• Тұлға
  • 11 Қаңтар, 2024

Сенімді Серікбайұлы еді...

 Ким Серікбайұлы Серікбаев – қазақтан шыққан тұңғыш әскери ғылым докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі, полковник, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, бауыр­жан­танушы. Ол тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әскери доктринасының авторы, «Қазақстан Республикасының қорғаныс және Қарулы күштері туралы» заңын әзірлеген ұжымның жетекшісі. Сардар ғалымның қаламынан ондаған әскери оқулықтар мен жүздеген ғылыми-теориялық мақалалар туған.

 

К.С.Серікбаев полк командирі, Алматы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының меңгерушісі, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы Респуликалық әскери мектептің басшысы, ҚР Қорғаныс жөніндегі Мемлекеттік Комитеті төрағасының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Министрлер Каби­нетінің жанындағы Жоғары аттестациялау комис­сиясының әскери мәселелер бойынша бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты мен Министрлер Ка­бинеті Қорғаныс бөлімінің меңгерушісі сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Егер бүкіл әлемді шарпыған індет осыдан екі жыл бұрын арамыздан алып кетпегенде, ол бүгін тоқ­санға толып, арамызда алшаң басып жүрер еді.
 Қимылы шалт, жүріс-тұрысы өте ширақ осынау сыптығырдай жігітті мен аттай қырық бес жыл бұрын қырғыз елінің інжу-маржаны – Ыстықкөл жағасында көрген екенмін. Сонда, «Қазақстан» атты шипажайда, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар демалып жаттық. Жөн сұрасып, шүйіркелесіп бірден танысып кеттік. Ол сол кездегі Алматы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының меңгерушісі полковник Ким Серікбайұлы еді. Демалыс мерзімі аяқталып, әрқайсымыз өзіміздің тұрақ мекенімізге, жылы ұямызға келіп, өмір-өзен жалғасып жатты. Кимнің жауапты лауазымдар атқарып, елеулі еңбегімен ел аузына ілігіп жүргенін аракідік құлағымыз шалып қалады. Бірге жүріп, бірге тұрмасақ та Ким Серікбаевтың атақ-абыройы туралы көп еститін едік. 
Ким Серікбайұлы аумалы-төкпелі заманда 1934 жылдың қақаған қаңтарының 14- жұлдызында Ақтөбе топырағында, Хромтау ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Он төрт жасында  әкеден, он бесінде шешеден айрылып, тұл жетім болып қалады. Балалар үйінде, интернатта тәрбиеленіп өскен. 1952 жылы Ақтөбедегі №6 жалғыз қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдап, білім қуып Алматыға келіп, заң институтына оқуға түседі. Қысқа жіп күрмеуге келмей, тұрмыс тауқыметін тартып, бірінші курсты аяқтаған соң институттағы оқуды тастауға мәжбүр болады. 
Арман қуған бозбала Башқұртстанның астанасы – Уфа қаласындағы әскери училищеге оқуға түсіп, 1956 жылы оны үздік бітіреді, тырнақалды әскери атағы-лейтенант шенін иеленеді. Балаң офицер өз еркімен қияндағы солтүстікке – Чукоткаға аттанады. Құдай қосқан қосағы Раиса Сәрсенбайқызы Игілікова екеуі жердің түбі саналатын Магадан облысында жалғыз қазақ отбасы болады. Взвод командирі Ким Серікбаев ұлтымның намысына кір келтірмейін деген ниетпен күндіз-түн демей жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Темірдей тәртібімен, біліктілігімен көзге түскен офицерді сол кезде шыныққан әскери кадрға өте зәру Прикарпатье әскери округіне – Кеңес одағы аталатын алып империяның бір қиырынан екінші қиырына – енді Батыс Украинаға жаңа қызметке ауыстырады. Мұнда он жылға жуық жемісті жұмыс істеп, әскери қызметтің қыр-сырын толық меңгереді, взвод командирінен мотоатқыштар батальонының штаб бастығына, одан полк командирінің міндетін атқарушы дәрежесіне, аға лейтенанттан подполковник шеніне дейін жоғарылайды. Дивизияның құрамында 12 мың сарбаздар мен сардарлар болады. Олардың екі мыңы сардарлар (офицерлер). Соның ішінде жалғыз қазақ – Ким Серікбаев – мыңмен жалғыз айқасқан Қобыланды батырдың ұрпағы. Қазақ офицерінің биіктігі 1,5 метр, ені 75 сантиметр үлкен суреті даңқ алаңындағы Құрмет тақтасынан он жыл бойы бір түскен жоқ.
Үлгілі сардар Ким Серікбаевтың қызмет бабымен апталап үйдің бетін, отбасы мүшелерін көрмейтін кездері де болды. Періште көңіл сәбилердің тілі балдай тәтті, қылықтары қылаусыз қызық қой. Сондай жағдайларда жеті-сегіз жасар тұңғыш қызы Елена өзінен үш жас кіші сіңлісі Гүлнәраны ертіп алып, «папаны сағындақ қой, жүр, көріп келейікші» деп даңқ алаңындағы әкесінің кісі-бойы үлкен суретін тамашалайды екен.
Закарпатье әскери округінде он жыл мінсіз қызмет атқарған подполковник К.С.Серікбаев 1970 жылы Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны сырттай оқып тәмамдап, қамал бұзатын 40 жасында әскери ғылымдар кандидаты атағын алу үшін диссертацияны ойдағыдай қорғап шығады. Талапкердің терең біліміне, мәселені зерделі зерттегеніне, нақты дәлелдермен мүлтіксіз баяндағанына разы болған комиссия мүшесі, танк әскерлерінің генерал-полковнигі профессор А.И.Радзиевский ғылыми еңбекке зор баға береді. Көп жыл бойы қажымай-талмай ізденудің арқасында 2000 жылы әскери ғылымдар докторы атағы үшін диссертация қорғайды, кейіннен профессор атағын алып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академияларының толық мүшесі болып сайланады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Ким Серікбайұлының таланты әр қырынан жарқырап ашылды. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ғылымдар докторы ретінде ол тәуелсіз мемлекетіміздің әскери-докторинасын жазу бақытына ие болды. 
Тоқсаныншы жылдардың басында Президент аппараты мен Министрлер Кабинеті қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда әскери істе әккі болған талай шенділермен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Ол шен қуған жоқ, мансапқа, марапатқа бой ұрған жоқ. Қанағатшыл, тәубешіл болды. Ең жоғары атақ – халықтың құрмет-қошеметі, әділ бағасы деп ұқты, осылайша ақжарылқап өмір сүрді.
К.С. Серікбайұлы Кеңес одағының маршалы И.С.Конев атындағы жоғары жалпы әскери-командалық училищенің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының бастығы, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бас ғылыми қызметкері, ҚР Министрлер Кабинетінің жанындағы әскери мәселелер бойынша Жоғары аттестациялық комиссияның Бас ғылыми маманы сияқты ірі-ірі лауазымдардың тұтқасын ұстады. Ол үш жыл бойы Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектептің тізгінін қолға алды. Мектепке іскер, білікті оқытушылар тартты, ғимаратын адам танымастай етіп күрделі жөндетті, оқу-әдістемелік құралдармен, жаңа жиһаздармен жабдықтады. Сөйтіп, батыр атындағы әскери мектеп түрленіп, гүлденіп жаңа сапаға ие болды.
Ким Серікбаевты тұңғыш бауыржантанушы деп атауға әбден болады. Ол – аты аңызға айналған батыр ағасының лайықты ізбасары. Талай алқалы жиындарда, әсіресе студенттер мен мектеп оқушылары, жұмысшы жастар алдында Баукең туралы тебірене толғап, тыңдаушыларын ұйытқаны көпшілікке мәлім. Ким Серікбайұлының өзі де ұлағатты ұстаз. Ол жиырмадан аса генералдың тұсауын кескен, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген сұңғыла профессор. 
Ол бал дәурен балалық шағын да әсте ұмытпады. 2020 жылы ұшқан ұясы – Ақтөбедегі №6 орта мектептің 90 жылдық мерейтойына қатысып, ұжымға әдістемелік құрал-жабдықтар, кітаптар, компьютер сыйлады, байырғы ұстаздар мен жасөспірім оқушылардың алғысына бөленді.
Адам мен адам тіл табыса білу – қасиет. Ким Серікбайұлы 2007 жылдың қыркүйек айында Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалығына келгеннен бері тонның ішкі бауындай болып қоян-қолтық араласып кеттік. Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің он бір төралқа мүшесі болды. К.С.Серікбаев қатарға қосылған соң жұмысымыз жаңа серпін алып, керегеміз кеңейіп, шаңырағымыз биіктей түсті. 
Ким Серікбаев Медеу аудандық Ардагерлер ұйымын басқарғанда 25 мыңға тарта зейнеткердің әрқайсысының мұң-мұқтажына зер салып, қолынан келетін көмегін аямады. Кейбірінің үйіне барып, көбіне телефонмен хабарласып, бастауыш ұйымдар арқылы жай-күйін біліп отырды. 
Серуен бастайтын жігіттің жары өзіне сай, керуен бастайтын жігіттің нары өзіне сай болғаны ләзім. Құдай қосып, қол ұстасқан жары Раисаның  көркі ақылына сай, үріп ауызға салғандай перизаттың нәзік жүрегі ұзақ жылдар бойы туған елден жырақта шет жайлап жүргенді көтере алмады ма екен, денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалып, міндеті кісіде болды. Ким Серікбайұлы Раисасын баладай мәпелеп, уақытында тамағын беріп, кір-қоңын тазартқызып, түн ұйқысын төрт бөліп бақты. Бұл да – оның адамгершілік қырларының бір парасы.
Ким Серікбайұлы ақыл-ойы кемелденген, іскерлігі шыңдалған, көргені мен білгенін құрыштай қорытқан біртуар азамат еді. Ол бойындағы бүкіл күш-қабілетін алты Алаштың игілігіне бағыштаған, жұдырықтай жүрегі ұлтым деп соққан, арына дақ түсірмеген, намысын жанып, арын аялаған толағай тұлға.

Хамит Біржанов, 
қоғам қайраткері,
Алматы қаласы Бостандық аудандық 
Ардагерлер кеңесінің құрметті төрағасы

702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6436

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5832

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3574

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2959

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2919

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2895

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2626

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2610

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы