• Тарих
  • 21 Қазан, 2020

«ВОЛОКОЛАМСК ТАСЖОЛЫНЫҢ» ШЫН АВТОРЫ КІМ?

(ХАТТАРДА, МАҚАЛАЛАРДА, СТЕНОГРАММАЛАРДА БАЯНДАЛҒАН ТАРИХ)

«Волоколамск тасжолы» повесінің бірінші тарауы 1942 жылдың жазында жарық көрген. Бірақ мәскеулік жазушылар мен журналистері Александр Бек кітаптың авторы екендігіне күмәнданды. Сол қырық екінші жылдың желтоқсанында КСРО Кеңес жазушылары одағы әскери комиссиясы мен «Панфиловшылар бірінші шепте» кітабының журналдық нұсқасы жарық көрген «Знамя» журналы редакциясының бірлескен мәжілісінде кітапты талқылады. Александр Бекке сөз берілді. Өйткені бұдан әрі не болатынын білгілері келген еді. Сонда сөйлеген сөзінің стенограммасын оқыған кезде оның айтар еш нәрсесі жоқ екені байқалады. Есте қалатыны – мінбеде тұрып, қазір Момышұлы жолдас бәрін түсіндіріп береді деп қайталай берген...

Бауыржан Момышұлына сөз берілгенде, Бектің неліктен қарама-қарсы тұлғаның бәрін жан-жақты айтып беретінін жиі қайталағаны түсінікті болды. Момышұлы «жорамалданған кітаптың бағдарламасын баяндауға» кіріседі. Және «кітапта мына мәселелерді суреттегіміз келеді» деп ­бастап, «Волоколамск тасжолының» жалғасы қандай болатындығын мұқият әрі бәрін қамтып айтып береді. Бектің соғыс тақы­рыбынан мүлдем хабарсыздығы, ­ой-қабілетінің әлсіздігі, дәрменсіздігі және Момышұлының сөзі жиынға қатысқан жазушылар мен журналистердің арасында кітаптың шын авторы кім деген сұраққа ­жауап табылып, түйіні шешіле бастады. Мысалы, әдебиеттанушы, сыншы Виктор Перцов Момышұлы мен Бекті кітаптың авторлары деді. Ал тарихшы, партия және қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова: «Мен жолдас Момышұлы өз шығармасында көтерген бір мәселеге ­назар аударғым келеді...» дей тұрып, қазақ офицерін ­«Волоколамск тасжолының» ­авторы деп атады. (Бөлектеп көрсеткен мен – Б. М.). Осындай пікірлер Бектің намысына ауыр тигені сөзсіз.
Әрине, осыдан кейін мен кітап қалай жазылғанын зерттегім келді. Бұл өте қызықты тарих болып шықты. 1944 жылдың басында Бауыржан Момышұлы Алматыда ем қабылдап жүріп төрт күн бойы Қазақстан мен Ресейдің шығармашылық және ғылыми ­элитасына лекция оқыды. Дәрістер барысында ол «Волоколамск тасжолы» повесін жиі мысалға келтіріп отырды. Арасында сол повестің жазылу тарихына тоқталады. «Бекпен жұмыс істеу маған қиынға соқты, – деп күрсінеді полковник. – Бір мәселені оған мың рет түсіндірумен болдым. Қолжазбаларын өңдеп, біраз тарауларын ауызша айтып қайта жаздыруға тура келді».
Сонда қалай болғаны? Момышұлы Бекке алдымен кітапты ауызша айтып берді. Сонан соң қайта айтып, қайта жаздырды ма? Ол аз болғандай, қолжазбаларды өңдеді. Осыдан-ақ автор кім екені белгілі болды емес пе?
Әдеби-көркем және қоғамдық ­саяси «Знамя» журналының бас ­редакторы ­Екатерина Николаевна Михайлова 1943 жылдың қыркүйегінде Бауыржан Момышұлына «Волоколамск тасжолы» повесінің «Панфиловшылар бірінші шепте» аталатын алғашқы тарауын оқырман мен жазушылар ортасы мейлінше қызығушылықпен қарсы алғандықтары туралы хат жазды. Сөйте тұрады да, ол Бек редакцияға кітаптың екінші тарауын әкелгенін хабарлайды. Бірақ ол басуға әлі дайын еместігін жеткізеді. Мәселе, кітаптың әлі жинақталмағанында, шұбалаңқы болуында, көбінесе бірінші бөлігін қайталайтындығында жатқан еді. «Ең бастысы, – деп жазады Екатерина Николаевна, – оның ішкі арқауы, желісі әлі табылмаған, осыдан да бірінші повеске тән өткірлік жоқ. Генерал Панфилов бейнесі де солғын шыққан». Бұдан әрі журналдың бас редакторы офицерден «Сіздің Бектің жұмысындағы кемшіліктерді еңсеруіне және өткір, маңызы терең дүние туғызуына көмектесетіндігіңізге өте үміттімін» деп өтінеді.
Мәскеуде 1958 жылы Қазақстанның өнері мен әдебиеті декадасы өтті. Соның қарсаңында Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабы жарық көрген. 22 желтоқсанда полковниктің Кеңес ­Армиясы Орталық үйіндегі әдеби бірлестік мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды. Күн тәртібінде батырдың жаңа кітабын талқылау тұр еді. Бірақ кездесуге қатысушылар мен онда сөз сөйлеушілерді бәрінен де бұрын толғандырғаны «Волоколамск тасжолының» шын авторы кім екені және Момышұлы мен Бектің қарым-қатынастары болды.

Оқырманның сұрақтарына ­жауап қайтара келіп, Момышұлы мынандай тарихты айтып берді. Жазушылар одағы соғыс кезінде Бекті майданға жіберу жөнінде шешім дайындап жатқанда, ­«Волоколамск тасжолының» бірінші бөлігі оған майданнан құтқарар кепілдік – болат қалқан болды. Оның үстіне, жоғарыда айтылғандай, мәскеулік жазушылар мен журналистердің Бектің авторлығына күмәні бар. «Сондықтан ол өз позиция­сын нығайтуға асығып, екінші бөлігін жазды және менімен келіспестен «Знамя» журналының редакциясына ұсынды. Ол сөзден тайғыш адам болып шықты» деді Момышұлы.
Осы арада Момышұлы Бек повестің екінші бөлігін өзімен келіспегендігіне неліктен реніш айтатынын түсіндіре кеткен жөн. Істің мәні мынада: 1942 жылдың наурыз-сәуірінде, алғы шепте жүргенде, ол екеуі ауызша келісімшарт жасасып, 1944 жылы оны қағазға хаттады. Осы келісімшарттың тармақтарының бірінде Бектің «Волоколамск тасжолының» әр жаңа тарауын жазған сайын оның мәтінін Момышұлымен келісіп алуға міндетті екендігі көрсетілген. Бірақ Бек келісімшарттың осы ережесін бұза отырып, повестің екінші бөлігін журнал редакция­сына алып барды. Момышұлының оны сөзінде тұрмайтын адам деуі де осыдан. Ал оның асығыс түрде «өзінің позициясын нығайту» әрекетінен не шыққандығы Екатерина Николаевнаның хатында келтірілген.
Бұл әйелдің хатына қайтарған ­жауабында Момышұлы: «Өкінішке қарай, төртінші рет қайта жөнделгеніне қарамастан, Александр Бек жобаланған кітаптың өзім жасаған бағдарламасынан бірқатар алшақтыққа жол берді» деп ­жазды. Өз пікірін дәлелдеу үшін полковник төмендегідей мысал келтіреді. «Мен сол кезде саяси жұмыс жайлы шатпағымды ойдан шығарып жаза салған едім» деп жазады Бек, повесть кейіпкерінің сөзін қайталаған болып. Ал іс жүзінде Бауыржан ол жөнінде былай айтып, кейін қағазға жазған болатын: «Саяси жұмыстың мәні – бұл адамның жан дүниесін жаулап алу, бойындағы игі сезімдерді ояту. Осы себептен де командир жауынгерді өзінің шыншылдығымен, аса қарапайымдылығымен баурайтын өткір сөзді қару етуі, тәтті арманға жете­лейтін лирика және көгерген қатқан нанның қытыры болмауы тиіс... Мен ешқан­дай пайда әкелмейтін надандықпен астасқан бос былшыл сөзді, төрешілдікті, бюрократтық формализмді және өкінішке қарай, кейбіреулер саяси жұмыс сылтауы­мен жол беретін басқа да белгілерді мақсатқа жетуге кедергі келтіретін, кері әсер беретін мүлде зиянды кемшілік деп санаймын».
Осылай жазған соң Момышұлы ­Михай­ловаға мынандай тілек ­арнайды: «Әділ төреші бола көріңіз. Мен нені мойын­дамай, жоққа шығардым, ал нені дұрыс деп таптым!»
Біз өз кезегімізде таңданыспен, бұл сонда қалай болғаны? – деуге тиіспіз. Момышұлы алдымен Бекке әңгімелеп (ежіктеп айтты деп оқыңыз) берді, содан соң тағы да қайталап айтты, кей жерлерін қолмен жазып, қайтара жазып та берді. Ал ол болса кітаптың бас жағында өзін қылымси таныстырғанындай «ынталы жазып алушы» бола алмады.
Кей тұстарда Бектің азиатқа – жақсы офицер болса да, азиатқа деген нағыз шовинизмі айқын байқалады. «Мен – қара қазақпын, бізді бұрындары былғаныш атайтын» бұлайша пасық, арам ниет, әдепсіз адам ғана жаза алады. Ал Бек жазды. Ол оқырманға повестің кейіпкері орыс емес екендігін күштеп таңады. Осыдан да Момышұлы оған деген ызасын жасырмады. «Кей ретте автордың шамырқануы көрінеді, ол үнемі «офицер атағы бар мына азиатқа қараңдаршы. Ол жиырма алты жыл бойы кеңес құрылысын түсінген жоқ, коммунистер – жақсы жауынгерлер екеніне сенбеді, саяси жұмысты мансұқтады, өгіздей бірбеткей, ой-өрісі тар, надан, бейсаясатшы, бірақ батыл жауынгер» деп үнемі шақыратындай, әсер туады».
Өзіне Михайлова жіберген қолжазбаны талдай келе, оның кей тұстары жөнінде Момышұлы: «Бектің суреттерінде кеңес офицері ерік-жігері күшті адам емес, керісінше, қыңыр, қисық болып шыққан. Шамасы, қаншама рет түсінік беріп, ұғындыруға тырысқаныммен, автордың ерік-жігер мен қыңырлық туралы түсінігі дұрыс емес болып шықты» деп жазады.
Көп кейінірек, хаттарының бірінде Бек Момышұлына Мәскеу түбіндегі шайқастардың, панфиловшылардың ерлігінің он жылдығына байланыс­ты өзінен жұрт алдында сөз сөйлеуді, баспасөзге мақалалар беруді өтінетіні, мектеп оқушыларымен кездесуде «Волоколамск тасжолын» жалғастыруды қолға алуға уәде бергені жайлы хабарлайды. «Мен өзімнің жеке мұрағатымнан «Волоколамск тасжолының» үшінші бөлігінің шағын үзіндісін тауып алдым, меніңше, ол жариялауға жарайды» деп жазады.
Бұндай хатқа Бауыржан Момышұлы қатқыл сөздермен, жаратпай ­жауап қайтарады. «Сізге бұрынғыдай тағы да ескертуге тиіспін, сізде материалдар көп, бірақ осы материалдарды шығармашылықпен ой елегінен өткізуге және әжетке жаратуға жеткілікті әзірлік пен адалдық сізде жоқ. (Бөлектеп көрсеткен мен – Б.М.) ...Менсіз сіз әскери және әсери-психологиялық мәселелерді ­баяндауда, тіпті әскери ­образдар жасауда, ұрыстағы оқиғалардың трагедияларын және шындығын беруде, сөзсіз, бірқатар елеулі қателіктерге жол бересіз».
Бауыржан Момышұлының осыншама қатты ашулануы мен наразылығына не себеп болды? Бұл сауалға оның өзі былай жауап қайтарады. «Мен өзімнің жеке мұрағатымнан, – деп жазасыз сіз, – «Волоколамск тасжолының» үшінші бөлігінің шағын үзіндісін тауып алдым, меніңше, ол жариялануға жарайды». Қандай жан түршігер өтірік! Сіздің мұрағатыңызда мұндай «үзінді» жоқ және болуы да мүмкін емес. Бұл сіздің ойдан шығарғаныңыз».
Дегенмен де, Бек бұл «үзіндіні» қарап көруге жіберді. Оны оқыған Бауыржан Момышұлының құсқысы келді. «Сіздің «Волоколамскідегі түскі асыңыз» нағыз халтура, әдебиеттің маңына да жуықтамайтын шығарма! – деп ашу-ызасын білдіреді ол. – Ең бастысы, онда айтылғандардың бәрі шындыққа сай келмейді. Жоқ, қымбатты Александр Альфредович, сіз бізге ғана емес, өз-өзіңізге де сатқындық жасай бастадыңыз».
Неліктен Бек Момышұлына «нағыз халтурасын» қарап көруге жіберді? Біріншіден, ол халтурадан өзге ештеңе «туындата» алмады, ал екіншіден, бұл ең бастысы, ол өз сөзіне берік полковниктің, өзіне болмашы ғана ажарлауды қажет ететін дайын материал­ды беретінін білді. Және қателескен жоқ, жылпос! Өзіне қарама-қарсы тұлға тарапынан бірнеше минөттік масқаралау мен айыптауларды тыңдаудан кейін, мақсатына да қол жеткізді. «Мен сізге «Возмище. Панфиловта болғанда» деген атпен материал (рас, өңделмеген, 1943 жылдың аяғы деп белгі қойылған) жіберіп отырмын. Оны сізге Екатерина Николаевнаның хатын алып келгенде, Холм түбінде басқаша, яғни ауызша баяндап берген болатынмын». Бұдан әрі қарай Момышұлы «очерктік әңгіме» «Волоколамск тасжолының» жалғасы болуға ­жарауы үшін не істеу керектігін ұғындырады.
Не болып шығады? 1943 жылы ­Бауыржан Момышұлы Бекке «Волоколамск тасжолының» жалғасын (үшінші бөлігін) ауызша айтып берді. Арада жеті жыл өткеннен кейін Бек халтура туындысын қарауға жібереді. Яғни ол өзіне айтылғанды жаза алмады. Есесіне жазбаша түрдегі дайын нұсқасын алды! «Волоколамск тасжолы», міне, осылай жазылған болып шығады!
«Волоколамск тасжолын» жазуға не негіз болды? Бауыржан Момышұлы осы ­туралы әңгімелеген кезде, алғаш рет қоршауда қалған шақта, өзінің тәжірибесіздігінен батальонды ұйымшылдықпен алып шығу өте қиынға түскенін айтады. Қоршаудан шығып, дивизияға жеткендерінде ­батальонды тегіс қаза тапқандар ретінде есептен шығарып тастағандықтары белгілі болады. «Біздің бәріміз, 600-700 адам, әскер ақпарда ­«батальон қаза тапты» деген бір сөзге ғана сыйып кеттік. Ал қалайша қаза болғандықтарымыз туралы әскери хабарламада ешнәрсе жазылмаған, – деп еске алады Бауыржан Момышұлы. – Бұл менің көңілімді қатты қалдырды. Сол күннен бас­тап басшылыққа сенуден қалдым. Өйткені 700 жауынгердің 700 анасы, 700 әкесі, 700 қалыңдығы және әйелдері, мүмкін 1400 баласы бар ғой. Осы адамдардың барлығының да қайғысы «қаза тапты» деген бір сөзге ғана сыйып кетті. Мені – бізді қоршауда қалдырып кетті де, еске алу құрметін де қимады. Бұдан кейін де мен бес рет қоршауға түсуді бастан өткердім. Олардан ұйымшылдықпен және біршама аман-сау шығып отырдық. Алғаш рет қоршаудан шыққанан кейін мен ойлана келе күнделік жазбаларын жүргізуді шештім. Олар негізінен түнде, ұрыс саябырлаған кезде жазылды. Ол жазбаларда батальонның бір күн ішінде қандай өткелектерден өткенін баяндадым. Мен жаздым. Сөз жетпей жатса сызып көрсеттім, кестелеу де жетпегенде сурет салдым. Мен жазу жазып отырғанда менің жолдастарым ұйықтап жатты. Жазып бітірген соң, мен оларды ояттым, жазғандарымды оқуға беріп, өзім ұйықтауға жаттым. Жазбаларды оқыған кезде менің жолдастарым пікір таластырып жатты. «Комбат жалған айтады!» деп айқайлады бірі, «Жоқ. Сен өзің өтірік айтасың» деп қарсы шықты оған екіншісі. Түйіндей айтқанда, олар менімен айтысты, менің жазғандарыма түзетулер енгізді. Осындай жолмен біз, біздің батальонның 35 шайқасын суреттеп, екі қалың дәптерді жазуға толтырдық».
Біздің енді білетініміз, осы айтылған жазбалар, батальон командирі мен оның жолдастарының бастан кешкендері, ойлары «Волоколамск тасжолы» повесіне арқау болғандығы. Сондай-ақ біз повестің қалай жазылғанын да білдік. Әйтсе де, Момышұлының «Бекпен жұмыс істеген кезде маған біздің жазбаларымызды, сызбаларымызды, суреттерімізді түсіндіру, ұғындыруға, жағдайды айқын сипаттарлық оқиғаларды екшеп алуға, біздің тәжірибемізді қорытуға, оларға көркемдік сипат беруге тура келді» деп жазғанын келтіре кетсек артық болмас. (Бөлектеп көрсеткен мен – Б.М.). Бұл жұмыстың бәрін де Бауыржан Момышұлына істеуге тура келгені, ал Бекке тек қана жазып үлгеру қалғаны ­назар аударарлық. Бірақ Бектің соған да қабілеті жетпеді. Осыдан да ол қолжазбаны жоғалтып алғандығы жөніндегі ертегіні ойлап табады. Әйтпесе, Момышұлының айтуымен қағазға түсірген ­жазбаларды өзі оқи алмағандығын жұртқа қалай түсіндірер еді. Мәскеуде Кеңес Армиясы Орталық үйінің көгілдір залында кездесуге келгендердің «Бектің қолжазбаны қалай жоғалтқаны туралы» сұрақтарына жауап қайтарған Б.Момышұлы былай деген: «Жазушылар үшін қолжазбаны жоғалтқаннан гөрі, бастарын жоғалтқандары оңай, олар жоғалтса өздеріне керексіз немесе тиімсіз қолжазбаны ғана жоғалтады. Мен сол кезде Бектің сөзіне сенген жоқпын және сіздерге де сенбеуге кеңес беремін».
Жоғарыда айтылған кездесуде Момышұлы 1944 жылдың аяғына қарай Бектің қолында кітапты аяғына дейін жазып шығуына қажет барлық материалдар болғанын айтқан. Уақыт өтіп жатса да кітаптың жалғасы жазылмаған. Бек уәде берумен болған. Осылайша, 14 жыл өте шыққан.
Бектің жазушы ретіндегі қауқарсыз­дығын көрген, сондай-ақ өзге де жағдайларға байланысты Бауыржан Момышұлының өзі де әдеби қызметпен бел шешіп айналыса бастайды.
Мәскеулік жазушылар «Волоколамск тасжолы» кітабын кім және қалай жазғаны туралы шындықты білгенде өздерінің таңданыстары мен ашу-ызаларын жасыра алмады. Проза секциясының жетекшісі, «Октябрь» журналы редакторының орынбасары Иван Григорьевич Падерин былай деген: «Бектің «Волоколамск тасжолына» дейін жазған шығармаларын білетін едім. Сондықтан осы кітабынан кейін Бектің ­жазушы болып қайта туғаны жөнінде бірінші болып айқайлаған да мен болатынмын. Өз сөзімді қайтарып аламын, Бекке жақсы жазушы тап келіпті... Онымен болған осы оқиғаны естудің өзі ұят. Мен келісімшарттың соңғы тармағын, яғни қаламақы туралы білгім келді. Ол мүлде қаралмаған болып шықты, өйткені Момышұлы ол кезде бұл туралы ойламаған да, жауынгер үшін лайықсыз деп есептеген, өзін қашан өлтіретінін білмеген де болар... Бек болса «Волоколамск тасжолының» «жалғасын» қолына ұстап редакцияларды жағалап жүр – ол жылпос, екіжүзді жәдігөй».
Айтпақшы, қаламақы туралы. 1955 жылдың 4 мамырында Бек күтпеген жерден Бауыржан Момышұлына келіп, жолы­ғып «Волоколамск тасжолын» жарыққа шы­ғаруға қолайлы сәт енді туғандығы жө­нінде айтады. Осы себептен де ­Бауыржанмен жақсылап сөйлеспек ниеті бар екен. Момышұлының кітапты жазуға шығармашылық үлесі барын, ол берген материалдар қолында болса да, оның көмегінсіз өз бетінше «Волоколамск тасжолын» жалғастыра алмайтындығын мойын­дайды. Бұл келісі жөнінде Момышұлы «Бек менен шығармашылық әріптестікті жалғастыруды өтініп, ол маған болашақ қаламақы сомасының 25 пайызын алуды ұсынды» деп еске алады.
Полковник Логинов болса Бектің бұл лайықсыз ісінен ашу-ызаға булығып, былай деген: «Ол қалай жазушы – «адам жанының инженері» бола алады? Өз еңбегі болса бір сәрі, өзгенікін оңды-солды, топтап та, жекелеп те сататын нағыз ұсақ саудагер!»
Полковник Савенок өз пікірін қысқа да нұсқа тұжырымдаған. «Волоколамск тасжолының» авторы Бек емес, Момышұлы екені баршаға белгілі. (Бөлектеп көрсеткен мен – Б. М.). Ал Бек болса жазып алушы, жай ғана көшірмеші».
Таңғаларлық сәйкессіздік, қалайша жаратылыстары бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі адам бірігіп «Волоколамск тасжолын» жаза алды? Дұрысы – бірі ауызша айтып берді, текстерді редакциялады, қайтадан толықтырып айтып берді, ол аз болғандай, тарау-тарауларын жазып та берді, ал екіншісі оны өз атынан ­жариялады.
Ақырында келіп, Бектің ісіне нүкте қою, «нағыз талант арсыздықпен, ұрлықпен ешқашанда жанаспағандығын, ал көшіріп жазып алу, жиендік жасау әрқашанда әшкереленіп, айыпталып отырғанын» айту үшін Бауыржан Момышұлының Бекке жазған соңғы хатына (жазылған күні көрсетілмеген) сілтеме жасаймыз. Полковник хатты алушыға «Панфиловтің резервін» және «Советский писатель» баспасы басқармасы төрағасының орынбасары Иван Тимофеевич Козловтың «Литературная газетадағы» мақаласын оқып шыққанын хабарлайды. «Волоколамск тасжолының» жалғасы жарыққа шығуына байланысты Козлов бірнеше сауалдың жауа­бын іздеген екен. Атап айтқанда, Бек «Волоколамск тасжолын» тығыз түрде аяқтап шығудан неге тартынды? Кейіпкерін, соғыс шындығын жеткілікті білмеуі себебінен бе? Оқиғаларды өз қалауынша бұрмалап түсіндіру ниетінен бе? Шығармашылық дағдарыстан ба? Осындай сауал қоя келіп, бәріне де оң жауап қайтару мүмкін еместігін өзі ескертеді. Бірақ «Сонда не болуы мүмкін?» деген сұрақты көлденең тартумен болады.
Бауыржан Момышұлы болса сұрақ дұрыс қойылып отыр деп санайды, әйтсе де де оларға «бірқатар себептерге байланысты» жауап қайтарылмағанына қынжылады. Ол Бекті тікелей айыптады. «Сіз бұл сұраққа «Бірнеше күндерде де», «Панфиловтің резервінде» де ешқандай жауап қайтарған жоқсыз. Сіз бұл сұраққа жауап қайтаруға қорықтыңыз. Сіздің «Мен «Москва үшін шайқастың» жарық көруін күттім» деп жазуыңыз жөн еді. Сіз сондай-ақ осымен сіздің еңбегіңіз аяқталатыны жөнінде де жаза алмайтын едіңіз, өйткені «Жауынгерлік жұмыс күндері» жарық көргенін («Простор» журналында, 1960 жылғы №11 санында жарияланды) білген жоқ едіңіз».
Белгілі болған жай, «Волоколамск тасжолының» кезекті басылымы­на жазған қорытынды сөзінде И.Козлов ­«...Момышұлының айтуымен емес, соның сөздері бойынша жазылды» деп сендіреді. Полковник Бектен бұл оған қалай ұнағанын сұрайды, ал егер осы қисынға салсақ, онда И.Козлов Бектің соңғы жұмыстарына қатысты «...Момышұлының кітаптарынан алынып жазылған жоқ, сол кітаптар ­бойынша жазылды» деп айтса не болады?
«Волоколамск тасжолы» кітабының авторы Бауыржан Момышұлы екендігін бұлжытпай дәлелдейтін соңғы бір мысал. 1969 жылдың басында Иркутск әскери авиациялық-техникалық училищесінің комсомолдары полковникке жазған хатында 29 қаңтарда «Волоколамск тасжолы» кітабын оқырман конференциясында талқылауды жоспарлағанын жеткізеді. Сөйте отырып, оның конференцияға қатысуын өтінеді. Тіпті болмаса, хат жазып, кітаптың жазылу тарихын, Мәскеу түбіндегі шайқастың қатысушы ретінде сол тарихи оқиға жөнінде айтып беруін сұрайды.
Бауыржан Момышұлы қысқаша ­жауап қайтарады. Сонда есте калатын сөздер бар: «Мен жазушымын. Сіздердің сұраққа сіздер үшін жазылған менің «Волоколамск тасжолы», «Ұшқан ұя», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов» атты кітаптарым жауап береді». (Бөлектеп көрсеткен мен – Б. М.). Яғни полковник «Волоколамск тасжолы» повесінің авторы дәл өзі екендігін ашық растайды.

Бекет МОМЫНҚҰЛ,
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

1646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы