• Тарих
  • 08 Қазан, 2020

«Мақтаншақ болсаң, көмілдің...»

Бөлтірік Атыханұлы туындыларының көтеретін мәселелері әр алуан, түп қазығы – тыңдаушысын кісілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу. Ақын жырлары, жақсылық пен жамандықты салыстырып бағалауға үйретеді. Ақын Нұрлан Оразалиннің Бөлтірік ақынға баға берген: «Қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі – ақын, жырау, күйші Бөлтірік Атыханұлының ақындық мұрасы халқымыздың асыл қазынасының бірінен саналатын құнды дүниелер екенін уақыт өзі таразылап, айқындағаны шындық. ­Бөл­тірік Атыханұлы – қазақ халқының белгілі ақын-жырауы, күйшісі, құнарлы Жетісу топырағының асыл перзентінің бірі» деген сөзі бар.
Азамат болсаң, жігіттер,
Тура сөйле жөніңді, – деп екі сөйлемеуге, адалдыққа үндесе, енді бірде ішкі сырымызды дос екен деп кез келгенге айта бермеуді ескертеді.
«Пейілі жаман кісіге, шешіліп сыр айт­пағын...» деген жыр толғауларынан да өзіндік ой түюге болады.
«Жақсы адамның белгісі», «Екі жаман біріксе» сияқты нақыл сөздері адамгершілік, ұлағатымен қалыптасып өсуіне бағдар береді.
Жақсы адамның белгісі –
Жасырмай айтар білгенін
Аш адамдай арындап,
Шақырмаған үйге кірмегін.
Осы жолдардан адам бойындағы екі түрлі қасиетті көрсете келіп, жақсы адам үнемі жан-жағындағыларға көмегін аямай, ақылын айтып, жол сілтейтін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тұлға болса, ал жаман адам елдің есігін аңдып, тамағын күтетін тойымсыздық туралы сөз етеді.
Мақтаншақ болсаң, көмілдің,
Жұрт алдында жеңілдің.
Бұл өлең жолдарында ақын жұрт алдында бос сөйлеп мақтанғаннан гөрі жақсы іс ­бастап, игі істер атқарса, орынды болатынын жеткізеді.
Ғасырлар бойы ұрпақты адамгершілік мінез-құлыққа тән асыл қасиеттерге тәрбие­леуде Бөлтірік атаның айтқан сөздері мен өнегелі жырлары жетекші орын алады. Ақын жырларын оқи отырып, жақсылық пен жаман­дық қасиеттерін салыстыра бағалауға, адам­дардың қарым-қатынастарының күрделі қай­шылықтары, өмірлік шындық құбылыс­тармен, қасиеттерімен нақты дәлелдеп түсіндіріледі. Аз сөзге астарлы ой мағынасын сыйғыза білу – халық ақыны Бөлтірік атаның шығар­машылық өнерінің басты ерекшелігі.

Анар Чукаева,
№24 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің
мұғалімі

Алматы облысы
Талғар ауданы

2014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы