• Тарих
  • 07 Қаңтар, 2021

АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Мемлекеттік маңызға ие Жаркент операциясына – 100 жыл

Осыдан бір ғасыр бұрын Жетісудағы шағын қала Жаркентте Бүкілодақтық мәні бар үлкен бір акт ойластырылып, жүзеге асты. Ол шекараның арғы бетіне амалдап өтіп, артынша бергі жақтағы бейбіт өмірге енді кіріскен елге зор қауіп төндірген ақ ­гвардияшылар ­генералы, атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі әрекет еді. Оған қатысқан жерлестеріміз жөнінде шындық толық ­айтылып бітті ме? Жоқ. Зерттеушілер көбінесе ВЧК-ның* 1920 жылғы күз, қыс айларындағы аталмыш операцияға арналған дайындық жұмыстарын айтумен, 1921 жылғы 6 ақпандағы Қытайдың Сүйдін қамалындағы болған оқиғаны баяндаумен, содан соң оған қатысқандарды Ташкентке апарып марапаттағандығын сөз етумен шектеледі де қояды. Ал одан кейін ше? Ажал аузына аттанып, аман келгендердің 1929-1937 жылдардағы тағдыры қалай болды? Олардан ұрпақ қалды ма? Қайда тұрады? Туған-туысқандарының қолдарындағы құжаттар не дейді? «Атаманның ақыры» фильмінің түсірілу тарихы ше? Ол қалай өмірге келді? Білген адамға оған қатысқан актерлер естеліктерінің де айтары аз емес. Осы және одан басқа да оқиғаларды төмендегі мақалада қадери-халімізше айтуға күш салдық, құрметті оқырман! Біз сіздерге оқыңыздар, келтірілген деректерге назар аударып, хабардар болыңыздар демекпіз. Сонымен...

1.АТАМАН

 Біз сөз еткелі отырған адамның ата-бабалары байырғы самаралық казак әскерилерінің отбасынан тарайды. Әкесі – патша әскерінің Орта Азияны жаулап алудағы Түркістан жорығына қатысқан офицер Илья Петрович Дутов. Ал шешесі – Орынбор губерниясындағы урядниктің қызы Елизавета Николаевна ­Ускова. Бұлардың баласы, яғни өзіміз әңгімелемек болып отырған Александр Ильич Дутов қазақ жерінде, атап айтқанда, сол кездегі Сырдария облысының Қазалы кентінде жорық үстінде дүниеге келген. Балалық шағы Ферғана, Орынбор, Санкт-Петербургте өткен.

Александр Дутов 1897 жылы Орын­бор­дағы Неплюев кадет корпусын, 1899 жылы сондағы атты әскер мектебін аяқтаған соң хорунжий шенін алады. Сөйтіп, Харьков қаласында орналасқан 1-ші Орынбор казак полкіне жіберіледі. 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Николаев инженерлік мектебі жанындағы курсты тамамдап, Бас штаб академиясына оқуға түседі. 1905 жылы ол өзі сұранып Қиыр Шығыста жүріп жатқан орыс-жапон соғысына аттанады. Онда 2-ші Маньчжурия әскері армиясы құрамында шайқасып, ұрыстағы «жанқиярлық ерлігі және ерекше еңбегі» үшін үшінші дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталады. Соғыс бітіп, Санкт-Петербургке оралған соң Бас штаб академиясындағы оқуын жалғастырып, оны 1908 жылы штабс-капитан шенімен аяқтайды.

1909 жылдан 1912 жылға дейін ­Александр Дутов Орынбордағы казак юнкерлік мектебінде ұстаздық етеді. Осы әскери оқу орны қабырғасында жас курсанттарға көрсет­кен қамқорлығы арқасында ол юнкерлердің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленеді. Мәселен, оның сол кездегі шәкірттерінің бірі кейін жазушы В.Седыхтың «Даурия» романына бас кейіпкер болған, 1918-1920 жылдары Забайкалье казак әскерлерінің атаманы дәрежесіне көтерілген Г.Семенов еді. Осы жерде сөз ретіне қарай мына деректі де айта кетейік. Александр Дутов Орынбордағы өмірінің біз сөз етіп отырған кезеңінде сол кездегі подполковник дәрежесіне тең қосын старшинасы шеніне жоғарылатылып, үшінші дәрежелі Әулие Елена орденімен марапатталады. Және осы қалада 1907 жылы Ольга, 1909 жылы Надежда, ал 1912 жылы Мария есімді қыздары дүниеге келеді. Кенжесі Елизавета бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1914 жылы туған. Атаманның Олег есімді ұлы болған дейді. Алайда оның қашан, қайда туғаны жөнінде құжат жоқ.

1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс бас­талғанда Александр Дутов өзі сұранып май­данға аттанады. Алғы шептегі 10-атты әскер дивизиясы құрамындағы 1-Орынбор казак полкі қатарында шайқасады. Онда ол Оңтүстік-Батыс майданында ­генерал А.А.Брусилов қолбасшылық еткен әскери қимылдардың бел ортасында болады. Сол ұрыстар барысында біздің кейіпкеріміз қызмет еткен 9-орыс армиясы Днестр және Прут өзендері аралығындағы плацдармды ұстап тұрған 7-австриялық-венгрлік армияны талқан­дайды. Осы шайқаста Александр Дутов екі рет жараланады. Соңғы жарасы өте ауыр еді. Алайда Орынборда екі ай емделісімен полкке қайтып оралады. Көп кешікпей, князь Спиридон Бартеневпен қатар 1-Орынбор казак полкінің тең дәрежедегі тете басшысы болып тағайындалады. Сол кездері оған берген мінез­демесінде граф Ф.Келлер: «Әскери қосын старшинасы Дутовтың полкі қатысқан Румыния жеріндегі соңғы шайқастарды өте күрделі деп сипаттауға болады. Сонда ол өзін қалыптасқан жағдайды біліктілікпен бағалап, батыл шешім қабылдай алатын офицер ретінде танытты. Осы себепті де мен оны ерекше қа­білетке ие, полктің тамаша басшысы деп есеп­теймін» деп жазған. 1917 жылдың ­ақ­па­нында Александр Дутов жоғарыдағыдай жауын­герлік қызметі үшін екінші және үшінші дәрежелі Әулие Анна ордендерімен марапатталады.

1917 жылғы ақпан төңкерісі бұрын аты онша шыға қоймаған казак штабс-офицерінің бірсарынды өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Оған әсер еткен 1917 жылдың наурызында Уақытша үкіметтің бас министрі Г.Е.Львовтың Петроградта казактардың бірінші жалпы құрылтайын өткізуге рұқсат берген пәрмені еді. Әскери қосын старшинасы Александр Дутов, міне, осыған байланысты өз полкінің өкілі ретінде Ресей астанасына келеді. Сол кезден бастап 38 жастағы сақа офицердің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол саяси оқиғаларға белсен­ділікпен араласа жүріп, айтарлықтай нәти­же­ге қол жеткізеді. Ақыры 1917 жылдың кү­зін­дегі жиында жасырын дауыспен Орынбор ка­зак­тарының әскери атаманы болып сайланады.

Қазан төңкерісін Александр Дутов еш мойын­дамады. Сөйтіп ол алғашқы күндерден-ақ большевиктерге қарсы күрес туын көтереді. 1917 жылдың 25 қазанында атаман өзіне ба­ғынышты әскер қосынына арналған №816 жар­лыққа қол қойып, большевиктердің Петроградта өкіметті күшпен басып алуын мойындамауға шақырады. Осыдан соң ол Түркістан мен Сібір арасын жалғап тұрған стратегиялық маңызы зор Орынбор аймағын өз қолына алады.

 1918 жылдың күзінде Орал мен Сібір теміржолы бойындағы көтеріліске шыққан чехословак тұтқындар корпусына сүйенген Александр Дутов Колчакты қолдауға белсене кіріседі. Сөйтіп, Ақтөбе бағытындағы шабуылға шығады. Мақсат – Ташкентке қарай тоқтаусыз жылжу еді. Алайда оның бұл жорықта жолы болмайды. 29 қазанда ақтар қолындағы Бузулук құлайды да, 15 қарашада қызылдар Орынборды шабуылдауға көшеді. Атаман осы ауыр кезең туралы былай деп еске алады: «Бізге қарсы Гай басқаратын «құрыш дивизия» аталып кеткен большевиктердің ең таңдаулы әскери күштерінің бірі атой салды. Олар жақсы қаруланған және де тәртібі де темірдей қатты құрылым болатын. Қиын жағдайға тап болдық. Бірақ менің жігерім бір сәтке де жасыған жоқ».

1919 жылдың сәуірінен бастап Александр Дутов ресми түрде Орынбор казак әскери армиясының қолбасшысы бола тұрып әскери басшылық тізгінін көмекшілеріне тапсырады да, өзі Омбыға барып саяси өмірге араласып кетеді. Сібір билеушісі Колчактан генерал-лейтенант шенін алып, барлық казак әскерінің жорықтағы атаманы етіп тағайындалған ол жергілікті жердегі жасақтардың жай-күйін тексеру үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Сол жақта партизан қозғалысына қарсы күреске жетекшілік етіп, Сібір жоғарғы үкімет билігімен және Жапониямен ыңғайлас саясат ұстанған Семенов, Калмыков, Гамов сияқты атамандармен қарым-қатынас ­орнатады. Олар жоғарғы билеуші Колчакқа адалдығын көрсетуге тырысқанымен, іс жүзінде шығыс майданына бірде-бір әскери құрама жібермейді.

1919 жылдың күзінде Колчак дивизияларын талқандаған Қызыл армия шешуші шайқасқа көшеді. Осы кезде Александр Дутов Орынбор казак әскерилерінің қолбасшысы болып қайтадан тағайындалады. Бұл қалың қол Көкшетау мен Атбасардан Жетісуға шегінуге мәжбүр болған аса қиын кезең еді. Жасақ ашық аспан астында аш-жалаңаш күн кеше отырып, жұтаң, елсіз мекендерді артқа тастап шегінумен болады. Обоздағы жүк тартуға шамасы келмеген жылқы, түйені пышаққа жығып, азық етеді. Тұрғылықты халықтың жем-шөбін, киім-кешегі мен көлік-сайманын күшпен тартып алады. Алайда мыңдаған адам тобырына бұл жұқ болмайды. Суық пен аштықтан қырылғандардың саны күн санап өсе түседі. Жұқпалы ауру – сүзек пайда болады.

Жетісуға арып-ашып, әбден сілікпесі шығып жеткен дутовшыларға осы өңірге ертерек келіп, біршама жайлы тұрмыс кешіп жатқан атаман Борис Анненков әскерлері жылы қабақ таныта қоймайды. Араларында өзара дұшпандық ерегіс басталады. Кей жағдайларда олардың дау-дамайы қарулы қақтығысқа да ұласып отырады. Мұны көріп, берекесіздіктен әбден түңілген Александр Дутов 1920 жылдың наурызында өзінің серіктерімен бірге Жетісуды тастап, Сарқанттың 5800 метр биіктігіндегі мұз құрсанған Қарасырық асуы арқылы Қытайға өтуге мәжбүр болады. Осылайша Алатау асқан орынборлықтар Шыңжаң жеріндегі ағып жатқан Боратола өзеніне жетеді. Бұл Дампань деген әкімшілік аймағының жері еді. Босқындар, міне, соған жақын жерден қос құрып орналасып, бір айға жуық дамыл табады.

Олар осы жерде ес жиып жатқанда, солдаттар Кеңес үкіметі шетелдерге қашқан ақтарға кешірім жариялапты деген сөзді естиді. Артынан бұл хабар расталады. Жасақ қосынына келген Дампань уезінің бастығы атаманға кеңестік Ресей үкіметі одан Қытай Түркістаны жеріне өткен қашқындардың бәріне кешірім жасалғанын ресми түрде хабарлауды сұрағанын мәлімдейді. Мұны өкілдің өз аузынан естіп, содан соң біраз күн ойланып-толғанған Александр Дутов мынадай жарлық шығарады: «Елге оралғысы келетіндерге менің тарапымнан ешқандай қарсылық болмайды. Өйткені Отанымызға өз еркімізбен, ар-намысымызды жоғалтпай оралатын сәттің қашан келетінін айту қиын. Мұндай жағдай жыл өте не болмаса екі жылдан соң, тіпті ондаған жылдардан кейін ғана тууы мүмкін. Отанына қайтқысы келетін, бұдан әріге күш-жігері таусылып, қиындықтан қажыған адам тізімге жазылуына болады. Жасақтағы офицер мырзаларға айтарым, олар тарапынан ешқандай үгіт-насихат жүргізілмеуі тиіс. Осыны қатаң ескертемін. Әркім өз тағдырын өзі шешсін. Мен ешқандай уәде бермеймін және бере алмаймын да. Өйткені менде қаржы жоқ. Осындағы әрбір казак өз тіршілігіне қажеттіні өз еңбегімен тапсын».

Кеңес жеріне қайтуға 240 адам тілек біл­діреді. 1920 жылдың 6 мамырында жасақ еліне қайтатын жолдастарымен қоштасу үшін сапқа тұрады. Құдай Ана Табынская киелі ико­насының алдында мінәжат жасалады. Кете­тін­дермен қоштасып тұрып, атаман оларға: «Елге оралған соң сатқындық жасамаңдар, жеке бастарыңның мүддесі үшін мұндағы бауыр­ларыңды кінәлап, олардың туыстарын қиын жағдайға қалдырмаңдар» деп кеңес береді.

 2.ҚАМАЛ

 Қытай жағына Александр Дутовпен бірге ілесіп өткендердің қатарында Жетісу ­казактары әскерінің атаманы, генерал-майор ­Николай Щербаков та бар еді. Оның отряды да үлкен машақатпен асуы қиын Қарасырықтан өтіп, Боратола өзенінің аңғарына шыққанда оларды қытай шеріктері ұстап, оқшаулау орнына әкетеді. Көп кешікпей, бәрінің тұратын жері белгіленіп, нақтыланады. Атап айтқанда, Орынбор казактарының атаманы Александр Дутов өзінің штабымен және жеке күзет полкімен Сүйдін қаласындағы бекініс пен соған жақын маңдағы Мазар, Шипанзе қыстақтарына қоныстандырылады да, ал Николай Щербаков әскері Құлжа іргесіне орнығады.

 Осы жерде Кеңес үкіметінің тегеурініне шыдамаған ақ гвардияшылардың Қытайдың Харбин жағы мен Моңғолия беті және Шыңжаң өлкесіне ағылуының себебі неде деген сұрақ туады. Зер салып қарасақ, 20-жылдары казактардың Забайкалье атаманы Г.Семеновтің Шанхайға, барон Унгерннің Ургаға, Борис Анненковтың Үрімшіге, ал генерал Андрей Бакичтің Шәуешекке барып табан тірегенін байқаймыз. Николай Щербаков пен Александр Дутовты жоғарыда айттық. Бұлардың алғашқысы Құлжаны, соңғысы Сүйдінді таңдаған. Сонда дейміз-ау... Кейінгі 20 жыл ішінде жарыққа шыққан ақ эмигранттар жарияланымдарына қарағанда, мәселе мынада сияқты.

1918-1920 жылдары Үрімшідегі, Құлжадағы және Шәуешектегі Ресей консулдары ­Алексей Дьяков, Владимир Люба және Владимир Долбежев Кеңес үкіметін мойындамай, тіпті оның тез арада құлауы үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауды өз парыздары деп санайды. Ал мұндай әрекеттер большевиктер мен Қытайдың Шыңжаң аймағындағы ресми мемлекеттік құрылымдар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда айтарлықтай қиындық тудырады. Мысалы, 1918 жылғы 12 наурызда Жетісудың Әскери-революциялық комитеті Құлжадағы телеграф кеңсесінде жұмыс істейтін большевик Маньковтың нұсқау күткен жеделхатына жауап ретінде: «Маньков жолдасқа жөн-жоба көрсетіп, одан Қытай үкіметіне жақсы көршілік ниетті жеткізуді сұрау» жөнінде шешім қабылдайды. Алайда Құлжадағы бұрынғы патша армиясының полковнигі ­Владимир Любаның қарсы әрекет етуінен Маньков Шыңжаңдағы жергілікті ресми өкімет орындарымен байланыс орната алмайды. 1919-1920 жылдары Түркістан майданындағы саяси басқарманың бастығы болған, кейін Жетісудағы Верный қаласында комиссар қызметін атқарған жазушы Дмитрий ­Фурманов өзінің «Бүліншілік» атты деректі кітабында Владимир Любаны былай деп сипаттайды: «Сол кезде Құлжада патша заманынан қалған бір кәрі орыс консулы отырды. Ол байғұс қайда барсын? Сол Құлжадан шыға алмады. Оның үстіне жаңа Ресей мүддесіне қызмет етудің орнына оған дұшпандық танытты. Демек, ол оңбағанның қаржысы да болғаны ғой. Ал ақшамен барлық істі тындыруға болады. Осы ақшаға ол кәрі қақпас казактарды да ұстады, оларға көмектесіп, Жетісуға соққы беруге де дайындады...».

Ол қандай қаржы еді? Дмитрий ­Фурманов нені тұспалдап отыр? Осы сұрақтарға ­жауап беру үшін жазушы Вадим Обуховтың «Жоғалған жерұйық» кітабындағы мына деректерге үңілейік. Шыңжаңдағы бұрынғы орыс дипломатиялық қызметінің, Қытайдың басқа аймақтарындағыдай, өз мақсатына жұмсау үшін Ресей-Азия банкінен қарызға алынған ірі көлемдегі қаржысы болған. 1910 жылы құрылған, Қазан төңкерісіне дейін акционерлік капиталы бұрын-соңды болмаған 50 миллион рубль көлеміне дейін ұлғайып, Ресей мен шетелдерде орналасқан 175 бөлімшеден тұратын, кең тамыр жайған бұл банк акцияларының төрттен үші Францияда жатқан еді. 1914 жылға қарай банк негізгі активтерінің, вексельдік және тауарға негізделген несиелерінің, салым ақша мен ағымдағы есепшоттағы қаржы көлемі жағынан Ресейдегі акционерлік коммерциялық банктер арасында бірінші орынды иеленген. 1917 жылы большевиктер барлық банк жүйесін мемлекет меншігіне көшіргенімен, біз сөз етіп отырған құрылымның шетелдердегі бөлімшелері ­салым ақша және қаржы ағымдары бойынша жұмыстарын біраз уақытқа дейін бұрынғыдай жалғастыра берді. Үрімшідегі Ресей-Азия банкі директорының қызметін төңкеріске дейін А.Суворов деген кісі атқаратын. Азамат соғысы жылдарында да ол осы орнынан мызғымады. Патшалық Ресей консулдарының және Шыңжаңдағы ақ гвардияшылардың іс-қимылына қаржылық қолдау көрсеткен, міне, нақ осы адам еді.

Шыңжаңдағы консулдықтармен тізе қоса әрекет жасаған ақ гвардияшылар өздеріне ­керек әскер бөлімдерін жабдықтау және оларды адамдармен, оның ішінде Қытай азаматтарымен толықтыру, құпия да жедел ақпараттар алу сияқты сан қилы мәселелерді ақша арқылы шешуде айтарлықтай табысқа жетіп, тасы өрге домалайды. Ресей дипломаттары ақ гвардияшылар жасақтарын құрып және оларға елеулі қаржылық көмек берумен, ақ эмигранттар жетекшілерінің шетелдердегі басқа ұйымдармен байланысын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, орыс диаспораларының өз ішіндегі және қытай өкімет орындарымен арадағы дау-дамайды реттеуде де дәнекерлік және бейтарап қазылық жасап отырды.

Мұндай ашық көрініс, әсіресе атаман А.Дутов пен генерал Н.Щербаковты қанатының астына алып паналатқан, жазушы Д.Фурманов жоғарыдағы өз романында сөз еткен патшалық Ресейдің Құлжадағы бұрынғы консулы В.Любаның іс-әрекетінен анық байқалады. Ол ақтардың қос генералына жағдай жасау үшін Шыңжаңның сол өңірге әмірі жүретін генерал-губернаторының аузын майлап, бетін бері қаратады. Оған ақ эмигрант Анатолий Воробчук-Загорскийдің жазып қалдырған мына естелігі бұлжытпас дәлел бола алады: «Бақытымызға қарай Шыңжаң генерал-губернаторы Ян Цзяньсин ақтардың досы, большевиктердің қас жауы болып шықты. Консул В.Любамен пікірлесе отырып, ол осы жерге тұрақтаған казак-орыстарға жылы қарап, жергілікті өкімет орындарына олардың әрқайсысына күніне екі қадақтан (бір қадақ 443 грамға тең) ұн, сондай мөлшерде ас әзірлеу мен үй жылытуға қажет тас көмір босатып отыруға нұсқау берді».

Мамыр айында бұл билік иесінің атаман Александр Дутовтың жасағына Сүйдін қаласында тұрақтауға рұқсат бергенін біз жоғарыда айттық. Сүйдін Ресей боданындағы кеңестік Қазақстан шекарасынан 52 шақырым жерде, осы көрші елден Құлжаға баратын күре жолдың бойында орналасқан қала-тын. Және мұнда консулдардың күзетшілері үшін салынған 200 адамдық казармалар бар еді. Шекарадан өткен жасақ 1000 адамдай болғандықтан, казактардың біраз бөлігі Сүйдін бекінісіне және өз қолымен қамал іргесіндегі беткейге қазып салған жер үйге орналасты. Тек 1-Орынбор полкі ғана Сүйдін қаласынан 40 шақырым жердегі Душегур қыстағында болды. Бұлардың бәрі қытай өкімет орындарынан жоғарыдағыдай мөлшерде көмек алып тұрды.

Айта кетейік, эмиграцияның мұндағы алғашқы кезеңінде большевиктермен қарулы күресті қайта бастау деген бұрынғы ақ гвар­дияшылардың көпшілігінің ойына да келмеген нәрсе еді. Олар үшін ең маңыздысы тірі қалу, тырбанып өмір сүріп, нәпақа табу ­болатын. Орынбор әскері автомобиль бөлімінің бұрынғы басшысы Сергей Хитун өзінің жазып қалдырған күнделігінде сол кезді былай деп еске алады: «Шыңжаң уәлаятының губернаторы біздің басшымыз Бакичпен келісе отырып, орыстарды екі ай бойы азық-түлікпен қамтамасыз етуге уәде берді. Қуаныштысы, арамыздағы кейбір пысық «кәсіпкерлер» бұл мерзімнің аяқталуын күтпестен өз нанын өздері тауып жеуге кірісіп кетті. Орынборлықтардың арасында біреуі елден кинофильм таспаларын алып шыққан екен. Бұрынғы жарық қуатын беру ротасының жауын­герлері қос доңғалақты арбаның үстіне электр моторын орнатты да, менің механик жігіт­терімнің көмегімен кино көрсете бастады. Мотордың айналма белдігі үзіле берді. Бірақ америкалық ковбойлар туралы киноның жергілікті қазақтар мен ұйғырларға ұнағаны сон­шалық, олар резеңке белдік қайта тігіліп, жал­ғанғанша шыдамдылықпен күтіп отыратын.

Жергілікті базарда көбінесе айырбас сауда жүретін еді. Брикет түріндегі, яғни нығыз­да­лып қатырылған кірпіш шай кез келген ақ­ша­дан да өтімді болды. Мен қытайлық қысқа етікті американ әскери шинелінің белдігінен тар­қатылып алынған бір үлкен шумақ жасыл жіпке айырбастап алдым. Бұрынғы офицерлердің біразы базарда жайма сөрелер жасап алып, қытайлар мен ұйғырларға қосыла сауда жасауға кірісті. Олардың сөрелерінен фотоаппараттар да, қол сағат пен дүрбілер де, бесатар мылтық және темір шәугім, әскери киімдер де көптеп табылатын. Бұл заттардың бәрін де жергілікті халық қуана сатып алатындықтан, орынборлықтардың саудасы қызып тұрды.

Әлі есімде, бірде балалайка оркестрі құрылып, ол губернатор үйінің ішкі ауласында ойын-сауық көрсетуге шақырылды. Өңір басшысы аудармашы арқылы өнер көрсетушілерден «ең жақсы орыс әнін» орындауды өтінді. Оркестр жақында ғана құрылғандықтан оның репертуары жұтаң еді. Сондықтан балалайкашылар «Ай сәулесі төгіліп...» әнін орындауға ұйғарды. Қытайлықтар әнді ұйып тыңдады. Әнші оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары дауысты пикколоны аяқтап, жылдам ырғақты стаккатоны жорғалата жөнелгенде бәрі де, тіпті губернатордың өзі де дуылдата қол соқты. Балалайкашылардың әрқайсысына қытай доллары және түрлі-түсті қағаздан істеліп, ішіне өрік толтырылған сый дорба берілді».

Өмір осылай қалпына келіп, қайта жандана бастады. Ал ақ гвардияшы генералдар мен офицерлердің түпкі ойы, көздеген мақсат-мүддесі қандай еді? Олардың шекараның арғы бетіндегі жеңілістен рухы бәсеңсіп, күйзелген әскери бөлімдерінде уақыт өте ұйымшылдық пен тәртіп қайта орныға ­бастады. Осыны басқаларынан бұрын сезген Александр Дутов 1920 жылдың 12 тамызында Шыңжаң аймағындағы большевиктерге қарсы күштерді өз басқаруындағы Орынбор әскерімен біріктіру туралы №141 бұйрық шығарды. Жағдайды ой таразысына салып қарағанда мұндай пәрмен қажет те еді. Бірақ генерал-лейтенант көпе-көрінеу өз өкілеттігін асыра пайдаланып, солтүстік-батыс Қытайға өткен ақтар жасақтарының қолбасшылары бір-бірінен тәуелсіз әскербасылар ғана емес, көп жағдайда бір-біріне тең генералдар екенін ескермеді. Вадим Обуховтың «Жоғалған жерұйық» кітабындағы деректерге қарағанда, генерал-майор шеніндегі Сібір казактары әскерінің атаманы Борис Анненков және Жетісу казактарының атаманы Николай ­Щербаков өздерімен дәрежесі тең Орынбор казактары атаманының құзырына мойын ұсынудан мүлдем бас тартады. Генерал-майор Николай Щербаков жоғарыдағы бұйрықты оқығанда тіпті Орынбор атаманын жекпе-жекке шақыруға дейін барған. Бұған оның қытығына тиер сөз айтқаны себеп болған сияқты. Өзінің бұйрықтарында генерал-лейтенант Жетісу атаманын «өте қатал, халықтың көңіл күйін қаперге де алғысы келмейтін өктем адам және шаруалардың жауы» деп сипаттайды. Александр Дутовтың берген ақпарына сүйеніп қытай өкімет орындары Николай Щербаковты бірнеше күнге қамауға алады. Осылайша, жағдай жекпе-жекке шығатындай ушықпаса да бір бұйрықтың кесірінен атамандар арасына араздық сынасы қағылады.

Сүйдіндегі пәрменнен хабардар болған генерал Андрей Бакич те өзінің Александр Дутовқа бағынудан және қарамағындағы корпусын оның басқаруына беруден бас тартатынын мәлімдейді. Орынбор атаманының оны орнынан түсіріп, қамауға алмақ әрекеті сәтсіз аяқталады. Бұл шиеленіс екі генералдың бірлесе жұмыс істеуі мүмкін емес екенін көрсетеді. Алайда Александр Дутов өз шта­бының төңірегіне Шыңжаң аймағында ғана емес, большевиктер билігіндегі Ресей жеріндегі де большевиктерге қарсы барлық күштерді топтастыру әрекетін тоқтатпайды. Ол Қиыр Шығыстағы монархияшылар мен ақ гвардияшылар ұйымдарынан қаражат алып, Іле өлкесінде атыс қаруларын сатып ала бастайды. Барлау және қарсы барлау жұмыстарын ­жандандыра түседі.

Александр Дутов тұсында мұндағы ­арнаулы қызметтің бейресми жетекшісі былайғы қауымға Владимир Покровский есімімен белгілі игумен Иона еді. Ол қарсы барлауға жауапты болып, жасақ үшін қаражат жинаумен ғана айналысып қоймай, кеңестік Ресейге қарсы әскери қимылды насихаттаушы басты идеологтардың бірі болады. Поп әкей: «Бұл жорық енді зұлымдыққа қарсы шешуші шайқасты бейнелейтін соңғы жорық» дегенді ел құлағына құйып, сіңіре бастайды. Осы пірәдар туралы Түркістан майданының барлау бөліміндегі мәліметте былай делінген: «Дутовқа қосылған соң, ол ешқандай қиындықсыз-ақ оны өз ырқына көндіріп алды. Атаманның оң қолына айналды да, көп ұзамай, әскердің бас діни қызметшісі болып тағайындалды. Уақыт өте оның Дутовқа ықпалы күшейгені сонша, генерал оның кез келген тілегін лезде орындайтын болды. Атаманның кеңестік Ресейге қарсы 1920 жылы басталады деп болжанып отырған шабуылы да осы тілектердің бірінен саналады».

1920 жылдың күзінде өзінің көп хаттарының бірінің иесіне жауап бере отырып, Орынбор атаманы: «Жетісу мен Ташкент арасының өн бойында жұмыс жүріп жатыр. Мен Харбинмен және Қырымдағы генерал Врангельмен байланыс жасап тұрамын» деп хабарлайды. Зерттеуші Давид Голинковтың «КСРО-дағы антикеңестік құпия ұйымның күйреуі» атты кітабындағы деректерге қарағанда, 1921 жылдың басында Александр Дутов ағылшын барлау қызметімен байланыс орнатады. Анығында бұл «байланыс» оның большевиктердің Жетісудағы жағдайын тұрақсыздандыруға орыс генералынан кем мүдделілік танытпайтын Қашқариядағы ағылшын консулымен әңгімелесуіне келіп тірелген сияқты. Осы мақсатқа жету үшін атаман шетелдердегі Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдармен де, генерал Петр Врангельмен де белсенді түрде қатынас орнатады. Ол кезде Врангель Ресей эмиграциясының барлық әскери істерінің ресми жетекшісі ғана емес, қуғындағы үкімет ретінде «большевиктермен күрестегі барша күштерді біріктіретін заңды өкімет иесі» деп танылған Орыс Кеңесінің төрағасы да еді.

Сонымен қатар Александр Дутов Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының жетекшілерімен, Жетісудағы Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымдармен де тығыз қатынаста болады. 1920 жылдың 1 қазанында Ферғана басмашыларының көсемі құрбашы Эргашбай Бердиевке жазған хатында атаман былай деген: «1918 жылдың жазында-ақ Орынбордағы маған байланыс орнатып, бірлесе әрекет ету тапсырмасымен сізден бір адам келген еді. Мен одан өзіңізге хат және біздің достығымыз бен бірлескен әскери қимылымыздың белгісі ретінде күміс қанжар мен барқыт шапанды сыйлыққа жібергенмін. Бірақ ол адам сізге жете алмаған сияқты. Мен сіздің бірлесе әрекет ету туралы ұсынысыңызды Орынбор казактары әскерінің Әскери үкіметіне жеткізгенмін. Онда Үкімет алқасы өзінің шешімімен сізді Орынбор казактары қатарына қосып, өзіңізге жасауыл шенін берген болатын.

Содан бір жылдан соң генерал Зайцев келіп, сіздің маған деген құрметіңізді білдірді. Омбыдағы адмирал Колчактан Хиуа мен Бұхараға елшілер баратынын пайдаланып, сізге солар арқылы тағы да хат, жасауыл эполеті тағылған шапан, күміспен көмкерілген қару және өзімнің суретімді жіберген едім. Алайда, мендегі мәлімет бойынша, бұл елшілер сізге жетпеген көрінеді.

Мен сізбен байланыс жасауға үшінші рет әрекеттеніп отырмын. Қазір біз Қытай шекарасындағы Жаркентке таяу Сүйдін қаласындамыз. Менің қоластымда 6 мың адамға жуық жасақ бар. Туындаған жағдай мен тәртіпке байланысты мен қару-жарағымды әзірше Қытай үкіметіне тапсырдым. Енді тағы да шабуылға шығып, Жаркентке соққы берер сәтті күтіп жүрмін. Бұл үшін өзіңізбен байланыс және тізе қосқан қимыл керек. Мархабатты жауабыңызды күтемін. Сізге және сіздің батырларыңызға сәлемімді жолдаймын».

Алайда Ферғана басмашылары Александр Дутовпен қандай да бір әскери бірлескен түрдегі әрекет жасауға үлгермейді. Құрбашы Эргашбай қожа Бердиев өзіне жолданған хатты ала алмайды. Ол 1920 жылдың көктемінде Кеңес үкіметімен ымыраға келеді де, көп ұзамай, өз маңындағы адамдардың бірінің қолынан ажал құшады. Сүйдінге бас сауғалап барған Орынбор атаманы мұны білмеген.

 (Жалғасы бар)

*Деректі хикаяттағы кейбір сөздер сол замандағы ұғым бойынша алынды. – Автор

 

3249 рет

көрсетілді

142

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы