• Әдебиет
  • 18 Наурыз, 2021

АСПАНДА КҮННІҢ НҰРЫ, МАҚПАЛДАЙ ЖЕРДІҢ ТҮРІ...

Азаматтың суреті

 

Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

ЖАЗ КЕЛЕР...

Жаз келер, қысты күнгі қысым өтіп,

Қар, суық, аяз, боран – бәрі кетіп.

 

Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды,

Бар құдай барша жанға рахым етіп.

 

Жетпекке үлкендікке жас балалар

Жүгірер қырдан ойға дүбірлесіп.

 

Шал-кемпір күншуақтан көңілі жай боп,

Өткен күн өмірін айтып күбірлесіп.

 

Бота, құлын, бұзау, лақ, қозы туып,

Қуанып ойнақтайды олар да өсіп.

 

Сүйтсе де адам көзі бір тоймайды,

Құдайым берсе-дағы қанша несіп.

 

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

ЖАЗҒЫТҰРЫМ

«Болды, міне, дәл алты ай,

Жаттың ұйықтап, еркетай.

Ұйқың қанды, тұр, қозым,

Аш көзіңді, жұлдызым!» –

деп маңдайдан ақырын

Жұмсақ, жылы сәулемен

Сипап жерді, Күн күлер.

 

Аяқтарын көсіліп,

Еркеленіп, есінеп,

Жер – нәресте жас бала

Жаңа оянып жатқанда,

Жұмсақ, ыстық бетінен

Тәтті ғана сүйсем деп,

Күбірлеп жылы жел жүрер.

 

Дамыл алмай жылар қар,

Ақ шымылдық ашылар.

Сылқ-сылқ күліп сылдырлап,

Бірдеңе деп былдырлап,

 

Көрінгеннен шүйінші,

Сұрайтын жас баладай,

Асығып сулар жүгірер.

Керіліп ерке жер тұрар,

Мөлдір сумен жуынар.

Үлде менен бүлдеге,

Түрлі-түсті гүлдерге,

Ши жібекке оранып,

Қарағанда көз тоймас,

Бүлдіршіндей киінер.

 

Көріп сұлу баласын,

Көз ішінде қарасын,

Қуанып, тасып жүрегі,

Қысып, ыстық сүйеді.

Ұзын күнде ару жоқ,

Періштем деп айналып,

Алтын ана Күн жүрер.

 

Мұны көріп бұлттар,

Күңіреніп етер зар:

«Біздерде алтын ана жоқ,

Қысып сүйер бала жоқ,

Тұрақ та жоқ белгілі!» –

деп тұнжырап күрсініп,

Әлсін-әлсін жас төгер.

 

Міржақып ДУЛАТОВ

НАУРЫЗ

Аспанда күннің нұры,

Мақпалдай жердің түрі.

Куаныш мал мен жанда,

Қыс шыққан өлмей тірі.

Ойнаған анау бала,

Көк орай жалын дала.

Егіндік егін еккен,

Ұзамай болар жаңа.

Бай, жарлы келген күйі,

Ойын-той ауыл, үйі.

Қой сойып, қонақ асы,

Мырзалық еткен сыйы.

Келіпті жылдың құсы,

Күнде шу көлдің тұсы.

Күн жылы ызғары жоқ,

Жаз шығып, кеткен қысы.

Боздаған анау түйе,

Кұлындап жатыр бие.

Гүлдеуге бет алып тұр,

Қызарып қызыл шие.

Егінші егін егіп,

Қостанып арба жегіп.

Тыныш жоқ ерте мен кеш,

Еңбекпен азап шегіп.

Ат шауып, тай жарысқан,

Таласып бәйгі алысқан.

Көтерем арық-тұрақ,

Жаз шығып жайланысқан.

Ойын-той болып жатқан,

Ел көшіп, қонып жатқан.

Жаз шығып, жазғытұры,

Анау мал толып жатқан.

Жайнаған терең сайлар,

Ойнаған құлын, тайлар.

Ел қонып көл жағалай,

Өріске малын айдар.

Гүл өсіп гүл-гүл жайнар,

Бұтақта бұлбұл сайрар.

Тіріліп құрт-құмырсқа,

Жер жүзі быж-быж қайнар.

Сұлу жүр сылаңдаған.

Күлімдеп қылаңдаған,

Ерініп бір басуға,

Жас талдай бұраңдаған.

Қыдырып жігіт сылқым,

Ерігіп күнде дарқан.

Жеңгесі жылы жүзді,

Ат қойып «кенже қалқам».

Аспанда күннің нұры,

Мақпалдай жердің түрі.

Қуаныш мал мен жанда,

Қыс шыққан өлмей тірі.

 

Сәкен СЕЙФУЛЛИН

ЖАҢА ЖЫЛ

Үйден шығып балалар,

«Жаз болды, міне!» десіп тұр.

Сағындырған жаз желі

Оңтүстіктен есіп тұр.

Жылы ескектің лебімен,

Дүние балқып иіп тұр.

Сағындырған жаз желі,

Құшақтап беттен сүйіп тұр.

Жүгіріп су асығып,

Қар еріп жатыр сылқылдап.

Жазбен келген құстар жүр,

Шаттанып, жырлап сұңқылдап.

Сумаңдап су сай-сайдан,

Ағып жатыр сылдырлап.

Жас баладай алғашқы,

Сөйлеген күліп былдырлап.

Адам да, мал да өзінше,

Жүр жадырап далада.

Жаңа жылды қарсы ап тұр,

Кәрі де, жас та, бала да.

Сағындырған сұлуым,

Сүйгенім менің келдің жаз?

Құшағын жайып қарсыңа,

Жас жүрек, міне, болды мәз!

 

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ

ҰРШЫҚ

Сыртылдама он саусақ,

Майдалап, мапа түтілші.

Шыртылдама шынашақ,

Шыр айналшы, шүйке ілші.

Оймышты ұшқат, ырғай сап,

Ұршығым, сені қолға алам,

Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ,

Жез бұйдалы – желмаям.

Желмаям, желші нар тайлақ,

Тартына берме тайтаңдап,

Тартына берсең тайтаңдап,

Тақымдап қоям қайта айдап.

Қыла ма жалқау жарлылық,

Қылмаса ділгер жүн азы.

Екілен, зырла енді ұршық,

Иірейін биязы.

 

Қасым АМАНЖОЛОВ

ТУҒАН ЖЕР

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,

Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.

Ол шетімен бұл шетіне жүгірсең,

Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

Уа, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай тасың болсам мен егер.

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,

Нендей күйге жүрегімді бөледің.

Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,

Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.

Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,

Қызығыңды көріп еркін келемін.

Сен де аямай бердің маған барыңды,

Мен де аямай барым саған беремін.

Болдым ғашық туған дала мен саған,

Алыс жүрсем, арманым – сен аңсаған.

Жақын жүрсем мен төрінде рахаттың,

Өз советім – өзім туған босағам.

 

Мәриям ХАКІМЖАНОВА

КІМ БІЛГЕН

Қиындық көрмей өмірден,

Өмірдің құнын кім білген?

Махаббат таппай көңілден,

Көңілдің құнын кім білген?

Тегеурін таппай тeмiрден,

Темірдің құнын кім білген?

Қызулық таппай көмірден,

Көмірдің құнын кім білген?

Қайғылы болып қамықпай,

Шаттықтың құнын кім білген?

Ашығып асқа тарықпай,

Тоқтықтың құнын кім білген?

Жоқтықты көріп жұтамай,

Бардың құнын кім білген?

Жесірлік көріп жыламай,

Жардың құнын кім білген?

Қубастың зарын тартпаса,

Баланың құнын кім білген?

Қайратың кеміп қартаймай,

Жастықтың құнын кім білген?

Жауыздықты тойтармай,

Қаруын қарсы қайтармай,

Достықтың құнын кім білген?

Отан үшін аттанбай,

Ойран салмай жауына,

Ортақ болмай дауына,

Отанның құнын кім білген?

 

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ

ТОҢҚАЙЫП АП

ЖОЛ ҚАРАЙДЫ НЕМЕРЕМ

Тоңқайып ап жол қарайды немерем, –

Сәби деген әулие ғой көреген:

Қонақ келе жатыр дей бер ендеше,

Еліміздің ырымы сол көнеден.

Көңіл көгім шабыттанып жүр еді,

Кетеді енді кеңіп дүнием кенерем.

Тамаша ғой!

несін, шіркін, айтасың,

Сүрден былқып тұрса зерең тегенем.

Сұхбат құрып сағындырған бір доспен,

Кәйіп-сафа, жыр мен күйге кенелем.

Шау тартқанда, мөрі кетіп тісіңнің,

Кәрі жолдас болса, – бақыт не деген!

Бір күн егер келмей қойса бір адам,

Кері тартып кетеді ылғи кежегем.

Қуан-атаң меймандарын көбейтіп,

Тоңқая бер,

Жол қарай бер, немерем!

 

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ

ҚЫЗ ҚУУ

Қанатша қағып қиылған қасты,

Жігітті сұлу ұрды да қашты.

Шаңдатып жерді,

Шаңдатып көкті,

Шырқап ол топтан шықты да кетті.

 

Қылықты көктем, тамаша дала,

Көлденең көз жоқ, оңаша дала.

Куә ғып күнді, куә ғып түзді,

Бір қуып жетсе, сүйеді қызды.

 

Алайда жігіт қалды да ұзап,

Тежеді атын арудың өзі-ақ.

Сезді ме соны намысты жігіт,

Сүймеді қызды, сүймеді жібіп.

 

Біраз жер бар-ды ауылға дейін,

Ашулы жігіт оралды кейін.

Көзіне ащы сауылдап тамшы,

Атына мықтап сілтеді қамшы.

 

Тұлпарға бірақ бере ме төтеп,

Қыз енді оны келеді төпеп.

Келеді төпеп қашқаны үшін,

Келеді төпеп сасқаны үшін,

Келеді төпеп тимегені үшін,

Бәрінен бұрын...

Сүймегені үшін!

 

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

СӘУІР КЕЛГЕНДЕ

Сәуір күні жаңбырлы ма, желді ме,

Қабағынан шуақ шашты келді де,

Алты ай қыста үйден шықпай отырған

Атама өзі жұмыс тауып берді де.

Бақ ішіне ертіп барды атамды,

Атам күннен таусылмайтын от алды.

Ауламызға егіп жатыр алма ағаш,

Алмаға бір тойдырам деп ботамды.

Ботасы мен алмаға бір тоймайтын,

Іші пысса, күшігімен ойнайтын,

Кәмпит те бар, өрік те көп, алма көп,

Атам бар да менің қамымды ойлайтын.

Өзі ақылшы, өзі қамқор, өзі бек,

Ботасына үйрететін сөзі көп.

Атам еккен ағаштарға су құйдым,

Жемістерін берсе екен деп тезірек.

 

Мұқағали МАҚАТАЕВ

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда.

 

Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің – түрі игі.

Бауыры жылып науат-қар,

Бабымен ғана жібиді.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді,

Шаттанушы еді бір игі.

Осынау игі кең жерге,

Наурыз айы келгенде,

Наурыз тойын бергенде,

Көрмегендер де – арманда,

Арманда – оны көрген де.

Келіп ем өмір – орманға,

Наурыз айы келгенде.

 

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ

КӨКТЕМ ӘСЕРІНЕН

Жасыл түсті секілді нұр, арай да,

жасып қалған секілді алап, маңай бар.

Тастардан да сабыр қашқан тәрізді,

Кәрінің де ақылы жоқ абайлар.

Көк теректер көтеріліп еңсемен,

желпінетіндей биікпін деп, мен сенен,

мен де терек жапырағы боп сылдырап,

мен де еменнің бұтағы боп теңселем.

Көңіл шіркін әр қилы ғой,

әр қилы,

әсері де ән күйдің:

ақ гүлдердің арманы боп ашылып,

қызыл гүлдің қиялы боп қалғимын.

Баяу жылжып капрон-бұлт, ақ мұнар

мына қырдан ана қырға қақтығар.

Жел үп етсе көңіл құсап өрекпір —

өрекпуге дайын тал мен терек тұр.

Бір ғажайып нұрлы шақ:

фонтандар тұр көкке күміс бұрғы сап.

Сәске түсті бүкіл осы Жетісу

газ-орамал жамылғанға тұрды ұқсап.

 

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

ҚАЗАҚСТАН КӨКТЕМДЕРІ

Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға,

Көктеме келді тағы да Қазақстанға.

Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап

Сапарын тартты сабылып саз алыстарға.

Сұңқар шыңдардан суырып семсер ақберен,

Бұрма құзардан бұзылып көшті қақ терең.

Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан,

Кеудемнен менің сыбызғы тартып

ақты өлең.

Алмалы бақтар бүршігін жарып ақ қардай

Дүркірейді әлем көсіліп тартқан көкпардай.

Жалтыр нулардан аққулар ұшты, қанаты

Солдаттар жақтан сағынып

жеткен хаттардай.

Сағындым сені болғанмен алшақ аралар,

Дауысын маған дара тыңдатқан далалар.

Көзімде менің жарқылдап қалып

жүрсің сен,

Аэропорттардың қанатында аққан қалалар!

Составтар шеру тартқанда болат шектерден,

Сұқтандым саған сұқсырлар ұшқан

бөктерден.

Мен саған ғашық осынау жылдар ішінде,

Алдымнан аспан кемпірқосағын

көп көрген…

Ойладым сені құрбымен наз алысқанда,

Көктем де келді, мінеки, Қазақстанға.

Мен сене алмаймын

Қазақстанға сенгеннің

Басынан базар ұшқанға.

Құлағым сенің қоңырауыңнан ашылған.

Жасым да сенің омырауыңа шашылған.

Тентектеу менің бозбала күнім жүр сенде,

Көзіме оттай басылған…

 

Сағи ЖИЕНБАЕВ

ӘЖЕ МЕН НЕМЕРЕ

Ол екеуі ажырамайды екі елі,

Екеуіне бір-ақ  орын  жетеді,

Екеуі де бір-ақ жолмен оралып,

Екеуі де бір-ақ жолмен кетеді.

 

Екеуінің барар жері – бір көше,

Қайда барсын, басқа жерді білмесе,

Тұра алмайды – екеуі бір тұрмаса,

Жүре алмайды – екеуі бір жүрмесе.

Жазатайым шалыс басып кетеді деп,

Жүреді ылғи бірін-бірі жетектеп.

Өзгелерден сұрамайды көмек те,

Өз әліміз өзімізге жетеді деп.

 

Сүрінем деп ойламайды  бүлдіршін,

Тек әжесі қасында оның бір жүрсін.

Әжесі оған жығылмайтын Алатау,

Әжесіне құламайтын – бұл бір шың...

 

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

АУЫЛ ҚЫЗЫ

Қос жанарда тұрады арай кілкіп,

қадалмайды, жалт етіп қарайды үркіп.

Сұқтанады сан көздер сұлулыққа,

талықсиды қағылмай талай кірпік.

Ақша бетке жарасып пісте мұрын,

балғын жүзден мөлдіреп іштегі нұр.

бала мінез, пәк көңіл тамсандырып,

деседі іштей жігіттер: «Түс пе мұным?!»

Жұмыр кеуде жарасып иықпен тік,

тұр талдырмаш денесін биіктетіп.

Жалғыз жатыр жотада қара бұрым

нәзік белге кей-кейде тиіп кетіп.

Қынай белді көйлегін етегі кең,

қуыршақтай қомпитып кетеді жел.

Ақ маржандай тізілген сұлу тістер,

көмкеріліп алқызыл екі ерінмен.

Шыдам жетсе, жігітім, қызбай қара,

қадалсаң да, тоймайсың, жүз қайтара.

Мынау дала жердегі жұмақ болса,

періште деп дәл осы қызды айтады, ә!

 

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ

КӨКТЕМГЕ ХАТ...

Сеңсеңі жасыл,

көрпеші гүлді беткей, шың,

Көп болды көлбеп көзімнен

бір сәт кетпейсің.

Көкекке мініп, италақазды жетекке ап,

Көктемім менің, көмекке маған жеткейсің.

Қарайған шақта қар жабу жапқан құба бел,

Тоң болып жатқан топырақтардан

тұра көр.

Көктемім менің, жеті қат жердің астынан

Ит жуа болып, бәйшешек болып шыға кел!

Сақалын көкке боясын аппақ серкелер,

Отарын көкке жаятын болсын ертең ел.

Темірден қашып тентіреп кеткен

цыгандай,

Қаңғып та кеткен құстардың

бәрін ерте кел.

Мамырың келіп, мамыражай күн орнасын,

Көбелек боп кетсін еңсемді

басқан қорғасын.

Бәйімбет атам бақшасына

жетіп мыңсайрам,

Бақытты жерде бәйіт пен дастан толғасын.

Жараған кезде жарысар тұлпар іздеген,

Жирен атыма ат күші бітсін жүздеген.

Ақ таңда тұрып аттанып тауға кетейін,

Қасыңнан сенің қалмаймын

дейтін қызбенен.

Көп күтіп сені, көз сүзе берем далаға,

Ұқсап та жүрмін әпкесін күткен балаға.

Көктемім менің, көкекке мініп жеткейсің,

Мен дейтін болсаң календарьға да қарама.

 

Қанипа БҰҒЫБАЕВА

КИМЕШЕК

Замана сырын ақтарып,

Өмірден өзге күй көксеп.

Музейде тұрсың сақталып,

Сарғайған сары кимешек.

Өңіңнен көріп қайғы ізін,

Тамшы жас көзге іркемін.

Білмеймін, кеше қай қыздың,

Бұлт болып басын бүркедің.

Өңірің жаспен боялған,

Бере алман ол бір күнге есеп.

Білмеймін, кеше қай арман,

Басына салды кимешек.

Өткенде менің қалды есем,

Өмірім толы ұшқынға.

Бір жүректен әлде сен,

Ақ бұлт болып ұштың ба?

 

Исраил САПАРБАЙ

МӘҢГІ МАЙДАН

Еңкіш тартып барады еңсем неден?

Өмір – күйік,

Жол тұйық,

Дел-сал денем...

Ойрандалған бір кезгі Отырардай,

Тас-талқан ғып өзімді жеңсем деп ем!..

Азамат па азамат белсенбеген?!

Барсам деп ерлікке ел сенбеген.

Қу тірліктің құтқарып құрсауынан

Өзіме-өзім бостандық берсем деп ем.

Жол қанша әлі жүрмеген, еңсермеген?..

Тәуекелге бел байлап ерсем деп ем.

Тура келген ажалды

Туырлықтай

Турасам ба деп едім семсерменен!

Сергімей жүр неліктен еңсем, денем?

Кезім қайда құлашты кең сермеген?

Қамалымның қақпасын қарс айырып,

Емін-еркін өзіме енсем деп ем!

Күйкі, күйбең тірлікке күнделікті

Құлақкесті талайлар құл болыпты...

Бассам деп ем аяқты алға батыл,

Ашсам деп ем өзіме бір жорықты!..

Ойрандамай тұрғанда ордамды жау,

Шықсам деп ем босанып тордан мынау…

Өзімді-өзім жеңе алмай жер болдым-ау!

Өзімді-өзім ала алмай қор болдым-ау!..

 

Темірхан МЕДЕТБЕК

ҚУАТ ЖЫРЫ

Еңкiп-еңкiп соққанда

Таудың денесiнен

Тастар бұршақ боп құйылды.

Серпiп-серпiп соққанда

Үзiп жiбердiм

Шынжыр боп шырмалған

Бұғау боп күрмелген түйiндi.

Күрсiнгенiмде –

Күн күркiредi.

Сiлкiнгенiмде –

Жер тiтiрендi.

Хахахулап

Жар салғанымда

Аспандағы бұлттар

Жерге қонды.

Ахахулап

Ән салғанымда

Аспандағы құс бiткен

Көлге қонды.

Еңкейгенге еңкейдiм

Шалқайғанға шалқайдым.

Асқанның орманын

Отындай өртедiм.

Тасқанның көлдерiн

Астаудай төңкердiм.

Қысқанда

Қу ағаштан бу шығардым.

Сыққанда

қара тастан су шығардым.

Атанды асықтай аттым.

Қарсы келгендi

Қазықтай қақтым

Алшайып жүрдiм.

Талтайып тұрдым.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

 

НАУРЫЗ

 

Жыл басы деген жалғыз үн,

Құлақта алыс

Ғасырға жуық қалды ызың.

Қадірді ұқпай,

Кеткенде Тәңір танымай,

Адасып қайта

Жолығып едің, Наурызым!

 

Сен қажет болдың біздерге,

Қанағат таппай

Көктемің түгіл, күзден де,

Мейірімнен күдер үзгенде.

Қуанышы аздау тірліктен,

Қажыған шақта

Біз шықтық Сені іздеуге.

 

Бас ию білмей Асылға,

Қатыгез болған

Қария түгіл, жасың да,

Адамы темір,

Жүрегі салқын ғасырға

Наурыз нұры

Қажет те шығар, расында.

 

Далама әкел ырыс-құт,

Ақпейіл жандар

Ақ дәмін сыйлар туыстық.

Көктеммен бірге

Пейіліндей менің халқымның

Өзіңмен келгей тыныштық.

 

Күндік той дейсің

Ғұмыр бойына жиғаның,

Ертеңгі күнің беймәлім..

Үйреткен сенсің

Үлкенді кіші сыйлауын,

Анамның тілін,

Бабамның салтын сақтаған

Хош келдің,Ұлы Мейрамым!!!

 

 

2710 рет

көрсетілді

34

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы