• Тұлға
  • 14 Мамыр, 2021

ФЕНОМЕН

(Ақылбек Келбұғановтың өмірі мен тағылымы)

«Ақылбек қазір тірі болса, Қазақ елінің ең бірегей философтарының бірі аталар еді», – деп Ұстазымыз, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекет Ғалымжанұлы Нұржановтың айтқаны есімізде қалыпты. Ұстаздың 1992 жылы жарық көрген «Гегелдің диалектикасы. Болмыс пен еркіндік» атты кітабының алғашқы бетінде «Досыма арнаймын» деген сөздің жазылуы тегін болмаса керек.

Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 1951 жылы 7 наурызда Семей облысы, Аягөз қаласында дүниеге келді. Әкесі Жолмұхамбет Келбұғанов (1906-1972) – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Жолмұхамбет ақсақалдың арғы аталары шешен, би, батыр, дін ұстаған кісілер болғанын және өзінің де ақындық өнері бар екенін «Аталарым туралы» атты өлеңінің мазмұнынан білеміз. Әкесі туралы: «Ол айтулы он жеті ақын тегінен шыққан сөз шебері еді. Оның айтқан сөздерінің бәрі мірдің оғындай болатын», – деп еске алады Ләйлә Келбұғанова. Анасы – Келбұғанова Кәмәрия Шәкерімқызы (1918-1978) туралы басқасын айтпағанда туған жері мен еліне сіңірген еңбектері жеке зерделеуді талап етеді. «Құрмет белгісі» орденімен, «Үздік еңбек» медалімен, «Лениннің 100 жылдық» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталса, 1948 жылдан 1963 жылға дейін бес рет аудандық, қалалық советке депутат болып сайланды. Ақылбек Келбұғанов тоғыз ағайынды, бір әпкесі, жеті аға-інісі болды.

Ақылбек Келбұғанов 1957 ж. Аягөз қаласындағы №243 орта мектептің табалдырығын аттайды, 1965 ж. ЖЛКЖО мүшесі, 1966 ж. комсомол мектеп комитетіне қабылданады. 1968 жылға дейін оның идеологиялық, оқу-тәрбие секторларында «Біздің лениндік комсомол», «Прометей», «Жоғарғы сыныптар» атты клубтарына жетекшілік етсе, «Глобус» атты саяси үйірмеге жауапты болады. Мектепте, әсіресе тарихты, философияны, әдебиетті сүйіп оқиды, тоқығандарын жазып-сызуға дағдыланады. 10-сыныпта Мұса Жәлел (1906-1944) шығармашылығы туралы баяндама оқып, соңын өлеңмен аяқтайды. Бұдан «Өлең мені еркіндікке үйреткен» деген татар ақынының ұстанымы рухани ықпалын тигізбей қоймағаны байқалады. Әйтсе де болашақ қазақ ойшылының мұнда ата-бабадан келе жатқан сөз ұстаған дарынын біз жоққа шығара алмаймыз.

Ләйлә Келбұғанова санасы ерте оянған інісі туралы: «Әлі есімде, аспирантурада оқып жүріп, ауылға барғанымда Ақылбек 7-класта оқитын. Әкем:

– Мына бауырың «қарағайға қарсы біткен бұтақтай» ширығып өсіп келеді. «Археолог болам» деп  археология жайлы еңбектерді оқып бітірді, – деді.

Араға  жыл салып барғанымда, әкем тағы да:

– Ақылбек тарихшы болмақшы, ҚазақССР тарихын түгел сүзіп шықты, – деп ағынан жарылды.

Ал одан кейін Ақылбек тағы өзгеріп қалыпты.

– Жоқ, философия ғылымын тұғыр етпекші, – деді әкем. Сонда ол 9-класта оқып жүрген. Үйде үлкен шкафтың сөрелеріне әр тақырыптағы кітаптарды толтырып қойыпты. Маған келіп, философия жайлы күрделі бір сұрау қойғанда, не дерімді білмей, күйеуіме барып, «сен жауап берші» дегенім бар...», – дейді.

«Теңіздің дәмін тамшысынан танисың» дегендей жүгі ауыр философия әлемінен 16 жасынан хабардар болғаны Ақылбек Келбұғановтың шынында дарын иесі екенін айғақтай түседі.

Ол 1968 жылы мектепті «Күміс белгімен» тәмамдайды. Мектеп директорының Ақылбек Келбұғановқа берген мінездемесі былай деп аяқталады: «Ақылбек сыныпта және мектепте үлкен мәртебеге ие. Тіпті, тоғызыншы сыныптағы оқушылар «Менің замандасым» атты шығарма жұмысында Алёша Келбұғановқа қазіргі жастардың өкілі ретінде ұстынды, шыншыл, әділетті, еңбекқор етіп сілтеме жасайды. Партияның аудандық комитеті мен аудандық комсомолы ұсынысы бойынша Ақылбекке Патрис Лумумба атындағы Мәскеу халықтар достығы университетінде оқуға жолдама берілді». Бірақ Ақылбек Келбұғанов 1968 ж. М.С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетінің «философия» мамандығына емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылданады. 17 жасар болашақ қазақ философы топтағы ең жас студент болады. Дегенмен әрдайым белсенді Ақылбек Келбұғанов 1972 ж. Бакуде өткен Бүкілодақтық ғылыми-студенттік конференцияға қатысады. 1973 жылы «Шағылысу үдерісіндегі диалектиканы қолдану» атты дипломдық жұмысын ұстазы Ағын Қасымжановтың жетекшілігімен қорғап шығады. «Философ, философия оқытушысы, қоғамтану» маман иесі ретінде оқуын үздікке тәмамдап, дипломын алған соң 1973 ж. СССР философтар қауымдастығының Қазақстан бөлімінің мүшелігіне қабылданады.

Еңбек жолын 1973 ж. ҚазКСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында алғашында лаборант, кейін кіші ғылыми қызметкер ретінде бастайды. 1976 ж. кандидаттық минимумдарын тапсырады. 1977 ж. А.Х. Қасымжанов пен К.М. Сатыбалдинамен бірге «Танымдағы» шеңберлер» монографиясын жариялайды. 1976-1977 ж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия және логика тарихы кафедрасына тәлімгер-зерттеуші ретінде қабылданып, «Диалектиканың пайда болу проблемалары ойлау формалары ретінде» атты кандидаттық диссертациясын жазады. Философия және экономика факультетінің төменгі топтарына «Шетелдік марксизмге дейінгі философия тарихы» курсынан дәрістер оқиды. 1977 ж. аталмыш кафедраға оқытушы қызметіне тағайындалып, университет қабырғасында оқып жүрген кездегі ең жас студент топ ішінде бірінші болып кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1978 ж. сол кафедраның аға оқытушысы, Университет жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, факультет жас ғалымдар кеңесінің жетекшісі болады. Оқытушылық қызметінің алғашқы жылдарынан-ақ Ақылбек Келбұғанов кең мағынадағы «логика» ғылым саласы бойынша мамандана бастайды. Кафедраның 1978 ж. 10 сәуірдегі №9 хаттамасында ол: «Мен философия тарихы (Көне Шығыс пен Жаңа дәуір) бойынша философия бөліміне, логика бойынша философия және экономика, тарих, заң, журналистика факультеттеріне дәрістер оқимын», – дейді.

«А. Келбұғанов философиялық білімді жетілдіру және философияны оқыту әдістемесі жөнінде абыройлы іс атқарды. Оның мәселелік оқыту әдістемесі деңгейіне қоятын талаптары да жоғары. Ол өзінің дәрістерінде мәселенің мәнін ашып, оны шешу жолдары мен тәсілдерін көрсете білген». Оған Ақылбек Келбұғановтың «Дәрістің логикалық негіздері» (1981) атты әдістемелік оқулығы дәлел.

1981 ж. Ұстаз А.Х. Қасымжановпен бірге «О культуре мышления» атты монографиясын Мәскеу қаласында жарыққа шығарып, доцент ғылыми атағына ие болады. Сонымен қатар кітап болгар тілінде «На културата на мысленете» (1985) Софияда және қазақ тілінде «Ойлау мәдениеті» (1986) Алматыда жарық көрді. Кітапқа арнап досы Бекет Нұржанов 1982 ж. бүкілодақтық «Философия ғылымдары» журналына рецензия жазады. Рецензиядан үзінді келтірсек: «Соңғы жылдары жоғарғы мектепте оқытудың дәстүрлі тәсілдеріне қарағанда бірқатар артықшылықтары бар проблемалық оқыту туралы көп айтылып жүр. Ең бірінші кезекте бұл философияны оқытуға қатысты, өйткені Сократ заманынан-ақ философияның негізгі міндеттерінің бірі проблемалар қою және шешу арқылы ойлау өнеріне үйрету еді; түптеп келгенде, мұндай тәртіппен қарау – кез келген басқа да (тіпті нағыз тәжірибелік) пән үшін заңдылық. А.Х. Қасымжанов пен А.Ж. Келбұғановтың кітабы дәл осындай проблемалық стильде жазылған, ол оқырманды көтерген мәселелерге тартып, көбінесе осы мәселеге немесе авторлардың ұстанымдарына зейін қойып қарауды талап етеді».

О. Пузанов, Т.Ж. Келбұғанов, Л.Ж. Келбұғанова кітапты, «Ойлау мәдениетін» былайша сараптайды: «Дамыған ойға алхимиялық «философиялық ауырлықты» алудың, «мәңгілік қозғаушы күш» туғызудың мүмкін еместігі сияқты және т.с.с. шектеулер бар. Бірақ бұл жерде де барынша сақ болу керек және «дін бұзушылықтың» белгілі бір мөлшерін қосу керек болады, өйткені «жосықсыз» дегендердің қатарында түрлі догмалық схемалар болуы мүмкін. Ой дүрмегінде адам өзін еркін сезінуге үйренуі үшін философия тарихынан артық жоғарғы мектеп табылмас». «Ойлау мәдениеті туралы» кітабының авторларының осы ұстанымы адамның танымдық қабілеттерін бір үлгіге салуға деген кез келген ұмтылысты қабылдамаушылыққа келіп түйіседі, бұл барлық оқу орындарында білімді тексеру үшін жаппай тестілеу енгізілетін біздің заманымыз үшін барынша өзекті. Кітапта сонымен қатар ой-өрістің даму көрсеткіші бола алмайтын IQ (Ай Кью) тесттерді абсолюттеуге жол бермеу керектігі туралы ескертіледі. А. Келбұғанов ойлаудың жұпынылығына, бір өлшемділігіне қарсы шықты: «Ой-өріс – кейбір зерттеушілердің оны қаншалықты бөлшектеуге және өлшеуге тырысқанымен, қатып қалған белгілі бір құрылымы болмайтын, салыстырмалы түрде дербес құрылым».

Ақылбек Келбұғанов сол жылдары «Білім» қоғамы Республикалық ұйымы аясындағы ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі, «Білім» қоғамы Алматы ұйымының ревизиялық комиссия мүшесі, Университет Жас ғалымдар кеңесі Төрағасының орынбасары қоғамдық жұмыстарын атқарды. 1981 ж. 16 тамызы мен 1982 ж. 14 мамыры аралығында тоғыз ай АҚШ-тың Колледж Парк қаласында орналасқан Мериленд университетінде ғылыми тағылымдамада болады. Мериленд университетінде ғылыми тағылымдамада болған кезінде американдық газетке берген сұхбатында «Менің философия тарихындағы міндетім Батыс философиясының көптеген модификациялары бар екенін дәйектеу. Бұл жерге келместен бұрын ежелгі, ортағасырлық және қазіргі заманғы философия тарихы курстарынан дәрістер оқыған болатынмын. АҚШ-қа келгелі американдық философияның дамуына байланысты ізденістер жүргізудемін. Еліме оралған кезде қазіргі заманғы американдық философияны зерттеймін» – деп атап көрсетеді.

Осы ғылыми іс-сапар туралы әпкесі Ләйлә Келбұғанова: «Ақылбек шетелге барған сапарында, философияға, білім, полиграфия салаларына қажет кітаптарды әкеле жүретіні бар еді. АҚШ-тан келе жатқанда 57 кітапты КСРО кедені, «өте құпия кітаптар» деген сылтаумен өткізбей қойған. Сол кезде Ақылбегім бұл кітаптарын өз жеке басына берілмейтін болған соң Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханаға емес, Қазақстанға, Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасына жолдауды табандап тұрып, талап еткен. Алайда кеден қызметкерлері, неге екені белгісіз, А. Пушкин атындағы ғылыми-көпшілік кітапханасына жібереді. Алматыға келгеннен кейін Ақылбек өзі жолдаған кітаптарға, ерекше рұқсатпен (!) ғана қолы жетіп жүрді», – деп баяндайды.

Ақылбек Келбұғанов 1985-1986 оқу жылында шетелдік студенттер бойынша философия және экономика факультеті деканының орынбасары қызметімен қатар факультет деканы міндетін атқарады. 1986 ж. Философия және логика тарихы кафедрасының доценті қызметіне жаңа мерзімге конкурсқа түсу үшін 17 мамырдағы кафедра мәжілісінің №12 хаттамасындағы сөзінен үзінді: «Доцент қызметіне 1981 ж. маусымда конкурс арқылы сайландым. 1983 ж. СССР Жоғарғы аттестациялық комиссиясы доцент ғылыми дәрежесін бекітті. 1981 ж. тамыз – 1982 ж. мамыр аралығында АҚШ-тың (Колледж Парк қаласында орналасқан Мериленд университетінде) тоғыз айлық ғылыми тағылымдамада болдым. Сапардан келген соң тағылымдама материалдары негізінде философ студенттерге арнап «Символикалық логика», «Неміс классикалық философиясы», «Қазіргі буржуазиялық философияны сынау», «Заманауи америкалық философия» атты курстарын дайындадым. Қаңтар айында университет кеңесі 09.00.03. – философия тарихы мамандығы бойынша «Философия тарихындағы ойлау мәдениеті мәселесі» атты докторлық диссертация жұмысымның тақырыбын бекітті». Бұл диссертация тақырыбын Ақылбек Келбұғанов шығармашылығы негізінде межесіне жеткізу – қазіргі жас философ ғалымдарға қалған аманат. Қазақ философиясы топырағында «ойлау мәдениеті» тақырыбында із қалдырған Ағын Қасымжанов пен А.Ж. Келбұғановтың аталмыш еңбектері жалғастығының өзектілігі мен маңыздылығы қазіргі жаһандық заманда артып отырғаны академиялық ортамызда құпия емес.

Ақылбек Келбұғанов 1981 ж. жоғары ғылыми-өндірістік көрсеткіштері мен қоғамдық жұмыстары үшін ОК ЖЛКЖО-ның «Бес жылдықтың жас гвардияшысы» қола белгісімен, 1983, 1984 жылдары Құрмет грамоталарымен, ҚазМУ-дың 50 жыл толуына орай Құрмет грамотасымен, «Білім» қоғамы Республикалық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1981-1986 жылдар аралығында ғылыми коммунизм теориясы мен философия тарихы докторлық диссертация қорғау бойынша арнайы кеңестің ғалым хатшысы. «Сол кездегі КСРО мен АҚШ арасындағы күрделі жағдайға қарамастан, Ақылбек біздің республикаға Америкадан ғалым шақыртуға қол жеткізді. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхананың мұражайындағы Естелік кітабында америкалық профессордың мына жазбалары куә бола алады: «Мен Алматы халықтарының соншалық қонақжайлылығына өте ризамын. Университет басшыларымен осы кітапхананың директоры және қызметкерлеріне үлкен алғысымды айтамын. Джеймс Лолер, университет, Буффало қаласы, Нью-Йорк штаты. 5 маусым, 1985 жыл.

Ақылбек Келбұғанов 1986 ж. 11 шілдеде шетелге 3 жылдық педагогикалық жұмысқа нұсқау алып, отбасымен Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласына аттанады. «Ақылбектің Эфиопияға оқытушы болып жұмыс істеуге бару себептерінің бірі тұрмыстың нашарлығынан еді. 1973-1976 ж. Философия және құқық институтында, сосын ҚазМУ-да жұмыс істеп, ол пәтерге аса мұқтаж кезек күткен адамдардың тізімінде болды. Жекеменшік пәтерлерде сенделумен өткен 8 жылдан кейін 1981 ж. Америкаға сапарға шығар алдында Ақылбек ақыры ҚазМУ-дың жатақханасынан ауданы 16 ш.м. болатын бөлмеге қол жеткізеді. Ол бөлмеде тіркелу құқығынсыз, енесі, әйелі және екі баласымен сығылысуға мәжбүр болды, – деп жазады Ләйлә апамыз.

Қазақ философының Эфиопиядағы бірінші жылы да аяқталуға жақын еді. Туған еліндегі көктемге ұқсамайтын аптап ыстығы ми қайнататын алғашқы өзгеше көктемінде осында қарсы алады.

Қазақ ойшылы Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 1987 ж. 27 сәуірде Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласында жол көлігі апатына ұшырады. Барлығы аяқ астынан болды. Ол жүргізген көліктің дөңгелегі ыстықтан балқыған асфальтке жабысып, бағанаға барып соғылады. Қазақ философының жағдайы ауыр болды. Емханаға жедел жеткізілген бойда алғашқы көмек көрсетіледі. Екі рет ота жасалады. Дегенмен Аддис-Абеба дәрігерлерінің емі шипа болмай, ұшақпен Мәскеуге жөнелтіледі. Мұны естіген әрдайым адал досы Бекет Нұржанов 8 мамырда Мәскеу қаласына университет ұжымы атынан ұшақпенжетеді. Ағасы Төлеукен мен әпкесі Ләйлә да барады. Ләйлә апамыз: «8 мамырда сағат 21.30-да Шереметъево әуежайында жерге қонған ұшақтан күтіп алғаннан кейін жедел жәрдем көлігінде Алеша былай деді: «Мен өмір бойы адамдарға жақсылық жасауға тырыстым, олардың барлығы да маған солай жауап берді. Барлығына ризамын, барлығына!» (бұл кезде дауысы әдеттегіден тыс ақырын шықты). Осы айтқан сөзінен кейін ол жеңілдеп қалды» – дейді. Мәскеу қаласында 20 мамырда тағы да ота жасалды. Әйткенмен маңдайға жазылған тағдырға амал бар ма? 1987 ж. 25 мамырда қазақ философы Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 36 жасында көз жұмады. Соңында ауыр қайғыны арқалап бауырлары, туған-туысы, жары – Келбұғанова Мәдина, қызы – Келбұғанова Әлия, ұлы – Келбұғанов Жолмұхамбет көздеріне жас алып қала берді.

Қазақ ойшылының өлімі оны білген әрбір азаматтың қабырғасын қайыстырмай қоймады. Өлім туралы сұрақ та көп болды. Ләйлә Келбұғанова апамыз тиісті мекемелерге жазған шағымында былай деп көрсетілген: «Ол Эфиопиядан отбасымен бірге мамырдың 8-інен 9-ға қарағанда жеткізілді. Оның қасында неге ота жасаған хирург В.В. Глинка емес, анестезиолог дәрігер ілесіп жүрді? Мен оны сол күні үлкен ағасымен бірге Мәскеуде кездестірдім. Оны ауруларды қабылдау бөлмесінен қан тазарту бөліміне ауыстырған кезде қажетті медициналық көмек не үшін көрсетілмеді, жаттығу құрылғысы неге қойылмады? Маған хирург 10 мамырда-ақ бүйректің бүрісу процесі жүріп жатқанын айтқан болатын, ал 11 мамырда Эфиопияда жүргізілген екі отаны да біліктілігі жоқ мамандар жасаған болып шықты деді. Ағасы 10 мамырда, ал мен 11 мамырда қызмет бабымен Алматыға оралдық. Біз оның өмірін сақтап қалу үшін барлық шаралар қолданылатынына сенімді болдық. Неге дәл сол Эфиопиядан жеткізген сәтте түбегейлі шаралар қолданылған жоқ? Әлде әлдеқашан ажалы жеткен бе еді? Неге зарыға күткен ота оның келісімімен көп кешіктіріп барып (20 мамырда) жасалды? Ол кімнің немқұрайдылығынан қайтыс болды? Ағамның түсініксіз өлімі әлі күнге дейін көз алдымызда».

Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлына арнап бүкілодақтық «Философия ғылымдары» журналының 1988 №3 санында қазанама жазылады. Онда: 1987 ж. 25 мамырда С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философиялық-экономикалықфакультеті деканының міндетін атқарушы, философия ғылымдарының докторы, КОКП мүшесі Ақылбек Жолмұхамбетұлы Келбұғановтың өмірі қайғылы түрде аяқталды», – делінген. Сол қазанама һақында Ләйлә апамыз мынадай маңызды дерек келтіреді: «Ақылбек жайлы қазанама 1988 жылы бүкілодақтық «Философские науки» журналында жарық көрді. Ақылбектің АҚШ-қа сол кездегі КСРО Жоғарғы және орта білім беру министрлігінің өкілі ретінде КОКП Орталық Комитеті атынан жіберілгендігін ескере отырып, Мәскеудегі ғылыми-теориялық «Философские науки» журналына телефон шалдым. Журнал редакция алқасының жауапты хатшысы А.А. Пружинина: «Иа, біз Ақылбекке қазанама беруді дайындап жатырмыз. Өмірбаяны жайлы деректі КСРО Жоғары және орта білім беру министрлігінің сыртқы мәселелер жөніндегі басқармасынан алдық. Ал, Ақылбектің өзін шығарған еңбектері арқылы білеміз», – деді. Қазанама даярлау редакция атынан журнал қызметкері Г.Н. Савватееваға тапсырылған екен. Ол текстпен танысып шығуым үшін алдын ала қазанаманы маған Алматыға почтамен жіберді. Осы мәселе жөнінде Ақылбектің ғылыми жетекшісі ҚазССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті А.Х Қасымжановпен ақылдастым. Ол Ақылбектің ғылыми дәрежесі «доктор» емес, «ғылым кандидаты» деген түзету берді. Бірақ, қазанамада «ғылым докторы» деп жарияланып кетті. Мен журналға қайта телефон шалдым. Олар маған былай деп жауап берді: «Бұл мәселе, яғни, «ғылым докторы» деп жариялау журнал редакция алқасында ақылдасылған және КСРО Жоғарғы және орта білім беру министрлігінің өкілдері шақырылды. Біз сыртқы мәселелер жөнінде басқарманың бас бастығы Л. Бажановтың да пікірімен таныспыз. Егер Ақылбек Келбұғанов тірі болғанда оның жарияланған еңбектеріне қарап-ақ философия ғылымдарының докторы деп атақ беруге болады. Біз сол үшін әдейі ғылым докторы деп жаздық. Айтпақшы, сіз Ақылбектің әпкесі, осы мәселеге байланысты марқұм жас ғалымның еңбектерін, құжаттарын жинастырып, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғарғы аттестациялық комиссияға, академик Е.И. Шемякиннің атына жолдауыңызды сұраймыз», – деген (мәскеуліктер өздері осылай деді)». Бірақ, өкінішке орай, «Менің інімнің қазасынан есеңгірегенім соншалық, есімді жия алмай қалдым. Екінші бір мәселе – сол тұста академик Г.И. Марчук КСРО Ғылым академиясының Президенті болып кетті... Міне, осылайша, күйбең тіршілікті күйттеп жүргенімде, бауырымның, ең бастысы, ғалымның мұраларын жарыққа шығара алмай, тиісті еңбегіне сай дәрежесін (сұранып тұрған) әпере алмай қалдым. Философия ғылымы және бауырым алдындағы парызым бұл» – дейді апамыз.

Жаратылыстан дарыған жан тазалығын, ақылы мен жүрегін бірдей ұстаған қазақ философының қамшының сабындай ғұмыры мән мен маңызға толы болды.

Ақылбек Жолмұхамбетұлына арнап 1988 жылдың 28 қаңтарында «Казахстанская правда» газетінде естеліктер жазылды. Естеліктерден үзінді:

Шәкірті М. Қарсақбаева «оқу бітіру кеші өмір бойы есте қалады, ол кештің жан-жүрегі Ақылбек Жолмұхаметұлы болған еді. Әлдекімге альбомға оқытушылардың келешекке тілегін жазғызып алу туралы ой келді. Ақылбек Жолмұхаметұлының қасына кезек күткендер жиналып қалды. Олар дәл осы адамның бата-тілегін алғысы келді. Әрқайсысына деген оның ақ тілегі жетерлік еді. «Өмірде бақытты бол және философияда да несібең болсын». Қысқа, қарапайым, бірақ тамаша айтылған сөз. Мың алғыс. Бұл біздің соңғы рет жүздескен, тілдескен кезіміз еді...» – десе, 401-ші студенттер тобы: «Ол адамдарды шындап жақсы көретін, өзін адамдарға арнаған өте мейірімді адам болатын. Егер факультетіміздің өмірін қайта парақтап шықсақ, Ақылбек Жолмұхаметұлының есімі аталмайтын бір парағы табылмас. Оны факультетіміздің барлық студенттері өте жақсы көретін. Ол жай педагог, деканның міндетін атқарушы ғана емес, сонымен қатар парасатты Мұғалім әрі Дос бола білді. Оның күлімсіреген жарқын жүзі, қажымас қайраттылығы, адамдарға деген ашық адал ықыласы өзіне барлық жанды тартатын. Ол шын мәнінде студенттер үшін жаратылған Ұстаз және Декан болатын, оның беделінің жоғары болғаны сонша, оның ескертуін, ұсынысын, өтінішін декан солай дегендіктен емес, Ақылбек Жолмұхаметұлының сөзі болғандықтан тиісінше қабылдайтын». Ал А. Рузанов: «Ақылбек Жолмұхаметұлы деканның міндетін атқарса да, ол тұрмыста ерекшеленбейтін. Студенттер сияқты, отбасымен аспиранттардың жатақханасында тұрды, «Букинист» дүкенінен кітаптар қарайлап жүретін, жол-жөнекей көңілді әңгіме айтып, тосыннан сұрақ қоюы мүмкін еді. Бірақ мұнымен қатар, әрине, іскер болатын, факультеттің күрделі мәселелерінің қамымен тыным таппайтын. ...Өкінішке орай, Ақылбек Жолмұхаметұлы, Алеша туралы аз білемін. Оның не істегісі келгенін білмейтінім де сөзсіз. Бірақ көп нәрсе істемек болғанына және істер еді деп сенімдімін... Мен факультетті онсыз елестете алмаймын. Қазір Ақылбек Жолмұхаметұлын 2, 3, 4, 5-курс студенттері біледі және әзірге біз оқып жүргенде студенттік ФЭФ оны есінде сақтайды. Ал бірақ 5 жылдан кейін не болмақ? Ұмытуға болмайды, еш болмайды» – деп айтса, А. Афрук мынадай қызықты мәлімет келтіреді: «Менің білерім, Шалғайдағы Кубада Ақылбек Жолмұхаметұлының шәкірті Хорхенің ұлы өсіп келеді, Хорхе оны өзінің ұстазының құрметіне Алеша деп атады».

Тағы бір дарынды шәкірті, философия ғылымдарының кандидаты, елімізге белгілі кино-сыншы Олег Борецкий: 1977 жылдың қазан айында философия факультетінің бірінші курс студенттері атанып, біз сабаққа кірістік... Біз, бірінші курс студенттері, өз кураторымызбен алғашқы кездесуімізді қалай күткеніміз есімде. Неге екенін қайдам, біздің елестетуіміз бойынша ол міндетті түрде егде, салиқалы және маңызды адам болуы керек сияқты еді. Бірақ бәрімізді таңғалдырғаны, он жас айырмашылыққа қарамастан, біздің құрдасымыз деп қалуға болатындай бозбаладай жап-жас жігіт келді... Алешаның қайратты да мәңгі жас болмысы әдеттегі кемеңгер мұғалім бейнесіне сыйматындай еді. Бірақ, бәлкім, оның ерекше қасиеті де сол болған шығар, мінез-құлқымен де, ой-санасымен де ешқандай таптаурын қалыпқа сыймайтын... Біз одан басты нәрсені – философия мәдениетін үйрендік. Біртіндеп Алешаның логикасын, Алешаның көне үнді философиясын, Алешаның Канты мен Гегелін меңгеріп, үйрендік. Сонымен қатар әрдайым көп нәрседен де, аз нәрседен де, сабақта және оқудан тыс уақытта да біз өсиет сөздер тыңдау, жалпақтау дегенді білмедік. Бізбен бірге сенімді, адал, зиялы досымыз болатын... Университетті аяқтағаннан кейін-ақ Алешаның қандай адам екеніне тағы көзім жетті. 1985 жылы бізге, Целиноград облысында жұмыс істеген алғашқы интер-студенттік құрылыс жасағына, Алеша үш күнге келді, кубалық студент Хорхе Луисті әкелді. Жұмыстың қызған кезі еді, жігіттер қатты шаршайтын. Бұл жерде де Алеша бізді өзінің оптимизмімен, өзінің жігерлілігімен еліктірді. Адаммен араласуда ол әрдайым қарапайым болатын. Оның, жақында ғана АҚШ-тан тағылымдамадан оралған жас ғалымның бойында тәкаппарлық деген мүлде болмайтын, көбінесе мұндай жағдайда адамдар тәкаппар болып кетеді ғой. Мен Алешадан аудандық орталықта АҚШ туралы бірнеше лекция оқуын өтіндім. Жүретін жол жақын емес – қара жолмен жүк машинасында 90 шақырым, бірақ біз жол жүрдік, университет жасағының өкілін көрсету керек болды. Тез шаршап қалдық. Алеша менің иығыма сүйеніп ұйықтап кетті, ал мен ауыр оқу жылынан кейін МТС жұмысшыларына, оқушыларға лекциялар оқу үшін, екінші рет және үшінші рет оқу үшін менімен жүздеген шақырым жерге баруға оның бойында күш қайдан пайда болатынына таңғалумен болдым!... Біз Алешаның куратор болған тобымыз, оның оқушыларымыз. Демек, оның жалғасымыз және үмітіміз, ол үмітін ақтауымыз керек. Алеша біздің бойымызда, кешегі, бүгінгі және ертеңгі істерімізде. Бәлкім, сондықтан болар, өмірде жаңа нәрсеге қадам жасағанда қателесуіміз қиын».

Университет қабырғасында бірге оқыған К. Шуляк «Университетте біз бір топта оқыдық, ол топтың еркесі болатын. Егер қасымызда Алеша бар болса, жанымыз жай табатын. Күлімсіреп жүру оның ажырағысыз қасиеті болатын, жан біткен күн сәулесі мен күннің жылуына тартылатындай, Алеша да өзіне адамдарды еріксіз тартып тұратын. Оның еңбекке қабілеттілігі адамды өзінің енжарлығы үшін, ал көпшілікті ебедейсіздігі үшін ұялуға мәжбүрлейтін», – деп еске алады.

Ойшыл өлімінен 10 жыл өткеннен кейін шәкірті Нұрлыбек Садықов былай деп жазды: «Өзінің студент кезіндегі тобында ол ең кішісі болатын. Диссертациясын бәрінен бұрын қорғады... Ол шетел философтарының философиясын өзінікіндей баяндайтын және шынымен лайық тұсында ғана сын айтатын. Мүмкін, ол оны ұзын құлақтан емес, анық білгендіктен, АҚШ-та 10 айлық тағылымдама кезінде меңгергендіктен шығар. Бірақ ең бастысы, өзін философияға арнағандықтан болар. Оқу бітіру альбомында ол маған: «Барлық күш-жігерімізді философияның абыройына жұмсайық», – деп жазды. Сырттай қарағанда, ол іскер жапондыққа ұқсайтын, бойы кішкентай, көзілдірік киген, сымбатты, жинақы, ұқыпты, әрдайым тап-таза қырынып жүретін. Оның бойынан өткір мінезділік сезіліп тұратын. Лекция оқығанда ол студенттерге қарай бүкіл денесімен иіліңкіреп тұратын. Мұндай адам барлық жерде бірінші болады. Жыл сайын ғылым күнінде ол спорттық жүгіру жарыстарына қатысып, әлдайым бірінші келетін».

Олег Пуханов: «Оның ерекше қасиеттері өмір сүйгіштігі, ақпейілділігі, қарапайымдығы еді. Арықша, әрдайым жинақы бозбаланың бойынан мақсатқа талпынушылық пен қайсарлық сезіліп тұратын. Онымен кез келген әңгіме ешқашан тұрмыстық тақырыптарға барып тірелмейтін, әрдайым философиялық мәселелердің арнасына ауысатын. Философиямен шұғылдану оның шынайы өмір сүру салты еді. Дамыған кәсіби талғамға ие бола отырып, ол классикалық, сол сияқты қазіргі арнайы әдебиеттің екеуіне бірдей бейімделген болатын. Дәрісханалардағы сабақтардан босаған кезде бүкіл дерлік уақытын Ақылбек кітапханаларда өткізетін. Ол сирек кітаптарды қарайлап жүретін және олар қолына тигенде сирек ұшырасатын туындылардан шамасы келгенше барлығын меңгеріп алатын. Ақылбектің таныстары мен курстастарының онымен республикалық кітапханадағы кездейсоқ кездесулері есінде қалған. Олардың айтуынша, ол оқырман залынан демалып алуға шыққанда оның көздері жайнап, ол бірден оқыған нәрсесі туралы айтып бастайтын, кезекті меңгерген шығарманы тарихи-философиялық арнаға түйістіретін... «Классиканы дәптерге емес, жеке үлкен парақтарға конспектілеу керек, сонда кейін мақалалар немесе лекциялар дайындаған кезде конспектілермен жұмыс істеу оңай болады», – дейтін Ақылбек, өзінің кітапханадан тапқан олжасын – ұсақ жазумен жазылған үлкен парақтарды сұрыптап жатып».

Халқымызда «Жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді» деген дана сөзі бар. Философ Ақылбек Келбұғановтың биік адами бейнесі мен рухани мұрасы һәм тағылымының замандастары мен шәкірттерінің, ізбасарларының, елінің жадынан өшпейтіндігі анық.

Әсет ҚҰРАНБЕК,

философия ғылымының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі;

Самат ҚАЙРАТҰЛЫ,

PhD

 

1820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6618

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5922

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3665

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3050

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3010

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2986

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2715

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2700

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы