• Cұхбаттар
  • 11 Қаңтар, 2024

Әбиірбек Тінәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: АНАМНЫҢ ТІЛІ – АЙБЫНЫМ МЕНІҢ

«Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әттең-ай», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ас-суың ба еді, атаңнан қалған?» сияқты әндері тыңдарманның жүрегінен тапқан сазгер Әбиірбек Тінәлі «Ана тілі» газетіне арнайы сұқбат берді. 

– Абай айтпақшы, «Әдептен озбайық, жүректен қозғайық» деген ұста­нымыңыздың бары сезіледі. Осы адалдық жолымен жүріп келе жатқаныңыздың өзіндік бір тарихы бар болар? 
– Жоғымды жоқтап, «Ана тіліне» келдім. «Менің жеңісім – қазақтың жеңісі. Менің жеңісім – «Желтоқсанның» жеңісі. Қайраттың қаһармандығымен халықпен бірге қуанғаннан артық қуаныш бар ма? Мен қуанбай-ақ қояйын. Халқыммен бірге қуанайыншы. Мен шетелді армандамаймын. Мендегі рухты, бойымдағы намысты, қазақ тіліндегі 8 әрпімді жоғалтып алғым келмейді. Бұл мәлімдемімді тыңдағандар ұлтшыл дейді. Біздің елімізде ұлтшыл болмай, қалай өмір сүруге болады? Кезінде ұлы далаға келгендерді қазақ құтқарып, жарты дәнін берген. Ал қазір қазақтың біразы жалданып пәтерде тұрады. Несие­ні алатын да қазақ. 
Бізге жетпей жатқаны – намыс, ұлтқа деген сүйіспеншілік. Мерей мен мейірім кетіп бара жатыр. Өмірге әкелген ата-анасын қарттар үйіне тастап, өмірдің қызығын қуып кететіндерден не күтуге болады? Сонда да қарттар үйіндегі ата-аналар баласын жамандыққа қимай, арашалап отырады. Ол – қарияның өтірігі. Сол мінезді үйретіп отырған басқа дін, қазақтықтан 100 пайыз кереғар әлем. Көзі ашық адам бұл қоғамда өмір сүріп жүрсе, қиын өмір сонда деп біліңіз. 
– Әлі күнгі дейін зор сүйіспеншілікпен айтылатын «Анамның тілі – аяулы үні» атты әннің шығу тарихы жайлы білгіміз келеді. 
– Мен Мұхтардың, Сәбиттің, Ілия­с­тың көркем әрі бай қазақ тілінде сөйлегім келеді. Ана тіліне арнап екі ән жазыппын: «Анамның тілі – аяулы үні», «Ана тілін білмеймін». Әннің сөзін Әбдірахман Асылбек жазған. Ал «Ана тілін білмеймін» өлеңі тіл білмейтін, орыс болып кеткен қазақтарға арналған. Тұңғыш әнім – «Анамның тілі – аяулы үні». Жасым 18-де еді. 1-курс студенттеріне өлең, сатира, шымшыма жанрындағы тапсырмаларды орындап келуге тапсыратын. Жатақханада Шона Смаханұлының сырты қоңыр мұқабалы кітабы қолыма түседі. Кітаптың алғашқы беті лирикалық өлеңдерге арналған. «Анамның тілі – айбыным менің, Анамның тілі – ай-күнім менің!» – деген сөз жүрегі тілім, елім, жерім деп соғатын жанның аузынан шықса керек. Ұлтының жанашыры, қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін, оның ана тілінің сақталып қалуына жан аямай күрескен Шона ағамыздың өлеңдерінен халқына деген сүйіспеншілік байқалған. Сол өлеңді оқыған кезден-ақ ән ырғақтары менің ойыма сап етіп түсе бастады. Қолыма гитараны алып, шырқадым. «Анамның тілі – аяулы үні» өлеңі осылай туды. 
– «Қаңтардың қара суығы-ай!» әнінің шығу тарихын білсек... 
–«Қаңтардың қара суығы-ай!» әнін 2011 жылғы Тәуелсіздік күні болған Жаңаөзен оқиғасына бағыттап жаздым. Сол ән тартпамда 12 жыл бойы жатты. Біраз жерге апардым. Бәрі қорқады. Жаңаөзен деген атынан үрейленеді. 2022 жылғы 4 қаңтар оқиғасы. Тағы Жаңаөзеннен басталды. Жылдар бойы жиналған ішкі қынжылыс, орынды талаптар қойылып, бүкіл ел көтерілді. 238 қазақ өлді. Қаншама ата-ана аңырап, боз інгендей боздап, басында халық ұмытпайтын қайғы мен азап қалды. Азапталғандар қаншама? Бұған кім рұқсат берді? Олар ондай құқықты кімнен алды? 
«Жазылған дүние жарық көруі керек» деп Жаңаөзен туралы әнді тартпадан шығардым. 12 жыл босқа жүрмедім ғой. Осы әнді қайта-қайта қарап, өңдеп, түзеттім. Қаңтар көтерілісі болғаннан кейін әннің атын өзгерттім. 4 қайырмасын жазып, жаңарттым. Сөйтіп, Жаңаөзен әні «Қаңтардың қара суығы-ай!» болып қайта түледі. Халқыңды қорғап қиын сәтте үн қатпасаң, ол қылмыс.
Мені Тәңірі «халқыңды, халқыңның мұңын жырла» деп елші қылып жіберді. Аманатты арқалап жүрмін. Алпыс жасқа толуыма орай 3 шумақ өлең жазғаным бар. Өлең  «қайғы менен мұңымды жырлап өтемін мәңгілік» деп басталады. 
– Қайғы менен мұңыңыздың өзегі неде жатыр, аға?
– Қайғы менен мұңымның өзегі – қазақ болып, ұлт болып қалу. Аты бір, заты басқа елдің күйін кешіп қалмауымыз керек. Қазақ қазақ болуы үшін ең әуелі, ана тілінде сөйлеп, ана тілін құрметтеп, әспеттеуі, насихаттауы керек. Орын үшін досын, нанын тауып отырған мекеме басшысын, айлығын көтерген бастығын, ақ дастархан басында әңгімелескен адамына сатқындық жасап жатқан заман. 
–Ана тілге деген жанашырлық байқалып тұр. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген ұлт ұстазының пікіріне алып-қосарыңыз болса?
– Тараз қаласында осыдан 30-35 жыл бұрын тіл мәселесі өте өткір, қозғауға болмайтын ұстараның жүзіндей қауіпті кезең болатын. 1978–1980 жылдар. Театр жанындағы Абай деген көшеде, 115 үйде тұрамыз. 100-150 метрдей аяқ басым жерде сүт сататын дүкен болатын. Сол сүт сататын дүкенде қазақ сатушысы жұмыс істеді. Дүкен атауының бірінші бөлігінде «молоко» деген атау болса, екінші бөлігінде «СҰТ» деген атау жазып қойылған. Осы бір әріпті түзеу үшін үш ай алысқан кезім бар. Ол кезде мұндай мәселені көтере алмайтынсың. Ал қазіргі жағдай ол кездегіден бетер. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын біздің халық, қазақ неге ұғынбайды? 
– «Анамның тілі – аяулы үні»» әні авторсыз 8 жыл бойы жетімсіреп қалғанын айттыңыз. 
– Кейбіреулер осы әнді жазғанымда «жылаңқы» деп те бағалап кеткен. Мен әнді өз еркіммен жаздым деп айта алмаймын. Ол Құдайдан дарыған қабілет пен дарынның, шеберліктен туа­тын шығармашылық. «Маған жаз» деген соң, қалай ғана жазбайын? Менің аты-жөнімде «ә», «і» әріптері көп қой. Осы тегім мен есімімді жазғанда, қазақ дауысты әріптерін әдейілеп жазғысы келмей, орысша әріптермен толтырып жаза салғысы келетіндер де бар арамызда. 
Иә, «Анамның тілі – аяулы үні» әні авторсыз 8 жыл бойы жетімсіреп қалған еді. Дүниедегі ең үлкен қорлық өз әніңнің иесі екеніңді дәлелдей алмау екен. «Анамның тілі – аяулы үні» деген әнімнің өзімдікі екенін дәлелдей алмай жүрген күндері Шона аға Смаханұлына сәлем беріп бардым. «Қайдан жүрген баласыңдар?» деп ол кісі бізге таңырқай қарап, тосын сауалмен қарсы алды. Біз жөнімізді айттық. «Сендер композиторлар, ән мәтінін неге бұрмалайсыңдар?» деп айтты да, өлеңнің өзгерген екі жолын айтты. Мен ол жолдарды басқалар қосқанын дәлелдеп шықтым. Мінезді ақын жұмсара бастады. «Қазақстан пионері» газетінің әннің авторын сұрап жатқанын айтты. «Сені іздестіріп едім, өзің келдің. Олар әнді жарияламақшы, алайда авторы белгісіз болған соң, жария­лай алмады» деді. Содан кетерімізде құшақтасып, қимай қоштастық. Авторлық құқықты қорғайтын мекемеге барып, өзімнің ән иесі екенімді бекітіп, мөрді бастырттым. 
Айта өтетін бір жайт, Шона ағамыз менің тегіме «ев» қосылғанын естіп, ренішін білдірді. Басымды төмен түсіріп, ұялып кеттім. 1996 жылы ағаның ескертпесін ескеріп, аты-жөнімді Әбиірбек Берденұлы Тінәлі деп өзгерттім. Ал қаншама қазақ осы біздің ұлтымызға жат «ев пен ов-тан» құтыла алмай жүр. Қазақ халқы осыны ескеруі тиіс. Құлдық сана осы аты-жөннен бастау алады. Әрбір қазақ осылай еткенде ғана барып нағыз қазақ болады деп ойлаймын. 
«Осы әннің авторын бірде Ескендір Хасанғалиевке, Шәмші Қалдаяқовқа, Мыңжасар Маңғытаевқа, Әсет Бейсеуов­ке телісе, енді бір тарап Нұрғиса Тілендиевдікі» дейді. Кімге телінбей қалмады сол кезеңде? 
Ал «Үкілі үміт» әні алғашқы Халық­аралық сазгерлер байқауында арнайы жүлдеге ие болды. Ол 1993 жылы 11-13 наурыз аралығында Ғ.Мүсірепов атындағы театрда өткен еді. Екінші рет 1995 жылы 29-31 мамыр аралығында Республика сарайында өткен байқауда тағы да жүлделі болдық. 
– Жас кезеңіздің болмысын бір ауыз сөзбен айтып берсеңіз? 
– Жастайымнан тұйықтау, өте ұяң, көп сөйлемейтін жан едім. Адам бетіне тіке қараудан қаймығатынмын. Балалық шағымыздың аспаны әдемі, көкпеңбек болды. Тіліміз тұнып тұрған қазақша еді. Біздің кезімізде, көз ұшында, құмақ деген болатын. Құмдауыт жерлер. Соны «құмақ» дейтінбіз. Ол жерде сағыз өсетін. Жазда жайлауға шығатын едік. Өйткені, қыстауда отырсаң, «үкіметтің егіні егіледі, егінді мал жеп қояды» деп бізді 3-4 ай уақыт аралығына дейін жайлауға шығарып жіберетін. Сондай ауылда тіршілік еттік. Сол екі ортада мектепке келіп, оқу оқитынбыз. 
– Өнер мен өмірдің байланысы... 
– Өнер дегеніміз – өмір. Егер өмірді жырламасаң, ол өнер емес. Туған халқыңның тілі, ділі, діні, әдет-ғұрпына әлдекімдер, іштен не сырттан қиянат жасап жатса, ол халық тағдырына әсер етпей қоймайды. Сол халқыма байланыстының бәрі – менің өнерім, менің өмірім. Менің еншіме ән жазу түсті. Қазір әнге өлең жазуды ептеп қолыма алып жүрмін. Әбдірахман Асылбек, ақылдасып тұратын Фариза Оңғарсынова әпкем өмірден озып кеткелі қашан. Сағынасың... 
– Өнер әлеміне аяқ баспастан бұрын, шығармашылығыңызды шыңдауға, өнер атаулысын жан тәніңізбен сүюге, құрметтеуге жол көрсеткендерден кімді атар едіңіз?
– Құдай деген шебер ғой. Қажетті адамды керек кезде жібереді. Несіпбай деген ағам болды, өмірден өтіп кетті. Есет Досалының ағасы, пошташы болды. Бір аяғы жоқ болатын, сал болғаннан ба, соғысқа қатысқандықтан ба, есекпен ауылдың арғы жағынан бергі жағына газет таситын. Жарықтық, келе жатып ерекше үнімен ыңылдап келетін. Кішкене бала кезімнен сол кісіні күтетінмін. Ол кісіні аға десем, мені жиен деп атаушы еді. Сол кісі менімен қатты ойнаушы еді. Газетті алуды сылтауратып, ағаның әуенін тыңдау үшін, күтіп тұратынмын. Әнді құбылтып айтатын еді. Ол іштегі сары уайымнан ба екен?! Несіпбай ағамды ұмытпаймын. Кейіннен Есет Досалы ағасының өнерінің қасие­ті маған біткенін, әсер еткенін біліп, «Несіпбайдың ән ұлы» деген өлең жазды. 
Бала шағымда, ес біле бастаған уақытта, әкелеріміз көрші үй құдайы тамаққа, соғым басына, ауызашарға шақырса, кішкентай балаларын ертіп алып, тізесіне отырғызып қоятын. Әкем Берен мені жанынан бір елі тастамайтын. Ол кісі көпшілік алдында ән салмаса да ыңылдаудың шебері еді. Ыңылы мұңлы болатын. Қалиман анам Қобыланды, Ер Тарғын сынды эпос­тардың денін жатқа білетін. Ол кісінің өнерін көрші-қолаң болып кешқұрым жиналып тыңдайтынбыз. Әкем үйде қоңыр даусымен бір әнді айтып жүретін. Кейін қарасам, бұл Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай» әні екен. Несіпбай атамның, әкемнің дауысы қобыздың үніндей еді. Ондай дауыс бүгін жоқ. 
– «Желтоқсан желі» әнін мектептен шырқап өстік. Осы ән қазақтың қайсар жастарының айбынды рухын ғана көрсетіп қоймай, бүкіл елдің әр желтоқсан сайын еске алатын әніне айналып кетті. Білуімізше, бұл әннің жарық көруі үшін де тер төктіңіз. 
– «Желтоқсан желі» ең алғаш өз жерімізде емес, Прага қаласында тұсауы кесілді. Тек Желтоқсан көтерілісінен бір жарым жылдан кейін ғана Қазақстанға жетті. Бұл ән елімізде еш арнадан берілмей жүрген күннің өзінде желтоқсаншы жастардың сол кезде негізгі әнұранына айналды. Бірінен-бірі естіп, кеңінен жыр­ланып жүрді. 
Қалалық әкімшіліктің арғы жағында жоғарыға шығатын тепкішектер бар. 1986 жылы, 16 желтоқсанында күн өте суық, қар қалың еді. Таңертең, сағат 8-9-дарда, дүңгіршектерден «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» газеттерін алдым. Ол хабарда алаңға шыққандарды «бұзақылар, ішіп алғандар, тонаушылар» дегені маған ұнаған жоқ. Ішкі жан дүнием алай-дүлей. Ойыма бір әуен ырғақтары келе бастады. Сол жылы, Құдайдың қалауы ғой, қазақтың белгілі ақыны Әбдірахман Асылбек ағаны Жазушылар одағынан Жамбыл облысы әдебиет өкілдерінің басшысы қылып бір жылға тағайындап жіберді. Ағамен жүздесудің реті келді. «Поэзия патшалығының өкілісіз. Осындай жағдай орын алып, санамда тұрған, жүрегімдегі үнді жеткізудің орайын таппай тұрмын. Жаным бұлқынады» дедім. Екеуміз ақылдаса келе, оқиғаны бүкпесіз, ашық жазбақшы болдық. «Алаңда қыз қалды, бала қалды. Ауылда еңіреп әке менен бала қалды» деген сияқты. Біреуі жалғызын, біреуі жарын жоғалтып жатыр. Бірақ қол созған екеу бір-біріне жете алмай жатыр. Оған рұқсат жоқ. «Бұлай ашық кеткеніміз қалай болар екен?» деді. «Аға, 1969 жылы, 9-10 жастамын. 1969 жылғы жұтта мал қырылды. Қыс қазіргідей қатты болды. Қар белуардан келді. Табын-табын жылқымен төрт-түлік мал жайылып тұрған бетінде күндізгі уақытта қатып қалды. Сол Желтоқсанды жазайық» дедім. Тура табылған ақыл болды. Ағамның сол кезде бастап шырқағаны ғой: 
«Желтоқсан бірде, ел тосқан түрде, келетін мүлде жайдары. Сол жылы, бірақ, әдеттен жырақ, көрінді шын-ақ айбарлы. Тоңдырды мені, тоңдырды сені, Желтоқсан желі ызғарлы, солдырды гүлді, оңдырды нұрды, көңілде мұңлы із қалды»... Осылайша, ән де, сөз де шықты. Драма театрында Жүніс Әлімбек деген досым екеуміз бірігіп домбырамен, қос дауыспен айтып шықтық. «Желтоқсан желі» осылай дүниеге келген еді. 
– «Желтоқсан желі» әнінің бүкіл қазаққа таралуының бұралаң жолы туралы баяндап берсеңіз. 
– Ендігі ойымыз осы әнді Алматыға барып Қазақ радиосы арқылы елге тарату. Ақыры 20 желтоқсанда жол ашылды-ау. Ұшақпен барып, Қазақ радиосына жеттік. Онда Степан деген ағамыз бар. Сол ән жазудың шебері. Степан ағамыз тез-ақ жазып берді де, бізді мақтады. Әннің жазылуы өзімізге де ұнады. Мәзбіз. Екінші қабатқа ұмтылдық. Танысымыз жоқ. Бір есікке кіріп едік, толық денелі келіншек қарсы алды. Әннің атын айтқаннан азарда-безер болды. «Бұл жер менің бала-шағамды бағып, тамақ тауып отырған орным. Мені қамап тас­тайды». Қысқасы сүмірейіп сыртқа шықтық. Оның әрбір сөзі жүрегімізге инедей қадалды. Ұнжырғамыз түсіп кетті. Тасыған көңіл сап басылды. Кенет мекемеден ілби басып он шақты қадам аттай бергенде бір әдемі, денесі тіп-тік кісі кездесті. Өтіп барып ол тоқтап бізге сәлемдесті. Әнші екенімізді естіді. Жағдайымыздан хабардар болды. «Апырай-ә, ол қандай ән екен? Жүріңіздер, мен де тыңдап көрейінші», – деді. Бөлмесіне кірдік. Магнитофон, бәрі бар. Ал кеп сайрадық. Барлығын жайып салдық. 
Ол жігіттің аты-жөні Қиял Сабдалин екен. Істейтін жері – «Азаттық радиосы». Кеңсесі –Германияда. Радио иесі – Америка. «Кешкі жеті он бесте радионы ашыңдар. Сол жерден әндеріңді тыңдайсыңдар», – деп ол бізді шығарып салды. Біз сенбедік. Қонақүйге келдік. Бірақ бағанағыдай емес. Көңілде үміт, сенім, күдік бар. Тура айтқан уақытта радионы тағатсыздана тыңдай бастадық. Біраздан соң «Сарыарқа» күйі ойнады. Содан біздің әңгімеміз кетті. Бағана жарыса айтылған әңгіме. Бәрін жазып алыпты. Көзіміз атыздай болды. Содан-соң бізді таныстырды. «Желтоқсан желі» азынады. Екінші шумағында көзімнің жасқа толғанын байқадым.
Жүніс Әлімбекпен бірге өксіп жыладық. Құшақтасып жыладық! Құрсаудағы намыс, рух дегенің іштен жарып шықты-ау! Сол күні бұдан өткен қуаныш, жұбаныш бар ма екен?! Халқымыздың мұңын жеткізіп, жастардың жаралы жүректеріне әніміз жамау бола алса, одан артық бақыт бар ма екен?! «Желтоқсан желінің» тұсауын «Азаттық» радиосы кесті. «Азаттықта» бес жыл қатарынан менің әнімді үзбестен берді. 
– Қазір байқасаңыз, тойдың әні көбейіп кетті...
– Биге арналған бірде-бір әнім жоқ екен. Тойға барсақ, зайыбыммен «Желтоқсан әнін» айтамыз. Жиналған халық терең ойға батады да қалады. Демек, «менің халқым мұңайта алады, намысы бар екен ғой» деймін ішімнен толғанып.
Біздің әнді еститін адам жоқ қазір. Өйткені сананың бәрі той-томалақ, шоу­ға кетті. Мен тойға барып, әндерімді домбыраның сүйемелдеуімен орындап шыққаннан кейін, ұйып тыңдаған халықтың айтары не деп ойлайсыз? «Енді көңілді, билететін ән айтсаңызшы» деп түртпектейді. Екі езуім екі құлағыма жетпек түгілі, күле алмайтынымды айтамын. Неден жетісіп күлемін мен?! 
Біреудің жанын тебірентпесең, ол өлең, ән, өнер болмайды. Өнер – жан пен тәннің, мидың қиысуы, халықтың ойын айтып, оны ұлттың жүрегіне жеткізе білу. Жеткізе алмасаң, өнерден кетіп қалуың керек. Бірақ, мен қазақпын. «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуан­ғанда күлкімнен түн түрілген». Сол құнымды түсіргім келмейді. Осындай тұлғадағы қазақ болып қалғым келеді. 
Мені тек сырттай білетін, өмірде көрмеген Youtube видеохостинг желісінде «Қазақтардың қазіргі заман тарихы» деп аталатын арнасы бар, өзі тарих пәнінің мұғалімі, видеоблогер Асланбек Қаңсарбаев есімді рухты жігіт мен туралы екі ролик әзірлеген екен. Оны сол кезде 100 мыңнан аса оқырман қауым көрген. Бүгінде ол арнада 182 000 оқырман бар. Біз жақсылықты ауыз толтырып айтпай, осылай ғана ақырын істей беруіміз керек. Бірінші ролигінде менің өмірбаяным мен шығармашылығымды зерттей келіп, «бұл кісіге «Халық қаһарманы» атағын ойланбай беру керек» дегенге тоқталса, екінші ролигінде «Қазақстанның Халық әртісі» атағын беру керек деген ұсыныспен орысша мәлімдеме жасаған. Ол жігітке құндылықты ұғынып, түсініп отырғаны үшін іштей ризашылығымды білдірдім. Кейін жол-жөнекей табыстық. «Қаңтардың қара суығы-ай!» әнімді арнасына енгізуге ұсыныс білдірді. Екі аптадан кейін бұл видео арнасынан жоғалып кетті. Бірақ әлеуметтік желінің бір кемшілігі мен артықшылығы – енгізілген ақпараттың қолдан-қолға тарауында. Сөйтіп, видео негізгі шыққан арнасынан жойылғанымен, басқа арналарға тарап кетті. 
– «Желтоқсан желі» бейнебаянында қарапайым қыздан гөрі эстрада әншісін шығаруы керек еді» деген ойын алға тартып жатқан халық пікірін оқыдық. Осының мәнін өзіңізден білсек... 
Бұл бейнебаянға мен жарым Майраны зайыбым болғандықтан қоспадым. Үш қыздың құқығын қорғап қоймай, бар қазақтың жүгін арқалап Қайрат Рысқұлбеков өліп кетті ғой. «Қазақтың қызының дауысы шықсыншы, ән айтады ғой» деген ниетпен қостым. Биліктің айтқанынан шықпайтын, істемейтін дүниені істеген, тілін құрметтемейтін, айтатын әндерінің мән-мағынасы жоқ кей эстрада әншілерін шығаруым қажет пе? 
Бірде Ираннан келген қазақ ақсақалмен ортақ мәселеде шүйіркелесіп қалдық. «Пәлі, сіздерде «Әйелдер күні», «Еркектер күні» бар екен ғой» деп қалмасы бар ма? Әсілінде, мендік пайымда, қазақ халқы бағзы заманнан екі мейрамды тойлап келген. Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті, ең қуанышты екі ұлы мейрамның бірі – Ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт мерекесі. 
– Өнер адамы ретінде қандай әдеттерді қалыптастырғансыз?
– Бір сөз жазсам да, әбден иінін қандырып, әбден көңілімнен шықпайынша, мен оны жарияламаймын, халқыма ұсына алмаймын. Мұны жақсы қасиет пе деп ойлаймын. Әйтпесе, асығыстықпен бір сөздің қателігін жөндеу – қиынның-қиыны екен. 
Жастайымнан жұмыс істеген адаммын. Егін егіп, оны орып, егістік алқабында жүрдік. Алғаш рет «Қазақстан пио­нері» газетіне шықтық. «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғанда, менен сол құжаттар талап етілді. 
– Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар?
– Келер жылы автобиографиялық жинақ шығармақшымын. Өмірім – қазақ халқының басынан кешкен алай-дүлей тарихи оқиғалармен тікелей байланысы бар болғандықтан, кітаптың соңына 15-20 бет көлемінде айтпаған шындықтарымды жазсам деймін. Өзгертпей, әсірелемей, ақпараттарды екшелей, қаз қалпында. 
Қайта оралмас балалық шағым, жастық кезім, өлеңдерім мен әндерім тоғысатын жинақ болғалы тұр. Өлең шығарамын. Бір-екі кітап та жазғанмын. 
Қызық, қиын әрі тағдырлы өмірді кешіп жатырмыз. Төзім керек екен. Сабырлы болсаң, сынақтардан кейін қуаныш келеді. Бүгін сабырлы болдым, ертең қуаныш келеді деген болмайды. «Осыны көрсеткеніңе, мені тура жолға бағыттағаныңа, межеге жету үшін сынақтар бергеніңе рақмет, Құдай» деймін. 
– Тәуелсіздік туралы түсінігіңіз...
–«Не ексең, соны орасың» деген қазақ мәтелі бар. Жақсылық, жамандық қылсаң да өнімін аласың. Адалынан нан табу керек. Жамандық қылсаң, ерте ме, кеш пе, балаларыңның, үрім-бұтағыңның алдынан шығады. 
Ала қап ұстап, байып кетуіме болар еді. Менің маңдайыма жазылғаны – өнер. Актерлық өнерді бастамағанымда, қазіргідей композитор болмас едім. Неге десеңіз, әрбір әннің композиялық құрылымы, басталуы, дамуы, шиеленісуі, шарықтау шегі мен шешуі болады. Соны мен сезіне аламын. 
Қаншама ғасырдан бері тәуелсіздікті көрмей кеткен ата-бабамыз бар. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Ана тілімізді ардақтайық. Қазақты шын сүйейік! 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

3563 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7262

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6232

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3972

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3362

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3321

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3290

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3018

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3006

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы