• Тұлға
  • 08 Ақпан, 2024

Ұмытылмас ұстаз

 1985–1990 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті) тарих факультетінде студент болып жүргенімізде факультет партия ұйымының хатшысы міндетін тарих ғылымының кандидаты, «Қазақ КСР тарихы» кафедрасының доценті Сүлеймен Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев атқарып жүрді. Ол кісіні сыртынан ғана білдік және ол факультеттегі әр түрлі ресми жиындарда төралқа мүшелерінің бірі боп отыратын.

 

1990 жылы факультетті қызыл дипломмен аяқтап, жолдамамен өзім оқып, маманданған «Қазақ КСР тарихы» кафедрасына кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Дина Дулатованың ұсынысымен ассистент болып қабылдандым. Кеше ғана өзіме дәріс оқып, семинар жұмыстарын жүргізген ұстаздарыма әріптес болдым. Ұстаздарым доценттер  С.Жолдасбаев, Ә.Хасенов, Қ.Ысқаков, Қ.Қалыш, Р.Қ.Тәжібаева секілді ағайлар мен апайларым әріптес ретінде орталарына бірден тез қабылдады. Кафедрадағылар мен факультеттегі замандастарының бәрі дерлік «Сүлеке» деп атайтын доцент Сүлеймен Тұрғанбаев та мені жылы қабылдап, ағалық қамқорлығын көрсетті.
Кафедрадағы оқытушылардың арасында ең жасы мен және қалғандарының бәрі өзімнің ұстаздарым. Олардан ақпарат жинап алғаннан гөрі Алматының кез келген банкісінен қомақты ақша алу оңай сияқ­ты. Ағаларымнан есепке керекті өздері жасаған бір жұмыстар туралы бір ақпарат сұрасаң «қазір» дейді, не «ертең берем» дейді, ақыры бір апта, не бір ай бойы да бермейді. Ақыры, оны өзің жасайсың, оған да үйреніп алдым. Бір оқу жылы аяқталғаннан кейін келесі жаңа оқу жылы басталады, дәл сондай жұмыстар қайта басталады. Сөйтіп жүріп, кафедраның жұмысына да үйреніп алдым. 
 Сүлеймен Тұрғанбайұлы табиғатынан қарапайым, сабырлы, жүзінен белгілі бір принциптерге негізделген талап қойғыштық пен қаталдық байқалып тұрса да, оның уақытша екені, түпкі жағында мейірімділік қасиеті басымдық көрсетіп тұратыны байқалатын. Ағамыздың бойындағы талап қойғыштығы мен уақытша болса сәл байқалатын қаталдығы партия ұйымының хатшысы міндетін атқарып жүргендіктен болар деп ойлаймын. Негізінен, ғалым адамның бойында адами және ізгілік қасиеттердің басым болатынын дәлелдеп жату артық.
Сүлеймен Тұрғанбайұлымен бірге «Қазақ КСР тарихы», одан кейін «Қазақстан тарихы» кафедрасында үш жылдай қызмет жасағанымда оның бір әріптесімізге, не бір студенттерге дауыс көтергенін көрмеппін де, естімеппін де. Тіпті, әріптестер арасында кейде әңгіме барысы шиеленісіп бара жатса, ортасына Сүлекең түсіп, мәмілегерлікке шақырып, екі жақты татуластырып жіберетін. 
Бұл эпизод Сүлеймен Тұрғанбайұлының өміріндегі өзім тікелей көрген бір ғана оқиға. Ал оның Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтындағы және 1971–1992 жылдары университетіміздің тарих факультетіндегі жас ғалымдарға жасаған ағалық көмектері мен қайырымдылық істері қаншама десеңізші. Осы мақаланы жазуға дайындық барысында Сүлекеңді көзі көріп, аралас-құралас болған бірнеше әріптестері мен замандастарынан суыртпақтап сұра­ғанымызда, олардың бәрі осыдан отыз жыл бұрын о дүниелік болған әріптесін сағынышпен еске алып, ол туралы бірнеше жағымды естеліктер айтып берді.
Қарап отырсам, Сүлекеңнің еңбек жолы университеттен соң Ғылым Академиясының президиумында насихатшы-референт болып басталған екен. Ол заманда бір ғана насихатталатын партия бар, ол – Коммунистік партияның саясаты. Және де Сүлекең осы партияның қабіріне топырақ салушылардың бірі болды деуге болады. 
 Өзіміздің университеттің архивінде Сүлеймен Тұрғанбайұлының жеке ісі сақталған екен. Онда – суреті, өмірбаяны, өтініштері, жеке іс парағы, ғылыми жұмыстарының тізімі және тағы солар сияқты қол қойылған, мөрі басылған құжаттар сақталған. Ондағы құжаттардың көбісі Сүлекеңнің өз қолымен жазылыпты және толтырылыпты. 
Сүлеймен Тұрғанбайұлы 1937 жылы 4 қазанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық кеңесіне қарайтын Октябрь атындағы колхозда колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келеді. Ол ауыл кейіннен «Талап» совхозы деп қайта құрылады. Туған ауылында жеті жылдық мектепті бітіріп, 1950–1953 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының (қазір Түркістан облысы) Түркістан станциясындағы №19 қазақ орта мектебінде оқиды. Мектептен соң 1953 жылы бірден сол тұстағы еліміздегі жалғыз университет  С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетіне қабылданады. 1958 жылы Университетті өте жақсы аяқтап, «тарихшы және орта мектептерде тарих пәнінің оқытушысы» деген мамандық бойынша диплом алады. Сол жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының (ҚР ҰҒА) Президиумына насихатшы референт болып жұмысқа орналасады. Қазақ және орыс тілдерін жетік білген және неміс тілін де тәуір меңгерген ол осы бағыт бойынша өзінің болашағынан зор үміт күттірер жас маман ретінде көрсетеді. Үш жыл референт болып жұмыс істейді де, бірақ үнемі ғылымнан күдерін үзбейді. Сөйтіп, 1961 жылы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер боп ауысады. 1963 жылы Институттың аспирантурасына қабылданып, оны 1966 жылы аяқтайды және өзінің «1928–1941 жылдардағы Қазақстандағы совхоздар құрылысы» атты тақырыбындағы кандидаттық диссертациясының қолжазбасын уақытында институттың бөліміне тапсырады. Бірақ та институт басшылары жас маманның кандидаттық диссертациясын қорғауға жіберуге асықпайды. Өйткені 1967 жылы Кеңестер одағында ұлы мереке, яғни  Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығы болып саналды да, оған 1965–1966 жылдары қатты дайындық жүргізіледі. Сүлеймен Тұрғанбайұлының институттағы жұмыс істейтін бөлімі – «Октябрь революциясы және социалистік құрылыс» бөлімі болғандықтан, күштің негізгі салмағы осы бөлімге, оның ішінде бөлімдегі Сүлекең секілді жас мамандарға түседі. Олар 1967 жылы «Қазақстан Ұлы Октябрь революциясы кезеңінде. Оқиғалар жылнамасы» (Алма-Ата, «Ғылым» баспасы, 1967.) атты ұжымдық монография даярлап, баспадан шығарады. Мұндағы бір тараудың авторы Сүлеймен Тұрғанбайұлы болады. Сондай-ақ ол «Қазақстан азамат соғысы жылдарында. Оқиғалар жылнамасы» атты баспаға жіберілген тағы бір кітаптың авторлары­ның бірі болады. Сонымен бірге ол бөлімдегі ең жас және екі тілде бірдей жазатын мамандардың бірі болғандықтан, барлық жұмыстардан бас тартпайды, сапалы, сауатты және уақытылы орындап отырады. Міне, осындай жұмыстардың бәрі жас ғалымның кандидаттық диссертациясын қорғау­ға мұрша бергізбейді. 
Ақыры, «тама берсе тамшы да тас жарады» дегендей, Сүлекең 1971 жылы ақпан айында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды және маусым айында Жоғары Аттестациялық комитет оны бекітіп, тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесінің дипломын алады. Ал 1971 жылы қазан айында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетіндегі «Қазақ КСР тарихы» кафедрасына конкурстық негізде доцент болып орналасады. Сол кезден бастап, Сүлекең кафедрада 22 жыл бойы ғылыми-педагогикалық қызмет атқарады. 1990 жылы кафедраға ассистент болып қабылданып, алғашқы жылы кафедра меңгерушісінің орынбасары болып жүргенде Сүлекеңнің айтқан ақылы, оның өз өмірінде де болған екен. Дайын­далған диссертациясын қорғау үшін бес жылдай  (1966 –1971 жж.) уақыты кеткен. Нағыз орда бұзар шағында, 29-34 жастың арасында сол кездегі саясат бойынша ұлы мерекеге арнап талай еңбектер жазып, оны жариялаумен, әртүрлі анықтамалар мен жоғарыдан түсетін түрлі қағаздарға жауаптар жазумен айналысқан екен. Мені де сол жолға түсіп кетпе, тезірек ғылыммен айналысып, тезірек ғылыми дәрежеге ие бол деп берген кеңесі екен ғой.
Марқұм Сүлеймен Тұрғанбайұлы көп жатып ауыр­ған жоқ, ауруын білдірмей жүріп тез кетіп қалды. 1993 жылдың көктем айының бірінде оның үйінің алдында марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Өзіміздің кафедрадан Ә.Хасенов, С.Жолдасбайұлының, ал Ғылым Академиясынан досы Кеңес Нұрпейісұлының болғаны есімде. Қаралы митингіде Кеңес ағамыздың сөз сөйлегені есімде қалыпты. Сүлекеңді жақын туыстары туған жері  Жаңақорғанға, ата-анасының жанына апарып жерледі.
Сүлекеңнің 1959 жылы туған Ерік (Эрик) атты ұлы болды. Шамамен, 1991–1992 жылдары ағамыздың өте қатты қуанған сәтін көрдік. Кафедрадағы жалғыз телефоннан біреулермен хабарласып, немерелі болғанын айтып жатты. Кейін қаланың ортасындағы үйін сатып, ұлы басқа ауданға көшкен екен. Сол кезден бастап ағамыздың отбасымен байланыс мүлде үзіліп қалды.
Соңғы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жақсы бір дәстүр қалыптасқан. Университетте ұзақ жылдар еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған ғалымдарды мәңгі есте қалдыру мақсатында әр факультеттегі кафедралар қолдаушылардың көмегімен арнайы атаулы шәкіртақы тағайындап, оны ең үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, сондай-ақ әлеуметтік жағынан қиналып жүрген студенттер мен магистранттарға тапсырады. Сондай атаулы шәкіртақының бірі, 100 мың теңге көлеміндегі – «Профессор Сүлеймен Тұрғанбайұлы атындағы шәкіртақы». Бұл арнайы атаулы шәкірт­ақыны Сүлекеңнің жақын жерлес інісі, тарих факультетінің 1993 жылғы түлегі, белгілі кәсіпкер және танымал меценат Байқадам Абласанов он жылдай уақыт бойы үзбей беріп келеді. Осындай Байқадам секілді жанашыр, рухани пікірлес інілері болып тұрғанда тарих ғылымының кандидаты, доцент Сүлеймен Тұрғанбайұлы Тұрғанбаевтың есімі тарихшылар арасында, шәкірттері арасында ешқашан ұмытылмайды. Оның зерттеу еңбектерінің кеңестік кезеңдегі тарихнамада өзіндік алатын орны бар. 

Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА академигі, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6884

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6049

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3789

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3176

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3136

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3110

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2838

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2824

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы