• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

АРМАНЫ АСҚАҚ БАЛАЛАР

Элеонора Ыбырайқызы,

«Ana tili»

Қазіргі кезеңде мүмкіндігі шектеулі жандарды, сондай-ақ арнайы орталықтарды мемлекет тарапынан қолдау іс-шаралары артып келеді. Бұл – маман пікірі. Ал біз шын мәніндегі жағдайдың қандай екенін білуге, оларды қамқорлығына алған мекемелердің бары мен жоғын анықтауға тырыстық. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Сенім» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Коммуналдық мекемесі басшысының орынбасары Әйгерім Рамазанқызымен әңгімеде біраз жайтқа көзіміз жеткендей болды. 
 

Киім үтіктеуден –Мұқағали өлеңдерін жатқа айтуға дейін

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Сенім» әлеуметтік қызмет орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінен алған мәлімет мынадай. «Алматы қалалық психоневрологиялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат үйі» КММ 1962 жылы құрылған және 150 балаға арналған. 2016 жылдың 20 қыркүйек айынан «№2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 2020 жылдың қараша айынан «Сенім» әлеуметтік қызмет орталығы» КММ-сі болып өзгертілген. Орталықта церебральды сал ауруы, Даун ауруы, ауыр және өте ауыр ақыл-ой кемістігі бар, ақыл-ой және моторикасының дамуы тежелген күрделі құрылымы бар балалар тәрбиеленіп жатыр. Қазір бұл мекемеде 110 бала бар, оның ішінде ата-анасы бас тартқан, қайтыс болған, тастанды және ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары тәлім алады. Орталыққа балалар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жолдамасы бойынша алынады. Медициналық әлеуметтік сараптамасында мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасының (ИПР) әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірмесіне өзгерту енгізуіне сәйкес және қалалық психоневрологиялық диспансерде диспансерлік есепте тұрғандар мекемеге 3 жастан бастап түседі. Балалар ата-анасынан, яғни үйден, сондай-ақ балалар үйлерінен, көмекші мектептерден, психоневрологиялық ауруханалардан ауысады. Орталық – 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған, тұрмыстық-медициналық қызмет алуды және түзету-дамыту процесін қажет ететін, өз жағдайының физикалық немесе психикалық ерекшеліктеріне байланысты көбінесе әлеуметтік бейімделмеген, әлеуметтік байланысы шектелген балалардың тұруына арналған медициналық-әлеуметтік және тәрбие мекемесі. 
Әйгерім Рамазанқызының айтуынша, қазір бұл мекемеде тәрбиеленіп жатқан 110 баланың 46-сының ата-анасы жоқ. 46 тәрбиеленушінің ішінде ата-анасы бас тартқан, тастап кеткен балалар да бар, кейбірінің әке-шешесі ата-ана міндет-құқығынан айырылған. «Орталықтағы балалардың түгелге жуығы мүмкіндігі шектеулі балалар, барлығы психикалық есепте тұрады. Көбіне ДЦП, даун, гидроцефалия деген диагноздар қойылған. Кейбір баламызда даун, ЗПР, ақыл-ес дамуынан кенже қалуы сияқты бірнеше диагноз түрі қатар кездеседі. Соған сәйкес, орталыққа барлық маман жұмылдырылған. Бір топта 10–15 балаға дейін бар. Тәрбиешілер екі ауысыммен, күніне 5 сағат жұмыс істейді. Баланы топқа бөлгенде жасын, жынысын, диагнозын, физиологиялық дене бітімін ескереміз. Жасы он сегізде, бірақ дене бітімі 5 жастағы балаға ұқсайтын тәрбиеленушілеріміз бар. Балалар, негізінен, екі топқа бөлінеді. Біріншісі, паллиативтік топтар, яғни тек күтіммен жатқан балалар. Олар мүлде жүре алмайды, сөйлемейді, отырмайды, өз бетімен тамақ жей алмайды. Ал екінші топ – жасына, физиологиясына сай бөлінген балалар. Орталықтағы он топтың екі тобы қыздар, төртеуі ұлдар тобы. Жалпы, бізде ұлдар көбірек. Төрт топ – паллиативтік. Бұл топтың басқаларына қарағанда диагнозы ауырлау. Бірақ мұнда да күтім жасалып, көңіл бөлінгеннен кейін бала оңала бастайтын жағдайлар кездесті. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын осы паллиативтік топқа Амелия Хамзина деген қыз келді. Ол алғаш келгенде мүлде жүре алмайтын. Орталықтағы ЛФК, дефектолог, психолог мамандар, тәрбиешілер, бала күтушілер де бар, жан-жақтан жабылып жұмыс жүргізгеннен кейін қазір өз аяғымен жүріп, жүгіріп те жүр. Мұндай өзгерістер барлық балада бірдей болады деп айта алмаймын. Бір баланың ағзасы емді қабылдайды, бірінікі қабылдамайды. Кей балалармен қанша жұмыс істесең де, нәтиже шығара алмайсың. Ал кейбір бала жылдам нәтижеге жетеді. Сөйлей алмайтын балалар да болды. Олармен де логопедтер жұмыс істеп, қазір кейбірі тақпақ айтып, бата беріп, М.Мақатаевтың өлеңдерін жаттап, тіпті байқауға қатысып, одан жүлделі орын алған жағдай да кездесті. Бұл – біз үшін кәдімгідей нәтиже, еңбегіміздің жемісі. Дефектолог, логопед, ЛФК, музыка мұғалімдері балалармен күнбе-күн жұмыс істейді. Бір дефектологке сегіз баладан келеді. Бізде психикалық ауытқу диаг­нозы болғасын өзге сау қатарластары сияқты 45 минут сабақта тапжылмай отыра алмайды. Сондықтан мұндағы сабақ уақыты – 20 минут. Кейбірін 20 минутқа да отырғыза алмайсың, 5 минут қана сабақ тыңдауға шыдамы жететін балалар да бар. Бала «сабаққа қатысқым келмейді, отырмаймын» десе, оны мәжбүрлемейміз. Қандай мұғалімге барғысы келеді, кім оның жанына жақын, сол мұғалімге барып сабаққа қатысады. Мұнда сурет салу, еңбекке баулу, әлеуметтік тұрмыстық құқық сабақтарын өтеміз. Әлеуметтік тұрмыстық құқық сабағында күнделікті үй тұрмысында, жалпы тұрмыс­та қолданатын заттарды қалай пайдалану керегін үйретеді. Мысалы, үтікпен киімді қалай үтіктейді, пышақпен нанды қалай турайды, кір жуғыш машинаны қалай пайдалану керек, ыдысты қалай жуады – осындай дағдыны сіңіреді. Ал еңбекке баулу сабағында бисерден, жүннен, түрлі түсті қағаздардан, жапырақтан қолөнер бұйымдарын жасайды. Орталығымызда ерекше талантты балалар да кездеседі. Әли Садықов деген баламыз 2022 жылы Алматы қаласы бойынша «Үздік қызмет алушы» номинациясынан Гран-При жеңіп алды. Әли ол байқауда салған суретін ұсынды, ән шырқады, өзі туралы қысқаша мағлұмат айтып берді және өзі туралы ролик түсірді», – дейді Әйгерім Рамазанқызы.

«Мама» десе баласы...

Бұдан арғы әңгіме Әйгерім Рамазанқызымен сұқбат түрінде өрбіді. 
– Орталықта балалар көбіне қандай мамандыққа бейімделе алады?
– Біз қалалық білім басқармасына қарамаймыз ғой. Орталықта балалар 3 жастан 18 жасқа дейін ғана болады. Он сегіз жасқа толғанда, ата-анасы бар болса, үйге алып кетуге міндетті. Ал ата-анасы жоқ болса, ол балаларды кезекке қоямыз. Біз сияқты мекеменің 18 жастан асқан балаларға арналған түрі бар. Сол мекемеге орналастырамыз. Әрі қарай сол мекемелерде қызмет алуын жалғастырады. Бізде күнделікті өмір салтына ілесіп кеткен балалар да болды. Ондай балаларға 2018 жылдары «Өз алдына қоғамға бейімделу» деген жобалар ашылды. Оның бірі – тренинг-кафе болса, екіншісі – «Рух» оңалту және бейімдеу орталығы. Осы орталықтарға қызмет алушыларымызды ұсындық. Психоаналитикалық ассоциацияға берген балаларымыздың екі-үшеуі мемлекет тарапынан ұсынылған, Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан бір бөлмелі пәтерін алды. Өз шоттарындағы ақшасын өз үйін толықтай жабдықтауға пайдаланып, қазір өз үйінде тұрып жатыр. Коммуналдық төлемдерін өздері төлейді, жұмыс істейді, қоғамға бейімделді. Мәселен, «қоғамдық көлікпен қалай жүру керек, депозитті қалай ашып, пайдаланады, өз ақшасын қалай жарату керек, азық-түлікті қандай дүкенге барып, қалай алады, қанша ақша төлейді» деген мәселеге бейімделген. 2018 жылы бізден кеткен балалар, қазір алты жыл болыпты, өздері өмір сүріп жатыр. Олар пәтер алғанда, шыны керек, өзім пәтер алғандай қуандым. Өзіңнің жұмысыңның нәтижесін көру үлкен жетістік қой. 
– Ата-анасы жоқ балалар басқа мекемеге ауысады деп қалдыңыз? 
– Иә, орталықта ата-анасы жоқ балалар бар. Олардың кейбірін перзентханада тастап кеткен. Сол ата-аналарды іздеп, Алматы қаласының полиция бөлімдерімен тығыз жұмыс істеп, оларды тауып, арнайы жұмыс жүргіздік. Содан кейін олар өздерінің өткенін бөлісті. Сөйтсек, перзентханадан шығарда кейбір ата-анаға дәрігерлер «Бұл бала көп ұзамай о дүниелік болады. Бас тартып кете беріңіз, ешқандай үміт жоқ» деп те айтқан мысалдар бар екен. Кейбір ата-ана осылайша сәбиінен үміт үзіп, перзентханаға тастап кеткен. «Бала тірі қалады, осындай мекемеге келеді» деп мүлдем ойламаған. Перзентханадан соң ол балалар мамандандырылған балалар үйіне, бөбектер үйіне жіберіледі. Ол мекемелерден соң біздің орталыққа келеді. Осылайша, екі-үш баланың ата-анасын таптық, қазір ол кісілер өздерінің ата-­аналық құқығын қалыптастырып, перзентін үйіне алып кетті. Алып кеткенде де жай ғана алып кеткен жоқ. Бізге алғысын айтып, бүкіл туған-туысқанымен келген оқиға да болды. Бұл жаңалыққа балалар қуанып, өзіміздің де жүрегіміз сыздап, кеткенде қимай қоштасып, шығарып салғанбыз. Алғаш ата-анасын тапқанда балалар қуанады, «мама» деп айтқандағы даусын естісеңіз ғой... Жаның ауырады. Сол кезде кейде ата-ана не істерін білмей кібіртіктеп қалып жатады. Оларға да оңай емес. 10–15 жыл баласын көрмей, бірден «сенің балаң бар, тірі» десе, кез келген адам әрі-сәрі күй кешеді. Кейбір ата-­ана «кішкене уақыт беріңіз, бұл хабарды жүрегімнен өткізіп алайын» десе, түсініп, уақыт береміз. Кейбір жағдайда ананың ешкімге айтпай, баласын жастықпен тастап кеткен жайттар да кездеседі. Қазіргісі екінші отбасы дегендей. Ондай жағдайда ана жолдасымен ақылдасып, ойын жинақтап келеді. Біз әрі қарай ата-анамен жұмыс жүргізе бастаймыз. Бас кезінде оларды баламен тек 1–2 сағатқа кездесуге рұқсат береміз. Уақыты келгенде баланы 1–3 күнге үйге алуға мүмкіндік жасаймыз. «Үйренісіңіздер, алдағы уақытта ол баламен бірге өмір сүріп кете аласыз ба, ол бала сіздің үйде өзін қалай ұстайды, отбасыңыз баланы қабылдай ма?» дейміз. Бір сөзбен айтқанда, бала 18-ге келгенде оны өздерімен бірге алып кетуге ата-ананы да, баланы да жан-жақты дайындаймыз. Аллаға шүкір, біздің балалар өте тәрбиелі, өте тәртіпті. Өзінің орнын да біледі, үлкенді сыйлауды да түсінеді. Ойнап жүрген ойыншығын шашып тастап кете салмайды. Дамуында артқа қалу болса да, өз киімі қай жерде тұруы керек, қалай жинау керек – бәрін үйреткенбіз.
«Балаңызды 
құшақтап кетіңізші...»

– Бұлай өмірге бейімдеуде орталықтағы барша маманның еңбегі зор. Еңбектеріңіз лайық бағаланып жүр ме? Мәселен, алатын жалақыларыңыз ойларыңыздан шыға ма?
– Жалақымыз көп дей алмаймыз. Мысалы, дәретін ұстай алмайтын балалар бар. Бір топта бір емес, он балада осы дерт болуы мүмкін. Күніне он баланың дәретін үш уақыт жуу оңай емес қой. Сондай еңбек жасап отырса да, мекеме қызметкерлерінің еңбегі өте төмен бағаланып жүргені қынжылтады. Қазір 150–180 мың теңге қомақты сома емес, кейде тұрмыстық қажеттілікке де жетпей қалады. Ал ол маман пәтер жалдап тұрса, 150 мың теңгеге ыңғайлы жерден пәтер де таппайды. Бір отбасыда төрт адам болса, жоқ дегенде, екі бөлмелі үй жалдау керек. Ондай пәтердің нарықтағы жалдау бағасы – 250 мың теңге. Үй сатып алайын деп ақшасын жинай ма, әлде күнделікті тамағы, бала-шағасының киім-кешегіне жұмсай ма? Бізде медицина саласы мамандары сияқты 400–500 мың теңге жалақы алмайды ғой. Мектептегі мұғалім де 400–500 мың теңге айлық алады. Ал мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істейтін сала мамандарының айлығы өте төмен. Бір топтағы он балаға екі тәрбиеші жауап берсе, мен сондай он топтағы 110 балаға жауап беремін. Жауапкершілік көп, ал еңбегіміздің олай бағаланбайтыны кейде көңілге келеді. Өткенде жер сілкінгенде өз балама жүгіремін бе, жоқ, әлде өзіміздің мекемедегі жүз баланың қамын ойлаймын ба деп жанталастым. Сондай жағдайларда қай жаққа барарыңды білмей қалтырап қаласың. 
– Бұл мекемеге баласын өзі әкелетін ата-аналар бар ма?
– Ондай ата-ана болған күннің өзінде, біз ешкімге айып тағып, өкпе арта алмаймыз. Иә, басқа да балалары болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі баласын баға алмай, бізге әкеліп тұратындар бар. Ата-ана жас болғаннан кейін жұмыс істеуі керек. Бір байқағаным, мүмкіндігі шектеулі, ерекше баланы күтіп-баптауда ауыртпалық көп жағдайда анаға түседі екен. Көбіне онда балапанның анасынан басқа ешкімге керегі жоқ па деп қаласың. Міне, осындай жағдайда жас аналар психикалық күйзеліске түсіп кетпесін дегендіктен бе екен – мемлекет осындай орталықтар ұйымдастырып қойған ғой. Ол да дұрыс. Ата-ана жас болғаннан кейін олар да алға жылжуы керек, басқа да баласын да сүйреуі керек. Ондай ата-анаға біз барынша ақыл-кеңесімізді айтып, қолдау көрсетуге тырысамыз. Ата-ана бізге баласын алып келгеннен кейін, ол кісілерге «Сіз аптасына бір рет келіп тұрыңыз» болмаса «Аптасына бір рет баланы үйге алып тұрыңыз» деп міндеттей алмаймыз. Өзінің мүмкіндігіне қарай үйіне алады. Болмаса аптасына бір рет кездесуге келіп тұрады. Кейде сенбі, жексенбі күндері үйге алады да, жұмыс күндері осында әкеледі. Кейбір ата-ана вахталық режімге сәйкес жұмыс істейді. Ол кісілер вахтадан келген кезінде баланы он күндей үйіне әкетеді. Енді бірі баланы бір айға, енді бірі демалысқа үйіне алып барады. Біз бір күннен үш айға дейін баланы үйге алуға рұқсат береміз. Баласын сағынып, үш айға дейін үйіне алып кететін ата-ана бар. Мүлде келмейтін де ата-ана кездеседі. Ондай сәттері ата-ананы өзіміз іздейміз – «Келмей кеттіңіз, барсыз ба?..» Ал, енді орталыққа мүлде келмей қойған ата-анаға келіңіз деп айтуға құқылы емеспіз. Бірақ кейде бала жылап, үйін сағынған кезде ата-анаға хабарласып: «Келіңізші, балаңыздың басынан сипаңыз­шы, құшақтап кетіңізші» деп те жалынатын кезіміз бар... 
– Ауыр жағдай екен...
– Жұмысқа алғаш кірген кезде үш күн уайымдадым. Үш күннен соң үйрене бастадым. Міне, биыл мұнда қызмет атқарып келе жатқаныма он бірінші жыл екен. Осы мекемеде 2023 жылдан бастап орынбасар қызметіне ауыстым. Оған дейін әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман болдым. Осы балалардың құқығын қорғайтынмын. Оларға қажет төлемақы, үйдің кезегіне қою, тіркеуге тұрғызу, шот ашу жұмысын атқарып, керекті арбасын, жөргегін алу жұмысымен айналыстым. Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуі мүмкін болса, соның бәрін алуға тырыстық. Бізде балалар алты мезгіл тамақ ішеді. Тіпті кейде үйдің баласының жағдайы бұлай жасалмай қалады ғой. Алаңдап жүріп, сабақ деп жүріп үш рет те тамақтанбай қалуы мүмкін. Одан бөлек мейрам уақыттарында мерекелік дастарқан жайып тұрамыз.

 «Әкем келді, әкем келді ғой!»

– Орталықта қазір 110 бала бар дедіңіз ғой. Әрқайсысына тоқталмасаңыз да, оқиғасы ерекше ойыңызда жүрген кім бар еді? 
– Осы жұмыс атқарған уақытымда есімде ерекше қалған балалардың бірі – Қуаныш. Ол біздің бүкіл мекемеміздің «сүйкімдісі» болатын. Өзі сондай тәрбиелі, сондай сүйкімді, тартымды еді. Мекеменің барлық қызметкері сол баланы жақсы көретін. Қуаныш мекемеден кетер алдында танысуға анасы келді. Қуаныштың көңіл күйі тіптен ерекше. Қуанғаннан бәрімізді далаға қолымыздан ұстап, сүйреді. Басында алып кетуге келген әкесі ғана есіктен көрінді. Ол кезде карантин уақыты ғой. Сол үшін ата-анаға ішке дейін енбей, тек есік алдындағы күзеттің қасында тұруға рұқсат берілетін. Баланы кездесуге медбикелер алып шықты. Өйткені толық тексерістен өткізіп, үстінде ешқандай жарақаты жоқ, аман-есен, сап-сау екеніне көз жеткізіп, ата-анаға тапсыруы керек. Медбикелер: «Әкең келді, жүр, есік алдына барамыз» деген ғой. Сол кезде шаттанған Қуаныш барлық кабинетке кіріп: «Әкем келді, әкем келді ғой! Жүр, саған көрсетейін», – деп әкесінің өзін іздеп келгенін мақтанып айтып тұрды. Сөйтсе, арғы жағында анасы да келіп тұр екен. Мұны көріп, Қуаныш тіпті қуанып, шаттанып, айналасының барлығынан сүйінші сұрап, барлық тәрбиешіні күзетшінің жанына жинап әкелген ғой. Сол жерде бүкіл қызметкердің көзінен жасы тоқтамай, қуаныш жасы төгілді. Құдды кино дерсіз. Қазір Қуаныш ата-анасының жанында. 
Ата-анасы Қуаныштың тірі екенін басында мүлде білмеген екен. «Баламыз қайтыс болып кеткен» деп ата-анасы жұма сайын Құран оқытып жүріпті. Қуаныштың ата-анасы қалай табылды десеңізші... Ол кезде бізге бір жаңа қызметкер келеді. Ол құжаттарды қарап отырып, осы баланың аты-жөніне көзі түседі. Оған әкесінің аты таныс сияқты көрінеді, тегін де естіген сияқты болады. Есіне түсірсе, бұрынғы әріптесі екен. Содан, «ол кісінің төрт-ақ баласы бар ғой» деп ойлайды. Бірақ «не болса да, сұрайыншы, ұят та болса, анығын білейін» деп бұрынғы әріптесіне телефон шалады. «Сіздің неше балаңыз бар?», – десе, «осынша», – дейді. «Ал сіздің осындай балаңыз бар ма еді?» – деп сұрайды. «Иә, болған. Ол шетінеп кетті», – деп жауап береді. «Ол бала тірі. Мына мекемеде», – депті қызметкеріміз. Сөйтсе, әйеліне кезінде дәрігерлер балаңның өмір үміті сөнгелі тұр, «қарсылық қағаз жаз» деп жаздырып алғанда, күйеуі әскерде жүрген екен. Күйеуі әскерден келгенде дәрігерлердің сөзіне сенген әйелі «Баламыз шетінеп кетті», – дейді. Өйткені дәрігерлер: «Болды, үмітіңді үз. Бұл баланың көрер жарығы жоқ, көп ұзамайды», – деген. Содан ол бала «Балалар үйіне» түседі. Ол жерден кейін бізге келеді. Бізге келгенде алты жаста еді. Бірнеше жылдан соң 18 жасқа толғанда әке-шешесі алып кетті. Біреуге айтып отырсаң, кино сияқты. Бірақ бұл – өзіміз куә болған тағдырлар. Менің өзімнің де көз алдымнан қанша оқиға өтті. Маған дейін де қанша оқиға болған. 
– Орталықтағы баланың жай-күйін мемлекет толық қадағалап отыр ғой?
– Әрине. Жалпы, орталықтағы балаларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тіс щеткасынан бастап, барлық зат мемлекеттен беріледі. Ата-­анадан ештеңе алмаймыз. Балаларды тек бір ғана киімімен алып келеді. Оған бір-екі киім қосам десе де өздері біледі. «Әкеліп бермеймін» десе, мәжбүрлемейміз. Керісінше, баланы одан әрі толықтай қамтамасыз етеміз. Бала қыдырғанда алып жүретін машинасына дейін қарас­тырылған. Мерекелерде Шымбұлаққа барады, аптасына бір рет міндетті түрде кинотеатрға апарамыз. Ойын-сауық орталықтарына, одан бөлек жаз уақытында «Президент» саябағына барып тұрамыз. Бұл қатарда Алмаарасан, Ақсай шатқалы, Есік өзені бар. Барынша баланың көңілін аулап, қыдыртуға тырысамыз. Өйткені олар да жалығады, іші пысады. Былтыр «Балаларды қорғау» күнінде мекеменің 70 баласын Ақсай шатқалына көкке шығардық. Ол кезде бізге Алматы қаласының прокуратурасы демеушілік жасады. Өзіміздің де автобустарымыз бар. 2018 жылы бір банк желісі «осы балаларға» деп инватакси сыйлаған еді. Оған да балаларды отырғызып алып бардық...

304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6065

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5637

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3377

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2759

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2722

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2698

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2430

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2416

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы