• Тұлға
  • 25 Қаңтар, 2024

ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ

1970 жылы әскер қатарынан оралып, сол кездегі Карл Маркс атындағы совхозда құрылысшы болып жүрген кезім. Бала кезден журналист болуды армандағандықтан болуы керек, рес­публикалық, облыстық басылымдарды жібермей оқып отырамын. Алғашқы мақалам жария­ланғандықтан, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеті мен үшін ерекше ыстық. Аптасына үш рет шығатын газетті үзбей оқимын, анда-санда хабар-ошар жазамын. 

Қаламы қарымды журналист Аманкелді Ормантаевты бұрыннан білетінмін, газеттің бір тұтқасын ұстап тұрған мықты қаламгер. Бұрқыратып, өндіртіп жазады, туындылары бірінен соң бірі өтеді, көркем жазады. Байқаймын, Аманкелді ағасынан Мырзахан Ахмет пен Қасым Әзімханов деген тілшілер де қалысар емес, газеттің бетіне жиі шығады. Жазғандары мөлдіреп тұр, өмірден ойып алып, шынайы жазады. Сол жылдары Мырзахан Ахмет жас ақын ретінде де көріне бастаған.
Бірде айлық алғанда аудан орталығындағы «Жаңа өмір» газетінің редакциясына соғып, екеуін арнайы іздеп бардым. Мырзахан жұмыста жоқ екен. Қасым аузын ашса көмекейі көрінетін, адам баласын жатсынбайтын жігіт болып шықты. Жазуға жақын болғандықтан, тез тіл табысып кеттік. 
Редакцияға бір барғанымда, өзім кумир санап жүрген Мырзахан Ахметпен таныстым. Бұрыннан білетіндей жылы амандасты, қал-жағдайымды сұрап жатыр.
Аманкелді Ормантаев, Қасым Әзімханов және Мырзахан Ахметтің көмегінің арқасында 1971 жылы «Жаңа өмірге» тілші болып орналасқаным бар. Жақсы көрініп келе жатыр едім, бірақ редакциядағы қызметім тым қысқа болды, небәрі 27 күн ғана жұмыс істедім. Бар кінә өзімнен, айлық алған күні парктегі би алаңында бір орыс жігітімен шекісіп қалып, ертесіне жұмысқа бір көзім көгеріп келді. Бұл түрімді көрген редактор Әбдіғапар Айтақов шошып кетіп, жұмыс­тан шығарды да жіберді. Қасым, Мырзахан үшеуміз бас қосып қалғанда: «Ей, достарым, сендерде арман жоқ болар! «Жаңа өмірде» бірің алты жыл, енді бірің он жылдан астам қызмет етесіңдер. Мен байқұс бар болғаны 27 күн ғана жұмыс істедім ғой» деп әзілдеймін.
Еңбек жолын Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясында корректор болып бастаған Мырзахан кейін әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бас редактор болып қызмет атқарды. Аудандық партия комитетінде жауапты қызмет істеді. 1994 жылғы наурыздан 2005 жылғы маусымға дейін Жуалы аудандық мәслихатын басқарды. 2005 жылғы маусымнан 2008 жылғы қыркүйек­ке дейін аудан әкімінің орынбасары болды. 1989–2008 жылдар аралығында өзінің негізгі қызметіне қоса Жуалы аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мен аудандық ономастика комиссиясының төрағасы болып, ауданда іс-қағаздарын мемлекеттік тіл – қазақ тіліне көшіруге, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға, елдімекендердің тарихи атауларын қалпына келтіруге өлшеусіз еңбек сіңірді. Осы жылдар ішінде Мырзахан Ахмет Жуалы ауданындағы кілең орысша аталатын 40-тан аса ауылдың, 10 ауылдық округтың, ондаған мектептің және мыңға тарта көшенің атауларын қазақшалады. 
1989 жылы Жуалы аудандық Кеңе­сінің депутаты, 1994–1999–2003 жылдары үш дүркін аудандық мәслихаттың депутаты және хатшысы болып сайланды. Жуалы ауданында Шерхан Мұртаза бастаған сен тұр, мен атайын дейтін оннан аса ақын-жазушы бар, елге келсек, бәріміздің іздейтініміз – Мыр­захан Ахмет. Онсыз шаруа бітпейді. Еркелеп келеміз, бірдеңе өткізіп қойғандай міндетсініп келеміз. Ол бәріміздің көңілімізді табады, шаруамызды қанттай етіп бітіріп береді, аудан әкімінің білдей орынбасарымын деп шіренуді білмейді. Сол үшін оны бәріміз де жақсы көреміз.
Мырзаханның 50 жылдығы аудандық Мәдениет үйінде өтіп, Шерхан Мұртаза бастаған жуалылық ақын-жазушылар көшіп келгендей болды. Бәрі аяғынан тік тұрып құрмет көрсетті.
Мырзаханның маған бір табан жақындығы – менің туған ағам Бектұрсын Тұрлыбекұлының жақын досы еді. Ақындығына қазақтың ақиық ақыны, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденов үлкен баға берген бауырым дүниеден ерте озды.
Бектұрсынның жыр әлеміндегі тұсауын кескен сол кездегі «Жаңа өмір» газетінің редакторы Мырзахан Ахмет болатын. Бауырымның 50 жылдығына арналған шығармашылық кеші туған ауылымыз – Қарасазда өтті. Есте қалар кездесудің өтуіне Мырзекең үлкен еңбек сіңірді. Сондағы ағамның қуанғаны әлі есімде.
Мемлекеттік жауапты іс атқарып жүріп, әдебиетпен, өнермен біте қайнасу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біздің Мырзекең ауылда жүріп-ақ үлкен шаруалар тындырды. Оған жеті өнер де аздық етті.
Журналист, ақын-жазушы, әдебиеттанушы, сазгер болу, үлкен рухани жүкті көтере білу – жігіттің сұлтанының қолынан ғана келеді. Үлкен талант иесінің өлеңдер жинағы бірінен соң бірі жарық көріп, жақсы баға алып жатты. Тамаша сазды әндері дүниеге келіп, сахна төрінде шырқалды. Қолы қалт етіп босағанда «Мәскеудегі қазақтар» деген кітап жазды. Белгілі Абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахметов Мырзаханның шығармашылығымен танысқан соң былай дегені бар: «Мырзахан інім, Алла саған әр жігітке бұйыра бермейтін жеті өнерді де аямай беріп еді. Алайда әдебиет пен өнер ордасынан шалғайда жүріп ашыла алмай, елге таныла алмай қалдың ғой, қарағым-ай, сыры ашылмаған аралдай... Өте өкінішті!..»
Осыны ескерді ме, Мырзахан Ахмет жанұясымен Алматының жанындағы Қаскелеңге қоныс аударды. Он бес жыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ақпарат және баспа орталығының директоры, баспасөз қызметінің жетекшісі болып, абырой биігінен көріне білді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Мырзекең жауапкершілігі зор қызметте жүріп, өндірте жұмыс атқарды. 1997 жылдан бері белгілі қаламгердің өлеңдер, толғау­лар, поэма, танымдық деректі жанрлар бойынша 19 кітабы жарық көріп, үлкен талантын таныта білді. Сөзіміз нақты болу үшін белгілі ақындар мен музыка зерттеушінің лебіздерін келтіргенді жөн санадық.
Сегіз қырлы, бір сырлы әріптесіміз сазгер ретінде 50-ден аса вальстер мен романстар жазды. Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы оркестрге жазып, концерт берді. Мәскеу қазақтары сазгердің «Періштем» атты ән дискісін шығарды. Мырзахан Ахметтің құлақтан кіріп, бойды алар сазды әндерін Қазақстанның белгілі әншілері орындап жүр.
Жетпістің төріне шығып, халқына үлкен рухани байлық сыйлаған Мырзахан Ахмет Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Мұқан Төлебаев атындағы республикалық жаңа ән туындылары конкурсының лауреаты, ҚазҰСД академиясының толық мүшесі – академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Құрметті қызметкері», Жуалы ауданының «Құрметті азаматы». Ол Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 10 жыл, «Батыр шапағаты», «Қазақстан Мәслихатына – 20 жыл, сондай-ақ «Еңбек ардагері», Қазақстанның үздік ғалымы, «Абай» атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне – 90 жыл», «Қазақстан Мәслихаттарына – 25 жыл» медалімен марапатталған.
Абырой – ердің қуаты, жетпіс жас – өмір­дің үлкен белесі. Әдебиет пен өнердің, ізгілік пен парасаттың тізгінін қатар ұстаған замандасымыз асқар таудың биігінен көріне білді. Оның әлі де шабыт тұлпарына мініп, талай бәйгенің алдында болатынына сенімдіміз.

Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы, Халықаралық «Алаш» 
әдеби сыйлығының лауреаты

574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6468

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5847

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3589

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2974

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2934

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2910

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2641

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2625

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы