• Тарих
  • 06 Қаңтар, 2021

ЕЛ АУЗЫНАН

1680 жылдары ойрат әскері Жетісу мен Оңтүстік Қазақ­стан жеріне басып кіреді. Осы соғыста Жәңгір хан қаза табады. Осы жағдайдан соң Тәуке ел ­би­лі­гіне келеді. Ол қазақтың руаралық, тайпааралық талас-тартысын тыйып, ел мен елдің басын қосуға күш салады.

Ханның ел басқару ісіндегі шеберлігі сол, қазақ жүздері ісін өз ішінен шыққан әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге сеніп, басқартады. Осы билердің арқасында, қазақ тарихында елеулі орын алған реформа – «Жеті жарғыны» заңдастырады. Оның ережелерін ел ішінде терең бойлай сіңіреді. Осылайша, қазақ халқының ішкі және сыртқы жағдайы жөнге келіп, «қой үстінде бозторғай жұмырт­қалаған» заман туады дейді ұлт тарихында. Тәуке хан ел басқарған 40 жылға таяу мерзімде қазақ мәдениеті дамып, халық саны артып, экономикалық күші нығая түседі.
Тәуке хан ел басқарған тұстағы ол барған мекендер туралы аңызы мен ақиқаты аралас әңгіме көп ­айтылады. Соның бірін біз де бала күнімізден естіп өскен едік. Сол туралы өз білгенімді айтсам деп қолыма қалам алдым. Біздің өлке – Аспанқорадағы тамылжыған табиғат талайдың таңдайын қақтырған. Қариялар «Тамаша көрсең, тауға бар» деп қате айтпағаны анық қой. Тәукенің біздің елге де ат басын бұрғаны туралы әңгімені бұрыннан естіп өскендіктен, бірде досым Қуаныш Әбсеметұлынан сол әңгімені тарқатып айтып беруін сұрадым. Ол: «Қазір Қызыләскер деп атап жүрген тауларда ертеде, Тәуке хан заманында мыңғырған мал өріпті, желі толған сансыз құлын, Құрсайдың жалында байланған екен. Сондай бір мамыражай заманда, ел қонған бір ауылға бейтаныс жолаушы сусындауға тоқтапты. Қонаққа қай кезде де көңілі дарқан дала жұрты оны төрге шығарып, Құдайы қонақ етіпті. Қонақ кетуге рұқсат сұрағанда қымызға масайған сылқым қыз-жігіттер екі жақ етегінен басып тұрғызбай, ән ­салуын қолқалапты. Қонақ өлең айтып қоштасыпты. Сол Құдайы қонақ ел аралап жүрген Тәуке хан екен» деген сөз бұрынғыдан қалған. Аңызы мен ақиқаты аралас әңгіме­нің анық-қанығын елеп-екшеу ісі тарихшының мой­нында десек те, ел аузынан жеткен әңгіме солай дейді» деп еді.

Амантай Жұматайұлы,
зейнеткер
Алматы облысы

1147 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы