• Тұлға
  • 01 Ақпан, 2024

Үнемді үрдіске айналдырған ғалым

Самала желмен сыпырыла көшкен күзгі жапырақтай жылдар сырғып-ақ өте шығыпты. Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың табалдырығын аттағанымызға да биыл табаны күректей 40 жыл. Осында оқыдық, тәлім алдық, оқу ордамызда қызмет еттік, былайша айтқанда университет тарихы көз алдымызда өтті. Бар ғұмырын білім мен ғылым жолына сарп еткен ұлы да, ұлағатты ұстаздар, республиканың небір марғасқа ғұламаларымен қатар отырып, талай ғылыми басқосулар өткіздік, кейбірімен дәм-тұзымыз жарасты. Олардың бір тобы бүгінде арамызда жоқ. Ал олармен қоян-қолтық жұмыс істеп, қазақтың маң­дайына біткен білім, ғылым қарашаңырағының туын жықпай, олардың ғылыми мектебін алға сүйреп, жалғастырып келе жатқан алдыңғы буын ағаларымыз да арамызда баршылық. Солардың бірі – Қазақстан жоғары мектебіне аты мәшһүр, қарт ұстаз, экономика ғылымының докторы, профессор Ержан Байғожаұлы Жатқанбаев.

 

Ерекеңді сонау Ұлттық университетімізде, алдымен проректор, кейіннен Экономика және әлеуметтану факультетінің деканы болған кезден білемін. Қызмет бабымен талай аралас-құралас болғанымыз бар. Сол бір қалпы. Лауазымды қызметте болсын, зейнеткер болсын, байсалды, біртоға мінезінен жаңылған емес. Көрген жерде, құшақ жая, інілерін бауырына басып, көптен көзтаса боп қалғандай сағыныса көріседі. Қашан кездессеңіз де, қарапайым мінез, қоңыр әуенімен өзіне баурап тұрғаны.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз, асылында, тегін болмаса керек. Ержан ағамыздың арғы аталары осы Жетісу жерін жайлаған би, батыр, бағылан болған. Арғысы Есқожа, бергісі Қарасай, Саурық, Түрікпен батырлар. Әрқайсысының есімі қазақ жұртшылығына жақсы таныс. Елге жасаған жақсылықтары аңызға айналған. 
Ерекеңнің әкесі Байғожа – Жатқанбайдың жалғыз ұлы. Өмір сүрген кезеңі елдегі ашаршылық, одан кейінгі соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, қиындықпен өткен. Әкесінің дәулеті бар кезде Алатауды жағалап көшіп-қонып жүргенімен, кейіннен тұрмысы нашарлаған Байғожа немере ағасы Ілебай балалары Есеке, Досжан, Жетпісбайлармен бірге Бесқайнардағы жеркепені паналайды. Кеңес өкіметі орнай бастаған кезде осы жерге тұрғызылған он есікті барақ үйлердің бір бөлмесі бұйырады. Ұлы Ержан осы жерде, Қотырбұлақ өзенінің жағасында дүниеге келген.
Атасы Жатқанбай орта дәулетті, елге танымал адам болған деседі. Табын-табын жылқысы тұманда адасып, жартысы құздан құлап өлгенде, қалған жартысы елін, өзінен тараған ұрпағын асырауға жеткен екен. Соған қарағанда дәулеті біраз болғанға ұқсайды. Кейіннен Кеңес үкіметі орнап, елде жаппай коллективтендіру басталғанда жылқыларын өз еркімен Кеңес ортақшыларына тапсырып, жансауғалап қалған. Әкесінің құрдастарының айтуына қарағанда, бұрынғы Калинин, (қазіргі Тұздыбастау) колхозының жылқылары осы Жатқанбайдың малынан құралған деседі. Байғожаны жалғыз бала болғандықтан да, «үй шаруасына қарасатын адам керек» деп, оқуға жібермей қойған. Кеңес үкіметі орнап, елде жаппай сауаттандыру басталған кезде, қатарластарының хат танып, білім алып жатқанын көрген Байғожа іштей қынжылады. Байлық та, бақыт та білімде екенін түсінеді. Сол себепті де ол балаларының оқығанын, жоғары білім алғанын қалаған. Ұлы Ержанды бірінші Алматы жақта тұратын апа-жездесінің үйіне жатқызып, қалаға оқуға береді. Бар мейірімін үйіп-төккен әкесі Байғожа мен анасы Түнсұлу балаларын барынша еркін өсіреді. 
– Ата-анам мені өмір мысалдарымен, ауыз әдебиетінің жауһарларымен тәрбиеледі. Әкемнің тентектігімді көріп, ең қатты ашуланғандағы ауыр сөзі «әй, балам-ай...» деумен аяқталатын. Қандай шыдамдылық, есіме түскен кездерде ауылдың дала академиясын бітірген педагог, сол ауыл ақсақалдарын сағынасың, ол кісілердей болу бізге қайда, – деп еске алады Ержан Байғожаұлы өз естелігінде.
«Әке көрген оқ жонар» деген осы болар. Ержан ағамыз да байсалды, көп дауыс көтеруді білмейтін, айналасына пікірін қас-қабағымен ұқтыратын, батыр тұлғалы, денелі азамат. «Болар жігіттің етек-жеңі кең келеді» демекші, адам ретінде де, ғалым ретінде де ол әрқашан өзін ірілердің сойынан көрсетіп келді. Біз оқуымызды тәмамдап, аспирантураға түсіп жатқан 90-жылдардың бас кезі. ҚазҰУ-дың бүгінгі Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының құрылысы, одан біраз жыл бұрын басталуын басталғанымен, аяқталмай көп жылдар тұрып қалған, «сақалды құрылыстардың» бірі болатын. Сол құрылысты қолға алған министрлік, екі жылда бітіріп іске қосуды тапсырады. Елде ақша жоқ, қиын кез. Бірақ бала кезінен шаруаға мығым, жұмыспен пісіп ержеткен Ержан Байғожаұлы тапсырманы 8 айда аяқтап, іске қосады. Бүгінде оқытушы, профессорлар құрамының Ыстықкөлде демалып жүрген спорттық-сауықтыру кешенінің көпқабатты ғимаратын салып, бастама көтерген де осы біздің Ерекең екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ірілердің сойынан дейтініміздің жаны бар. Бір кездері тек қана дөкейлердің ғана балалары оқитын аты шулы «ФЭФ»-тің, яғни философия және экономика факультеті жаңа заманға сай қайта құрылып, экономика және әлеуметтану факультеті атанғанда, 1991 жылы осы факультет тізгінін Ержан Байғожаұлы ұстады. Қазір айтуға оңай. Ал ол кезде ондаған жылдар бойы қалыптасып қалған кеңестік жүйені бұзып, нарыққа сәйкес қайта құру оңайға соқпады. Осы кездегі факультет пен басшылық арасындағы тартыс көз алдымызда өтті. Он төрт факультеттің ішінде батыл қимыл жасап, қолға алған, алғаш болып үш сатылық білім жүйесін қабылдаған да экономис­тер еді. 1990 жылдары Қазақ Ұлттық университеті алғаш болып, бұрынғы Кеңестік сеңді бұзып, әлемдік білім, ғылым кеңістігіне шығу жолындағы талпынысы ретінде, Қазақстан жоғарғы мектебіне жаңаша оқытуды енді ғана енгізіп жатты. Оның көшбасшысы да әрі ұйымдастырушысы да осы қарашаңырақ еді. Жан-жақтан қаптаған сарапшылар, республика, алыс шетелден жиналған ғалымдар. Әйтеуір, айтыс көрігінің қызып, «бакалавриат» сөзінің енді ғана қолданысқа еніп жатқан кезі. Осы бір, болашақтағы білім, ғылым тағдыры талқыға түсіп жатқан қиын кезде өз көзқарасын қорғап, табандылық танытқан, батыл ұсынысымен қоса түзетулер енгізген де біз мақтаныш тұтатын осы Ерекең. Алғашында бұрынғы бес жылдық кеңестік жүйеге үйреніп қалған ата-аналар да оқудың жаңа жүйесіне тосырқай қарады. Төрт жылдықты бітірсе, диплом алса болды, маман иесі деп түсінді. Төрт жыл бітіп, бірінші түлектер болмағандықтан, магистратура кешеуілдеп 90 жылдардың ортасына қарай ашылды. Оқудың келесі сатысының мазмұнын түсінбеген жастар енді әрі қарай екі жыл оқудың көп қажеттілігі жоқ деп санады. Сол себепті де оқуды жақсы тәмәмдаған бакалавр бітірушілері өндіріске жол тартты, магистратура, аспирантура оқуға аса көп құлық танытқан жоқ. Әлі есімізде, сол экономика және әлеуметтану факультетінде алғаш болып жеті-ақ адам магистр атанған. Онда да Ержан Байғожаұлының табанды күресінің арқасында.
Ол жастайынан еңбек етіп, қиындықпен өскендіктен де білімге құштар болды. 1961 жылы мектеп бітіргеннен кейін ол кездегі С.М.Киров (бүгінгі әл-Фараби) атындағы ҚазҰУ-ға оқуға тапсырады. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, өз бетінен қайтпаған жас жігіт әке жанында бір жыл еңбек етіп, келесі жылы қайта оралады. Жолы болып оқуға түседі. Бағы жанып, бір жылдан кейін, жақсы оқыған студенттер қатарында М.Ломоносов атындағы МГУ-ге жіберіледі. Әлемдегі ең атақты оқу орындарының бірінде бар ынта-жігерімен оқуға кіріседі. 1968 жылы өте жақсы тәмәмдап, аспирантурасына қабылданады. Әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалымдардан дәріс тыңдайды, танысады, араласады. Өстіп, ауылдан шыққан жас ғалымның алғаш рет ғылым айдынындағы ұзақ сапары басталады. 
 Ержан Байғожаұлы Жатқанбаев     11 монография, 30-дан аса оқулық, оқу-құралдарымен қатар, оқу-әдістемелік кітапшалардың авторы ретінде елге танылған үлкен ғалым. Үш оқу құралы түрік тілінде жарық көрді. Оның жетекшілігімен 46 ізденуші ғылыми дәрежеге ие болса, оның ішінде 35 ғылым кандидаты, 4 экономика ғылымының докторы бар. Бірнеше мәрте мемлекеттік шәкіртақыны иеленді және шетел, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша Білім және ғылым министрлігінің гранттарын жеңіп алды. 
Басқа қызметін айтпағанның өзінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келіп, табан аудармай еңбек еткеніне де биыл 40 жыл толыпты. Бір адамның ғұмыры. Осы ғылыми ортада танылып, жәй қарапайым аға оқытушылықтан экономика ғылымының докторы, профессор дәрежесіне дейінгі сатыдан өтті. Қазақстан нарықтық қатынасқа қадам басқан кезде Ержан Байғожаұлы теориялық негізделген талай ғылыми тұжырымдамалар ұсынды. Экономика саласындағы жаңа даму қарқынын болжаған, нарықтағы жаңа технологияларға байланысты тез қарқынды экономикалық өзгерістерге орай айтылған ойлары әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Жаңа заманның кадрын дайындауда Ерекеңнің еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісінің шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғана емес, мемлекетіміздің шешуші органдарында лауазымды қызметтер атқарады.
Ерекең бүгінде бәйтеректей жайылған үлкен отбасының атасы, әулеттің үлкені. Биыл сексеннің сеңгіріне шықса да, жүрісі ширақ, қуаты мол, әлі де бойын тік ұстайды. Қарт ұстаз өзінің қарашаңырағы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық торқалы тойына адымдай басып келеді. 

Сансызбай Мәдиев,
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

709 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6876

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6044

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3784

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3171

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3131

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3105

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2833

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2819

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы