• Тұлға
  • 25 Қаңтар, 2024

СОҢҒЫ САПАР

Елімізде әйел жазушылар арасында алғаш роман жазған жазушы Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толып отыр. Ақтөбе облыстық «Оқитын өлке» науқанының биылғы таңдауына Сара Мыңжасарованың шығармалары енді. Жазушылықты кеншінің қауіпті де азапты еңбегіне теңеген Сара Мыңжасарованың туған жері – Шалқар өңірінде осыдан бір жыл бұрын аудандық балалар кітапханасының атсалысуымен «Қазақтың тұңғыш романист қызы» атты әдеби кеш өткізілген еді. Аталған танымдық шараны ұйымдастыру барысында қаламгердің көзін көргендерді іздестіріп, естеліктерін тыңдағанбыз.

Сол тұста ақтөбелік өлкетанушы Жұмабай Асарбаев осыдан тура қырық жыл бұрын Алматы қаласында Сара Мыңжасаровамен бір дастарқанда дәмдес болғанын, сол отырыста Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Мәриям Қарақонақова сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сара Мыңжасарованы ерекше сыйлайтынын көргенін бізге баяндап берген болатын.
Сара Рахманқызының жанында жүріп, жазушылық шеберлігін өзіне үлгі тұтқандардың бірі – Алматы қаласында тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мағира Қожахметова.

Ортада жазушы С.Мыңжасарова және аудан әкімі К. Абдуллин. 
1994 жыл, желтоқсан  айы.

– Сара Мыңжасарова – Орта Азия елдерінде тұңғыш роман жазған әйел қаламгер. Мен онымен шығармашылық жолда танысып, өмірінің соңғы күндеріне дейін жақын араластым. Ол туралы республикалық газеттерге жариялаған «Қазақтың тұңғыш романист қызы», «Сара апаны сағыну» сынды мақалаларым да бар. Сара Рахманқызы – қалам жүгімен қатар, талайына жазылған тағдыр жүгінде қоса арқалай алған рухы мықты жан. Сүйікті жары Мұқыш ағамыз тым ерте көз жұмды, жалғыз ұлы Оспанынан айрылды. Осыдан кейін ұзақ уақыт қалам ұстай алмай, шығармашылықтан алшақтаған да кездері болды. Бар мейірімін төккен жалғыз қызы Қарлығашы  бүгінде Канадада тұрады. Ол жақта Сара Рахманқызының профессор немересі Салтанат бар. Артында осындай із қалғанына тәубе дейміз. Сара Мыңжасарова көзі тірісінде Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Серікқалиев, Сейфолла Оспанов сынды белгілі тұлғалармен жақын араласты.  Сара Мыңжасарованың есімін қалай ұлықтасақ та жарасады, есімін биіктерден көрсете алсақ, елдігіміздің белгісі, – деген-ді Мағира Дәулетбекқызы.
Білетіндерден осылай естеліктер жиыс­тыруымыз – биыл есімі ғасыр биігіне жеткен жазушының шығармаларын насихаттаудың қанатқақты қадамы еді. 
Сара Рахманқызының туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай жақында Шалқар аудандық орталық кітапхананың коворкинг залында «Өз дәуірінің тамыршысы» атты әдеби кеш өтті. Осы шараға жазушының туған жері Кішіқұм ауылдық округінен арнайы келіп қатысқан, ардагер-ұстаз, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Аққайыр Оразбаев бөліскен естеліктер оқырман қауымның көңілінен шықты. Ардагер-ұстаз айтқан әңгіменің өзегі мынада болды.
1994 жылдың 7-10 желтоқсан күндері аралығында Сара Мыңжасарованың мерейлі 70 жасқа толуына орай туған өлкесі – Кішіқұм ауылдық округінің орталығындағы Тоғыз орта мектебінде үлкен шара ұйымдастырылады. Аққайыр ағамыз ол кезде аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары екен. Сара Рахманқызы туған жеріне өзімен бірге қызы Қарлығашты, Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі екінші хатшысы Бейбіт Қойшыбаевты, танымал ақын Сейфолла Оспановты ертіп келеді. Келелі кездесуге жергілікті жерден Шалқар ауданының сол кездегі әкімі Кеңес Абдуллин, орынбасары Құдаш Бекбергенов, Тоғыз селолық округінің әкімі Алтынбай Орынбаев, жерлес сатирик-жазушы Төрежан Мәндібай, аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Мұқамбетәли Есмағанбетов,  жергілікті әкімшіліктің тіл бөлімінің меңгерушісі Жанғабыл Қабақбаев және ауыл тұрғындары қатысты. 
– Мен ол кезде 40 жаста едім. Сол кездесуде мектебіміздің оқушылары «Төзім шеңбері» романынан монологтар оқыды, біз мұғалімдер болып көрініс қойдық, – дейді  Аққайыр ағай.
Жазушы сол  келгенінде теміржол бойындағы №30 орта мектепте де кездесу өткізіп, өзінің балалық шағы өткен Қарашоқат стансасының шетінде орналасқан ата-анасының зиратына барып, тағзым етеді. Қаламгер өзі тұрған үйді көрсетуді өтінгенде ауылының жасы үлкен ақсақалы Зейнолла Ташкенин: «Міне, мына үйде сіздер тұрғансыздар, анаң Лайық 1936 жылдары елді бірыңғай сауаттандыру ісіне, сайлау жұмыстарына белсене араласты. Қазақ-орыс деп аталып, Орынбор қаласына қараған осы ауылдағы мектепте анаң бастауыш сыныптан сабақ берген алғашқы ұстаздардың бірі болды», – деп жауап берген екен. 
Сара Мыңжасарова сол сапарында кіндік қаны тамған Кішіқұм өлкесін үш күн бойы армансыз аралап, жерлестерінің дария көңіл сый-құрметіне ризашылығын білдіріп, Алматысына аттанады. Бұл оның туған жеріне соңғы табан тіреуі екен. 
Жазушының 100 жылдығына арналған әдеби кеш барысында оқырманға Сара Мыңжасарова туралы «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан 2015 жылы берілген деректі фильмнің үзіндісі көрсетілді. Оқырман қауым бейнероликтен жазушының тағдыр­лы өмір жолын естіп, қайсарлығына тәнті болды.
Қаламгердің Шалқар қаласында қазір Жаңылдық Көптілеуова есімді немере сіңлісі тұрады. Денсаулық сақтау саласынан зейнеткерлікке шыққан ол студенттік шағында Сара Рахманқызынан көбірек қамқорлық көріпті. Аудан орталығындағы «Анаға тағзым» ғимаратының кең залына ілінген шалқарлық құрметті аналардың суреттері қатарында Сара Мыңжасарованың да бейнесі бар. Аналар кеңесінің мүшелері жиі бас қосатын бұл орында «Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» сынды романдарды өмірге әкелген жерлесіміздің табандылығы талай мәрте тақырыпқа арқау болары талассыз.
Осындай әдеби-танымдық шаралар ұйымдастыру барысында туған жерінде де жазушы туралы нақ білетін, көз көргендердің қатары сирегенін аңғардық. Алайда көкірегі ояу, қара орман оқырман барда қазақтың қайсар қаламгер қызы Сара Мыңжасарованың есімі ұмытылмақ емес. 

Динара МАҚСАТҚЫЗЫ,
Шалқар аудандық орталық 
кітапхананың кітапханашысы

Ақтөбе облысы

660 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6424

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5827

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3569

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2954

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2913

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2890

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2621

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2605

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы