• Тұлға
  • 12 Мамыр, 2021

Бірегей тұлға

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен ұлттық тәуелсіздігі мәселесі 1986 жылғы желтоқсан айында алдыңғы қатарға шығып, Кеңес Одағын ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, дүниежүзілік саяси жүйедегі өзгерістердің бастауы болғаны белгілі. Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде бұрынғы одақтас республикалардың қайта құрылуы барысында қалыптасқан президенттік институт жетекші саяси жүйеге айналды. Жаңа мемлекеттіліктің іргетасы қаланып, қоғамдық дамуды реттеп, бағыттауға қабілетті бірыңғай мемлекеттік билік қалыптасады. Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы негізінде ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан мемлекетті басқаруға қатысып, бірқатар басшылық қызметтерді атқарған, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін 1989 жылғы маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы лауазымына, содан соң 1990 жылғы 24 сәуірде ҚКСР Тұңғыш Президенті болып сайланған, тұлғасы аса танымал Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа елді басқару жауапкершілігі жүктелді. 

Бұл міндеті жайлы Елбасы: «Бізге төніп тұрған дағдарыстың бұлтын халқымның даналығына, еңбекқорлығына арқа сүйей отырып серпіп тастауға менің білім-білігім де, күш-қайратым да жетеді. Елімізде жүріп жатқан жаңғыруларды жалғастыруға, елімізді көркеюге және біздің әрқайсымызды игілікке жеткізетін жолға мемлекетімізді алып шығуға менің тәжірибем де, ерік-жігерім де жетеді. Мен өз тағдырымды халқымның тағдырынан бөлек қарап көрген емеспін. ...Мен осы елдің жолында бәйгеге басымды тіккен адаммын. Ол жолда ештеңеден тайынбаймын да, ештеңемді аянбаймын да. Қазақстанның елдігін, көпұлтты Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та жоқ менде, арман да жоқ менде» деп, өз тағдырын елдің арман-мұратымен ажырамас бірлікте қарастыратынын атап көрсете отырып, тарихымыздың сол кезеңінде атқарылған істерге: «Біздің алдымызда тәуелсіз, демократиялық, нарықтық экономикалық мемлекет құрудың дап-дайын тұрған тәжірибесі болған жоқ. Мен де мемлекеттің қалай құрылатынын бірден біле қалған жоқпын. Біз адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудің, даму мен болашаққа ұмтылудың қадамын бастадық. Біз өз мемлекеттілігіміздің іргетасын жаңадан бастап қалап, оның барлық болмыс-бітімін дер кезінде кезең-кезеңімен қалыптастыра, осы жолда үйрене отырып, тарихи жетістіктерге қол жеткізе білдік» деп баға берді. 
Ендігі кезекте қазақстандық қоғамда әлеу­меттік-саяси тұрақтылықты қамта­масыз етіп, мемлекеттік-құқықтық әдістерді қолдану арқылы бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру, ол үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кең көлемде кепілдік беру үшін қажетті жағдай жасау мәселесі туындады. Қоғамдық келі­сімге қол жеткізуде мемлекеттік билік тармақтарының бірлесе отырып іс-қимыл жасау тетіктері консти­туциялық деңгейде қалыптасты. Тәуелсіздікті орнату мен орнықтыру бағытындағы Қазақстанның ішкі саясатындағы тарихи маңызды оқиғалардың алғашқылары 1988 жылы Қазақ КСР Компартия­сының Орталық комитетінің 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерін ақтау туралы қаулысы және 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған «Тіл ­туралы» Заңы болғанын атап өткен жөн. 1990 жылғы наурыз айында өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттарды жаңа демократиялық қағидаттар негізінде сайлау елдегі демократиялық үрдістердің басталуына жол ашты. 
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемле­кеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдау арқылы бүкіл әлемге Қазақ­станның егемендігі жарияланды. Республика Конституциясының негізін қалаған тұңғыш заң актісі болып ­саналатын бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдде­леріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет болып табылатын­дығы жарияланды. Сондай-ақ алғаш рет Қазақ­станның өз экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетіне, таби-ғи қорына меншік құқығы белгіленді және Қазақстан Декларацияда белгіленген заң нормалары шеңберінде егемен мемлекет ретінде республика мәртебесін іске асыра­тын жаңа Конституция мен басқа да заңдық-құқықтық актілерді әзірлеу өкілет­тігіне ие болды. Қазіргі кезеңде 25 қазан Қазақ­стан Республикасы күні ретінде аталып өтуде. 
Бүкілхалықтық Президент сайлауын алғашқы рет 1991 жылы 1 желтоқсанда өткізу нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев ҚКСР Президенті лауазымына сайланып, 10 желтоқсан күні қызметін атқара бастады. Сонымен қатар Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы шешім қабылданды, ал желтоқсанның 16-сы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңында Қазақстанның тәуелсіздігі жария­ланды. Қазіргі кезеңде бұл күн Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні ретінде аталып өтуде. Бұл бастама БҰҰ тарапынан қолдау тауып, бүкілдүниежүзілік ауқымда іске асырылды. Осы шешімге сәйкес 1991 жылғы 16 желтоқсанда ­Республика Жоғарғы кеңесінің 7-ші сессиясында Парламент депутаттарының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдауы нәтижесінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді және тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет деп жарияланды. 1991 жылғы 21 желтоқсанда ҚР сол кездегі Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен Алматы қаласында 11 республиканың басшылары қатысқан кездесуде Әзербайжан, ­Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, ­Молдова, Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан мемлекеттері тең құқылық қағидатына негізделетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім хаттамасы мен «Алматы Декларациясын» қабылдады. Аталған Декларацияда жаңадан құрылған ТМД мемлекеттерінің «арасындағы қарым-қатынастар әрбір елдің мемлекеттігін тану және құрметтеу, өзін-өзі билеу құқығының бұлжымастығы, тең құқылық және ішкі істеріне қол сұқпау ұстанымы, күш қолдану мен күшпен қоқан-лоқы жасаудан, экономикалық қысым жасау әдістерінен бас тарту, дауларды шешу, адам құқы мен еркіндігін, соның ішінде аз ұлттардың да құқығын құрметтеу, халықаралық құқық нормалары мен талаптарын адал орындау негізінде дамиды» деп атап көрсетілді. 
Н.Ә.Назарбаевтың белсенділігі мен іскерлігі арқасында Қазақстан ­Республикасы 1992 жылғы 2 наурыз күні Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі атанып, сол сәттен бастап бүкіл дүниежүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттілігін ­таныды. Елбасы қайта құру мен жеделдету кезеңіндегі келеңсіздіктер салдарынан тоқырап қалған экономиканы қалпына келтіріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін, мемлекетіміздің қазіргі кезеңде дүниежүзіндегі алатын орнын болашақта да сақтап қалуы үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды барынша тиімді әрі жедел жүргізуге, елдің даму жолын дұрыс таңдауға күш жұмсады. Осы мақсатта батыстық және шығыстық дамыған елдердің басшыларымен, іскер-мамандарымен кездесіп, кеңесіп, озық тәжірибелерімен танысты. Сол кезеңде саяси-экономикалық салада жекешелендіру, зейнетақы реформасы, құлдыраған өндірістік кәсіпорындарды қалпына келтіру, шет елдерден инвестиция тартып, бірлескен кәсіпорындарды ашу, бағаны ырықтандыру сияқты бірқатар күрделі экономикалық іс-шараларды орындай отырып, қоғамдық орнық­тылықты қамтамасыз етуге бағытталған ішкі саясат жүргізілді. Қазіргі кезде Тұңғыш Президенті – Елбасы тек ұлттық лидер ғана емес, Орталық Азиядағы, ТМД елдеріндегі, тіпті түркітілдес елдердегі бірегей тұлға ретінде кеңінен танылып отырғанының куәсіміз. 

Ұ.Жолдыбаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, 
тарих ғылымының кандидаты 

1479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6648

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5935

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3678

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3067

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3023

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2999

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2729

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2713

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы