• Тарих
  • 11 Наурыз, 2021

НАПОЛЕОН ӘСКЕРІН ТҮРЕ ҚУҒАН ҚАЗАҚТАР ЖАЙЛЫ КАРТИНА

Генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шың­ғысхан тұңғыш шақырылған Мем­лекеттік дума депутаттарын ІІ Николайдың қабылдау салтанатына қатысуға келген. Ширақ қадаммен сәулетті залға ене берді. Төрде тақ мұнартады. Ежелгі ою-өрнекпен бай да әсем нақышталып, сән мен сал­танатқа малындырыла, аса құдіретті билік символы ретінде соғылған тақыт. Бос. Маңында да ешкім жоқ. Залға ел енді-енді ғана кіре бастаған. Кішкене аялдап, жан-жағына қарап алды да, генералитет (жоғары командалық генералдар құрамы) жиылып жат­қан қанатқа беттеді. Сарыала киімді қолбасылар. Таныстармен амандасты. Сосын қайрылып, тағы төрге көз салды. 

Империя Тағы кім-кімді де басын жоғары көтеріп қарауға мәжбүр ете­тін еңселі биікке орнатылған. Оған етегіндегі баспалдақпен көтерілуге болады. Баспалдақ үстіне күрең-қызыл мауыты төселіпті. Он шақты басқышты артқа тастап барып жететін алаңшада – империяның басты орындығы, алтындалған тақыт орнатылған. Ресей Патшалығының Тақыты. Аңыздық суреттермен шебер безендірілуінің арқасында ғимараттың көркемсуретпен, сәнді жапсырмамен безендірілген төбесі – плафон – көкке ұласып жатқандай әсер береді. Тақыт төбенің сол елес-биіктігімен таласа бой түзеген.  Арқалығына  үлпілдеген ақ тышқан терісінен тігілген жамылғы асып қойылыпты. Ал Тақтың үстіңгі жағында көктен төгілдіре балдахин (әшекейлі, салтанатты шымылдық)  ілінген. Астынан алтындап кестеленген бүркіт яки сұңқар, дұрысында – бейтабиғилығымен түсініксіздеу сес көрсететін қос басты самұрық сұлбасы көзге ұрады.

Генерал бетін сипады. «Дегенмен, соншалықты әсерлі емес» деген ой жылт етті  оның басында. Тақ жаққа тағы бір сыни көз тастады. Иә, кестенің тозығы жеткені байқалады. Ғажап, жалпы самодержавиелік құрылыстың ескіре бастауымен үндесіп тұр ма, немене... Бұл пайымын генерал тура сол мезетінде-ақ миының бар түкпірінен қуып шығуға тырысты. Беті аулақ сайтан пікірдің... Әйтсе де, рас-ау... Флигель-адъютант ретінде осы залдағы аса жоғары қабылдауға алғаш қатысқанында, қатты таңғалған-ды. Айнала түгел бір ұлылыққа тұнып тұрғандай еді. Ал, енді бүгін, императордың халық өкіл­дерін қабылдамақ тарихи күнде, тап сол залдың қазіргі ахуалынан әлдеқандай көздің жауын алар сымбат таба алар емес. Бәлкім, мұнда өзінше бір заңдылық бар шығар. Уақыт өзенше ағуда, барша дүние өзгеріске ұшырауда. Бәрі... Заман өзгеріп жатыр, заманмен бірге адам да, адамның таным дәрежесі де, көңіл күйі де өзгереді. Мұндай құбылысты данышпандар баяғыда-ақ байқаса керек. Міне, енді соған Ғұбайдолла сұлтан өз басының тәжірибесінен де дәлел тапқандай...

Тақ тұрған тұғырдың бір бүйірінен Мәс­кеу полкының қарауылы орналасқан бөлмеге апаратын кірер есік көрініп тұр. Ашық есіктен қабырғаға ілулі үлкен сурет көзге шалынады. Көне картина, көркем кескін­деме туындысы. Жәңгірханұлы оны жақсы біледі. Картинаны жазуға Бірінші Петр басқарған орыс армиясының бұдан екі ғасыр ілгеріде жүргізген бір соғыс әрекеті арқау болған. Онда І Петрдің Солтүстік соғысында шведтерді жеңуіне күрт бетбұрысты бастау іспетті із қалдырған белес – атақты Полтава жеңісі бейнеленген. Суреттің сөлі – атпен шауып бара жатқан Ұлы Петр. Жастық шағында Ғұбайдолла Жәңгірханұлы оған талай мәрте сүйсіне сүзілген. Бірінші Петрдің сонау даңқты шайқас алдында аян еткен жүрекжарды сырын, өзіне паж шағынан таныс тарихи сөздерді ол әлденеше рет есіне алған. Ал оның сондағы айтқаны ұрысқа кірмек  жас солдаттарды айрықша тебіренткен екен. Адал азаматтарды күні бүгінге дейін, естіген сайын толқытатын  әйгілі сөздер, ол әрбір Отан солдатына мәлім: Петр туралы мынаны біліңдер деген-ді ол, өмір оған соншалықты қимай жабысарлықтай қымбат емес, оған өзінің алып Ресейі бақытты болса болғаны...

Генерал көзін жыпылықтатты. Қалтасы­нан беторамалын алып, жасаураған көздеріне кезек басты. Іштей күрсініп: «Иә, Ресейдің айбынын асыру жолында оның істемегені жоқ» деп ойлады. – Патшалықтың іргесін кеңейтті. Императорға айналды. Бірінші орыс императоры. Орыс императоры ретінде өзгенің асқар тауын көзге ілмей, өзінің төбешігін әспеттегенді артық көру жолымен жүрді. Ол орыс атын бәрінен бұрын, ең алдымен ұлықтауды жолға қойды. Ғұбайдолла Жәңгірханұлының есінде, сонау бір өзінің жас кезінде сарай адамдарының сүйіспеншілікпен айтатын бір сырын талай естіген-ді.  Бұрындары, орысты Романовтар тұқымы делінетін әйел патшалар билеген көне заманда, Оралтаудан ары тұратын халықтың бәрін бір атаумен – жаппай «жабайы татар» дей беретін әдет өткен еді. Бертінде, Петрдің реформаларымен қанаттанып, ескі дәуірді жан-жақты ғылыми зерттеу, археологиялық қазбалар жүргізу арқылы зерттей бастаған ғалымдар бағзы жалпы атаудың үстірттігін дәлелдеген екен. Қос құрлықты басып жатқан жалпақ кеңістікті бүгінгі түрік халықтарының ғұн, сақ, скиф сынды ата-бабалары, көк түріктер, яғни осы Ғұбаш секілді бұратаналардың ата-бабалары жайлағанын, олардың биік мәдениеті болғанын, солардың бүгінгі ұрпақтары орыс іргесіндегі алып кеңістікті алып жатқан киргиз тайпасы болып табылатынын көрсететін дәйектерін толтырып жазып, оқымыстылар патшаға  әкеп тапсырса керек. 

«Түріктер тарихы біздің тарихтан көп ілгеріде басталады, бұл шындық, бұл – бұлтартпас дәлелдерді тиянақ етіп отырған ақиқат болып табылады». – Петрдің ғұламалары зерттеулерін тапсыра отырып, оған осылай депті. Сонда патша, ақиқатқа жету жолында талай тер төгілгенін танытатын қалың зерттеу еңбектің үстіне алақанын, саусақтарын тарбита, бар күшімен ұра тас­тапты да: «Бұл – империя мүддесіне жауап бере алмайтын кесірлі жұмыс. Маған мұндай ақиқаттың керегі жоқ» депті. Қолжазбаны қос уысымен үстел үстінен жұлқа көтеріп  алып, от лаулап жатқан каминге, алауы бөлме ішінде лаулап жанып тұратын аузы ашық пешке атып ұрыпты... Содан бастап жоқтан бар жасау, орыс атын орайын келтіре аспандату қисындарын дәріптеу, сол жолда ұлы орыстан өзгенің баршасын жоққа шығарып, тұқыртып отыру науқаны айрықша қарқынмен  жүргізіліп келеді...  Сенімсіздік танытатын әр жайтқа байланысты саяси тұрғыда тергеп-тексеру, тыңшылық жүргізу жүйесін де бірінші болып енгізіп, мемлекетті басқару ісінің қуатты тұтқасына айналдырған да сол. Бірінші Петр. Тұңғыш император. Ұлы Петр. Ол арнайы құпия бөлім ашты. Ел көзіне көрінбейтін астыртын құрылым түзді. Ал оны  императордың бергі ұрпақтары мейлінше дамытты...

Генерал тітіркеніп кетті. Туған-туысқан­дарының талай бетке ұстары бұл дүниеден жұмбақ жағдайда көшті емес пе. Олардың құпия өлімі Ұлы Петрден бастау алатын жасырын жүйенің жымысқы ісінің салдары екеніне қазір Ғұбаш сұлтан Жәңгірханұлы Шыңғысхан еш шәк келтірмейді... Құпия полицияның астыртын әрекеттерінен алынған сабақ: тірі қалудың жалғыз жолы – тек Ресей тәжіне адал қызмет ету... Ал Россияға қызмет етуге өміріңді арнау – орыс қаруы бағындырып, орыс отары еткен өз еліңді ұмыту деген сөз емес. Сондай-ақ орыс отарына айналдырылған өз еліңді ұмытпау – Россияға беріле қызмет етуден айну  деген сөз емес... Жоқ. Сұлтан Шыңғысханның қандастарының талай буыны Ресейді өз ­Отанындай көрді. Ұлы Ресейге жан-тәнімен қызмет көрсетті. Сырт жаумен жан аямай соғысып, Россия-Ана үшін қан төкті. Мұны озық ойлы орыс адамдары білетін және дәріптейтін. Солай ойлауы мұң, генерал Жәңгірханов-Бөкейханов Шыңғысханның көз алдына сонау алып қабырғаны жапқан суреттен – Полтавадағы виктория, айтулы жеңіс кескінделген картинадан әлдеқайда бедерлі де импозантты (айбынды, маңғаз, сымбатымен сұсты) полотно – майлы бояу­мен салынған алып картина  елестеді. Ол қазақ сарбаздарының Наполеон әскерін шабуылдаған бір сәтінен елес беретін қылқалам туындысы еді.

Өңкей тұлпар мінген далалықтар ақбоз арғымақты жетекшілерінің соңынан қиқулата құйғытып, француз лагерін тапап барады... Өр жасақ. Ер жасақ. Ата-баба аруағымен арқаланған жігіттердің орыс дұшпанын түре қуысқан бір мезеті. Орыстарды өздерінің қандыкөйлек тумасына балап, орыс армиясы қатарында Наполеон басқыншыларына қарсы жүргізген шайқастарының, Отан соғысы майдандарында Ресейдің бел баласы тәрізді ұрыс салып жүргендерінің бір көрінісі. Және қандай сәт, қандай ғаламат мезет сол картинада мәңгі өшпес қалыпта бейнеленіп қатып қалған десеңізші!

Қадірменді Виллевальде қарт (1818-1903 жылдары өмір сүрген орыс қылқалам шебері, баталист, ресми академиялық өнер өкілі), ­неткен құдіретті жан едің! Қылқаламмен ­алуан бояуды осынша ойнату... Оның сексен­ді орталап, тоқсанды алқымдап барып дүние­ден озғанынан бері де үшінші жылға аяқ басыпты-ау... Қайран Богдан Павлович, мықты шал, асыл адам!.. Ол Ғұбайдолла Жәңгірханұлына қарап тіл қатқанында, міндетті түрде «Султан Чингисхан» деп сөйлейтін еді. Майдан тіршілігі жайында, әсіресе қазақ сарбаздарының әрекеттерінің табиғаты туралы көп әңгімелескендіктен бе екен, ол Ғұбаш Жәңгірханов-Бөкейханов сұлтанды аты-жөнімен сирек атайтын. Ылғи осылай, генералдың шыққан тегін импе­ратордың өзі мақұлдағаннан кейінгі ресми аты-жөнін, соғыста әскери жанама есімі секіл­деніп кеткен ныспысын «Сұлтан Шың­ғыс­хан» деп жымия қайталап айтқанды ұнататын.

Бірде Ғұбайдолла Жәңгірұлы паж кор­пусын бітіргеннен кейінгі жастық шағында ротмистер шенімен Дондағы казак әске­рінде қызмет атқарғанын, онда өзінің тайпа­ластарының да көп болғанын тілге тиек еткен. Сонда Виллевальде сол кезеңге айрықша қызығушылық білдірген-ді. ­Казачество қатарында әскери қызмет жасаған қазақтардың өмір салты хақында көп нәрсені шұқшия сұрастырған. Себебін де айтқан. Ол өзінің Отан соғысы тақырыбына арнаған, көркемсуретте майдан даласы бейнеленетінін білдіретін терминмен айтқанда, баталиялық жұмыстарында Наполеонды астанасы ­Парижге дейін тықсырысқан жеңімпаз киргиз, яғни қазақ жасақтарын да бейнелемекші екен. Сол мақсатпен, сонау 1812 жыл науқаны жөнінде нешеме естелік, күнделік оқыды, сонда да солардың қасында Сұлтан Шың­ғыс­ханның өз туыстары жөніндегі әңгімесі бір төбе көрінеді.

Құрметті профессордың мұндай ағынан жарылуы тебірентерлік жайт-тын. Жәңгірханұлы оған бірі башқұрт, енді бірі ноғайбақ, келесісі киргиз, яғни қазақ аталып кеткен қандас майдангерлер туралы көп әңгіме айтты. Кутузов әскеріне өзінің атасы Бөкей ханның да Ішкі ордадан қазақ атты сарбаздары қосындарын жібергенін сөз арасына қыстыра кетті. Француздарды түре қуып, Еуропа төсінде ат ойнақтатқан, сөйтіп Париж шеруінен аман оралған сарбаздар мол-ды. Ресей туы астында жасалған ұлы жорықтан келгеннен кейін,  олардың көпшілігі талай жыл Дон, Орынбор казак әскерлері қатарында қызмет еткен-тін. Соғыстағы ерліктері үшін патша ағзам атынан түрлі лауазым, марапат, сый алған болатын. Кейін  бірқатары  орыс  арасында  қалып,  православие  шіркеуіне мойынсұнған. Ал көбі ел арасына кеткен еді. Далалық тек, қыр қаны далаға тартып тұратын болса керек, үйреншікті орта, даланың табиғи тіршілік қалыбымен, яғни қыр стихиясымен қайта бауырласқан. Солардың кейбірінің әрәдік осында ат басын тіреп қап жүретіні бар. Қалап тұр екен, орыс намысын қорғаған нағыз қазақ сарбазын Сұлтан Шыңғысхан суретші ақсақалға, сөз жоқ, көрсетеді.

Уәдесінде тұрды. Араға аз ғана уақыт салып, Сұлтан Шыңғысхан баталия­лық кескіндеме шеберінің есігін қақты. Оны сан түсті майлы бояу тамшысы шо­ғырланған палитрасы мен қылқаламын  қолынан тастамаған Виллевальде қуана қарсы алды. Сұлтан Шыңғысхан көр­кемөнер профессорының шеберханасына   орыс-француз соғысының ардагерін ертіп әкелген еді. Орынбордан Санкт-Петербургке қыдырыстай келген, қазақы саптама етік, шапан мен түлкі тымақ киген, кезінде атын Сенадан суарып қайтқан байырғы сарбаз. Таныстырды. Әңгімелестірді. Профессор шексіз ризашылық сезімін жасырмады.  Соғыстан кейін де әлденеше ондаған жыл өткенмен, қарт майдангердің жас шағындағы Наполеонмен майдандасуда бастан кешкен ұрыс эпизодтарын тап қазіргідей көз алдына елестете отырып еске алуы бір ғаламат еді. Бұл қарт сарбаз аты аңызға айналғалы талай заман өткен Қобыланды батырдың ұрпағы болып табылатын. Ол орыс туы астында сонау батыр бабасының аруағына арқа сүйеп шайқасқанын,  батыс өлкеге жасаған қаһармандық жорық жайын ықыластана еске түсірген. Қазақтардың атты жасағының әскери қимылдарын, ұрыс шақтарындағы жүрек жұтқан өр де ер әрекеттерін, шайқасу сәттерін, франктерді еліне қарай түре қуғандағы лепірген көңілдерін қолмен қойғандай айқын әңгімелеген.

 

Генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шыңғысхан

 

Оның Ресейді азат етіп, басқыншыларды алыс Парижге шейін тықсырған жорықтары жайынан сондағы айтқандары суретшіге қатты әсер етті. Виллевальде орыс-француз соғысы аяқталғаннан соң ғана дүниеге келген-тін.  Сол соғысқа қатысушы қарт қазақтың сөзі оның танымын кеңейтті. ­Танымын кеңейтіп қана қойған жоқ, даңқты шайқастарды тек оқыған естеліктері арқылы ғана елестетіп, солардың бір көрінісін картинасында жаңғыртып бейнелемек болған қылқалам шеберінің кәдесіне асты. Және қандай дәрежеде асты десеңізші!..

Сонау алыс заманда, көпшілікке им­пе­ратордың суретті залдарын аралап тамашалауға 1852 жылы тұңғыш пұрсат берілгенде, өрімдей Ғұбаш сұлтан паж ретінде, бірге оқитын құрбыларымен бірге, 1764 жылы ІІ Екатерина патшайым жинаған туындылар негізінде пайда болып, әлемдегі ең ірі көркемсурет және мәдени-тарихи музейлердің біріне айналған  Эрмитаж табалдырығын жүрегі қобалжи аттаған болатын. Көрме залдарын Жәңгірханұлы-Бөкейханнемересі одан бері сан аралады, небір ғажайып өнер туындыларын көрді. ­Дегенмен, оның назарын әрдайым ұрыс, шайқас, майдан ұғымын беретін көнерген сөзбен «баталия» деп аталған жанрда орындалған картиналар тартып тұратын. Олардың ішінде Виллевальде жұмыстары ылғи әскери өнердің қыр-сырын дәл де әсерлі бейнелейтіндігімен оны тәнті ететін. Ал солардан көп бертінде жұрт назарына ұсынылған әлгі картина, әйгілі баталист Виллевальденің француздар лагерін шабуылдаған қазақ сарбаздарын бейнелеген туындысы – алғаш көрген беттен-ақ генерал Ғұбайдолла Сұлтан Шыңғысханның санасын мәңгіге жаулап алды. Көркемсурет 1812 жылғы Отан соғысында қол жеткен тамаша жеңісті еске алудың бір айтулы мүшелді датасына орай император музейіне қойылып, ел назарына ұсынылған болатын.

Ғұбайдолла сұлтан көз алдына он құлаштық зор картинаны жаңа көріп тұрғандай елестетті.  Ғаламат полотно. Қазақ жігіттерінің қылышты жарқ-жұрқ ойнатып, найза кезеніп, француз астанасына қарай ұрандата, желмен жарыса шапқанын профессор қалай дәл ұстаған десейші! Ах, Богдан Павлович, кампанияның киргиз-ветеранымен сұхбаттасу сізге қандай жемісті пайдасын тигізген! Даланың еркін ұлының айбарын соншалықты түсініп бейнелеу сіздің ғана қолыңыздан келді, баталиялық кескіндеменің айтулы шебері, әділ де адал қарт! Картинаға қарағаннан-ақ көз алдыңа олардың күндей күркіреп: «Ұр-р-р-ра! Ұр-р-р! Ұр-р-р-ра!» деп ұрандатқаны келеді. Тым-тырақай қашқан дұшпанды бастан асыра көтерген қылыштарымен шауып өлтіру ойларында жоқ тәрізді. Мақсаттары – селдей ағып, топан судай таси жөңкіліп, мыстарын басу ма екен дейсің. Көздегендері – құдды басқыншының жігерін құм қылып, келген жағына иттей қуалап, тым-тырақай етіп қуып жіберу ғана тәрізді. «Нападение киргизов на французский лагерь», қазақшалағанда: «Қазақтардың француз лагерін шабуылдауы» – сонау ғаламат тарихи кескіндеме-суретін Виллевальде осылай атапты. Оның бұл еңбегі – орыс әскерімен бірге әсем де айбатты, әлем астанасы саналатын Париж шаһарын жаулап алысып, француздардың атақты өзенінен аттарын суарып қайтқан қазақ жігіттеріне қылқаламның алып шебері қойған үлкен ескерткіш.

Әттең, көптен бері ол картина көпшілік назарына қайта ұсынылған емес. Эрмитаж қоймаларының бірінде шаң басып жатқан болар. Шіркін-ай, Хан Ордасындағы әкесі ашқан музейге қойғызар ма еді... Сонда қарт Виллевальде генерал Жәңгірхановтың қиялдағанына риза боп күлген. Неткен әдемі арман деген. Бір кездерде, Сұлтан  Шыңғысханның елінде еңселі көрме залы бой көтерген шақта, император музейі өзінің мол экспонаттарының кей бөлігін сонда жіберіп алмас деймісіз, туады ондай күн! Сондай ұлағатты іске мұрындық болар жас­тарды Сұлтан Шыңғысханның өзі де  Әулие Петр шаһарында оқытып жатқан жоқ па?! Ана жылы өзі оң көзін салған бір қандасы (Бақытжан Қаратаевты айтып тұр) Сенатта бірер жыл қызмет атқарып, Кавказға лауазымды жұмысқа тағайындалды емес пе? Ол  ұзамай, еліне пайда тигізе алатын бір билік тұтқасына ие болып қалуға керек. Ғұбаш Жәңгірханұлы күлді. Ол жігіт бүгінде еліне қайтып барған, халқының қамын ойлап қилы іс жасап та жүр, бірақ қолына елеулі  билік тұтқасы әзірге тимеген сияқты... Ештеңе емес. Уақыты келеді әлі. Бәрі дұрыс болады. Сол жігіттен кейін де Сұлтан  Шыңғысхан талай туысына септесіп келеді ғой. Солардың арасынан да осынау әсем арман-аңсауды жүзеге асыруға қабілет танытатын қайраткерлер шығып қалуы ғажап емес... Қадірменді орыс зиялысынан мұндай үмітті сөз есту жан дүниесіне өте жағымды тиген-ді... Топырағың торқа болғыр, ол бүгінгі таңдағы революциялық өзгерістерге ілікпеді ғой. Сәл ғана жетпей үзілді. Егер жеткенінде, бәлкім, осынау халық өкілдері мәжілісіне генерал Жәңгірханұлы секілді үміт артып отырар ма еді, қайтер еді...

«Айтпақшы, Губаш Джангиревич, менің баталиялық көріністерімнің кеңесшісі әрі елгезек бағалаушысы» деген-ді ол бірде бұған, ұмытпаса, бұдан бір мүшелдей ілгеріде, 1894 жылы. Қаратпа сөзін: «Қарт кескіндемеші жүрегінен айрықша орын алған генерал Сұлтан Шыңғысхан!» деп үстемелеген. ­Сосын сырлы үнмен: «Сіз ­мынаны біліңіз: өзіңіз сонша ұнатқан картинаны жақында алыс даладағы тумаларыңыз да тамашалай алатын болады» деген. Артынша: «Түсінемісіз?» деп, жұмбақ сауал қойған. Қарт кескіндемешінің жүрегінен айрықша орын алған генерал Сұлтан Шыңғысхан қасын керді. Кескіндемешіге таңырқай көз тастады. Түсіне алмағаны рас. Оның қалайша жүзеге асуы ықтимал? Иығын көтеріп, қолын жайды. Қарт баталист оған күлімдей қарады, сынай қарады. Қалайша дей ме? Сосын түсіндірді. Былай, мынандай тәсілмен: Сұлтан Шыңғысханның рухани жәрдемін сезінген «Нападение киргизов на французский лагерь» полотносынан бір тамаша суретші ғажайып гравюра жасады. Ойма бедермен өрнектеліп жасалған тамаша көшірме-сурет. Виллевальде разы – өте сәтті шыққан. Шын мәнінде таңғажайып гравюра. Ал Каспари мырза оны өзінің әйгілі «Родина» («Отан») журналында жарияламақ. Осы жақында. Келер айдағы санында. Қалай? – Суретші оған күлімдей көз салды.  Мұндай жұмыстың ықтимал нәтижесін генерал түсініп тұр ма? Іс жүзінде Каспари мырзаның журналында басылған гравюра арқылы полотно мыңдаған таралыммен көбейтіліп, империя қалаларының бәріне кетеді. «Отан» журналына жазылушылардың географиясы өте кең. Қарт Виллевальде сұрастырып біліп алған, журнал киргиз өлкесіндегі қалаларға да барады. Не ­керек, Эрмитаж залының тұтас қабырғасын бір-ақ алып тұрған орасан зор картина дәптердің қос бетіндей жерге сыйғызылады. Сөйтіп, алыстағы қалың көпшілік назарына ұсынылады. Сұлтан Шыңғысхан шау тартқан Богдан Виллевальденің айтпақ сырын ұқты ма екен, енді?

 

Императорлық Көркемсурет академиясы кеңесінің мүшесі, баталиялық кескіндеменің еңбек сіңірген профессоры Богдан (Готфрид) Павлович Виллевальде Императорлық Көркемсурет академиясы кеңесінің мүшесі, баталиялық кескіндеменің еңбек сіңірген профессоры Богдан (Готфрид) Павлович Виллевальде 

 

Қарт кескіндемешінің балаша шаттанып тұрғаны қызық еді. Оның қуанышты хабары Ғұбаш Жәңгірханұлы сұлтанның да көңілін шалқытқан. Басылып шығуын асыға тосып жүрген де, ақыры, «Родина» қолына тиген бетте, ақсақалға кіріп шыққан. Журналдың айқара бетіне басылған картина көшірме болса да, түпнұсқа рухын титтей де түсірмеген секілді көрінеді Ғұбайдолла сұлтанға. Әсерін кейінгі кездері өзіне тамаша рухани серік, пікірлес боп кеткен, жүрегінен айрықша орын алған опера әншісі Феодосия Никитична Велинская да қуаттаған, «Отан соғысының бізге беймәлім көрінісін, Ғұбаш сұлтанның туыстары белсенді түрде қатысқан сәтін бейнелеген неткен ғажап сурет!» деп сүйсінген-тін. Сонда оның көңілі айрықша көтеріліп еді, сөйтіп қадірменді Богдан қартқа келген бетте, көтеріңкі сезіммен ­солай деген еді. Богдан қарт разы боп қалды. «Редакция тарапынан түсіндірме берілгені тіпті оңды болған, – деп үстемеледі Ғұбаш сұлтан Жәңгірханұлы. – Кішкене ғана, бірақ мағынасы зор ақпарат. Тамаша, Богдан Павлович!». «Сіз ­солай ойлаймысыз, Сұлтан Шыңғысхан?» – Богдан Павлович ­балаша мәз болды. Сонда Сұлтан Шыңғысхан сол кішкене ғана, бірақ мағынасы зор  ақпарат мәтінін қартқа мәнерлеп тұрып ­дауыстап оқып берді. ­Богдан Павлович журнал беттерінен өзінің картинасының көшірмесін көріп қана қоймай,  оған қосып берілген  шағын түсінікті Сұлтан Шыңғысхан келгенше-ақ әлденеше мәрте оқыған ­болуы ғажап емес. Әйтсе де соны, бәрібір, жаңа естіп-біліп тұрғандай сезіммен, қуана  тыңдады. 

Генерал баталист-кескіндемешінің қарсысында қасқайып тұрған беті: «Профессор Виллевальде написал целую серию картин из эпохи Отечественной войны, – деп, журнал жолдарын айқын да ашық дыбысқа айналдыра бастады. – Помещаемая нами в копии в настоящем номере нашего журнала картина его представляет одну из тех сцен, которыми всегда так богаты войны. Это нападение наших киргизов на лагерь ­неприятеля, полное дикости и страшной сумятицы. По обыкновению картина ­почтенного профессора отличается тщательностью письма и знанием эпохи». («Профессор Виллевальде Отан соғысы дәуірінен тұтас бір картиналар сериясын жазды. Біз өзіміздің журналымыздың осы нөміріне көшірмесін орналастырып отырған оның картинасы соғыстарда соншалықты мол кездесетін сахналардың бірінің көрінісі болып табылады. Бұл біздің қазақтарымыздың дұшпан лагеріне жабайылық пен қорқынышты астан-кестен абыржушылықтың тоғысуына толы шабуылы. Әдеттегідей, қадірменді профессордың картинасы сурет салып-жазудағы мұқияттылығымен және дәуірді білетіндігімен ерекшеленеді»). 

Сұлтан Шыңғысхан профессордың қартайған жүрегін елжіретіп жіберді ғой... Виллевальденің жанары дымқылданды. ­Сосын екеуі аз-кем пікір алмасты. Генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы оның сол сәттегі егілулі көңіл күйін, мейірлі кескінмен ақ тілек білдіріп айтқандарын әлі ұмытқан жоқ. ...Қарт суретшінің қарапайым жұмысын іздеп жүріп  көрушілер қатарына байырғы жауынгер Сұлтан Шыңғысханның жерлестері де қосылғаны қандай керемет... Виллевальде шал мұны былай түсінеді: хас батырларды өмірге келтірген халық көркемсуретті неге жатсынсын... Сөз реті келгенде Сұлтан Шыңғысханның қаперіне сала  кетсінші: профессордың академиясындағы шәкірттері – өздері де сан шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар – ауыздарынан тастамайтын бір оң пікір бар. Олар Сұлтан Шыңғысхан көмекші-үйренуші болуға жіберген балалар шеберханаларда елгезек те зерек жәрдемші, қабілетті шәкірт ретінде танылуда деп айтып жүр... – Ауыздарына май, – деген-ді сонда Ғұбаш Жәңгірханұлы, – далада жоқ өнерді тым болмаса біреуі игерсе ғой... – Біреуі емес, бірнешеуі игереді, талайынан тамаша суретші шығады, – деп сендірді оны сол кезде құрметті Богдан Павлович қария. Жаның жаннатта болғыр орыс зиялысы...

Паркетке дүркіндете мөр басқандай, тақ-тұқ еткен аяқ дыбысы шықты: қарауыл ауысып жатты. Залға патша кірер шақ тақалды. Ғұбайдолла сұлтанның ойы сейіліп кетті.  Салт атты Ұлы Петрдің жеңімпаз кейіптегі өр суреті бір сәт көзден таса болды...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

1476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы