• Әдебиет
  • 28 Қазан, 2020

ТІЛ БЕКЕТТЕН БАСТАЛАДЫ НЕМЕСЕ ПОЙЫЗДАҒЫ ПАРАСАТ ПЕН ПЕНДЕШІЛІК

Пойыз келе жатыр.
Жалаң аяқ, жалаң бас бір топ бала қан тамырындай тартылған қос рельске етбеттеп жатып ап құлақ түреміз. Зың-зың еткен бір гуіл естіледі. Біз пойыз келе жатқанын анау төртбұрыш күркешіктегі «унтер офицердің» (кинодан көргеніміз) киімін киген кезекші ағайдан бұрын білеміз. Өйткені біз дыбысты танимыз, жүк пойызы ма, жолаушы пойызы ма, рельстегі әуеннен ажырата аламыз. Жүк пойызы болса дыбыс ауыр шығады, кинодан көрген «духовой» оркестрдің дауысындай барабан соғылады, ал жолаушы пойызының әуені жылдам әрі жеңіл. Біз осы әуенді тыңдап жата бергіміз келеді. Ауылда оркестр жоқ, ал мынау бір жанды жадыратар әуен, өзіне тән ерекше ырғағы бар, кинодағыдай дүңк-дүңк еткен марш екпіні естіледі. Бізді қолына көк таяқ ұстаған «боранды бекеттегі» кезекші ағай құйрығымызға шықпыртып қуып жібереді, ал біз пойыз жақын келгенше қара рельске құлақ түріп жата бергіміз келеді. Кезекші ағайға да жан керек, жейтін нан керек. Пойыз бізді басып кетсе жұмысынан ­айырылып, істі боп кетеді. Бұл жерде онсыз да құрбандық аз емес. Байқоңыр бір-ақ шақырым, Төретам бекетінің атынан адам шошиды. Ағайдың шыр-пыры шығып жүргені содан. Ал біз болсақ қара рельсті солқ-солқ басып, зуылдап бара жатқан пойызға қол бұлғаймыз.

Пойызда отырғандар қандай бақытты, ертең ­ержеткен соң біз де солай отырсақ деп ­армандаймыз. Олар терезеден жалаң аяқ, жалаң бас жүрген бізге қорқасоқтай көз тастайды. Пойыз белдеуінде ­«Алма-Ата – Москва» деген жазу бар. Олар Москваға барады. Әлі біз де барамыз Мәскеуге. Әнебір көкшіл көзді қыз терезеден саусағын шошайтып, қол бұлғады. Соған да ішіміз шым етіп, мәз боп қалдық. Біз өзімізді-өзіміз осылай алдарқатып, балалық шақтың қызығына кенелдік.
«Тауарлы» пойыздардың сауысқандай сақ-сақ еткен өз әуені бар. «Нефть» деген былшиған жазумен томпақ цистерналар, өркеш-өркеш боп қара көмір тиелген жайдақ вагондар өтеді. Бекетке тоқтаған тор-тор терезесі бар, солдаттар күзеткен ең соңғы вагонды да көрдік. Бұл – пойыздың түрме-вагоны екен. Біздің ауылдың ұрысы – атақты Айтбайды милициялар осы торлы вагонға мінгізіп жатты. Демек, пойызда да бостандығынан айырылып, еркіндік аңсағандар бар екен.
Болат жол бойындағы балдардың орысшаға тілдері жатық, өйткені Төретам мен Ақмешіттің арасы 120 шақырым. Біздің негізгі көлігіміз – пойыз. Он-он бір жасар бала бекетке тоқтаған пойыздың көкшіл көзді жап-жалпақ жолсерігіне «До Қзыл-Орды» десек, «Садись, голубчик!» дейді жаны қалмай. Жерге түсерде қолына 1 сом ұстатасың. Көкпеңбек боп киінген жолсерік әйел берген 1 сомыңды алақанына умаждап тұрып, «Счастливо, голубчик!» деп шығарып салады. Осының бәрі бала санасында сақталып қалған сурет пен сөздер.
Пойыздың қайнаған қан базары – кіреберіс тамбуры. Пеште лаулап май көмір жанса, томпақ титанда шәй қайнап тұр. Біреу бұрқыратып темекі шексе, біреу келесі бекетке тезірек жетсем деп ала қоржынынан көз алмай дегбірі кетіп тұр. Бұрышта екі жас аймаласып, әлсін-әлсін сүйіседі...
Жолаушы пойызы екі түрлі аталады...
Бірі – осқырынып тартар жүрдек пойыз да, екіншісі – әр разъезге тоқтап, ертоқым ауыстырар «есек» пойыз. Оған мінгім келмейтін. Ішім пысып кетеді, мен болсам жетер жеріме тез жеткім келеді. Екінші кітабымды «Жүрдек поезд» деп атағаным – қара рельс пен алып-ұшқан жүрдек пойызға деген сағынышым еді. Небір парасат иелері отырған отарбада пендешіліктің де жеті атасын көресің. Парасат бар жерде пендешілік неге болмасын.
Пойыз – өмір. Ол – көрпе-төсегің салулы, жантайсаң құс жастығың қолтығыңда томпиып тұрған жылы ұя. Вагон-мейрамханада тамағың дайын, бағасы арзан (әрине, қазіргі кезбен салыстырып отырмын), ыстық шәй ішсең тәулік бойы титанда су қайнап тұр, дәлізбен жүріп өткен қол арбада шәй-пәй үшін керектің бәрі бар. Студент кезімізде, осының бәрін асып-төгіліп айтып отырғанда, бір пойыз көрмеген курстас қыз «Сонда пойыз үйге дейін жеткізіп сала ма?» дегені бар. Ал, бір шекаралық аймақтың жігітін Түркістанды көрсетуге алып шыққанымызда түнімен қою шәйді сораптап, таңға жақын серігін түртіп оятып, «Қуығым жарылайын деп тұр, пойызды тоқтатшы» дегені удай шындық. Ол зулаған төртбұрыш қорапта әжетхана болады деп әсте ойламапты, айқай далада жолаушы тілек айтса тоқтай қалар автобусқа теңеп тұр екен. Әжетханасы жылан жалағандай тап-таза, әжетке арналған оратылып тұрған үлпершек қағаз бен дәретсуға арналған күрешкені көргенде таң­ғал­ғанын қайтерсің. Пойыз тастап кеткен табиғи құнарды қара жер қағып ап әжетіне жаратып жатыр. Бұған май сіңген шпал ағаш пен қос рельс, қолына бұ­ранда ұстап, танауын әлсін-әлсін тартқан жолшы куә.
Кешегі күндері жолаушы жеке куәліксіз-ақ билет алып, әркім діттеген жеріне ың-шыңсыз жететін. Ереженің бәрі адам парасатына өзінен-өзі еніп кететін. ...Алматы – Ақтөбе пойызында менің қасымдағы бүлдіршінін ерткен аяғы ауыр келіншек жолсерікке билетін көрсетті. «Куәлігіңізді көрсетіңіз?!» деді жап-жас жігіт түсін суытып (ереже бойынша жолсерік пойызда да, кемеде де, ұшақта да жолаушыға түсін жылытып, күліп сөйлеу ­керек). Құрсағын әрең көтеріп тұрған әйел ол-пұлын түгел ақтарып, куәлігін таба алмады. Күйеуін қарғады, құжаты соның қалтасында кетіпті, «сол-ақ соғысқа кететіндей асығады да жүреді» деп аямады. Кішкентайы да қыңқылдап мазасын алды. Жолсерік жігіт танаурап барады. «Сізді мінгізуге правам жоқ» дейді. «Әй, жігітім, – дедім ұқыпты жолсерікке сауатты сөйлеп, – бұл кісінің билеті бар, ақшасы төленген, Қызылордаға дейін орны сақтаулы. Егер бұны түсіріп кетсең, Қызылордаға дейін сол орын бос бара ма? Компьютерің сатылған билет пен куәлікті, жолаушының түр-түсіне дейін көрсетіп тұр ғой. Жас баласы бар, өзі екіқабат. Сен ешқашан ештеңеңді ұмытпайсың ба?». «Сіз кімсіз?». «Мен журналистпін» (қазір жазушыдан гөрі журналистпін деу кәделі). Ол ығып қалды. «Пойыз бригадирін шақыр. Мен сөйлесейін» деп соқыр сенімге салдым. Ол үндеместен әйелді орнына жайғастырды. «Сыныққа сылтау іздеп» бос орынға адам алу коррупциясы іске аспай қалды. Ең бастысы, қазақ қазақты аямай тұр. Сол жерде орыс болса «У меня все правильно, компьютер показывает все данные, я поговарю с начальником поезда» деп, бір сөзбен бәрін орнына қояр еді. Өзімізге-өзіміз өмір бойы қыр көрсетіп келеміз. Менің көз алдыма осындай кездері Бейімбеттің «Охран бастығындағы» қарауыл боп тағайындалған күні өз туысын өзі атып тастаған Қорғанбек елестейді. Біздің мінез-құлқымыз да ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы көріністерді қайталап жүргенін жасыра алмаймыз.
Осы жүрдек пойыз Арысқа жете бергенде қолына домбыра ұстаған бір жап-жас жігіт жол­серікке көзін қысып қап: «Оразаларың қабыл болсын» деп қазағы бар купеге кіріп, жарапазан айтып жатты. Көңілшек қазақ консерві қалбырына сыңғырлатып тиын тастады. Қасымнан өткен жолсерікке «Жарапазаншының жеке куәлігі бар ма?» деп едім, түсі сұрланып, купеден қуанып шыққан әлгінің құлағына сыбыр етті. «Тез жоғал. Менде анау бар». Анау сытылып кетті. Арыстан гүрсіл естіліп, сәл аялдаған біздің пойыз да селк ете қалды.
«Қонақтың» көкесін Шымқалаға жеткенде көрдік. Қылдай дәлізде «тар жерде тамаша ­болып», аяғымызды мыжып, қанар қаппен иықтан итеріп тастап өткен саудагер ағайынның аузына да бір ­тыным жоқ. «Балдарға арналған нәски бар, шалдарға арналған дамбал бар, өзі кең, өзі жел өткізіп, ауа айдайды»; енді бірі «Емшекқап, емшекқап, бюсгалтер, импортный бюсгалтер» дегенде, купе-күркеден әйелдер мойнын қылқитып, әлгіні кіргізіп ап, есікті тарс жауып, көкіректің көлемін өлшеп жатты. Бәрі күнкөріс қамы, босып кеткен қазағым күнін көрсін. «Жолаушының бәрі – мүсәпір», бірақ жолсерік бәріне бірдей кеңқолтық көңілмен қарау керек. Саудагердің куәлігі – тамыр-таныстық пен жолсерікке ұстатқан 100 теңге. «Адамның күні адаммен», бекеттен шыққан адам бекетке жеткенше мүсәпір екені маңдайдағы жазу, өмір заңы.
Әр кезеңнің жақсысы бар, жаманы бар. Социалистік құрылыста заң қатал, парасат биік еді, әркім өз міндетін айтқызбай орындайтын, «Басты жаңалықтар» да қылмыспен емес, еңбек жетістіктерімен басталып, мәдениет меридиандарындағы мереймен аяқталатын. Тамбурда темекі шегіп, тұқылын арнайы күлсалғышқа, әйтпесе екі вагонның ортасындағы ыржың-ыржың еткен қиылыстың қуысына лақтырып тастайтынбыз. Темекіден өртенген пойызды естігеніміз жоқ. Қазіргі пойызда адамның адами парқына қарсы іс-әрекет көп-ақ. Мысалы, күрке-купеде туған күнінде шаттанып шарап ішіп, зеріккенде алты қарта ойнауға тыйым салынған. Шахмат ойнасаң да, жолсерік ала көзімен атып, «Не істеп отырсыңдар?» деп дөрекі сауал қойып, король мен пешкаға бір шұқшиып өтеді. Оған бәрібір, «кемедегінің жаны бір» деп академик пен халық жазушысынан да қымсынбайды.
Әлгі жолсерік тағы біреуден сөз естіді. Келесі бекетке дейін шыдамы таусылып, ыс басқан көкірегі түтін тілеп сыр-сыр еткен бір жігіт ағасы тамбурда тұрып темекі тұтатқанда жолсерік кеп тіл безеді: «Сізді келесі бекеттен түсіріп кетемін, қазір полисай шақырам, акті жасатам». «Көтіңе қара, шешеңнің... – деп жігіт ағасы жергілікті диалектіні қолданды. – Мен Ауғанстанда соғысып жүргенде сен жарық дүниеге шықпағансың. Полисайдың онын шақыр, шешеңнің...». Жолсерік ығып қалды, сірә, сескенген сыңайлы. Әлгі кісі шені майор, Ауған соғысының батыры екен. Жолаушылардың арасында Желтоқсанда қанын төккендер мен ­Семей полигонынан жарымжан боп оралғандар жоқ деп кім айтады. Қасымда отырған бір қазақ жігіті пойыз әбден қарқын алған соң әңгімеге тартқанда Жаңа Жер аралында әскери борышын өтеп жүріп, биологиялық сынаққа қатысқанын Арыстың дүмпуінен соң ғана ерін ұшынан шығарды. Олар көргенін көмескілеу үшін темекі түтінімен көңіл алдарқатады, олар ережеге бағынбайды, жан-дүниесі түтін тілеп, келесі бекетті күте алмайды. Ал жолсерік жігіт заманның желіне жаны рахаттанып, жетілмеген ережені алға ұстап, қорыққанын сыйлап, қоржын арқалағандар алақанға салған тиын-тебенге мәз боп жүр. Адам қадірі көмескі тартып, «адам факторы» деген алдамшы сөз өртше жалаңдап тұр. Ардагер арнайы орында тұрып темекі шегіп, өз көңілін өзі ауласа пойыз өртеніп кетпес еді. Темекісіз-ақ отқа оранып жатқан өңірлер аз ба? Ең ақыры, ұзаққа созылған дау-дамайдан соң «Қазақфильм» өртенді, «Қыз-Жібекті» түсірген қазынамызды күйік шалды. «Тәуелсіз» өрттің саны күн сайын көбейіп, тілсіз жау пойызда емес, айқай далада алаулап барады.
Пойыз Шуға тоқтағанда «Шудың бойында» деген ән радиодан құйқылжып қоя берді, ілкі сәтте алдына тілі салақтаған иісшіл ит салып, алапес киінген қос солдат вагонға кіріп кеп, итті еркіне жіберді. Тілі салақтаған «адамның досы» купе-купеге тұмсығын сұғып, адам мен затты тіміскілеп иіскей бастады. Арасында сулы тілімен жалаңаш сирақ пен қырлы шалбарларды да жалап-жалап алады. Бұл – есірткі іздеген Ішкі істер қызметкерлерінің әрекеті екен. Әредік «Мама!» деген қорқынышты дауыс шығып, «Не хватало!» деген қоғамға қарсы ұлтаралық тілдегі сөздер түйдек-түйдегімен борады. Аяғы ауыр әлгі келіншек тосын әрекеттен сескеніп, түсік тастаса не болар еді. Адамды кім аяйды? Заңның іске асқан түрі осы. Бұрын алысқа сапар шеккендерден апиын-шөпті бұлай іздемейтін. Бұл да тәуелсіз заманның тартқан сыйы.
«Тальго» деген құрқылтайдың ұясындай испандық пойызға мінетін болдық. Жүрісі жылдам екен, ат мініп өскен қазақ жүйрікті қалайды ғой. Бірақ жолаушының жағдайы, адамға деген қамқорлық алыста қалыпты. Қылдай дәлізде орындық жоқ, купесінде үстелі жоқ. Тамақ ішкің келсе жолсеріктен тақтай сұрап ап алдыңа қойып, сіресіп отырып нан жеп, су ұрттайсың. Айналаң ­жылан жалағандай тап-таза, бірақ адамзат табиғаттың саналы сыйы емес пе? Ол – адамға тән әрекетімен құнды. Көресіні әжетханаға кіргенде көресің. Құрқылтайдың ұясынан да тар бір қуыс. Сидамдар бір ебін тауып бұрылар, ал қазы-қарта жеп қарны шыққандарға обал-ақ. «Ұлы сөздің ұяты жоқ», ер-азамат тік тұрып зәрін ытқытар-ау, төмен етектің қамын кім ойлайды? Ұлы дәретке келгенде мына жерде кім де болса тоңқаңдап тұрып өмірден торығады, алақандай астаудан бәденді әйелдің бөксесі тым аулақ кетеді. Билет құны удай. Испаннан сатып алғанда қазақты қинау үшін алды ма дерсің. Осыны көрген жолаушылар Қазақ теміржолының басшылығына хат жолдады, әлі ­жауап жоқ. Бұрын баспасөз «Хат соңында адам бар» деп айдар тағушы еді, қазір хат соңында қараң-құраң көрінбейді.
Теміржол бекеттері – тілдің ыстық ұясы. Бұл жер әр ұлттың мекені, арасында «Вокзал для двоих»-тар да жоқ емес. Қазақ бекеттерінде қазақ тілі жұртты селк еткізер серке сөз болуы керек. Әне, анықтама бөлімінің қызы жіңішке даусымен хабарлама жасады. «Жолаушы азаматтар, сақ болыныздар, Алматы–Саратов жүрдек пойызы екінші жолға келе жатыр. Сақ болыныздар!» Сақау сөзден жұрт ештеңе ұқпады, ұлтаралық тілде айтқанда ғана көңілдері орнына түсті. Ң-ды айта алмау қоғамдық орында осылай іске асып тұр. Хабаршы қыздың теледидарға еліктеген түрі ме екен? Ағылшынша хабарламаны естіген арба сүйреткен телпекті жігіт «Ай лав ю!» деді миығы тартып. Қашанғы күлкі боламыз? Неге мемлекеттік тілде сауатты хабарлама жасап, бір елдің сөзін жарытып жария етпейміз. Өз байлығымызды өзіміз қор қылған қандай қоғамбыз?
Аманхан марқұм әредік әңгіме айтқанда «Мен және бір топ жазушылар, №7 Алматы – Москва пойызымен Москваға сапар шеккенде» деп бас­таушы еді. Сол 7-ші пойыз біздің дәуреніміз, сол пойыздың ішінде адамға деген бір құрмет бар еді. Қазіргі құрметтің бәрі ереженің алтын сандығының ішінде құлыптаулы қалды. Социологтар дәлелдеп жүрген «адам факторы» да азуы алты қарыс боп ақпарат құралдарында шыр айналып жүр. Кейде пойыз үстінде ақ жайманы жайып тастап, намазға жығылған мұсылман баласын көресің. Ол – намазын қаза қылмаған пенде, оған ереже жүрмейді. Ол – парасат пен пенделіктің басын қосқан адал көкірек. Алланың құлы жерде де, Көкте де, солқылдаған төрт дөңгелек – пойыз үстінде де жайнамазын жайған Біреу. Оның аржағында лас дүниеге араша түсу жатыр.
Қан тамырындай тартылған қос рельс – қазақтың жаны, Тұрар Рысқұловтың арманы. Жол бойы ескі бекеттердің маңдайшасында «1905» деген жазу көрінеді. Әкелеріміз сол бекеттерді қазақша сөйлеп жүріп соққан. Тіл – бекеттен басталады. Пойыз келе жатқанын хабарлаған қазақ сөзі әр жүректі дір еткізеді. Тіл тұздан да ащы.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

967 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы