• Әдебиет
  • 26 Қараша, 2020

АРАЛ МІНЕЗДІ АРЛЫ ДОС

(Ақын, тілші ғалым Шанжархан Бекмағамбетов туралы сыр)

Біз бес жыл бірге оқыдық. Студенттік жас кешу бірге өтті. Жатақханада бір бөлмеде жаттық. Апорт иісі аңқыған әсем Алматы көшесін қатар кештік. О, ол кезгі Алматы! Бөлек еді ғой, бөлек! Ол ару Аралдан, (Қаратереңнен) мен ыстықтан аңқасы кеуіп, кенезесі кезерген Отырардан. Бірі тұнып тұрған тарих, бірі ауыр тағдыр. Адамзаттың ашкөздігінен сан рет гүлдеп тұрып, сан рет күйреген Отырар ғалымдардың дәрменсіздігінен «тіріліп», қасірет сөзін айта алмай алып обаға айналып жатты ол кезде. Арал адамзат баласының обыр бейілінен күдер үзе өз айдынынан шегініп, шегініп, жағалаудан қашып бара жатты. Ондай сәтте біздің Шанжархан екеуміздің ішкі күрсінісіміз үндесіп, мұңға оранған әңгімеміз жараса кетеді. Біз өзімізді кіндік қаны тамған туған жері табиғаттас, өзімізді тағдырлас жандардай сезінеміз.

Алматы көшесін кешер сейіліміз – бір. Соған қарап білім-ғылымға ұмтылыс зейін де бір болар деп шамалайтынбыз. Жоқ. Сейіл бір, зейін басқа. Ынтымақ бір, ықылас басқа. Тұрмыс бір, таным әрбасқа екенін сезбеппіз ол кезде. Сейіл бір болғанымен, зейін басқа болып шықты. Шанжарханға келгенде «Сен тілші ғалым болуың керек» деп тілші ұстаздар, «Жоқ, Сенің икемің әдебиет. Қарағым-ау сен болып тұрған ақынсың ғой» деп әдебиетші ғалымдар өздеріне тартқыштайтын. Егіз қозыдай ынтымақ бір болғанымен, ықыластың басқа болғаны дә. Әйтпесе бізге де мүйізі қарағайдай профессор-ұстаздар құлап түсіп жатса қанекей?! Олай болған жоқ, бірақ!

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне оқуға түскенде 50 баланың ұлы-қызы бәрі өлең жазатын, шетінен бір өңкей аруақ шақырған арқалы ақын сияқты еді. ­Айтулы авар ақыны Расул Ғамзатұлы айтқандай сол елу баланың бірі ғана ақын болып қалыптасып, қалғанымыз оқырман болып аяқтадық-ау оқуды. Бұл жерде мен сыншылықтың да оқырмандық екенін ескерте кеткім келеді. Шанжархан досымыз оқуға келгенде жап-жас ақын Жарасхан Әбдірашевтің «Найзағайлы жаз» өлеңдер жинағын қалтасына сала, өзімен бірге ала келген Аралдан! Әлгі жұқалтаң жинақтың ішіндегі өлеңдерді «Ақ бұлақтан» бастап біздің курстас досымыз жатқа оқиды. Жастығының астына жастана жатып, айкезбе болған адамдай түннің бір уағында атып тұрып та оқи жөнелетін, оқи беретін Жарасханның өлеңдерін. (Ақыры бір перзентіне Жарасхан деп ат беріп барып тыншыды. Өмірлі болсын!) Шанжарханға еліктеп біз де Жарасханшыл болып алдық әбден. Біздің аядай бөлмемізде жас ақын, талантты ақын Жарасханның «жыр кеші» күнәра өтіп тұрады десем қателеспеспін. Оған ­Жарасханды (бүгінде марқұм) да шақырып алатын әдет таптық. Әдебиетке деген құмарлықтың шарықтап аспандап тұрған сәті екен ғой, шіркін. «Қазақтың болашақ ұлы ақыны бүгін біздің бөлмемізге келеді» деп оның жұқалтаң жыр жинағынан өлең жаттап, ас-су қамдап «студенттік банкетке» дайындалып ию-қию болып жатамыз. Беу, дәурен. Бәрі де жастыққа жарасқан! Бәлкім біздің әдебиетті сұлулық деп түсініп, сұқтанып сүйіп, әдебиетші болып қалам ұстап жүргенімізде біздің курстас досымыздың Жарасқаншыл болуының әбден әсері бар.

Біз Жарасханды мақтап ұлылық биігіне көтеріп жатсақ, Жәкең біздің курстас досымызды «Өлеңі тамаша. Тек өзі ұяң. Қысылады. Онысы жарамайды. Ақын батыл болуы керек» деп қайрап әлек... Додаға күндердің күнінде Шанжархан да түседі. Ол теңіз жайындағы өлеңдерін оқиды.

Ақ толқындардың желегін,

Желпіген желдің өлеңін

Жалаулап жүріп жағаңда

Жаттаумен ер жеткен едім.

Төсіңде тайдай емізген,

Толқыныңменен егіз бе ем?

Сағындым сені, тағы да,

Сағындым сені, Теңіз мен

О, алып Айдын, сабырлы,

Толқыныңмен егіз бе ек –

Туған жер деген Тәңірді

Түсініп жүрміз Теңіз деп… – дейді ол теңіз табиғатты туған жерін сағына жырлап. Дауысына сағыныш мақамын сиғызып мұңдана қалады досымыз. Жарасханды аға тұтып қысылуы да бар, әрине.

Жарасхан және оған ілесе келген Сағат Әшімбаев студент ақын өлеңін мақтай жөнеледі. Досымыздың өлеңінің ауызға ілінгеніне біз балаша қуанамыз. Өз өлеңіміз ­дуалы ауызға ілінгендей мерейленеміз. Біз де пікір айтқансимыз. Тіпті Сағат аға менің пікірімді көпе-көрінеу көпшік қоя қолдап та жібереді. Енді ойлап отырсам, дүрмекке ілескеніміз болмаса, ақынталап достың өлеңдерін жете түсінбеген сияқтымыз. Әйтпесе курстас досымыз үшін мақтанумен шектеліп қала беріппіз. Оның өлеңдерінің насихатшы сыншысына айнала алмаппыз ол кезде. Егер Шанжархан өлеңдері сол кезден бастап ­республика ­бойынша кең тарап, танымал бола алмаса біздің кінәміз. Ол кезде «ӘДЕП» деген ұлы ұғым әлі тірі болатын. Немере ағам болғандықтан ғана Көпен Әмірбектің сатирасы туралы, курс­тас досым болғандықтан ғана Шанжархан Бекмағамбетов лирикасы туралы жазу ұят ­саналыпты мен үшін. Қалидолла мен Жақсылық туралы да айтарым осы! Өзімнің осы азаматтар жайында жазсам деп талай оқталып, талай тежелуде әлгі әдеп деген кісінің ұятбек әсері көп болғаны хақ.

Бір курстағы 50 бала Шанжархан Бекмағам­бетов, Жақсылық Айжанов өлеңдерімен, Қалидолла Ізекеновтің лирикалық сазды өлеңі, әуелетіп толқындатып айтар «Тайсойған» әнімен (кейін өзінің әндері аялады бізді) есейіп, ержеттік, сол әсермен әдебиетке келдік деп мақтанышпен айтамын. Тағдыр дегеніңіз қызық. Егер осындай шын мәнінде дарынды бозбалалармен бірге оқымасақ әдебиет ­додасына кірер ме едік, жоқ па? Жүрек құлағы ашылмаса тоспақұлақтанып қай жерде жүрер едік? Кім білсін?! Өз басым әдебиет аталатын киелі ауылға ат басын бұрғаным үшін осы әзіз ­замандас, курстас достарыма мәңгі қарыздармын. Әңгіме Шәкең туралы еді-ау.

Шәкең біздің курстың мақтанышы. «Құлды бәрекелде өлтіреді» дейтін сөз бар қазақта. Сол секілді курс мақтанышы болу, қай пәнге салса да өтіп тұрған алымды-шалымдылық күндердің күнінде Шәкеңнің бас пайдасына қызмет етпегенін қайтерсің?! Жетісудың зиялы атақты Маман байының тұқымы, бабасы үшін көрмеген қорлығы жоқ, Ибраһим Есенғұлыұлы ­Маманов жарықтық біздің курстас досымызды Тіл ғылымы стихиясына қызықтыра-қызықтыра ақыры «тілшілер тобына» тартып алды. Тегі сырт тұлғасынан тартып ішкі жан дүниесіне дейін тұтаса көрініп, жүзінен иманы төгіліп тұратын Ибраһим ұстазымыз Шанжархан досты баласындай айналып-толғанып тәрбиелеп кеп берді. Қаншама қуғын көріп жүрсе де оңашада біздің білдей академик ұстаздарымыздың кейбірінің еңбегі Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлы ағартушыдан «жымқырылғанына» дейін айтып-айтып қалатын иманды болғыр Маманов ағай шәкірттеріне бір құласа қатты құлайтыны бар. Университеттің алғы курстарында айналасына кең танылып, «Лениншіл жас», «Жұлдыз» секілді ағымдағы баспасөзде жылы ағынға толы лирикаларын жариялатып, Жарасханға «аузына түкіртіп» үлгерген Шәкең соңғы курстарда нілдей бұзылды. Жарасханның өлеңдерін жатқа оқымайтын болды, өзі өлең жазбайтын болды, Аралды сағынса шерлі өлеңнің орнына әлдебір билік басында жүрген мансап иесін боқтап салып қарап отыратын мінезсіз шәлкес мінез бой көтерді оның тал бойынан. «Шәке бір өлең оқышы» деп айтамыз деп аузымыз күйді талай. «Болсаң – Абай бол, кем дегенде Жарасхан бол. Бола алмасаң – дұрысы өлеңнің басын ауыртпай жөніңді тапқан!» деп қиыс кетіп, қорыс мінез танытады балық толы қайықты жалғыз сүйреймін деп кеуде етін кере қарыс жыртып тынған Арал балықшысының қайсар қара баласы...

Кезегі келгенде Бас пен Жақ та ажырайтын әдет. Елдің әр қиырынан білім іздеп келген елу бала қызығы мол қимас бес жылды артқа тастап Қазақстанның дәм бұйырған әр қиырына бағдар алып тартып-тартып отырдық. Алматыны қимай-қимай, бір-бірімізге деген сағыныш баурай-баурай кеткеніміз анық. Шанжархан дос өзінің «Қара тереңіне» барды. Бала оқытты. Оқулықпен оқытпапты оқушыларын. Өзінің «патша көңілімен» өз ­танымымен оқытыпты. Содан да міндет жетегінде құлағын салбыратып жүре беретін оқытушы емес, өз ойы, өз пікірі бар шынайы ұстазға айналған. Ондай ұстаз шәкірттері үшін ырыс қой, тұнып тұрған ырыс! Бұл менің пікірім емес, Шанжарханның уыз шағында білім беріп тәрбиелеген, бүгінде ел білетін азамат, әдебиетте өз сөзі бар әдебиеттанушы ға­лымға айналған Бауыржан Омаровтың ұстазы жайындағы алғаусыз пікірі. Шәкіртсіз ұстаз тұл! Біздің Шәкең «бедеу» мұғалім емес, кеудедегі күй сандығынан шәкірт тәрбиелеп шығарған өз келбеті бар шынайы ұстаз! Осындай дос үшін қалай мерейленбейсің?!

Біраз жылды артқа тастап, ұстазы Ибраһим Есенғұлұлының аманатын көңілге түйіп, жүрекке жиып Қызылордаға келсін Шәкең. Ғылым қуып Алматы аттансын Шәкең. Тіл ғылымының ең бір қиын ­саласы – синтаксиспен айналыссын. Маманов ұстаз бақилық. Академияның Тіл білімі институтын жағаласын. Бағы ма, соры ма, жетекшісі – ғылымда ашар жаңалығы болмаса, ешкімді емексіте бермейтін, принципшіл – профессор Қайырболат Есенов! «Қазақ тіліндегі түсіндірмелі қатынастағы құрмаластардың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктері» ­деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады Шәкең! Қайырлы сәт! Бірақ қызықтың көкесі алда. Ғылым кандидаты болған адамның ішіне «доктор болсам» ­деген арман алау от болып кіреді бір сәтте. Ол табиғи жайт. Жасында ағартушылық қызметке өмірдің көбін, жанардың шоғын, жанның отын беріңкіреген Шанжархан Бекмағамбетов докторлық диссертацияға: «Тілдік таңба-нышандық жүйе: лингво-философиялық аспект» деген қиын тақырыпты қаласын. Тәуелсіздік келіп, өтпелі кезең аталатын сарыөзекте ғылым аяқасты болып, жұрт оңайға ұмтылып, бір дипломды «үпілеп-сүпілеп» қолға түсіріп алып жатқанда, біздің Шәкең дауылға қарсы жүзер теңізді ауылдың баласы емес пе, қиынға, қиын болғанда да Қазақстанның ішінде шешіле қоймайтын күрмеуі қиын қиырға салды өзін. Өзінің де осындай бір қасарыспа мінезі болатын бозбала шағынан. «Қазір ғылым жасайтын уақыт емес. Ғылым атын жамылып доктор болатын уақыт» деп бар пәлені аса мәртебелі уақытқа жауып та сөйлеп көрдік біз. Көнер болмады досымыз. Біздің айтқанымызға көне қалса, ол Шанжархан болар ма?! Тақырыпты зерттей келе бар мәселені тілдің түбірінен тарттым деп шумерлетіп жүрген Олжас Сүлейменовті қолдамайтын болып шықты. Жарайды Олжекең негізінен ақын адам. Мамандығы да жер қыртысын зерттейтін геолог, тіл «қыртысын» зерттеуде қателік жіберген шығар. Ау, өз тілін білмесе де, өзгенің тілін жыланның тілінен әрмен білетін «мүйізі қарағайдай» түріктанушылар бар емес пе?! Әлемнің бар тілінің түбірі – БІР дейтін сенің концепцияңды солар түсінсе керек еді ғой... Жоқ. Біздің досымыз олардың ғылыми көзқарасын да қолдай бермейді. Біз Шәкеңнің бұл мінезіне ренжи тұра қуанамыз. Асылы, шын ғалым осылай болса керек-ті. «Сәті келер!» деп Шәкең жүр. «Сағаты туар!» деп біз жүрміз тілектестікпен. Ол «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар», «Тіл генетикасы» аталатын қызықты зерттеуін кітап етіп жарыққа шығарды. Орысша тезистеріне қарап, Москвалық, Санкт Петербургтық лингвистер қолдайды. Қазақ ғалымдары жоқ бұл санатта. Қолдамайды. «Семь лекции по теории генетической лингвистики» (2020) аталып орыс тілінде жарық көрді ғалым достың ғылымдағы концепциясы! Біз досымыздың шын ғалым екеніне сене, сеніміміз беки түсті. Сенімімізді бекіте түскен тағы да өз ғалымдарымыз емес, сырт ел ғалымдары! Орыс ақыны Некрасов дұрыс айтады: «Ақын болу – өз еркің, Азамат болу – міндетің!» Ақынның әдемі аударылған сөзін сәл бұрмалап: «Доктор болу – өз еркің; Ғалым болу – міндетің!» дейміз біз досымызға! Ғалым атын жамылып талай алаяқ жүр мына ғаламда... Ғалымдығына сенгендіктен айтамыз. Ғалымдық өлшемі – докторлық емес. Шын ғалым болу – Азаматтық! Осы орайда менің есіме ұлты татар, КСРО Ғылым академиясы Түріктану институты бөлім меңгерушісі ­болып өткен үлкен ғалым Искаков түседі. Искаков ақыр-аяғы ғылым кандидаты да емес еді, марқұм. Есесіне Тва тілінің грамматикасын негіздеген абзал абзи (татарша «аға» деген сөз. – Қ.Е.). Оның «Тувинский язык» аталатын еңбегін тілші ғалымдар әлемдік деңгейде жоғары бағалайды. Аз бақыт па осы? Жоқ. ­Орхон-Енисей руна жазуын алғаш оқыған швед ғалымы Вильгелм Томсен ғылым докторы ма? Білмедім. Есесіне Вильгелм Томсен ашқан Орхон-Енисей тас жазуын зерттеп әлемнің қаншама ғылым адамдары доктор болды! Өзіміздің білімпаз Ағжан Машанов (Машани) ше? Ол кісі де небәрі ғылым кандидаты! Алайда оның ашқан жаңалығын бағалап әріптестері «Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі» етіп сайлады. Бәрі де дұрыс-ау, алайда біздің анологиямыз – досымызды докторлықтан жерітетін сөз болып шықпағай. Ашар ғылыми жаңалығыңның сенің ғылыми дәрежеңе түк қатысы жоқ. Есесіне ашқан ғылыми жаңалығыңды бағалай білерлік ҒЫЛЫМИ ОРТА керек. Ғылым академиясы аяқсыған елде ондай орта бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз ғой. Олай болса өзі ашқан ғылыми жаңалығына сай досымыздың ғылым докторы болғанын қалаймыз.

Ол ғылымда да ақын болуы керек. Оны түсіну үшін тілшілік зейін керек шығар. Ол бізде (менде) шала. Ал әдебиетте ақын. Ақын болу – Тәңіріден! Ғалым болу да тәңіріден. Бірақ ғылымның қия жолында Адам-азаматқа кезіксең құба-құп, әйтпесе адам-пендеге тәуелді болатының, тіпті сарылып жүріп тәуменде болып кетерің жаман дә. Оның үстіне шын ғылым – жаңалық! Жаңалық қашан бірден мойындалған?! Курстас достың лингвистикалық тың зерттеуін мен ежіктегелі қай заман?! Түсінбей жүрдім. Түсіне бастадым. Ақырында түсініп Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы, Жамал Манкеева сынды ағалар, апа-дос тіл білімі тарландары қаперіне салдым. Тіпті өз ойымды ақ қағазға түсіріп, Өмірзақ ағама Шәкеңнің ғылыми монографиясына қоса ұсындым. Бір әдебиетші, бір тілші, сөйтіп мақала жазып докторлықтан жолы болмай қалған (бірақ ғалымдығын ешкім тартып алмайды ғой) ғалымның жолын ашқымыз келді. Бірақ, бірақ осы біздің талантты, бірақ түйе секілді табиғаты иір қисық досты иір-шиір айналдыратын бір қырсық бар. Кандидаттық диссертация қорғайын деп тұрғанда, ғылыми жетекшісі Қайырболат Есенов кенеттен қайтыс болып кетті. Енді, енді мойынсерік болып мақала жазып жүргенде академик Өмірзақ Айтбайұлы бақилық... «Не шара? Арлы достың қырсығын қалай кесерміз?» деп пұшайман ­болып мен жүрмін қарадай әбіржіп...

Ғылым, ғылым ғой, ақындық жөні бір басқа... Ақындықтың Тәңіріден берілген сый екенін жанымызбен сезгендіктен «Өлеңіңді тастамашы» деп құдайдың зарын айтып келеміз досқа! Шәкеңнің жүрегінің басына шер байланған азамат. Ол алдымен Арал шері. Арал теңізі елді, жерді тастап шегініп кеткенімен ақынды тастап кеткен жоқ. Ол Байкалды сүйген Валентин Распутиндей Аралын сүйеді. Аралын азалауға асықпайды. Арал үшін күреседі. Аралды қайтпай жырлап келе жатуын өз басым осылай түсінемін. Баспадан жақында ғана жарық көрген «Жүректегі жазулар» жыр кітабын оқып көріңіз. Басты тақырыбы – Арал. Күні кеше «Ана тілі» республикалық басылым беттеріне өлеңдері шықты. Тақырыбы тағы да сол Арал, арлы Арал! Адамзатты аялағаннан басқа жазығы жоқ, сөйте тұра Адамзат баласынан зәбір көрумен табиғи тұрағын тастап, шегініп-шігініп арамыздан алыстап бара жатқан зарлы Арал! Шамхан Бекмағамбетов – Аралдың поэтикалық пішімін жасаған ақын. Әне ол жырлап тұр.

Теңізбін – тағдыр кешкен толқын атып,

Тиген жоқ таланыма олқы бақыт.

Көріңдер – көкірегім толған ағын

Жаным – айдын, жаямын жарқыратып.

Сарқылмай сан заманнан ырыс-бағым,

Қатал тағдырыңнан да ығыспадым.

Толқыдым, толғандым мен елмен бірге

Мен елдің тағдырымен тыныстадым.

Теңізбін – тілгілеген төсін арман,

Теңізбін – тағдырымды тосып алған.

Теңізбен мәңгілікке қоштаспайды,

Мәңгілікке қоштассаңдар…

Кешіре алман!

Ақын жырлап тұр. Адам ақынға айналып жырлап тұр. Ақын адамға айналып, Адам Теңізге айналып жылап тұр. Арал теңізінің («Теңіз монологы») мұңы жұдырықтай жүрегінде адамгершілік сезімі бар оқырманды жылатып тұр! Өмірінің ең бір қызулы, қуатты шағын ғылымға арнап, Тіл білімі ғылымына айналыңқырап кеткен досымыз бұған дейін ақын атанып, кең танылған да жоқ. Мұрат та тұтпады ма, қайдам ақын атануды?! Бірақ, бірақ осындай өлең жаратқан адамнан артық қандай ақындық керек асылы? Арқалы ақын Әбділда Тәжібайұлының лирикалық кейіпкері Теңізге айналып, Теңіз (Арал) Адамға айналып тіршілік дүниесіне алаңдай бастағанда («Аралдар» жинағы) алпысыншы жылдары қалай қуанып оқыдық, талай ойланып оқып, теңіз тағдыры жайында толғанып тоқтадық. Ал біздің досымыз Әбділда ақынды жаңа уақыт, жаңа жағдайда поэтикалық дәстүр ретінде жаңалап, жалғап отыр емес пе?! Жо-жоқ, біздің досымыз ақын! (Өзім Түркстанға қоныс ­аударып, әдеби ортадан шалғай тіршілік кешіп жатқалы шын ақын ауылда тұрады деген пікірге келгем!) Оған ақындықты Тәңірінің өзі берген. Талантты Тәңірінің өзі сыйлаған Шанжархан Бекмағамбетов шын ақын, шынайы өнерпаз!

Арал азасына досымыздың ұлынан айырыл­ған қазасы қосылды. Перзент қайғысындай – ауыр қайғы болмайды өмірде. Қара шаңырақты азан-қазан күйге ұшыратып, әулетбасының шарадай басын шақшабасқа айналдырып қайғыға белуардан бөктіретін, бөктіретін де шөктіретін ауыр қасірет... Өз басымыздан өткен соң білеміз: оны басына түспеген жан түсінбейді, түсіну үшін досың түгілі дұшпаныңа тілеуге тіпті болмайтын қасірет! Адами қасірет! Арал тақсіретін адам қасіретіне қосып жырлап келеді біздің ­досымыз, жырлап келеді. Бақ қонған жерді қасірет аңдитыны секілді, қасірет шеккен үйдің босағасынан Бақыттың «қашан енейін?» деп сығалап тұратыны болады. Бақыттың біздің досымыздың босағасынан сығаламай төріне озуына тілек білдіреміз. Адамзатқа назаланып қашып бара жатқан Арал – ауыр тағдырлы табиғат! Арал тағдырын ойлап қиналамыз! ­Жанымыз ауырады. Өмірден қанша қиындық көрсе де дауылдан қыңбай, асқақ арман арқалап, тәтті үміт жетелеп алғы күнге асқан қайсарлықпен тартып бара жатқан досымыз үлкен тағдырлы адами табиғат! Арал мінезді арлы достың тағдыр тайғағағында кездескен тауқымет атаулыны жеңіп, шығармашылық ғұмыр кешіп келе жатқанына қуанамыз! Шығармасын оқимыз. Жанымыз шуақтанады!

 Құлбек ЕРГӨБЕК

ТҮРКІСТАН

 

 

1173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы