• Тарих
  • 15 Желтоқсан, 2022

ТҮРГЕНДЕ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН АШҚАН

«Тау алыстаған сайын биіктейді» деген атам қазақтың ұлағатты сөзі еліне елеулі, халқының қамын ойлаған, өзгенің ісін өз ісінен жоғары қойған абзал азаматтарға лайықты екеніне дау жоқ.

Үйің бөтен демейтін, күйің бөтен,

Жақсы адамдар бар екен, сүйіп өтем.

Жамандарды іздемен, өзі-ақ келер

Жақсыларды табуың қиын екен, – деп Хантәңірінің мұзбалағы, қазақ өлеңіне қайталанбас із қалдырған ақиық ақын Мұқағали өз жырында халқын сүйген, ел үшін ішкен асын жерге қойған, қара қылды қақ жарған жандардың елден ерек боларын жыр жолдарында тамаша шабытпен өрнектеген. Иә, жақсыларды табу қиын болса, жақсы болу да оңай келетін олжа емес.

 

 «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтіндей артында іс қалдырған» деп ұлы Абай айтқандай, тәуелсіздік алғаннан кейінгі  жылдары Түрген ауылының дамуы мен көркеюіне Абыхан Аманбайұлының сіңірген еңбегі орасан зор, бүгінде тарих бетіне жазылардай естелік.

Тәуелсіздік алған жылдары ауыл әкімі болған Абыхан Аманбайұлының мұрындық болуымен ауыл тарихында қазақ мектебін ашу жөнінде жоғары жаққа тынбай ұсыныс жасаудың арқасында әр ауылға шашырап оқыған 100-ге тарта баланың басын қосып, 1994 жылы қазақ мектебінің қоңырауы сыңғырлай соғылып, тарих бетінің жаңа бір беті ашылды. «Тәуелсіздіктің жемісі» іспеттес болған Түрген ауылындағы Түрген қазақ орта мектебі бүгінде 100 жылдық тарихы бар білім ошақтарымен иық тіресе, бой көтеріп, мыңдаған шәкірттерін болашаққа аттандырып, шәкірттері ел игілігі үшін қызмет етіп жатыр. Осынау халық үшін, болашақ жастар үшін ашылған тұңғыш мектептің ұйымдастырушысы да, оның қамқоршысы да Абыхан Жексембеков екені даусыз.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 қаңтардағы №54 қаулысымен Түрген қазақ орта мектебіне Абыхан Аманбайұлы Жексембековтың аты берілді.

 Кезінде Абыхан ағамызға жерлес ақынымыз Тұманбай Молдағалиев былай деп жыр да жазған:

Алға тартты өмірің және көктеп,

Егделікке бет алдық ептеп-септеп.

Тұманбайдың алпысы жаңа кітап

Абыханның алпысы жаңа мектеп.

Мектепте жыл сайын 1-ақпан күні Абыхан Аманбайұлын еске алу мақсатында түрлі кештер мен кездесулер, ғылыми әдістемелік конференциялар өткізу дәстүрге айналған. Педагогика ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Таубаева Шаркуль Таубайқызының «Жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудің тарихи және ғылыми негіздері» тақырыбында жасаған баяндамасы құндылығы жағынан ғылыми еңбек ретінде А.Жексембеков атындағы мұражайдың төрінен орын алса, жас мұғалімдер әдістемелік құрал ретінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында пайдалануда.

Абыхан Аманбайұлының көзін көрген, замандасы, профессор, ғалым, ардагер ұстаз Жолмұхан Түркпенұлы тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңдерді, күйзеліске ұшыраған ауылшаруашылығының аяқтан тұруына, ауылдың бүгінгідей көркейіп-дамуына өз үлесін сіңірген Абыхандай ел ағаларының еңбектерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде айтып отыруды дәстүрге айналдырған.

Абыхан Аманбайұлының бір азаматтық ісі көпке мәлім. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев 1930 жылдары Түрген ауылында тұрған. Димекеңнің өз халқына жасаған жақсы істері қашанда ел есінде, оның ұлағаты қазақ деген халық бар жерде мәңгі жалғасын таппақ. Тәуелсіздіктің таңы атып, ел өзінің ұлы тұлғаларын ардақтап, көше, ауыл, мектеп атауларын бере бастаған кез еді. Сол тұста ауыл әкімі болған Абыхан Аманбайұлы Түрген ауылындағы Ильич атындағы орта мектептің атын көзі тірісінде-ақ Дінмұхамед Қонаевтың атымен атауға бел шеше кірісті. Ауылдастар қолдады. Ауылдағы белсенді үлкен-кішіні жиып, Димекеңнің келісімін алуға арнайы делегация жіберді. Мектепке атын беретін үлкен салтанатты жиынға Димекеңнің өзі келіп қатысты. Жиын кезінде Түрген халқы ғана емес, ауданның әр жерінен ағылып жатқан халықта есеп жоқ болатын. Бұл ол кісіге жасалған зор құрмет еді. Мектептің аты беріліп, арты үлкен тойға ұласты.

Мына бір дерекке көз жүгіртсек, ірілік те, игілік те байқалады: «Біз қазақ халқының ардақты ұлы Димаш Ахметұлы Қонаевтың отбасы атынан Түрген ауылының азаматтарына зор рақмет жолдаймыз. Өйткені біздің әке-шешеміз 1932 –1933 жылдары Түрген ауылында тұрып, еңбек етті. Қазір Түрген ауылының бір көшесі мен бір мектебі Димаш Ахметұлының атымен аталады. Бұл іске белсенділік көрсеткен ауыл әкімі Абыхан Жексембековке көп рақмет. Мерейтойы құтты болсын, бәрі жақсылыққа жалғаса берсін» деп Димаш атаның кенже қарындасы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, биология ғылымының докторы Роза Ахметқызы Қонаева жылы ықыласын Абыхан Аманбайұлының 60 жасқа толу мерейтойына жолдаған еді.

«Өз ұлтын, өз перзентін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп І.Жансүгіров айтқандай, кешегі өткен ел ағаларының есімдерін жаңғыртып қана қоймай, туған жерге еңбек сіңірген, ұрпақ қамын ойлаған азаматтарды ардақтау, бағалау біздің парызымыз.

Ұрпағымыз даралар мен даналар салған жолды жалғастырсын деп тілейік. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Рысгүл Шалғымбаева,

Абыхан Жексембеков атындағы

мектеп директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары

1548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы