• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2021

Имандылық лебі

Тегінде жазушы өзінің өмірден көргенін, көңілге түйгенін ғана көркем тілмен ­кестелеп, көпшілікке ұсына алады. Бүкіл саналы өмірін қазақ журналистикасының ыстық-суығына арнаған қаламгер, Алаш сыйлығының иегері Жұмагүл Солтиеваның қаламы баспасөздегі мақалалары арқылы қалыптасты. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, газетте жүріп ел көрді, өмір көрді, өзі кездескен сан тағдырлы адамдармен сырласты, олардың қуанышы мен қайғысын бөлісті. Кейбірінің тағдыры оның түн ұйқысын тонап, жан азабын шектірді, кейбірі көңілін өсіріп жанындағы жандарға деген сенімін, сүйіспеншілігін оятып, жүрегіне жылу сыйлады. Көркем шығарманы оқып отырып оның авторының таза табиғатын, кісілік келбетін, қанша қымтап ­жасырса да жария болатын ішкі жан әлеміндегі түрлі табиғи сезімдік, психологиялық құбылыстарды қалт жібермей қадағалап отырасыз. Сондықтан да ұлы Абай: ­«Сырымды аша бермей тоқтатайын» демей ме? Кезінде суреткер Асқар Сүлейменовтің: «Жұмагүлдің өзі түгіл, жазған әрбір шығармасынан имандылық лебі еседі» деп үлкен баға беруі де бекер емес шығар. 

Табиғатынан таза, жан баласына жамандық ойламайтын, жүзінен де үнемі шуақ шашып тұратын жазушыны бір көрген жұрт адал да аңқау, бақытты баланы көз алдына елестетуі ғажап емес. Өмірден көргені мен түйгені мол ересек жанның да елді елітіп әкетерлік соншалық саф таза табиғаты, қай кезде де, қандай жағдайда да жүзінен жоғалмайтын жымиысы, бір көрген кісіге де күдік тудырмай, соншалық сеніммен серік болуы да оның үлкен жүрегін, адал пейілін танытса керек. Мәселен, «Жол үстінде туған әңгімелер» сериясындағы «Германиядағы неміс «қайным» деген әңгімесіндегі оқиға, сөз жоқ оқушысына осындай ой сыйлары анық. Іссапармен шетелге барып-қайтар жолда Германияның атақты, бір өзі бір қаланы елестетер әлемдегі ең ірі Франкфурт әуежайындағы тіл білмей, жол таппай тосылып, әлдекімнен жаутаңдап көмек күткен қазақ әйелінің мүсәпір кейпі оқырманын да қыспаққа алып, кейіпкермен бірге сол күйді кешуге мәжбүр етеді. Адасып, жолынан қалып қояр ма екен деген дүдәмал сауал ойыңды қарып, бірге күйініп, тіл білмегенге бірге қорынасың.

Әңгіменің аты сәтті табылуының өзі ондағы оқиғаның шынайылығын, көркемдік концепциясының нақтылығын танытып, туындының табысын танытады. Елден жырақ жүрсе де жүрегі Шымкентте қалып қойған неміс қайнысының өзінің өскен ортасына деген құрметін кездейсоқ кездескен «жеңеше­сіне» жасауы арқылы адамзат атаулының жалпы жаратылысы жақсылықтан тұратынын ұқтыратын әңгіме, сөз жоқ, жүрекке жылу, елге сенім сыйлары сөзсіз. Осы оймақтай ғана шағын әңгімесімен жазушы оқырманын тәр­биелеп отыр. Оған ізгіліктің нәрін төгіп, елдік пен ерліктің еншілестігін еске салады. Адамға жақсылық жасаудан жалықпайтын және соны әр шығармасы аясында аялап, санаға сіңіруді өзінің сөз өнеріндегі басты мұраты тұтқан жазушы Жұмагүл Солтиеваның шығармашылығының шұрайын ендіретін шуақ жөнінде белгілі сыншы Әлия Бөпежанова: «...Шығармашылық қуат – жан қуаты, жан қуаты – жан шуағының баламасы екенін замандас, дос-жолдас, қаламдас әріптестеріңнің туындыларын оқығанда анығырақ түйсінерің бар. Жазушы Жұмагүл Солтиеваның «Жалғыз бала» атты кітабын оқып шыққан соң осындай бір ой-әсер туады» депті «Жан шуағы» атты мақаласында («Өнер – жеке тәжірибе». Сыни-мәдениеттанушылық кітап. 1-том. Алматы, «Жібек жолы» 2007.-328-б.95 бет).

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастаған Жұмагүл Қуанышбекқызы Солтиева одан кейін де бірқатар мерзімдік басылымдарда жауапты қызметтер атқарды. «Егеменді Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары, Президент жанындағы «Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның» мүшесі бола жүріп, «Берік босаға болсын», «Тас түлек», «Сыпайылық сыры», «Жалғыз бала», «Көз ілмейді көңілім», т.б жинақтарын жазып, оқыр­манға ұсынды.

Бірнеше жылдар бойы журналистік қызметінде, «Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның» мүшесі ретінде талай отбасының тағдырына куә болып, адамгершілік, мораль тақырыбына көптеп қалам тербеді. Ұлттық тәрбие, отбасындағы әйелдер мәселесі, қазақ руханиятындағы көкейкесті мәселелер жазушының жанына жақын тақырыптар еді. Әрбір мақала, әңгімесінде келелі ой, тартымды пікір қозғап жүрген қаламгер оқырмандарына өткір де өзекті проблемалық шығармашылығымен жақсы таныс. Айталық, «Сыпайылық сыры» (Очерк. ­Алматы, Қайнар, 192-б) атты 5 тараудан тұратын жинағына өз замандастары, олардың адамгершілік қарым-қатынасы, өмірге деген көзқарастары, тіршіліктегі қайшылыққа толы күресі арқау болған. «Үйдің алтын діңгегі», «Бұғы апа», «Әйелге жібек мінез жарасады», «Қызым саған айтамын», «Басқаға бақыт сыйлайық», «Қызғаныштың қырсығы», «От Ағасы», «Әкемнің құрдасы», «Көктемді іздеймін», «Ұрпақ азбасын десек», «Хаттар, хаттар, хаттар» деген публицистикалық мақалаларында, ойлы очерктерінде қазіргі өмір шындығы жайлы бүкпесіз сыр шертеді. Адам жанының ішкі әлемін тереңдеп талдауға тырысатын қаламгер кейіпкерлеріндегі қазақы мінез, ұлттық дүниетанымды дәріптеуге бейім.

Көрнекті ақын Мағжан Жұма­баев­тың жары Зылиқаның тағдыры өзек болған «Жанды қуыршақтар», «Әйел махаббаты» атты пьесаларында қарапайым қазақ әйелінің өзінің бас иесіне деген басыбайлы сезімі, құрметі, өлшеусіз сүйіспеншілігі суреттеледі. Түрмеге түскен жарымен жолығудың сан ­алуан жолын іздеген әйелдің көрген қорлығы, түрме басшыларының қорлауы, алайда қандай азап шексе де бір кездесу үшін өмірден баз кешкен әйелдің мойымаған қайсарлығы, махаббаты оқырманға ой салады. Драмалық туындыға тән диалогтардан тұратын мәтіндегі сөздер ақын­ның поэзиялық туындыларымен, ­Зы­лиқаға арналған өлең жолдарымен өрнек­теліп, оқиға желісін өреге жетелеп, өрісін кеңейтеді.

«Алжир» атты түрменің де тарихы санамызда таңбаланып, ондағы Алаш арыстарының аяулы жарларының жан төзгісіз азап шеккен тағдырлары жаңа беттерін ашты. Міне, осы тұста тың тақырыпты меңгеруге талпынған жазушы Жұмагүл Солтиева көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың сүйген жары Зылиханың жанын шүберекке түйіп, азаматының артынан сонау ит арқасы қиянға 14 рет іздеп барып-қайтуы туралы аңыз әңгіме көп болды. Тарихи шындыққа негізделген бұл сапарлардың өзі тозаққа бергісіз болғанына күмән келтірмеген қаламгер осы тақырыпты табанды түрде зерттеп, бірнеше танымды мақалалар жазды. «Егеменді Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары, Президент жанындағы «Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның» мүшесі бола жүріп, астанадағы саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің архивіне жол тауып, ұлт зиялылары әйелдерінің өмірлерімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Соның айқын айғағы да, жемісті жетістігі де «Жазығы тұлпар болып туғаны еді» деген мақаласы болатын. Осы мақаласын жазу барысында жинаған өмір деректері мен мұрағаттық құжаттар, мәтіндер жазушының өзі көптен қызығып жүрген драматургиялық шығармалар жазуына түрткі болды. Айтпасқа болмайтын тарихи деректер оны осы салаға біржола бет бұрғызды да. «Темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей болып жаяу-жалпылап, арып-ашып» түрлі жан азабын кешіп, азаматын іздеп барған аяулы апамыздың тағдыры жазушының жанын тебірентіп, «Халық жауының» жары туралы алып-қашпа емес, нағыз ақиқатқа негізделген шындықты айтуға бел буып, «Жанды қуыршақтар» мен «Әйел махаббаты» атты драматургиялық шығарма жазды. Олары оқырмандардан да, көрермендерден де жақсы бағасын алды. Бір Аллаға сыйынып, басын қауіп-қатерге тігіп, нешеме қорлық пен қорлаудың құқайын көрсе де қазақ әйеліне тән қайсарлығынан қайтпай, итжеккеннің де төбесін көрген асыл апамыз Зылиханың тағдыры, сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихында таспен қашалып мәңгілікке қалды. «Жетім қозы маңырар, түңілер де отығар» дегендей, шығармадағы кейіпкер анамыздың мұңлы да аяулы сезімі қазақ әйелінің қайсысына үздік үлгі, өмірлік өнеге. Азаматына деген адалдық, ұлттың маңдайына біткен марқасқасы Мағжанға деген махаббаты, тек жеке жанның ғана емес, бүкіл халықтың сүйіктісі, тіпті бүкіл адамзаттың ақылшысы мен ардақтысына айналған арынды ақынға деген құрмет пен құлдық қаламгер Жұмагүл Солтиеваның шығармасында шынайы бейнеленген.

Бұлардан өзге де «Кәмила», «Жол үстінде туған әңгімелер», «Аңыз осылай туды», «Жанды қуыршақтар» деген көркем әңгімелері мен пьесаларында да бүгінгі өмірдің көркем шежіресі шертіліп, айналамыздағы адамдар тағдыры сөз болады. Жұмыссыздықтың салдарынан көшеде кезбе боп, ән салып нәпақа табатындар, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүріп жеңіл табыс тапқысы келетін жезөкшелер, кеше ғана қазақы ортада өсіп, қаланың қатаң талабына тойтарыс бере алмай түрлі жолға түскен жастар тағдыры да жүрек сыздатар жағдайда бейнеленіп, бойыңды үрей билейді. Жазушы шындықты іздеуде, ақиқатты ашуда диалогтарға көп бармаса да, өмірлік дискурстарды көбіне бірінші жақтан әдемі тілмен баяндай отырып, өрелі ой өрбітеді.

 «Түрмеде қиылған неке» әңгімесіндегі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қыз-жігіттің түрмеде танысып, некелес­кені жө­ніндегі оқиға, керісінше, біздің танымы­мыздағы ұлттық рухтың өлмегендігін, отаршыл­дыққа қарсы шыққан жастардың жазықсыз зардап шексе де мойымай, келешекке деген сенімін жоғалтпағанын көрсетеді. Желтоқсан оқиғасының жеке адамдар өміріндегі орны, әділетсіздікке қарсы жанкешті күресі жастардың саяси сауатын ашып, өздерінің қадір-қасиетін бағалай білуге деген ықылас-ынтасын тудыр­ғанын осы жазықсыз жапа шеккен қос мұңлық­тың түрмеде де мойымай ертеңіне, махаббатқа деген мөлдір сезімдері арқылы жеткізуі ұлтжанды автордың қаламгерлік қуатын танытса керек.

Қаламгер әдебиеттің ұлтты адамгер­ші­лікке тәрбиелеу миссиясын әсте ұмытпайды.

Жазушы Жұмагүл Солтиеваның қалам қуатынан туған осынау шығармалардың қай-қайсысы болса да, атап айтсақ, «Өмір – жол, адам – жолаушы», «Евгенийдің анасы», «Баукеңнің сүйікті ұстазы», «Жазығы тұлпар болып туғаны еді», «Әулеттің алтын қазығы», «Ең бақытты әйел», «Махаббатсыз дүние бос», «Түрмеде қиылған неке», «Диссидент», «Ертөстік» ержетіп келеді», «Өнер – ұлттың байлығы», «Асқақ ойлар – Асқар ойлары», «Актрисаның «Аққу әні», «Сахнаның сұлтаны», «Өнер өлкесінің «Дон-Кихоты», «Жақсылық пен жамандық жағаласы», «Қазақтың Шаһаризадасы – Шәрбәну», «Өзен бұлақтан басталады», т.б талғампаз оқырман талабынан шығады деп ойлаймыз.

Халықта: «Теңіздің ащы-тұщысын білу үшін сарқып ішу шарт емес, бармағыңды малып жаласаң болады» деген даналық бар. Олай болса, Алаш сыйлығының иегері, белгілі жазушы, драматург, журналист Жұмагүл Солтиеваның біз шолып өткен азғана шығармаларынан да оның өзіндік қолтаңбасын, стильдік өрнегін, шығармашылық ерекшелігін тануға әбден болады.

 

Гүлзия ПІРӘЛІ,

әдебиеттанушы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері

2002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы