• Тұлға
  • 18 Қаңтар, 2024

«Әбікеннің «Қоңырын» естігенде»

Қағасың күңірентіп, майда ғана, 
Кім білген қадіріңді, қайран аға?! 
«Қоңырыңды» естісем, егілем де, 
Қаңғып кеткім келеді айдалаға! – деп, 1969 жылы сатирик-ақын Қажытай Ілиясұлы «Әбікеннің «Қоңырын» естігенде» деген өлең жазған екен. 
Қажекеңнің неге беті ауған жаққа қаңғып кеткісі келетінін 2023 жылы М.Әуезов атындағы драма театрында күйшінің 130 жылдығы аталып, жинағы қолыма тигенде ғана түсіндім. Сөйтсем, «Тіл шешпеген түйінді, күйің шешіп, Қабырғаң қайысыпты-ау, қайран аға»! – деп Қажытай ақын айтқандай мұнда қазақ басына түскен ашаршылық зобалаңы мен репрессия зұлматы тұнып тұр екен. Күйшінің өмір тарихына үңіліп қарасаңыз, ол – 1934 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қызмет етіп, 1945 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» атағы мен «Құрмет» орденімен марапатталыпты. М.Әуезовтің «Абайында» – Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Қодар, «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Балта, М.Ақынжановтың «Исатай мен Махамбетінде»– Балқы, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Мұса, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» – Тайман т.б. образдарды сәтті сомдаған адамның елден бұрын осындай үлкен дәрежедегі атаққа қол жеткізсе де, қазақ драма ­театрының фойесінде Ш.Айманов, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Қуа­нышбаев, Қ.Бадыров, Х.Елебекова т.б. сахна саңлақтарымен қатар суреті неге ілінбеген деген сұрақ өз-өзінен туындамай ма? Тіпті тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, драмалық театрда тап қазіргі уақытқа дейін әлі суреті жоқ. Енді неден қорқады? Түсініксіз. Мұның сыртында «Тәттімбет күйлерін жылдар бойы кемеліне келтіріп, тартып келе жатқан жалғыз ғана адам бар. Ол – Қасенов Әбікен» (Р.Бердібаев), «Тәттімбеттің күйлерінің негізін Алматыға алып келген» (А.Жұбанов), басқа да Арқа күйлерін таспаға түсірген «Күй серісі» (Ж.Нәжімеденов) Әбікен Хасенұлына неге тоқтаусыз тосқауыл қойыла берген? 


Мұның басты кілтипаны – күйші-композитордың «Қоңыр» атты күйіне байланысты. Күй зерттеушісі Ақселеу Сейдімбектің «Әбікеннің «Қоңыр» күйі зұлмат заманды, қанды жүйені, қатыгез қоғамды музыка тілі арқылы әшкерелеген айыптау актісі» дегені – дәл баға, тұжырымды түйін. Кеңес өкіметі тұсында әлбетте Ә.Хасенұлы қудалауға түсіп, өлер-өлгенше үнемі НКВД бақылауында болған. Арқа күйлерін тартқанымен, әсіресе Тәттімбетті, өзінің «Қоңырын» тек Сталин өлген соң ғана ақырындап орындай бастаған. Сондықтан «Әбікен «Қоңырды» 1953 жылы Сталин өлгенде жоқтау күй етіп шығарған» деген қазақтың сол кезге пайдалы қаңқу сөзі де шыққан. 1931 жылы тігерге тұяқ қалмағаны былай тұрсын тұтасымен қырылып қалған ауылдарды көзімен көрген Ә.Хасенұлының сүйген жары Күлше мен одан туған Жаханша, Дәлелхан деген екі ұлы, Шапи, Баяу, Мәден деген үш қызы да ашаршылық құрбаны болады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей елді жаппай сүзек ауруы жайлайды. Ә.Хасенұлының өзі де сүзекпен ауырады. Мұны 1935 жылдан театрда өмірін бірге өткізген Хабиба Елебекова күйшінің өз аузымен былайша баяндайды: «Төрт балам бір аптада шетінеп, бірнеше күн ұйқы көрмей, көзім ілініп кетіпті. Әлден уақытта біреу таяқпен салып жібергендей шошып ояндым. Таң атып, күн көтеріліп қалған екен. Жүрегі, құрғыр, бір жамандықты сезгендей дүрсілдеп қоя берді. Жалғызымды біреу ұрлап әкеткендей алақтап, бауырымдағы балама қарасам, жатыр екен, бірақ бойымды қорқыныш сезімі билеп әкетіп барады. Осы бала тірі ме, жоқ, әлде... деп күмілжимін. Балаға қолымды тигізуге батылым бармайды. «А, Құдай, осы жалғызымның жанын қия гөр, ендігі қалған өмірімнің жалғыз алданышы осы ғана емес пе? Осыдан басқа қызық сұрамаймын, өмір жасын ұзақ қылғай», – деп жалбарынамын. Кенет, көзім бұлдырап, дір-дір еткен қолыммен баламды жұлмалап жібердім. Денесі мұздай, жансыз жатыр. Менің дәл осы сәттегі халімді ешбір адамның басына бермесін. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаспын». Осындай әңгімені күйші туралы тырс еткен дыбыс жоқ кездің өзінде «Баласы қолында қатып қапты» деп Қажытай да айтатын. Қажекең күйші тағдыры туралы өзін алғаш жұмысқа алып, рухани ағасы болған Ж.Алтайбаев арқылы танып-білген. Міне, «Қоңыр» күйінің шығуының түп төркіні – 1932 жылы тірі қалған бесеудің жалғызы аштық пен аурудан өз қолында қатып қалғандығы. 
Енді бұл жерде қалудың қажеті жоғына көзі жеткен күйші Балқашта, Шуда тұратын туыстарын іздеп, біреулердің көлігіне мінгесіп, Шет ауданының орталығына жетеді. Негізі Әбікен Хасенұлының туған жері – Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Жалпақ елдімекені. Көшеде келе жатқан мұны сол кездің шала сауатты шолақ белсендісінің ең «дөкейі» жергілікті түрме бастығы көріп қап, «бай баласы» деген желеумен Ақмола түрмесіне қаматып тастайды. Расында күйші бай баласы ғана емес, Әйтеке би: «Батыр боп жауға найзаң тимесе, батырлықтан не пайда, бай болып халқыңа пайдаң тимесе, байлығыңнан не пайда» дегендей арғы атасы Таңыбай атақты батыр болған. Оның аты Тобықты Қараменді би, Тарақты Орақ батыр, бармақ досы Наймантай батыр, Шақшақ Жәнібек, Бөгенбай, Малайсары батырлармен қатар аталған. Денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Бұдан басқа да күйшінің батыр аталарының шежіресі тізбектеліп жатыр. Ә.Хасенұлының ата-бабасы би-болыс, бай-бағлан, піл тұлғалы батыр ғана емес, шетінен дүлдүл күйшілер болған. «Күй шежіресі» деген еңбегінде А.Сейдімбек: «Қобызға тіл бітірген Ықылас, сері күйдің серкесі – Дайрабай, түпсіз күйші Қыздарбек, теңіздей терең Баубек, құйма құлақ Сембек, мұңы мен сырын күйге түйген Ақмолда, шеркөкірек Әбди, сырбаз Ахметжан, күйдің жас перілері атанғанын Мақаш пен Кәрібек сияқты дәулескер домбырашы күйшілер сол заманда ғұмыр кешіп, Арқа күйлерінің күйшілік дәстүрін аспандатқан дегеніндей немере ағасы Мақаш және атақты күйші Қыздарбек пен Итаяқтың күйші өмірінен алатын орны зор. Ә.Хасенұлы қазақ халқына Тәттімбет Қазанғапұлының күйін ғана емес, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Әбди, Сембек т.б. домбыра дүлдүлдерінің күйін ең алғашқы бұлжытпай жеткізуші, насихаттаушысы болып саналады. Ә.Хасенұлының күйші немере ағалары мен туыс-таныстарының көпшілігі ежелгі «ескілікті көксейді» деген желеумен ату жазасына кесіліп, азапталып өлтірілген. Бұған Әбікен туралы жинақта көрсетілген «Шетская трагедия» (Т.Алланиязов, А.Таукенов) атты архив материалдары дәлел. Күйші жанының періштедей тазалығы сонда – шейіт кеткендердің ешқайсысын бөліп-жармай, олардан қалған асыл мұраны біздің заманымызға айна-қатесіз жеткізе білгендігінде. 
 Бір жылғы түрме қапасына құр жаны ілініп тұрған күйшіні осы күйшілік өнері құтқарады. 15-20 минут серуендеуге шыққанда биік қорғанның бір шеті түрме бастығының үйіне тіреледі екен. Сол үйден күйдің үнін естиді. «Сол есіктің алдынан өтіп бара жатып, селк етіп артыма қараймын. Мені артыма қарататын домбыраның дауысы болатын. Біз өткен сайын домбыра үні естіледі. Мен өзімнің есік алдында сәл аялдап қалғанымды аңғармай қаламын. Ақыры, шыдам бітіп, жаңағы таныс инабатты жас әйелге еріксіз тіл қатуға тура келді. «Қарындасым, кешірім өтінем. Ана үйіңдегі домбыраны біраз шертуіме ұлықсат па? Келіншек сөзге де келген жоқ. Үйге кірді де, домбыраны алып шығып қолыма ұстатты. Көптен көрмеген досым кездескендей, домбыраны сипалап, қос ішегіне, пернесіне, тиегіне айналдырып қарап, бөрене ағаштың үстіне барып отырдым. Домбыра күмбірлеп-ақ тұр, көптен тартпаған соң ба, үнін сағынып қалыппын. Өзімнің жазықсыз мүшкіл халімді күй арқылы жеткізгім келгендей. «Сарыжайлаудың» мұңды сазын тарта жөнелдім» - деп сыр төгеді екен әнші Жүсіпбек Елебековтің асыл жары – Хабиба апаға. Бұлар серуендеуге шыққанда есік алдына арнайы шығып, үнемі мұңды көзбен қарап тұратын түрме бастығының әйелі Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйіне өксіп-өксіп жылап жіберіп, домбыраны ізетпен иіліп алып, үйіне кіріп кетеді. Ертеңінде түрме бастығы күйшіні босатып жібереді. 
Содан жастайынан бірге өскен Сәкен Сейфуллинді іздеп, әупірімдеп Алматыға жол тартады. 1934 жылы С.Сейфуллиннің күйшіні қазақ драма театрына жұмысқа тұрғызуға ықпал жасағаны – тарихи шындық. Бірақ «Қоңыр» күйі тек қана С.Сейфуллинге арналған» деген жаңсақ пікір. Бұл жерде М.Әуезовтің «Осы жігіт бізді жаңылдырмас. Кейпінде келістілік бар екен. Актерлеріміздің қайсысы оқып келіп жатыр?! Бұлардың мектебі даланың өзі ғой» (К.Жүнісов) деген сөзін де ескеру керек. 
Осы орайда мына жағдай еске түседі. ХХІ ғасырдың классик күйші-композиторы Секен Тұрысбек шағын камералық оркестрімен Жапония астанасы Токиода концерт қойғанда жапондықтар «Көңіл толқыны» күйін бірнеше рет тартқызып, «бұл не туралы музыка» деп сұрайды. Сонда бастап барған адам «Қазақтың ұлы ақыны Абай аулында да атом бомбасына көп жылдар сынақ жүргізілген. Бұл Сіздердегі «Хиросима», «Нагасаки» қасіреті» деп хабарлайды. Сонда жапондықтар орындарын көтеріліп, көз жасын сыға тік тұрып, қайта тартқызады. Бұл – музыка құдіреті. Десе де мұндай жағдайдан түзу тарих жасалмайды ғой. Ә.Хасенұлы С.Сейфуллиннің жақындарын жұбату мақсатында «Күй шығардым» деп айтуы да мүмкін. Негізінде ол «Қоңырдың» шығу тарихын сөз ұғатын ең сенімді деген адамдарына ғана баяндап берген. Айғақты мәлімет «Әбікен. Өмір тарихы мен творчествосы» (2023) деген жинақта топтастырылып берілген. 
Музыка өнерінің шексіз құдіретіне тамсану үшін Қажытай Ілиясұлының «Әбікеннің «Қоңырын» естігенде» деген өлеңін оқып көрелік:
Қағасың күңірентіп, майда ғана, 
Кім білген қадіріңді, қайран аға?! 
«Қоңырыңды» естісем, егілем де, 
Қаңғып кеткім келеді айдалаға!.. 

Қаңғысам, таяқ ұстап айдалаға, 
Дем бар ма күннен көмес, айдан ада?! 
Естіні іскектеген есіріктер, 
Қанжарын қадамаған қай данаға?! 

Бір тістем, қолы жетпей, шайнамаға, 
Кебінсіз сүйек толса, бай далаңа. 
Тіл шешпеген түйінді, күйің шешіп, 
Қабырғаң қайысыпты-ау, қайран аға!.. 

Борандай боздатуың жай ғана ма? 
Көкірегің қайғылы майдан, аға!.. 
Тәтті мұң мұхитына сүңгітпесең, 
Жүрегім жүрегіңе байлана ма?! 
1969 жылы жазылған бұл өлең тек 2002 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Тасжар­ған» жинағында тұңғыш рет жариялануға жол тапты. 
«Қоңыр» күйінің біздің заманымызға жетуіне бірден-бір себеп болған адам – сатирик-жазушы Жүсіп Алтайбаев. «Бұл Алматыға келер қарсаңда туған дүние еді. Іштегі бүкіл мұң-шерді осы арқылы шығарғым келгендей. Одан соң бүкіл ел бастан кешкен қасіретті осы күй арқылы бейнелеуге тырысыппын. Алғашқыда жалпы сұлбасын жасап едім, келе-келе біртіндеп жетілдірдім. Мұны өзім бастапқыда іштей шартты түрде «Қаралы күй» деп атап едім, – деп бір тоқтады. Содан бір нүктеге қадалып едәуір үнсіз отырған соң сөзін жалғады. Дегенмен, «Қаралы күй» дегенім аса сәтті атау емес сияқтанды және заман біртіндеп түзеліп келеді ғой. Түбі мұңы басым халықтың тілегіне орай бір жақсылық келер. Сол себепті, күйдің де атын өзгертіп, «Қара» емес, «Қоңыр» деуді ұйғарып отырмын. Енді қалған-құтқан күш-қуат барда осыны орындап берейін, құлақтарында жүрсін. Аманат сендерге...» деген сөзді Жүсіп аға мен Раушан апаға күйші 1958 жылы сырқаттанып жатқанда айтқан. Бұдан кейін жалма-жан Жүсіп Алтайбаевтың музыка мамандарына қозғау салуының арқасында Сыдық Мұхаметжанов радио комитетінің адамдарын жіберіп, Әбікен Хасеновтің осы «Қоңыр» күйі мен басқа да бірнеше күйлерді жаздырып үлгереді. Екі айдан соң күйші қайтыс болады. Осыдан кейін анда-санда «Қоңыр» күйі радиодан «Халық күйі» деген атпен беріле бастайды. Қажытай Ілиясұлы да бұл күйді «Халық күйі» деген атпен естігеннен кейін радиоға арнайы барып, сол кездегі чемодан сияқты магнитофонға жазып алып, қолы боста бір ай үзбей тыңдайды. Тек анық-қанығын сол кезде аузын айға білеген «Ара-Шмель» журналының бас редакторы Жүсіп Алтайбаевтан білгеннен кейін ғана «Әбікеннің «Қоңырын» естігенде» деген өлең туған ғой. Ж.Алтайбаев 1970 жылы «Қазақ әдебиеті» (21 қараша) газетіне «Қоңыр» күйінің авторы кім?» деген мақала жазады. Сондай-ақ одақ басшысы Ә.Шәріповке және Мәдениет министрі І.Омаровқа сұраныс-хат жаза жүріп, «Қоңырдың» авторы Ә.Хасенұлы екенін дәлелдеп шығады. Шындығы – осы. 
 Осыдан кейін ғана әбікентанушыларға жол ашылады. Бұл тұрғыдағы алғашқы қадам әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібаев пен музыкатанушы Жарқын Шәкәрімнен басталады. Ғалымның арнайы тапсырмасымен Ж.Шәкәрім Мәскеуге барып, Әбікеннің орындауындағы оншақты күйді жазып әкеледі. Сөйтіп, Әбікен екеуі орындауында таспаға жазылып қалған 17 күйді жинап күйтабағын шығарады. Бұл жаңалықты жергілікті «Вечерная Алма-Ата» 1975 жылдың 30 желтоқсан күнгі санына «На одном диске» деген ақпарат мақала жариялап елден сүйінші сұрайды. Сол тұста «Қоңырды» сахнада алғаш орындаған жас күйші Ермұрат Үсеновтің бұдан кейінгі күйші мұрасын нотаға түсіріп, жүйелеу­де еңбегі зор. 
Бұл туралы музыкатанушы Жанғали Жүзбаевтың «Әбікеннің «Қоңыры» атты мақаласында толық мәлімет берілген. Ә.Хасенұлы орындаған күйлердің Мәскеуден табылатын себебі күйшінің дақпырты зор болғандықтан, орыс музыка зерттеушілері арнайы іздеп келіп, жазып әкеткен. 
Ал Ә.Хасенұлының көзі тірісінде Латиф Хамиди күйшінің өз орындауында Тәттімбет күйлерін нотаға түсіріп беріпті. Әбікен күйшілігін сол кезде С.Сейфуллин үйіне жиналатын оқымыстылар тегіс таныған. М.Әуезов, Ш.Айманов, Қ.Қуанышбаев, С.Бегалиндер күй тартқызудан жалықпайды екен. Бірақ дүйім жұрт алдында күй тартуға дұрыстап шыға алмаған. 
Күйші Алматыға орныққан соң, Шәкен деген қызға үйленіп, одан Ермек, Исақ, Бақытжамал атты балалар сүйеді.
Ал былтырғы жылы Ә.Хасенұлының туғанына 130 жыл болғандығын атап өтіп, ол туралы кітап шығарған немерелес туысқаны Несібелді Жұмабекқызы Әбдірахмановаға ризашылық білдіру ләзім. Кітап болғанда қандай, ішінде күйшінің актерлік өмірінен берілген фото-суреттер мен ноталардың өзі бір төбе. 
Түйіндей айтқанда, «Тәңірінің берген өнері, Көк бұлттан ашылса» деп Абай атамыз айт­қандай, көңілдегі алаңды сейілтіп, өшкеніміз жанып, өткеніміз жаңғыра берсін. 

Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы 

 

884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6410

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5822

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3564

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2949

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2908

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2885

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2616

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2600

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы