• Тарих
  • 15 Желтоқсан, 2022

АЛАШ САЯСИ ЭЛИТАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҚЫРЫБЫН ЖАЗДЫ

Қазақ әдебиетінде, оның ішінде Қазтуғаннан бастаған Бұхар жырауға дейін бүкіл жыраудың толғауларында қазақтың тәуелсіз ел болу арман, мұраты, мақсаты меңзелген. Қай толғауды алсаңыз да қазақтың Ел болу үшін әуелі жұртыңды қанағаттандыр, сонда ғана билікке тіреу болатын Халық қолдаған  Қазақ мемлекеті баянды болады деген сарын жатыр. Жырау кім? Ол қарайған Халықтың мұң мұқтажын билікке жеткізетін тұлға ғана емес. Жырау мемлекеттің: Ханның ішкі, сыртқы саясат ұстануынан бастап, Ел мен билік арасындағы  мемлекеттің Көзі! Мемлекет: Халық пен оның билігі. Бұл екеуін біріктіретін Жырау мемлекеттің мүддесін екеуінен де жоғары қойып, қажет жерде екеуін де орнына қойып отырған медиатор. Қазақ хандығының тарихында осындай асыл сөз – ақыл сөз иелері Сыпыра, Қазтуған, Жиембет бастаған жыраулар. Бұл мемлекеттік дискурстың соңын Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқан толғауынан көреміз.

Біз неге қазақ хандығы жүйесін «Ұлы дала демократиясы» дейміз, себебі өз халқының пікірімен  санасқан мемлекет болған! Жыраулар халық­тың қолдауын немесе қалауын мұң-мұқтажын дер кезінде билікке жеткізіп отырған.

Қазіргі әлем әдебиетіне қарасаңыз, ешбір ақын-жазушы, ешқашан билік иесіне дәл біздің жыраулардай халықтың жағдайын айта алмаған.

Ресей отарлауына іліккен кез Мұхтар Әуезовтің Әдебиет тарихында /1927/ «Зар Заман» кезі деп анықталған. Бұл зерттеу Алаш партиясы тапсырмасымен жазылған! Жазушы 1932 жылы бұл кітабынан бас тартуға мәжбүр болған: өмірінің соңына дейін Әуезов Әдебиет тарихы, Хан Кене драмасы мен Қилы заман шығармалары туралы айта алмаған!

Әдебиет тарихындағы зар заман сөзі Шортанбайдың өлеңінен алынған. Бұл кез отарлауға түскен елдің мұң мен зарын толғаған: өз жерінде отырған қазақ енді: өз жері, суы, адам басы, мал басы үшін патшаға салық төлеген. Сондықтан зар заман 1916 жылғы көтеріліспен тәмамдалған! Бұл туралы жазылған Әуезовтың Қилы заманы романы 1991 жылы ғана ресми қайтарылған!

ХV ғасырдан басталған Қазақ мемлекет тарихының зар заман мен қилы замандары  қазақ әдебиетінде осылай айғақталған!

Мұқтар Әуезов зар заман әдебиеті Абайға келіп тіреледі, Абаймен бітеді дейді. Себебі Абай, Шоқан, Ыбырай халықтың көзін ашып, отарлауға қарсы әрқайсы нақты әрекет жасағандар! Шоқан Қашқардан Қазақ хандығы тарихы жазылған Мұхаммед Хайдар Дулатидің Тарихи Рашидиін патшаның қолына тапсырған!

Ыбырай Алтынсарыұлы Ресей миссионерлерімен жағаласып жүріп тұңғыш қазақ  мектебін ашты!

Бұл мектепті Ахмет ­Бай­тұрсынұлы, Міржақып Ду­латұлы бастаған Алаш элитасы бітірген!

Абай заман тілін меңгеріп Елдің саяси әлеуметтік құқығын қорғау керек деп өз ұлдарын Ресейде оқытқан. Алаш сая-си элитасы Абайды Қазақтың бас ақыны деген!  Осы үш алып бастаған үштік Тәуелсіздік үшін күресті.

Алаш саяси элитасы осыдан 100 жыл бұрын жалғастырып 26.8.1920 жылы қазіргі шекарамызды Лениннің алдында бекітіп берді! 

1914 жылы Ахаң «Бастауыш мектеп» мақаласында: «Тәуелсіз Елдің басты идеологиялық тірегі – қазақ тіліндегі мектеп» деген! Осы істі қолға алып 1921 жылы совет билігін көндіріп арнайы комиссия құрып, қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтар мен жер үсті, жер асты ғылымның қазақ тіліндегі авторлары болған кімдер?

Бұлар Ә.Бөкей­хан, А.Бай­тұр­сын­ұлы бастаған Алаш саяси элитасы. Бұл кітаптар түрмеде, айдауда, қуғын сүргінде жазыл­ған қазақтың ғылыми дискурсы. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны – Абай» деп 1913 жылы Қазақ газетінде мақала шығарды. Бас ақын деу себебі, Абай – жыраулардан бергі асыл сөзді халыққа жеткізе білді дегенді меңзеп, Алаш партиясы енді ХХ ғасырдың басында Абайды танытып қана қоймай, оның Тәуелсіздікті аңсаған сөздерін іске асыруға өздерін міндетті деп санаған қазіргі мағынадағы тұңғыш Отаншыл, Халықшыл, Мемлекетшіл элита! Алаш зиялылары Ресейдің жоғарғы оқу орындарын бітіріп, сол кездегі ғылыми, саяси әлеуметтік ортада өздерін ғалым ретінде  мойындатты.

Әлихан Бөкейхан Лев Толстойдың «Кавказ тұтқыны» аудармасында бас кейіпкер дворян Жилин Қырым татарларының қолына тұтқынға түсіп қалғаны айтылды. Бірақ татарлар оны тұтқын деп емес, қонақ ретінде күткен екен, жас қыз бала Жилинге тамақ әкеліп достасып, кейін оның қашуына да жәрдемдеседі. Тұтқын ауыл балаларымен бірге қатар жүреді. Осы жайтқа байланысты Лев Толстойдың кейіпкері: «Біз дворяндармыз. Негізгі Ресейдің жері анау Сібір, Жапонияға дейін, біз неге мынау тау халықтары мұсылмандармен соғысып жүрміз, бұлардың жерінде не ақымыз бар?» деп ойланады. Алаш зиялылары халықтың көзін ашу мақсатында осындай  мәтіндерді қазақ тіліне әдейі аударған.

Міржақып Дулатұлының  «Оян қазақ!» пен Мағжан Жұмабайдың «Мен жастарға сенемін!»  дискурсы қазіргі Түрік елінің басты рухани аманаты болып қала бермек. Мен көрген Түркияның студенттері бұл екі мәтінді жатқа айтады! Біздің студенттер бұл мәтіндермен таныс па екен деген сауал тұрады көкейімде.

Алаш саяси элитасын ұстаз санаған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер де советтік қиянатты: аштық пен тар жол тайғақ кешуді бастан кешіп Тәуелсіздік үшін күресті жалғастырды.

Совет кезіндегі әдебиеттен Ілияс Есенберлинның Көшпенділерін ерекше атау қажет!

Қазіргі әдебиетте де бұл сарын жоқ емес. Бұл келесі әңгіменің тақырыбы болсын.

Айгүл ІСІМАҚОВА,

                                                                                                                                            филология ғылымының

докторы, профессор

1896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы