• Тұлға
  • 08 Желтоқсан, 2022

Ел шежіресін түгендеген

Қазақ тіл білімінің А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтан басталатын  даму тарихында өзіндік қалыптасу және даму жолы бар. Алғашқы зерттеулер тіл білімінің барлық салалары бойынша сүрлеу салып, метатілі мен терминін жасауға арналса, ғылымға 50-60 жылдары келген буын алдында жеке салалар бойынша  ғылыми зерттеулер жазып, дамыту міндеті тұрды.
Қазақ тіліндегі жеке атаулар тарихын, жер-су атауы мен кісі есімдерін зерделеуді, зерттеуді Телғожа Жанұзақ­ұлы өзіне миссия етіп алғандай. 

Бүгінде тоқсанның бесеуіне шаршамай келген Телғожа Жанұзақұлының айтар мағ­лұматы мол, сөзі – ширақ, ойы тұжы­рымды да нақты. Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ғалымның осы мерейтойына орайластырып, «Түркі ономастикасы: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық конференция ұйымдастырдық. Алыс-жақын шетелден ғалымдар қатысып, Телағаның парасатқа толы шежірелі қыры мен сырына толы әңгімесіне қаныққандай болды. Ойлы көзі нұрға тұнған ғалым пікірі – нық, ойы – айқын, сөзі – салмақты. Заманы туралы, замандастары туралы айтқанда шаршауды білмейтін ақсақалымыздың терең білімі мен білігіне таңданыс білдіргенімізді жасыра алмай, тыңдаудан жалықпай отырдық. 
Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының академигі Телғожа Жанұзақов есімі түркі дүниесіне түгел таныс. Өйткені ғалым зерттеген саласы бойынша іргелі де жүйелі ілім жасады. Жер-су атаулары туралы зерттеуі түркітанудағы ономасиология саласының дамуына тың серпіліс берді, ғылыми бағыт ретінде дамуына теориялық жаңа сипат әкелді.  
Өз әңгімесінде Телғожа Жанұзақұлы ғылыми зерттеу жұмысына алғаш С.Е. Маловтың басшылық жасағанын мақтанышпен айтады. С.Е. Маловтың берген тақырыбы «Қазақ тіліндегі кісі аттары» екен. Ізденуші ретінде ғалым бұл тақырыпқа қызыға кірісіп, кісі есімдерін алғаш рет жинайды. Соғыс уақытында Алматыға келіп, ҚазҰУ-де кейін Абай атындағы университетте сабақ берген С.Е. Малов еліне оралғаннан кейін Телғожа Жанұзақұлына І.Кеңесбаевтың  ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғайды. Ғылымдағы адалдықтың, ұстазға деген адалдықтың көрінісін Телағаның әңгімесінен естіп білдік. Телағаң ұстаздары туралы аса бір жылылықпен, асқан сыйластық сезіммен әңгімелейді. «Ұстазым» деген ұғымның қасиеті мен қадірін сездіре айтады.  
Т.Жанұзақұлы әр есімнің ішкі тілдік және экстролингвистикалық табиғатын айқындап, ат қоюдың уәжі мен негізділігін талдап,  үлкен ғылыми жұмыс жазады. Кандидаттық диссертациясы тек ғылыми зерттеушілер ғана қажет етер еңбек емес, бүкіл халық іздейтін зерттеуге айналды. Қазір де бұл еңбек кез келген қазақ отбасы үшін маңызды кітап санатында. Жаңа туған нәрестеге ат қою үшін осы кітапты ат сабылтып іздейді қазақ баласы. Өйткені бұл жинақта қазақ тіліндегі кісі есімдері, араб, парсы тілінен енген кісі есімдері, тіпті, кеңес кезеңінде сәнге айналған есімдер де толық қамтылған.      
Қазақстанда Мемлекеттік ономас­тикалық комиссияның құрылуына да профессор Т.Жанұзақов тікелей ұсыныс жасап, ықпал еткен екен. Оған арнайы жауапты қызметкерлермен қалай тікелей жұмыс істеп, істің оң орындалғанын, баяндама жасауға келісіп, келістіріп тұрып баяндама жасап бергенін Аға тәптіштеп айтады. 1990 жылы Үкімет қаулысымен Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия  құрылыпты. Ал бұл комиссияның ұл­тымыздың тарихы үшін де, бола­шағы үшін де маңызы ерекше еді. Респуб­ли­камыздың әкімшілік-аумақтық мекендері мен жер-су атауларын реттеу, тарихи атауларды қалпына келтіру жайында елеулі жұмыстар атқарылғанын қазір бағалауымыз керек. Елімізде қанша ауылдың, ауданның, қаланың облыстың атауы қазақшаланғаны күнделікті баспасөздегі ақпараттардан белгілі. Ал осы істің басында ұйымдастырушы болып профессор Т.Жанұзақ тұрғанын біреу білсе, біреу білмес.
Ғалым ономастикалық комиссия­ның арнайы Ережесін жазады. Тіл білімі  институтының сол кездегі директоры, академик Ә.Қайдармен бірге «Республикадағы мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи географиялық атауларын қалпына келтіру Тұжырымдамасын» және «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасын»  жазады. Осы үлкен халықтық істі бастаушы, қазір де жалғастырушы Т.Жанұзақ екенін мақтана айтамыз, бағалап айтамыз. Ғалым сол 1990 жылдан осы комиссияның қоғамдық негіздегі ғалым хатшысы міндетін атқарыпты. Тәуелсіздігіміздің ең бір негізгі көрінісі ретінде саналатын жер-су атауларының қазақшалануының басы-қасында болғанын ағамыз ешқашан міндет те етпепті, оған сый да дәметпепті. Тек жасы тоқсанның бесеуіне келгенде, ғылымдағы ісі еленіп, ақсақалға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Парасат» орденін үйіне әкеп бергені кейінгілер үшін қандай абырой болды деп ойладық. Бұл қазір профессор үшін аса мәнді де емес болар, бәлкім... Бұл кейінгі ұрпақ алдында қызармау үшін қазіргілерге керек іс сияқты болып көрінді бізге.   
ҚазҰУ конференциясына арнайы қатысқан қырғыз ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қадырали Қонкабаев өз баяндамасында қырғыз тіл ғылымының дамуында Т.Жанұзақ еңбектерінің ерекше маңызы мен рөлі болғандығын, әсіресе, «Қазақ есімдерінің тарихы» атты еңбегінің маңызы ерекше болғанын атады. Бұл сөздің жаны бар. 1971 жылы академик І.Кеңесбаевтың жауапты редакторлығымен шыққан бұл зерттеу лингвистикалық және тарихи-этнографиялық талдауға арналған. Қазақ тіліндегі жалқы есімдерді талдайды, соның ішіндегі кісі есімдерінің ерекшелігін, жасалу жолдарын, кісі есімдерінің аты мен тегін жазу тарихын, жазу ережелерін зерделейді. «Кісі есімдері арқылы халықтың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірінің құбылыстарында  да көрсете алады»деп жазған ғалым, қазақ есімдеріндегі төрт түлік малға, шаруашылыққа, тұрмыстық сөздерге қатысты пайда болған атауларға тоқталып, «халықтың әдет-ғұрып, тарихи дәстүрлері мен кісі аттарының арасында тозбас желі бар» деп жазады. 
Ғалым зерттеулеріндегі қазақ антропонимдерінің тарихын дәуірлеуі де көңілге қонымды: 1) көне түркі заманындағы кісі есімдері: Айтолды, Күнтолды, Бұқа, Арыстан т.б.; 2) Орта ғасырға тән антрополексемалар: Буғрахан, Турумтай, Бану, Салим, Іса, Махмуд т.б. 3) ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы кісі есімдері; 4) Кеңес кезеңіндегі кісі есімдері. Әр кезеңге тән кісі есімдеріне терең талдау жасайды. Тарихи ғылыми мұраларда кездесетін деректер негізінде жасалған ғылыми тұжырымдардың танымдық, тағылымдық мәні зор. 
Ғалым жазған «Жер-су атаулары. Этимо­логиялық анықтамалық»   («Өнер» басп., Алматы, 2011, 494 б.). және «Жер-су аттарының түптөркіні» атты моно­графиясының (Алматы, «Сөздік-словарь» басп., 354 б.) ғылыми маңызы мен практикалық мәні ерекше екені дау-сыз. Монографияға енген көп атаулар кезінде «Жер тілі – ел тілі» деген атаумен «Парасат» журналының бірнеше санында қатар жарияланыпты. 
Телғожа Жанұзақтың «Тарихи жер-су аттарының түптөркіні» атты еңбегінде «Қасиетті де құдіретті жеріміз тұтас бір шежіре – оның беті құпиясы ашылмаған кітап, ғаламат сырлы сөз. Бұл сөздердің бәрі де халықтың өзі таққан, аялап қойған атаулары. Бұл қат-қат атаулардың баршасы тарихи ескерткіш – ғасырлық мұрамыз», ... «жалпы көлемі 2717,3 мың шаршы шақырым жерімізде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа тарап, жетіп келген осындай атаулар талай өмірдің қарт шежіресі» – деп жазады. Республикамызда тек өзеннің атауы 85 мың, көлдің атауы – 50 мыңнан аса екенін атайды ғалым. 
Өзіне дейін жазылған барлық еңбектерді толық көрсетуі, ғылыми этиканы мүлтіксіз сақтауы – бүгінгі жас зерттеушілерге үлгідей. Еңбекте ауыл, елді мекен, биік, тау, қала атауының орны, жағдайы сипатталып, ол туралы аңыздар тілге тиек етіледі, әр сөздің мағынасы терең зерделеніп, этимологиясы сараланады. Жер атауының ұлттық тегі мен тамыры ашылады. Бұл өте маңызды. Ғалым «Ақмола» атауының тарихи аталу себебін былайша түсіндіреді: «Бұл арадағы ақ сөзі тек түр-түстік мағынаны ғана емес, әлеуметтік символикамен шектелетін ауқымы кең «ақ», «аппақ», «таза», «адал», «қасиетті-қастерлі» деген ауыспалы метафоралық, бейнелеу мағынасында да кеңінен қолданылады. Ал «Ақмола» атауы болса, «қабырстан» мәнінде ғана емес, «көне мекен-жайдың орны, ата-бабалардың сүйегі жатқан қасиетті белгі, нышан», ал  орысша, кейбіреулерше аударылған «светлый погост» емес, «белый мовзолей» деген мағынаны білдіреді». 
Алматы қаласы туралы ғалым – «ІХ ғ. Алматы Қидан мемлекетінің, одан кейін Найман ұлысының астанасы болды, ірі сауда-саттық орталығына айнал­ды деп, тарихына талдау жасай келе, археологиялық қазба жасау барысында ХІІІ ғасырда сол заманның теңгесі табылғанын ескере отырып, қала­ның тарихының терең екеніне мән береді. Қаланың көнелігі Алматы сөзінің құра­мындағы «түркі-моңғол тіліне ортақ көне көптік жалғау көрсеткіші – «ты» да дәлелдейді» деп жазады.  Өзіне дейін жазыл­ған ғалымдар еңбегіне сілтеме жасай отырып, Алматы сөзінің  мағынасы ал­масы көп ұғымына негізделгенін жүйелі дәйектер келтіре отырып нақты дәлелдейді. 
Ғалымның Қаскелең өзенінің атауы туралы айтқан пікірі де ойланарлық. Көпшілік айтып, құлағымызға сіңген «Қаскелең – қалмақ батырының аты» емес, қазақтың төл атауы, тарихи ат екенін де егжей-тегжейлі дәлелдеп көрсетеді. Қазақ тілінде жиі кездесетін Қасқасу, Қасқабұлақ сынды атаулардың бірінші сыңарында кездесетін «қасқа» сөзі мен «қаске» сөзін бір атау ретінде таниды, мөлдір, тұнық, таза деген мағына береді деп есептейді. Ал екінші сыңары  – «өлең». Қаскелең болып кірігіп кеткен. Өлең сөзімен келетін Ақөлең, Қоңырөлең, Қараөлең деп келетін жер атаулары бар екенін де келтіреді. 
Осындай жауапты ғылыми жұмыс­тың басы-қасында жүрген Телғожа Жанұзақұлының шаршамай қызмет етуіне үйдегі Нәрима анамыздың да ықпалы мол екенін айтпай сездік. 60 жылдан артық бірге ғұмыр кешіп келе жатқан ғазиз жандар бір-біріне ұлы махаббат сезіммен қарасады. Бір-біріне бағалай, аялай қарайды.
Телғожа Жанұзақұлының сөздік түзудегі ерен еңбегі бөлек әңгіме. Сөздік түзу – қара жұмыс. Оған шыдам мен төзім керек. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің 10 томдығы мен Қазақ әдеби тілінің 15 томдығын түзудегі еңбегі ерекше екенін сезесіз. Көппен бітетін жұмыс десек те, оның жолы мен жүйесін білетін, сөздік түзудің тамыршысы болу – аса жауапты іс.  

Анар САЛҚЫНБАЙ, 
филология ғылымының 
докторы, профессор
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстазы

1346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7929

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6589

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4333

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3718

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3682

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3642

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3374

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3366

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы