жылы тағы да жайлау үстінде отырғанда аңшы, мерген Байғазы үйге келе қалсын. Мойнынан тастамайтын опырмалы «ақшолақ» деп атайтын мылтығын асынып алыпты.
– Ағатай, мені де ерте кетіңізші, – деп жабыса түстім.
Ол әкемнің бетіне қарап еді, әкем:
– Е, барғысы келіп отыр ғой. Бұл да жігітке керек жеті өнердің бірі, үйрене берсін, – деген соң мен де қыратындай болып, атымды ерттеп, әкемнің қасқырларға абай болсын деп, түнде бірер дүркін аспанға қаратып тарсылдатып қоятын кең өңеш мылтығын, дара оқты патрондарын әзірлей бастадым.
Екеуміз түс ауғанша бірде-бір аң кезіктірмей, әлі малшылар жете қоймаған ұлы жайлауға – биік шыңдарға қарай бет алдық. Бір қолатқа келіп, аттарды тұсап қойып, алдымыздағы жотаға жаяу шыққанбыз. Денесі шағын болғанмен, тұла бойы шып-шымыр Байекең шөптің сылдырын білдірмей жолбарыстай тым епті екен. Маған да өзі сияқты жүру қажеттігін сыбырлап айтып қояды. Биікке жеткен соң екпеттеп жата кетіп, дүрбісін қолына алды.
– Құдай берді, балам, – дейді. – Бір топ арқар келесі беткейде жусап жатыр. Анау күзетте тұрған шаңырақ мүйіз құлжасын көрдің бе?
– Иә, көрдім, – деймін.
– Көрсең, сол құлжа біздің бүгінгі олжамыз болар, бұйырса. Біз қазір арқарлардың желке тұсынан анау мойнаққа шығуымыз керек.
«Жазған құлда шаршау жоқ» ­дегендей мергеннің соңынан ілесіп, мойнағына да сыбдырсыз шығып, бұғып жата кеттік. Нысаналарымыз көз алдымызда, әрі кетсе жүз қадамдай жерде жатыр. Ештеңеден алаңсыз қозылар ойнақтап жүр.
Алғаш рет аңшылық құмарлығым жеңіп, құлжаны нысанаға алдым. Қанша өзімді ұстайын десем де, қос қолым дірілдеп, құндақты да дұрыс ұстай алар емес. Сол кезде мергенім бойын тіктеп тұрды да, бар даусымен айғайлап қалсын. Арқарлар да таңдары ағараңдап дүрк көтеріліп жөнелді. Сандықтастың үстінен секіріп бара жатқан құлжаны көздеген болып, шүріппені басып қалдым. Іле-шала мергеннің атақты «ақшолағы» да гүрс ете қалып еді, қарсы бетке қарай жұлдыздай ағып бара жатқан құнан өгіздей құлжа бір секіріп барып, ұзынынан түсті. Мен жанұшыра мылтығымды екінші рет оқтап жатыр едім, мерген: «Жетеді!» деп қысқа қайырды. Құлаған құлжаның жанына келіп, кездігін суырды да: «Мал иесі, жан иесі кешу ет! Жануарда жазық жоқ еді, бізде азық жоқ еді» деп олжаны бауыздады.
– Аға, неге орныңыздан тұрып, ­дыбыс бердіңіз? – дедім.
– Інім, аңдаусыз жатқан аңды ­жасырынып жатып атқан мергенге сын. Айғайлағаным, бұл да аңшы мен аңның арасындағы болар шағын ғана әділ жекпе-жек. Қашып құтыла алса, жаны – олжа, өнерім асса, менің олжам. Атаң қазақ: «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген.
– Басқасын неге атпадыңыз?
– Тауыңның сәні болып жүрген жазықсыз жануарларды қырғындау ешбір есті мергенге мақсат болмаса керек. Өйтсе оны аңшы емес, обал-­сауапты білмейтін тасбауыр деп білген жөн. Оның үстіне ұрпағын ерткен аналық атаулыға мылтық кезенбес ­болар. «Обал-сауап» дегенді ұмытпай жүр, інім.

* * *

Кеген ауданындағы таудың сағасына аспаннан түскен гауһар тастай Күн сәу­лесімен ойнап, жарқ-жұрқ етіп жатқан Көлсайды барып көргенім бар. Таби­ғаттың соншалықты ғажайып жарата салған көркем туындысына таңдандық, тамсандық. Кеудемізді кере кәусар ауасын, шыршалар мен түрлі гүлдердің хош иісін құмарымыз қанғанша тыныстадық. Осынша сұлу да көрікті жерлерді қазақ жеріне еншілеп бере салған Аллаға шүкірлік айтып, қайтар жолға түскенбіз.
Жол жиегінде қолдарына ­пластик қап алып, әлденені теріп жүрген екі әйел адамға көзім түсті. Түрлері біздің үйреншікті ағайындарымызға келіңкіремейтін Шығыс жұрттарына ұқсайтындай көрінді.
– Бұлар кімдер? Не теріп жүр өздері? – деп сұрадым отырғандардан.
– Осында демалуға келген жапондық екі әйел екен. Өздерінің естері дұрыс болмаса керек. Кешелі-бері айналадағы, жол бойындағы қоқыстарды біреу міндеттеп қойғандай жинап жүр, – дейді сары шаш, шие ерін, толықтықтан ырқылдап, әрең сөйлеп отырған келіншек.
– Олардың естері дұрыс-ау, үлгі көрсетіп жүрген қонақтарымызды көріп отырып, орнымыздан қозғалмайтын біздің есіміз жоқ десеңізші онан да. Ұят! – деді оның артында отырған егде жастағы кісі.
«Иә, ұят-ақ екен» деп ойладым.

* * *

Жиырма бес жыл бұрын іссапармен Еуропаға барғаным бар. Кешкі ­Братиславаны тамашалап келе жатып, дүңгіршектен бір шөлмек су алып ішіп, босаған ыдысты жолдың жиегіне қоя салғанмын. Соңымнан келе жатқан жас келіншек словакша әлдене деп еді, сөзін ұқпадым. Ол мен босатқан ыдысты барып алды да, оншақты қадам жерде тұрған қоқыс жәшігіне апарып салды. Ұялғанымнан бетіне қарап, ыржия күліппін.
Есіме түссе, сол бір оспадар әрі надан­дық әрекетім үшін әлі күнге ұяламын.
* * *
Жас отау кезімізде достармен бірге Алатаудың баурайына барып жексенбі күндері дем алатын әдетімізбен бір күні шыршалардың ортасындағы алаңқайға келіп жайғасқанбыз. Алаңқайдың екінші шетінде бес-алты ересек пен төрт-бес жастағы бірнеше сарыбас ұл-қыз асыр салып ойнай бастады. Әкелері әбден шөлдеп келгендей ащы сусыннан дүркін-дүркін жұтып алып, кәуаптарын пісіре бастаған. Жедел босаған бір-екі шөлмекті екі жеткіншек қойтастың үстіне тұрғызып қойып, кесектің астына алып, «мергендік» жарыстарын бастаған. Көп ұзамай шөлмектің бірі шылдыр етіп күйреп түсті. Жанымда отырған жігіттердің бірі көршілерге барып:
– Жігіттер, сынған шыны біреудің аяғына кіріп жарақаттайды ғой, – деген. «Сынған шынымен мына тұмса табиғатты неге бүлдіруге жол бересіңдер?» дегенді айтқан жоқ.
– Бұл сенің итшілік шаруаң емес, жайыңа жүр! – деп біреуі өте дөрекі ­жауап берген. – Қарай гөр, жер иелерінің қалай-қалай сөйлейтіндерін, бізге ақыл үйретпекші.
Қой, мынау масайған жұрттың ­жанында отырып, марқадам таппаспыз деп, заттарымызды енді жинап жатқан кезде балалардың біреуінің баж ­еткен дауысы естілген. Сөйтсек жаңағы «мергендердің» бірі өздері сындырған шыныны басып кетіп, аяғын оңдырмай жаралап алыпты.
– Қадірін білмеген табиғат бұл шіркіндерді қолма-қол жазалаған да, – деді жігіттердің бірі.
«Обал-сауапты білмегеннің жазасы осы» деп ойладым.

* * *

Тұрған қала болсын, ауыл болсын елді мекендердің тазалығы көшелер мен саябақтардың көрікті де сәнді болуы, жұрт дем алатын су айдындарының, орман-тоғайлардың ластанбауы, ең алдымен, өзімізге байланысты. Қазір Алматы сынды алып мегаполис пен ел астанасының көшелері, шүкіршілік дейміз, бұдан бес-он жылға қарағанда «қыздың жиған жүгіндей» көріктеніп қалғаны да рас. Бұрын ­автобус аялдамаларында, саябақтардағы орындықтардың жанында шекілдеуіктің қабығы, темекі тұқылдары, әртүрлі басқа да қоқыстар жайрап жатар еді. Бұл, бәлкім, кісілердің ішкі мәдениеті, рухани жауапкершілігі артқаннан, бәлкім, көше-көшеде сыпыртқылары қолдарынан күн ұзаққа түспей жүре­тін сары кеудеше киген тазалық сақ­шыларының еңбектерінің арқасы.
Бір Алматы шаһарының өзінен күн сайын 2000 тоннадай қоқыс шығады екен. Ол тазалықшылардың жұмысына сын айтудан аулақпын. Күн сайын ауыр жүк машиналарын ыңырантып, көше-көшелерді аралап жүретіндері қуандырады. Алайда оларды өңдеп, кейбір дамыған елдер сияқты құрылыс материалдары сияқты әртүрлі кәдеге асыру ісі бізде әлі оңалмай келе жатқан сала. Француздар қоқысты селекциялық жолмен жинау әдісімен 30 пайыз алюминий, 30 пайыз шыны, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен. Біз де «Таза Қазақстан» акциясын бастадық. Оңы­нан алға басқай. Әйтпесе болашақта қала, елдің мекендерден шығарылған қоқыс тауларының көлемі сол қала, елді мекен­дерімен аумақтас болып қалар-ау...
* * *
Экологиялық қауіпсіздік дегеніміз, меніңше, табиғаттың, жүрген ортамыздың қадір-қасиетін танып, оның «тілін» таба түсуге үздіксіз ұмтылу деп білем. Ел Президенті биылғы Жолдауында: «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллионнан ағаш отырғызылатын болады» деп атап көрсетті. Бәрекелді! Еліміздің орманға бай емес екені белгілі. Ал орман – ғаламшарымыздың өкпесі. Ағаш көбейген сайын ауа да тазара түспек.
Туған жер ғана емес, жүрген жердің тазалығы, қазіргі кей жастардың шектен тыс қатыгездігі, жеріміздің көркі болған аң-құстарды сақтау, жер бетін орынсыз жарақаттап, жазылмайтын «жыртық» салып кету – менің жоғарыда бір-бірінен шалғайлау көрінер қозғаған мысалдардың бәрі де кісілік санаға байланысты мәселелер. Негізінен әке-шешемнің ақылымен балалық шақта өткен, біреулер үшін мән-маңызы аз оқиғалар ­болар. ­Алайда алажіп аттамайтын, қыбырлаған-жыбырлағаннан бастап аң-құстардың, тіпті көгерген өсімдікке дейін табиғаттың адамдар сияқты ортақ төлі деп барша ұрпаққа тәлім беріп, үйретіп кеткен сол «оқымаған», алайда ата-бабаның имандылық қасиетін ұстанып, санамызға егіп кеткен сол «бұрынғының адамдары» еді ғой. Ит-мысықты қинайтын, бір-біріне қысылып-қымтырылмай суық қару сілтейтін жеткіншектерге ерте ­бастан жәндіктерді өлтірудің, көк шөпті жұлудың, тіпті отырған жерін тазартпай кетудің обал-сауабы болатыны жөнінде бесігінде жатқаннан бастап тәлім-тәрбиені отбасы бар, мектеп, жоғары оқу орны бар, үздіксіз берсе дейміз ғой. Табиғат тазалығы жан тазалығына, яғни саналылыққа тікелей байланысты. Жан тазармай қоршаған орта тазармайды. Мінездің қасаңдығы мен қатігездігі «Обал-сауап» деген ұлы қағиданың ұмытыла бастағаны деп білемін.
Жер – бесігіміз, табиғат – туған анамыз. Жер, табиғаттың саулығының ұғымы – экология деген ұғым болса керек. Оған кірікпейтін адам мен табиғаттың бөгде мәселесі жоқ деп білеміз.
Еліміз иесі болып отырған киелі жерімізге – тау-тасына, өзен-көліне, шетсіз-шексіз Ұлы даласына еңбектеген баладан еңкейген кәрімізге дейін бәріміз тарих алдында, ұрпақ алдында жауаптымыз.

1532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы