• Руханият
  • 04 Наурыз, 2021

АПАҚАЙ

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 
Сәбит Оразбайдың анасы Апақай жайлы естелігі

Сәбит ОРАЗБАЙ

Ана туралы аңыз да, қанатты сөздер де, болған оқиғалар да, әңгімелер де көп. Адамзат баласын нұрлы дүниеге әкелген, «әлемнің жарығын сыйлаған» (Ғафу Қайырбеков) абзал аналар туралы асыл сөз, жақсы ниет, марапат ешқашан көптік етпесе керек.
Кейбірін көзіміз көрген, кейбірін сырттай білген абзал аналарды елге таныту, өнегесін тарату жасыратыны жоқ, әлі қолға мықтап алынбауда. Қазақ ақын-жазушыларының, театр мен кино қайраткерлерінің арасында аңызға айналған аналарымыз баршылық. Олар балапандарын қанатының астында өсірген дала құстарындай ғұмыр кешті, сол еңбектерінің нәтижесінде перзенттерін арман асқарына шығарды. 
Мұқағали ақын жырлағандай, «Ұйықтамайтын тек қана көз ілетін, көзін ілсе еріне кезігетін» аналардың бір парасы осы жайсаңдар. Әрқайсысына ескерткіш қойса артықтық етпес еді-ау... Түн ұйқысын төрт бөліп бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен анаға неге ескерткіш қоймасқа?!
Қазақ жерінің әр түкпірінен келсе де, Алматыдағы зиялы қауымның ортақ анасына, қазына-қариясына айналды. Осы жайсаңдардың өнегелі істерін, қадірлі қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу «Рухани жаңғырудың» бір маңызды міндетін жүзеге асырғандық болар еді. 
Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбайдың бар ғұмырын, қызығын жалғыз ұлы – өзінің жолына 
бағыштаған, өзімен бірге «студент» болып, өзімен бірге «квартирант» болып күн кешкен, 
98 жыл өмір сүрген абзал анасы Апақай туралы естелік-әңгімесі бұған дейін үзік-үзік 
жарияланып жүрді. Ендігі жерде «Ана тілі» оқырмандарының сұрауына орай баспаға дайындалып 
жатқан толық нұсқасын әр айдың соңғы бейсенбісінде жариялап отырмақпыз.
Естелік-әңгіменің әдеби өңдеушісі белгілі ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы. 

...ЖАҚЫНДА

БІР ТҮС КӨРДІМ

 

Түсімде анамды көрдім.Үстіндегі киімдері ақша бұлттай аппақ, бірақ аяғы жалаңаяқ. Мен сұрақ қояйын десем, қойғызбайды, маған қарап: «Мен Алматыға емес, келесі жылы (осы сөзін көзі тірісінде, бұрынырақта да айтқан болатын) алғашқы қар жауғанда тауға кетемін дегенмін. Аппақ болуым содан» – деді де бұрылып кете берді.

Анамның аты – Апақай. Аппақ ай деген сөзден алынған ғой. Бар көргенім осы. Осылайша түн ортасында шырт ұйқымнан оянып кеттім. Ұйқым ашылып кетті. Света:

– Не болды, терлеп кеттің ғой? – деді.

– Анамды көрдім. Анық көрдім. Аппақ торғындай еді, – дедім де, жүгіріп үстел басына барып, айтқан сөздерін жазып қойдым. Көп нәрсе есіме түсті. Анашым Алматыға келіп қанша қиындық көрсе де шыдады ғой. «Мен көп қиындық көрген адаммын. Әкең Қоңырбай өмірге құштар, әзілге ұста, сөзге шешен адам еді. Ұжымшарда бригадир болып еңбек етті. Айтатын сөзін әзілмен, астарлап жеткізетін жарықтық. Тоғыз құрсақтан қалғаны – қызы Зерхан, ең кенжесі мынау сен едің, балам. Айтпақшы, ағаң Мырзабай – мұғалім еді. Көп оқитын, көп білетін. Әскерден қайтып оралмады» деп айтып отырушы еді.

Зерхан әпкем жақында, 96 жасында дүние салды. Маған «неменеге жап-жас болып ауыра бересің» деп ылғи ұрсатын.

 

«ӘРТІС БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС, БАЛАҢНЫҢ КӨҢІЛІН АЛАҢДАТПА...»

 

Мектепті бітіргенімде ауылдағы ақсақалдар мал дәрігердің оқуына түсуге ұйғарым жасады. Шынында, ауылға малдәрігер өте қажет еді. Ол оқуға түстім де. Бірақ ары қарай оқуға пейілім болмады. Оның үстіне өмір де менің ыңғайыма бейімделгендей болды. Өнер өзіне тартты. Ақыры консерваториядан бір-ақ шықтым. Анама риза болатыным, «өз тағдырыңды өзің шешкін» деп жолыма бөгет болмады. Қариялар: «Балаң әртістің оқуына түсіпті. Обал-ай, енді күнің не болмақ. Қызың Зерханның қолына баратын шығарсың» деп мазасын ала берген ғой. Нышанкүл деген абысыны келіп:

– Әй, немене, жарым көңіл адамның әрқайсысың бір жанына тие бересіңдер. Баласы келеді, мәселені шешеді, – деп бәрін кері қайтарады. Сосын апама қарап:

– Қапа болма, ел ішінде отырсың ғой. Қиындық болса, шыда. Өзім келіп қолқабысымды жасаймын. Әртіс болу оңай емес, балаңның көңілін алаңдатпа, оқуын дұрыстап оқып, түзу жүріп-тұр­сын. Соны құлағына құйып отыр, – дейді.

 – Е, мені құдай алады дейсің бе, жазда келгенінде отын-суымды ­дайындап берсе болды. Қиындыққа шыдап үйренгенмін, – деп анам өзін-өзі қамшылап қояды екен.

Бірінші курсты бітіргесін демалысқа шықтық. Ауылға бардым. Анам екеуміз көп әңгімелестік.

– Осы демалыста үй-жайды, өзім еккен 40 түп (өздері биік) ақ терек, көк теректерімді сатамыз да, Алматыға ­кө­ше­міз, – дедім.

– Қайда,.. қайда барамыз?

– Алматыға барамыз.

– Ол жақта қайда тұрамыз?

– Пәтер жалдаймыз...

– Оған ақшаны қайдан табамыз? Алматыда көмектесетін, қарайласатын не ағайын, не таныс жоқ қой, – деп біраз үнсіз отырды. Менің де жағ­дайым­ды ­ойлады ма, ақыры көнді.

Сонымен не керек, Алматыға көштік. Апам:

– Мына кішігірім қара қазанды ала кетейік, – деп қоярда-қоймай әлгі қазанды қапшыққа салғызды. Қара­бұлаққа, одан әрі Сайрамға ауылдың өгіз жеккен арбасымен жеттік. Ауыл кәдімгідей дүрлігіп, кейбір ағайындар көзіне жас алып, бізді шығарып салды.

– Әй, бұл кім өзі, жылағаны несі жамандыққа бастап, Алатаудың баурайындағы әсем қалаға бара жатырмыз, жолдарың түскендерің бізге келіп тұрасыңдар, – деп анам үй-жайы бар адамдай көңілін көтере сөйледі.

Шіркін, жастық-ай десеңші. Ба­тыр­сың да, батылсың-ау. Шынында, түгіміз жоқ. Қайда тұратынымыз да белгісіз.

Политехника институтында оқитын Әділхан, Камо дейтін жігіттер бар еді соларға көшіп баратынымызды айтып хат жазып жібергенмін. Ол хат жетті ме, жетпеді ме, ол жағы белгісіз. Пушкин көшесінде бір бөлмелі пәтерде тұратын. Сонымен, Алматыға жеттік. Әділхандардың пәтеріне келдік. Анама қарап қоямын, көзі мұңды. Мына қызықты қара. Әділхан, Камо, Сейіт ұжымшарға жұмысқа кететін болды да, үйде шешем екеуміз қалдық. Күні бойы сабақтамын. Анда-санда тиын-тебен төлейтін жұмыс кездессе, оны атқарамын. Ондайда көңілденіп қаламыз. Біздің кезімізде сабақтан қалу немесе кешігіп бару деген ойымызда болмайтын. Тәртіп күшті еді. Тоқпанов қаққанда қаныңды, соққанда сөліңді алады. «Болсаң бол, болмасаң бордай тоз! Өнер жолы ауыр жол, он екі де бір гүлдерің ашылмай жатып қиқайып, сықаймаңдар, көкіректеріңді көтермеңдер. Кім бола­тындарың әлі белгісіз» деп бізді кеуде­мізден басып қоятын.

Сабақта жүргенде анам не істеп жатыр екен деп ойлаймын. Бірте-бірте Алматыға үйреніп, дүкендерге барып, өзі сияқты қазақ кемпірлерімен сөйлесіп, таныса бастады. Кешке екеуміздің ­басымыз қосылғанда «Ойпырмай, мына орыстарың тіпті көп екен ғой, қайда бар­саң осылар. Жұмыс істейтін қазақтар екен ғой, жазғандар» деп айтып отыратын.

 

«ӨНЕРГЕ ТУЫСТЫҚ

ЖҮРМЕЙДІ. ӨЗІҢДІ-ӨЗІҢ

ҚАМШЫЛА, БАЛА...»

 

Пәтер іздеп Алматының талай қуы­сын араладық. Бармаған жеріміз қал­ма­ды. Бір күні Тоқпанов шақырды. Бардым.

– Әй, бала, сен анаңды алып келіп­сің ғой. Е-е, бәсе, есінейтінді шығар­дың, ал енді не істейсің? – деді.

Үндемедім.

– Оқуың жаман емес, екінші курсты бітірдің... Ім.., – деп сәл ойланып отырды. Сосын әңгімесін қайта сабақтап:

– Опера және балет театрының ­директоры Құрманбек Жандарбеков деген бір мықты бар. Сен сол адамға бар. Жағдайыңды айт. Театрдың көп­шілік сахнасына шығуға рұқсат берсін. Оған аздап та болса ақша төлейді. Ол консер­ваторияның ректоры Қожамияровпен жақсы. Жатақханадан бөлек бөлме сұрап әперсін. Менің ол ректормен сәлемім онша емес. Баяғыда оған «тараншысың», «саудагерсің» деп айтамын деп бәлеге қалғанмын, – деді.

Құрманбек ағаға әрең дегенде кірдім. Атағы жер жарады. Отырған бөлмесі үлкен болып көрінді. Салқын қарсы алды. Сұрастырды. Ата-анамды білетін болып шықты. «Қайдан біледі?» деп ойладым. Әбиба деген әпкесі менің анамның құрдасы әрі құрбысы екен. «Қоңырбайдың баласы әртістің оқуына түсіп, анасын ауылдан көшіріп алыпты» деген әңгімені сол кісіден естіген болса керек.

– Опера – әннен тұрады. Түсінуің жақсы екен, – деді Құрекең.

– «Қыз Жібек» операсын бірнеше қайтара көргенмін, – дедім.

– Е, онда дұрыс, дұрыс. Енді бас­қаларын да көретін боласың, – деп ди­ректор өзінше көңілі толғанын біл­дірді. Аты-жөнімді жазып алды да, бір қызметкерін шақырып, тапсырма берді. Рақметімді айтып, қоштасып шығып бара жатыр едім:

– Әй, бала, өнерге туыстық жүрмейді. Өзіңді-өзің қамшыла, жақсы оқы, –деді.

Осылайша, Опера және балет театрының көпшілік сахнасына қабыл­дандым. Драмтеатрдың көпшілік сахнасына да қатысып жүргенмін. Екеуіне кезек-кезек барып жүрдім. Небір талантты әнші-актерлердің өнерлерін көріп, көңіліме түйіп, оқуымды жалғастыра бердім. Байқағаным, біздің көпшілік сахнасына қатысқанымыздың өзіне олар сын көзбен қарайды екен ғой. Қолым қалт еткен шақта ойға берілемін. «Шіркін, оқуды бітірсем, осы ­драмтеатрда актер болып жүрсем, одан артық менде арман бар ма, әрине, жоқ» деймін өзіме-өзім.

Тірі адам тіршілігін жасайды. Жылдар өтіп жатты. Оқу да бітті. Диплом қорғадық. Содан құдай тілеуімізді беріп бір топ достарменен – Матан, Райымбек, Фарида, Нүкетай, сосын Торғын мен Асанәлі келді, бәріміз театрда қалдық. Анамның қуанышында шек болмады.

 

«ОРДЕННІҢ ҚҰДІРЕТІ...»

 

Бір күні мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев өзіне шақыртты. Қысылып әрі қуанып бардым.

– Сәбит, Сүйеу шалдың бейнесін өте жақсы шығардың. Кірпияз Әбдіжәміл қуанып жүр. Мемлекеттік сыйлықты басың жас қой, ала жатарсың. Ержігітке алдымен баспана керек. Баспана болмаса, бас екеу болмайды, бас екеу болмаса, мал екеу болмайды, – деп маған үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Орденге ұсынғанын да айтты. Ол орденді де ұзатпай алдым. «Еңбек Қызыл Ту» ордені екен.

Қыс мезгілі болатын. Үйге жұмыстан жеткенім сол еді, анам:

– Әй, балам, әлгі алған орденің қайда? – деді.

– Е, оны не қыласыз? – дедім.

– Керек болып тұр. Алматының кемпірлері қаңылтыр ордендерімен-ақ етті кезектен тыс алып жатыр. Күні бойы кезекте тұрып аяғым қақсап кетті. Ол орденнің рақатын көрмесек, керегі не? Әкел, тақ менің кеудеме, – деді.

– О, апа, олай жасағаныңыз ұят болады. Ол сізге емес, маған берілген орден ғой, – дедім. Апам тоқтар емес.

– Әй, мен болмасам саған орден қайда? Әкел, сөзді қой, – деді дауысын нығарлап. Сонымен, біз сөзден тосылдық. Немерелері бар, бәріміз ­шуылдап жүріп орденді кеудесіне тақтық. Төлебаев пен Калинин көшелерінің қиылысында гастроном бар. Сәбит Мұқанов, тағы да басқа көрнекті жазушылар осы маңда тұрады. Ет сататын Паша деген шешен жігіт.

Апам кеудесіне орденді тағып алып сонда барады. Құрбы кемпірлеріне орденін көрсетеді.

– Па, шіркін, міне, керемет. Ор­денің су жаңа ғой өзі. Жиегін қызыл матамен көмкеріпті. Біздікіндей емес, темірі де қатты. Көзді қарып, жалтырап тұр. Пашаға бар да, көрсет орденіңді. Саған 3 келі етті кезектен тыс беру керек, – дейді бәрі бірдей шулап.

Паша орденін көре сала етті тарта бастайды. Сонда апам оны тоқтатып:

– Әй, Паша, маған әдеттегідей 1,5–2 келі емес, 3 келі беруің керек. Бұл анау-мынау емес, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, – дейді ғой. Ет сатушы тілге келмейді. Айтқанын тартып береді.

Апам гастрономнан тура үйге қарай тартады. Жүрісі ширақ. Терезеден қарап тұрған Жанар:

– Оһо, әжем келе жатыр. Қолында қомақты заты бар, – деді.

– Тез алдынан шық. Көмектескін, – дедім. Әжесін алып келді. Аһылап, үһілеп үйге кірді. Жүзінде ептеген күлкінің табы бар. Бір нәрсеге риза сияқты. Демін басқасын:

– Бұл орденнің аты жақсы, өзі құдіретті екен, – деді. – Әшейінде қанша жалынсам да жанына жуытпайтын, сөзіме құлақ аспайтын Паша орденімді көргенде алдымда құрдай жорғалады ғой. Міне, 3 келі ет. Апарып мұздатқышқа салғын.

Етті әкелуін әкелді-ау. Бұдан былай кезекке тұрудан да құтылыпты. Бірақ орденді көрсетемін деп кеудесін ашып жүріп, содан суық тиіп, ауырып қалды...

 «ЛЕНИНДІ ӨТЕ САБЫРЛЫ, САЛМАҚТЫ ЕКЕН ДЕСЕМ,

ҚОЛЫН ШОШАҢДАТЫП

ҚАЛҒАН ТЫНЫШСЫЗДАУ

АДАМ ЕКЕН ҒОЙ...»

 

Осылайша Алматыдағы өміріміз жалғаса берді. Бізден кейін Асанәлінің, сосын Райымбектің аналары келіп, бір тайпа ел болдық. Аналарымыз бір-бірімен танысып, араласып-қаты­насып тұрды. Театрға бірге барып, спектакльдерді бірге көріп, өздерінше шат-шадыман болып жүрді.

Райымбек, Асанәлі және мен бірге жүріп, бірге тұрамыз. Бір-бірімізді бір сәт көрмей қалсақ, іздейтінбіз. Сондайда апам: «Ой, шіркіндердің татуы-ай, қатын алған соң көремін сендерді» дейтін еді. Үйленгеннен кейін әрқайсымыз өз басымызбен кеттік қой. Әрқайсымыздың өз тіршілігіміз болды. Анамның айтқаны тұп-тура келді.

Бір жолы «Ленин 1918 жылы» деген қойылымды көріп үйге қайтып келе жатқанбыз. Жолдас жігіттердің бірі:

– Қалай, апа, Ленин көсемді көрдіңіз бе? – деп сұрады.

– Мен ол кісіні өте сабырлы екен десем, қолын шошаңдатып қалған тынышсыздау адам екен ғой, – дегені. Троллейбустың ішіндегі жұрттың бәрі күлді. Апама қарап «ақырын-ақырын» дегеніме қарамастан:

– Шынында да, Ленин деген керемет салмақты да саңлақ кісі екен ғой деп ойлап едім. Мына көргеніме көңілім толмай отыр, – деп ойын айтып салды. Лениннің рөлін Мүлік Сүртібаев сомдаған болатын. Ол «Қыз бен жігіт» («Девушка и Джигит») фильміндегі Аңғарбайды ойнағандықтан өзі де солай аталып кетіп еді.

 

«АБАЙДЫ ҰРҒАНЫ НЕСІ?

ҚОЛЫҢ СЫҢҒЫРЛАР...»

 

Апам тағы бірде Әзірбайжан Мәмбетовтің сахналауында «Абай» спектаклін көрді. Осы қойылымда Райымбек – Әбдірахманды, Асанәлі – Айдарды, мен – Мағауияны ойнадым. Қойылым біткесін «қалай болды, апа?» деп сұраймыз ғой.

– Бәрі де дұрыс қой, бірақ Абайды ұрғаны несі. Абайды ұрып-сабағанда жаным түршікті. Жүрегім қатты езілді. Қолың сынғырлар аямады ғой, тіпті. Басынан аққан қан бетін жауып кетті, – деді күйзеле сөйлеп.

Оразбайдың жігіттері ұрғанда Абай «Ох! Ох!» дейтін (дайындық кезінде). Ондайда режиссер Мәмбетов:

– Әй, Мүлік, сенің «Ох! Ох!» дегенің орысша болып тұр. Ол Абайға ­жараспайды. Сенің басыңа надандықтың дүлей шоқпары тиді. Үніңді шығармай-ақ, іштей күйзелші, – дейтін. Бірақ үндемеуге Мүлік Сүртібаевтың шамасы келмеді. Сол шығарған дыбыс сырттан көріп отырғанға қатты әсер етеді екен. Өйткені Абайды сабап, Абай ыңқылдап жатыр. Оған Абайды сүйетін көрермен қалай шыдасын. Осындай боларын алдын-ала сезгесін ғой данышпан Мәмбетовтың дайындық кезінде ескертіп жүргені.

 

«АБАЙ ДҮНИЕ САЛҒАНДА

ЕҢ КӨП ЖЫЛАҒАН ОРАЗБАЙ

БОЛЫПТЫ»

 

Театрдың бүкіл ұжымымен ­Семейге гастрольге бардық. Күнде қонақ. Күнде думан. Бірде облыстық атқару комитетінің төрағасы үйіне шақырды. Сәбира апамның ­шашбауын көтеріп біз де келдік. Мархаба Керімқұлқызы деген апай қарсы алды. Өте инабатты, жүзі жылы, жарқыраған жан екен. Облыстың мәдениет саласын басқаратын көрінеді. Ал отағасы Екейбай ағамыз жұмыс бабымен облысты аралап жүрсе керек. Көңілді отырдық. Біз қойған спектакльдерге жақсы пікірлер айтылды. Майқанова апамызға лайықты құрмет көрсетілді. Мархаба апаймен таныстығымыз сол кезден басталып, кейін сыйластыққа ұласты.

Қыс мезгілі болатын. Тахауи Ахтановтың «Ант» деген спектаклінде мен Әбілқайырдың рөлін ойнайтынмын. Мархаба апай зайыбымен, тағы да қасында бірнеше достары бар, сол қойылымды көруге Семейден арнайы келіпті. Спектакль біткесін менің бөлмеме келіп, қойылымның табысты өтуімен, рөлімді сәтті сомдау­ыммен құттықтады. Амандық-саулық сұ­растық. Тарихымызға қатысты мұндай қойылымдардың сахнаға ­шы­ғуы жақсылықтың нышаны екенін ­Екейбай аға тілге тиек етті.

Қасындағы жігіттерімен бірге біздің үйге шайға келді. Дабдырлап сөйлеп жатырмыз. Апам бөлмесінен шығып:

– Қош келдіңдер, қайдан келген қазақсыңдар? – деді. Мен:

– Апа, Абайдың елінен келді. Театрға барып «Антты» көрді. Енді сізге сәлем бермекші әрі бізге қонақ болады, – дедім.

– Ой, бәрекелде, жақсы екен, жақсы екен. Бірақ, Абайды ұрғандарың жақсы болмады. Сол ұяттау болды, – деді де, бөлмесіне кірді де кетті. Апама «онда неңіз бар еді?» деп айтуға үлгере алмай қалдық. Апамның өзінің сондай тік мінезі болатын, оның үстіне өткенде спектакльде Абайды ұрғанын көріп, әлі көңілі орнына түспей жүрген еді.

Үйде тым жақсы отырыс болды. Театр, өнер, Әбілқайыр хан, оның өлімі жайында біраз әңгімелер айтылды. Мұның бәрін Екейбай аға жақсы біледі екен. Ол ағаның тарих пен әдебиеттен зор мағлұматы барын аңғардым.

– Апаның Абайды ұрды деген сөзі көп нәрсені қозғайды, – деді. Сөйтті де сәл кідіріп, «Еңлік-Кебектегі» Найман мен Тобықты арасындағы дау-дамайдың түп-тамыры қайдан шыққанын, жалпы Тобықтылардың Жиделі Байсын жерінен Ырғыз өзені бойына, одан Шыңғыс тауына атбасын тіреп, біржола тоқтағанына дейін қызық деректер айтты.

– «Абай» романы көркем шығарма ғой. Саясат Мұхтар Әуезовке құлашты кең жаюға ырық бермеді. Сондықтан да бірқатар жерлеріне өзгеріс енгізді. Мұхаңның да өмірі оңай болған жоқ. Қуғын-сүргінді аз көрмеді. Соңғы жылдарда ғана ептеп тыныштықты сезінді, – деп ойын бір түйіндеді ағамыз.

Абай болыс болғаннан кейін елдің дәстүріне үлкен мән берді. Қазақты бірлікке, ынтымаққа шақырды. Білім алуға, жаңа өмірге талпынуға үндеді. Жаугершілікті, барымташылықты доғаруға күш салды. Бұл тұрғыда қатаң шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болған. Бұл әрекеті көп адамға ұнамаған. Мысалға, романда Базаралы мен Абайды жақындатады. Шын өмірде Базаралы Абай әулетіне үлкен барымталық жасап, жазасына Абай оны Семейге жаяу айдатқан екен.

Пьесада Оразбай екеуі қатты тайталасады. Ондай тайталас болуы да мүмкін. Алайда «Ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» дегендей, кейін Абай мен Оразбай әулеттері құда-жекжат болып, жарасып кеткен көрінеді. Осы жерде Асқар ­Тоқ­пановтың «Абай 59 жасында дүние салғанда бәрінен көп жылаған ­Оразбай болыпты» деген сөзі есіме түсті. Сөйтсек, оның осындай қызық тарихы бар екен ғой.

(Жалғасы бар)

 

1854 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7208

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6201

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3941

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3332

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3290

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3259

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2987

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2975

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы