• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

ҮР ЖАУҒАН ҮНДІСТАН

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Табаның бұл өлкеге тимей тұрып, көзбен көрер, жүректен өткізер, көңілмен сезер дүниені болжап білу мүмкін емес екен. Біз бармай тұрып білген Үндістан – арысы Құтыб ад-Дин Айбек, кейінгісі Бабыр бастаған Дала перзенттері патшалық құрып, сарай соқтырған өлке. Біз бармай тұрып білген Үндістан – биі мен әні жарасқан, киносы кішкене күнімізден қиялымызды ұштаған, аңызы көп мекен. Біз бармай тұрып білген Үндістан жалт-жұлт еткен дүниенің жалғандығын өз дінінен, ділінен, философиясынан іздеп, сол сенімін әлі күнге жоғалтпай келе жатқан ел еді. Біз барғанда көрген Үндістан мың емес, қазіргі әлемде миллиардқа саны жеткен өз халқы секілді, сансыз түске боялған бөлек бір ғаламшар секілденді... 
 

Бір бойлықтағы шаһар

 

Ұшаққа отыра сала, картаға назар аудардық. Көз жүгіртіп қарасақ, Алматыдан тіке сызықпен сызсаңыз, қырғыз, өзбек жері арқылы тау жоталарын тура кесіп өткен өткен бойда Дели көрінеді. Алматы қаласының географиялық координаттары 770 шығыс бойлық, 430 солтүстік ендікте тұрса, Дели 770 шығыс бойлықта, 280 солтүстік ендікте жатыр. Яғни бұрнағы бабалар тау жоталарын көктей өтіп, Делидің дәл төбесінен түсе салғандай. Ыстанбұлға ұшақпен алты сағатта әрең жететін біз Делиге үш-ақ сағатта қонғанымызға кәдімгідей қомсынып қалғандаймыз. 
Мұнда қазір ерте көктем. Қысы мен жазы бізге өзгеріссіз ыстық болып көрінгенімен, үнділердің өзі ежелгі діни нанымы бойынша бір жылда алты мезгіл бар деп есептейді: көктем, жаз, жаңбырлы маусым, күз, қыс, ерте көктем. Міне, сол ерте көктеміңіздегі ауа райы наурыз соңында +300 пен +350 аралығында құбылып тұрды. Жаңбырлы маусым болмағандықтан, көктен тамған бір тамшы байқамадық, ал ерте көктем десе дегендей-ақ, ащы күн сәулесі тапа-тал түстегі бірер сағатта ғана мазаны алғаны болмаса, қалған уақытта сейілімізге көп кедергі келтіре қойған жоқ. 
Хош, біз Делиге қонғанда кеш батып-ақ қалған еді. Сансыз мегаполистердегідей, мұнда да кешкі тіршілік басталып кетіпті. Әуежайдан шыға сала «лас, адамы көшеде ұйықтайды, далада тамақтанады» дегендері қайда» деп, Нью-Делидің мұнтаздай көшесі мен жасыл желегіне, қызылды-жасылды гүліне таңдай қақтық. Бұл таңданысымыз көпке ұзамады, жиырма миллионнан аса тұрғыны бар қаланың ортасына дендеп енген сайын бізге «Делидің сансыз тіршілігі» туралы айтылған аңыздың растығына көз жете түскендей еді. 
Жол бойына үңіле қараған сайын көңіл пернесі сан түрлі күй шертті: тап-таза саябаққа қарама-қарсы көшеде керілген жіпке киімін іліп қойып, қағаздардан лашық жасап алғандар кешкі асын даярлап, енді бірі кең көсіліп ұйқыға бас қойған. Мұндағы кедейліктің сіңірі шыққаны сонша – сансыз адам жерде, ағашқа сүйеніп, көпір астында күйбең тірлігін күйттеп жүр. Мұндай көрініске жаның ауыра түсіп, көзіңді көлік терезесінен тайдырып әкетесің. Бірер минут өтпей, қайта далаға қарасаң: тап-таза саябақта жайқалған қызылды-жасылды гүлді бұта, биік-биік ескерткіш, тып-тымық дала... Сән-салтанат пен кір-қожалақтың қай жерде жымдаса түсіп, қай жерде аражігі ажырап кеткенін ұғып болмаған қалпымызда қонақүйге де келіп жеттік. Келіп жеттік дегенде... Кешкі қым-қуыт тіршілігін көше бойындағы базарларды аралаумен жалғаған сансыз халықтан көлігіміз айналып өте алмай, бізді «қарға адым» жер бұрын түсіруге мәжбүр екенін айтып, кешірім сұрады да, жөн сілтеуші жігіт жүгімізді алып, өзі жол бастай жөнелді. Әуе­жайда күтіп алғанда «Құрметті қонақтарға алқа қылып тағамыз» деп мойнымызға тағып берген гүлдесте бар еді. Соның иісін аңқытып тер иісі таралған көшеге қорқақтай беттедік... 

Ақ пен қара мәрмәр үйлесімі

 

Жиырма миллионнан аса халқы бар Делимен салыстырғанда, Агра – халқы бірнеше есе аз (екі миллионға жуық) шаһар. Сол себептен бе – тазалау, қауіпсіздеу әрі иіс-қоңсысы да аздау болып көрінгені рас. Бұл мекенге келгендегі ең негізгі іс – Шах Жаһан салдырған әйгілі Тәж Махал сәулет өнері ескерткішін көру болғандықтан, тіке сол жаққа тарттық. Жер бетінде адам қолымен жасалған ең тамаша туындылардың бірі – Тәж Махалдың аңызы да, сұлу ғимараты да көзге таныс, көңілге жақын. Мұнда күніне келген әрбір жан Шах Жаһанның сұлу жары Мұмтаз бегімге деген іңкәр сағынышын жыр қылып қайталайды, асыл махаббатын жүрегіне орап әкетеді. «Әлемді сұлулық құтқарады» десек, дәл осындай сұлулық әлемді ізгілендіре түсетіні де рас. Түсіне, түріне, дініне, тіліне, діліне қарамай, мұнда келген әрбір жиһанкез махаббат құдіретіне бас иеді. Дүниені ұстап тұрған ізгілік тап-таза жүректе, тұп-тұнық көңілде екенін ұғынады. Шах Жаһанның адал махаббатынан соғылған ескерткіш күн сәулесінің түсуіне орай көздің жауын ала түсіп, мың құбылатыны да рас екен. Шаңқай түс болмай тұрып, ақ күмістей жарқыраған кесене шаңқай түсте аппақ нұрға малынды. Кесене жазуы түрлі асыл тастармен көмкерілгендіктен, толған айдың сәулесінде тіпті мың құбылады деседі көргендер. 
Он төртінші сәбиін дүниеге әкелер алдында көз жұмған Мұмтаз бегімнің құрметіне тұрғызылған бұл кесене Шах Жаһанның толық аяқталып бітпеген құрылысы іспетті. Аяқталмаған дегеніміз, Тәж Махал құрылысы  – бас-аяғы бүтін, толыққанды құрылыс. Көзі тірісінде жарынан айырылып, сағыныштың сартап отына күйген Шах Жаһан Жамунг өзенінің іргесіне аппақ мәрмәрдан кесене салғанда, сол сағыныштың бір белгісі болсын деп, өз кесенесін қап-қара мәрмәрдан тұрғызбақ болыпты. Үнділер сонау заманалардан еміп келген Ганг өзеніне барып құятын Жамунгтың бойында осылайша қос кесене: қап-қара және аппақ мәрмәрдан соғылған сәулет өнері ескерткіші бой көтеруге тиіс еді. Бірақ тағдырдың Шах Жаһанның маңдайына жазған жазуы басқа болып шығыпты. Мемлекет қазынасының түбі шынымен көрінді ме, әлде билік ету дәуірі басталды ма – Шах Жаһанның ұлы Ауранг­зеб әкесін тақтан тайдырып, Шах Жаһанды Аградағы Қызыл бекініске апарып қамайды...
Бізге дейін, әрине, Мұмтаз Махалдың шынайы бейнесі жеткен жоқ. Есесіне, Тәж Махалдың негізгі қақпасынан кіре бергенде-ақ жер мен көктің ортасында қалқып тұрғандай болып көрінетін, дәл алдындағы суға сұлу кескіні шағылысқан Тәж Махалды көргенде бәленбей ғасыр бұрынғы сұлулыққа бас иесіз. 
1983 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектісі, «Үндістандағы мұсылман өнерінің әшекейі, бүкіл әлемді таңдандырған әмбебап жауһарлардың бірі» атанғанынан-ақ аңызы әлі күнге толастамаған ғажайып кесененің даңқы әлі де біраз ғасырға жалғаса берерін түсінесіз. Айтқандай, Шах Жаһанға дейін Үндістандағы Ұлы моғолдардың ішінде жарына арнап кесене тұрғызғандардың алғашқысы Бану бегім болатын...

 

Бояулар мерекесі

Индуизм сенімінде Кришна туып өскен, жастығы өткен елді мекендер – Матхура мен Вриндаван халқы миллионға жуықтаса да, қаладан гөрі ауылға көбірек ұқсас жер. Вриндаван – «бес мың ғибадатханасы бар» мекен деп те айтылады. Негізінен, индуизм сеніміне жүрек бұрғандардың қадірлі орны салатын бұл жерде Кришнаға қатысты аңыз да, әңгіме де, шындыққа бергісіз сөз де көп. Мәселен, біз көрген Кусум көлі – Кришнаның өзі жасаған көлі-мыс. Кришна бала күнінде осы маңдағы бақшада ойнағанды жақсы көрген-мыс деген жерде қазір ғибадатхана тұр. Біз барған уақытта Холи (бояулар) мерекесіне тұспа-тұс келіп қалғандықтан, көптеген ғибадатханада құлшылық уақыты басталып, жабық тұр екен. Бірақ бау-бақшасы жайқалған мекенге кіріп көргіміз келгенін түсінген олар әрі біз де мейман екенімізді алға тартып, бірер ғибадатхананың есігінен аттап көрдік. Дүниенің тылсымын өз тәңірінен іздеген олар әлемді өз діни пайымы тұрғысынан қабылдайтыны көзге бірден түседі. Олар айналаны лас немесе таза деп бөліп қараудан бұрын, Құдайға құлшылықтың таза әрі тұнық болғанына көбірек бас ауыртатындай. Әрине, бұл жеке пайым, келіскісі келмеген патша көңіл оқыр­ман өзі білер. 
Жалпы, үнді мәдениеті табиғи шаруа­шылықпен тығыз байланысты екенін осы Вриндаванда көзге жете түсті. Бізге шашқан бояу да таза табиғи өнім екен. Кейбір иіс те табиғаттың өзінен алынған дәмдеуіштерден шығып жатқанын Үндістандағы екінші, үшінші күндерден бастап ажырата түскендейміз. Тіпті Үндістанның қай өңіріне барсақ та, емін-еркін қыдырыстап жүрген сиыр жапасын ауылдағыдай қи қылып жасап, төмпешік қылып тізіп қойғанынан да бұл маңдағы от жағу дәстүрінің бір жүлгесін байқағандай боламыз. 
Ақыры, сөз орайы келгенде, мұндағы лас және бейберекеттіктің сырын өз түсінігімізде пайымдап берсек. Бояулар мерекесін кейін айта жатармыз. 
Делиде де, Аграда да таңғы мезгілде көшеге су сеуіп, сыпырып жүргендерді байқадық. Бірақ қас қағым сәтте айнала бірден қоқысқа толып кетеді. Мұның бірінші себебі адамның шектен тыс көптігінде ме дейміз. Әсіресе жиырма миллионнан аса тұрғыны бар Делидің қоқысқа көмілуінің аз-ақ алдында тұруы да кісінің көптігінен-ау! 
Екіншіден, біз жүрген жерлерде қоқыс жәшігі көп көзге түсе қоймады. Тіпті қолымыздағы бос бөтелкені салатын қоқыс жәшігін таппай, қонақүйге әкеліп, сондағы жәшікке салып жүргеніміз де рас. Бірде көлікте отырып бос бөтелкелер мен қағаз қалдықтарын бір пакетке жинап, жүргізушінің қолына ұстата қойып едік, ол еш шімірікпестен әлгі пакетті алып, көшенің бір бұрышына тастай салғаны! Мұндай жағдайды көрген соң қонақүйлер де қоқысты далаға шығара салмас па екен деп күдіктене түстік. 
Ал қоқыс жәшігі көшелерде неліктен жоққа жақын деп сұрағанымызда «қоқыс жәшігі темірден жасалғандықтан ұрлап, металға өткізетіндер көп болар» деген долбармен жауап қатты. 
Үндістанның лас болуының негізгі себебі каста жүйесінде ме дейміз. 1947 жылы тәуелсіздігін алып, 1950 жылы күшіне енген конституциясы бар бұл ел касталық артықшылықтарды ресми түрде жойған, яғни барлық азаматы тең құқылы. Бірақ касталық наным-сенім әлі күнге жалғасып келеді. Ежелгі заманнан бері ең төменгі кастадан шыққан үнділер барлық қоқыс пен ағынды суларды тазартатын еді. Төрт жоғарғы каста өкілдері – брахмалар, кшатриялар, вайшьялар және судраларға бұл қызметті атқару қорлық болып есептеледі. Қазір де сол нанымның жетегіне ергендер жерде бейберекет шашылып жатқан қағазды да көтеруге намыстанып қалатын болса керек. Ал ақыры қоқысты көтеруге намыстанады екен, оны неге жерге тастайды деген сауалға бұрнағы касталық наныммен жауап берсек: ол қоқысты жерге тастау арқылы төменгі каста өкілінің жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр емес пе? Ал мұндай теңсіздік, яғни касталық жүйеге неліктен барлығы әділеттің бір ұстанымындай қарайды десеңіз, өткен өміріндегі күнәлары үшін ол қайта дүниеге келгенде төменгі каста болып жаратылған дер еді. Бұрнағы өмірде әділетсіз өмір сүрдің бе – енді жауап беретін кез жетті. Касталық нанымның адамға деген қатыгездігінің сыры – осы. 
Қоқыс мәселесіне қайта оралайық. Ақыры, қоқыс көбейіп келеді екен, енді оны жеңудің жолы бар ма? Үнді өкіметі бірнеше іс-шараны қолға алып жатқаны байқалады. Оның біріншісі – сенбілік ұйымдастыру. Екіншісі, ақыры, қоқысты бейберекет тастайды екен, тұрмыстық заттың көпшілігін экологиялық қаптамада шығарайық деп шешкен болуы керек. Біз алған су бөтелкесі де таза пластик емес, тіпті сусын ішетін түтікше де қатты картоннан жасалған. Ол – ол ма, қара базарларда затты целлофан пакеттің орнына газеттен, қағаздан жасалған қалташаларға орап беріп жатты. Супермаркеттерінде де сатып алған затымызды әдемі қағаз қаптамада ұсынды. 
Негізінде, қоқыспен күресудің тағы бір жолы – оны өртеу. Мұндайда улы химия­лық канцерогендер, иіс пен түтін ауаны ластайды. Статистикаға сәйкес, Үндістанда көптеген адам өкпе ауруларынан қайтыс болады екен. Ауаның ластануы демекші, бір кездері Алматы ауасының ластығы Бейжің және Делимен бір деңгейде деп сарапшылар дабыл қаққаны есте. Бейжің мен Делиде кісі көп делік, адамы аз Алматының ауасы қос бірдей алып мегополистегідей ластанса, демек, біздегі экологиялық саясатты қайта қарастырған абзал. 
Вриндаванның сансыз ғибадатханасының бәріне кіріп көру мүмкін емес. Ең сәулетті, ең ауқымды деген біреуіне кіру үшін адамдардың кептелісіне тірелгенімізді ұмытпақ емеспіз. Кіші Холи мерекесі басталып кеткендіктен, көшеде адам көп деген себеппен көлікпен жүре алмай, жергілікті халық «тук-тук» деп атайтын, бізге «рикша» атауымен таныс шағын арба-көлікке ауыстық. Бірде тақтайдай түп-түзу, бірде ойқы-шойқы көшемен орғып секіріп жүріп, Вриндаван көшелеріндегі тіршілікпен таныс­тық. Үнді киноларында көрсететіндей, бір адам көлігі зырғыған көшеде шалқасынан жатып, аунап барады. Ақ оранған дінбасылары әлгінің орнынан тұрып кетпей, ғибадатханаға дейін аудап жетуін қадағалап келеді. Енді бір адам ғибадатхананың ең төменгі табалдырығына маңдайын тигізіп, тілек тілеп отыр. Рикшадағы біздерді, яғни туристерді байқаған балалар ерекше шаттанып, қолындағы бояуын бізге лақтырады: Холи мерекесімен құттықтағаны. Бояуға малынып, күнге күйіп, иіске етіміз үйреніп, Жамунг өзеніне тақадық. Гангке барып құяр бұл өзен де үнді нанымындағы қадірлі судың бірі. «Бұл өлкенің елі аман болсын, жері аман болсын» деген тілекпен өзенге гүл жіберіп, айналамызға қарасақ, жағалауда бір жігіт шашын сусабынмен көпіршітіп тұрып жуып тұр екен... Сусабын демекші, оны алғаш рет Үндістанда ойлап тауыпты. Санскрит тілінде «champu» – массаж жасау деген мағына береді. Үнді медицинасы әлемдегі ең жақсы саланың бірі деседі білетіндер. Біз кездескен, сөйлескен кейбір үнділер медициналық туризмді Үндістан мен Орта Азия елдері арасында дамытқысы келетіні байқалды. «Бізге арабтар келіп емделеді, басқалар келіп емделеді» деген сөзді мақтанышпен айтады. 
 

Алтын айдарлы  балық жүзген сарайлар

 

Вриндаваннан соң Делиге оралғанда бірінші күндегідей аса қауіптене қоймағанымызды байқадық. Тіпті Делидің кешкі қара базарында өз білгенімізше сауда жасап, әшекейлер мен базарлықтар сатып ала бастадық. Алда көне және жаңа Делидің салтанаты күтіп тұрған еді... «Дели қақпасын көрмеген адам – Делиді көрмеген адам» дейді екен жергілікті халық. Сол үшін шаһарды аралау сапарын, ең алдымен, осы қақпадан бастадық. Одан әрі, біздің тілмен айтқанда, Үндістанның Ақ ордасы маңына барып тынықтық. 
Бұл өлкеде Ұлы моғолдар үш ғасырдай салтанат құрғаны белгілі. Бабыр бастаған патшалықтың сән-салтанаты мен көне сарайлары әлі күнге тарихтың сырын шертеді. Соның бірі – Хумаюн сұлтанға арнап салған кесене. Иә, сөз басында айтқан, Бану бегімнің жарына арнап тұрғызған, қызыл қыштан жасалған сәулет өнері ескерткіші. Әмір Темірдің ұрпағы Бабырдың ұлы Хумаюн да, әкесі секілді, Бабыр әулетінің Үндістандағы билігін кеңейткен сұлтаны еді. Хумаюнның ұлы І Әкпар да, оның баласы Жаһангир де, Жаһангирдің ұлы Шах Жаһан да Бабыр билігінің ғұмырын ұзартқан сұлтандар. Міне, осы Хумаюн сұлтан өмірден өткенде оның жары Бану бегім сүйгеніне арнап үлкен кесене салдырады. Кесененің айналасына жұмақ бағындай қылып түрлі бау-бақша өсіреді. Міне, жарға деген сүйіс­пеншіліктің үлгісін Бану бегім әжесінен сіңірген, Хумаюнның шөбересі Шах Жаһан кейін әлемдегі теңдессіз сұлу ескерткіштің бірін соққан. 
Делиде Бабыр ұрпақтарының да, Бабырдан бұрын бұл жерге әскери құл болып жетіп, сұлтанат құрған дала перзенттерінің де тарихи ізі терең. Соның бірі – Құтыб ад-Дин Айбектің мұнарасы. Қызыл құмтастан тұрғызылған мұнаралардың әлемдегі ең биігі болып тарихқа енген бұл мұнараны көруге әлемнің әр бұрышынан ағылған турист көп. Мұнараның көз жетер жеріне дейін Алланың есімі ойып жазылған. Мұнара қаншама зілзаланы бастан өткерсе де құламаған, яғни іргесі мығым. 
Бізді таңғалдырған екінші мекен – Шах Жаһанның Делидегі сарайы болған Қызыл бекініс. Көнеден жеткен аңызға бергісіз әңгімеге сенсек, мұндағы бұлақта алтын айдарлы балықтар жүзген деседі. Дәл осы Қызыл бекініс-сарайда 1947 жылы Неру азаттық туын желбіретіпті. Дәл осы сарай дәурені көшкен патшалықтардың да, сұлтанаттың да, отаршыл биліктің де, азат елдің де меже тұтқан нүктесі болса керек. Олай дейтініміз – үнді тарихына қатысты талай оқиға осы Қызыл бекініспен тығыз байланысты. 
Делидегі әңгіме басын базарлардан бастадық қой. Базармен жалғайық. Көше базарлары – үндінің бір ерекшелігі іспетті. Дәл осы базарларда ең арзан өнімді саудалай аласыз, ең қымбат матаға (сари) оранған адамдарды да кезіктіресіз. Көше тамағын да (дәтіңіз жетсе, әрине) татып көруге болады. Шайдан бастап, киім, зергерлік бұйым, үнді маталарын да саудалауға еш кедергі жоқ.
Түсінгеніміз, үндінің тамағында міндетті түрде дәмдеуіш қосылады. Тіпті шайының өзі де дәмдеуішпен келді. Ащы, қышқыл, тұтқыр, иісі өткір: дүниежүзілік дәмдеуіштер нарығының 70%-ы Үндістанға тиесілі. Куркума, кориандр, қыша, зире, даршын, кардамон және чили бұрышы араласпаған тағам кездестіру қиын. Аграға барар жолда қыша алқабын көп кездестіргенімізге қарап, мұнда қышаны әрбір екінші үнді жақсы көре ме деп ойладық. 
Үнділердің тағы бір ерекшелігі бояудың қанық түсін ұнататынында сияқты. Дели, Агра, Вриндаван көшелерінде түрлі түсті сари киген қыз-келіншектерді көп ұшыраттық.
Мұндағы халық өте көп. Бұл елдің бағы да, соры да болар. Бағы дейтініміз: халық әл-әзір жойыла қоймайтыны белгілі. Соры болатыны – көпте қадір кететіндей. 2030 жылға қарай Үндістан халық саны жөнінен Қытайды басып озады деген болжам бар. Сөйткен Үндістан дүниежүзінде өлім көрсеткіші ең жоғары ел болып саналады... 

Үнді мен қазақ арасы

 

Дели мен Алматы арасы ұшақпен үш-ақ сағаттық жер екенін айттық. Оған қоса Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тамыры тереңге кетеді. Бай бабаларымыз туралы «мыңғыртып мал айдаған» деген тіркесті қоса-қабат қолданғанды ұнатамыз ғой, «бір өзінде бес мың пілі болған» Бабырдан тарқатсақ та, одан әрідегі қыпшақ даласынан кеткен, әскери құл болып барып, сұлтанат құрған Құтыб ад-Дин Айбек мемлекетіне үңілсек те, тамырластық жібі үзілмегенін түсінеміз. 
Осы күні де сол жалғастық байқалады. Басқа мысалды айтпаған күннің өзінде, Жер тұрғындарын «бір тарының қауызына сыйдырған» COVID-19 пандемиясы кезінде Үндістан үкіметі гидроксихлорохин дәрілерді Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде жібергені есте. Үндістанда пандемия өршіген уақытта Қазақстан арнайы рейспен медициналық жабдықтар жеткізгенін де айтқымыз келеді. 
Қазір Қазақстанда үнді капиталының қатысуымен 400-ге жуық заңды тұлға тіркелген. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Үндістаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 400 млн доллардан асқан. 
Иә, Үндістан – ерекше мәдениеті, қайталанбас сәулеті, тұма табиғаты, әдемі киімі, дәмді тағамы, әні мен биі бар алып ел. Мұндағы ашық әрі қанық түстер үнді бақытының, үнді арманының қандай болатынын айғақтап тұратындай. Жарқын киімдер, сансыз зергерлік бұйымдар – бәрі-бәрі өмірдің де, үнді дүниетанымының да айқын, қанық түстерге бай екенін көрсетеді.

301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6052

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5632

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3372

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2753

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2717

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2693

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2425

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2410

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы