• Тарих
  • 21 Қаңтар, 2021

АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗҒА ИЕ ЖАРКЕНТ ОПЕРАЦИЯСЫНА – 100 ЖЫЛ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

5. ТАҒДЫР

Қанқұйлы атаман Александр ­Дутов, оның көзін жою жөніндегі кеңес чекистерінің жасырын жоспары және ол ­операцияны орындаудағы жеті жаужүрек жігіттің жанкештілігі туралы бізде аз жазылған жоқ. Өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында көптеген зерттеу мақалалар мен жинақтар жарық көріп, тарихи-көркем фильм де түсірілді. Бірақ солардың бәрінде бір нәрсе ескерілмеді. Ұмыт қалып жүрді. Ол: «Ажал ­аузына аттанған сол азаматтар қашан, қайда, қандай ортада өмірге келіп еді? ­1917-1918 жылдардағы төңкеріс, азамат соғысы кезінде бұлар кім болған? 1921 жылғы өздері үшін қияметтің қылкөпірі дерлік атышулы операциядан аман оралғаннан кейін сол есіл ерлердің тағдыры не болды? Олардан ұрпақ қалған ба? Қалса қайда тұрады, ата-әкелері туралы не айтады?» деген сұрақтарға жауаптың жоқтығы дер едік. Жоғарыдағы тарауларда баяндалған оқиғаның жалғасы ретінде, құрметті оқырман, біз енді осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныс жасап көрейік. Сонымен...

Алғашқы әңгімені Қасымхан ­Чанышевке қатысты деректерден бастайық. Ол 1898 жылы өмірге келген. Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі арнаулы мемлекеттік Орталық архив басшысы Е.Бахмутовтың бізге берген құжаттар топтамасында оны Жетісу өңірі­нің тумасы деп көрсеткен. Әкесі – Қазан ­татары, князь Мұхамедғали Чанышев. ХХ ғасырдың бас кезінен Жаркент қаласында тұрған бұл кісінің Ташкент пен Құлжада үлкен фабрикалары мен тері, жүн өңдейтін кәсіпшіліктері болған. Сәби Қасымханнан кішкене кезінде: «Өскенде кім боласың? – деп сұрағанда, – кедейлерге үлестіру үшін мына ­фабрикаларда сабандай көп ақша жасаймын» дейді екен.

Ол гимназияда оқиды. 1917 жылғы Қазан төңкерісі кезінде бірден Кеңес өкіметі жағына шығады. Бұған үлкен ағасы Аббас қарсы болады. Алайда албырт жас оны тыңдамайды. Сөйтіп, орыс тіліне жетік, ­сауатты, жүріс-тұрысы ширақ, сымбатты жігітті жергілікті жердегі ЧК Жаркент қа­лалық милициясының бастығы етіп тағайындайды. Содан үш жыл өткен соң оның атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі топқа жетекшілік жасағаны белгілі. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мұра­ғатында Қасымхан Чанышевтің бұл операцияға қатыстылығы мынадай ­ресми құжаттармен расталады. Олар: ВЧК Уәкілетті өкілінің 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1883 куәлігі; Түркістан майданының Алматыдағы тіркеу бөлімі бастығының 1921 жылғы 20 мамырдағы №800 хаты; ГПУ алқасының 1924 жылғы 4 тамызда берген №54794 грамотасы және Қасымхан Чанышевті алтын сағатпен марапаттау ­туралы ГПУ Төрағасы орынбасарының қолы қойылған №214365 анықтама.

Осылардың ішінен екі құжатқа тоқ­та­лып өтелік. Бірінші­сіндегі мәтін ­мынадай: «Куәлік. Осыны көрсетуші ­Чанышев Қасымхан жолдас 1921 жылғы 6 ақпанда жалпыреспубликалық маңызы бар акт жасап, бірнеше мың адам өмірі мен жалпы еңбекші бұқараның тыныштығын қанқұйлы бандылар шабуылынан сақтап қалды. Сондықтан бұл жолдасқа Кеңес билігі тарапынан сергек қатынас талап етіледі және аталған жолдасты Уәкілетті өкілдің рұқсатынсыз қамауға алуға болмайды. ВЧК-ның Түркістан Республикасы аумағындағы Уәкілетті өкілі Я.Петерс. 1921 жылғы 14 сәуір. №1883. Ташкент».

Енді екінші құжатқа зер салайық. Онда былай деп жазылған: «Аса құрметті және қымбатты Қасымхан Чанышев жолдас! Сіздің ақ гвардияшыл атаман Дутовтың көзін жоюдағы ерлігіңізбен қорытындыланған революция алдындағы батырлығыңызды мақтан тұтамыз. Алда да осындай даңқты істер атқаратыныңызға сенімдіміз. Сіздің сіңірген жоғарыдағы еңбегіңізді мара­паттауға қазіргі кезде мүмкіндіктің шектеулі екенін ескеріп, №5353 үш желілі карабинді менің жеке өз атымнан және өзімнің басқаруымдағы тіркеу бөлімі басшылығы атынан қабыл алуыңызды сұраймын. Бұл шағын сый бірлесіп атқарып келе жатқан жұмысымыздан естелік болсын. Коммунистік сәлеммен: Түркістан майданының Алматыдағы тіркеу бөлімінің бастығы Пятницкий. 1921 жылғы 20 мамыр. №800».

Міне, құжаттарда осылай деп айтылып, жазылған жан, мемлекеттік маңызы бар операцияны орындаушы топқа басшылық жасаған адам одан кейін қайда, кім болып жұмыс істеген? Тағдыры қалай болған? Біз оны білеміз бе? Бұл сауалдарға деген жауапты кейіпкеріміздің туған қызы Неля Чанышеваның естелігінен табамыз. Неля 1925 жылы дүниеге келген. ­60-жылдары ­Ташкент қаласындағы Мемлекеттік Қауіп­сіздік комитетінің орталық аппаратында аудармашы болып жұмыс істеген. Бұл кісінің естелігіндегі мәліметтерді 90-жылдары ­Алматы облысындағы Панфилов аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып Жаркентте қызмет атқарған, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын заң ғылымдарының докторы Сарқытбек ­Молдабаев былай баяндайды. Қасымхан Чанышев 20-жылдардың соңында қызмет бабымен Әулиеата өңірінің Шу стансасы маңындағы Новотроицк ауылына келіп, жұмыс істеп жүреді. 1930 жылы ол Қырғызстанның Ош қаласына шақырылып, Памир автокөлік басқармасының бас­тығы болады. Бірақ содан көп ұзамай 1932 жылдың желтоқсан айында жалған жала ­жабылады. Сөйтеді де қолындағы Бүкілодақ­тық Төтенше комиссияның (ВЧК) келісімінсіз тұтқындауға болмайды деген куәлігіне қарамастан абақтыға ­жабылады. Түрмеде жантүршігерлік азаптарға ұшырай­ды. Ақыры отбасына 1933 жылдың 2 мамы­рында абақтыдан қашып шығуға әрекеттену барысында атып өлтірілді деген суық ­хабар жеткізіледі. Ең сорақы жағдай сол, оның мәйіті ақ жауып, арулап көмуге кері қайтарылмайды. Туыстарына тек өліп жатқан суреті ғана көрсетіледі.

Атақты жазушы Ю.Семеновтың атаман А.Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияның қалай орындалғаны туралы алғашқылардың бірі болып жазған мақаласы. «Огонек» журналы, 1963 жыл, тамыз.

Атақты жазушы Ю.Семеновтың атаман А.Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияның қалай орындалғаны туралы алғашқылардың бірі болып жазған мақаласы. «Огонек» журналы, 1963 жыл, тамыз.

 

Қасымхан Чанышевтің әйелі жоғарыдағы жауыздық жағдайдан 33 жасында жесір қалады. Содан кейін қайтып тұрмысқа шықпайды. 1935 жылы өзі туып-өскен Талдықор­ғанға келіп, осы қалада тұрады. 1974 жылы 74 жасында қайтыс болады.

Енді Махмұд Қожамияровқа келейік. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатын­дағы құжаттарда бұл кейіпкеріміздің 1894 жылы қазіргі Алматы облысының Жаркент қаласындағы ұйғыр отбасында өмірге келгені айтылған. Бірақ осы өңірдегі Алмалы ауылының тумасы Нұрымбай Бекқұлиев өзінің ­«Елорда» баспасына тапсырған қолжазбасында оны Ақкентте дүниеге келген еді дейді. Бұл Жаркенттен 18 шақырым жердегі елді мекен. Жергілікті өлкетанушы осылай десе, Махмұдтың балалық, жастық шақтағы, яғни Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі өмірі туралы мағлұматты жазушы Жүсіпбек Арыстановтың 1966 жылы жарық көрген «Сұңқар да жерді мекендейді» атты деректі кітабынан табамыз. Онда қаламгер өзіміз сөз етіп отырған жанның сол кездегі Жаркент, Көктал аумағындағы күш сынасу жекпе-жектерінде «мұштасу» (жұдырықтасу – ред.) өнерімен аты шыққан бірбеткей бозбала екенінен хабар береді. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің іс материалдарында Махмұд Қожамияровтың бұдан соң, нақты айтқанда 1918-1919 жылдары контрабандамен шұғылданғаны, одан соң контрабандистерге қарсы күрескені айтылған. Оның осы «қызметі» кейін кәдеге жараған. 1921 жылғы атаман Александр Дутовтың көзін жою операциясы кезінде шекараның арғы бетіндегі көзтаныстар одан онша көп күдіктенбеген. Сөйтіп олар оған: «Бұл кешегі апиын, көкнармен жасырын сауда жасап жүрген аткезші, делдал ғой» деп қараған.

Аталған операцияға қатысып, ажал аузынан аман оралғаннан кейін Махмұд Қожамияров ВЧК тарапынан арнайы сыйлық – алтын сағатпен марапатталған. Сол 1921 жылы көктемде ВКП (б) қатарына қабылданып, жергілікті жердегі кеңес-шаруашылық жұмысына тартыла бастаған. Оны кейіпкеріміздің ЧК қызметкері, МТС директоры, Жаркент қалалық кеңесінің төрағасы секілді атқарған қызметтерінен анық аңғаруға болады.

Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мұрағатын­дағы құжаттар жоғарыдағы деректерден басқа бізге мынадай жағдайлардан да хабар береді. Ол Махмұд Қожамияров өмірінің қауіп-қатерге толы болғандығы. Оның негізгі себебі ержүрек чекистің атаман Александр Дутовтың көзін жойған адам екенін білген ақ казактар өшпенділігінде еді. Қаны қарайған олар мұны өлтіріп кек алу үшін 1921, 1925 және 1928 жылдары үш рет қастандық жасайды. Бірақ Махмұд Қожамияров осының бәрінен аман қалады. Өкініштісі, сыртқы күштердің осындай арам ойлы әрекеттерінен жергілікті жердегі бір тырнағын ішіне бүккен іші тар, қызғаншақ жандар да қалыспаған. Бұған бір мысал, ол, 1936 жылы ­Алматы облыстық партия комитетіне Махмұд Қожамияров үстінен жазылған арыз. Онда: «Бұл – бұрын ірі шонжарлармен байланыс жасаған адам. Сеніп жүрген кісілеріңіз төңкеріске дейін Жаркент, Құлжа өңірлерінде атақ-даңқы дүркіреп тұрған бай, бірінші гильдиялы көпес Уәлібай Юлдашевтің ­туысы» деп қаралаған. ­Дабыл хатты облыстық партия комитеті өзінің бюро отырысында қарайды. Жиналысқа қатысушылар тексерушілердің сөздеріне сүйене отырып, «арыздағы айтылғандар коммунист азаматқа жабылған жала» деген ұйғарыммен кейіпкерімізді жазадан аман алып қалады.

Өстіп жүргенде... иә, өмір осылай өтіп жатқанда 1937 жылғы 1 қаңтарда Махмұд ­Қожа­мия­ровтың отбасында сұмдық оқиға болады. Ол ақтар атаманының тірі қалған серіктестерінің жергілікті жердегі тап жауларын пайдаланып, солардың қолымен от көсетуі еді. Соның салдарынан кек алушылар түн жамылып келіп, кейіпкеріміздің әйелі мен 9 жасар бүлдіршін қызын бауыздап кетеді. Ал 13-тегі ұлы кездейсоқ жағдайда аман қалады. Оған жасөспірімнің сол күні анасынан көрші ауылға барып кино көріп қайтуға сұранып кетуі себеп болған. Ал отағасы іссапарда екен. Бұл фактілер «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы 5 сәуірдегі «Қылмыскерлер жазаланбады» деген мақаладан алынып отыр. Онда: «1937 жылдың 1 қаңтарынан қараған түні Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының Мирзоян атындағы МТС директоры, сол кезде іссапарда жүрген Махмұд Қожамияровтың әйелі мен қызы айуандықпен өлтірілді, – делінген. – Коммунист басшының отбасына жасалған бұл зұлымдық таптық кек алу фактісі болып табылады және ол Ұйғыр ауданы басшылығының тарапынан жіберілген саяси салғырттықтың салдары. Қожамияров өзіне қарсы қастандық дайындалып жатқаны туралы жергілікті органдарға әлденеше рет ескерткен. Мұндағы әңгіме оның азамат соғысы кезінде Кеңес өкіметінің қас жауы генерал Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқандығында болып отыр. Содан бері контрреволюциялық кулактар мен Дутовтың тірі қалған серіктестері Қожамияровтан кек алуға бірнеше рет әрекеттенді. Олардың 1937 жылдың 1 қаңтарына қараған түндегі зұлымдығы осының айғағы».

Бұл жантүршігерлік оқиғаны арада үш ай өткен соң «Известия» газеті жазған. Тілші М.Сувинскийдің 1937 жылғы 2 сәуірде жарық көрген осы мақаласын 5 сәуірде «Казахстанская правда» көшіріп басқан. Көп кешікпей одан Еуропадағы ақ эмигранттар да хабардар болған. Оған дәлел – Болгарияның Варна қаласында шығып тұрған «Русское слово» басылымындағы ақпарат. 1917 жылғы Уақытша үкімет кезінде Сыртқы істер министрі қызметін атқарған, кейін шетелге қоныс аударған князь П.Милюковтың жеке қорында сақталған жоғарыдағы газеттің 1937 жылғы 23, 24 және 29 сәуірдегі «А.И.Дутов» атты мақалада былай делінген. «...Атаман Дутовтың қазіргі кездегі көзі тірі достары оны атып тастаған (атқан деп жазылмаған – ред.) қырғыздың (ұйғырдың – ред.) бірі Қожамия­ровтың әйелі мен қызын өлтіріп, одан кек алды».

Құдай басқа бермесін дейік. Қажет кезде Кеңес өкіметінің қиын тапсырмасын қай­мық­пай орындаған, одан кейінгі бейбіт кезеңде бел шешпей еңбектенген жанға жоғарыдағы жағдайдың өте үлкен соққы болып тигені анық. Сұмдығы сол, ақ казактар жіберген жансыздың қолынан азапталып өлтірілген ана мен қыз денесінің жеті күн бойы жерленбеуі. Облыстағы орган адамдары келіп көргенше, міне, осындай келеңсіз жағдай орын алған. Соған қарамастан қайғылы оқиғадан кейін де бойынан өмір сүруге деген күш-қайрат таба білген Махмұд Қожамияров өзіне сеніп тапсырылған жұмыстарды қадери-халінше атқарып жүреді. Соңғы қызметі Жаркент қалалық кеңесінің төрағасы екен. Сол кезде оған қарсы тағы бір зәбір басталады. Ол халық жауы деген жала еді. Тағылған айып түрі – «жергілікті жердегі кеңес билігін басып алуға ұмтылған зиянкестік әрекет». Осындай «ұйғарыммен» Алматы облыстық НКВД үштігі 1938 жылғы 19 қазанда Махмұд Қожамияровты ату жазасына кеседі. Артында қалған жалғыз ұлы әкесі оққа байланған 3 жылдан соң соғысқа жіберіледі. Мұрағат құжаттарында ол бейбақ туралы: «Хабарсыз кетті» дегеннен басқа дерек жоқ.

Ал атышулы операцияға, яғни ақ казактар атаманының көзін жоюға тікелей қатысқан үшінші адам Мұқай Байсымақов ше? Бұл қандасымыз туралы біз не білеміз? ҰҚК мұрағатында оның 1895 жылы Жаркент өңіріндегі Бұрхан ауылында өмірге келгені айтылады. Шала сауатты кісі екен. Архив деректері осылай десе, жергілікті өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиев өзіміз жоғарыда сілтеме жасаған қолжазбасында біз сөз етіп отырған жанның өмірге келген жылы 1895 емес, 1884, ал туған елді мекені Бұрхан ауылы емес, Талды қыстағы екенін айтады. Өздері Мұқай, Көдек деген ағайынды екі жігіт еді дейді. Олар әкелерінен жастай жетім қалып, әркімге жалданып күн кешеді. 1912-1914 жылдары Құлжа қаласындағы атақты көпес Үсейінбай Мұсабаевтың былғары зауытында жұмыс істейді. 1918 жылы Жаркентте Кеңес өкіметі орнайды. Бірақ мұндағы әскери гарнизон қаланы қорғауға, оны ұстап тұруға қабілетсіз еді. Орталықтан келген қызыл комиссарлар осы әлсіз, осал тұсты тез байқайды. Сөйтеді де қосымша күшті жергілікті жердегі еріктілерден өте қысқа мерзімде жасақтап, күшейтуге ұран тастайды. Сонда төңіректегі ауыл кедейлерін жинап әкеліп, шақыруға алғашқылардың бірі болып үн қосқан Мұқай Байсымақов еді. Сөйтіп, ол және оның ниеттестері Қызыл армия қатарына жазылып, Яков Лаковтың қазақ атты әскер полкін құрайды. Қапал және Абакумовка үшін болған ұрыстарға қатысады. Екі рет жараланған соң Жаркентке оралуға рұқсат беріліп, осындағы милиция бөліміне қызметке алынады.

Операцияны орындауға тікелей қатысқан М.Қожамияровтың отбасына ақтардың жансыздары арқылы жасалған қастандық туралы хабар. «Казахстанская правда» газеті. 1937 жыл, 5 сәуір.

Операцияны орындауға тікелей қатысқан М.Қожамияровтың отбасына ақтардың жансыздары арқылы жасалған қастандық туралы хабар. «Казахстанская правда» газеті. 1937 жыл, 5 сәуір.

 

Одан кейін ағайынды Мұқай, Көдек Байсымақовтардың 1921 жылғы 6 ақпандағы операцияға қатысқаны алдыңғы тарауларда баяндалған оқиғалардан белгілі. Содан екі ай өткен соң басшысы да, қосшысы да қамтылған бір топ уездік милиция қызметкерлері Ташкентке шақырылады. Мұндағы марапат, алғыс және түрлі құрмет көрсету рәсімдерінен кейін Жетісу өңірінен келген милиция қызметкерлерінің бір тобы осында қалдырылып, Ферғана басмашы­ларының құрбашысы Көрширматқа қарсы ұрыстарға жіберіледі. Бұлардың қатарында Мұқай Байсымақов та бар еді. Біздің кейіпкеріміз Орта Азиядағы ол сапардан 6 айдан кейін оралады да Жаркентке келіп, милициядағы жұмысын қайта жалғастырады.

Осыдан кейін құрметті, оқырман, Мұқай Байсымақовқа қатысты мәліметтер желісі үзіледі. Сөйтеді де оның аты-жөні 1938 жылы бір жерден қылаң беріп, қайта жоқ болады. Ол – ҰҚК мұрағатындағы куә ретіндегі жауап алу кезінде сақталып қалған дерек. Ондағы мәселе бір тақырыпты анықтауға, атап айтқанда, 1921 жылғы ақ казактар атаманының көзін жоюдың алдындағы жағдай мен операцияны жүзеге асыру кезіндегі оқиғаны куәгер сөзімен нақтылауға арналған. Мұқай Байсымақовтың сондағы, яғни 1938 жылдың 12 қаңтардағы көрсетуі бойынша мәселе былай. «Жаркент милициясының бастығы Қ.Чанышевті («сырт көз үшін») тұтқынға алардан бір ай шамасы бұрын М.Қожамияров пен М.Байсымақов ЧК-дан А.Дутовты өлтіру жөнінде тапсырма алған. Белгіленген уақытта (айда) бұлар операцияны жүзеге асыруға қол жеткізе алмайды. Сол кезде ЧК бірнеше адамды кепіл ретінде тұтқындайды да Қ.Чанышевті («түрмеден қашырып») Қытай аумағына жібереді. Шекарадан өткен соң ол («екеуін тауып алып») қайткенде де ақ гвардияшылар атаманының көзін жойып, кеңес жеріне қайта оралуды ұсынады. Өйткені тапсырма орындалмаған жағдайда олар үшін ЧК-да кепілдікке алынған 8 адам зардап шегетіні анық-тын. Бұдан әрі М.Байсымақов мынаны көрсетеді. (Ойластырылған операция басталады). (Сонда) М.Қожамияров пен М.Байсымақов ақ гвардияшылар генералын өлтіреді. Атап айтқанда, М.Қожамияров атаман А.Дутовты, ал М.Байсымақов оны күзетуші үш адамды оққа байлайды».

Демек, біздің сөз етіп отырған кейіпкеріміз 1938 жылға дейін бар екен. Оған оның жоғарыдағы НКВД өкіліне берген түсініктемесі дәлел. Ал одан кейін ше? Бұған деген жауапты біз енді мұрағаттан емес, Мұқай Байсымақовтың ұрпақ­тарының айтқан сөздерінен табамыз. Олардың бәрі қарапайым еңбек адамдары. Жаркенттен онша қашық емес Алмалы ауылында тұрады.

– Атамыз 1938 жылы Қытайға қоныс аударыпты, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміздің немересі Тұралы. – Жаз кезі екен. Отбасымен өтіп барып, шекараның арғы бетіндегі Шипанзе қыстағына тұрақтапты.

– Шекара 1934 жылы жабылды емес пе? Бұл өңірдегі арғы бетке жасырын өтуге әрекеттенгендердің ең соңғы көріністері 1936 жылы тіркелгенін айтады Қорғас шекара заставасының кезекшілік журналы. Содан соң..., иә, содан соң атаңыздың арғы бетке өтуіне не себеп болған? Онда не істеп, қандай кәсіппен шұғылданған?

– Шекараның ол уақытта ашық не жабық екенінен хабарымыз жоқ, – деп сөзге араласты осы кезде Мұқайдың екінші немересі Тұрғанбек. – Бірақ атамыздың сол жылы арғы бетке өткені рас. Туған жерден кетуіне ол кісінің бір кездері өзін білетін ЧК қызметкерлерінің азайып, арызқой аңдушылардың молайып, «халық жауы» деген қорқынышты аттан қорғап қалатын ешкімнің бел шешіп шықпағаны себеп болған. Арғы бетке барған соң дүкен ұстапты. Сауда-саттықпен айналысып күн көрген. Бұл айтып отырғандарымыз әжеміз Ақдана мен ағалы-інілі әкелеріміз Нұрмұқа, Қашқынбектің әңгімелерінен есімізде қалған деректер.

Осыдан кейін Тұралы мен Тұрғанбек бізге төмендегідей жағдайды айтты. Жаркенттен жансауғалап арғы бетке өткенде де Мұқай Байсымақовтың өмірінде тыныштық болмаған. Шипанзе қыстағындағы дүкеніне Сүйдіннің орталық базарынан зат алуға келген оны 1918-1920 жылдары мұнымен контрабандалық байланыс ұстаған ұйғыр, дүнгендердің біреуі танып қалады. Сөйтеді де 1921 жылғы ақпандағы атышулы оқиғадан кейін ол зауалдың кімнен келгенін біліп іштен тынып жүрген ак казактарға жеткізеді. Арғы жағы түсінікті. Сөз жеткізуші сыбыс иесі сыйлықпен аталып өтіледі. Мұқай Байсымақов «баққан малын орыс селосындағы адамдардың еккен егініне түсірді» деген жаламен гоминдань шеріктеріне ұстатылады.

– Содан көпке дейін хабар болмапты, – деді осы араға келгенде Тұрғанбек. – 1946 жылы Шыңжаңдағы ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жетіп, түрмедегілер қапастан босамай ма? Міне, сол кезде Ақдана әжемізге Шерғали, Болысбек деген екі кісі келіп жолығады. Олар Үрімші абақтысында Мұқай Байсымақовпен бірге жатқанын, жендеттердің атамызды ұрып өлтіргенін жеткізеді. Ол кездері біз жоқпыз, өмірге әлі келмегенбіз. Ал 1962 жыл есімізде. Шекарадан өтіп, атамекенге оралдық. Осы ­Алмалы ауылына орныққан соң әжем Жаркентке барып көп ізденді. 1965 жылы Н.Милованов деген кісі келіп, атамыздың туған ұлдары, біздің әкелеріміз Нұрмұқа, Қашқынбекпен ұзақ әңгімелесті. Нәтижесі – 1967 жылы жарық көрген «Көрінбейтін майдан» жинағындағы деректі очеркке Мұқай Байсымақовтың кейіпкер болып кіруі. Әжем Ақдана сол кітаптың шыққанын көріп, 1973 жылы өмірден озды.

Әңгіме соңында үй иелерінен Мұқайдың інісі Көдек туралы сұрауды да ұмытқамыз жоқ. Себебі ақтар атаманының көзін жою операциясындағы құжаттарда оның да есімі аталып өтетіні бар. Бірақ кейінгі тағдыры белгісіз-тін. Тұрғанбектің айтуына қарағанда ол кісі өте шапшаң, алғыр, керемет шабандоз жігіт ретіндегі қасиетімен ел есінде қалыпты. Өкініштісі, аурушаң екен. Үйленбеген. 1935-1936 жылдары Сарыөзек стансасы маңында өмірден озыпты. «Басқа дерек мәліметті білмейміз» дейді үй иелері.

Енді ақ гвардияшылар атаманының көзін жою жөніндегі операцияға қатысқандардың ішіндегі келесі екі адамға келейік. Олар – Ғазиз және ­Насыр Ушурбакиевтер. Алдымен Ғазиз ­туралы бірер сөз. ҰҚК мұрағатында оның 1904 жылы ұйғыр отбасында өмірге келгені айтылған. Жаркент қаласының тумасы екен. Шала сауатты болған. 17 жастағы жалын жігер, жас түлектің өте қауіпті тапсырманы орындауға қатысқандығы ВЧК-ның оны №6990 күміс сағатпен марапаттау туралы 1921 жылдың 6 мамырындағы №2354 куәлікпен расталады.

Ғазиз Ушурбакиевтің өзінің көрсетуі бойынша ол: «Чанышевтің (Құлжадағы) туыстарының өтінішімен Жаркентте (сырт көз үшін) «тұтқындалған» Қасымханды босатуға Қызыл армия басшыларымен жасалатын айырбас мәселелері бойынша кеңестік және қытайлық билік арасындағы хат жазысудың тасушысы болған және (кейін) Қытай аумағына өтіп, оқиға алдында сонда жүрген Чанышевпен кездескен». Сөз орайында атап айтатын нәрсе, 1921 жылдың 6 ақпаны күні таңертең операцияны: «Бастай беріңдер!» – деп Жаркенттен Сүйдінге хабар алып келген міне, нақ осы Ғазиз Ушурбакиев. Өкініштісі, осындай жігерлі, өжет азаматтың ғұмыры қысқа болған. 20-шы жылдардың ортасында үйленбеген күйі ауырып жүріп өмірден өткен. Басқа дерек жоқ.

Ал керісінше мұрағатта оның ағасы Насыр ­туралы мағлұмат өте көп. Ол 1895 жылы Жаркентте туған. Жасынан пысық, елгезек жігіт 1915 жылы қаладағы интендант Дубининнің қоймасына қара жұмысқа алынады. Бұл осындағы 6-шы Орынбор казак полкін қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп тұрған мекеме еді. 1917 жылғы қазан төңкерісі қарсаңында Насыр Ушурбакиев қаладағы телеграф почтасында фельдъегерь болып істеп жүрген-тін. Оның бұдан кейінгі өмірбаян жолдарын Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты Панфилов аудандық филиалының директоры Г.Макарованың республикалық ұйғыр мәдениеті орталығының төрағасы Р.Тохтахуновқа берген анықтамасы толықтырады. Онда: «Насыр Ушурбакиев 1918 жылдан бастап 1920 жыл аралығында сол­түстік Жетісу майданында интенданттық жұ­мыс ­бойынша жеткізуші болды. Осымен бір мез­гілде 1918 жылдан 1924 жылға дейін Жаркент қа­ла­сында резидент қызметін атқарды. Ата­ман Дутов­тың көзін жоюға белсене қатысты» делінген.

Тоқта.., тоқта! Мұндағы резидент ұғымы­на назар аударайық, құрметті оқырман. Бұл не сөз? Халықаралық, дипломатиялық анықтамалықтарда оған «протектораттағы ­отарлаушы елдің өкілі», «агентуралық желінің жұмысын бағыттап отыратын бір елдің екінші бір елдегі адамы» деген мағынадағы түсініктемелер берілген. Ал С.Ожеговтің «Орыс тілінің сөздігінде» ше? Мұнда: «Резидент – барлаудың шет мемлекеттің қандай да бір ауданындағы құпия өкілі». Демек, Насыр Ушурбакиев 1921 жылғы атышулы операция алдында Құлжа мен Сүйдін маңындағы кенттерде орын ауыс­тыра жүріп, байланысшы адам болған ғой. Оны Жаркент милициясының құрылуы мен қалыптасуы туралы «Право на истину» атты жинақты құрастырушы, заң ғылымдарының докторы Сарқытбек ­Молдабаев тапқан құжаттардағы сөз етіп отырған кейіпкеріміз туралы кездесетін «Қасымхан Чанышевтің жеке курьері», «Арғы беттегі Насыр Ушурбакиевтің хабары бойынша» деген сөйлемдер дәлелдейді. Сондай-ақ өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиевтің жазбасындағы деректерге де назар аударған жөн ғой деп ойлаймыз. Ол кісі Насыр Ушурбакиевпен көзі тірі кезінде сөйлесіп қалған санаулы адамдардың бірі. Сондағы әңгіме ­бойынша құрастырылған қолжазбада: «...Олар қорған сыртындағы серіктеріне қосылған соң Сүйдіннің тар көшелерімен шаба жөнелді. Қорған ішінен шу шығып, арттарынан қуғыншы шыққанша бұлар ұзап үлгерген еді. Халық кекшілдері түн ішінде Көкдаланың қалың құмына келіп ­жасырынды. Атаманның өлгенін анықтау үшін Насыр Ушурбакиев Шипанзе қаласынан бір шақырымдай жердегі Дағыр қыстағында тұратын Насырқожаның үйіне кетті» деген сөйлемдер бар. Осы деректер өзіміз сөз етіп отырған кейіпке­рі­міздің атаман Дутовтың көзін жою операциясы кезінде арғы бетте барлаушылық қызмет атқар­ғанынан хабар береді деп айта аламыз.

1921 жылғы жанкешті сапардан кейін Насыр Ушурбакиев резиденттік қызметін тағы 3 жыл жалғастырады да 1924-1929 жылдар аралығында Жаркент шекарашылар отрядының шаруашылық саласында жұмыс істейді. 1929 жылы «Дехан пахталық» артелін ұйымдастырып, 1936 жылға дейін сонда ұжымшар төрағасы болады. 1937 жылы Жаркент қаласындағы МТС директорының орынбасары қызметінде жүргенде «халық жауы» атаныпты. Сөйтіп атышулы 58-баптың 10-А тар­ма­ғымен 25 жылға сотталады. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғысы жүріп жатқанда, Ақмола лагеріндегі «халық жаулары» бұларды еңбек армиясында жұмыс істету үшін Орскіге апа­рады. Насыр Ушурбакиев міне, сондағы ­Никольск комбинатында десятник болып жұмыс істейді.

Бұл деректерді бізге айтқан оның кенже ұлы Ахметжан. Ол 1948 жылы сол Орскіде туған. Қазір Жаркентте тұрады. Осыдан бес жыл бұрын кездескенімізде Панфилов аудандық аңшылық шаруашылығы мекемесінің директоры-тын.

– Әкей сонда, яғни Орскіде табан аудармай жұмыс істеп жүріп, 1955 жылы құрметті еңбек демалысына шықты, – деп сөзін жалғады Ахметжан. – Байқаймыз, жерлестерінің 1937 жылғы өзіне жасаған қиянатын кешіргісі келмеді ме, жоқ әлде басқа бір себеп бар ма, әйтеуір ол кісінің елге қайтуға онша құлқы болмады. Осылай тұрып жатқанымызда 1963 жылы Мәскеуден біздің отбасын іздеп жазушы Юлиан Семенов келді. Бұл кісі ол кезде аты жаңадан таныла бастаған, ал кейін «Парольдің керегі жоқ», «Көктемнің он жеті сәті», «ТАСС мәлімдеуге өкілетті...» деген өздеріңіз жақсы білетін атақты кітаптардың авторы ғой... Оның әкеймен ұзақ әңгімелескені есімізде. Қоштасып кеткен соң көп ұзамай қаламгердің «Огонек» журналының 1963 жылғы 33-ші нөмірінде «Ақтар атаманының ақыры» деген деректі дүниесі жарқ ете қалды. Онда атышулы операцияға қатысқан адамдардың бәрінің аты-жөндері өзгертіліп, шартты түрде алынған еді. Соған қарамастан жергілікті жердегі көрші-қолаң арасында бізге деген суық көзқарас байқала бастады. Бұл түсінікті-тін. Өйткені Орск қаласы Орынбор облысына қарайды. Ал ол бір кездері Александр Дутовтың ат ойнатып, ұран шақырып, ак казактардың атаманы болып сайланған жер. Көршілеріміз солардың қалған ұрпақтары ғой. Олар жазушы Ю.Семеновтің Мәскеуден не үшін келіп, не жазғанынан жергілікті орган адамдары – өздерінің туыстарынан хабардар еді. Сөздің тоқетері, үн-түнсіз қастандық әрекеттер жасау басталды. Бір күні ауламыздағы қаз-үйректер қырылып қалды. Бір айдан кейін өрістегі бұзауымыздың іші кеуіп өлді. Мұның тегін еместігін білген әкем ешкімге ештеңе айтпай, он күнге жоғалып кетті. Белгісіз жаққа барып келгеннен кейін тұрған үйімізді татар құдамызға аманаттап тапсырды. Сөйтті де бәрімізді пойызға отырғызып, Қазақстанға тартты. Екі апта жол жүріп Жаркенттен бір-ақ шықтық. Бұл 1965 жыл­дың қазан айы болатын. Содан бері осындамыз.

– Насыр аканы ел-жұрт қалай қарсы алды? Жергілікті үкімет ол кісіге оң қабақ танытып, дұрыс қабылдады ма?

– Алдымен, мына жағдайға тоқтала кетейін. Жоғарыда Орскіде жүргенде әкей жоқ болып кетіп, қайта оралды дедім ғой. Сөйтсек осы Жаркентке келіп, бар жағдайды байқап қайтыпты. Содан соң туған жеріне көшуге бел байлаған екен. Ел-жұрт жақсы қабылдады. Көзкөргендердің куәлікке жүріп, ұсыныс жасауымен бір кезде өзі құрған «Дехкан пахталық», кейін Октябрьдің 40 жылдығы атанған миллионер колхоздың құрметті мүшесі болды. Аудан, облыс көлеміндегі салтанатты жиындарда сыйлы адам ретінде төрден табылып жүріп, 1986 жылы дүниеден озды.

Сөз соңында өзіміз сөз етіп отырған операцияға тікелей қатысы бар тағы екі адам – Юсуп Қадыров пен Солтанай Маралбаевқа тоқтала кетейік. Бұлардың аты-жөндері 1967 жылы жарық көрген «Көрінбейтін майдан» жинағындағы Н.Миловановтың «Қасымхан Чанышев» деректі туындысында бар. Олардың алғашқысы Юсуп Қадыровқа келсек, туған баласы Ақжол әкесінің 1890 жылы Қонақайда өмірге келгенін айтады. Ол Жаркенттен 40 шақырым жердегі елді мекен болып шықты. Шын аты Юсупахун екен. 1918 жылы уездік милицияға қызметке алынғанда Юсуп деп хатқа түсіп, ресми құжаттарда солай аталып кетіпті. 1921 жылдың 6 ақпанындағы Сүйдін операциясы кезінде бұл кісі қамал сыртындағы сүйемелдеуші топ құрамында тұрған. Оқиғадан кейін бәрі бытырай тарап, бой жасырғанда Юсуп ака жапан түздегі малшы үйін паналайды. Содан 5-6 күннен кейін шекарадан аман-есен өтіп келеді де өзінің бұрынғы жұмысы – жергілікті милиция бөлімшесіндегі қызметін одан әрі жалғастырады. 1928 жылы Жаркент ауданына қарайтын Қоңырөлең өңіріне Іле өзенінің арғы бетіндегі Қырғызсай, Сүмбе, Қарқарадан жер аударылған байлардың малдары айдап әкелініп, жаңа артельдік бірлестік ұйымдастырылады. Міне, сонда оған Юсуп Қадыров қой фермасының меңгерушілігіне жіберіледі. Сол жерде қазақ қызына үйленіп, 1937 жылы Рахматулла, 1939 жылы Ақжол, ал 1942 жылы Қасымжан атты балалары өмірге келеді. Ұлы Отан соғысы кезінде Қоңырөлең колхозы үлкейіп, одан Гвардия деген жеке шаруашылық бөлініп шығады. Сонда кейіпкеріміз ол жерге егістік бригадирі болып барады. 60-жылдары зейнетке шыққан соң балалары жұмыс істеп жатқан «Бірлік» колхозына көшіп келіп, 1974 жылы өмірден озады.

Осы деректерді айтқан Юсуп аканың ортаншы ұлы Ақжол өзінің жетіжылдық мектепті 1946-1953 жылдары Айдарлы ауылында, ал онжылдықты Көкталда бітіргенін сөз етіп, 1959-1962 жылдары әскерде болғанынан хабардар етті. Содан соң шаруашылықтан қол үзбей жұмыс істеп жүріп Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын тамамдап, 1970 жылдан 1990 жылға дейін «Бірлік» колхозында бухгалтер, 1991-1998 жылдары Панфилов аудандық салық инспекциясының бастығы қызметін атқарып зейнетке шығыпты. Қазір Жаркент қаласында тұрады.

Ал атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі Сүйдін операциясына қатысушы Солтанай ­Маралбаев туралы айтар болсақ, әңгімені бұл кісінің мұрағаттар мен зерттеу еңбектердегі Сұлтан деп жазылған, жазылып келе жатқан есімінің дұрыс емес екенінен бастағанымыз жөн. «Атамыздың азан шақырып қойған аты да, елдің есіндегі ныспысы да Солтанай, – дейді Алмалы ауылында тұратын немересі Молот. – Сондықтан мақалалар мен кітаптарда алдағы уақытта осылай айтылып, жазылса деген тілегіміз бар».

Жаркент өңіріндегі көнекөз қариялардың сөзіне қарағанда Солтанай Маралбаев өте өжет, ізшіл әрі мерген, ат құлағында ойнаған шабандоз жан болыпты. Оған бұл кісіні жақсы білетін ­Жайырбек деген қарияның өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің Иінтал сілемдеріндегі көктемде ат үстінен жерге түсіріп алған қамшы­сын қара күзде тауып алғанын, арғы беттегі Домбауыл деген қалмақтың көзінің ағы мен қарасына балаған бәйге атын шағын киіз үй – жаппада ұстап бағып отырғанда, оның шаңырақтан төменгі белдеуіне орай шалма салу арқылы арқанды тақымына баса төңкеріп тастап, ішіндегі қаңтарулы жүйрікті шүу деп жетекке алып елге әкелуі туралы әңгімелері дәлел бола алады. Кеңес өкіметін жасы ұлғайған кезі деуге келетін алпыстың ол жақ, бұл жағында қарсы алған ел ағасы 1918-1921 жылдары қызыл гвардияшылармен бірге жергілікті жердегі ел тыныштығын алған ақ бандыларды талқандауға қатысады. Сүйдіндегі атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияға қатысып келгеннен кейін шекара бойындағы шолғыншы топ – комотряд құрамында болады. Өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиевтің біз сөз етіп отырған кісі туралы жинаған деректерінде назар аударарлық бір эпизод бар. Ол осы өңірдегі колхоз құрылысының ардагері Нұрақын Рамимовтың естелігі. Куәгер былай дейді:

«1927 жылдың қара күзі болатын. Мен және ауыл тұрғын­дары Аманжол Ыдырысов пен Мұқажан Қорғасбаев шекара­­­шылар отрядының қарамағындағы орман шаруашы­лығында еңбек етіп жүргенбіз. 7 қараша күні Ұлы Октябрь революциясының 10 жылдық мерекесі дүркіреп өтіп жатты. Осы мейрам құрметіне арналып түрлі ойындар ұйымдастырылған-тын. Соның бірі ағаш басына ілінген жамбы ату еді. Оған ешкім оқ тигізе алмады. Түс қайта оны Солтанай ­Маралбаев қана атып түсіре алды. Осы мергендігі үшін Қорғас заставасының бастығы Пемуров оған шекарашылар атынан әдемі хром етік сыйлады».

Өмірдің талай соқтықпалы, соқпақсыз жолдарынан өткен Солтанай ақсақал осыдан кейін де ат үстінен түспепті. Сол кездегі жаңадан ұйымдастырылған артельдік бірлестіктер жұмысына жәрдемдесіп жүріп, 1936 жылы өмірден озыпты. Зираты Алмалы ауылы іргесіндегі қорымда екен. Мұны бізге айтқан қарияның немересі Молот. Байқап қарасақ осы жерде ұстаздық етіп, ұзақ жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келе жатқан бұл ағамыздың өмірде болған жоғарыдағы жағдайлардан басқа да айтар әңгімелері аз емес сияқты. Соның бірі атаман Дутовтың көзін жою операциясына қатысқан қарияның ұлы Мұса мен одан туған Еркінбай, Ауғанбайға қатысты жайттар. Мұса есімі кезінде Жаркент өңіріне аты белгілі адам Ш.Байбатшаевтың «Бел-белестер» кітабында кездеседі. Онда автор: «1919 жылдың екінші жартысын уездік, болыстық, селолық және қалалық ревкомдар құрылған кез еді... Сондай жергілікті ревкомның бірінің председателі болып М.Солтанаев жолдас тағайындалды», деген. Сол Мұса 20-30-жылдары аталмыш өңірде әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. Осы уақыт аралығындағы оқтын-оқтын жүргізілген үлкенді-кішілі жазалау толқындарында бес рет ұсталып, олардан әупіріммен аман қалады. Екінші дүниежүзілік соғысы басталғанда үлкен ұлы Еркінбаймен майданға бірге аттанып, кезекті бір шабуылда баласы хабар-ошарсыз кетеді де әкесі шайқас даласынан елге жарымжан болып оралады. Осылай ауыр хал кешіп жүргенде репрессияның 1948 жылғы соңғы толқынында Мұса Солтанаевтың екінші ұлы Ауғанбай ұсталып, түрмеге жабылады. Мұндай кезде назаланған әкенің қолынан келетіні іздену, арыздану, көмек сұрау да баяғы. Осындай оймен Мұса баласының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып Алматы мен Мәскеуге қайта-қайта хат жолдайды. Соның бірі атақты Үкімет мүшесі, Сыртқы істер министрі Молотовтың қолына түседі. Мәселеден хабардар болған ол кісі хат шекесіне: «Іс қысқартылсын!» деген бұрыштама соғады. Осы пәрменмен түрмеден босаған Ауғанбай елге келгенде әке шаңырағындағы екі бірдей қуаныштың үстінен түседі. Оның алғашқысы соғыста хабарсыз кетті деген ағасы Еркінбай Мұсаевтың Махачкаладағы бауырластар зиратындағы қабірінің табылуы да, соңғысы кенже інісінің өмірге енді келіп жатуы еді. «Егер Молотовтың мейірімі болмаса ұлым Ауғанбай бостандыққа шықпас еді. Сондықтан осы Үкімет мүшесіне деген ризашылығымның белгісі ретінде кенжемнің атын Молот қоямын!» – деген екен 1948 жылдың сол ызғарлы күзінде Мұса ­Солтанаев ақсақал. «Менің есімімнің осындай тарихы бар» деп сөзін аяқтады бізбен қоштасарда кешегі дала көкжалы Солтанай батырдың немересі Молот ағай.

(Жалғасы бар)

 

2082 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы