• Cұхбаттар
  • 08 Ақпан, 2024

Әрбір педагог – психолог, философ болуы керек

Гүлім Жалғасынқызы, Алматы қаласындағы жоғары қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің директоры

Колледж – жоғары немесе арнаулы орта білім беретін оқу орны. Колледж факультет ретінде университет құрамына кіре немесе жоғары оқу орындары сияқты дербес оқу ордасы бола алады. Колледждердің негізі алғаш рет ХІІІ ғасырдағы Англияда (Оксфордта 1249 ж., Кембриджде 1284 ж.) қаланғаны белгілі. Ғылыми оқу орны ретінде колледж 1523 жылы Лондонда ашылыпты. Қазақстанда колледждер 1990 жылдардың басында КСРО ыдырағаннан кейін пайда болды. Колледждегі білім беру деңгейін анықтау мақсатымен Алматы қаласындағы жоғары қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің директоры Гүлім Жалғасынқызымен сұқбаттасқан едік. 
 

– Гүлім Жалғасынқызы, жоғары қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің алысы мен берісі қалай? Қандай жобаларға басымдылық беріп жатырсыз? 
– Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші – білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін айтып өткен. Жоғары қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінде ең алдымен, тәрбиеге ден қоямыз. Оның ішінде халықаралық оқу ордасы болғандықтан, тіл мәселесіне ерекше көңіл аударамыз. Колледж білім алушылары мен оқытушылары сабақ кезінде не одан тыс жерде шет тілдерде еркін сөйлесіп жүреді. Бұл – біздің басқа колледждерден артықшылығымыз. Қай баланың қандай салаға икемі, дарыны, таланты барын анықтап ақылдасып, түрлі халық­­­­а­­р­а­лық олимпиадаларға қатыстырамыз. Студенттеріміздің білімді, бәсекеге қабілетті екені жанды жадыратады. Оқытушылар мен студенттермен, бір жақсысы, тығыз байланыстамыз. Біреуден бірдеңе талап ету үшін, соған сай идеал бола білу керегін түсінемін. 
Қазіргі заман балаларын альфа ұрпақ не зет ұрпақ (зумерлер, зеталар) деп жатады. Балалардың санасы заманға қарай өзгерген. Балаға жеткілікті деңгейде идеал бола алмасаңыз, ол сіздің айтқаныңызды істемек түгіл, тыңдаудан қалады. Оқытушыларға осы мәселені жиі көтеретінім сондықтан: «Лидер болыңыз», «керекті дүниені 10 рет айтқанша, бір рет іспен көрсетсеңіз жетіп жатыр» деймін. Жалпы директор ретінде қағазбастылық жұмыс мойныма артылған деп кресломда отырмаймын. Сабақтың өтуін қадағалап, аудиториялардағы балалардың дәріске қатысуын тексеріп жүремін. ЖОО-да директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары, мемлекеттік мекемелерде кәсіптік, техникалық білім беруде оқу ісі, әдістемелік жөніндегі қызметтерді атқару барысында көп тәжірибе жинадым. Ашық сабақты талдау, жүргізу жөнінде өз тәжірибемді колледж оқытушыларына даярламалық слайд арқылы көрсетемін, үйретемін.
Қалай дегенде де түп қазығымыздан, яғни ұлттық дүниетанымнан алшақ кетуді құптамаймын. Яғни жаңа заман оқуын ұлттық дүниетаныммен байланыстырамын. Ырым-тыйым, наным-сенімдер – қазақ халқын кешенді дамытып отырған мәдени қазықтар. Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеп отырған дейді ғой. Оның алғашқысы: ұят болады, екіншісі: жаман болады. Үшіншісі: обал болады. Осы үш қазықты бала да, оқушы да, студент те білгені дұрыс. 
– Колледждің инстаграм парақшасынан ана тілімізге айрықша көңіл бөлетіндеріңізді байқадық. Мәселен, «Тіл – татулықтың тірегі» атты тілдер апталығы жыл бойы ұйымдастырылып отырады екен. Жас ұрпаққа жан-жақты білім беру ісімен тәрбие­ні ұштастыра отырып, тілге деген сүйіспеншілікті оятады екенсіздер. Сол сияқты студенттердің тұлғалық дамуы бойынша қандай бағдарламалар, жобалар қарастырылған? 
– Иә, ана тілімізге деген құрмет барлық жерде өте жоғары болуға тиіс. Колледжімізде кез келген іс-шара, жиын, педагогикалық, әдістемелік кеңес өзіміздің мемлекеттік тіл – ана тілімізде жүргізіледі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары әртүрлі шығармашылық кештер өткізеді. Халқымыздың асыл қазынасы саналатын шығармаларды студенттер қазақ, ағылшын, түрік тілдерінде оқиды, сахнаға қойылым етіп шығарады. Желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековтің рөлін сомдап, ақтық сөзін оқыған студенттің актерлік шеберлігі мен өткенге бас иген ұрпақ есебіндегі айрықша құрметі әлі күнге есімде. Бала – ақ қағаз сияқты. Қандай бағытқа жол ашсаңыз, сол жолақпен өмірін жалғас­тырады. Олардың жүректері айқара ашық. Оқытушыларға, кураторларға бала жүрегінен орын алу керегін айтып отырамын. 
Студенттер бір сессиядан екінші сессияға ауысу үшін сынақ кітапшаға мөр басу сынды жұмыстар атқарылады. Міне, сондай бір күндерде, топтың старосталары сынақ кітапшаны алып келгенде, олардан кураторлары туралы сұрадым. Студенттердің артық құжат жұмыстарымен жүргеніне үзілді-кесілді қарсымын. Студент – оқушы. Оқушы білім ордасында білім алуы керек. Жұмыс барысында студенттің қатынасынсыз жүзеге асырылмайтын дүниені жасауға болады, әрине, бірақ куратордың жұмысын студенттің мойнына артуына қарсымын. 
Мұғалім білім алушыдан интеллекті, сана, білім жағынан бір сатыға алда, озық болуға тиіс. Ой-өрісі кез келген жағдайдан шыға алатындай болуы керек. Мұғалім ана да, педагог те, әлеу­меттік қызметкер де бола білгені жөн. Білім саласында жүргеніме 20 жылдың жүзі болып қалыпты. Өз салаңдағы 1 жылдың өзі қомақты тәжірибе жинауыңа мүмкіндік береді, 20 жылдық тәжірибенің қандай болатынын өзіңіз бағамдай беріңіз. 
Екі қыздың анасымын. Қыздарымды тәрбиелеу арқылы колледжегі жас студенттердің психологиясын түсінемін. Содан болар, балаға не керегін, нені сұрағалы тұрғанын іштей біліп тұрамын. Ана баланы туғанымен, мінезін ортасы да қалыптайды. Әрдайым баланың сөзі мен ісіне қолдау көрсетемін. Алайда баланың айтқаны дұрыс деп алдына түсіп, шауып жүгірмеймін. Ақты ақ, қараны қара деп бағалап, «оқытушы–бала–ата-ана» үшбұрыш моделін тепе-теңдікте ұстап отыруға тырысамын. 
– Колледжде әртүрлі ұлттың студенттері білім алады. Қандай да бір ұлтараздық тудырған не тудырайын­­­ деген жағдайлармен ұшырасып көрдіңіз бе?
– Ілгеріде 5 баланың ата-анасы кабинетіме келген. Олар: «Сіздерде неліктен іс жүргізу пәні тек қана қазақ тілінде өтеді?» деді. Ең алдымен, ата-аналарды мекен қазақ халқының Отаны екенін, мемлекеттік тілде сөйлегенім үшін мені әлдекім жұмыс орнымнан босата алмайтынын айттым. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңын шығарып, үстелге алдын ала қойып қойғанмын. Оларға заң талабына сәйкес әрекет істеп жатқанымды түсіндірдім. «Білім туралы» заңда мемлекеттік стандартта берілген пәндерді ғана білім беру жүйесіне енгіземіз. «Мақсат-мүддеміз ортақ. Ол – бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, өз мамандығының білгір маманын өсіріп шығару. Ал бүгін білім беруді өзге тілде жүргізілуін талап етіп келу – заман талабына сай емес. Балаңыздың мемлекеттік тілді жетік меңгергені үлкен жетістік емес пе?» – деп тоқтау сөз айттым. 
– Мұғалім  колледж талабына сай келмесе, не істейсіздер?
– Жоғары қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің жоғары басқару органының төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, доктор, профессор Сабри Хизметли қазақ халқының жанашыры, елдегі жұмыссыздыққа да белгілі бір деңгейде тосқауыл болып отырған, колледж студенттерін өз қаражатына шетелге білім алуға жіберіп жүрген ұлтжанды тұлға. Төраға Сабри Хизметли бекіткен ережеге сәйкес, педагогтің жұмысқа орналаса алуы үшін кем дегенде 3 жыл еңбек өтілі болуы керек. Міндетті түрде көзбе-көз сөйлескеннен кейін келесі тестілеуден өту үшін балаларға сабақ беруін сұраймыз. Ол сабаққа мұғалімнің кәсібилігін тексеретін мамандар қатысады. Педагогке бөтен аудитория, таныс емес адамдар сынды сыртқы факторлар мұғалімдік қызметін жүргізуіне кедергі келтірмеуге тиіс деп санаймын. Мұғалім қашанда мұғалім болып кез келген аудиторияда өзін емін-еркін ұстап, пән бойынша білім бере алатын биігінде қалуы керек. 
Әр оқытушының сабақ жоспарының болуын қадағалаймын. Кітаптың бетін ашпай келген мұғалім оқушыларға 2 сағат көлемінде тиянақты сөз айта алмай, білім бере алмайды. Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағабетов бекіткен 130-бұйрықта (өзгертулер енгізіліп, толықтырылған) бұл туралы екшелеп жазылған. Сабақ жоспары, теориялық, практикалық журнал, факультативті сабақтар дегеннің бәрі-бәрі осы заң ішінде анық көрсетілген. 
Әрбір педагог философ, психолог болуға тиіс. Осы мәселені де баса назарға аламыз.
– Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз? 
– Бала кезімде, 8-9 жасымда, мұнартқан, биік-биік тауға көз тастап, сол тауға шығуды армандайтынмын. Тау жақын болып көрінгенімен, бара-бара алыстай беретіні бар ғой. Сол сияқты тау әдемі болып көрінгенімен, қиян-кескі, бұдыр-бұдыр жолдар­дан тұрады. Кейінірек тауға емес, таудан биік қалықтап тұрған бұлт­қа шығуды армандайтынмын. Бала шақтан алысқа қарағанымды түсіндім. 
Бала кезімде қайсыбір істің жұмыс құрылымына қызығатынмын. Мәселені көрсем, шешімін іздеуге тырысатынмын. 
Ата-анамның шағын дүкені болған. Сол кезден бастап тауардың қайдан келетінін әкемнен қызығып сұрайтын едім. Осылайша, әкем менің көзімдегі отты көргеннен кейін болар, экономика мамандығына барғаным жөн екенін айтты. Британ экономисі, философ Адам Смитт экономикаға «үй шаруашылығының заңдылықтары» деп түсінік берген. Яғни ол салаға экономика да, менеджмент те, әлеуметтік қоғам ұғымдары кіреді. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түсіп, экономист деген біліктілікті алып шықтым. Осы университетте магистратураны тәмамдадым. 
Негізгі мамандығым – бухгалтерлік есеп және аудит. Қаржы директоры болып жұмыс істедім. Университетке 1995 жылы түсіп, 1999 жылы аяқтадым. Сол уақытта университетке қазақтілді мамандар керек болды. Бухгалтерия маманы жазуының мәнін кез келген маман түсіне алмайды. Кіріс-шығыстың, жалпы әр операцияның өзіндік кодтары бар. Тараз қаласынан Алматы қаласына көшіп барғанымда компьютерді жақсы білетін, бухгалтерия мамандығын оқыған маман керек деген вакансия жарияланғанын көрдім. Қуана-қуана жұмысқа барып, осылайша, арнайы әскери погон таққан әскери бухгалтер есебінде қызметке алынған едім. Астана қаласында Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Тұрмыс құрғаннан кейін күйеуім Ішкі істер бөлімінде жұмыс істегендіктен, маған мұғалімдік қызметке ауысуымның дұрыс шешім болатынын айтты. Сөйтіп, бухгалтерияда 4 жыл бойы жұмыс істеп, қайтадан университетіме келіп, сабақ беруді жалғастырдым. Оқытушы ретінде бұл еңбек жолы маған үлкен тәжірибе әкелді. Бухгалтер мамандығын оқығандықтан, екіншіден Ішкі істер министрлігінде істегендіктен, тәртіп атаулысы бірінші орында тұрады. Әрбір қағаздың дұрыс толтырылуына назар аударатыным да сондықтан. 
Екінші мамандығым – филолог, қазақ тілінің маманы. Қорғаныс министрлігінде жүргенде мемлекеттік тіл бойынша бас маман болдым. Құжаттардың заңға сәйкес рәсімделуі, мемлекеттің мүддесіне қайшы келетін тұстарды зерттей келе,  «осындай бір мазмұнда толықтырулар мен өзгертулер енгізуіңізді сұраймыз» деп Әділет министрлігіне хат жазатынбыз. 
Қазір менеджмент және басқару бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да докторант ретінде білім алып жүрмін. Менеджментке негізгі басқару әдісінің критерийлерін жатқызамыз: адамдарды ұйымдастыру, басқару, жұмыс тәртібін ретке келтіру. «Контроллиң» сияқты пәндер оқу жүйесіне енгізіліп жатқаны бекерден-бекер емес. 
Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» – менеджмент ілімі. Басқару әдісі, әділетсіздік орнаған жағдайдағы шешім, жазалау шаралары жазылған. «Жеті Жарғы» ол тек сол заманға сай құқықтық құжат емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және жағрафиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды ескерткіш. «Жеті жарғы» заңдар жинағы бүгінгі ғылыми тілмен қайта жазылғанда оны әлемдік деңгейде қарастыруға болар еді. 
– Шет елде білім алып жатқан студенттеріңіз туралы білгіміз келеді.  
– Колледж студенттері шетелде, еліміздің ұлттық кәсіпорындарында басшылық қызметтерде жүр. Америка, Корея, АҚШ, Түркия мемлекеттерінде өз орнын тапқан маманға айналып отыр. 
Түркияның Газиантеп, Қайсері қаласында оқып жатқан түлектеріміз бар. Муглада магистратура, докторантурасын жалғастырып оқып жатқан білім алушыларымызбен де мақтанамыз. 2-курста тілге жетік балаларды 2 айға Түркияға тегін жібереміз. Елді аралап, тілді үйренеді. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдат Сұлтанқызы

2091 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6696

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5959

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3700

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3088

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3045

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3021

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2751

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2735

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы