• Руханият
  • 15 Желтоқсан, 2022

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ КІТАП БОЛЫП ЖАЛҒАСТЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, зерттеуші-ғалым, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Шөмішбай Сариевтің  өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр»  атты сериялық кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. 

Кітапта  ақынның ғылыми зерттеулері, халыққа танымал ән мәтіндері, өлеңдері топтастырылған. Сонымен қатар әріптес, қаламдастары мен отбасы мүшелерімен түскен фотосуреттері берілген.

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Шөмішбай Сариевтің  жары Жұмағұл Сариева мен ұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Шөмішбайұлы, қазақ эстрадасының жұлдыздары, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Жиынды білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Шөмішбай Нағашыбайұлының өмір жолына тоқталды.

«Қазақ поэзиясында, әдебиеттану ғылымында ерекше қолтаңба қалдырған Шөмішбай Сариев – біздің университетіміздің түлегі. 1966 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітірген.  «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды.  Шөмішбай Сариев ғалым ретінде 50, 60, 70-жылдардағы қазақ ақындарының шығармашылығын талдады. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының жаңа буын өкілдері туралы да зерттеулер жүргізді. Шөмішбай Сариевты әдеби орта «қазақтың Пушкині»  деп атағанын білеміз. Өлеңдері әнге айналып, тыңдарман қауымның жүрегіне жетті. Көзі тірісінде 300-ден аса әнге мәтін жазып, ұлттық ән өнерін байытты», – деді Жансейіт Түймебаев.

Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып өз сөзінде «Шөмішбай Сариев – ХХ және ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясын жоғары көтерген тұлғалардың бірі. Болмысы бөлек болатын. Ақынның қаламынан туған өлеңдері мен әндері халық жадында мәңгі сақталады. Сондықтан да Шөмішбай Нағашыбайұлының есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылып қалды», – деп, ақын шығармашылығының өміршеңдігіне тоқталды.

Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер диктор Сауық Жақанова Шөмішбай Сариевтің өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Әлікеев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Жиын барысында  әнші Медеу Арынбаев Ш.Сариев өлеңіне жазылған «Атамекен-ай»  мен «Дәурен-ай» әндерін және  жас әнше Ермек Берекет ел арасында танымал болып кеткен «Қарағым-ай» әнін орындады.

Кездесу соңында ақынның жары Жұмағұл Сариева кешті ұйымдастырғаны үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ол бүгінгі «Ғибратты ғұмыр» сериясы арқылы басылып шыққан кітаптың орны бөлек екенін жеткізді.

«Шөмішбай Сариевтің 30-дан астам кітабы жарыққа шықты. Бүгін тұсаукесері өткен кітап мен үшін ыстық. Ол осы Қазақ ұлттық университетін бітіріп,  мықты оқытушылардан сабақ алды. Өмірінің соңына дейін ҚазҰУ-да өткен студенттік кездерін сағынышпен еске алып, есінен еш уақытта шығарған емес. Шөмішбай бір елі аузынан тастамай айтып отыратын білім ордасы бүгін үлкен кеш өткізіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітапты жарыққа шығарып отыр. Игі бастамаға әулетіміздің атынан ризашылығымды білдіремін», – деді Жұмағұл Каженқызы.

Шара аясында Шөмішбай Нағашыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.  

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

 

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7725

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6469

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4215

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3598

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3559

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3524

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3254

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3245

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы