• Тұлға
  • 08 Желтоқсан, 2022

Қазақ екеніңді ұмытпа!

Ислам Жеменей – Иран елінде туып өскен этникалық қазақ, ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің ашылуына орай арнайы шақырылған парсы тілінің маманы. 
Ислам Жеменей Ақмұратұлы 1952 жылы 1-қыркүйекте Иран Республикасында дүниеге келген. Атасы Рақбай – Ирандағы қазақтың арасынан шыққан бірінші фермер. Ол күнкөріс қамымен қазақ жерінен келген кезде арбасы болады. Ал арба дегеніңіз ол кезде үлкен көлік. Рақбай ақсақал көпке танымал, беделді адам болған екен. Ал атасының ісін Исламның әкесі жалғастырып, оны әрі қарай күшейтіпті. Фермерліктен басқа, олардың иелігінде астық, мақта, қауын-қарбыз егетін 500 гектар жері және өздері тұрған қалада жүк-тасымалы синдикатын үш адам ашыпты, соның бірі Ислам ағамыздың әкесі Ақмұрат мырза оның құрылтайшысы болған. Мұның барлығы үлкен еңбекпен келген, Ислам ағамыздың атасы да, әкесі де қай салада болсын өз кәсібін өте жақсы меңгеріп, жемісін тек өздері ғана емес, елге де көрсетіп пайдасын тигізген жандар. Әкесі қайтыс болардың алдында бар мүлкін сатып, өзінен тараған 4 ұл 1 қызға бөліп беріпті. Ал «Ислам өз күнін өзі көріп жүр» деп Ислам Жеменейге 1 үй, 45 мың доллар ақша қалдырыпты. Осыдан-ақ ағамыздың қандай отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленгенін байқауға болады. 

 

Біз өз отанымызда өмір сүріп жатып орташа отбасының жағ­дайымен ұрпағымызға бір үйімізді мұрагерлікке қалдыра аламыз ба? Бұл – әлеуметтік үлкен мәселе. Ал сондай ортада өмір сүре жүріп, барға мастанып кетпей, өз тілі мен дініне, Отанына сүйіспеншілікпен өмір сүріп, еңбектенді. Ислам Жеменей: «Бізде ешқандай проблема жоқ. Бір проблема ғана бар. Бірінші күні мектепке барғанда, парсы-иран тілін үйретті. Атамның сол кездегі ескертуі, 9 жасқа келгенімде, төсек тартып жатып: «Сенің атыңды не үшін Ислам деп қойдым. Күндердің күнінде елге ораласың. Тілің мен дініңді білмесең, еліңе оралған соң, қалай қазақпын деп айтасың, ана тіліңде сөйле, қазақ екеніңді ұмытпа!» – деді. Яғни сол кездегі алғашқы буынның сағыныш, аңсау атмосферасы бар ғой, сол біздің бойымызға сіңген сияқты. Сол сағынышпен біз көзіміз көрмеген бір сұлуға ғашық болдық. Оның аты – қазақ. Сіз үшін бұл бір ертегі сияқты. Сол ғашықтықпен докторантураны да оқыдым, машинам да бар, Әбсаттар аға шақырып еді, жүгіріп келдім. «Мен бір жылға келдім ғой. Бір жылдан кейін кетемін» дейді. Алайда еліміз тәуелсіздік алғасын, барлығы өзгеріп, ағамыз елде қалып жұмыс істеуге бел буған. 
Ал енді осы Шығыстану факуль­тетінің еліміздің басты жоғарғы оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ашылуына және оған білікті мамандар тарту жұмыстары кеңес дәуірінің қылышынан қаны тамып тұрған уақытқа сәйкес келді. Ондай жүкті көтеріп алып шығу нардың нарына ғана тиесілі жағдай. Осындай ел алдында, қазақ ұлтының алдында жауап-ты жүк арқалап, батыл қадамға барған академик Әбсаттар Дербісәлі 1977 жылы филология факультетінің жанынан араб бөлімін ашты. 1984 жылы Шығыс филологиясы кафедрасын, ал 1989 жылы араб бөлімінің негізінде Шығыстану факультетін ашты. Өз баласындай аялап, баптап өсірген шығыстану саласындағы 12 жыл ішінде мол тәжірибе жинақтап, бірқатар оқулықтар жазды. Оқытушылар құрамын да толықтырып жан-жақтан мамандар іздеп, шақыртты. Әсіресе  атап айту керек, Әбсаттар Дербісәлі шығыстану факультетінде араб тілі мен әдебиетімен шектеліп қалмай, шығыс елдерінің – парсы, жапон, корей, хинди тілдерін ашты. Әбсаттар Дербісәлі өзінің білімі мен ғылымын Алланың берген шығыстану ғылымындағы темірқазығы сияқты көз жазбай ұстап тұруға тырысты. Қазақ фольклорындағы қараңғыда жол көрсетер темірқазықтай кез келген шәкіртіне бағыт-бағдар беріп көмектесіп, өзіне ерте білді. Соның бірі емес, бірегейі әрі бауырындай болып кеткен, Иран елінде туып өссе де, жүрегі қазақ деп соққан Ислам Жеменей мырза. 
Жоғарыда атап өткеніміздей жаңадан құрылып жатқан шығыстану факультетіне оқытушы іздестіру мақсатында Әбсаттар қажы Дербісәлі үнемі жаңалықтарды қалт жібермейтін әдетімен Тегеран университетінің түлегі Ислам ағамыздың Қазақстанға келген сапары туралы естіп, енді оны іздестіре бастайды. Сөйтіп, «Ол кезде біз кеңестік одақ құрамында болғандықтан, Түркиядағы КСРО елшілігіне Ислам деген азаматты іздестіру және оны мүмкіндігінше Алматыға шақыру жөнінде университет атынан хат жаздым. Ол келе қалса, деп жатақханадан орын дайындап қойдым» деп жазады.Бұл кезде Ислам Жеменей Стамбұл университетінде білімін жетілдіріп жүрген екен. Ол жөнінде академик Әбсаттар Дербісәлі «Простор» журналында «Зовотечества» атты мақаласында парсы тілі мен әдебиеті бөлімін қалай ашып, оған оқытушыны іздегендігі жөнінде сүйіспеншілікпен, ерекше махаббат-мейіріммен баяндайды. Бұл мақала негізі биыл шығу керек болған, бірақ академик ағамыздың сезімталдығы ма, әлде бір Алланың қалауы ма,  қайтыс боларының алдында редакцияға беріп кеткен екен. Оқығанда кеудеңе өксік келіп, өкініш өртейді, алайда Аллаға шүкір дейсің. Себебі мұхиттан маржан тергендей етіп шығыстану факультетінің парсы бөліміне шақыртып алған білікті маман, қазақ жанашыры, ғалым Ислам Жеменей туралы оқып үлкен мәлімет алып, осындай қазақ баласының шетте туып өссе де, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігіне марқайып қаласың. Әбсаттар ағамыз өмірден озып кетті, тірі болса, биыл 75-ке келер еді. Алланың құдыретімен қос ғалым екеуі де қыркүйек айында дүниеге келген. 
Әбекеңмен көзі тірісінде әңгіме­лескенде Ислам Жеменей туралы «Ислам коммунистік кеңестік ортаға бейім­делмей, қиындыққа төзбей, мен кеттім деп айта ма деп үнемі ойлайтынмын. Ислам нағыз ержүрек батыр азамат, менің сөзімді жерге тастамай, өз халқы мен отанын шексіз сүйетін нағыз ҚАЗАҚ» деп айтатын. Ислам Жеменей қазақша өте керемет сөйлеп, оның психологиясын, жан дүниесін жақсы түсінеді. Парсы, араб, түрік және ағылшын тілдерін өте жақсы біледі. Әбекең Ислам Жеменейге «қазақша білесің, енді кирилл әліпбиін үйрен» деп ұсыныс білдіреді. «Ол мүмкін емес» деп айтқанына қарамастан, кітап, газет алып оқып тез үйренуге болатынын айтады. Ислам Жеменей ол кезде қалыптасқан Тегерандағы Иран ұлттық университетінің педагогика ғылымдары факультетін психология мамандығы бойынша, Түркиядағы Стамбұл университетінің экономика факультетінің магистратурасын  бітірген, қалыптасып қалған білікті маман еді. Алайда өзі білімге өте құмар болғандықтан, есейіп қалған Ислам Жеменей қырыққа аяқ басып қалса да, қиын болса да, өмірді қайта бастады. Жазып үйренбек түгілі, Әбекеңнің жетекшілігімен кандидаттық диссертация, кейін докторлық диссертация жазып, қорғап шықты. Әбсаттар Дербісәлінің сезімтал көрегендігімен, Ислам Жеменейге еліміздің шығыстану ғылымындағы парсы тілінің тізгінін ұстатты. Ислам Жеменей оқытушылықпен қатар қазақ-парсы тілашарын, қазақ-парсы, парсы-қазақ сөздіктерін әзірлеп, басып шығарды. Бұл көптеген қазақ балаларының парсы тілін меңгеруіне мол септігін тигізді. Әбекең басшы, Исекең қосшы болып, еліміздің екі дара тұлғасы араб-парсы тілдері мен әдебиетінің қыр-сырымен қазақ жастарын сусындатты. Шығыстану ғылымына жол ашып, қатар еңбектенді. Шәкірт тәрбиеледі. Әбекең араб деректерінен қазақ тарихына қатысты дүниелерді тауып, ғылыми айналымға енгізіп отырды. Ислам Жеменей болса, парсы деректерімен қазақ ғылымын байытты. Сонымен қатар өз біліктілігі мен білімділігінің арқасында Мекемтес Мырзахметов, Қалтай Мұхамеджанов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Фариза Оңғарсынова сынды қазақ зия­лыларымен жақын араласып, пікір алмасып отырды. Елде қалып, көп еңбек етуге қолдау көрсеткенде Әбекеңнен басқа осы ағалары болғанын Рахманқұл Бердібаевтың: «Алла тағала біздің елді ана жаққа жіберді, бірақ Исламдай бауырымызды бізге қайтарды. Бұл сонау Иранның барлық мәдениетін бойына сіңіріп келді. Біз бүгін Исламға кандидаттық атақты формально береміз. Сендер оны кандидат емес, академик деп қабылдаңдар» деген сөздерін сүйіспеншілікпен есіне алады.Міне, жас ғалым Ислам Жеменейге сол кездегі зиялы қауымның берген бағасы. 
Ол Қазақ ұлттық универси­тетінен басқа еліміздің бірқатар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верси­тетінде, Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Алматыдағы Сүлеймен Демирель университетінде қызмет істеп, ғылыми орталықтарда жетекшілік етті. Ал 2018 жылы Ислам Жеменей университет ректоры Ғ.Мұтановтың шақыртуымен келіп, ҚазҰУ-де «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығын құрып, оның жетекшісі болды. Қазіргі кезде факультеттің алдыңғы аға буын қатарында жүріп, өз ғылыми жұмыстарын жалғастырып отыр.
Мен Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорын толықтыру және музей экспозициясындағы Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіне қатысты материалдар жинақтау мақсатында 2022 жылдың мамыр айында Ислам Жеменей ағамызға барып әңгімелестім. Сондағы байқағаным, өзінің тарихи отанына келуіне себепші болған, әрі шәкірті, әрі замандасы болып кеткен інісі ағасы туралы тебірене: «Мен туралы ағамыз (Әбсаттар қажы Дербісәлі) бәрін жазып қойыпты ғой. Міне: «1990 жылдың тамыз айы бір жігіт есік қақты. Ол мен көптен күткен Ислам Жеменей екен. Оны және бірнеше этникалық қазақты шетелден Алматыға бірінші республикалық айтыс сайысына шақырған екен. Ол менің жіберген шақыруымнан да хабардар екенін мәлімдеді. Исламның иран-парсы тілі және әдебиеті, логика, психология және ислам философиясын оқытуда тәжірибелі маман және білікті педагог екенін әңгіме барысында аңғардым» деген Әбекеңнің мақаласын жаттап алғандай сөзбе сөз айтып берді. 
Ислам Жеменей алғашқы келген жылдарда елге келгеніне, қандас бауырларының ортасында жүргеніне өзін бақытты сезініп, уақыт өте келе жүрегінде бір өкініш пайда бола бастағанын айтады. Ол не? «Қазақ мен ойлаған қазақ емес. Өз тілінен безген, өзін жек көреді. Неге бұлай? Менің не бағым бар? Менің бағым – қазақтың ардақты Алашының ұрпақтарын көріп қалдым: Рахманқұл, Кәкішов, Әбсаттар, Мекемтас. Егер бұлар болмағанда, мүмкін мен сүйгенім үшін өкінер едім. Бірақ қазақ «ел бар жерде ерінің қадірін білетін» жағдай көп қой. Мені саяси билік емес, халықтың сүйіспеншілігі, ағалардың маған үлкен баға беруі – мені ең үлкен бақ тағына отырғызды. Менің отбасым айтады: «Сен не деген бақыттысың?! Сен бір ерке баласың ғой». Бір жағынан Әбсаттар, Мекемтас, бір жағынан Рахманқұл көзі тірісінде: «Сенің жан-жақты білімің бар, тек анау доктор деген қағаз ғана керек». Бәрі де сол сөзді айтатын еді» деп еске алды.
Ғалым Ислам Жеменей мен академик Әбсаттар қажы Дербісәлі университет қабырғасында ұстаздық пен басшылық қызметінен кейін дипломатия мен дін салаларында да жүрген кездерінде екеуі бір-бірінен алысқа кеткен жоқ. Оларды байланыстырған қазақ ғылымы мен еліміздегі шығыстану мәселесі болды. Әбсаттар Дербісәлі дипломатияда жүріп ҚазҰУ-де бастаған Мұхамед Хайдар Дулати мырзаға қатысты зерттеулерін жалғастырды. Ал Ислам Жеменей Әбсаттар Дербісәлінің ғылыми жетек­шілігімен 2007 жылы «Мұхамед Хайдар Дулати – әдебиетші» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Кейін оны «Мұхамед Хайдар Дулати (1499 –1555). Тарихшы-қаламгер» деген атаумен монография етіп жариялады. Ә.Дербісәлі Дулатидің «Жаһаннаме» поэмасын түркі тілінен қазақ тіліне аударған кезде ұстазының қасынан табылып, көмегін көрсетті. Иә, араб пен парсы тілдерін еркін меңгерген қос ғалым үйлесімі жарасқан істерін жалғастыра берді. 
Ислам Жеменей Мұхамед Хайдар Дулати шығармашылығымен ғана емес, қазақ әдебиетінің тарихы, Ирандағы қазақтардың салт-дәстүрі, экономикасы, әлеуметтік жағдайы хақында этнографиялық еңбек жазды. Бұл еңбегі шет елдердегі қазақтардың тілі мен дінін, өз салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын сақтап отырғандығын көрсетеді. Сонымен қатар қазақ тарихы мен әдебиеті туралы парсы тілінде Иран баспа беттерінде жариялап елімізді танытып жүр. Ол кісі ел игілігі үшін үнемі толассыз еңбек етуде.
Қанша еңбектің, әлемдік деңгейдегі Қазақстандағы шығыстану ғылымдарының зерттелініп, орасан еңбектер аударылып, Әбсаттар Дербісәлі ағамыз араб дүниесін зерттеп, ал Ислам Жеменейге парсы дүниесінің тізгінін ұстатты. Сеніп тапсырған жүктің жемісін көріп, оның ақталғандығы– қазақ тарихын парсы тілінен осындай жоғары деңгейге көтеріп отыр. Қазақ шығыстану ғылымындағы деректер кез келген әлемдік ғалымдардың алдында иық тірестіре алады. Шығыстану ғылымының тұтастай шеңбері қалыптасты. Академик Әбсаттар Дербісәлі мен ғалым Ислам Жеменейдің зерттеулері белгілі бір ғасырдың күрделі мәселелері туралы. Ал болашақта мұның барлығы қазақ үшін керек. Өйткені дүниежүзі кез келген елдің ғылымы мен тарихын сол халықтың өз қолымен жазғанын ғана қабылдап, мойындайды. 
Қазақ шығыстану ғылымының қос жұлдызы Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Ислам Жеменей мырза және олар шығыстану ғылымының шырағын ұстаған ғалымдар. Екеуі де ғылым жолында аянбай еңбек етті, елімізде шығыстану ғылымының өркендеуіне сүбелі үлес қосты, өмір жолдарындағы қиындықтарға төзе отырып, қара көз қазақ балаларына білім беріп, жерін, халқын, ұлтын, тілін шексіз сүюге және оған адал қызмет етуге, сондай-ақ қазақ баласын өз білімі мен тәжірибесі арқылы әлемдік деңгейгі шығуға тәрбиеледі және оларды шығарды. 
Қазақстанның шығыстану ғылымын Әбсаттар Дербісәлі мен Ислам Жеменей арқылы белгілі бір дәрежеде танып келеді. Өйткені оған шығыстану саласындағы ғалымдарымыздың жазған ғылыми еңбектері мен дайындаған шәкірттері куә бола алады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей Әбсаттар ағамыз бастап берген, Ислам ағамыз қостап келе жатқан шығыстану ғылымының деңгейін үзбей жалғастыру, жаңа Қазақстан жас ғалымдарының еншісі деп білемін.
Шығыстанудың араб және парсы тілдерінің білімімен шәкірт­терін сусындатқан қос ғалым-педагогтарымыз – Әбсаттар Дербісәлі мен Ислам Жеменейдің шығыстану факуль­тетінен түлеп ұшқан қазақ тілді жас мамандары, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оның түрлі салаларында, әсіресе дипломатия мен ғылым саласында еңбек етіп келеді. Ал екеуінің шығыстану ғылым саласындағы еңбектері араб және парсы тілдерінен қазақша сөйлеткен тарихи деректері ғылыми айналымға еніп, оны әлемдік деңгейге көтерді. Осы ұстаз бен шәкірттің бірлесе атқарған жұмыстары қазақ баласы, ұлты, жалпы адам баласы үшін үлгі-өнеге боларлық –үлкен мұра.
Қорыта айтқанда, жоғарыда атап өткеніміздей, Ислам Жеменей атасы мен әкесінің еліне сағыныш, аңсау атмосферасын арқалап, сол арқылы еліне, жеріне деген махаббатты биік қойған азамат. Атасы Рақбай ақсақал сонау Иран елінде жырақта жүріп жер жыртып еңбектеніп, сол еңбекпен елге қызмет етіп, күнкөріс беріп халық игілігіне үлес қосты, Ақмұрат атамыз да сол салада заманына қарай әке жұмысын жаңғыртты, оның жемісін көрді. Ал Ислам аға осы еңбектің барлығын бойына сіңіріп, атасының тәрбиесін, өсиетін тыңдап еліміздің көркеюі үшін ғылым саласында оның ішінде Шығыстанудың парсы тілі мен әдебиетін қазақ тілінде оқып, үйренуге, тарих қойнауында жатқан мұраларды ашып, өз тарихымызды байытып, оны халықаралық деңгейге көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Жалпы айтқанда, елімізге парсы әлемінің есігін ашып берді.

Назира Дүйсембаева, 
«Ғылым ордасы» РМК Қазақстан 
ғылымының тарихы музейінің 
меңгерушісі

653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7819

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6524

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4271

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3654

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3616

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3579

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3310

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3303

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы