• Әдебиет
  • 21 Қазан, 2020

«КҮРЕҢ КҮЗДІҢ» КІРПІГІНДЕ – КҮМІС ШЫҚ

Біздің қазақта жақсы ақындар аз да емес, көп те емес. Аз емес дейтінім – өзім тәуір көретін, құрметтейтін жасамыс жампоздарым мен жас қанат қырандарым баршылық сияқты. Көп емес дейтінім – ел аузына ілігіп жүргендер болмаса, өздері өршеленіп, өлеңдерін жұртқа танытуға көп ұмтыла бермейтіндер нағыз ақын бола тұра, көбінесе көлегейленіп қала береді. Сондықтан болар, қазақ поэзиясына өз үлестерін үн-түнсіз-ақ дабырайтпай қосып жатқан тамаша ақындарымыздың жан дүниесіне үңілгім келеді де тұрады.
Осындай ақындардың бірі – Болат Үсенбаев деп білемін. Өзімнің осы талантқа таңғалатыным – бозбала кезінен бастау алған мөп-мөлдір бұлақтай таза сезімін алпысты орталап қалса да осы күнге дейін жоғалтпай келе жатқандығы және тек Болат Үсенбаевқа ғана тән жазу мәнерінен жаңылмайтындығы. Оның жарық көрген кітаптары ғана емес, әрбір өлеңімен таныспын десем, мұным еш артық айтқандық емес. Міне, қолыма қазір тиіп отырған «Күрең күз» деп аталатын жаңа жинағындағы өлеңдерді де бұрынырақ көңіл сүзгісінен өткізіп шыққанмын. Болат екеуміздің шығармашылық байланысымыздың аса тығыз екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Оның жазған жаңа өлеңдерінің топ-тобымен қолыма тиіп тұратыны қандай ғанибет.

Енді, міне, соларды кітаптан қайта оқып отырсам, ендігі әсері бұрынғыдан да әдемірек. Әрине, ақын өлеңдерін үзіп-жұлып әр сәтте оқығаннан гөрі кітаптан үзбей оқып шығу әлдеқайда тиімдірек қой.

Қарап отырсам, мына кітаптың өн бойына қазіргі замандастарымыздың сан қилы мінез-құлқы, өмірге деген сүйіспеншілігі мен күйініш-күрсінісі, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамдағы тәуелсіздіктің жақсы жақтары мен қосарланып келе жатқан жан сыздатар жарамсыз көріністері, адамның адамға деген махаббатының қай дәрежеде құлдырап бара жатқандығы... бәрі-бәрі жып-жылы, кейде сап-салқын, тіпті ызғарлы түрде кірігіп, сіңісіп кеткен сияқты. Ең кереметі – осының бәрін бір кейіпкердің (автордың) көзімен көріп, сезіп отыратының, сонымен бірге күрсініп, күңіреніп отыратының.

Болат ақынның жазу мәнеріндегі ешқашан асып-тасып кетпейтін, бей­пілдіктен аулақ биязылық пен байсал­дылық кімді болса да қызықтырғандай. Ол арындамайды да, алқынбайды да. Кейде күйіп-жанып, өртеніп бара жатса да, өз отын сап-салқын сезімдеріне бұрып әкеліп, малшындыра салатыны қандай!

Ақынның осы бір өлеңдегі мінезі өмірдегі мінезіне де ұқсайды. Бірде-бір рет дауыс көтеріп сөйлегенін естімегенім сияқты, өлең дүниесінде де өңеш созып өрекпігенін көрмеппін.

Осыған тағы бір пікір-көзқарасымды үстесем, мына кітабына енген өлеңдерде философиялық ой түйіндері қанша көп болса, тұла бойындағы табиғи жаратылысында да философқа тән сабырлылық пен салқынқандылық та соншама.

Бұл ақынның нақтап айтуға тұрарлық тағы бір ерекшелігі – қай өлеңін алып қарасаңыз да, діттеген ойын жеткізу үстінде өзінің өлең өлшеуішін жіті бақылап, негізгі айтарынан аз да болса алшақтап кетпеуге тырысып отыратындығы. Оның:

Кейде мен өзімді

Өмірі өлең жазбаған сияқты сезінем,

Тірлікке қараймын таңданып,

Бейтаныс адамның көзімен, – дейтіні де сондықтан болар. Бұл жерде ақын «өмірі өлең жазбаған» адамды меңзеп, өзінің кейде соған ұқсап кететінін айтып отыр. Демек, бұл ақын өзінің өлең жазатынын көбірек сезініп, сондықтан ғаламға, адамға, қоғамға нағыз ақынша қарауды сүйегіне сіңген әдетке айналдырып алған.

Өлеңдегі Болаттың мұңы бүкіл қазақ мұңына ұқсас бола тұра, кей сәттерде тек өзіне тән немесе өзі сияқтыларға ғана тән болып көрінеді.

Өткен жылдарда

Жасыл желектерім қалып қойды,

Бергім келмеген,

Сұрамай-ақ алып қойды.

Өткен жылдарда

Қалыпты өтініштерім ұмыт боп,

Өкініштерім

Сорып келеді сүлік боп, – деуінде де көп мән бар. Оны поэзиялық пәлсапаға да жетелеп тұратын осы бір уақыт-патшаның санасынан ұмыт қалған өтініштері мен жүрегін сүліктей сорған өкініштері болар, сірә. Олай дейтін себебім – Болаттың көптеген өлеңдерінде осы түйткілдер түбіне дейін түсіндіріліп айтылғандай болады. Артық айтқандық емес, сол өлеңдерді оқып отырған қай сезімтал адам болса да, өз сезімінің де пернесін басып, өткен өткелдері мен оралмас көктемдерін есіне алып отырары хақ.

Сыршыл ақынның мына «Күрең күз» деп аталатын кітабы да өте сыршыл. Қай бетін ашып қалсаң да, өзіңе әрі таныс, әрі беймәлім жан құбылысының бір суреті жарқ ете түсетіндей.

Айта кетуіміз керек, кітаптың бас жа­ғында тұрған Алматы туралы екі өлеңнің поэзиялық сыр-сипаты көңіліме өте толымды болғандықтан, бұл өлеңдер Ал­матының мың жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасында бірінші орын алғаны тегін емес-ау ­деген ойға келдім. Осы қатарға ­енген «Абайнама» өлеңдер топтамасы да Абайдың өсиеттерін тәпсірлеуімен, Абайдың қасиеттерін мәшһүрлеумен ерекшеленіп тұр. Ақынның бұл ­топтамасы да Абай ­мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында үшінші орынды иеленген болатын.

Болат ақын бұл кітабының бет ашар сәтінде «Қасқырдың монологі», «Дала толғауы», «Сөз туралы сөз», «Сауда», «Қарт», «Ілияс Есенберлин туралы», «Ауыл туралы жыр» деген сияқты толғамы бөлек, рухты жырларын кіргізген екен. Автордың ойын түсініп отырмын. Ол өзінің иісі өзгерек, иірімі терең, сырласуға ғана шақыратын өлеңдерінің алдына талғап алынған тақырыптарды әдейі салып жіберіп отыр. Өйткені ылғи пәлсапалық лириканың арасына бөтен тақырыптарды араластырып жіберсе, бір ауанда балқып отырған оқырманның үздігіп отырған ойы үзіліп, жылынып отырған бойы суынып қалуы әбден мүмкін.

«Күрең күз» деген атының өзі айтып тұрғандай, осы кітаптың өн бойынан, шындығында, күрең күздің ауасы аңқып тұрған сияқты. Мұнда құлази бастаған қыр мен жонның да, көгілдір айдыны күлгіндене бастаған көлдің де, тіпті бұтақ басында әне-міне ұшып кетейін деп  дірілдеп тұрған, сарғая-сарғая күреңдене бастаған жапырақтың да жан дауысы бар. Әрине, жан жүректен үзіліп шыққан үлбірек үндердің тұншыққан күйінде әрбір жүректің түбінде жатқанын сезіне отырып, мына жарық жалғанға бір хабарын беруге өлең сөз арқылы құдіреті жеткен ақынға қашанда тілектес емеспіз бе?!

Кейбір өлеңдерінен сары уайымға салыну­шылық сияқты сарғайыңқы ­сарын­дарды естіп қалғандай болсаң да, сол ­дауыс солудың емес, болудың, толу­дың, өмір сүрудің дабысы екенін сезіне қой­ғаныңда, бұл ақынның шын шебер­лігіне тәнті болып қалатының да рас. Мысалы:

Байыз тапты батып күн,

Өлшеулі екен әр демім.

Үзіктерін уақыттың

Жалғай алмай әуремін, – деп   аяқ­тайды бір өлеңін. Ал, ойлап қарасақ, уақыттың үзіктерін жалғауға ұмтылудан артық мақсат пен мұрат бола ма?!

Міне, өзіне осындай бағыт ұстанған ақын қасқыр боп ұлып тұрып, мынандай серт береді:

Ақиқатты іздеп бақ сынағандар,

Өтсе екен деймін текті боп.

Қасарып өткен қасқыр-адамдар

Айналмаса итке деп тілеп.

 

Иттердің бәрі таниды мені,

Білмеймін бірде-бірін де.

Қыңсылап иттер жанымды жеді,

Қасқыр боп өтем тірімде!..

 

Ол тағы бір өлеңінде:

Дүбір күтіп жүремін,

Дүр сілкінер шақты ойлап.

Бұлқына түс, жүрегім,

Мұз кеміріп, тас шайнап!  – дейді.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, қазақ ақындарының ішінде ең қысқа өлең жазуға таза дағдыланып алған ақын осы Болат Үсенбаев қой деймін. Мысалы, мына бір-екі шумақ өлеңдегі баяндалған мұң жұрттың бәріне ортақ:

Мен өте алмаған өткел көп,

Мен жете алмаған көктем көп.

Біреулер жақсы көргенмен,

Біреулер мені жек көрмек.

 

Мен шеше алмаған түйін көп,

Мен жете алмаған қиыр көп.

Біреулер құрметтесе де,

Біреуге ешбір сыйым жоқ.

Жалпы осы Болат ақынның ұзақ өлең жазуға түк құлқы жоқ. Жазса – анда-санда ғана.

Сонымен, «Күрең күз» деген тамаша кітаптың жүз жетпіс төрт бетін ақ­тарып шыққанымда, мынандай қоры­тындыға тоқталдым: ең бірінші, бұл – нағыз өлең кітап, жан жылытар жыр жинағы. Екіншіден, біздің өміріміздің де, көңіліміздің де өлеңге көшкен тірі бейнесі. Үшіншіден, бұл кітап – Болат Үсенбаев деген мөлдір ақынның соңғы жылдарда қазақ поэзиясына сіңірген еңбегінің зор көрсеткіші.

Өз жүрегінің әміріне ғана табынатын, атақ пен даңқ үшін ешкімге басын имейтін, тіпті өлеңдерін де баспасөз бетінде сирек те болса жариялатып тұруға зауқы жоқ осы бір нәзік ақынның жұлдызды жырлары мен сиқыры сырларының әлі де талай жүректі толқытары анық.

Ойларға батқан кезімде,

Бөлейді-ау тәтті сезімге.

Жүрегім – Құдай,

Көрмеймін,

Өзгелер түгіл өзім де, – деп өзі айтқан­дай, ешбір жан көрмейтін сол жүректен шыққан, сағыныш пен сабылыстан туған жырлар көбейе берсін.

Бәлкім, «Күрең күз» кірпігіне қонған күміс шықты біреу көрер, біреу көрмес.

Әбубәкір ҚАЙРАН

АҚБӨКЕН

(Болат ҮСЕНБАЕВҚА)

Сақасын жырдың иірген,
Соры ма, әлде бақ па екен.
Үркіп бір кеткен үйірден,
Алматыда жүр Ақбөкен.

Бөкен бе, әлде Киік пе,
Ойпаттан көрдім дүр кезде.
Асыр сап жүрді биікте,
Адамға ұқсас бір кезбе.

Қарқара деген қара өлең,
Алатау дейтін ақ өлең.
Бүлкек бір қаққан бөкеннің,
Мекені болды бар әлем.

Шақтарда сол бір шағырмақ,
Құлжада кіндік қаның қап,
Қарқара жәрмеңкесінде,
Жастығың өтті жалындап.

Жарысқан тағдыр-күлікпен,
Ол да бір ғажап кез екен.
Үйсінтау жақтан үріккен,
Үсенбаевтың өзі екен.
Тағдырың неткен тебеген,
Көрмегің алда көп екен.
Тау жақтан түсіп келген жер,
Таусүгір дейтін төбе екен.

КазГУ-ге келді асау ұл,
Жарты әлем ойнап көзінде.
Жолыңды тосты осы ауыл,
Мәскеуге кеткен кезіңде.

Күніміз біздің ол кезде,
Москва жақтан ататын.
Түніміз біздің манаурап,
Мәскеуге барып бататын.

Қараша, қаңтарда, тамызда,
Өзіңіз жайлы аңыздар.
Алатаудан ары асып,
Ауылға жетіп жататын.

Еліңді жырмен еріткен,
Сезімшіл ақын, сері едің.
Жәудір көздерді еліткен,
Шашы ұзын ақын сен едің.
Ұнатып сымбат, сыныңды,
Ағалар сізді жүр мақтап.
Өзіңді және жырыңды,
Тұмағаң кетті құндақтап.

Жақыны және жаттары,
Дүбірге толып қапталы.
Жұлдыздай бағы жансын деп,
Сейдахмет өзі баптады.

Көрінбей кеттің Шелектен,
Көрінбей кеттің залдардан.
Естілді дауысың кенеттен,
Сырахана мен барлардан.

Туса да бүгін жаңа таң,
Кешеміз дәурен күдікпен.
Ағалар тосқан алақан –
Ақталмай қалған үміттер.

Өлең бір қонған бақ па екен,
Жаяу да екен, атты екен.
Атақпенен жоқ шатағы,
Саяқ бір жүрген ақ Көкем!

Жанарбек ӘШІМЖАН

1944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы