• Қоғам
  • 08 Қыркүйек, 2022

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЫНТЫМАҚҚА АРНАЛҒАН БАҒДАР

Жансейіт  ТҮЙМЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс» деп атап көрсетті. Ел Үкіметі алдына бірқатар міндеттер қойды. 
«Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өзгеретінін айта келіп,  мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады» деп атап көрсетті. Сондай-ақ «қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетіледі. ­Президент жанындағы Омбудсмен тағайын­далады.  Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнес мейлінше дамытылатынын» айтты. Қысқасы, алдағы уақытта елімізді зор өзгерістер кезеңі күтіп тұр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында еліміздің жаңару мен жаңғыру жолы жан-жақты тал­қыланып, басты бағдарламалар айқындалды. 

Әрине, ел дамуындағы айрықша бетбұрыстар әр салада жаңа, креативті шешімдер қабылдауды қажет етеді. Кез келген реформаны іске асырудың кілті ғылым мен білімде екені сөзсіз. Сондықтан өркениетке ұмтылған жаңа Қазақстанның кескін-келбетін білімді жастар мен еңбекқор мамандар жасайтыны анық. Бұл орайда, Жолдау жоғары білім беру жүйесіне жаңаша талаптар мен жауапты міндеттер жүктеп отырғанын түсінеміз. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындарының сапасын арттыруды, білім беру гранттарын ҰБТ нәтижелеріне және басқа да көрсеткіштерге байланысты саралауды тапсырды. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес екенін жеткізді. «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», – деді Президент. 

Шын мәнінде университеттер бүгінгі таңда ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, экономикалық және әлеуметтік үрдістерді дамытудың қозғаушы күші рөлін атқаруда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары білім ордалары ғылыми-зерттеу университеті дәрежесіне өту арқылы бірінші кезекте ғылымды дамытуда мол мүмкіндіктерге ие болады. Қазіргі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында отандық ғылыми зерттеу нәтижелерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілет­ті­лі­гін арттыру, оларды коммерцияланды­ру және экономикаға енгізу мақсаты тұр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең ірі ғылыми және білім беру орталығы. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға  ғылыми-зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасын зерттеу университетіне айналдыру тек қаржылық инвестицияны ғана емес, сонымен қатар дұрыс басқару стратегиясын қажет ететін күрделі жұмыс. Біз қазақстандық және халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып, өз көрсеткіштерімізге жан-жақты талдау жасадық.

Нәтижесінде ҚазҰУ-дың 2022–2026 жылдарға арналған даму бағ­дарламасы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде әзірленді.

Бағдарламада біздің мүмкін­діктеріміз, қазіргі заманғы үрдістер мен еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясат ескерілген. Трансформация арқылы университет төрт стратегиялық міндетті шешеді деп көзделуде:

Бірінші міндет – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен оқу үдерісін интеграция­лау, білім берудің ғылыми-зерттеу бағыттарын күшейту.

Екінші міндет – білім беру бағ­дар­ламаларын болашақ жағдайларға жүйелі түрде бейімдеуге бағытталған.

2021–2022 оқу жылында 119-ға жуық жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Олар: неврология, вирусология, қоршаған ортаны қорғау инженериясы, креативті индустрия, цифрлық экономика, киберфизика және т.б. Сонымен қатар техникалық бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша практик мұғалімдерді өндірістен тартатын боламыз. Біз дуалды оқытуға көшеміз, сонымен қатар студенттерді дипломдық жұмыстардың орнына дипломдық жобаларды орындауға бағыттаймыз.

ҚазҰУ ғалымдарының 100 иннова­циялық әзірлемелері  нәтижелерінің толық сипаттамасын қамтитын «Инновациялық технологиялар және ғылымды қажет ететін өнімдер» атты екі томдық жарық көрді. Университет ғалымдарының өндіріспен, экономиканың нақты секторымен, ірі кәсіпорындармен тығыз байланысын қамтамасыз ету және университеттің ел экономикасына нақты үлесін арттыру міндеті тұр. Бұл – біздің үшінші міндетіміз.

Ұлттық цифрландыру жобасы аясында жоғары білікті ІT мамандарын даярлауға ерекше басым­дық берудеміз. Қашықтан оқыту барысындағы ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру үшін сапалы және инклюзивті білім беруді қамтамасыз етуіміз керек.

Университетте «цифрлық уни­верситеттің» түбегейлі жаңа архитек­турасы құрылуда. Бүгінде оқыту­шылардың, студенттердің және қызмет­керлердің цифрлық ойлауын қалыптастыру, «қағазсыз университет» форматына көшу өте маңызды. Бұл – университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиімді корпора­тивтік басқару моделін құруды көздейтін төртінші міндет.

ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу уни­верситетіне трансформациялануы отандық ғылым мен білімнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа зияткерлік өнімдерді, инновацияларды құру арқылы өңірлік және республикалық инновациялық экожүйелерді дамытуға және ны­ғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа транс­формация ғылым-білім-өндіріс интеграция­сын жетілдіріп, инвестиция тарту, бизнестің барлық салаларын ынталандыру, аймақтардың әлеуметтік-мәдени дамуына серпіліс беретіні сөзсіз.

Мемлекет тарапынан ғылымға деген көзқарас жылдан жылға артып келеді. Келесі жылы ғылым саласына бөлінетін қаржы төрт есеге көбейгелі отыр. Бұл – үлкен қолдау. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ғылым саласын жаңа бағытта жетілдіруіміз қажет.

Президент жұрт назарына ұсынған келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету.Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2022–2026 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, жаңадан 6 жатақхана салу жоспарлануда. Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстайды.

Мемлекет басшысының саяси жүйені жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту жөніндегі ұсыныстарының маңызы зор. Кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өткізу бастамаларын ҚазҰУ ұжымы мен студенттері қолдайды. Біздің ұжым «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парақтарын ашатынына сенімді.

Бауыржан МҰҚАН,

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның басқарушы директоры, экономика

ғылымының кандидаты:

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында қордаланып келе жатқан бірқатар мәселелерді көтеріп, оны шешудің жолдарын ұсынды. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар мәселелердің көтерілгені қуанарлық жағдай. Айтар болсақ, еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы екенін және ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдап отыр. 
Әрине, көңілге қонымды және инфляция деңгейінің шарықтап (2022 жылы тамыз айының былтырғы жылдың тамыз аймен салыстырғандағы өсімі) 16,1%-ды құраған жағдайында теңгенің төлем қабілеттілігін арттырудың бір шарасы ретінде қабылдауға болады. Дегенмен бұл көрсеткішті өсірудің негізі ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын көтерумен тығыз байланысты болуы қажет. Ал, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы тұтыну себетін көтеру талабына сәйкес болуы тиіс. Демек, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын есептеудің методикасын өзгерту қажеттігі туындап отыр. Себебі бұл көрсеткіштің құрылымы – азық-түлік (55%) және азық-түлік емес (45%) тауарлар мен қызметтердің адам­ның физиологиялық қажеттілігін бір айда қанағаттандыру мүмкіндігіне ие болуы­мен сипатталады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 34 мың теңгеден асып жығы­латын шамасы өте аз екендігі айдан анық.
Мәселен, Еуропа елдерінде ең төменгі тұтыну бюджеті медиандық табысты ескеру арқылы есептеледі немесе осы көрсеткішпен тепе-тең болады. Нақтырақ айтсақ, медиандық табыс арқылы тауарлар мен қызметтерді халықтың жартысынан көп бөлігі тұтынатын шамасы ескеріледі.
Демек, 2021 жылы медиандық табыс ресми статистика мәліметі бойынша 54842 теңгені құрады. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейі осы шамада болғаны абзал. Ол өз алдына Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы деңгейін айқындаудың жаңа тәсілін енгізу тапсырмасын орындау бойынша маңызды фактор болуы қажет. Сонымен қатар ең төменгі жалақының орташа айлық жалақыға қатынасы 30%-дан кем болмауы тиіс. Себебі бұл көрсеткіш РФ – 28%, Польшада – 41%, Түркияда – 40%, Австралияда – 44%. 

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

БҰЛ – ТАРИХИ  ТАҢДАУ

 

Тарихта есесі кетіп, тәуелсіздік көшіне кенжелеп жеткен ел едік. Кешігіп те болса қол жеткен тәуелсіздікке халық талабы да  ­таудай. Үш ғасыр ұдай еңсені езіп  мойында салпақтаған бодандық қамытынан кеше ғана құтылған халықтың көңіл-күйін осылай түсінеміз. Халық енді терезесі тең делінген әлем елдеріне қарайды. Қазақстанды солармен салыстырады. Сөйтсе, бізде анау да жоқ, мынау да жоқ! Кемшілік толып жатыр. ­Содан, жан дауысы шығады. Дамыған елдер көші қайда, біз қайда? Дамыған елдер көш ілгері кетіп қалған тарих аламанында! Өгіз аяңмен оған жете алмайсың. Ол көшке жету үшін желмаядай зулау керек. Осы ащы ақиқат Қазақстанды, айналып өтуге болмайтын реформаға алып келді. Бұл ақиқаттың айтары не? Ауыр да болса, реформа асуын алмадың екен өмірем қабасың дейді! Тарих көшінің шаңында қаласың дейді. Осы ащы ақиқатқа көзі жеткен жапон, Корей, Қытай, Сингапурлар өткен ғасырда алысып, арпалысып жүріп айлапат реформалар жасады. Тарих көшінің алдына шықты.

Дипломат Қ.Тоқаев Қытай мен Сингапур бастан кешкен сол реформалар тұсында сол елдерде қызметте болды. Сол елдердің көсегесін көгерткен реформалар үдерісін жылдар бойы көзбен көрді. Осынау реформаларды көзбен көрген тұлғаның қолында тарих-тағдыр Қазақстан тізгінін  ұстатқан тұста оңай жолды таңдап отыра алмады ол. Ауыр да болса ауыр реформа жолын таңдады. Әділет жолын таңдады. Ал, әділет жолы қашан да ауыр жол. Бұл жол – ­достан да, дұшпаннан да мемлекет мүддесін биік қоятын күрделі жол. «Әділет» ұғымы сондықтан да, Жолдау тақырыбына шыққан.

Әділетсіздікті көрудей-ақ көрген елдің жанайқайына жауап ретінде  тақырыпқа шыққан. Әділет туралы халық талабына берілетін жауаптар көп екен. Оларды біз санамалап жатпадық. Дегенмен тамам жұртты жалт қаратқан бір-екеуін атап өтелік. Мысалы, «Ұлттық қор» табысынан әр баланың болашағына арналып ашылатын шотты алыңыз! Мұнайлы Араб елдерінде бар бұл тамаша әлеуметтік жоба Қазақстанға да жетті-ау, әйтеуір! Шүкір дедік. Алпауыттар кезінде пышақ үстінен бөліп алған миллиондаған гектар жер байлығымыздың мемлекетке қайтарылғаны және қайтарылатыны қандай әділетті шешім! Сол тәрізді, Қазақстанның табиғи ұлттық байлығынан да жалпы ұлт тыс қалмайтыны туралы мәлімдемеде осал мәлімдеме емес. Қазақстанда барлық орта мектепті бітіріп шыққан оқушылардың барлығы да алдымен қазақ тілін, содан кейін орыс тілін толық меңгеріп шығуы керек деген мәлімдеменің өзі неге тұрады!

Қаңтар оқиғасы кезінде аса ауыр қылмыс жасамағандарға кешірім болатыны туралы мәлімдемені алыңыз! Халық талабын дөп басқан мәлімдемелер емес пе?» Сондай-ақ алдағы жарты жыл ішінде биліктің барлық тармағы: Президент, Парламент, Өкімет түгел сайлау сүзгісінен өтеді делінді! Осы жерде бізге неге Президент әлі өкілеттігі  бар президенттік билігін сайлауға салғалы отыр деген ой келеді! Бұл өзі Президенттің өз билігі үшін қауіпті қадам емес пе? Реформатор Президент сайлаудан өтпей қалса, не болмақ? Ол бастаған реформа тағдыры не болмақ? Президент тым батыл тәуекелге барып отырған жоқ па деген ой бар.

Билік иесі – халық. Ендеше, Прези­дентті таңдауды да халық шешсін. Демек, бізге, Қзақастан халқына, аса жауапты тарихи таңдау ұсынылып отыр.

Әділетті жаңа Қазақстанды таңдайық, ағайын!

 

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8808

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7083

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4825

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4211

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4175

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4134

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3866

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3864

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы