• Тұлға
  • 11 Ақпан, 2021

ЖАНСЕБІЛ ЖАЗУШЫ ҺӘМ «ӨЛМЕЙТІН ҚҰСТАР»

Белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің кейбір қыры

Ағылшын спортшысы, снукерден алты (6!) дүркін Әлем чемпионы, 48 ірі турнирлердің жеңімпазы Ронни О’Салливанның: «Жақсы атқарған ісің, мыңдаған адамдарға қайталанбас қуаныш, ұмытылмайтын әсер сыйлауының өзі де жалпы адамзат, өрелі өркениетке қосқан зор үлесің емес пе?» дейтіні бар. Әрине, 45 жасында біз онша біле бермейтін снукерден 15 миллион фунт стерлинг табыс тапқан Ронни О’Салливанның жалпыадамзат, өркениет туралы шалқып, шабыттанып сөйлеуге қақысы бар да шығар. Ал біз ше? Қазір қоғамда «тар ауқымда ғана күн кешеміз, ұлттық деңгейден аса алмай, Нобель сыйлығына қол созуға қауқарымыз жетпей, адамзатқа, өркениетке титтей де болса үлесімізді қоспай жүрміз» деп, гөй-гөйлеушілер тым көбейіп кеткені қалай? 
Ұлттық мүддені тар шеңбер деп санайтындар, қазақы қалыпты тақиясына тым тар көретін тырақылар қолда бар алтынды қадірлеуге келгенде неге іштеріне шынашақ айналмай қалады осы.

1989 жылдың көктемі еді. Жазушылар одағының мәжіліс залында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас қаламгерлер бас қосып, қазақ әдебиеті туралы, қазақ халқының бастан кешкен барша қасіреттері туралы ашып айтылып, ашынып кеңес құрған. Бұл жиынның қорытынды есебі кейінірек «Жұлдыз» журналының бүгінде аңызға айналған №5 санында жарияланған болатын. Жә, айтпағым ол емес, сол ұмытылмас күнді (дәлірек айтсам, кешті) қазіргі күнге дейін жиі-жиі еріксіз еске аламын.

Сол жылы Алматыда жылы жаңбыр көп жауған еді. Тас бетіне тамғанда жеңіл бу көтеріліп, балағыңа оралатын, айналадағы ағаштар жеңіл будан көгілжім жұқа перде секілді жамылғы оранатын көктемгі жаңбыр. Біз мәжіліс залынан шыққанда дәл осындай ірі әрі сирек тамшылар әлі көшелер мен алаңдарға тырс-тырс тамып жатты. Жылы жауынның сирек тамшылары арасында сәл тосылып тұрып қалдық. Қазіргі күндегідей емес, жүз көрісу, яғни жақсы жиыннан соң сыныққа сылтау айтып, өмірі біте қоймайтын (бітпейтін де) шаруаңды мұрныңның астынан міңгірлеп, бет албаты безе жөнелмейсің. Жоқ-жоқ, әсерлі кештен соң ылғи көгенкөздер, бір-бірімізді қимай, қоштасқымыз келмей қипақтап, кідіріп тұрмыз. Жібі түзуіміз Жүсіпбек, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істейді, газет бетінен түспейді. Жол, жөн тауып кеткен де сол болды.

– Жігіттер, бұлай бекер тұра берудің еш жөні жоқ. Бәріңнің де қарындарың ашқан шығар, тарттық анау кафеге! – деп, еш қарсылықты мойындамайтын, қабылдамайтын қалпын танытты.

– Е-е, қазақ әдебиетінің болашақ классиктерін «Қазақ әдебиеті» сыйламаса бола ма? – деп қашыртқыға салған Асқар Алтай өзі қызмет істейтін «Жұлдыз» журналын жөпелдемеде ақтап алсын.

Сол бір тамылжыған, сиқырлы кеште болашақтағы қазақ әдебиетінің төрт тұяғы бүтін сияқты болатын: Нұрлан Мәукенұлы, Қайрат Әлімбек, Есжан Айнабеков, Талаптан ­Ахметжанов, Бауыржан Үсенов, Серік Томанов, Көсемәлі Сәттібаев, Асқар Алтай, Сәбит Дүйсенбиев, Нұрғали Ораз, Роза Мұқанова, Гүлзат Шойбекова, Бауыржан Жақыпов, Мақсот Ізімов, Светқали Нұржанов, Базарбек Түкібаев, т.б.

Кей-кейде осылай тосын, өзгеше мінез танытатын Жүсіпбектің өзгеше жазуға, экспериментке бір иығын бере жүретіні де бекер емес. Ол ол ма, екі құлағын салбыратып, көзі аларып, басын шайқап, экспериментке өлсе де аяқ баспайды деп ара-тұра өзгелерді де жазғырып қоятыны бар.

Әрине, алғашқы әңгімелерінің бірі – «Жансебі­лімен» көзі қарақты қазақ оқырмандарының баршасын тәнті еткен қаламгердің бұлай тепсінуге де құқы бар. «Жансебілдің» желісімен фильм түсірген режиссер, марқұм Аяған Шәжімбаев қазақ киносында ешуақытта өлмейтұғын образдарды сомдағаны да осы қысқа ғана әңгіменің сүйегінің асылдығынан. Жазушы мен режиссердің іштей ұғысқан тандемі, азаматтық кредо, өмірлік принциптерінің біте қайнауынсыз осы бір қайталанбас туындының дүниеге келуі мүмкін емес-ті.

Аяқ-қолы жоқ қазақ шалын қоларбаға салып, күн сайын теміржолдың жиегіне – перронға алып шығатын орыс әйелінің образы бекер алынды, оған атақты актриса бекер таңдалды деймісіз? Қарғадай шалдың әлгі әйелді үнемі нығыртып, бетке тіке қаратпайтыны – «сендерде біздің есеміз бар, соны қайтарыңдар!» дегені, отар елде қол-аяғы кесілген қазақы рухтың айбарын анық танытқаны емес пе? Алыстағы Қазақстанға беріп жіберілген қастерлі хатты жеткіземін деп уәде берген, бірақ кейінірек сол хатпен құйрығын сүрткен қазақ осы күнге дейін «Аманатқа қиянат жасамадыны» мойындамай жүрген, өтірік айтуға арланбайтын, екіжүзділіктен аяғымызды тартпайтын өзіміз емес пе?

Жеке басым Жүсіпбектің үнемі ширығып жүретін ізденгіштігі, өзгелердің пәруайына кіре қоймайтын тосын тақырыптарды тауып алып, тыңнан түрен салатын байқампаздығына тәнтімін қашаннан. Оның «Мұнар, мұнар, мұнара» атты хикаяты бар. Кезінде «Жалын» баспасының бәйгесін алған, сөз саптауы да, оқиғасы да мүлдем тосын хикаят. Жүкең – Жүсіпбектің ақсары, сүйкімді жүзді, көзінен мейірім ұшқындаған келіншегі – Гүлидің: «Жүкеңе тың тақырып табуға ылғи өзім көмектесемін» деп қалжыңдайтыны бар-тын. Әсілі, «Мұнар, мұнар, мұнара» қатарымызда жүрген Жүсіпбектің өзіне де қимайтын-ақ хикая. Ол Атырау ма, әлде Ақтау ма, әйтеуір мұнайлы өлкеге іссапарға барып келгеннен кейін қолына қалам алған. Бір таңғаларлығы, кім ондай іссапарға шықпайды, кім қайда бармай жүр?

Жүсіпбек сол іссапардан келген соң мұнайлы өлкедегі сорақы түйткілдердің бірі, ешкім өзіне дейін жаза қоймаған ауыр трагедия туралы оқыған жанның сай-сүйегін сырқырататын туынды әкелді қазақ әдебиетіне. Сөйтсек... әлгі мұнайлы өлке құла түз, жапан дала ғана емес, сырт көзге байқала бермейтін қасіреті мен қайғысы, азабы мен ауыртпалығы бір басына жетіп артылатын мекен екен.

Мұнайшылар кезінде ермек үшін асыраған күшіктерін сырттан етіп өсіріп, мерзімдері біткен соң кінәсіз алыпсоқтарды айдалаға тастап кетуді әдет қылып алған көрінеді. Адамдар барын аузына тосып, еркелетіп өсірген кінәсіз күшіктер кейінірек жесе тамаққа тойматын жалмауыз, қомағай болып жетіледі екен. Күндердің күнінде иесіз қалып, ашыққан жабайы иттер маңайдағы ауылдарға жаудай тиіп, бейсауат адамға да, қараусыз малға да қанды ауыздарын салатын көрінеді. Күнбе-күн тамақ үшін арпалысып жүрген жабайы иттерді атпен де, машинамен де қуалап, мылтықпен атып, айдалада көлікпен таптап, кейде ауыл адамдары да апатқа ұшырап, мүгедек ­болып қалады екен...

Сұрақ: кім жауыз? Иесіз қалған жабайы иттер ме, әлде жабайы иттерден жанын, малын қорғау үшін тәлейін шүберекке түйген ауыл адамдары ма? Әлде күшіктерді ермек үшін асырап, соңынан айдалаға тастап кеткен жайын ауыз, кірпі сақал немелер ме?

Күндердің бір күнінде Жүсіпбек табан асты күйзеліп, бір жағынан әлденеге ыза болып телефон соқсын. Әдетте, жігерлі үн, оптимизмге толы ырғақпен қоңырау шалатын оның әлденеге қаны қарайып, ызақорланып отырғанын бірден ұқтым.

– Кеше, – деді ол ашуын зорға тежеп. – Кеше кешкісін Астанадан (ол кезде Астананың аты өзгере қоймаған болатын) Алматыға қарай ұштық. Біраз жігіттермен бірге. Бізден сәл ғана бұрын бір алып ұшақ Америкаға қарай ұшты. Әлдебір шетелдік әйел кішкентай қыз бен ұл баланы қолынан жетелеп, трапқа қарай сүйреп бара жатты. Асырауға алып кеткен қазақтың кішкентай сәбилері. Сен көрмедің ғой, әлгі балақай артына жалтақ-жалтақ қарап, егіле ­жылап қоя берсін. Туған жерін, туған елін қимай амалсыз еңіреді құйтақандай сәби. Сен соны көрмедің ғой... Біз бәріміз де іштей жылап, үнсіз егілдік.

– Ол тамағындағы өксікті әрең басты. – Жетім балалардың тағдыры туралы жазайықшы. Асқар, ­Талаптан, Нұрғали, сен, бәріміз бірігіп жазайық. Мақұл ма? Әлемдік әдебиет тарихында ортақ бір тақырыпты таңдап, әр тарауын әр автор бөліп жазған повесть-буримэ көп қой.

«Болсын!» Иә, біз сөйтіп жетім балалардың қиын да ауыр тағдыры, жетімхана туралы хикаят жазған едік. Көп ұзамай бұл хикаят «Алқа» журналында жарыққа шығып, оқырмандардың жоғары бағасын алған жайы бар.

«Балықшы балықшыны алыстан таниды» дейтінге саятын болсақ, талант таланттыны алыстан таниды әрі бағалай, құрметтей біледі. «Жақсының аты алыста, даңқы жақын» дегеннің кері ғой. «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор болып жүрген шағында Жүсіпбек Қорғасбек пен бір жазушы ағамыздың тәжікелесіп, керілдесіп қалғанына куә болғаным бар.

– Әй, айналайын, сен қандай ұятсыз адамсың, – деп күшеншектенді әлгі жазушы ағамыз. – Әлгі Асқар Алтайды газетіңе жылына екі рет шығарасың ғой. Мен одан кеммін бе, айтшы?

– Кемсіз бе, артықсыз ба, оны айта алмаймын, – деп міз бақпады Жүсіпбек сонда. – Ал Асқар сияқты әдемі жазсаңыз, екі рет емес, сізді үш рет шығарамын.

Әдебиетке адалдық, таланттының аяғына тұсау салуға қарсылық кісінің бойында қалай қалыптасады? Бала күннен бойға сіңе ме, әлде азамат болып қалыптаса бастаған кезден бой ала ма? Әрине, мұны ешкім дөп басып айтып бере қоюы неғайбыл. Ең бастысы, Жүсіпбек әдебиетке адал, болашақта да адал қалпында қала береді деген үміт бар. Өйткені Жүсіпбек Қорғасбек біреудің мінезін, жасаған әрекеттерін ұнатпай, жек көріп, жазған-сызғанына қиянат жасапты дегенді естіген емеспіз.

Осы орайды оның «Өлмейтін құс» атты шағын әңгімесі ойға оралады. Жоғарыда айттым білем, Жүсіпбек қалт еткенді байқағыш, тым аңғарымпаз. Еңбекқор. Бәлкім, бұл аса дарында қаламгердің жұлын-жүйкесінің үнемі шиыршық атып, барша дүниенің қайғысы мен қасіреті, қуанышы мен азабын жүрегінің әрбір жасушасы арқылы өткізуге ылғи даяр боп тұратындығынан шығар.

Соңғы 25-30 жылдан бері Қазақстанда сап-сары ұзын сирақтары тұттай жалаңаш, тұрқы ұзын, ала қанат, өткір біз тұмсығы сары түсті қараторғай көбейіп келеді. Құстар жайын жақсы білетін орнитологтар Ауғанстаннан келген қараторғай деседі. Солайы солай шығар, бір белгілісі сол құстар елімізге келгелі бала күннен көзіміз үйренген кәдуілгі қараторғайлардың тым азайып кеткені, тұқымының құрып бара жатқаны «Өлмейтін құс» әңгімесінде ауылдағы, аула ішіне әлгі құстар қаптап келіп қонады. Жай қонбайды, сақпаннан атылған тастай бауырын жерге төсей томп-томп ете қалады. Ауладағы құрт-құмырсқа, төгілген дән, жемсауларына тамақ болатын нәрсенің бәрін жайпап өтеді. Бәрі қорен, ашқарақ, жүдә қомағай. Тіпті сол аулада жаңа күшіктеген иттің әлі көзін ашпаған күшігін де жеп қояды. Аулада отырған шал: «Мынау кісі көрмеген сұмдық қой. Дәл осы құстардай ашкөз, жалмауыз ұрпақ өсіп келеді-ау» деп қамығады. Жүсіпбектің осы әңгімесін оқыған соң, шама-шарқымша әлгі қараторғайларды бақылай бастадым. Бір таңғаларлығы, өзге құстар – орман кептері, қарға, торғай, тіпті әлемдегі ең сақ құс – сауысқанның жемтігін күл-қоқыстың арасынан, қоқыс салатын жәшіктерден көрсем де, әлгі ­жалмауыз қараторғайдың өлексесі еш жерден көзіме түскен жоқ. Есесіне, өткен жылы өз ауламызда сынған аяғын бауырына жиып, бір сирағымен-ақ кемдік көрмей, жем теріп жеп жүрген қараторғайды байқадым. Бір сирақтың кемістігі білінбей, өзге құстардан еш қалыспай қомағайлана дән тереді. «Шынында, өлмейтін құс!» деп күбірледім терең ойға беріліп.

Жүсіпбек жазған «Өлмейтін құс» сияқты тобырды осыдан екі-үш күн бұрын телеарналардың бірінен берілген ақпараттан тағы көрдім: тегін автокөлік беріледі дегенге 3-5 мың адам, көбі қаракөздер, ­жиналып, бірін-бірі таптап, итерісіп, жаға жыртысып, күші жеткені әлсізін аулаққа лақтырып, үймелесіп ­жатыр екен. Бәрі ашкөз, қорен, жалмауыз. Сонау аштық жылдарында бір жапырақ нанға таласқан бейшара аш-жалаңаштар көз алдыма келді. Жүсіпбек жазған «Өлмейтін құс» ойыма оралды.

Мәртебелі Ронни О’Салливан мырза, айтыңыз­шы, қазақтың дарынды жазушысы Жүсіпбек Қорғасбек адамзаттық өркениетке елеулі үлес қосты дей аламыз ба. жоқ па?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ,

М.Мақатаев атындағы  сыйлықтың иегері

Азаматтың суреттері

2133 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7477

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6334

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4083

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3467

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3427

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3394

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3124

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3112

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы